Баяндама тақырыбы: Әлмағамбет қапсалямұлының абай әндерін орындаудағы және таратудағы орны



Дата15.09.2017
өлшемі0,88 Mb.
#33536


Нұрымбекова Айгүл Тұрарбекқызы

Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы «№15 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ

Баяндама тақырыбы:
ӘЛМАҒАМБЕТ ҚАПСАЛЯМҰЛЫНЫҢ АБАЙ ӘНДЕРІН ОРЫНДАУДАҒЫ ЖӘНЕ ТАРАТУДАҒЫ ОРНЫ.

Абай ұлы ақын ғана емес, ол ұлы композитор да. Өйткені, ол қазақтың ұлттық мәдениетіндегі ән жанрын, әншінің қоғамдық-әлеуметтік биік тұғырын терең танып, оған үлкен мән берген.

Ұлттық поэзиямызға жаңа мазмұн, жаңа түр беріп, жаңа өріске бастаған ұлы ақын,қазақ музыка өнерін дамытуда да ерекше үлес қосты және жаңалық әкеледі. Сондықтан Абайдың ақындығы мен композиторлығын бір-бірінен бөліп жаруға болмайды.

Қазақтың ұлттық жазба әдебиетінің негізін салған Абай өзінің өлеңдерін, қара сөздерін қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа қалдырса, музыка жөнінде оның ондай мүмкіндігі болмайды. Өйткені Абай өмір сүрген кезеңде қазақта музыкалық жазба мәдениеті жоқ еді.Сондықтан Абай әндері, күйлері ауыздан-ауызға тарап, біздің заманымызға жетті.

,,Жаңа ырғақ-өлшем, жаңа кейіпті мелодия жолы, жаңа үн сөздіктері –осы үшеуі Абай муызыкасының жаңалығы болды. Абай тудырған жаңа поэзия лебі оның әндеріне де жаңа лебіз берді,-дей келіп, қазақтың тұнғыш академик-композиторы, қазақ музыка өнерінің ірі қайраткері Ахмет Жұбанов - қысқасы, Абай әндері біздің мәдени өмірімізге тығыз араласты деп айта аламыз. 1939 жылы Қазақстанды зерттеу қоғамы Мәкен Мұхаметжанованың орындауына Абайдың 16 әнін нотаға түсірген... Қазақтың халық музыка үлгілерін жинаушы кейбір мекемелерде, жеке адамдардың архивтерінде сақталып жатқан Абай әндерін шамамен есептегенде, түрлі варианттарын қосқанда саны қырыққа жуық болады” дейді /1.215-217/

Абай әндерінің туу, таралуы жайында сөз етсек, Абайдың ақындық мектебі “болғанын білеміз. Ал әншілік мектебі болды ма десек, бұл жерде екеуін бөліп жарып жеке қарауға келмейтін сияқты.

Абай атақты әнші болмаса да, домбыраның қоңырлы үнімен қосарлана шыққан қоңыр дауыспен шығарған әндерінің берісі тобықты іші, арысы қазақтың кең даласына таратқан оның ақын-әнші шәкірттері: Көкбай, Әсет, Әріп, Мұқаметжан Ақылбай, Әубәкір, Әмір, Мұқа, Уәйіс, Мауқай, Әлмағамбет, сүйген жары Әйгерім болып жалғаса береді. Осындағы аты аталғандардың көпшілігі әрі ақын, әрі әншілер ғой. Соны тілге тиек етіп отырмыз.

Абайдың тұнғыш ұлы Ақылбайдың баласы Исрайл естелігінде “Абай аулындағы домбырашы, әншіні жинап алып, соларды сынап, түзеп отыратын болған. Өзі ырғағын, үйлесімін келтіріп, лайықтап өлеңдеріне ән шығарады екен. Оны жастар жаттап, ұғып айтып, ауыздан-ауызға таратып, елге жаяды екен... Өлеңді хормен айтуды қазақ еліне Абай енгізді деп Әлмағамбет жиі айтушы еді. Әнді қоңырлатып айту салтын да Абай енгізген жаңалық деп Мұхаметжан айтушы еді,» -дейді. Исрайлдың бұл естелік мақаласы ұлы ақынымыз Абайдың туғанына 96 жыл толуына орай Аякөз аудандық Жаңа ауыл” газетінде 1940 жылы 15 октябрьдегі санында басылған.

Ұлы ақын Абайдың әндерін халыққа көп таратқан әншілердің бірі - әйгілі Майбасардың Мұхаметжаны, Әлімханның Мұқасы болса, екіншісі-ақынның өз тәрбиесінде болып, үлгі-өнегесін көріп өскен, оқу-тоқуы аз болса да, кезінде қалың елге белгілі болған төл шәкірті, әнші - Әлмағамбет Қапсаямұлы.

Әншінің өмірі мен өнері жөнінде ел ішінде көптеген әңгімелердің куәсі болғанымызбен, оның нақтылы өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған толық мәліметтер аз.

Алайда, кейбір деректерде кездеседі. Мысалы, Ұлы ақынның қайтыс болғанына он жыл толуына орай Семейдегі Жағырапия қоғамының ұйымдастыруымен 1914 жылы 26 январь күнгі еске алу кешінің “Бағдарламасы” осы кештің бірінші бөлімінің бағдарламасында б) “Любовь юноши Стихи мотив Абая, исполнитель Алмаганбет Капсалямов” деп атап көрсетілген. Осыған байланысты «Айқын» журналының № 4 санында (1914ж) Мұстақым Малдыбаев жариялаған қысқа хабарда Әлмағамбет есімі екі-үш жерде аталып өтіледі.

Тағы бір дерек, 1915 жылы 13 ақпанда Абайдың туғанына 70 жыл толуына орай Семейдің Приказчиктер клубында қазақша әдебиет кеші өтеді. Мақсаты - «Россия мұсылманы атынан ашылған Петроградтағы соғыс ауруханасы һәм оқушы жастарының пайдасына» қаржы жинау.

Бұл кештің бағдарламасы орыс және қазақ тілінде жазылған. Бағдарлама төрт бөлімнен тұрады. Осының екінші бөлімінде Әлмағамбет Қапсалямовтың «Ырғақты», «Татьяна», «Жарқ етпес» әндерін орындайтындығы көрсетілген. Ал үшінші бөлім бойынша, Жанақ пен баланың айтысында орындайтындар Ғабдулахмит пен Әлмағамбет деп жазылған. /3,37/

Қазақша өткен әдеби кеш өте жоғарғы дәрежеде ұйымдастырылған, мол тағлым алатын кеш болған.

Оған дәлел Томск қаласында шығатын «Сибирская жизнь» газетінің 1915 жылы 7 марттағы №52 санында: «В Семипалатинске 13 февраля по инициативе Н.С.Кульджановой, местными киргизами был устроен литературно-вокально музыкальный вечер на киргизском языке. Зал был полон киргизами... Поздно разъежаются все по домам оживленно толькуя о певце Капсалямова, как лучшем певце, о начинающем, поющем с душою Бекбергенове и других...» /4,38/

Сондай-ақ «Қазақ тілі» газетінің 1924 жыл 27 декабрь №131 санындағы «Білдіру» атты құлақтандыруда» Осы жылы 29-ыншы декабрьде Луначар клубында қазақтың байтақ даласында өткен атақты сыршыл ақын Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының дүниеден көшкеніне жиырма жыл толуын еске түсіру үшін Семейдің «Географический общества құрметтеп ескерткіш кешін жасайды,- дейді де Абай әндері орындалатыны айтылады, әншілер Әміре, Әлмағамбеттердің есімдері аталады.

Абай әншісі Әлмағамбет туралы архив құжаттары арқылы білетін мәліметтеріміз осындай.

Ал, атақты әнші Жүсіпбек Елебеков өзінің бір әңгімесінде «Мен Әлмағамбетті 1921 жылы Семейде көрдім. Бетінің секпілі бар аласа бойлы, шоқша сақалды кісі екен. Жібектей майда қоңыр дауысымен Абай әндерін айтқанда сай-сүйегіңді сырқырататын еді-ау шіркін» деп өткен өмірінің естен кетпес бір көрінісін, әнші бейнесін елестеткендей болды. /5,970/

М. Әуезов әнші Әлмағамбетті Шыңғыстаудың түлегі болғандықтан оны жақсы білген, таныс, сырлас, дәмдес болған. Жазушы Романда Абайдың балалары Ақылбай, Әбіш, Мағауиялардың қатарында, соларға қатысты оқиғалар ішінде көрсетіп, суреттеп отырады. Мысалға, «Қазір Әбіш қазақ әндерін тартып кеткенеді. Осы жылдар жаңа келген «Бурылтай» әнін әсем бұралтып, созып жөнелгенде, Әбіштің қасына барған Әлмағамбет әнді шырқап тұрып қосылып кетті. Жиынға түсінікті қазақ әні бар скрипкада, әрі өнерлі, жіңішке ашық үнді әншінің көмейінде ырғалғанда жұрт жаңадан рахат тауып, тамашалап отыр... Ауыл иесі Мұсабайдың өтініші бойынша Әбіш Абай әндеріне ауысты. Әлмағамбет «Тәңірі қосқан жар едің сен», деген өлеңімен «Татьяна» назын толқытып жөнелді.»

Енді Әлмағамбет туралы Абай ауданы Қасқабұлақ ауылында, Семей қаласында тұратын немере, шөберелерінен сұрау арқылы, Әлмағамбет баласы Шабдан ақсақалдың Абай музейіне әкесі туралы жазып, қалдырып кеткен құжаттары мен Молдабек Жанболатовтың «Тобықты-Шыңғыстау» шежіресі арқылы біраз мағлұматты айтуға болады.

Әлмағамбеттің өз әкесі Қапсалям, Тобықты ішінде Тоғалақ деген рудан. Тоғалақтың тоғыз баласының бірі-Серкебай. Серкебайдан Шалғынбай, Уақбай, Қапсалям туады. Қапсалям 1830 жылы туып, 95 жасында 1925 жылы қайтыс болған. Шыңғыстауда Бақанас өзенінің Әрхам Ысқақов алған арықтың сол жағалауында жерленген. Бүгінде бейіті бар. Бақанас ауылынан екі шақырым жерде. Қапсалямның бәйбішесі Қанымбала Абай үйінің тошаласын ұстаған. Зираты Көкен тауының шығыс жағындағы Қызылқайнар деген жерде. Бойы кіші, жүріс тұрысы ширақ болғандықтан Абай Қанымбаланы «шипақай» деп атаған.

Әлмағамбеттің әкесі Қапсалям денесі ірі қарулы, палуан тұлғалы адам екен. Өзі кедей болған. Әншілік қасиеті де болыпты, бірақ кедейшіліктен ән салып, серілік құрып жүруге мүмкіндігі болмаған. 1875 жылдары Топай Беркінбайдың ауылынан Абайдың шақыртуымен Абай ауылына көшіп келіп, 1904 жылға дейін Ақшоқы бойында Абай жылқысын бағады.

Әлмағамбет 1870 жылы Қыдыр бойында туып, 1932 жылы маусым айының бас кезінде Абай ауданының орталығы Қарауылда қайтыс болған. Бейіті Қарауыл өзенінің оң жақ жағалауында. «Кейінен бейітін өзім жөндеп, 1954 жылы қайта салғыздым»-дейді баласы Шабдан ақсақал. Одан кейінде Абай аудандық әкімшілігінің көмегімен зираты қайта жөнделіп, кесене түрінде тұрғызылды. Басына «Бұл жерде Абай сүйіп тыңдаған әнші Әлмағамбет мәңгі ұйқы құшағында жатыр» деген тас орнатылды.

Қапсалям Абай ауылына барғанда Әлмағамбет бес жастағы бала екен. ОлАбай балаларымен бірге болып, ескіше арабша оқыған. Домбыра, скрипка, сырнайды жақсы тартып, ән салуды үйреткен. «Әкем осы Абай аулында болғанда ондағы Кішкентай молда, Мүрсейіттерден оқып сауатын ашқан. Жиырма жасқа дейін өнер іздену соңында болған. Атақты әнші-күйші Мұқадан көп үйреніп, өзінің ұстазы санаған. Абай Мағауия, Тұрағұл мен Әлмағамбетті үш қыс Семейде орыс музыкантына беріп, скрипка үйреткен,»-дейді Шабдан ақсақал естелігінде.

Абай атамыздың Әлмағамбетті іш тартып, өз әншісі етіп шығарудың бірнеше себептері болған. Абай 1889 жылдары 6-7 ән шығарған екен. Бұл кез ақын Абайдың қырық жастан асқан шағы, өлең, ән қуаты тасқындап, кемеліне келген кезі еді. Абай өлеңдерінде жастық махаббатты, ыстық сезімді, ой-толғаныстарын дәл Әлмағамбеттей жете сезініп, дөп басып, жеріне жеткізер әнші некен-саяқ еді. Оған себеп ең алдымен Әлмағамбеттің бойына туа біткен әншілік дарындылығы мен қоса албырт жастығы, сондай-ақ, Абай әндерінің жаңашылдығы да әсер етсе керек. Екінші жағынан, Абайдың өз балаларымен бірге ойнап өсіп, сол ортада тәбиеленген Әлмағамбет Абай балаларымен бірге өнер үйреніп, қаладағы музыканттардан дәріс алуы себеп болды. Жастайынан пысық, зерделі, жүйрік көңілді Әлмағамбет өзге өнерпаздардан қара үзіп, дараланып,сол жас кезінің өзінде-ақ «Абай әншісі» деген атаққа ие болады.

Әлмағамбет жиырма жасында Маржан деген қызға үйленген. Ол кісі жай түсіп, бір баласымен өлген. Одан кейін руы тарақты Төлепбердінің қызы Қанапияға үйленген. Ол он бір бала көтерген. Ең тұнғышы- Шабдан, одан кейін -Қабылан, ең кенжесі -Уалхан. Өзгелері жастай қызылшадан қайтыс болған. Уалхан Қасқабұлақтағы жеті жылдық мектебті бітірісімен 1942 жылы әскерге алынып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан.

Әлмағамбеттің тұнғыш баласы Шабдан 1908 жылы туған. 1980 жылы Қасқабұлақта қайтыс болған. Ол өз заманындағы сауатты адамдардың бірі еді. 1930 жылдардың бас кезінде халық милициясы болып қызмет атқарды. 1934 жылы Қасқабұлақта мектеп ашылғанда мектептің алғашқы мұғалімі етіп тағайындалды. «Мектепте үш парта болды. Тақтаны қаңылтырдан өзім жасадым» дейтін. /6,212/

Шабдан әкесі Әлмағамбеттің домбырасын Абай музейіне табыс етумен қатар, әкесінің ғұмырына байланысты естеліктер қалдырған адам. Ол орта бойлы, қоңыр өңді, қалың мұртты, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі салмақты, жиын-тойда, қонақта домбыра тартып, ән салатын. Үні жіңішке, ашық шығатын. Ол кісінің Әсемхан, Несіпхан, Рүстемхан, Алтынхан атты ұлдары, Салтанат атты қызы болды. Ұлдарының барлығынан да ұрпақтар бар. Бәрі Семей қаласында тұрады. Қызы Әлмағамбетова Салтанатқа атасының, әкесінің әншілік өнерлері қонған деуге болады. Жас кезінде ауылдағы «Қаракөз» ансамбілін ұйымдастыруға ұйытқы болды, халалық филармонияда әншілік қызмет атқарды. Қазір көпшілік орындарда, жиын-тойларда, қонақтарда қолқа салушылардың бетін қайтармай, ел көңілінен шығатындай әндерді айта біледі. Салтанат Семейдегі Орталық неке сарайында қызмет атқарады.

Ал Әлмағамбеттің Шабданнан кейінгі баласы Қабылан одан-Жеңісхан. Әкелі-балалы екеуі де қайтыс болған. Олардың Ұрпағы әрі домбырашы күйші, әрі әнші болатын. Қанат әншілік өнерімен жас болса да ауыл, аудан көлеміне танылып отыр. Қазіргі күнде Семейдегі музыкалық колледждін бітіріп, ауылда музыка пәнінің мұғалімі.

Жоғарыдағыдай естеліктерде айтылғандай, Әлмағамбет тек әнші ғана болмаған, ол музыка аспаптарының көптеген түрлерінде ойнаған. Күйші де атанған. «Осы әнді орындаса Әлмағамбет қана орындасын» деп отырады екен Абай атамыз.

Әлмағамбет Абайдың «Жарық етпес», «Айтым сәлем қаламқас»,»Татьяна», «Бойы бұлаң», «Сегіз аяқ», «Өзгеге көңілің тоярсың» тағы басқа әндерін орындаушы болып қана қоймай, қалың жұртқа насихаттаушы, таратушы да болған. Сондай-ақ Абай тапсырмасымен Біржан сал әндерін де орындаған. «Жиырма бес», «Жанбас сипар», «Топай көк», «Гауһар тас», «Ағаш аяқ», «Қарағаш-ау» сияқты әндерді тұрақты түрде айтып жүрген.

Әлмағамбет әнші ғана емес, күші де болған. Ол «Бұлаң жігіт», «Тепең көк», «Түрікпен», «Бозайғыр», Саймақтың сары өзені» сияқты күйлерді бабына келтіріп тарататын болған. Скрипкада ойнауды жақсы меңгергендіктен орыс күйлерін де тартқан.

Әнші Жәңібек Кәрменов «Ақылбайдың әні» атты кітабында «Қайнына ұрын кетіп бара жатқан Мекайлдың серігі Әлмағамбет Ақылбайға келіп: «Ақыл аға, матайлар-сауықшыл, өнерлі ел.Олар Абай ағамның әндерінің бәрін біледі. Құдалар жаңа бір ән естігіміз келеді десе не дейміз. Бір ән тауып беріңіз» -деп қолқа салады. Ақылбай Әлмағамбетке: Сен ағамның (Абайды айтады) әндерін бір айтқаннан жаттап алатын құйма құлақтығың бар еді. Қәне, сынап көрейін,-деп қолына домбырасын алып, біраз іштей ыңылдап отырып, сол жерде «Ақылбайдың әні» деген әнді шығарады. Осы әнді қазақ еліне жайған әнші Әлмағамбет».

Абай қайтыс болғаннан кейін де Әлмағамбет өзінің ұлы ұстазы Абай әндерін халыққа таратуды жалғастыра берген. Қазақтың зиялы қауымы Семейде қазақтың тұнғыш театрын ұйымдастырғанда соның белсенді мүшесі болған.



Жылдардан жылдар өтіп ғасырдан-ғасырға жеткен сайын ұлы дана Абайдай ақын бабамыздың рухы аспандай түсіп, дүние жүзілік мәнге ие болатыны даусыз. Ендеше, ол тәрбиелеп өсірген әнші-шәкірттерінің бірі - Әлмағамбет Қапсалямұлының да есімі ел жадында сақтала бермек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. А.Қ. Жұбанов «Ән-күй сапары» 1976 ж. 215-217 беттер

  2. «Жаңа ауыл» газеті. 1940 ж. 15 қазан. Исраил Ақылбайұлы

  3. «Абай журналы». №4 1992 ж. 37-бет

  4. Ж.Кәріменов «Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына». 9-10 беттер

  5. М.Әуезов. Абай жолы. 142-бет

  6. Қазақ театрының тарихы. Алматы – 1975 ж. 48-бет

  7. Б.Исабаев «Ұлылар мекені» 2001 ж. 212-бет

  8. Ж.Кәрменов «Ақылбайдың әні». 1980 ж. Алматы. 108-109 беттер.

  9. Абай энциклопедиясы. «Атамұра». 1995 ж. 440-бет.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет