Дәріс Кіріспе «Қазақстанның қазіргі заман тарихы»



Дата14.12.2021
өлшемі23,82 Kb.
#127323
Байланысты:
Пәнге кіріспе


Дәріс 1. Кіріспе
1. «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» пәні, мақсаты мен міндеттері.

2. Қазақстанның қазіргі заман тарихын кезеңдерге бөлу.

3. Қазақстанның қазіргі заман тарихының деректері мен тарихнамасы.
Дәрістің мақсаты: пәннің алдында тұрған міндеттерді айқындау арқылы қоғамда атқаратын рөлін көрсету, отан тарихының кезеңдерін айқындап, деректердің мәні мен ұлттық тарихымыздың зерттелу деңгейін ашу.

Дәрістің мазмұны: «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» пәнінің мақсат-міндеттері, оның кезеңдері және деректері мен тарихнамасы мәселелері қарастырылады.
1. Қазақстан егеменді, тәуелсіз, өз алдына жеке мемлекет болғанына ширек ғасырдай уақыт өтті. Екі ғасырға жуық басқа мемлекеттің отары болған халықтың ұлттық санасын жаңғырту жолында қоғамдық пәндердің, оның ішінде төл тарих ғылымының алатын орны ерекше. Ұлттық тарихты терең білмейінше ұлттың менталитетін, тарихи даму жолын, сол жолда көрген қиыншылықтары мен табыстарын түсіну мүмкін емес. Сондықтан Қазақстан территориясында көне заманнан, қазірге дейін өмір сүріп жатқан тарихи отаны санайтын халықтардың тарихын білу маңызды болмақ. Отан тарихы бүкіл адамзат тарихының бір бөлімі, өйткені ол дүниежүзі тарихы, Еуразия тарихы, көшпенділер өркениеті, түркі халықтарының тарихы, Орталық Азия елдерінің тарихымен ұштасып жатады. Қазақстан тарихы – Қазақстан территориясында ежелгі уақыттан бүгінгі күнге дейін болған тарихи оқиғаларды, құбылыстарды, фактілерді, үрдістерді, тарихи заңдар мен заңдылықтарды аша отырып, тұтас қарастыратын ғылым. Тәуелсіз Қазақстанның тарихы отандық тарихтың аса маңызды бөлігі және жалғасы. Тәуелсіз Қазақстан әзірше ұзақ емес, бар жоғы жиырма бес жылды құрайтын жолдан өтті. Дүниежүзілік тарихпен салыстырғанда, ширек ғасыр соншалықты үлкен мерзім болмағанмен, егеменді ел үшін ол мән-мазмұнға толы тұтас бір дәуір. Қысқа уақыт аралығында мемлекетіміз өз дамуының саяси бағдарын айқындап, нарықтық экономикаға өтуді іске асырды, әлеуметтік күрделі тауқыметтерді басынан өткерді. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан қалыптасты. Осы тарихи кезеңді түсіну, одан алар сабақ отандық тарих ғылымындағы өзекті міндет болып саналады. «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» пәнін жоғары оқу орындарында оқытып үйрету студенттердің бойларында отансүйгіштік пен азаматтық ұстанымның қалыптасуына, еліміздің күрделі, тәлімі мол тарихы бойынша терең ғылыми білімдердің бекуіне септігі тиетін факторға айналуы тиіс.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздікке ие болғаннан бері халықтың ел тарихына деген қызығушылығы арта түсті. Себебі бұрын айтылмаған, айтылса да саясаттың ыңғайына көндігіп айтуға мәжбүр болған көзқарастар қазіргі таңда басқаша сипатқа ие болуды. Осыған байланысты сіздерге ұсынылып отырған «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» пәнінің негізгі міндеттері мынада:

1) Халықтың ұлттық тарихи жадын қалпына келтіру, ұлттық сананы дамыту.

2) Ұлттық идея мен бірлікті қалыптастыру.

3) Азаматтық ұстанымға, отаншылдыққа тәрбиелеу.

4) Өз халқына, еліне деген сүйіспеншілікті қалыптастыру.

«Қазақстанның қазіргі заман тарихы» пәнін игеру азаматтардың қазіргі таңда Қазақстан қоғамында қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және саяси-мәдени мәселелерді түсінуге, оның оң шешілуіне әсер етеді. Осыған байланысты бұл пән еліміздің барлық жоғарғы оқу орындарының оқу жоспарларына енгізілген.
2. 1980 жылдары аяғы мен 1990 жылдарының басында елде қалыптасқан демократиялық үрдістерге байланысты отандық тарихшылар еліміздің тарихын оқыту барысында тарихи фактілерге сүйене отырып, саяси оқиғаларға негізделген Қазақстан тарихын кезеңдерге бөлуді анықтады:

1) Тарихқа дейінгі кезең: 2,5 млн – б.д.д. VIII ғасырға дейін (тас ғасыры, қола дәуірі).

2) Ежелгі кезең б.д.д. VIII ғасырдан б.д. VI ғасырына дейінгі уақытты қамтиды (сақ, ғұн, үйсін, қаңлы).

3) Орта ғасырлар кезеңі Қазақстанда Түркі қағанатының құрылуынан басталып, XVI ғасырдың аяғына дейін созылады (Алтын Орда, Ақ орда, қазақ хандығы).

4) Жаңа дәуір XVII ғасырдың басынан XX ғасырдың басына дейінгі уақытты алып жатыр. Бұл кезеңді үш дәуірге бөліп қарастыру орын алған:

 XVII ғасырдың басынан XVIII ғасырдың басына дейінгі уақыт. Бұл кезеңде Қазақ хандығы Орта Азиядағы ең мықты, дербес көшпелі мемлекет ретінде қалыптасты;

 XVIII ғасырдың басы мен XVIII ғасырдың аяғына дейінгі уақыт. Қазақ халқының өз тәуелсіздігі үшін күрес (жоңғарлармен, Еділ қалмақтарымен, Орта Азия хандықтарымен, башқұрттармен, түркмендермен т.б.) жүргізді;

 XVIII ғасырдың аяғынан басталып XX ғасырдың басына дейін созылады.

Бұны Ресей империясының отарлау саясатының кезеңі деп алып, тәуелсіздік идеясының, ұлт-азаттық қозғалысының жаңа сипатта дамуы қарастырылады.

5) Қазақстан Кеңес дәуірі кезінде. Бұл кезең Кеңес үкіметі орнаған 1917 жылдан басталып, 1991 жылға дейінгі уақытты қамтиды. Бұл кезеңге кейбір отандық тарихшылар кеңестік отарлық кезең деген атау беріп жүр. Оның өзіндік себебі де бар: 74 жылға созылған Кеңес үкіметі тұсында орталықтың (Мәскеудің) экономика, саясат, мәдениет, әлеуметтік жағынан үстемдігі орнады.

6) Егеменді Қазақстан. 1991 жылы Қазақстанның егеменді мемлекет болып қалыптасуынан басталып, осы күнге дейінгі тұрақты түрде дамып келе жатқан кезеңмен аяқталады.
3. Ежелгі дүниеден бастап осы күнге дейінгі отан тарихын игеру алдымен деректермен тығыз байланысты. Жалпы деректерді мынандай түрлерге бөліп қарастырамыз:

1) Заттай деректер, оларға: еңбек құрал саймандары, киім кешек, ыдыс аяқ, қару жарақ, қала қалдығы, зират орны, қоныстар және ақша, яғни бір сөзбен айтатын болсақ, археология ғылымының жетістіктері жатады.

2) Этнографиялық деректер, оларға: салт дәстүрлер, ырым жоралар, тұрмыстық ерекшеліктер.

3) Ауызша деректер, оларға: ертегілер, мақал мәтелдер, жаңылтпаштар, батырлар жыры, аңыздар жатқызылады.

4) Лингвистикалық деректер, оларға: жер су атауларын, кісі есімдерін, зерттейтін топонимика және антропонимика ғылымының жетістіктерін жатқызамыз.

5) Жазба деректер, бұл деректердің ерекше түрі болып табылады және оған сыни көзқараспен қарау керек. Себебі, жазба деректердің авторлары өзіндік ұлттық болмыспен, түсінікпен болған оқиғаны бағалайды.

Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі заман тарихын оқып білу барысында жоғарыда аталған деректердің маңызы зор мәнін жоймайды. Алайда қазіргі қоғамның саяси, әлеуметтік экономикалық және рухани өзгерістерін бейнелейтін жазба дерек көздері мыналар:

- мемлекет басшысының республикамыздың дамуы үшін алға қойылған мақсаттар мен міндеттерді, басым бағыттар мен қорытындыларды ашып көрсететін жарлықтары, жолдаулары, баяндамалары мен сөйлеген сөздері;

- үкімет қабылдаған еліміздің ішкі-сыртқы дамуын, Қазақстанның өркендеуінің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуын белгілейті қаулылары мен құжаттары;

- атқарушы биліктің орталық және жергілікті органдарының құжаттары, әртүрлі деңгейдегі мәжілістердің материалдары;

- азаматтық қоғам институттарының, саяси партиялардың және шетелдік сарапшылардың ұстанымын көрсететін материалдар;

- замандастардың тәуелсіз Қазақстан құруға қатысушылардың естеліктер, жазбалары;

-әлеуметтік сауалнамалар материалдары, статистика деректері;

- қазақстандық және шетелдік ғалымдардың Қазақстанның ең жаңа тарихы бойынша тұжырымдамалық, іргелі еңбектері;

- мерзімді баспасөз материалдары;

- заман тынысын бейнелеген кино-фото, аудио құжаттар;

-өзекті мәселелер бойынша Интернет-ресурстар.

Тарихнама дегеніміз тарихи ғылымның дамуына байланысты ғылыми көзқарастарының жиынтығы, қамтылған зерттеу еңбектері. Отан тарихын ғылыми зерттелуін мынадай кезеңдерге бөледі:

Орыс тарихнамасы.

1. Бұл кезең XVIII ғасырдың 30-шы жылдары мен XIX ғасырдың басына дейінгі уақытты қамтиды. Орыс тарихшылары В.Татищевтың, П.И. Рычковтың еңбектері маңызды болды. XVIII ғасырдың 30-40 жылдарында бірінші академиялық экспедиция, XVIII 60-70- ші жылдарында екінші академиялық экспедиция (П.С. Паллас, И.Г. Георги.) ұйымдастырылып, қазақ халқының тарихына, шаруашылығына байланысты мәліметтер жиналып, географиялық тұрғыдан зерттелінді. Бұл кезең Қазақстанның батыс бөлігінің (Кіші жүздің)

Ресей империясының құрамына саяси тұрғыдан қосыла бастауымен ерекшеленді.

2. XIX ғасырдың басы XX ғасырдың басына дейінгі аралықта А.И. Левшин, Н.Я. Бичурин, И.Г. Андреев, Г.И. Спасский, С.Б. Броневский және тағы да басқа орыс тарихшыларының еңбектері жарық көрді. XVIII ғасырдың 30-шы жылдарында Ресей тарапынан басталған саяси отарлау саясаты бұл кезде толық іске асқан болатын.

Қазақ-кеңес тарихнамасы.Бұл кезеңді шартты түрде 1917-1991 жылдар аралығы деп те қарастыруға болады. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында Қазақстан тарихына байланысты тарих оқулықтарын жазған М.Тынышбаевтың 1922, 1925 жылдары Ташкент қаласында баспадан шыққан

«Қырғыз-қазақ халқының тарихына байланысты материалдар», «Түркі-моңғол тарихы» деген еңбектерін, 1935 жылы жарық көрген С.Асфендияровтың «Қазақстан тарихы» еңбегін, М.Вяткиннің 1940 жылы шықты «Қазақ ССР тарихына байланысты очерктер» атты жинағын, М.Әбдіхалықов пен А.М. Панкратованың 1943 жылы жарық көрген «Қазақ ССР тарихы» атты ұжымдық еңбекті, ең алғаш Қазақстан тарихынан докторлық диссертация қорғаған қазақ тарихшысы Е.Бекмахановтың атақты «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты ғылыми еңбегін атап өткен орынды.

XX ғасырдың екінші жартысында тарих ғылымы идеологияның ықпалында болғанымен еліміздің тарихын зерттеуде елеулі үлес қосқан ғалымдар қалыптасты. Археологтар Ә. Марғұлан, О. Смағұлов, К. Ақышев, К. Байпақов, Х. Алпысбаев, тарихшылар М. Қозыбаев, Ж. Қасымбаев, Б. Көмеков, Б. Сүлейменов, Х. Арғынбаев, Д.И. Дулатова, М.С. Мұқанов тағы басқа авторлардың еңбектері маңызды орын алады.

Ал тәуелсіздік жылдарынан бері Қазақстан тарихының ақтаңдақ беттерін ақтарып, тарихымызды ұлттық болмысы тұрғысынан жазуға ат салысып жүрген беделді тарихшылардың тобы қалыптасты деп айтуымызға болады. М. Әбусейітова, Ж. Абылхожин, А. Күзембайұлы, Қ. Атабаев, Б.А. Аяған, Х.М. Әбжанов, Ж. Артықбаев, А.Ш. Алтаев, Т. Омарбеков, М. Қойгелдиев, Қ. Әбуев және басқа да тарихшылардың шығармашылықтары 1970-1980-ші жылдары басталғанымен, еңбектерінің көпшілік бөлігін егемендік тұсында жариялап жүр. Қазақстанның 1990- 2017 жылдардағы саяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени, халықаралық салалардағы өткен жолдары әлі де тиянақты зерделенуі тиіс.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихнамасының маңызды арқауы ретінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің мемлекеттік қызметін, атап айтқанда, жаңа Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың құрылғанын көрсетуге болады. Мемлекет басшысы өзінің «Еуразияның қақ ортасында» атты еңбегінде (2005 ж.) тарихшыларға лайықты үлгі көрсетті. Онда Елбасы астананы көшірудің себептері мен салдарларын баяндап, мемлекетіміздің өркендеуі үшін Астананың қандай маңызы бар екеніне егжей тегжейлі, жан-жақты талдау жасап берді. Бұл бағытта қалыптасқан ғылыми, публицистикалық және құжаттардан тұратын: М.Қасымбековтің «Қазақстан Республикасында президенттік институттың қалыптасуы» (2000 ж.), «Елін сүйген Елбасы» (2005 ж.), Ж.Саданбековтің «Нұрсұлтан Назарбаев.

Көшбасшылық заңдары» (2005 ж.), О.Видованың «Нурсултан Назарбаев: портрет человека и политика» (1998 ж.), «Бәйтерек» жинағын (2003 ж.), Ә.Жақсыбековтің «Астана осылай басталған» атты еңбектерді атауға болады.

Соңғы онжылдықтардағы халықаралық қатынастарға баға берген Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік жалауы астында. Сыртқы саясат туралы очерктер» (1997 ж.), «Қазақстан Республикасы дипломатиясы» (2002 ж.), «Жарық пен көлеңке» (2008 ж.); Т. Мансұровтың «Казахстанско-российские отношения в эпоху перемен» (2001 ж.) еңбектері бар. Тәуелсіз еліміздің саяси тарихы бойынша К. Бұрханов, Б. Сұлтанов пен Б. Аяғанның «Қазақстанның қазіргі саяси тарихы (1985-2000 жылдар)» еңбегін атап өтуге болады.

Қазақстанның қазіргі заман тарихын түсіну үшін төмендегі еңбектердің: «М. Қозыбаевтың «Ұлт және өркениет» (2001 ж.), Қ. Сұлтановтың «Время перемен» (2005 ж.), М. Жолдасбековтің «Ел тағдыры – ер тағдыры» (1997 ж.), Ғ. Есімнің «Политическая философия» (2006 ж.), Х. Әбжановтың «Казахстан: история, личность, теория» (2006ж.), Е. Ертісбаевтың «Казахстан и Назарбаев: логика перемен» (2001 ж.), Р. Қалиеваның «Республика Казахстан и современный мир» (2000 ж.), Т. Омарбековтің «Актуальные проблемы истории Казахстана» (2003 ж.), И. Агеевтің «Стратегическая матрица» (2006 ж.) және басқа да авторлар: Р. Медведевтің «Нурсултан Назарбаев. Казахстанский прорыв и евразийский проект» (2008 ж.), А. Гурскийдің «Твердая поступь страны» (2007 ж.), Б.Г. Аяған, Х.М. Әбжанов, С.В. Селиверстов, М.С. Бекеновтің «Путь к лидерству: социально-экономические и политические реформы в Казахстане» (2007 ж.), «История независимого Казахстана» (2010 ж.) деп аталатын еңбектерінің жалпылама және нақты тарихи маңызы бар.

Қазіргі Қазақстан тарихнамасының қорытындыларын шығару әзірше ертерек. Себебі, осы тақырып бойынша негізгі зерттеулерді жинақтау жүріп жатыр.
Бақылау сұрақтары:

1) Қазақстанның қазіргі заман тарихы» пәнін оқытудың мәні мен мазмұны неде?



2) Жалпы Отан тарихын кезеңдерге бөлуде қандай белгілеріне қарап ажыратамыз?

3) Деректану мен тарихнаманың бір-бірінен айырмашылығын айтып беріңіз.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет