Білім берудегі мультимедиалық технологиялар


Сурет 1 - Мультимедианы құрайтын әртүрлi типтi ақпараттар



бет2/18
Дата23.08.2017
өлшемі3.06 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

Сурет 1 - Мультимедианы құрайтын әртүрлi типтi ақпараттар
Қазiргi таңда электрондық оқулықтарды, компьютерлiк оқыту бағдарламаларын, дыбыстық және бейнелiк оқу материалдарын пайдалануда қолданылатын мультимедиалық технологиялар оқыту процесiндегi инновациялық әдiстердi жүзеге асыратын бiрден бiр жаңа ақпараттық технология болып саналады.

Мультимедиа түрлiше ақпаратты ұсынудың немесе пайдаланудың әртүрлi әдiстерiн қолдануға мүмкiндiк бередi. Бiз қазiргi күнге дейiн мультимедианың кейбiр түрлерiн күнделiктi тұрмыста қолданып келдiк. Мысалы, теледидар және кино - мультимедианың құрамдас бөлiктерi.

Пайдаланушылар бұл технологияның жекелеген элементтерiн атауда „мультимедиа” сөзiн қосарлана қолданып келедi. Мысалы, мультимедиа бағдарламасы, мультимедиа өнiмi, мультимедиа қызметi т.б. Мұнда мультимедиа ақпараттық технологиялар кешенiнен құралатындықтан оның жекелеген элементтерiн атау кезiнде „мультимедиалық” сын есiмiн қосарлана қолдану дұрыс деп санаймыз (мультимедиалық бағдарлама, мультимедиалық өнiм т.б.). Ал, жалпылай тек „мультимедиа” деп атауға болады.

Бақылау сұрақтары:


  1. Мультимедиа, мультимедиалық технологиялар ұғымдарын қалай түсінесіз?

  2. Мультимедиалық ақпарат түрлерін атаңыз.

  3. Мультимедианың бағдарламалық құралдары не үшін қолданылады?

  4. Мультимедиалық ресурстар дегеніміз не?



1.1.3 Гипермедиа (гиперорта) ұғымы
Көптеген шет елдiк зерттеушiлер мультимедиа және гипермедиа ұғымдарын бiр мағынада қарастырады. Мұнымен қатар, кейбiр ғалымдар мультимедиа ұғымын гипермедиа ұғымының құрамына кiргiзедi. Мысалы, И.Браун „гипермедиа - мультимедианың сызықты емес түрде ұсынылған жиынтығы” деген пiкiр айтады. Бiздiң пiкiрiмiзше, мультимедиа - пайдаланушыға әртүрлi типтi ақпараттарды бiрiктiрiп ұсыну технологиясы болса, гипермедиа - пайдаланушының түрлiше типтi ақпараттардың бiрiнен екiншiсiне оңай ауысуын жүзеге асыру технологиясы.

Мультимедиалық ақпарат түрлерiн (мәтiн, графика, анимация, дыбыс, бейнеақпарат т.б.) өзара байланыстыру нәтижесiнде гипермедиа

технологиясы пайда болды.

Оқу материалын дәстүрлi, яғни, сызықтық түрде ұсынуға қарағанда, гипермәтiндi немесе гипермедиалы түрде ұсыну тақырыпты ауқымды қамтуды жүзеге асырады.

Осыған байланысты, гиперсілтеме, гипермәтін түсініктеріне де тоқталайық.

Гиперсілтеме – компьютердегі пайдаланушының бір орындағы ақпараттан екінші орындағы ақпаратқа ауысуы үшін жасалатын сілтеме.

Гипермәтiн - әртүрлi мәтiндiк ақпараттардың бiрiнен кез келгенiне сызықтық емес формада ауысу технологиясы. Гипермәтiн ұғымын 1965 жылы американдық ғалым Т.Нельсон енгiзген. Оның айтуынша “гипермәтiн – сызықтық емес түрде байланысқан жазбалар”.

Гипермедиа (гиперорта) – компьютер экранына текстографиялық тораптарды ғана емес, анимация, графика, дыбыс, бейнеөнiмдердi де гипермәтiндiк жүйе ретiнде ұсынатын технология.

Гипермедиа белгiлi бiр тақырыптық ақпаратты бiр мезгiлде мәтiн, график, сурет, дыбыс, бейнеөнiм түрiнде байланыстыра алады. Гипермедиадағы басты ерекшелiк әртүрлi арналармен жүретiн ақпарат келiсiлген болуы керек, яғни, бiр арнадан қабылданған ақпарат басқа арнадағы ақпаратты қабылдау мүмкiндiгiн шектемей, керiсiнше, ұлғайту керек.



Бақылау сұрақтары:
1. Гипермедиа, гиперсілтеме, гипермәтін түсініктерін талдап беріңіз.

2. Гипермедианың мультимедиадан айырмашылығы қандай?

3. Гипермедиа ұғымын басқаша қалай атауға болады?


1.1.4 Виртуалды нақтылық (шындық)
Білім беру саласында жұмыс принципі виртуалды нақтылық технологиясына негізделген мультимедиалық құралдар да қолданылуда.

Нақты, бар нысандар мен процестерді бейнелейтін электрондық модельдер виртуалды нақтылықтың объектісі болып табылады.

„Виртуалды” сын есімі қағаз немесе басқа да әртүрлі заттық ақпарат тасымалдағыштарда ұсынылған мәліметтердің электрондық баламасын сипаттау үшін қолданылады.

Виртуалды нақтылық – пайдаланушыны стереоскопиялық негіздегі виртуалды кеңістікте нақыт уақыт кезеңінде жүргендей әсерге бөлейтін және сол кеңістікте пайдаланушыға әртүрлі типті ақпараттарды ұсына алатын мультимедиалық технология қызметі.

Виртуалды нақтылық адамды объектімен тікелей „байланыстыруды” қамтамасыз етеді. Мысалы, оқытушы немесе студент тіркегіш құралмен жабдықталған арнайы қолғап арқылы компьютер жадында сақталған электрондық объектіні монитор экранынан қолымен ұстап көреді және материалдық объектіні ұстағандай әсерде қалады. Виртуалды киімдер мен көзілдіріктер кию арқылы пайдаланушы виртуалды кеңістікте „қозғала алады”. Мұндай мультимедиалық технологиялар студенттердің, оқушылардың ақпаратты қабылдау және түйсіну механизмін өзгертеді және дамытады. Бұл кезде оқушылардың ақпаратты қабылдау процесі тек көру, есту көмегімен ғана емес, сонымен қатар, сипап сезу арқылы да жүзеге асырылады. Бүгiнгi күннiң өзiнде виртуалды нақтылықты иiс сезу рецепторларымен, үш өлшемдi кескiндермен, әртүрлi жиiлiктегi вибрациямен толықтыруға мүмкiндiк бар. Бұл жасанды орта кескiн мен дыбысты берiп қана қоймайды, оның физикалық әсерiн де бередi. Жасанды түрде автомобиль қозғалысын, кеме жүзуiн, желдiң әсерiн беруге болады, сондай-ақ, пайдаланушы бейнеленген затты экранда жылжыту мүмкiндiгіне ие бола алады. Сондықтан да, педагог ғалымдар виртуалды нақтылық технологиясын дидактиканың көрнекілік принципін толық іске асыра алатын құрал деген пікірлер білдіруде.

Визуалды (көрінетін) ақпаратты қабылдау жеңіл болғандықтан символдық ақпаратты қабылдау кезінде теориялық ойлауға қарағанда практикалық ойлау адамнан көп күш-жігерді қажет етпейді. Сол себептен де, виртуалды кеңістік жүйесінің көрнекілік-образдық, көрнекілік-әрекеттік сипаттағы ұсынатын ақпаратын пайдаланушылар барынша толық күйінде қабылдай алады.
Бақылау сұрақтары:


  1. Виртуалды нақтылық дегеніміз не?

  2. Виртуалды нақтылықтың оқыту процесінде қандай мүмкіндіктері бар?

  3. Виртуалды нақтылықтың компьютерлік модельден айырмашылығы бар ма?



1.1.5 Модель. Модельдеу.
Модель – қандай да бір нақты объектінің қасиеттерін білу үшін, оны екінші бір объекті арқылы сипаттау. Басқаша айтқанда, модель – бір құрылымды екінші құрылым негізінде бейнелеудің нәтижесі. Кез келген модель белгілі бір гипотеза негізінде құрылады және зерттеледі.

Модельдеу – нақты объектіні жан-жақты сипаттайтын ақпараттарды модельге ауыстыру процесі мен әдісі.

Модельдерді пайдалану саласына байланысты былайша жіктеуге болады:



  • оқытуға арналған (мысалы, көрнекілік құралдар);

  • тәжірибелік мақсаттағы модель (мысалы, кеменің әртүрлі табиғи жағдайларға төзімділігін анықтау үшін оның модельі су қоймаларында сыналады);

  • ғылыми зерттеу бағытында пайдаланылатын модельдер т.б.

Жалпы, қандай да бiр нысанды сипаттау материалдық және ақпараттық модельдеу негiзiнде жүзеге асырылады. Егер материалдық модель объектiнiң геометриялық формасын нақты жағдайда сипаттаса, ақпараттық модель объектiнiң қасиетi мен күйiн сипаттайтын ақпараттар жиынтығын құрайды. Ақпараттық модель белгiлiк және вербальды модельдерден тұрады. Вербальды модель деп объектiнiң ауызша сипатталуын айтуға болады. Ал, белгiлiк модель сурет, графика, сұлба сияқты арнайы белгiлермен берiлген ақпараттық модель болып табылады. Белгiлiк модельдер компьютерлiк және компьютерлiк емес болып бөлiнедi.

Компьютерлiк модель - бағдарламалық жабдықтардың көмегiмен ұсынылған модель.

Компьютерлiк модельдеу ұғымдардың мағынасын тереңiрек ашуға, процестер мен құбылыстарды зерттеу әдiстерiн толық түсiндiруге мүмкiндiк бередi. Мысалы, компьютерде модельденген демонстрациялық тәжiрибелер, зертханалық жұмыстар студенттер мен оқушыларға заңдылықтар мен құбылыстардың табиғатын ғылыми тұрғыдан түсiне бiлуге бейiмдейдi. Бiр жағдайда олар көзбен көруге мүмкiн болмайтын құбылыстарды экранда бақылауға мүмкiндiк берсе, екiншi жағдайда, ғылымда күрмеуi қиын мәселелердi графика, анимация, бейнекөрiнiс түрiнде бақылап, шешiмiн табуға көмектеседi. Сонымен қатар, компьютерлік модельдер оқытудың сабақ барысындағы немесе сабақтан тыс формалары мен әдiстерiн жетiлдiруге және оқу-тәрбие процесiн қызықты әрi мазмұнды етiп жүргiзуге көмектеседі. Оқытушының жұмысын жеңiлдетедi. Бұл, оқытушы сабақтан тыс қалады деген сөз емес, оқытушы қай кезде де оқыту процесiндегi басты тұлға болып табылады.

Қуатты процессормен, жедел жадымен, кескiн бейнелеудi жылдамдатқыш құрылғылармен жабдықталған компьютерлiк технологиялардың үш өлшемдi кескiндермен жұмыс iстеу мүмкiндiгi оларды оқыту процесiнде қолданудың тиімді бiр бағытын айқындап бердi. Ол - ақпараттың виртуалды модельi. Арнайы модельдеуші бағдарламалар көмегiмен дайындалған виртуалды модель пайдаланушының интерактивтi қарым-қатынасына динамикалық түрде әсер етедi. Мысалы, виртуалды модельдердiң оқытуда жиi қолданыла бастаған дидактикалық мүмкiндiгi жоғары түрi - виртуалды эксперимент те студенттер мен оқушылардың эксперименттiк дайындығын арттыратын бiрден-бiр құрал болып табылады. Әсiресе, эксперименттiк ғылымдарды оқытуда виртуалды эксперименттердi тиiмдi пайдалануды дұрыс жолға қою қажет. Себебi, орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы зертханалық кабинеттердегi жарамсыз болуға айналған құрал-жабдықтарды, аспаптарды жаңарту көп қаржыны қажет етедi. Мұндай қиындықтан шығудың бiр жолы - компьютерлiк виртуалды эксперименттердi пайдалану. Бiрақ виртуалды эксперименттер iс жүзiнде жасалынған қандай да бiр тәжiрибелiк жұмыстардың орнын толтыра алмайды. Себебi, мұндай ортада нақты материалдық зерттеу объектiсi жоқ.

Виртуалды эксперименттiң бағдарламалық жабдығы эксперименттiк мәндердi графикалық интерпретациялау, виртуалды „өлшеулердiң” нәтижесiн өңдеудi жүргiзетiн математикалық есептеулер әдiстерiмен жабдықталады. Виртуалды эксперименттердiң рөлi мен орнын айқындау оқу практикасында жалпылай (дидактикалық аспектiлерi бойынша) және зертханалық жұмыстарда жекелей (әдiснамалық аспектiлерi бойынша) түрде жүргiзiледi.

Виртуалды эксперимент имитациялық және сандық есептеу эксперименттерi болып бөлiнедi. Имитациялық эксперимент дисплей экранындағы эффектiлер мен нақты материалдық объектiдегi байқалатын эффектiлердiң тек сыртқы ұқсастығын қамтамасыз етедi. Мысалы, математикалық маятниктiң қозғалысы. Бұл жағдайдағы компьютерлiк эксперименттi қамтамасыз ететiн бағдарламалық жабдық сүйенген заңдылық, табиғаттағы заңдылықпен мүлде үйлеспейдi. Ал, сандық есептеу экспериментi табиғаттағы процестер мен құбылыстардың заңдылығы негiзiнде жүргiзiледi. Мұндағы бағдарламалық жабдық табиғаттағы заңдылыққа сүйенедi. Мұндай эксперимент құбылыстардың математикалық модельi көмегiмен ұйымдастырылады.

Бақылау сұрақтары:


  1. Модель және модельдеу дегеніміз не?

  2. Пайдалану саласына байланысты модельдерді қалай жіктеуге болады?

  3. Қандай модельдің түрлерін білесіз?

  4. Имитациялық модельдеуді қалай түсінесіз?

  5. Оқытуда компьютерлік модельді пайдаланудың қандай тиімділігі бар?

    1. Мультимедиалық технологияларды оқыту процесінде

пайдаланудың шарттары мен аспектілері
Мультимедиалық технологияларды пайдалану негiзiнде жүргiзiлетін оқыту әдiсi оқытудың теориясы мен технологиясын бiр-бiрiмен байланыстырып отыруды қажет етедi.

Оқыту әдiсi деп оқытушы мен студенттiң немесе мұғалiм мен оқушының оқыту процесiнде алға қойылған мақсатқа жету үшiн бiрiгiп атқаратын iс-әрекетiн айтамыз. Осы кездегi негiзгi талап - үздiксiз бiлiм беру тәсiлдерiн iздеу, жастарды өз бетiнше оқу тәсiлдерiне үйрету, жаңа оқыту құралдары арқылы бiлiм алу жолдарын iздестiру, шығармашылық және шеберлiк iске баулу.

Педагогикада белгiлi бiр пән бойынша оқыту жүйесiн құру заңдылығын оқыту теориясы қарастырады. Оқыту теориясы мен әдiстерiне негiзделген түсiнiк - оқыту технологиясы, яғни, педагогикалық технология болып табылады.

В.М.Монаховтың пiкiрiнше: „Педагогикалық технология дегенiмiз – мұғалiм мен оқушыға тиiмдi жағдай жасайтын, оқыту процесiн жобалауға, ұйымдастыруға және жүргiзуге арналған педагогикалық модель”.

Оқыту технологиясы оқу ақпаратын жинау, өңдеу, сақтау, ұсыну әдiстерi мен құралдарының нәтижелiлiгiне байланысты дамитын, әлеуметтiк технологиялардың негiзгi құраушыларының бiрi. Әрбiр дидактикалық құралды тиiмдi пайдалану үшiн сәйкесiнше оқыту технологиясы қажет. Сондықтан да, оқыту технологиясын оқытудың мақсатына жетудi қамтамасыз ететiн әдiс-тәсiлдердiң, құралдардың жүйесi деп айта аламыз.

Оқыту жүйесiнде мультимедиалық технологияларды пайдалану кезiнде көп жағдайда педагогикалық ерекшелiктер ескерiлмейдi. Сол себептен де, оқыту процесiне тек жаңа ақпараттық технологияларды (біздің жағдайымызда мультимедиалық технологияларды) ғана емес, жаңа педагогикалық оқыту теорияларын да енгiзу, қойылып отырған мәселенiң шешiмiн табуға көп көмектеседi.

Әрбір оқытушы өзінің педагогикалық қызметін жоғары деңгейде көрсетуі үшін мультимедиалық технологияларды пайдалана білуімен қатар, сол аталған технологияларды тікелей оқыту процесінде қолданудың қажеттіліктерін анықтай білуі керек.

Бірінші қажеттілік – дәстүрлі оқыту әдісінде тәжірибелік дәлелдеулері жүзеге асырылуы мүмкін емес заңдылықтар мен теорияларды, ұғымдарды, макро және микроәлем жөніндегі түсініктерді, пәнаралық байланыс сипатындағы күрделі оқу материалдарын оқыту үшін студенттер мен оқушыларда қажетті білімдер жүйесінің болуы.

Екінші қажеттілік – студенттер мен оқушыларда репродуктивті дағдының қалыптасуы. Мұндай қажеттілік оқу экспериментін жобалау, оқу мазмұнына қатысты мәліметтерді жинақтау, жүйелеу, жіктеу, талдау секілді іс-әрекеттер кезінде байқалады.

Үшінші қажеттілік – студенттерде, оқушыларда шығармашалық (креативтілік) дағдының қалыптасуы. Бұл қажеттілік күрделі есептерді шешу, зертханалық эксперименттерді жүргізу, объектіні модельдеу, қандай да бір процестің өтуіне әсер етуші факторларды анықтау кезінде байқалады.

Төртінші қажеттілік – студенттер мен оқушыларда белгілі бір тұлғалық сапаның қалыптасуы. Бұл қажеттілік әлеуметтік мәселелерді шешу арқылы жас жеткіншектерді адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеу кезінде көрініс береді. Жастарда тұлғалық сапаның болуы оның қоғам алдында жауапкершілігін күшейтеді.

Осы аталған қажеттеліктерге байланысты мультимедиалық технологияларды пайдалану оқытудың мазмұнын өзгертiп, формасын жаңаша қалыптастыруға негiз болады.



Мультимедиалық технологияларды бiлiм беруде қолдану мынадай педагогикалық мақсаттарға бағытталады:

  1. Ақпараттық қоғамда студенттiң, оқушының тұлғалық iс-әрекетiн дамыту:

  • жеке тұлғаның ойлау деңгейiн жоғарылату, оның бойында бiлiм қорын қалыптастыру мақсатында психологиялық-педагогикалық әрекеттер қарқынын арттыру;

  • қабылдау, есте сақтау секiлдi iс-әрекеттердi жүзеге асыру iскерлiгiн қалыптастыру және дамыту;

  • имитациялау, модельдеу процестерiн ұйымдастыру негiзiнде студенттер мен оқушылардың эксперименттi-зерттеушiлiк қызметтерді орындау ебдейлігін қалыптастыру.

  1. Үздiксiз бiлiм беру жүйесiндегi оқыту процесiнiң барлық деңгейiн жандандыру:

  • мультимедиалық технологиялардың мүмкiндiктерiн пайдалану есебiнен оқыту процесiнiң тиiмдiлiгiн, сапасын арттыру;

  • түрлi пәндiк ортада ақпарат өңдеу құралдарын пайдалану арқылы пәнаралық байланысты тереңдету;

  • мультимедиа-ресурстарды тиiмдi пайдалану негiзiнде ашық бiлiм беру идеясын дамыту.

Қазiргi таңда өзiндiк iс-әрекеттi қалыптастыруда мультимедиалық технологиялар:

  • микро және макроәлемдегі күрделi құбылыстар мен процестердi модельдеу арқылы оқытуды жүзеге асыруға;

  • әртүрлi физикалық, химиялық, биологиялық, әлеуметтiк т.б. өте жылдам немесе жай өтетiн құбылыстарды кез келген уақытта оқып үйренуге мүмкiндiк беру мәселелерiн шешуге бағытталуы керек.

Осы ұстаным бойынша мультимедиалық технологияларды оқыту процесiнде тиiмдi пайдаланудың мынадай алғышарттарын анықтауға болады: дидактикалық, психологиялық-педагогикалық, эргономикалық, техникалық.

1. Дидактикалық шарттар:

  • Сабақтың мазмұны мен формасына байланысты мультимедиалық технологияларды мүмкiндiктерiне қарай алдын ала дайындаудың, кешендеудiң перспективалы жоспарын жасау.

  • Оқу материалдарына әдiстемелiк талдау жасау. Айталық, кейбiр пәндерге қатысты оқу материалдары бiрнеше ондаған жылдар бұрын дайындалған. Мiне сол материалдарды жаңа мәлiметтермен үйлестiрудiң жолдарын қарастыру, пәнге қатысты негiзгi мәлiметтi қосымша мәлiметпен толықтыру. Мультимедиалық технологияларда ұсынылатын оқу материалдары көрнекiлiк ұстанымына негiзделген. Сондықтан да, оны оқытудың ажырамас бөлiгi деп қарастыруымыз қажет.

2. Мультимедиалық технологияларды тиiмдi пайдалану үшiн оның психологиялық-педагогикалық шарттарын қатаң бақылауда ұстау керек:

  • Оқу материалдарын тұлғаның қабылдау ерекшелiктерiн ескеру.

  • Экрандық оқу материалдарының студенттер мен оқушылардың эмоциясына әсерiн бақылау.

  • Оқу материалдарын пайдалану кезiнде тұлғаның ойлау қабiлетiн аттыруға қозғау салу.

  • Экрандық оқу материалдарын пайдаланудың қалыпты деңгейiн студенттер мен оқушылардың ойлау жүйесiне күш түсiрмейтiндей деңгейде сақтау.

3. Эргономикалық шарттар мынадай мәселелердi қарастырады:

  • Бөлмедегi ауаның физико-химиялық құрамының төмендеуi студенттердiң, оқушылардың сабаққа қабiлеттiлiгiн төмендетедi. Сондықтан бөлме ауасын ауыстырып отыру.

  • Аудиовизуалдық оқу материалдарын қалыпты жағдайдан артық көрсетуге болмайды.

4. Техникалық шарттар:

  • Ерекшелiктерiне қарай мультимедиалық технологияларды дәрiсханада дұрыс орналастыра бiлу.

  • Құрылғылардың техникалық ақаулығын үнемi тексерiп отыру.

  • DVD, CD дискiлерiндегi, бейнетаспалардағы оқу материалдарын дұрыс сақтай бiлу.

  • Дәрiсхананы оқыту процесiне бейiмдеу жұмыстарын авто-маттандыру.

  • Дәрiсхананы үнемi салқындатып отыру, яғни құралдарды қатты қызып кетуден сақтау.

Ендi, үздiксiз бiлiм беру жүйесiн ақпараттандыру барысында мультимедиалық технологияларды оқыту процесiнде тиiмдi пайдаланудың тұжырымдамалық, психологиялық, педагогикалық, ақпараттық, эргономикалық, технологиялық және техникалық, ұйымдастырушылық аспектiлерiн қарастырайық.

Тұжырымдамалық аспектi:

  • ақпаратты жинақтау, өңдеу, сақтау, тарату жүйесi ретiнде жаңа ақпараттық орта құру;

  • әртүрлi деңгейде (республика, аймақ, бiлiм беру мекемелерi) бiрiктiрiлген бiрыңғай оқу-ақпараттық орта құру т.б.

Мұндай оқу-ақпараттық ортаны құрайтын элементтерге мыналар жатады:

  • елiмiздiң және шет елдердiң ақпараттық ресурстарына қол жеткiзе алатын телекоммуникациялық аппаратты-бағдарламалық жабдықтар;

  • компьютерлiк гипермедиа, мультимедиа жабдықтары;

  • виртуалды бiлiм берудi дамыту үшiн ақпараттандырудың инфрақұрылымдары т.б.

Психо-педагогикалық аспектiлер:

  • оқыту процесiнде мультимедиалық технологияларды пайдалану кезiнде бiлiмдi меңгеру мен интеллектуалдық деңгейдi қалыптас-

тырудың психологиялық механизмдерiн айқындау;

  • мультимедиалық технологияларды оқыту процесiнде пайдалануда оқытушының рөлi мен орнын анықтау;

  • мультимедиалық технологияларды өзiнiң кәсiби iс-әрекетiнде тиiмдi пайдалана бiлуi үшiн мұғалiм кадрларды қайта дайындау;

  • елiмiзде қашықтан оқытуды дамытудағы мультимедианың мүмкіндіктерін дамыту;

  • мультимедиалық оқулықтар жасаудың дидактикалық талаптарын анықтау.

Ақпараттық аспектi оқытудың дидактикалық және әдiстемелiк ұстанымдарына жауап бере алатын мультимедиалық құралдардың ақпараттық жабдықталуын айқындайды.

Эргономикалық аспектi:

  • мультимедиалық оқулықтарды құруда эргономикалық талаптарды ескеру;

  • әртүрлi жас дейгейiндегi пайдаланушылардың мультимедиалық технологиялармен жұмыс кезiндегi сақтауға тиiстi санитарлық-гигиеналық нормаларын анықтау.

Технологиялық және техникалық аспектiлер:

  • технологиялық қатаң талаптарды сақтау – оқыту процесiне арналған лицензиялы мультимедиалық оқулықтарды пайдалану;

  • оқыту мақсатына бағытталған аппараттық және бағдарламалық жабдықтармен білім беру жүйесін қамтамасыз ету;

  • бiлiм беру салаларында локалдық, аймақтық және республикалық желiлер құру.

Ұйымдастырушылық аспектi:

  • бiлiм беру мекемелерiнде электрондық кiтапханалар мен медиа орталықтар, медиатекалар құру;

  • мультимедиалық технологияларды пайдаланудың ұйымдастыру- шылық-құқықтық нормаларын анықтау т.б.



Бақылау сұрақтары:


  1. Оқыту процесінде мультимедианы қолданудың қажеттілігі неде?

  2. Мультимедиалық технологияларды оқыту процесіне енгізу қандай

мақсаттан туындайды?

  1. Аталған технологияларды оқыту процесінде пайдаланудың қандай

шарттары бар?

  1. Мультимедианы білім беруде қолданудың психологиялық,

педагогикалық аспектілеріна атап көрсетіңіз.



    1. Мультимедиалық технологиялардың әдістемелік

мүмкіндіктері
Қазiргi қоғамның ғылыми-техникалық, экономикалық, әлеуметтiк салаларындағы мультимедиалық технологиялардың алатын орны, оның болашақ даму тенденциялары мен перспективалары жан-жақты талдауды, талқылауды қажет етедi. Өйткенi, қазiргi кезде бiздiң елiмiзде оны пайдаланушылар арасында қарама-қайшылықты пiкiр қалыптасқан, бұл мультимедиалық технологиялар жөнiнде толықтай түсiнiктiң болмауынан туындайтын мәселе. Осының салдарынан оның көптеген мүмкiндiктерi мен қолданылу салалары әлi толық айқындала қойған жоқ.

Мультимедиа технологиясын оқытуда пайдаланудың жаңа бағыттарының бiрi – компьютерлiк желiлерде теле және бейнеконференциялар ұйымдастыру.

Мультимедиалық технологиялар интернет-технологияның да дамуына тiкелей әсер етiп отыр. Электрондық пошта арқылы дыбыстық және бейне хабарларды қабылдау, жiберу немесе интернет арқылы байланысқа түскен адамның бет-бейнесiн компьютер мониторынан көрiп отыру - мультимедианың жемiсi. Бейнеконференциялар ұйымдастыруда дыбыстық және бейнелiк хабардың сапасын төмендетпей ұсыну мультимедиалық құралдардың жүзеге асыратын iс-әрекетi. Мультимедиалық технологиялардың көмегiмен бүгiнгi таңда кез келген адам өзi жөнiндегi мәлiметтердi, фотосуреттердi, тiптi, өз дауысын интернет желiсiне шығаруға мүмкiндiк алып отыр.

Интерактивтi негiздегi мультимедиалық технологиялар интернет желiсi және CD-курстар арқылы ауыл мектептерiнiң әлемдік ғылым, білім жетістіктерінен оқшау қалып қою мәселесiн де шешуге мүмкiндiк бередi.

Мультимедианың ажырамас бөлiгi болып табылатын лазерлiк дискiлерде жазылған электрондық энциклопедиялар, оқулықтар мен сөздiктер оқыту процесiнде ерекше маңызға ие. Мысалы, электрондық сөздiктерде әрбiр сөздiң аудармасы мен жазылуы ғана емес, сонымен бiрге оның айтылу үлгiсi де қамтылады. Электрондық энциклопедиялар мен сөздiктердiң тиiмдiлiгi - қажеттi мәлiметтi тез iздеп табуға болады. Сонымен қатар тiл үйретуге бағытталған интерактивтi оқыту бағдарламалары диалогты байланыс жасауды жоғары деңгейде жүзеге асыра алады.

Әлемнiң атлас картасы, жекелеген қалалардың картасы сияқты әртүрлi электрондық-картографиялық жүйелер, қажеттi дағдыны қалыптастыруға, жетiлдiруге негiзделген тренажерлiк бағдарламалар, адамның ой-өрiсiн дамытуға бағытталған ойын түрiндегi оқытушы бағдарламалар оқыту процесiнде жиі қолданылуда.

Соңғы кездері ағылшын тілінде edutainment және infortainment деген сөздер компьютерлік термин ретінде жиі айтылады. Олар education (білім беру), information (ақпарат) и entertainment (көңіл көтеру) деген сөздерден құралған. Бұл терминдер мультимедиалық құралдарды пайдалану арқылы оқыту кезінде көңіл көтеру мен оқу қызметінің арасындағы алшақтықтың азаятынын білдіреді. Мектепке дейінгі немесе мектеп жасындағы балалар болсын, үлкендер болсын, компьютерде көңіл көтеретін ойындарды ойнау арқылы, алдына білсем деген арнайы мақсат қоймаса да, біршама білімге, әртүрлі ақпараттарға қол жеткізеді. Бұл да мультимедианың тиімді жағы болып табылады.

Мультимедиалық бағдарламалардың негiзгi атқаратын функцияларының бiрi – басқаруды қамтамасыз ету. Қажеттi ақпаратқа еш кедергiсiз ауысу мүмкiндiгi қамтылған. Мысалы, кинофильмдердi көру барысында мультимедиалық бағдарламалар пайдаланушыға қажетсiз кино үзiндiлерiн өткiзiп жiберудi, керектi киноүзiндiнi бiрнеше қайтара көрсетудi жүзеге асырады.

Оқытуды интерактивті түрде өткізу мультимедиалық технологиялардың келесі бір маңызды сипаттамасы болып саналады. Американдық ғалым А.Галбриц интерактивтiлiктiң үш түрiн атап көрсетедi:


  • реактивтi интерактивтiлiк: оқушылар мен студенттер компьютердегi бағдарламаның бағыт берiп, көмектесуi нәтижесiнде жауап бередi;

  • әрекеттiк интерактивтiлiк: бұл жағдайда оқушылар, студенттер бағдарламаны басқара алады;

  • екi жақты интерактивтiлiк: оқушылар, студенттер бағдарламамен өзара ықпал жасай алады.

DEC компаниясының хабарлауынша, дұрыс жолға қойылған (яғни, аппараттық, бағдарламалық және әдiстемелiк құралдармен толық жабдықталған) мультимедиа технологиясын пайдалану оқытуға жұмсалатын шығын көлемiн едәуiр азайтады екен.

Зерттеушiлердiң пiкiрi бойынша дәстүрлi оқыту әдiсiмен берiлген материалдың 25%-ы, көру арқылы 33%-ы, көру-есту арқылы 50%-ы, ал, мультимедиалық интерактивтi оқыту бағдарламалары көмегiмен берiлген материалдың 75%-ы есте сақталады.

Мультимедиалық технологияларды пайдалану мен дәстүрлi оқыту әдiстерi арасындағы айырмашылықты 2-суреттен көруге болады.

Диаграммадан көріп отырғанымыздай, мультимедиалық технологиядарды пайдаланып оқыту, атап айтқанда, мынадай нәтижелерге қол жеткiзедi:



  • оқуға кететiн уақыттың үнемделуiне;

  • оқу мотивациясының жоғарылауына;

  • зейiн аудару нәтижесiнде оқу материалын толық түсiнуге;

  • алынған бiлiмнiң ұзақ уақыт есте сақталуына.



Сурет 2 - Мультимедиалық технологиялардың оқыту процесiндегi тиiмдiлiгiнiң көрсеткiшi

Мультимедиалық технологияларды бiлiм сапасына әсерi, оқытудағы тиiмдiлiгi, қасиеттерi, субьект iс-әрекетiн дамыту мүмкiндiгi, т.б. сипаттамалары бойынша 3-суреттегiдей жiктеуге болады.





Каталог: ebook -> umm
umm -> ПОӘК 042-18-29 8/03-2013 №1 басылым 05. 09. 2013
umm -> Жалпы және заң психологиясы терминдерінің қысқаша сөздігі. І бөлім. Жалпы психология пәнінің терминдері
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> ПОӘК 042-14-5-05. 02. 20. 22/2013 № басылым
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> Оқытушы үшін «Қазақстан тарихы»
umm -> Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты
umm -> Педагогика кафедрасы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет