ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК ФАРМАЦЕВТИКА АКАДЕМИЯСЫ
Техникалық және кәсіби білім беру факультеті
Қазақстан тарихы және қоғамдық пәндер кафедрасы
«Қазақстан тарихы» пәні бойынша әдістемелік нұсқау
Мамандығы: - 0304000 «Стоматология»
Біліктілігі: - 0304023 « Стоматолог-дантист»
Курсы: 1
Семестр: 1-2
Құрастырған: оқытушы Тасболат А. Ж.
Шымкент-2014ж.
Кафедра мәжілісінде бекітілді,
Хаттама № ________ 2014 жыл
Кафедра меңгерушісі, бекітемін _______ Қ.Б Кемелбеков
№ 1сабақ
І. Сабақтың тақырыбы: Саяси партиялардың қалыптасуы және қызметтері.
ІІ.Сағат саны -2 90мин(100% )
ІІІ. Сабақтың түрі: теориялық
ІY. Сабақтың мақсаты:
оқыту: оқушыларға революциялар қазақ халқының тарихына ірі өзгерістер алып келгенін түсіндіру.
тәрбиелік: оқушыларға патриоттық тәрбие беру.
дамыту: оқушыларды еліміз үшін қызмет жасайтын адал азаматы болуға тәрбиелеп, отанға деген сүйіспеншілігін арттыру.
Ү. Материалды- техникалық жабдықталуы:
а) техникалық құралдар: құрылғы компьютерлер, интерактивті тақта, мультимедиялық құрылғы.
ә) көрнекі және дидактикалық құралдар: өзіндік жұмыстарға арналған кестелер, тест тапсырмалары, жағдайлық есептер, сөзжұмбақ.
б)оқыту орны: аудитория.
Ү. Әдебиеттер:
негізгі: М. Қ. Қозыбаев «Қазақстан тарихы» 10- кл.
Қазақстан тарихы 11- кл А 2002 ж.
қосымша: Қазақстан тарихы очерктер А. 1994 ж.
Қазақстан тарихы әдістемелік нұсқау А. 2009 ж.
ҮІ. Ұйымдастыру кезеңі: 5 мин ( 6% )
Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру.
Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру.
Сабақтың мақсаты мен міндеті.
ҮІІ.Оқушылардың өтілген тақырып бойынша білімін тексеру: 15мин (16%)
3.Жаңа тақырыпты түсіндіру: 40 мин (44 %)
Тақырып жоспары:
1. Ақпан революциясы тұсындағы Қазақстан.
2. Саяси партиялар мен ағымдардың пайда болуы.
3. І Жалпықазақ сьезінің болуы.
4. Алаш партиясының ұсынған бағдарламасы.
5. Қазақстан Қазан төңкерісі қарсаңында.
6. Қазақстан азамат соғысы жылдарында.
7. Қазақ АКСР –нің құрылуы.
Ақпараттық –дидактикалық бөлім.
1917 жылдың басында Ресейде революциялық жаңа толқын көтерілді. Революциялық дағдарыстың пісіп-жетіліп келе жат қандығы ұлт аймақтарында оның ішінде Қазақстанда да сезіле басталды.
1917 ж. 27 ақпанда Петроградта буржуазиялық-демократиялық революция жеңіске жетті. Патша өкіметі құлатылғаннан кейін бүкіл Ресейдегі сияқты Қазақстанда да қос өкімет орнады.
Буржуазиялық-демократиялық ақпан революциясының жеңіске жетуі өлкедегі еңбекшілердің саяси белсенділігін өсірді.
Бірақ Уақытша үкіметтің халық күткен аграрлық мәселені шеше алмауы, езілген халықтарға өзін-өзі билеуі немесе автономия алу мәселесін күн тәртібіне қоюға тырыспауы, жұмысшыларға 8 сағаттық жұмыс күнін енгізу сияқты көкейкесті мәселелерді шешпеуі халық наразылығын одан әрі күшейтті. 1917 ж. жазының соңы мен күзінің бас кезінде бүкіл Ресейдің жер-жерінде бұқараның Уақытша үкіметке деген қарсылығы өсе түсті. Бұл Кеңестердегі большевиктердің ықпалының артуына жағдай жасады.
1917 ж. 24 қазанда (6 қарашада) Петроградта қарулы көтеріліс басталды. Келесі күні көтерілісшілер қаланың ең маңызды объектілерін басып алды. 1917 ж. 25 қазанда (7 қарашада) Әскери-революциялық комитет Уақытша үкіметтің билігінің жойылғандығын жариялады. Осылайша Қазан төңкерісі жеңіске жетті.
Қазан қарулы көтерілісінің Петроградта жеңіске жетуі, сондай-ақ Қазақстанмен іргелес Ташкент, Омбы, Орынбор, Астрахань тәрізді ірі қалаларда Кеңес өкіметінің орнауы Қазақстанда да биліктің Кеңестердің қолына өтуіне ықпал етті. Алайда Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату төрт айға, 1917 ж. соңынан 1918 ж. наурызына дейін созылды
Қазақстанда кеңестердің бүкілқазақ съезін шақыруға дайындық жұмыстары кеңес өкіметін нығайту процесімен қатар жүргізілді. Мұның өзі шын мәнінде кеңестік мемлекеттікті құру және оны бекіту үшін күрес екендігін көрсетті. Қазақ зиялылары мемлекет кұру процесінің кеңестік жолмен шешілуімен келісе алмады. Мұндай қарсылықтың себептері мынада еді: бірінші — қазақ зиялылары әуел бастан тәуелсіз ұлттық автономия құруды жоспарласа, екінші — олар Қазан төңкерісін қабылдамады, сөйтіп Кеңес үкіметін мойындамады, оны заңсыз орнаған үкімет деп есептеді. Сондықтан да „Алаш" зиялылары ұлттық мемлекет құру үшін күрес жүргізді. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Е.Ғұмаров, Е.Тұрмухамедов, Ғ.Жүндібаев, Ғ.Бірімжанов құрастырған бағдарламаның жобасы "Қазақ" газетінің 1917 ж. 21 қарашадағы санында жарияланды. Бағдарламаның жобасы он тармақтан тұрды. Осы бағдарлама Құрылтай жиналысына сайлауда "Алаш" партиясының ірі табысқа жетуін қамтамасыз етті және 1917 ж. 5—12 желтоқсанда Орынборда өткен Екінші жалпықазақтық съезде қазақ халқының әртүрлі топтарының өкілдерін біріктірді. Төралқа төрағасы Бақтыгерей Құлманов және орынбасарлары Әлихан Бөкейханов, Әзімхан Кенесарин, Халел Досмұхамедов және Омар Қарашев басқарған съезд Қазан төңкерісіне байланысты тез өзгеріп жатқан саяси жағдайдағы "Алаш"
партиясының міндеттерін, қазақ автономиясын құру және оның үкіметін қалыптастыру мәселелеріне бірінші кезекте көңіл бөле отырып, қарастырды.
Съезде қазақ автономиясы құрамына Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу облыстары және Закаспий облысы мен Алтай губерниясының қазақтар мекендеген аудандары енуге тиіс деп шешті. Съезд Уақытша үкімет құлатылғаннан кейін қалалар мен селоларда, далада қазақтардың өмір сүруіне қауіп-қатер туғызған бей-берекеттік күннен-күнге күшейіп бара жатқандығын атап көрсетті. Сондықтан съезд қазақ халқын "аман алып қалу мақсатымен" "Уақытша Халық Кеңесі" түріндегі билік құру, оған Алаш-Орда (алаш автономиясының үкіметі) деген ат беру жөнінде шешім қабылдап және бүкіл қазақ халқына "бағынатын үкіметіміз осы деп сеніп... басқа үкіметті мойындамай, өз үкіметінің өмірін екі қылмай орындау керектігі" баса ескертілді. Съезд қазақ милициясын кұру жоспарын жасады. Оның әрбір облыс бойынша белгілі бір сандық құрамы, уездер бойынша үйрету мен жабдықтау шаралары белгіленді. Милицияны қару-жарақпен қамтамасыз етуді орталық әкімшілік салық салу арқылы алынатын қаржы есебінен жүзеге асыруға тиіс болды.
Көлбай Тоғысов бастаған партия, өздерін "Қырғыз (қазақ) социалистік партиясы" деп атаған "Үш жүз" партиясы Алаш партиясына қарсы бағытта болды. Бұл негізінен ұсақ-буржуазиялық социалистік партия еді. Партияның саяси көзқарасы мен практикалық іс-әрекеті 1917 жылдың күзінен 1918 жылдың басына дейін елеулі түрде өзгерді. Әуелгі кезде «үшжүзшілер» социалист-революционерлер партиясымен одақтасу бағытын ұстанса, 1918 жылдың қаңтарынан бастап Кеңес үкіметін жер-жерде ұйымдастырып, нығайту ісіне белсенді түрде араласып кетеді. 1918 жылдың бас кезінен-ақ «үшжүзшілер» большевиктермен одақтасып, Алашордаға қарсы күресті.
1918 ж. жазында азамат соғысы өршіп, кең етек алды
1920 жылы азамат соғысы аяқталып, онда қызылдар ақтарды талқандап, жеңіске жетті. А.Байтұрсынов бастаған алашордашылар қызылдар жағына шықты.
Алаш көсемдері қазақ мемлекеттілігін құрудың жаңа жолдарын іздеуге мәжбүр болды. Қазақ зиялылары ендігі жерде Кеңес үкіметімен ымыраға келу жолдарын қарастырды. 1919 ж. басында Алашордалықтар Кеңес үкіметімен арадағы келіссөздерін қайта жандандыра бастады. Келіссөздер Алашорда атынан емес, А.Байтұрсынов басқарған Торғайлық тобының атынан жүргізілді. А.Байтұрсынов ең әуелі Ә. Жангелдинмен, одан кейін Мәскеуде Сталинмен келіссөздерді жалғастырды. 1919 ж. наурызда Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті Алашордаға амнистия (кешірім)
жариялады. Алашорда басшыларының бірі А.Байтұрсынов, оның жақтастарының үлкен тобы Кеңес үкіметінің жағына шықты. Желтоқсан айында Ә.Бөкейханов бастаған Алашорданың Шығыс бөлімі толығымен Кеңес үкіметін мойындады.
1918—1920 жылдардағы азамат соғысы Қазақстан өлкесінің экономикалық жағдайын көптеген жылдарға кері шегерді. Өндіріс орындары жұмыс істемеді. 1913 жылмен салыстырғанда Қазақстанда мұнай өндіру 4 есеге, көмір өндіру 5 есеге кеміді, ал мыс рудасын өндіру мүлде тоқтады. Халық шаруашылығының жалпы өнім өндіруіндегі өнеркәсіптің үлесі 1920 жылы бар болғаны 6,3 процент болды.
4.Жаңа тақырыпты бекіту: 20 мин(22%)
1. Жаңа тақырыптар бойынша негізгі түйінге тоқталу.
2.Негізгі терминдер мен тезистерді практика дәптеріне түсіру.
5.Сабақты қорытындылау: 5мин(6 %)
1. Оқушыларды бағалау:
2. Сабақтың тақырыбы: Саяси партиялардың қалыптасуы және қызметтері.
6. Үй тапсырмасы: 5 мин (6%)
1. Жоғарыда көрсетілген әдебиеттерден үй жұмысына дайындалу.
2. Қосымша жұмыс:
Реферат тақырыбы:
1.Алаш партиясының құрылуы.
2. Қазақстан азамат соғысы жылдарында.
№ 2сабақ
І. Сабақтың тақырыбы: 1920-1930 жылдардағы Қазақстан. Ф. Голощекин «Кіші Қазан»
үстемдігі. Индустрияландыру.
ІІ. Сағат саны -2 90мин(100% )
ІІІ. Сабақтың түрі: теориялық
ІY. Сабақтың мақсаты:
оқыту: оқушыларға 1920-1930 жылдары Қазақстанда жүргізілген индустрияландыру саясатының жетістіктері мен зардаптарын түсіндіру.
тәрбиелік: республикадағы экономикалық саясатты халық мүддесіне сай жүргізу төңірегіндегі ұлт қайраткерлерінің көзқарасы мен оқушының патриоттық сезімін ұштастыру.
дамыту: оқушыларды еліміз үшін қызмет жасайтын адал азаматы болуға тәрбиелеп, отанға деген сүйіспеншілігін арттыру.
Ү. Материалды- техникалық жабдықталуы:
а) техникалық құралдар: құрылғы компьютерлер, интерактивті тақта, мультимедиялық құрылғы.
ә) көрнекі және дидактикалық құралдар: өзіндік жұмыстарға арналған кестелер, тест тапсырмалары, жағдайлық есептер, сөзжұмбақ.
б)оқыту орны: аудитория.
Ү. Әдебиеттер:
негізгі: М. Қ. Қозыбаев «Қазақстан тарихы» 10- кл.
Қазақстан тарихы 11- кл А 2002 ж.
қосымша: Қазақстан тарихы очерктер А. 1994 ж.
Қазақстан тарихы әдістемелік нұсқау А. 2009 ж.
ҮІ. Ұйымдастыру кезеңі: 5 мин ( 6% )
Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру.
Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру.
Сабақтың мақсаты мен міндеті.
ҮІІ.Оқушылардың өтілген тақырып бойынша білімін тексеру.
15 мин (16%)
1.Ақпан төңкерісінен кейін Қазақстанда орын алған саяси жағдай?
2. Мұстафа Шоқай кім?
3. Ақпан төңкерісінен кейін қандай саяси партиялар мен ағымдар пайда болды?
4. Қазақ зиялы қауымының революцияға көзқарасы қандай болды?
5. Алаш партиясының бағдарламасында қандай мәселелер қаралды?
6.Азамат соғысы жылдарында қазақ халқының жағдайы қандай болды?
3.Жаңа тақырыпты түсіндіру: 40 мин(44%)
Тақырып жоспары:
1. Жаңа экономикалық саясат жылдарындағы Қазақстан.
2. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру.
3. Қазақстан аграрлы елден индустриялды елге айналуы.
4. 1932-1933 жылдар аралығындағы ашаршылық.
Ақпараттық –дидактикалық бөлім.
Азамат соғысының аяқталуына және елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының ауыр күйзелісіне қарамастан, Кеңес үкіметі күштеуге негізделген азық-түлік саясатын одан әрі жалғастырды. Орталық үкіметтің 1920 жылы 20 шілдедегі "Сібірдегі артық астықты алу туралы" декретінің күші Қазақстанның солтүстік аудандары мен Семей губерниясына да тарады. Осы декретке сай 1921 жылдың тамыз айына дейін бүкіл елдегі шаруаларға 119 млн. пұт (РКФСР көлемінде 423 млн.пұт) төтенше салғырт төлеу жүктелсе, соның ішінде 35 млн. пұт Солтүстік Қазақстанға міндеттелді.
Тапсырманың 26 млн. пұты Семей облысына міндеттелінсе, тек Қостанайдың өзінен 6 млн. пұт астық алынды. Артық өнімдер ғана емес, азыққа қолданылып отырған астық және тұқым қоры да тәркіленіп отырды. Астық салығы мал шаруашылығымен ғана айналысып отырған аудандарға да салынды. Оны төлеу үшін олар малдарын сатып астық сатып алуға мәжбүр болды.
Кеңес үкіметінің солақай саясатының нәтижесінде Республиканы сұрапыл аштық жайлады. Бөкей губерниясында — 100 мың, Оралда — 400 мың, Семей губерниясында — 500 мың, Орынбор — 445, Ақтөбеде — 360 мың адам ашықты. Көшпелілер арасында өлім ересек тұрғындардың 30 процентін қамтыса, ал кейбір аудандарда халықтың 75 проценті қырылған. Әулиеата уезінде халықтың қатты қырылғандығы соншалық, бұрынғы бірнеше болысты біріктіріп, бір болыс ұйымдастыруға тура келді. Жалпы зерттеушілер 2 млн 300 мыңнан аса адам ашықты, 1 млн-ға жуығы аштық пен аурудан өлді деген мәліметтерді келтіреді.
Мұсылман зиялы қауымы арасынан мұндай сорақылыққа қарсы шыққан Т. Рысқұлов болды. Ол аштықпен жүйелі түрде күресу үшін, құрамына бірнеше комиссариаттардың өкілдерін кіргізіп, арнайы ұйым құруды талап етеді. Түрік атқару комитеті Т. Рысқұловтың талабын қолдап, аштықпен күресті өздерінің қызмет жағдайына сәйкес республиканың азық-түлік, жер шаруашылығы, денсаулық сақтау, қаржы, темір жол комиссариаттарына жүктейді. Аштықпен күресті тікелей басқаратын ерекше Орталық комиссия ұйымдастырылады. Оның төрағасы болып Т. Рысқұлов тағайындалады.
Қазақ қоғамын жайлаған аштықты Орталықтағы Кеңес үкіметі мойындамады. Республиканың экономикасындағы ауыр дағдарыс, яғни мемлекеттің күштеу саясатына негізделген азық-түлік саясаты 1920— 1921 жылдары шаруалардың Кеңес үкіметіне қарсы стихиялы қарулы көтерілістерінің тууына әкелді.
Большевиктер өздерінің биліктен айырылып қаламыз деп қауптенді. Партияның Xсъезі (8 наурыз, 1921 ж.) көтерілісшілерді айыптағанмен, экономикалық саясатты өзгертуге мәжбүр болды. Съезд «Соғыс коммунизм» саясатынан жаңа экономикалық саясатқа көшу туралы шешім қабылдады.
Жаңа экономикалық саясаттың аясында қабылданған міндеттердің ішіндегі ең маңыздысы — азық-түлік салғыртын азық-түлік салығымен алмастыру туралы шешім болды.
Сөз жүзінде ЖЭС ендірілгенімен Кеңес үкіметі іс жүзінде баяғы қарқынмен экономикаға өзінің бақылауын жүргізуді тоқтатпады.
Ал 1924 жылы салықты өтеудің тек ақшалай түріне толық көшірілді.
Осы жылы ақпан айында Кеңес үкіметі ақша реформасын жүргізіп, кеңестік ортақ жаңа ақша өлшемі тұрақты сомды енгізді. Осы жағдайлар Қазақстанда жәрмеңкелік сауданың кең өрістеуіне жол ашты. 1926 жылы Қазақстанда 128 жәрмеңке жұмыс істеді. Бұл кездегі ірі жәрмеңкелер қатарына — Ойыл, Қоянды, Қарқара, Темір, Көкшетау, Атбасар жәрмеңкелерін жатқызуға болады.
Қазақстанда 1921—22 жылдары ЖЭС аясында жүргізілген шаралардың бірі жер-су реформасы болды. Реформаның негізгі міндеті 1920 жылы құрылған ҚАКСР-нің аумағында қазақ жерлерін біріктіру болды.
Партияның 1925 жылы (18—31 желтоқсан) өткен XIV съезі елді соцалистік индустрияландыру жоспарын жүзеге асыру міндетін қойды.
Қазақстанды бүкілодақтық көлемдегі елді индустрияландыру бағытында жетекші орынға қойды. Қазақстанды индустрияландырудың ең алғашқы қарлығашы Түркістан-Сібір темір жолы болды. Индустриаландыру жылдарында Қарағанды-Балқаш, Гурьев-Доссор, Ақмола-Қарағанды, Жарық-Жезқазған, Рубцовка-Риддер темір жолдары салынды. Өлкені индустрияландыру барысында кеңес үкіметі түрлі-түсті металлургия, көмір және мұнай өндіріс орындары мен теміржол саласын одан әрі өркендету міндеттерін қойды. Осыған байланысты жаңа өндіріс орындарын салу және жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын қайта кұру үшін тек 1933—34 жылдары 566,6 млн сом қаржы бөлінді. Оның бестен төрті ауыр индустрияны дамытуға жұмсалды. Олардың ішінде Қарағанды шахталары, Шымкент қорғасын және Балхаш мыс қорыту зауыттары, Ақтөбе химия комбинаты болды.
Екінші бесжылдық кезінде республикада Қарағанды көмір бассейні мен Балқаш мыс қорыту комбинатын салу жоспарланды.
Қазақстанды индустриаландыру барысында Текелі полиметалл және Жезқазған мыс қорыту комбинаттары, Өскемен қорғасын-мырыш зауыттары салына бастады. 1933 жылы ақпан айында Шымкент қорғасын зауытының алғашқы пеші жұмыс істеді. Бұлар Қазақстанда ғана емес бүкіл ел
көлеміндегі түрлі-түсті металдарды өндіруші өте ірі өндіріс орындары болды.
Қазақстан 20-жылдардың аяғы мен 30 жылдары, өте қысқа мерзімде аграрлы елден индустриялы елге айналды.
Қазақстанда индустрияландырудың өте кең көлемде және жоғарғы қарқында жүзеге асырылуы инженер-техникалық маман кадрларды қажет етті.
Большевиктер қазақ ауылында әлеуметтік теңсіздікті жою мақсатында шабындық және жайылымдық жерлерді бөліске салды. Ф. Голощекин: "Жайылымдық жерді бөлу деген не?" дей отырып, бұл науқанға зор екпін беру үшін және өз төңірегіндегі большевиктерді жігерлендіру үшін "Бұл кіші Қазан" — деді.
Алайда Ф.Голощекиннің жүргізген реформасы алғашқы кезден-ақ қате тұжырымдарға негізделген еді.
1927 жылы желтоқсанда ірі бай шаруашылығын тәркілеу жөніндегі заң жобасын әзірлейтін арнайы комиссия құрылды. Комиссияның төрағасы болып Е. Ерназаров тағайындалды, оның құрамына О. Исаев, Н. Нұрмақов, Г. Тоғжанов, О. Жандосов және т. б. кірді.
Республика көлемінде барлығы 696 "бай-феодалдар" тәркіленді.
Қазақ байларын тәркілеу Қазақстандағы күшпен ұжымдастыру саясатының бастамасы болды.
Оның күшеюіне Қазан революциясының 12 жылдық мерекесіне орай «Правда» газетінде жарияланған Сталиннің "Ұлы бетбұрыс жылы" деген мақаласы түрткі болды.
Алайда, Қазақстанда ұжымдастыру елдің басқа аймақтарымен салыстырғанда баяу жүргізілуі тиіс деген пікірге Ф.И.Голощекин мүлде қосылмады.
Шаруа қожалықтарын ұжымдастырудың жеделдетілген қарқыны күштеп жүзеге асырылды.
Осыған байланысты 1929—1930 жылдар аралығындағы қыс айларында наразылық өте күшті өршіді. Ол туралы Ф. Голощекин Сталинге хабарлауға мәжбүр болды. 1929—1931 жж. өлкеде барлығы 372 көтеріліс болып, оларға 80 мыңдай адам қатысты.
Ұжымдастыру саясатының зардаптары қазақ халқының басына үлкен апат әкелді. Күшпен ұжымдастырылған және материалдық жағынан өте әлсіз шаруашылықтар күйзеліске ұшырап, нәтижесінде 1932—33 жылдары халық аштыққа ұшырады.Зерттеушілер 1930—1932 жылдары шетелге кеткен қазақтар санын, қайтып келгендерді шығарып тастағанда 1,3 млн. адамға жеткізеді.
Қазақ халқының ауыр жағдайын Қызыл крест және Қызыл жарты ай қоғамының баяндама хаттарынан және Ресейдің басшы мемлекет қайраткері ретінде жергілікті жерлерден Мәскеуге келіп түсіп жатқан басқа да мәліметтерден хабардар болған Т. Рысқүлов, көп кешікпей-ақ Сталинге хат жазады. Аштыққа байланысты жоғарғы партия мен үкімет басшыларына жазылған хаттар қатарын О. Исаевтің және "Бесеудің хаты" толықтырады.
Екінші бесжылдық жоспарды орындау кезінде, яғни 1933-37 жылдары Кеңес үкіметі ауыл шаруашылығында ұжымдастыруды аяқтау, ауыл шаруашылығын қайта құру, колхоздарды ұйымдық-шаруашылық жағынан нығайту міндеттерін белгіледі.
Сонымен, қорыта айтқанда, 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдары әкімшіл-әміршіл большевиктік тәртіп қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласында үстем болды. Әсіресе, Қазақстанда бұл тәртіптің өте ұсқынсыз, қатыгез формалары ұжымдастыру мен 1937—1938 жылдардағы саяси репрессия кезеңдерінде күш алды. Кеңес үкіметі, яғни халықтың үкіметі, сол халықтың өзіне қарсы қуғын-сүргінді ұйымдастырып, жазықсыз ату-асу жазаларын қолданды. Елде большевиктер басшылығымен халыққа қарсы жаппай "үлкен террор" ұйымдастырылды.
Достарыңызбен бөлісу: |