Биебау (бие байлар) (салт). «Бие байлаған ауылдар бірін-бірі бие байларға шақырысып, той жасасып, мәре-сәре болып қалатын» (Н. Қазыбеков). Қазақтың еңбек дәстүрі ішіндегі салтанатты салтының бірі осы «биебау»
Биебау (бие байлар) (салт). «Бие байлаған ауылдар бірін-бірі бие байларға шақырысып, той жасасып, мәре-сәре болып қалатын» (Н. Қазыбеков). Қазақтың еңбек дәстүрі ішіндегі салтанатты салтының бірі осы «биебау». Қазір көпшілік мұны «бие байлар», «бие байлау» деп атап жүр. Жалпы тілге, сөзге бай қазақ халқы дәстүр, салтын дәл өз атымен атай бермей, көбінесе басқа сөзбен атауды әдетке айналдырған. Мысалы: «сіргемөлдіретер», «селт еткізер», «тоқымқағар», «Бастаңғы» деген сияқты. Қыстан қысылып шыққан ел қар кетісімен-ақ сәуір айында кең жайлауға шығып, малын төлдетіп, қуанышқа кенеледі. Әсіресе, биелерді аман құлындатып, ол қарақұлақтанғаннан кейін жұрт асыға күтетін ырыс пен береке дәстүрінің қызықты түрі «биебау», яғни бие байлап, қымыз сауу басталады. Бұл дәстүрге әр отбасы ерте дайындалып, оған қажетті саба, күбісін, ыдысын, ноқта, желісін әзірлеп қояды. Бие байлап, оны салтанатпен сауу, ырымын жасау, «қымызмұрындыққа» шақыру қазақ үшін үлкен бір той, мәжіліс. «Биебау» дәстүрінде желі басына жұрт жиналып, бие желініне, сауырына, құлын кекіліне, қазық басына, желіге май жағып «құтты бол», «сүтті бол», «өсімтал бол» деген тілек, бата жасайды. Сонан кейін бие сауу басталады. Жылқыны жоғары бағалайтын қазақ «бие байлаған кезде», «бие сауым», «бие ағытар кезде» деген уақыт мөлшерін де белгілеген.
Жылқы күзеу (дәстүр). «Сондықтан жылқы күзеу дәстүрге айналған» (Шаңырақ). Қазақ халқы жылқы малын ерекше бағалап, оны өсіруді мұрат, күтіп баптауды өнер, оның қызығын көруді дәстүр санаған. Сондықтан оған айрықша мән беріп, жылқыға қатысты салт-дәстүрлер қалдырған. Соның бірі – жылқы күзеу. Жылқы күзеу – қазақ үшін үлкен еңбек мерекесі. Көктем туып, шуақты күндер басталғанда ауыл жылқыларын күзеу басталады. Дәстүр бойынша үлкен мал күзелмейді. Күзелгендер – тай, құнан, байтал. Байталдың жалы қырқа күзеледі. Құйрығы ұшынан «шыбын қағар» қалдырады. Құнанның жалы күзеледі де құйрығы күзелмейді. Кей жерлерде қысыр қалған биелерді де күзейді. Ол «бой түзеу» күзеу деп аталады. Тайдың еркек-ұрғашысының жал-құйрығы тегіс күзеледі. Ең ұшына «шыбын қағар» қалдырады. Жоғарыда айтылғандай ірі жылқының жал-құйрығын кеспейді. Ол ырымда жамандық шақырады. Егер ірі жылқының жал-құйрығы кесілген болса, оны «күзеу» демейді, «тұлдау» дейді. Яғни ол – иесі қайтыс болған, жылына сойылады деген сөз.
Көген той (дәстүр). Малды ауылдың көктемде мәре-сәре болып өткізетін шаруашылық әрі еңбек құрметіне арналған шағын той-томалақ. Қой қоздап, бие құлындап, түйе боталап, сиыр бұзаулап, жер кеуіп күн жылынған сәтте ел-жұрт, үлкен-кіші, дәм салынған буыншақ-түйіншектерін алып желі басына жиналып, дастарқанын жайып, нан, құрт, май, ірімшік, аққа толтырып, бір қызық мәжіліс жасайды. Сол жерде мал-жанның амандығы, ырыс артып, туған төлдің көбеюі үшін бата тілеп, әкелген тағамдарды бөліп жейді. Қарттар келелі әңгіме-дүкен құрып, жастар өлең айтып, ойын-сауық жасайды. Бұдан кейін ақ жаулықты аналар желіге, көгенге, көген бұршағына, қазыққа ақ (айран) жағып, бата, ырым жасап, жақсы тілектер тілейді.
«Қазық майлау» (салт). Көктемде мал төлдеп, ол аяқталған соң желі тартылып, бұзау, құлын байланып, қозы-лақ көгенделіп, мал сауу басталады. Осы кезде мал иелері желі басына келіп, «ел тоқ болсын», «ақ мол болсын», «мал басы көбейе берсін» деген тілекпен ырымдап төл ноқтасы мен бұршағына, қазығына май жағып, ақ құяды. Мұндай ырымдар жылқыда «биебау», басқа малда «қазық майлау» деп аталады. Ақсақалдар бата береді.