Астана ақшамы. – 2012. - № 55. – 22 мамыр
АХМЕТОВ Қ. С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ мұражайы меңгерушісі, халықаралық ақпараттандыру Академиясының мүше-корреспонденті
ТЕРМИНОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТІЛ МӘДЕНИЕТІ
Қазіргі кезде әдеби тіл нормаларының өзгеруі жиі кездесетін құбылысқа айналды. Қоғамда болып жатқан саяси-әлеуметтік өзгерістердің қатарында тілдің демократиялануы да орын алды. Қазақ тілі сөздерінің стилистикалық тұрғыдан бейтараптануы, мағынасы ескірген көне сөздердің (архаизмдердің) жасампаздық қасиетінің күшеюі терминологиялық лексиканың жаңа қарқынымен игерілуі терминдердің жалпы қолданысқа көшуі, бұрыннан бар сөздердің жаңа мағынада қолданылуы сияқты көптеген жаңалықтар тілдің демократиялануынан хабардар етсе керек. Алайда мұндай аумалы-төкпелі өзгерістердің бәрі бірдей жақсы жағынан табылып отыр ма? Тілімізді қайтсек қазақыландырамыз деген желеумен науқаншылыққа салынып, әдеби нормаға сай келетіні бар, келмейтіні бар, сөз жасаудың қызығына түсіп, тіл мәдениеті деген ұғым барын есімізден шығарып алған жоқпыз ба?
Иә, жаңа сөз ұсынушы авторлар аударма қызығына берілгені сондай, терминология саласындағы «бір ұғым, бір атау» қағидасын. белінен бір-ақ, басып халықтың танымына нұқсан келтіруде. Мысалы, бір ғана «принцип» сөзі әртүрлі нұсқада қолданылып жүр. Біреулер оны «қағида», «қағидат» деп аударуды қаласа, енді біреулер қазақша айту дағдысына қарай «бірін сеп» деп жазуды қалайды, жазып та жүр. Болмаса «объект» терминін «нысан» деп аударып, «субъект» терминін сол күйінде қалдырдық өйткені оны «пысан» деп аударсақ, тіпті, күлкілі жағдай болар еді, осы сөздерді аудармай-ақ солай, халыққа етене боп, үйреніп калған күйінде қолдана берсек қазақ тілінің орасан байлығы ойсырап қалмауға тиісті деп санаймыз. Белгілі лингвист-ғалым Рабиға Сыздықова «Варианттық тіл – тілдің барлығында болатын және бар құбылыс… Бірақ тіл өзінің даму барысында және сол дамуға қоғамның саналы түрде араласуы нәтижесінде жарыспалылықтан арыла түсуге тиіс» – дейді. Алайда тәжірибелі маманның салиқалы пікіріне құлақ салатындар бүгінде аз болып отыр. Әрине, тілді тұтынушы халықтың эстетикалық талабын толық өтеп, тиянақты қолданысқа ие болған сөздер де қазір көптеп саналады. Айталық, «сынып» сөзі «класс» деген сөздің орнына қалыптасты. Қазіргі қазақ мектептеріндегі оқушылар «сыныпты» сіңіргендігі соншалықты орысша нұсқа «класс» – кластың қандай мағынада жұмсалатындығын жадынан шығарған десе де болады. Бұл –сөздің Қазан төңкерісіне дейін осы мәнде қолданылғаны белгілі. Демек сөздік құрамда бұрыннан бар.
Дегенмен «сынып» сөзі барлық контексте кластың баламасы бола бермейтіні байқалады. Мысалы, «юрист 1-го класса» деген тіркесті «сыныптық заңгер» деп аударсақ, қате емес пе? Дұрысы 1-дәрежелі заңгер емес пе? Болмаса «жұмысшы табы» – «рабочий класс». Мемтерминком өз шешімімен класс терминінің қазақша «сынып», «топ», «дәреже» деп үш баламасын бекітті. Әбден құптарлық шешім.
Бұған қарағанда «сынып» сөзінің оқу-ағарту саласында ғана қолданылғаны абзал. «Сынып сияқты өміршең сөздердің қатарына «әдіс» «әдіскер», «әдістеме», «кеден», «іссапар», «құжат», «мәтін» т.б. көптеген сөздерді жатқызуға болады. Ал бұрын қалыптасқан қазақ сөздерін қайтадан жаңартуы құптарлық іс емес. Мысалы, «адрес» терминінің «мекен-жай» болғаны қашан. Бәзбір мәтіндерде ол «жаят» деп аталып жүр.
Сонымен, жарыспалылықтың әдеби тіл нормасы қайшы жақтары да бар екеніне көз жеткіздік.
Тілімізде көнерген сөздердің мағыналарын жаңартып, терминдік мағына жүктеп, жаңартып, тіл қажетіне жарату аса құптарлық іс. Оған көбіне «жасақ», «шеру», «сарбаз», «түмен» және т.б. әскери атаулардың терминдік мағынада қолданылып жүргендігі дәлел бола алады. Осы сияқты кез келген жаңа қолданыс өмірге келгеннен кейін пайдаланылмаса жаңа лексема болудан қалады. Бұл процесс, ақпарат құралдары арқылы оның стилінің күшімен жүзеге асырылуда. Мысалы, «фонтан» сөзін «шаптырма», «балкон» сөзін «салбырауық» деп аударудың аса зор пайдасы болады деп есептей алмаймыз. Жаңа лексемада бұларды қолданып жүрген адамдарды кездестіре алмай жүрміз. Сол сияқты «биография» «өмірнама», «творчество» – «өнернама», «спонсор» – «қолданушы», «музей» – «ескіхана». Осы сөздердің халыққа етене таныс болып кеткен, «өмірбаян», «шығармашылық», «демеуші», «мұражай» деген сияқты баламалары да бар екендігі даусыз. Сонымен қатар, көптеген терминдердің терминология комиссиясы бекіткен баламалары бола тұра бұрынғы нұсқаны жарыса қолданылып жүргендері бар. Мысалы, «несие» (кредит), «біліктілік» (компетентность), «көлік» (транспорт), «түйін» (резюме) т.б. Аударма ісінде қысқарған сөздерді де қазақшаға аударып, ешбір түсініктеме берместен бас әріптерінен қысқартып қолдану етек жайып барады, ондай қысқартқанды қазақ тілін жетік білемін деген адамның өзі түсіне алмасы хақ. Олардың, әсіресе көшелерде ілінетін ірі әріптермен жазылған жарнама, маңдайшаларда кездесуі қынжыларлық жайт.
Мұндай келеңсіз жағдайларға бір жағынан терминдердің, әсіресе қосарлану, тіркесу арқылы жасалған түрлерінің жазылу нормасының бірізге түспеуі себеп болса, екінші жағынан маманның сауатсыздығы, өз ісіне жүрдім-бардым қарауы себеп болады. Мысалы, «обменный пункт» деген сөз тіркесі екі түрлі қолданумен қоймай қате жазылып жүр, яғни, бірде «айырбас пункт» бірде «айырбас орыны» деп берілген. Екінші нұсқасын қалдырғанымызбен, «орыны» деген сөздің жазылуында дөрекі қатенің жіберілгені өкінішті. Сол сияқты банк сөзі тәуелденіп, бірде банкі болса, бірде банкісі болып жазылып жүр. Осы сияқты жайттар ұсақ- түйек сияқты көрінгенімен мемлекеттік мәртебе алған тіліміздің беделін түсіретіні сөзсіз. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңын жүзеге асыру көбіне аударма ісімен ғана шектеліп отырғаны мәлім. Оған себеп, мемлекеттік қызметкерлердің, басқарма ұйымдардың ана тілімізде әлі де еркін сөйлеп, мемлекттік тілді еркін қолдана алмауы. Соның салдарынан барлық құжаттар орыс тілінде дайындалады. Сондықтан мемлекеттік тілді білуді мемлекеттік қызметкерлерге міндет етіп қоюмен қатар заманымызбен қатарласа аяқ басқан сан-саланың терминдерін төл сөзімізбен атау мақсатында жұмысқа қабылдайтын аудармашылардан термин қабылдауға қойылатын талаптарды білуді талап ету қажет. Терминология саласының бірізді қолданылуы үшін терминкомның бекітілуімен ұсынылған, ғылымның әрбір саласы бойынша жасалған сөздіктер көп тараммен шығарылып еліміздің түкпір-түкпіріне таратылса, мемлекеттік тіліміздің қазық қағып, тез өсіп өркендеуіне игі ықпалын тигізері сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |