Бастауыш сыныпта жүргізілетін жобалардың бағытын іріктеу



Дата22.10.2022
өлшемі16,12 Kb.
#154552
Байланысты:
8 сабақ тапсырмасы
Оқу Ð±Ð°Ò“Ð´Ð°Ñ€Ð»Ð°Ð¼Ð°Ñ Ñ‹, Ветеринарная справка формы №2, әдебиет рубежка

Бастауыш сыныпта жүргізілетін жобалардың бағытын іріктеу (концептуалды карта әдісі арқылы тапсырма орындау)
Заманауи әлемдік дамудың ерекшелігі дамыған елдердің инновациялық мүмкіндіктерін игеру, тәжірибені тарату, жаңа білімді іздестіру. Бұл үрдіс адами капиталдың құндылығын арттырып, жас ұрпақтың заманауи ойлау қабілетін дамытуға деген қажеттілікті қалыптастырады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Біз қазір «білім – ғылым – инновация» атты үштік үстемдік құратын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз» -деген болатын [1] Бұл бағыт білім мазмұнын, оқытудың әдістері мен тәсілдерін, оқушылардың зерттеушілік дағдысын қалыптастырудың жаңа жолдарын іздестіруге ықпал етті.
Сондықтан да XXI ғасыр талаптарына сәйкес мектеп оқушылары келешекте қол жетімді табысқа жету үшін, әртүрлі дағдыларды меңгеруі қажет. Біз қарастыратын мәселе бастауыш сынып оқушыларының зерттеушілік дағдысын қалыптастыру.
Қазақстан Республикасында білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында әрбір тұлғаның шығармашылық және зерттеу құзыреттіліктерін дамыту мәселесі айтылған[2].
Демек, мектеп оқушылары да қоғамда болып жатқан өзгерістерді дұрыс қабылдап, өз зерттеушілік әлеуетін арттыруға ұмтылулары қажет. Ол мектептегі педагогикалық үрдіс кезіңде жүзеге асады.
Балалардың зерттеушілік іскерліктері мен дағдыларын тәрбиелеу, өмірдің түрлі салаларына ізденушілік қарым-қатынасын қалыптастыру қазіргі мектептің маңызды міндеті болып табылады. Қоршаған ортаны дербес зерттеуде баланың белсенділігі генетикалық түрде қаланғаны және ерте балалық шақта көрініс беретіні белгілі. Сондықтан да отбасы осы мүмкіндіктерді ескере отырып, оны дамытатын алғашқы әлеуметтік институт.
Оқушының шығармашылық қабілетін ашудың жолы зерттеушілік іс-әрекет болып табылады. Зерттеушілік іс-әрекет ұғымы бірқатар ғалымдардың зерттеу нысанына айналған.
А.Н. Леонтович өз еңбегінде оқу үдерісіндегі зерттеу іс-әрекеті нақты оқушы орындайтын әрекет екенін атап көрсетті. Оның пікірінше, кез-келген белсенділік зерттеушілік әрекет бола алмайды. Оқушыда мотив, мақсат, болуы қажет [3].
Бастауыш сынып оқушыларының зерттеушілік іс-әрекеті-балалар үшін жаңа білім мен әрекет тәсілдерін ашуға бағытталған шығармашылық әрекет[4].
Зерттеу алдын ала жоспарланған нысананы құруды көздемейді.Ол белгісізді табу, жаңа білімді іздеу процесі. Бұл-адамның танымдық әрекеттерінің бірі.
Зерттеу барысында оқушы өз пікірін қорғайды және оған қатысты фактылер мен аргументтер іздестіреді. Тапсырмаларды орындау барысында оқушыдан ақпаратты жүйелеу және талдау, фактілерді, құбылыстарды жалпылау, қорытынды жасау қабілеті талап етіледі.
Зерттеу бірнеше кезеңдерден тұрады. Олар:
Тақырыпты таңдау/
Мақсаты мен міндетін анықтау
Болжамын жоспарлау
Әдістерді іріктеу
Тақырыптың өзектілігін айқындау
Дереккөздерін жинақтау, талдау
Интернет ресурстарын сұрыптау
Жоспар құру
Мұғалімнің зерттеу жұмысын ұйымдастыру әрекетін үш деңгейге бөлуге болады.
Педагог мәселені өзі қояды және шешу жолдарын белгілейді, шешімді оқушы өзі табады;
педагог мәселені қояды, бірақ оны шешудің жолдары мен әдістерін көрсетпейді, оқушының өзі шешімін табады;
оқушылар мәселені өздері қойып, оны шешу жолдарын іздейді және өздері шешімдерін табады.
Зерттеу жұмысын ұйымдастырудың принциптері:
Оқушылар сабақта жаңа құбылыстармен танысады;
оқушылар білімді дайын күйінде алмай, өз бетінше меңгереді;
әр оқушы зерттеу барысында алған мәліметтер мен бақылаған объектілерін зерттейді, сипаттайды және түсіндіреді.
Бастауыш сыныпта мұғалім оқушының зерттеушілік дағдысын дамыту барысында әртүрлі әдістерді қолданады. Пән мазмұнына байланысты зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Білім, ақпарат дайын күйінде берілмейді, оқушы үнемі ізденеді, сондықтан да зерттеушілік жұмыс оның күнделікті іс-әрекетіне айналады.
Дүниетану сабағында адам, табиғат, қоғам арасындағы интеграциялық байланысты және табиғи үйлесімділікті оқушылар көреді. Қоршаған ортада болатын әртүрлі құбылыстарды сезіну арқылы олардың таным мүмкіндіктері артады. Дүниетану пәнінде оқушылардың алғашқы зерттеу әрекеттері қалыптасады. Бақылау, талдау, эксперисмент сияқты әдістерді қолдану арқылы оқушылар мәліметтерді жинақтап, талдап, тұжырым жасауды үйренеді. Бұл пәннің мазмұнында тәжірибе жасау, зерттеу жұмысын жүргізу, сарамандық жұмыс түрлері басым болады. Сабақта бақылау, эксперимент әдістерін қолдана отырып, зерттеу жұмысының қағидаларын игереді.
Экологиялық проблемалармен танысу, табиғатта болатын өзгерістер мен құбылыстардың сырын білуге деген қызығушылығын оятады.
Мен зерттеушімін, Тірі табиғат, Заттар және олардың қасиеттері, Жер және ғарыш, Табиғат физикасы сияқты оқу бөлімдерін зерделеу барысында оқушылар қарапайым да қызықты тәжірибелер жүргізіп, табиғат құбылыстарының даму үдерістерін сипаттап, болжап, түсіндіреді. Осындай тәжірибе түрлері зерттеу қызметінің бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар оқушыларға мынандай дағдыларды қалыптастырып дамытуға көмектеседі: зерттелетін тақырыпты таңдау; сұрақ қойып, оған жауап беру тәсілдерін табу; зерттеу жүргізу жоспарын құру; болжам жасау; сұраққа жауап беру үшін зерттеу жүргізу, зерттеу нәтижесінде алынған түрлі деректерді жинау, өндеу және түсіндіру. Бұл пән биология, химия және физика пәндерінің негізін қалайды. Сонымен қатар терең білім алып, пәнді түсіну үшін жоғары деңгейлі дағдыларды қалыптастырып дамытуға көмектеседі.
Бастауыш сыныпта зерттеу әрекетінің дағдылары біртіндеп қалыптасады. Әртүрлі әдістер мен формаларды қолдану зерттеу жүргізудің қағидаларын үйретеді.
Мысалы, сабақ барысында қоршаған ортаны қорғау туралы мәселені талдайтын болсақ, мұғалім оқушыларды шағын топтарға бөледі, бірінші топ табиғатқа, қоршаған ортаға зиян келтіретін адамдардың әрекетін анықтайтын болса, екінші топ табиғатты сақтауға, аялауға әрекет етеді. Екі топты салыстыру негізінде ұжымдық зерттеу жұмысы жүргізіледі.
Оқушыны зерттеу жұмысына қатыстыру үшін алдымен, оны қызықтыра отырып, зерттеу талабын қалыптастыру қажет. Яғни оқушы ақпаратты ала білуге, оны басқаларға хабарлай білуге талпынуы тиіс. Ол мектепте оқып жүргенде-ақ қоғам мүшесі екенін сезініп, өз бетінше шешім қабылдауға, ақпараттар алуға, оны басқаларға жеткізе білуге, әдебиеттермен жұмыс істей білуге, талдауға қатысуға, басқаларды тыңдауға үйренуі қажет.
Педагогикалық тәжірибеде оқушылардың зертеушілік дағдыларын дамытудың әртүрлі әдістері қалыптасқан. Солардың бірі -жоба әдісін айтуға болады. Жоба жазу оқушының аналитикалық ойлау қабілетін дамытады, шешім қабылдай алу іскерлігін қалыптастырады. Оқушыны ізденушілікке баули отырып, ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес өзінің кәсіби бағдарын айқындауға көмектеседі. Жоба әдісінде мына міндеттер жүзеге асады.
Оқушылардың танымдық іскерліктері мен дағдыларын дамыту;
Ақпараттық кеңістікте бағдар ала білу;
Өз бетінше жоспар құра білу;
Ғылымның түрлі салаларынан білімді біріктіре білу;
Сын тұрғысынан ойлау қабілеті.
Келесі әдістердің бірі — саяхат. Саяхат сабағы көбіне Жаратылыстану пәнінде жүргізіледі. Жыл мезгілдерінің ерекшеліктерін, табиғатта болатын әр түрлі құбылыстардың өзгерістерін анықтау барысында «Күздің белгілері», «Күз мезгіліндегі өзгерістер», «Жыл мезгілдері» т.б тақырыптарда саяхат өткізуге болады. Оқушылар тақырып барысында ақпарат ресурстарын жинау арқылы белгілі бір сұрақтарға жауаптар табады. Бақылау нәтижелерін қағаз бетіне түсіреді. Оқытуды ұйымдастырудың бұл формасы ұжымдық қарым-қатынасты дамытады. Саяхат сабағының нәтижесі оқушылардың шығармашылық жұмыстарында жалғасын табады.
Математика сабағы оқушылардың зерттеушілік қабілеттерін дамытатын негізгі интеграциялық пән болып табылады. Математикалық ойлау, сандық түсініктер, қарапайым математикалық ұғымдар оқушының зерттеу қабілетін дамытады. Сұрақтардың жауабын іздеу арқылы проблеманы шешуге үйренеді.
Қорыта айтқанда, зерттеушілік іс-әрекет арқылы оқушылардың ғылыми дүниетанымы дамиды. Ғылыми дүниетаным тек теориялық білім алу арқылы емес, сонымен қоса, дәйекті дәлелдер және зерттеушілік іс-әрекет нәтижесінде қалыптасады. Оқушылар өздігінен жүргізген зерттеушілік іс — әрекет нәтижесінде нақты шындыққа көз жеткізеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет