Дәріс №3 Тақырыбы: Теміржол көлігі және олардың ерекшеліктері мен негізгі көрсеткіштері. Темір жол көлігі



бет1/5
Дата15.10.2019
өлшемі5,43 Mb.
#49954
  1   2   3   4   5
Байланысты:
лекция №3

Дәріс №3
Тақырыбы: Теміржол көлігі және олардың ерекшеліктері мен негізгі көрсеткіштері.

Темір жол көлігі – көлік кешенінің жетекші саласы, жүктер мен жолаушыларды алыс қашықтыққа тасымалдайтын басты қатынас құралы. Темір жол көлігі локомотивтер мен вагондардан тұратын, арнайы рельс жол арқылы тасымалдауға арналған көлік түрі болып табылады. Темір жол көлігінде тасымал құны басқа көлік түрлерімен салыстырғанда біршама төмен, қатынауы тұрақты. Қазақстанның ішкі құрлықтық орналасуы жағдайында темір жол көлігі елдің көлік кешенінің құрамында аса маңызды рөл атқарады.

Темір жол көлігі – бұл локомотивтік тарту күшінің көмегімен жүктерді және жолаушыларды рельс жолдарының бойымен вагондарда (пойыздарда) тасымалдауды жүзеге асыратын көлік түрі.

Темір жол – бұл темір жол көлігінің жылжымалы құрамының қозғалысы үшін бағыттаушы рельс колеясымен бірге жолды түзетін ғимараттар мен қондырғылар кешені.

Темір жол көлігінің жұмыс технологиясы едәуір күрделірек, бұл оның темір жол колеясына байланумен түсіндіріледі. Темір жол көлігінің жұмыс технологиясының негізгілері болып келесілер табылады:



  • күнтізбелер теориясы (қозғалыс кестесі);

  • пойыздарды қозғалыс бағыттарына қарай қалыптастыру;

  • пойыздарды магистральдік бағытта қалыптастыруды темір жолдардың магистральдік желісімен байланысқа ие болатын кәсіпорындардың жақындау жолдарының жұмыс кестесімен үйлестіру жоспары.

Темір жолдардың жұмыс істеу қағидалары:

  • бос емес жол бойына басқа пойыз шыға алмайды (өткізу қабілетін жоғарылату үшін жол бойы аумақшаларға бөлінеді);

  • қозғалыс тек пойыздармен (жолаушылар, жүк, пошта, аралас пойыздармен) ғана жүзеге асырылады;

  • жүктердің сұрыптау стансаларының арасында ілесіп отыруы;

  • көлік үрдісін басқару диспетчерлік орталық арқылы жүргізіледі;

  • пойыз бригадасының ауысымы 100-120км сайын жүзеге асырылады (су жинау 600-800 км сайын қажет). Осы заманғы тарту күші бригаданы 200-300 км сайын ауыстырып отыруға, ол локомотив 1000 км сайын ауыстырып отыруға мүмкіндік береді. Ауысым 15-20 мин арасында жүзеге асырылады;

  • тасымалдау колеяның әртүрлі ендері кезінде орындалады;

  • жүктерді жөнелту – вагондық, ұсақ партиялық, пойыздық немесе бағыт жолдық үйінді жүктерді өндіру орнынан тұтынушыға дейінгі тасымалдау үшін, немесе контейнерлерді арнайы жасап шығарылған күнтізбе бойынша тасымалдау кезінде тән.


3.1. Қазақстан Республикасындағы темір жол көлігінің даму тарихы
Темір жол көлігі 19 ғасырда ірі өнеркәсіп орындарының ашылуына, әсіресе, кен қазып, металл өңдеудің дамуына байланысты пайда болды. Дүние жүзінде тұңғыш Темір жол көлігі 1825 Англияда Дж. Стефенсон салдырған ұзындығы 21 км “Стоктон-Дарлингтон” желісінде қатынады. Бұдан кейін Темір жол көлігі 19 ғасырдың 30-жылдары Австрияда, Германияда, Бельгияда және Францияда пайда болды. 1830 жылда АҚШ-та, 1837 жылда Ресейде темір жол желілері ашылады. 1850 - 1870 жылда Азияда, Африкада, Оңтүстік Америкада, Австралияда салына бастады. Темір жол құрылысы аз уақыт ішінде жедел қарқынмен дамып, 20 ғасырдың басында темір жол торабының әлемдегі жалпы ұзындығы 1 млн. км-ден асып түсті. Қазақстан аумағында алғашқы Темір жол көлігі Покров-Слободка-Урбах желісімен 1894 жылда 25 қазаннан қатынай бастады. Бұл жолдың 130 км-і Қазақстан жерімен өтті. 1891-1896 жылда салынған Транссібір (3138 км), 1901-1906 жылда салынған Орынбор-Ташкент темір жол (2090 км) желілері қазақ даласымен өтті. 1918 жылда Қазақстан аумағындағы болат жолдардың жалпы ұзындығы 2,6 мың км-ге жетті. Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі алғашқы салынған темір жол 1920 - 1922 жылда ашылған Петропавл-Көкшетау желісі болды. Орта Азия мен Қазақстанды Ресеймен жалғастырған ұзындығы 1444 км Түрксіб (Түркістан-Сібір) темір жол 1927-1930 жылдарда салынды. 1958 жылда Қазақстанда Кеңес Одағындағы ең үлкен темір жол ұйымы – Қазақ темір жолы құрылды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 2005 жылда Алтынсарин-Хромтау темір жолы тартылды. Қазақстанда қазіргі таңда темір жолы желісінің жалпы ұзындығы 14,4 мың км-ден асады. Темір жол саласында 100 мыңнан астам адам еңбек етеді. 1913 локомотив, 77029 жүк вагоны және 2094 жолаушылар вагоны бар. Қазақстандағы темір жол торабы мен Темір жол көлігі “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы АҚ-ның құзырына бағынады. Оның құрамында “Жолаушылар тасымалы”, “Арнаулы әскерилендірілген күзет қызметі”, “Электрмен жабдықтау”, “Ақсу-Конечная”, “Темір-терсек”, “Теміржолмаш”, “Қазкөліксервис”, “Теміржолсужылужабдықтау”, “Теміржолмүлік” еншілес кәсіпорындары жұмыс істейді. Қазақстандағы жүк тасымалының жалпы көлеміндегі темір жол көлігінің үлесі 1991 жылда 36%-ды құраған болса, 2000 жылда ол 50%-дан асты. 1991 жылдан бастап Темір жол көлігімен тасымалданатын жүктің құрылымы өзгеріске ұшырады. Темір жол көлігімен тасымалданатын негізгі тауар өнімі – көмір, түрлі кентас, астық, мұнай, тағы басқа отын-энергетикалық жүктердің үлес салмағы артып келеді: тас көмірдің үлесі 1998 жылда 38%-дан 2000 жылда 44%-ға өсті; мұнай мен мұнай өнімдері тиісінше 7,4%-дан 12%-ға артты. 2000 жылдан бастап темір жол көлігінің өндірістік және қаржы-экономикалық қызметінің жақсару белгісі байқалды. 1999 жылмен салыстырғанда жүк тасымалдау көлемі және жүк айналымы тиісінше 28,5%-ға және 36%-ға артты. Темір жол көлігі бойынша жүк айналымы 2000 жылда 125,0 ткм болса, 2005 жылда бұл көрсеткіш 163,4 ткм-ге жетті. Темір жол көлігімен 2000 жылда 21,3 млн. адам, 2004 жылда – 16,4 млн. адам тасымалданды. Жолаушы айналымы тиісінше 10215 млн. жолаушы·км және 11849 млн. жолаушы·км болды. Сыртқы сауда қатынастарының серпінді дамуына байланысты Еуропа мен Азия арасындағы жүк тасқыны ұлғайды, сондай-ақ көлік дәліздерінің қалыптасуына алғышарттар пайда болды. Қазіргі кезде темір жол көлігі қатынасының бағыттары Трансазия темір жолының Солтүстік дәлізі мен Оңтүстік дәлізі (Теджен-Серахс-Мешхед темір жол) арқылы өтеді. Орталық көлік дәлізі – Еуропа-Кавказ-Азия (ТРАСЕКА) қалыптасты, ол Ұлы Жібек жолының қазіргі жаңғыртылған үлгісі болып табылады.

Қазақстан Республикасында жалпы ұзындығы шамамен 14 мың километр темір жолдардың тарамдалған торабы орын алған; олардың 5 мың километрі екі жолды және шамамен 4 мың километріне электр желісі тартылған. Басты жолдардың тарамдалған ұзындығы – 18,8 мың км, станциялық және арнайы жолдар – 6,7 мың км. Қазақстандағы темір жол көлігінің алатын орны орасан зор. Еліміздегі барлық жүк айналымының 68%-дан астамы және жолаушылар айналымының 57 % -дан астамы темір жол көлігінің үлесіне тиесілі. Темір жол саласында 125 мың-нан астам адам жұмыс істейді.

Қазақстанда жүк кернеулігі мен бір тәуліктегі пойыздар жұбының саны бойынша ажыратылатын темір жол магистральдарының төрт категориясы орын алған. Мысалы, 1-ші категория 10 млн т-км/км – ден астам жүк кернеулігіне және тәулігіне 10 пойыздар жұбынан астам шамаға ие болады, бірақ оның желі тығыздығы (100 км2 аймаққа шаққандағы жол километрлерінің шақырымдарының мөлшері) 0,51 км-ді құрайды, бұл көптеген елдердегі, оның ішінде ТМД елдеріндегі шамадан төменірек. Жүк қозғалысындағы локомотивтер паркі шамамен 4 мың бірліктен (2/3 электровоздар), жүк вагондарының паркі – 385,1 мың бірліктен, жолаушы вагондарының паркі – 20 мың бірліктен астам шамадан тұрады.

Қазақстан Республикасындағы темір жолдар торабын құру 100-ден астам жылды қамтиды. Оны қалыптастыру XIX ғасырдың аяғында (1893) бастау алған, ол кезде Қазақстан аймағында Покровская Слобода-Орал алғашқы темір жолы тартылған болатын. 4 жылдан кейін тағы да 267 км темір жол тартылды: оның 77 км-і Урбах-Астрахань торабының құрамында және 190 км-і Транссібір магистралінің құрамында.

Еліміздің қиыр батысы мен солтүстігімен басып өте отырып, бұл темір жол бөліктері тұтас алғандағы аймақ шаруашылығының дамуына елеулі әсер етпестен, тек жергілікті маңызға ғана ие болған.

1918 жылы Қазақстан темір жолдарының жалпы ұзындығы 2,6 мың км-ді құраған (қазіргі темір жолдардың 19%). Темір жолдар құрылысының негізгі көлемі кеңес өкіметі жылдарында салынған болатын. Қазақстан Республикасындағы теміржол магистралінің картасы 8-суретте келтірілген.

Еліміздің ең маңызды өнеркәсіп орталықтарымен темір жол байланысын қамтамасыз ететін барлық магистралдық және тұйықталған тораптардың құрылысын аяқтай отырып, темір жолдардың қазіргі тораптарын қалыптастыру негізінен 1946-1990 жылдар аралығында жүргізілген болатын.

Қазақстанның оңтүстік облыстарымен жалғастыру үшін, елімізді индустрияландыру жылдары салынған Түркістан-Сібір жолының құрылысы болып табылады. Жолдың құрылысы 1927 жылы Семей және Луговой екі қарама-қарсы станцияларының құрылысынан басталған болатын. 1930 жылы Айнабұлақ станциясында магистраль тоғыстырылды. Түрксібті салу барысында 12 млн. шаршы метр жер қазу жұмыстары орындалып, Ертіс, Іле, Аягөз, Шу және Қаратал өзендері арқылы көпірлер салынған, ұзындығы 1644 км негізгі магистральдар мен станциялық жолдардың рельстері төселді. Пойыздардың қозғалысы 1931 жылдың 7 қаңтарында ашылды.



Сурет 8. Қазақстандағы теміржол магистралінің картасы
Темір жол көлігін дамытудағы маңызды кезең Сібір аймақтарын

Түркістан-Сібір магистралінің құрылысы туралы бастаманы Жолдарды салу комитетін басқарған Ресей Федерациясы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов көтерген болатын. ХХ ғасырдың 20-шы жылдары орын алған аштықтан қазақ халқын құтқарып қалуға бар күш-жігерін жұмсаған. Түрксіб құрылысы жөніндегі мемлекеттік комитетті басқарған. Т. Рысқұловтың тікелей араласуымен Түрксіб құрылысының жобалық уақытын 2 есе қысқарта отырып 3 жылда салынып біткен болатын.

Қазақ халқының басқа бір ұлы, инженер Мұхамеджан Тынышбаев аты аңызға айналған Түрксіб құрылысына қатысқан болатын.

Мұхамеджан Тынышбаев (1879-1938жж.) – “Алаш” қозғалысының көрнекті өкілі. 1906 жылы Санкт-Петербург қаласындағы Темір жол көлігінің инженерлерін дайындайтын институтты тәмамдағаннан соң билік органдарында әртүрлі қоғамдық және мемлекеттік қызметтер атқарған. Түрксібті жобалауға және салуға қатысқан, осы кезде оның инженерлік дарыны байқалған болатын.

1946 жылы Түркістан-Сібір магистралін құрылыста қарапайым жұмысшы болып істеген Жұмағали Омаров басқарды.

Түрксібте ең жоғарғы жылдамдығы – 85км/сағ және қуаты 2000 ат күші “ФД” маркалы паравоздар пайдаланылды.

Қазіргі уақытта ВЛ-80 электровоздары, ТЭП-60, ТЭП-70, ТЭП-80 тепловоздары, ЭР-3,ЭР-9 электропойыздары пайдаланылады.

2009 жылдың 1-қаңтарына қарай Қазақстандық темір жолдардың ұзындығы 15082 км-ді құраған, олардың 4143,5 км-не электр желісі тартылған, 8816 км-і диспетчерлік орталықтандыру жүйесімен жарақталған. Магистральдік темір жолдар торабына 56000-нан астам жұмыс істейтін 130 филиал қызмет көрсетеді. Қазақстанда 720 темір жол станциялары, 27 локомотив және 26 вагон жөндейтін деполар жұмыс істейді. Жыл сайын темір жол көлігімен 18 млн жолаушы және шамамен 12 млрд жолаушы км-ді, жүк айналымы 200 млрд.т.км-ді құрайды.

Қазақстандағы жолаушы тасымалдауларын дамытудың жаңа кезеңі 2003 жылы Астана-Алматы бағытында “Тұлпар” жүрдек пойызын пайдаланумен байланысты болып отыр. Бұл бағытта “Тальго” испан пойызының екі тізбегі пайдалануда. Әр тізбекте әртүрлі сыныптағы 22 вагондар “Турист” – екі орындық купесі, “Бизнес” – екі орындық купесі, “Гранд”– жуынатын кабиналары бар екі орындық купесі пайдаланылады. Вагондар кузовтың иілуінің пассивтік жүйесіне, шу деңгейін төмендетуге арналған доңғалақтарды тарамдалған түрде орнату жүйесі бар арбаларға ие болады.
3.2. Темір жол көлігінің жылжымалы құрамы
Темір жол көлігінде поездардың қозғалысын тартқыш жылжымалы құрам атқарады. Темір жол көлігінің жылжымалы құрамы келесі түрлерге бөлінеді (9-сурет):

а) тарту күші бар жылжымалы құрам;

б) тарту күшінсіз жылжымалы құрам;

в) арнайы жылжымалы құрам.

Тартқыш жылжымалы құрамға келесілер жатады:

- локомотивтер;

- моторвагонды жылжымалы құрам.

Локомотив – бұл темір жолдардың рельстерінің бойымен жүк тиелген және жолаушылары бар тізбектердің орын ауыстыруын қамтамасыз ететін тарту күшін тудыру үшін арналған көлік машинасы .

Локомотивтер электровоздарға, тепловоздарға, паравоздар мен газтурбовоздарға бөлінеді. Моторвагондардың жылжымалы құрамы электрлі және дизель пойыздарынан тұрады.



Тарту күшінсіз жылжымалы құрамға вагондар жатады. Арнайы жылжымалы тізбек – бұл орталықтандырылған байланыс пен блокта қондырғыларын, энергиямен жабдықтау қондырғыларын және түйісу желісінің қондырғыларын баптауға арналған темір жол жылжымалы құрамы (дрезиналар, автомотристер, өздігінен жүретін машиналар). Мұндай жылжымалы тізбектің міндетті белгісі өзіндік жеке тартқыш-энергетикалық қондырғының болуы болып табылады. Жолаушы кабиналары бар арнайы жылжымалы құрам, сондай-ақ адамдарды жұмыс орындарына жеткізу үшін пайдаланылады. Арнайы жылжымалы құрам сауда-саттық көлік жұмысын орындамайды.

Локомотивтер.

Электровоздар. Электровоз деп – электр энергиясын түйісу желісінен ток қабылдауыш арқылы алатын электр қозғалтқыштарымен қозғалысқа келтірілетін локомотивті атайды. Түйісу желісіне электр энергиясы электростанциясынан тарту подстанциялары арқылы беріледі. Пайдаланылатын токтың тесігінен тәуелді тұрақты ток электровоздары мен айнымалы ток электровоздарына ажыратады. Сондай-ақ тұрақты және айнымалы токпен қос қоректендіру электровоздары орын алған. Сирек жағдайларда электровоз электр энергиясын орнатылған аккумулятордан алып отырады. Мұндай электровоздар түйісу-аккумуляторлық электровоздар деп аталады.

Сурет 9. Темір жолдағы жылжымалы құрамның жіктемесі
Электровоздар келесі белгілері бойынша жіктеледі:

а) қызмет тегіне қарай: жүк, жолаушы, епті және арнайы электровоздар;

б) қоректендіру, аккумулятордан қоректенетін электровоздар;

в) тарту күшінің беріліс түріне қарай: топтық және жекеленген жетекті электровоздар;

г) электродинамикалық тежеуіштің түріне қарай: рекулеративтік және роестаттық тежеуіші бар электровоздар;

д) секцияларының санына қарай: бір секциялық, екі секциялық, үш және төртсекциялық электровоздар (10-сурет).



ТМД елдерінің жолдарында жұмыс істейтін электровоздар конструкциясы мен жасап шығарылған елінен тәуелді серияларға бөлінеді. Кеңестік электровоздардың сериялық белгілерінің құрамына ВЛ әріптері кіреді. Чехославакия зауыттарында жасалынған жолаушы электровоздарының сериялық белгілерінде ЧС әріптері кездеседі. Франциядан әкелінген сынаптық түзеткіштері бар айнымалы ток электровоздарының сериялары К әрпімен белгіленеді.

а) бір секциялы, б) екі секциялы, в) үш секциялы


Сурет 10. Локомотивтер
Электровоздардың техникалық бөлігін кузов, арбалар, рессорлық аспа, тежеуіштік ырғағышты беріліс құрайды.

Арбалар қаңқасының құрамына доңғалақ жұптары, тартқыш қозғалтқыштар, буксалар мен тартқыш берілістің элементтері-редукторлар кіреді.



Электровоздардың шанағы (кузовы) тіреуіштер арқылы екі немесе үшбелтемірлі арбаларға сүйенеді, электровоздардың әр секциясының астында екі немесе үш арбаның болуы мүмкін (11-сурет). Бір секцияның астындағы белтемірлер саны – 4м немесе 6м. Арбалар рессорлық аспа жүйесі және букстар арқылы доңғалақтар жұбына сүйенеді. Арбалар тежеуіштік ырғағышты беріліспен және тежеуіштік цилиндрлермен жабдықталған.

а) арбашалар біріккен, б) арбашалар бірікпеген.


Сурет 11. Арбалардың орналасу схемасы
Электровозды қозғалысқа келтірілетін электроқозғалтқыштары тартқыш электроқозғалтқыштары деп аталады (ТЭҚ). Тартқыш электрқозғалтқыштары сонымен қатар генератор тәртібінде де жұмыс істеуі мүмкін. Бұл қасиет электрлік тежелу үшін пайдаланылады. Электровоздың қуаты мен жылдамдылығын реттеу ТЭҚ-на берілетін кернеуді өзгерту арқылы жүргізіледі.

Электровоздың кузовында машинисттің кабинасы, камтациялық жабдық, көмекші электр машиналары, компрессор мен пневматикалық жабдық орналасады.

Электровоздың коммутациялық жабдығының құрамына электровоздың күш тізбегінде, сондай-ақ көмекші машиналар тізбегінде қосу-ажырату үшін арналған жекеленген және топтық контакторлар кіреді.

Электровоздың пневматикалық жабдығы компрессорлардан, сығылған ауа қорын сақтау ыдыстарынан, түтіктер мен электр аппараттарының пневматикалық жетектерінен тұрады.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет