Баяндама «Ұлттық ойындар арқылы оқушылардың сөздік қорын байыту» Мақсаты



Дата17.06.2018
өлшемі41,59 Kb.
#42672
БАЯНДАМА

«Ұлттық ойындар арқылы

оқушылардың сөздік қорын байыту»
Мақсаты: Ұлттық ойын арқылы оқушылардың білім-білік, сөйлеу дағдыларын қалыптастыру.

Оқытудағы ойынның міндеті:

* Ұлттық ойын арқылы оқу мен тәрбиені ұштастыра отырып, білім деңгейімен дағдыларын жетілдіру.

* Ойната отырып, жаңа білімді меңгерту.

* Танымдық қызметі мен ой-өрісін кеңейту.

* Оқушының өзіне деген сенімін арттыру, оқуға деген қызығушылығын, белсенділігін дамыту.

* Оқушыларды адамгершілікке бір-бірін сыйлай білуге, көмектесуге үйрету.



Балаларды оқытудағы ұлттық ойынның ерекшелігі:

Ойын барысында оқушының ой-өрісі дамиды, сөйлеу қабілеті  жетіледі, қарым-қатынас жасауға үйренеді, көңіл-күйі көтеріледі, оқушы жалықпайды, сөздік қоры көбейеді.



       Сабақ сапасы жақсарады, пәнге деген қызығушылығы артады, логикалық ойлай білуге ұмтылдырады, тәртіп сақтау қабілеті, есте сақтау қабілеті қалыптасады.

Қазіргі өркениетке ұмтылған қоғам талабына сәйкес, Қазақстан Республикасының дамыған елдерімен иық тіресіп тұру үшін, еліміздің болашағы мен қазіргі кезеңі үшін білімді, зерделі, өз бетімен іс - әрекет ете алатын, қоғамнан өз орнын таба алатын шәкірттерді дайындау ұстаздың міндеті.

Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып, оны мектепте жүйелі түрде оқыту қазір күн тәртібіндегі маңызды мәселеге айналып отырған кезде оқушының тілін байыту өте қажет болып отыр.

Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап ән салмай, өсер бала бола ма?»-деп айтқандай, бала өмірінде ойын ерекше орын алады. Баланың өмірі, қоршаған ортаны танып, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері ойын үстінде қалыптасады. Ойын үстінде баланың ертеңгі өмірге деген қабілеті байқалады.Олар ойын ойнау барысында өздерін еркін сезінеді. Іздемпаздық, тапқырлық әрекеті байқалады. Әрбір ойынның бала үшін білімділік мақсаты ғана емес, тәрбиелік, танымдық мақсаты зор. Тиімді қолданылған ойын мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын оқушылардың зор ынтамен тыңдап, берік меңгеруіне көмектеседі.

Оқушының сөздік қоры неғұрлым бай болса, соғұрлым оқушының ойын толық, дәл, анық жеткізуге мүмкіндігі мол болады. Бұлардың әрқайсысы өте үлкен мәселелер, олар қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізгі объектісі.

Ұлт ойындары – ата-бабамыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан оны үйренудің, күнделікті тұрмысқа пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор. 

Ұлттық ойын ойнау баланың қазақ салт - дәстүріне, әдет - ғұрпына деген сүйіспеншілігін арттырады және адамгершілік құндылықтарын қалыптастырады. Мәселен, ұнамды әдеттер - өзара қарым - қатынастар, адамгершілік сезімдері дамиды. Еңбек ету барысында ұйымшылдық, жауапкершілік, парыздық сезімдер сияқты қасиеттер қалыптасады.

«Аттың құлағында ойнау», «Аударыспақ», «Күлкі ойыны», «Балалар ойыны», «Ақ сүйек», «Тоғызқұмалақ», «Жұмбақ айтыс», «Асық ойнау» өте ерте заманда пайда болып, біздің ата-бабаларымыздың ұлттық ойындарының ғасырлар бойы өмір сүргендігін айқын көрсетеді.

«Санамақ», «Жылдам айт», т.б. тартымды ойындарды үйрету, тіл өнеріне негіз салады деп есептелген. Балалар негізінен ойын үстінде бір-бірімен тез тіл табысады.

Фольклортанушы ғалым Ә.Диваев «Қазақ балаларының ойындары» деген еңбегінде адамның жас ерекшелігін үш топқа бөледі: «...өмірге келгеннен бастап жеті жасқа дейінгі бала, жеті жастан он бес жасқа дейінгі балалар, он бес пен жиырма жас аралығындағы жастар...». Осының негізінде қазақтың ұлттық ойындарын үш топқа бөліп қарастырып, бірінші топқа, сол жастағыларға лайықты: «санамақ, тәй-тәй, айгөлек, соқыр теке, қуырмаш, алақан соқпақ, ақ серек-көк серек» т.б. ойындарын, ал одан кейінгі топқа: «тақия тастамақ, тартыс, сиқырлы қоржын, бәйге, көкпар, асық, хан талапай, теңге алу, қыз қуу, орамал тастамақ, ақсүйек, күрес» т.б. ойындарын жатқызуға болады. Мұндай ойындар баланы тез ойлауға, тапқырлыққа баулып, жаңа тақырыптарды жылдам меңгеруге ықпал етеді, сөз тіркесіне, ұйқастыруға дағдыландырады.

Мысалы, «Арқан тартыс» ұлттық ойынды алайық. Ойынының негізгі шарты 2 топтың сынасуы болса, қазақ тілі сабағында 2 топ білім сынасады.Мұны былай жасадым: Жуандығы 2 елідей ұзын жіпті тақтаның жоғарғы жағынғы 2 шегеге іліп, ұштарын теңестіріп қоямын.2 топтан 1-1 оқушы шығып, 1 мезгілде тапсырма, яғни қазақ тілінде сөздер айтуға кіріседі. Қай топтың оқушылары көп сөз айтса, жіптің ұшын өздеріне қарай тартады. Нәтижесінде арқан қай топқа қарай көп жылжыса сол жеңді деп есептеледі. Осылай ұлттық ойын арқылы оқушылардың сөздік қорын байытуға болады.

Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру үшін ойлай білетін, өз ойын қазақ тілінде жеткізе алатын, сауатты, еліне еңбек ете білетін, қабілетті жастар керек. Оқушының ойлау және сөйлеу тілін дамыту мақсатсынылады. Сол арқылы оқушының деңгейі анықталып, білімін тереңдетіп, белсенділігін күшейтеді. Ұлттық ойындар арқылы оқушылармен жұмыс жүргізудегі негізгі мақсат: баланың қабілетін ашу, шығармашылығын шыңдау, іздендіру, пәнге деген қызығушылығын арттыру.

Ұлттық ойындар арқылы оқушының қабілеті, ақылы, біліктілігі, сөздік қоры жетіледі. Сондықтан сабақта ұлттық ойын ойнату арқылы оқушылардың қызығушылығын арттырудың маңызы зор.




Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет