ҚАЗАҚ ТІЛІН ЕКІНШІ ТІЛ РЕТІНДЕ ОҚЫТУДАҒЫ АЙТЫЛЫМ ДАҒДЫСЫНЫҢ РӨЛІ
Нурпеисова Ш.Т., Темирова Ж.А.
Көкшетау қаласындағы физика-математикалық бағыттағы
Назарбаев Зияткерлік мектебі
Аңдатпа
Бұл мақалада қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытудағы айтылым дағдысының маңызы жайлы айтылған. Айтылымның жүзеге асу формалары, монолог және диалогтың түрлері қарастырылған. Әрқайсысына үлгі ретінде тақырыптар ұсынылған.
Аннотация
В данной статье речь идет о том, насколько важна роль навыка говорение в прцессе преподавания казахского языка как второго. Представлены различные формы говорения, виды диалога и монолога; к каждому из которых предложены темы.
Abstract
In this article we are writing about how important the role of speaking skills in the teaching of Kazakh language. Here we present the various speaking forms, types of dialogue and monologue, each of them proposed topics.
Тілдік қатысым әрекетінің бір түрі – айтылым. Айтылым әрекеті арқылы сөйлеуші бір хабарды, ақпаратты ауызша баяндап, екінші біреуге түсінікті етіп жеткізеді. Оқушының қазақ тілінде ойын ауызша жеткізе білуге үйрету үшін, ең алдымен, өмірде оны екінші адаммен түсінісе біліп, ойын ауызша жеткізіп қана қоймай, оған жауап ала біліп, ұғынысып, тілдік қарым-қатынасқа түсе білуге үйрету керек. Өз ойларын ашық айта білетін азамат тәрбиелеу; [2]
Айтылым дағдысын меңгеру үшін төмендегідей жағдайларды ескеру керек:
Үйренетін тілде сөйлеуге деген қажеттілік.
Қоршаған ортаның әсері.
Жеке бас қасиетін ескеру.
Сөйлеудің түпкі мақсатын анықтау.
Айтылым әрекетінің жүзеге асуы үшін маңызды шарт бұл – тіл мен сөздік қордың болуы, байланыстырып сөйлеу мәнері.[1] Айтылым әрекеті кезінде жазуда қарастырылмайтын интонация, дикция, сөйлеу мәнері секілді тілдік амалдар ескеріледі. Сөйлесім әрекетінің бұл түрі көп жағдайда ым-ишара, бейвербалды амалдармен толықтырылады. Айтылымда сөйлем құрылысы, өрістетіп айтылу жақтарына қатаң талап қойылмайды. Яғни инверсия – айтылымға тән құбылыс. Айтылым 2 түрлі формада жүзеге асады: монолог және диалог.
Монолог – (гр. monos – дара, logos - сөйлеу) – сөйлеушінің өз ойын ауызша жеткізетін сөйлеу әрекеті [9]. Монологты келесідей түрлерге бөлуге болады:
Мазмұндау;
Баяндама жасау;
Дайындықсыз сөйлеу;
Сурет бойынша сөйлеу;
Өз ойын, пікірін жеткізу, баға беру.
Мазмұндау кезінде оқушы оқыған мәтіннің тіл, стиль ерекшеліктерін сақтай отырып, мәтіндегі негізгі ойды, басты ақпаратты ауызша жеткізеді. Мазмұндауда мәтіннің негізгі детальдарын (кейіпкерлері, орны, уақыты, т.б.) білу шарт. Мазмұндауға келесі мәтіндерді ұсынуға болады
Баяндама – нақты мәселе бойынша жиналыста жасалатын хабарлама. Жан-жақты ақпаратқа және ғылыми талдауларға, тәжірибе қорытындыларына негізделеді [9].
Алдын-ала дайындықсыз сөйлеу, яғни импровизация - сөзді жанды ете түсіп, тыңдаушының назарын өзіне қарата алатын, сөйтіп, тыңдаушы мен сөйлеуші арасындағы байланысты нығайта түсетін, сонымен қатар сөйлеушіден бірқатар талаптарды қажет ететін сөйлеу әрекетінің әрі күрделі, әрі қызықты түрі. Алдын-ала дайындықсыз сөйлеу оқушыдан сөздік қорының байлығын, шешендіктің, топ алдында сөйлеу мәдениетін және сөйлейтін тақырыбы туралы білімінің болуын қажет етеді. Сөйлеудің бұл түрі сол жерде қиыстырып, ойдан құрап, сөздік қорын байланыстырып сөйлеу дағдыларын қалыптастырады. Импровизациялық сөйлеуге төмендегідей тақырыптарды ұсынуға болады:
1. Табиғатты аялайық.
2. Отбасы – шағын мемлекет.
3. Мектебің - алтын ұя жарқыраған,
Ұстазың - бұлақ көзі сарқыраған.
4. Бір шаңырақ астында...
5. Қазақстанның көрікті жерлері.
6. Қазақстанның өнер жұлдыздары.
7. Аралдың экологиялық проблемасы.
8. Өзің тұратын жердің экологиялық жағдайы.
9. Мамандық таңдау - жауапты іс.
10. Салауатты өмір салты.
11. Қала және ауыл тұрмысы.
12. Үлкен қалаларда қоршаған ортаның ластауы.
13. Өнер алды - қызыл тіл.
14. Мен және менің хоббиім.
15. Қазақтың салт-дәстүрлері.
Баланың байланыстырып сөйлеуін дамытуда сюжеттік суреттердің маңызы зор. Суреттер бойынша сөйлеу оқушының ой-қиялын логикалық дұрыс жүйелеп, шығармашылықпен жеткізуге мүмкіндік береді. Суреттер бойынша сөйлетуде оқушыларға суретті сипаттау, сурет бойынша әңгіме құрастыру секілді тапсырмалар беруге болады.
Монологтық сөйлеудің ең күрделі түрлерінің бірі – баға беру, өз пікірін жеткізу. Өйткені ол алдында айтылған сөйлеу әрекетінің барлығын да қамтиды. Өз ойын, сезімін, көзқарасын жеткізу кезінде жаңа идеялар, ұсыныстар, тың ойлар туындауы мүмкін. Баға беріп, өз пікірін жеткізудегі басты шарт – бұл дәлелдеме. Өйткені автор өз ойын, пікірін жалаң сөзбен жеткізіп қана қоймай, өз позициясын дәлелдеуі тиіс.
Айтылым әрекетінің келесі түрі – диалог. Диалог – екі немесе одан көп адамдардың бір-бірімен сөйлесуі, пікір бөлісіп, ақпаратпен алмасуы [9]. Тілдесімнің диалог болуының басты шарты – диалогтық бірлік, яғни сөйленетін сөздің мағыналық және тақырыптық жақтан байланысты болуы. Диалогта айтылатын пікірлер бір-бірімен байланысты, басқаша айтқанда, келесі сөз алдынғы сөздің мазмұнына байланысты болады. Диалог құрастыру үшін оқушыларға төмендегідей жағдаяттарды ұсынуға болады:
Танысу. (Сыныптастарыңызбен танысыңыз. Досыңызды өзіңіздің отбасыңызбен таныстырыңыз).
Уақыт. (Досыңызбен жылдың қай мезгілін, не себепті ұнататыны туралы сұхбат құрыңыз).
Ауа райы. (Радиодан демалыс күні ауа райының бұзылатындығын хабарлады. Сіз досыңызбен саяхатқа шықпақшы болдыңыз. Телефон арқылы досыңызға қалай хабарлайсыз? )
Мектепте. (Досыңызға мектепті таныстырыңыз).
Мамандық. (Досыңыздан қандай мамандық таңдайтынын және неліктен екенін сұрап біліңіз).
Құттықтау. (Досыңызды туған күнімен немесе мерекемен құттықтаңыз).
Көшеде. (Сізге кітапханаға баратын жолды сұрап білу керек).
Дүкенде. (Кітап (азық-түлік,ойыншықтар) дүкенінде өзіңізге қажетті затқа тапсырыс беріңіз).
Асханада. (Сіз мейрамханаға келдіңіз. Тапсырыс беріңіз).
Емханада. Дәріханада. (Сіз тіс дәрігерінің қабылдауындасыз. Дәрігермен қалай сөйлесесіз).
Бос уақыт. (Досыңызбен бос уақытын қалай өткізетіні туралы әңгімелесіңіз).
Диалогтық сөйлеудің төмендегідей түрлерін көрсетуге болады:
Әңгемелесуге қатысу.
Пікірталас.
Телефонмен сөйлесу
Сұхбат жүргізу (интервью)
Әңгімелесу кезінде белгілі бір сұрақ немесе тақырып аясында мұғалім мен оқушы, оқушы мен оқушы ақпаратпен, ойымен бөліседі, талқылайды. Әңгімелесудің нәтижесі көп жағдайда сұрақтардың дұрыс қойылуына байланысты.
Диалогтық сөйлеудің бір түрі – пікірталас. Пікірталастың басты қызметі – оқушының өз пікірін, көзқарасын дәлелдей алуға үйрету. Пікірталас – түрлі көзқарас, ой-пікірлерді қатар қою, салыстыру, салғастыру арқылы өзінің көзқарас, ой-пікірін дәлелдеу [9]. Пікірталас оқушылардың ақыл-ойын, тілдік қарым-қатынас жасау қабілетін жетілдіріп, тұлға ретінде қалыптастыруға әсерін тигізеді. Пікірталас өткізу үшін алдын ала дайындық, талқыланатын мәселе бойынша кем дегенде екі түрлі көзқарас болуы керек. Пікірталас оқушыларға білім мен тәрбие беріп, мәселені терең түсінуге, өз пікірін қорғауға, басқаның пікірін сыйлауға үйретеді, дәйекті дәлелдерді құрастыра білуді талап етіп, өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеуге, ой жарыстыруға баулиды. Пікірталасқа түсу үшін оқушының бойында өз позициясын қорғауда қиыстырып суырыпсалма сөйлеу шеберлігі, логикалық дәлелдемелер құру дағдысы және сөздік қорының байлығы болуы қажет. Пікірталас тақырыбы алуан түрлі болуы мүмкін:
«Компьютердің пайдасы мен зияны»
«Интернет жүйесін пайдалану»
«Ауыл және қала»
«Шетелде білім алу қажет пе?»
«Интернет кітапты алмастыра ала ма?»
«Ақыл мен қайрат жүрекке бағынуы шарт па?» (Абайдың он жетінші қара сөзі бойынша)
Телефонмен сөйлесудің де өзіндік ерекшеліктері бар. Телефон арқылы диалогқа түскенде арнайы сөз қолданыстарын білу керек.
Сұхбат жүргізу (интервью) ақпарат жинау мақсатында жүргізіледі. Интервью жүргізу арқылы кез келген мәселе бойынша пікір алуға болады. Сұхбат жүргізу үшін алдымен мәселені анықтау керек, содан соң сол мәселеге қатысты сұрақтар құрастыру қажет.
Қорыта келгенде, оқушының тілін дамытуда айтылым әрекетінің маңызы зор. Дұрыс құрылған айтылым оқыту процесінің қызықты да тартымды өтуіне негіз болады.
Пайдаланған әдебиеттер:
[1] Үш тілде білім беру саясаты. ДББҰ Назарбаев Зияткерлік мектептері.
[2] Кіріктірілген оқу бағдарламасы, негізгі мектеп.
[9] Уикипедия
Достарыңызбен бөлісу: |