Баяндама
«Сабақтан тыс уақытта қазақ күресінің жаттығуларын дамыту.»
«Сабақтан тыс уақытында қазақша күрес жаттығуларын дамыту » Баяндама
Дене тәрбиесінен қажетті біліктілік пен дағдыларды меңгеру – әрбір жас жеткіншектің міндеті. Себебі кез келген елдің болашағы оның халқының, соның ішінде, жастарының денсаулығы мен күш қуатына байланысты. Қазіргі мектеп оқушыларының денсаулығы елдің де, қоғамның да байлығы.
Көп білетін және алған білімдерін жұмыста, үйде, демалыс кезінде қолдана алатын адам – рухани бай, мәдениеті жоғары адам. Адам өз халқына, еліне мүмкіндігінше көбірек пайдасын тигізу үшін – дені сау, күшті, епті, төзімді болуы тиіс.
«Денсаулық – зор байлық», «денсаулығыңды күт» деген сөздерді күнде естіп жүргенмен, оған мән бере бермейтіндер де жоқ емес.
Денені шынықтыру үшін, өзімізді қоршаған табиғи ортаның таза ауасын, күн сәулесін, сумен шынығу секілді факторларын үнемі пайдалану қажет. Шынығу – денсаулықты сақтаудың және оны нығайтудың ең қолайлы түрі.
Қазақша күрес – халық арасына кең тараған ұлттық спорт түрлерінің бірі. Қазіргі кезде ол жаңа түр, жаңа мазмұнға ие болып, жастардың сүйіп шұғылданатын спортына айналды. Қазақша күрес «жүректілер мен күштілердің мұрат тұтқан ісі» деп аталып жүр. Ерте кездерде қазақтың той-томалағы күрессіз өтпеген. Тіпті қазірдің өзінде жеткіншектер мен жасөспірімдер арасында кең таралған күрес (грек-рим, еркін күрес, т.б.) түрлерімен тұрақты түрде айналыспаса да, белдеспейтіндері, әсіресе ауылдық жерлерде, кемде-кем.
Күреспен шұғылдануды неден бастау керек?
Тек табиғи күш болса ғана күресуге болады екен деп сыңыржақ түсінуге болмайды. Күштілік, батылдық, төзімділік сияқты қасиеттер мен болаттай берік денсаулық ұзақ уақыт талмай жатығу негізінде ғана пайда болады.
Нағыз балуан болу үшін адам өзін көп нәрсеге бағындырып, барынша көбірек жаттығуға ықылас қоюы қажет. Міне, сонда ғана адамның денесі шыңдала түседі.
Бүгінгі қазақша күрес ережелері бойынша балуаннан барынша ептілік пен шыдамдылық талап етіледі. Кілем үстіндегі белдесу 10 минутқа созылады. Оның бес минутынан кейін бір минуттық үзіліс беріледі. Демек, балуан үйренген әдіс-айласын әрі өз күшін осы уақытта барынша сарқа пайдалануы тиіс.
Балуанның бұлшық еттері әрі жылдам қимылдар жасауға, әрі тосын қимылдарға дер кезінде қарсылық көрсете алатындай болып жетілуі керектігі өзіне-өзі түсінікті. Міне, сондықтан да, болашақ әр балуанға лайықтап ұйымдастырылған жаттығулардың өзіндік мәні бар. Әсіресе балуанның мойын мен омыртқа еттерінің жақсы жетілуін қадағалаған абзал. Сол сияқы, иық, шынтақ, тізе буындарының бұлшық еттерін жетілдіретін жаттығуларды да көп жасаған жөн. Осыдан барып балуанның оңды – солды қозғалысының жылдамдығы артып, буын-буындары иілгіш болады. Мұндай жаттығуларды әрбір сабақтың алдында өткізудің аса зор маңызы бар.
Балуанның жан-жақты дайындығы.
Қазақша күрес – спорттың күрделі түрлерінің бірі. Мұнда жан-жақты дайындығы мол, күшті, төзімді, епті, спортшы болмай жеңіске жету, жарыстарда чемпион атану мүмкін емес. Қазақша күреспен жаттығу барысында спортшының тез әрі дәл ойлауы, қиын жағдайда қауырт шешімге келу қабілеті де артады. Себебі, белдесулер аз уақыттың ішінде өте шапшаң өтеді. Секундтың бір ғана сәтінде бәсекелесінің ойын аңғарып, қарсы әдіс қолдану, жағдайды пайымдап қимыл жасау – аса сезімталдықты, шапшаңдықты қажет етеді.
Белдесулер кезінде адамның бойындағы сан қасиеттер сынға түседі. Бірнеше секундқа, кейде түгелдей он минутқа созылатын жекпе-жектерде, жаттығу барысында бойға жиналған әдіс-айла, күш көрінеді. Кейде жеңісті осы қасиеттердің бірі қамтамасыз етсе, екінші жолы басқалары кем соғып жатады. Сондықтан да балуанның жан-жақты дайындығы туралы әңгіме қозғағанда, оның тактикалық, психологиялық дайындығы және жылдамдық, төзімділік сияқты қасиеттерінің бірлесе бас қосуын айтамыз.
Енді сол қасиеттерді дамытуға жеке тоқталып өтейік.
Күш. Салмақтарды бірдей екі балуан белдесуде делік. Олардың бірін-бірі көтеріп, әдіс қолдануы үшін үлкен күш керек. Күшті дамытатын жаттығулардың қатарына батпанмен (гантельмен), кір тасымен (гирмен), штангамен, ризинамен орындалатын жаттығулар жатады. Екі балуан бір-бірімен белдесіп жаттыққанда күш дамиды.
Балуанның денесін ширатып, күшін арттыруға кір тасымен жасайтын жаттығулардың әсері үлкен. Бұлар сығымдап жұлқи тарту және лақтыру (жонглирование) сияқты бірнеше түрге бөлінеді. Жаттығуға кіріспестен бұрын балуан бірқатар дайындықтан өтуге тиіс.
Бұрын күрестің ешбір түрімен айналыспағандар күнде таңертең батпанмен жаттығу жасап, гимнастикалық қимылдармен денсаулықтарын біраз нығайтқандары дұрыс. Кір тасымен жұмыс жасау үшін міндетті түрде дәрігерлік бақылаудан өту керек. Кір тастарының массасы 8, 16, 24, 32 кг-нан болады. Әлбетте, әуелі жеңіл салмақты кір тастарымен, кейін бірте-бірте ауыр салмақты кір тастарымен жаттығу жасалынады.
Шапшаңдық. Шынында шапшаң қимылдайтын балуан өзінің бәсекелесіне қарағанда, айла-әдістері тез қолдана алады. Балуанның шапшаңдығы айналасы бірнеше метр ғана аядай кілем үстінде қарсыласының белдесу кезіндегі тұрысына, есту, көру, түйсіну мүшелері қабылдаған белгілеріне байланысты болғандықтан, жеңіл атлеттің шапшаңдығымен еш салыстыруға болмайды.
Сондықтан балуанның шапшаңдығын дамыту туралы айтқанда, осындай ерекшеліктерді ескеруіміз керек. Шапшаңдық бірден пайда болмайды. Оны дамыту да оңай емес. Тез қимылдау әр адамның жеке басының өзгешеліктеріне байланысты.
Біреулер табиғатынан жылдам болса, екінші біреулері ебедейсіз, икемсіз болады. Ебедейсіз спортшыларға шапшаңдықты дамыту үшін, ұзақ жаттығу керек. Шапшаңдық қабілеті бар балуандар біраз жаттыққан соң, өте тез қимылдайтын дәрежеге жетеді. Шапшаңдыққа арналған жаттығуларды сабақтың басында бой жазу барысында және организм тың тұрған аптаның алғашқы күндерінде өткізуге көңіл аудару керек. Сонда ғана оның нәтижесі тез байқалады.
Бірақ шапшаңдықты дамытуды күш пен ептілікті жетілдіруден бөлек алып қарауға болмайды. Бұл қасиеттерге арналған жаттығулар күн сайын сабақтасып, қатар жүріп отыруға тиіс. Күш жеткіліксіз жағдайда, шапшаңдықты дамыту оңайға түспейді.
Балуанның күтпеген жерден тосын шабуылға шығып, бәсекелесінің қимылына алдын ала, тез, қарсы әдіс қолдана білуі – оны жеңіске жеткізетін сенімді құралдардың бірі. Тіпті әдісті секундтың жүзден бір бөлігіндей уақыт қана бұрын қолданудың да маңызы зор.
Шапшаңдықты дамытудың қалған жаттығуларына – 20-30 м-ге жүгіру; футбол, баскетбол ойнау; секірудің барлық түрлері; гранат, диск, найза лақтыру және акробатика жатады.
Шыдамдылық. Қазір ірі халықаралық аренаға шығып, өнер көрсетіп жүрген балуандар белдесуге берілетін он минут уақытты тез қарқанмен өткізе алады.
Дайындық және жарыс қарсаңындағы кезеңдерде балуанға шыдамдылықты жетілдіретін жаттығулар жасай беру керек. Олардың қатарына жүгіру (10-15 км), суда жүзу (2-5 км), футбол, баскетбол (60-90 мин), шаңғы, велосипед тебу (20-50 км), штанга көтеру, резина амортизатор сияқты көмекші құралдармен ұзақ уақыт жаттығулар жасау жатады. Шыдамдылықты дамытудың бірінші түрі қайталау әдісін пайдалану. Мысалы, 20 кг-дық штанганы 50-60 рет дем алмай, сығымдай көтеру бұлшық еттері шыдамдылыққа үйретеді. Шыдамдылыққа үйретеді. Шыдамдылықты дамытудың екігші үдемелі түріне жататын жаттығулар алғашында аз көлемде орындалып, кейін бірте-бірте үдеп, өсіп отырады. Мысалы, спортшы алғашқы кезеңде кроста 3-5 км-ге жүгірсе, кейін оны 10 км-ге дейін өсіру керек.
Бұл организмнің шаршамауына, жұмысқа бірте-бірте қалыптасуына жағдай керек.
Ептілік. Ептіліктің де шыдамдылықпен өзара байланысы бар. Шапшаң болмай, ептілікті де меңгеру мүмкін емес. Сондықтан сәл өзгешелеу болса да, балуанның өз бойындағы осы екі қасиет қатар жүреді. Ептіліктің жетілуіне спорт ойындары және акробатика жаттығулары әсер етеді.
Епті балуан әрқашанда өзі жақсы меңгерген айла-әдістерді ұтымды пайдалана алады. Қауіпті сәттерден тез құтылып кетіп отырады, өзіне-өзі сенімді әрі батыл қимылдайды, шиеленіскен жағдайлардан тайсақтамайды.
Ептілікті дамытатын таңертеңгілік бой жазу жаттығуларын кезінде орындап тұрған жөн.
Иілгіштік. Балуанның бұлшық еттері күшті әрі созылмалы, буындар қимылының амплитудасы үлкен, денесі иілгіш болуы қажет.
Күрес жаттығулары кезінде балуандар жиі жарақаттанады. Көбінесе бұлшық еттерінің буындарын созып алады. Ал денесі иілгіш адамдар мұндай жарақаттарға ұшырамайды. Бұл үшін иілгіштікті дамытатын буындарды созу, акробатика, гимнастика сияқты жаттығуларды күнде жасап отыру керек.
Қазақша күрестің тактикасы. Қазақша күрестің тактикасы деп белдесудің әр сәтіндегі жағдайды, қолданған айла әдістерді дәл әрі дұрыс бағалап, балуанның жан-жақты дайындығы мен ерік күшін бір бағытқа, жеңіске жете беру үшін пайдалана білуін айтамыз. Техникалық-тактикалық дайындығы әр түрлі, күші, стилі бір-бірінен өзгеше балуандармен кездесу алдында, белдесу кезінде спортшы күрестің жоспарын шығармашылықпен құра білуге тиіс.
Мұның өзі – балуанның шеберлігін арттыратын үлкен өнер. Кейде қара күші мол, әжептәуір айла-әдістері де бар спортшының әлсіз балуаннан ұтылып қалатын кездері де аз емес. Міне, бұл арада соңғы спортшы күресудің тактикалық жоспарын дұрыс құра білген деп айтуымыз керек. Мұндай балуандар белдесу кезінде бар белсенділікті өз қолдарына алып, бәсекелестерін өз дегеніне бағындырып, ойлаған әдістерін дұрыс қолданып, бар күш-жігерін, шеберлігін жеңіс үшін жұмсай алады. Сондықтан қазақша күреспен айналысушылар оның тактикасынан хабардар болуға тиіс.
Жарысқа қатынасатын әр спортшы өз бәсекелесінің қандай дәрежеде дайындалғандығын, белдесу кезінде жақсы қолдана білетін әдістерін, қандай әдістерге қарсы тәсіл қолдана алатындығын, күресу стилін жақсы білуі керек.
Қазақша күресте шабуыл, қарсы шабуыл, қорғаныс тактикалары бар.
Шабуыл тактикасы. Күрес кезінде балуан күшті қарқынмен бастап, бәсекелесін таза ұтуды не ұпай санымен ұтуды алдына мақсат етіп қояды. Бәсеке батыл шиеленіскен жағдайда өтеді. Тактиканың бұл түріне тән қасиеттер: кілемде еркін жүру, қымсынбау, өзі жақсы білетін әдістерді бірінен соң бірін қолданып, түйдек-түйдек комбинациялар құру, бәсекелесінің шабуылына іле-шала қарсы әдіспен жауап беру, шегінбеу, тайсақтамау. Шабуыл тактикасы спортшының жан-жақты және психологиялық жайындығын, әдіс-айлаларының техникалық жағынан шебер орындалуын талап етеді. Міне, мұның өзі – үдемелі және мезгілді шабуыл болып екіге бөлінеді.
Үдемелі шабуыл тактикасында балуан бар белсенділікті өз қолына алып, өзіндік әдістер қолдана отырып, қарсыласын таза немесе ұпай санымен ұту мақсатын көздейді. Бірақ үнемі қарқынды шабуылға шығу – жөн-жосықсыз алға ұмтыла беру емес. Мұндай жалған «шабуыл» оларға ешқандай пайда бермейді. Қайта күрестің эстетикалық әсерін азайтады.
Жас балуандар жалған шабуылға шығуға әуестенбеуі керек. Үдемелі шабуыл кезінде қолданылатын айла-тәсілдер бірінен соң бірі тез өзгеріп отыратын болғандықтан, балуан бір әдісті қайта-қайта қолдана бермеуі керек. Мұндай жағдай қарсылас спортшының есін тез жинап, жинақталуына, қарсы техниканы қайта құруына жағдай туғызады.
Ал, керісінше, түйдек-түйлек үдемелі шабуыл қарсы балуанның жігерін жасытып, қатты састырып, абыржытып жібереді. Оның мұндай күйге түсуі екінші балуан үшін жеңіске жақсы жағдай туғызады. Спорттық режимді ұстамайтын, ұстамдылығы аз, жан-жақты дайындығы нашар балуандармен белдескенде, үдемелі шабуыл тактикасын қолдану өте тиімді.
Егер шабуыл жасаушы балуан күрес барысында таза жеңіске жете алмаса, кездесудің соңғы минуттарында екі жақтың да шаршағандығы байқалады. Мұндай жағдайда бәсекелесінің денесінен екі қолмен қапсыра құшақтап, ұстап алуға тырысу керек. Бір жағынан, бұл оның шабуыл жасауына кедергі келтірсе, екінші жағынан, әдістер қолдануға оңтайлы болады. Дәл осындай жағдай түрлері іліп лақтыру, үйіру, жамбастан асыра лақтыру әдістерін орындауға өте ыңғайлы.
Мезгілдік шабуыл тактикасында балуан тек өзіне ыңғайлы деп тапқан кезеңдерде ғана шабуылға шығады. Шабуыл арасындағы уақыттарда ол бәсекелесінің әр қимылын бағып, жалған қимылдар жасап, оны шатастырады, сақтығын азайтады. Осылай өзіне қолайлы сәтті тудырған кезде, қапы қалмай, кенет күтпеген жерден үрдіс шабуылға шығады.
Мезгілдік шабуыл тактикасында балуан іштей жақсы жинақталады, дайындық барысында қолданылатын әдісін сұрыптап, жағдайды ойша талдай алады. Сондықтан да мезгілдік шабуыл кезінде бар үш, техникалық-тактикалық айла-тәсілдер сарқыла жұмсалады.
Көбінесе мезгілдік шабуыл бір ғана әдіс қолданумен тынбайды, егер ол нәтиже бермесе, балуан қолма-қол тактикасын өзгертіп, екінші бір әдісті, тіпті үшінші, төртінші бір тәсілдерге тез көшеді. Осы тактика кезінде белдесудің қарқыны өте баяу болуы мүмкін. Бұл балуанға біраз күшті үнемдеуге жағдай туғызады. Ал белдесудің қарқыны жоғары болса, онда мезгілдік шабуыл тактикасын қолдану қиынға түседі.
Қарсы шабуыл тактикасында балуан бәсекелесінің алға ұмтылуын бағып жүріп, өзіне қолайлы сәтте шабуылға шығады. Бұл, көбінесе, баяу қозғалатын, тәсіл түрлерін тез пайдалана алмайтын спортшыларға қарсы қолдануға тиімді әдіс.
Қарсы шабуыл тактикасын қолдануды мақсат тұтқан балуан қарсыласына одан гөрі әлсіздеу көрінуі керек. Өзінің басымдылығын сезіне бастаған спортшы жиі-жиі шабуылдап, көп жағдайда қорғанысты ұмытады. Міне, бұл қарсы шабуылға шығуға өте қолайлы жағдай туғызады.
Қорғаныс тактикасы көбінесе өзінен күші басым, тәжірибесі мол, дайындығы жақсы балуандармен кездесу кезінде қолданылады. Мұнда спортшы шабуылға шығуды мақсат етіп қоймайды, көбінесе қорғана отырып, тек өзіне қолайлы сәтте ғана әдіс қолданады. Ол көбінесе шабуылды қайтаруға ғана арналады.
Қорғаныс тактикасы қарсы әдістерді шебер қолдана білетін спортшы үшін өте пайдалы, жалған қимылдар, жұлқу, итеру сияқты іс-әрекетпен шабуылданушыны шаршату, оның бар айла-тәсілдерінен нәтиже шығармау, ретті жерінде қарсы әдістерді қолдана білу кейде жеңіске жеткізеді. Сондықтан да қорғаныс тактикасын түрлендіріп, жағдайға қарай басқа тактикаға көшіп отырған мақұл.
Қазақша күрестің әдістері. Қазақша күрестің үлкен шебері атану үшін, психологиялық, моральдық, тактикалық жан-жақты дайындықпен қатар, оның әдістерін де жетік білу керек. Осы қасиеттердің бәрінің басы қосылып, балуан оны белдесулер кезінде пайдалана алса, онда ол, сөз жоқ, жақсы күреседі. Қазақша күрес әдістері өте көп.
Қандай балуан болса да, олардың барлығын жетік меңгеруі мүмкін емес. Сондықтан әр спортшы дайындығына, күш мүмкіншілігіне қарай белгілі бір тәсілдерді шебер орындай алуы мүмкін. Үйренген тәсілдерді қолдану арпалысқан айқас үстінде өтеді. Бәсекелестің шабуыл жасаған балуанға ыңғайлы немесе ыңғайсыз немесе ыңғайсыз әдістерге қоса, әр түрлі іс-әрекеттер, тактикалық тәсілдер де қатар үйретіледі, мұнсыз табысқа жету қиын.
Үйренген әдістерді дұрыс пайдалана білуге қара күш емес, тактика керек. Қарсы балуанның ниетін сезу, оны әдіске түсетіндей, айламен оңтайлы жағдайға келтіре білу де шеберлік.
Әдісті шебер меңгеру деп шаршағанына қарамай, бәсекелесінің қарсы тәсіліне шабуыл жасай алған балуанның шеберлігін айтамыз. Жалпы алғанда, қазақша күрестің тәсілдері төмендегідей топтарға бөлінеді.
Арқадан тастау тәсілдері. Қазақша күрестегі арқадан асырып тастау тәсілі өзінің техникалық күрделілігі жағынан ең қиын тәсілдердің бірі болып табылады. Арқадан асырып тастау тәсілі, негізінен, мынадай бөліктерден тұрады:
а) ұстасу;
ә) арқаны бәсекелесіне қарай бұру;
б) бәсекелесті кілемнен көтеріп алу.
Осылардың ішінде соңғы екеуін техникалық жағынан дұрыс орындаудың пайдасы ерекше. Бұл балуанның өте шапшаң қимылдауын қажет етеді. Арқаны бере бұрылудың түрлері өте көп. Солардың ішінде біз екі аяқпен бірдей бұрылыс жасап, алдымен бір аяқты әкеліп, содан кейін бұрылыс жасау түрлерін қарастырамыз. Арқадан тастау әдісін толық меңгеру үшін алдын ала мынадай жаттығуларды орындау керек:
а) оң жақпен тұрып, оң аяқты алға жіберіп, сол аяққа қарай айналу. Тізе
буындары сәл бүгіледі, 6-8 ретен қайталанады;
ә) осылай айналғаннан кейін оң иықпен сол тізеге қарай бүгілген тізе
буынын жазып, соның екпінімен аяқты жерден көтеру;
б) осындай әдістен кейін кілемнен көтеріліп, алға қарай оң жақ
жауырынмен айналып түсу. Осы жаттығуларды тұлыппен орындауға
болады. Әдістің жақсы орындалғанына көз жеткеннен кейін барып,
мұны екеу ара болып балуандардың өздері қайталауы керек;
в) оң жақпен қырындай тұрып, жеңнен, белбеуден ұстап, арқаны бере
бұрылып, салмақты алға жібере арқадан асырып тастау. Арқадан
асырып тастау тәсілін қолданған кезде екпінді бәсеңдетпей, ауада
айналып, кілемге тік түсуге болады. Осындай дайындық жұмыстары
әдісті үйренерден 8-10 күн бұрын қайталанады. Жаттығу кезінде
арқадан асырып тастау әдістерін оң және сол қапталмен де орындап
үйренген жөн. Арқадан асырып тастау әдістерін үйренудің ең оңай
түрі – қолдан немесе мойыннан ұстап орындау. Тек осы әдістерді
үйренгеннен кейін ғана оның күрделі түрлерін орындауға кірісуге
болады.
г) жеңнен немесе белдіктен ұстап лақтыру. Бұл әдісті бәсекелестің
тізені бүгіп, аласа тұрған жағдайда орындауы қолайлы. Шабуыл
жасаушы балуан бәсекелесінің жеңінен ұстап, өзіне қарай жұлқа
тартады да, оны тепе-теңдік қалпынан шығарады. Сөйтіп, оңға не
солға қарай оқыс бұрылып, белдіктен ұстап, арқасын бере айналып
түседі.
Бұл әдіс асырып тастау арқылы да орындалады.
Шалу әдістері. Бұл әдістер, негізінен, аяқты шалу арқылы орындалады. Аяқтан шалу әдістері: іштен, сырттан, қапталдан, қырқа шалу болып бірнешеге бөлінеді. Аяқтан шалу әдістерін орындау үшін, алдымен, қарсы балуанды тепе-теңдік қалпынан шығарып, оның бір аяғымен кілемнен көтерілуін қамтамасыз ету керек. Осындай сәтте аяқтан шалынған екінші аяқ та кілемнен көтеріліп, балуанның құлауына жағдай туғызады. Бұл үшін көптеген тактикалық әдіс-айлалар бар.
Белдіктен немесе жеңнен ұстап, алдынан шалу. Бұл тәсіл, негізінен, жақын және орта қашықтықтарда қолданылады. Ол үшін бәсекелесті жеңнен немесе белдіктен мықтап ұстау керек. Оң не сол қапталға арқамен бұрылып, аяқты қарсы балуанның оң не сол аяғының алдына қойып, оның ыңғайына қарай жұлқи тарту керек. Міне, осы кезде алдында тұрған аяққа сүрінген балуан тепе-теңдік қалпын сақтай алмай, кілемге жығылады. Бұл сәтте белдіктен не жеңнен ұсталған қолдар босатылмайды.
Бұл әдісті тізерлеп отырып та орындауға болады.
Жеңнен немесе иықтан ұстап, сырттан шалу. Бұл, көбінесе, қарсы тәсіл ретінде қолданылады. Мысалға, шабуыл жасаушы балуан бәсекелесін шалқалап иіліп, лақтыруға әзірленді делік. Міне, осы кезде сырттан шалу әдісі жиі қолданылады. Бұл үшін бір аяқты балуанның сыртына шығарып, тізе буынынан қатты қағу керек. Ал тізе буыны күресте өте әлсіз жерлердің бірі екендігі белгілі. Міне, осы кезде тізе буынының бүгілуінен шабуыл жасаушы балуан өз денесінің тепе-теңдік қалпын сақтай алмайды да, кілемге құлайды.
Аяқтан қағу әдістері – қарсы балуанды тепе-теңдік қалпынан шығарып, кілемге сүріндіре құлататын тәсілдер тобы. Бұл топқа толарсақтан, тізеден аяқтың ішімен не сыртымен қағу әдістері жатады. Бұл да аяқтан шалу тәсілдері сияқты қарсы балуанның тепе-теңдік қалпын сақтай алмай, бір аяғын кілемнен көтерген сәтінде орындалады. Бірақ шабуыл жасаушы балуан аяқтан қағу әдістерін қолданар алдында бәсекелесінің аяғын кілемнен көтеруге жағдай туғызу керек. Негізінен, аяқтан қағу әдістерін жақсы орындау үшін мынадай жаттығуларды жасау керек:
табанмен допты соғып үйрену;
тұлыпты жоғары көтеріп, қағып үйрену;
аяқтан қағу әдістерін жаттығу кезінде жұптасып орындау.
Жеңнен және белдіктен ұстап, аяқтан іліп тастау. Бұл әдістің мақсаты – қарсы балуанның алға қарай еңкейген сәтінде оң қолмен белдіктен, ал сол қолмен жеңнен ұстап, сәл бүгіліп, сол жаққа бұрылып, сол аяқты өзіне жақын ұстай, оң аяқпен бәсекелесінің санынан іле, оны жоғары көтеріп алу белдіктен және жеңнен ұстап, өзіне қарай жұлқи тартып, қарсы балуанды кілемге жығу керек.
Жеңнен және белдіктен ұстап, аяқтың алдынан іліп тастау. Бұл көбінесе белдесер сәтінде орындалады. Оң қолмен белдікті оң бүйірден немесе сырттан ұстап, ал сол қолмен шынтақтан ұстау керек. Қарсы балуанды оң жаққа қарай жұлқи тартып, оң аяқты алға жіберіп, жоғары көтере, екпінмен кілемге құлау.
Сырттан шалып жығу – бұл да бәсекелестер аяқтарын бірте-бірте жақын ұстаған сәтінде қолданылады.
Белдіктен екі қолмен ұстап, аяқтың сыртынан шалу. Бәсекелестер бір-бірінен орташа қашықтықта тұрады. Шабуыл жасаушы балуан қарсыласының белінен қапсыра ұстап, жоғары көтере тартады да, сол немесе оң аяғын бәсекелесінің сыртына шығарып, тізе буынынан сәл төменірек аяғын шала, жоғары көтереді. Осы сәтте ол бәсекелесін иығымен не денесінің салмағымен алға қарай қозғау керек. Сонда өз денесінің және бәсекелесінің салмақ күші жалғыз аяққа түскен қарсы балуан кілемге құлайды.
Жағадан және жеңнен ұстап, іштен шалу. Бұл әдісті қолдану үшін қарсы балуанның еңкейген сәтін дәл пайдалану керек. Көбінесе бұл орта қашықтықта қолданылады. Шабуыл жасаушы бәсекелесін өзіне әрі-бері жұлқи тартып, жағадан сәл жоғары көтеріп, шалатын аяғын ішке өткізеді де, тез еңкейіп әдісті орындайды.
Аударып тастау әдісі. Бұл әдістер тобы қазақ халқының орыс халқымен арасындағы тарихи байланыс басталған кезеңнен туындайды. Аударып тастау әдістерін шабуыл жасаушы балуан отырып, жантая жатып орындайды. Қас қағым сәтте шабуыл жасаушы балуан өзінің бәсекелесін денесіне тірей не сүріндіре аударып тастайды. Бұл – қазіргі уақытта қазақша күрестің аңдаулы шеберлері жиі қолданып әрі жеңіске жетіп жүрген тәсілдердің бірі.
Кеудеден асыра лақтыру. Кеудеден асыра лақтыру әдісін үйрену үшін алдын ала мынадай жатығулар орындалады:
белдіктен ұстап, бәсекелесінің ішіне ену;
ішке сұғына еніп, кілемнен көтеру;
артқа қарай иіліп құлау.
Мұндағы басты қиындық қарсы балуанның әдіс қолдануына мүмкіндік бермей, тез ішке кіріп, тізе буынын жазу арқылы оны кілемнен көтеріп әкету. Шабуыл жасаушы балуан осыдан соң тез шалқаяды да, екпінімен иіле түсіп, бәсекелесін кеудесінен асыра лақтырады. Ол әдісті қолдана отырып, өзі де ауада аналып түсуге тиіс. Қазақша күрестің ережесінеде басты кілемге тигізу жеңіліс болып есептелгендіктен, балуан ауада өте тез айналып түсуі керек. Кеудеден асыра лақтыру әдістерін орындау үшін, алдын ала мынадай жаттығулар орындалады:
түрегеп тұрып, артқа қарай шалқалай құлап, ауада айналып түсу;
түрегеп тұрып, аяқтың екі арасында доп ұстап, артқа қарай шалқалай құлап, айналып түсу, допты лақтырып жіберу;
осыны тұлыппен орындау;
бәсекелесті, алдымен, кілемнен көтеріп, әдісті қолдануға дайындалу.
Белдіктен ұстап, шалқалай иіліп, кеудеден асыра лақтыру. Мұнда бәсекелестер оң аяғын алға жіберіп, бір-біріне қарама-қарсы тұрады. Екеуі де белдіктен мықтап ұстап, аңдысып жүреді. Осы сәтте шабуыл жасаушы балуан оң аяғын ішке енгізе алға ұмтылады да, сол аяғын да оның тұсына апарады. Өзі өте тез қимылдап, тізе буынын жазу арқылы бәсекелесін кілемнен көтеріп әкетеді. Екпін бәсеңдетпей, шалқая беріп, бәсекелесін иіле лақтырады.
Аяқтан іліп лақтыру әдісі. Ол мынадай екі түрде орындалады:
алға еңкейіп, аяқтан іліп лақтыру;
кеудеден асыра шалқалай иіліп, аяқтан іліп лақтыру.
Белдіктен және жеңнен ұстап, алға еңкейіп, аяқтан іліп лақтыру. Шабуыл жасаушы балуан мұнда оң қапталмен тұрады. Оң қолымен бәсекелестің белдігінен, ал сол қолымен жеңінен ұстайды. Оң аяғын ішке енгізе аяғының ұшымен бәсекелесінің тілерсегінен іледі де, жоғары көтеріп, оны тепе-теңдік қалпынан шығарады. Жеңінен ұстаған қолымен жұлқи тартып, белдіктен ұстаған қолымен демей, қарсыласын жоғары көтере, сол қапталға қарай құлайды.
Аяқты іштен іліп, кеудеден асыра шалқайып лақтыру. Шабуыл жасаушы балуан оң қолымен бәсекелесінің иығынан асыра белдіктен ұстайды да, сол қолымен бәсекелесінің қолтығынан демей, өзіне тарта түседі. Оң аяғын қарсыласының екі аяғының ішіне енгізе, тілерсектен іледі. Бұдан кейін сол аяғын жарты қадамдай алға апарып, ішке ене, ыңғайлы тұрады да, ілген аяғын жоғары көтере шалқаяды. Екпінін бәсеңдетпей қапталға қарай ауада бұрылып, бәсекелесін ала кілемге құлайды. Аяқты іштен іліп, кеудеден асыра шалқайып лақтыру әдісі екі қолмен белдіктен ұстап та орындалады.
Отыра қалып лақтыру әдістері. Оның ерекшелігі – кез келген жерден белдіктен, белбеуден, жағадан, қолтықтан, шынтақтан ұстап орындау. Және қапталға, алға, сыртқа шығып, отыра қалып та орындауға болады.
Екі қолмен белдіктен ұстап, отыра қалып лақтыру. Шабуыл жасаушы балуан бұл жерде қарсыласын екі қолымен белдіктен мықтап ұстайды. Ішке ене, оң аяғын көтеріп, бәсекелестің аяқтарын көтеруіне жағдай туғызады да, өзі де жоғары көтеріле беріп, бір аяғына отырады. Осы әдістің орындалуы кезінде шабуыл жасаушы балуанның жоғары көтерілген аяғы қарсыласы асып түсетіндей кедергінің міндетін атқаруы керек. Белбеуден ұстаған қолдарын босатпай, оң не сол қапталға қарай бәсекелесімен бірге кілемге құлайды.
Үйіріп тастау әдістері. Бұл әдіс қазақша күресте өте ертеден қолданылып келеді. Шабуыл жасаушы балуан бәсекелесін белінен мықтап ұстап, қолдың және белдің күшімен оны кілемнен жоғары көтеріп алып, өзіне қарай тарта, үйіріп әкетуі керек.
Қазақша күресте әдіс-тәсілдердің түрлері көп.
Әдіс-айлалардың бағалануы, ұпай беру.
1- таза жеңіс, 2 – 4 ұпай, 3 – 2 ұпай,
4 – 1 ұпай, 5 – ескерту, 6 – белсенділік ұпайы.
Солттүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы
«Ильинка орта мектебі» КММ
Дайындаған: Б. Х. Жунусов
2017 – 2018 оқу жылы
Достарыңызбен бөлісу: |