Дәріс тақырыбы: Қазақстандық патриотизм және азаматтық тәрбие.
Жоспары:
1. «Патриотизм», «Қазақстандық патриотизм» ұғымдарының мәні, негізгі компоненттері.
2.Патриоттық тәрбие мақсаты, мазмұны.
3.Бастауыш сынып оқушыларына патриоттық тәрбие беру жолдары.
4.Азаматтық тәрбие мақсаты, міндеттері және формалары. .
Глоссарий
Азаматтық – бұл мемлекет, қоғам, халық алдындағы азаматтық міндеттер мен борыштарды саналы және белсенді орындауды айқындайтын тұлғаның адамгершілік сапасы; өзінің азаматтық құқықтарын ұтымды пайдалану, ел заңдарын дәл сақтау және құрметтеу.
Батылдық - бұл саналы түрде жүзеге асырылатын ерікті әрекет, оны жүзеге асыру адамнан қорқынышты жеңуді талап етеді.
Патриотизм (грек. πατρι ¡της-отандас, πατρίς-Отан) - адамгершілік және саяси принцип, әлеуметтік сезім, оның мазмұны Отанға деген сүйіспеншілік және ол үшін өз мүдделерін құрбан етуге дайын болу. Патриотизм мақтаныш сезімін білдіреді[1] өз Отанының жетістіктері мен мәдениеті, оның сипаты мен мәдени ерекшеліктерін сақтауға деген ұмтылыс және өзін-өзі анықтау (оның елге және оның азаматтығына, тіліне, дәстүрлеріне ерекше эмоционалды тәжірибе) халықтың басқа мүшелерімен, Отан мен өз халқының мүдделерін қорғауға деген ұмтылыс[2]. Өз Отанына, еліне, халқына деген сүйіспеншілік, туған жеріне, тұрғылықты жеріне деген сүйіспеншілік[3].
1. «Патриотизм», «Қазақстандық патриотизм» ұғымдарының мәні, негізгі компоненттері.
«Патриотизм» сөзі (грек тілінде «patrіots» - отандас, «paths» - отан, атамекен) Отанға деген сүйіспеншілікті, оған адалдықты, өз іс-әрекеттерімен оның мүдделеріне қызмет етуге ұмтылысты, сондай-ақ, туған жеріне, тұрақтаған мекеніне бауыр басушылықты білдіреді. Оның қазақшасы - жерлес, отандас дегенді білдіреді, яғни Отанын, ұлтын сүю, оны жаудан қорғау. Бұл ұғымның педагогикалық жүгіне келер болсақ, ол болашақ Қазақстан азаматтарын тәрбиелеумен тығыз байланысты.
«Патриотизм» – ғасырлар бойы жинақталған ең терең сезімдердің бірі. Отанға деген сезім болмаса, патриот болу мүмкін емес. Отанның гүлденуіне және оны қорғауға деген патриоттық сезім адам жүрегінде өмір сүрген, өмір сүре бермек. Бірақ патриоттық сезім адамда өзінен -өзі , не болмаса туа пайда болмайды. Ол ерте жастан адамға әсер ететін, ұзақ мақсатты түрде бағытталған тәрбиенің қорытындысы. Патриотизм ортаның, отбасындағы тәрбиенің, мектептің, мектепке дейінгі мекеменің және түрлі қоғамдық ой-пікірлердің әсер етуімен қалыптасады
Балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеудің бірден бір педагогикалық негізі – патриотизм. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында: «Отаншылдық, отансүйгіштік, патриотизм - адамның Отанына, туған еліне, оның тіліне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген сүйіспеншілік сезімі», - деп анықтама берілген. Зерттеуші Г.Д.Махатованың көзқарасы бойынша, «патриотизм»- адамның туа біткен, биологиялық қасиеті емес, ол -әлеуметтік, тарихи қалыптасқан, отанға деген сүйіспеншілік сезім, ол Отанға қызмет етуден керінеді. Егер педагогика тарихына тоқталсақ, түрлі кезеңдерде патриотизм, кеңестік «патриотизм», «ұлтжандылык», «қазақстандық патриотизм», Отанға деген сүйіспеншілік, оны жүзеге асырудың жолдары туралы айтылған педагогикалық түжырымды ойлар бұл мәселенің тамыры тереңде екендігін көрсетеді.
Патриотизмді Қазақстандық патриотизм немесе Отансүйгіштік деп атайды. Оның мақсаты — Қазақстанды Отаным деп білетін әрбір азамат тек осы Қазақстанды сүйіп, соның азаматы болу, Қазақстанды қорғау, Қазақстанның дамуына өз үлесін қосу. Ең бастысы – жас ұрпақтың бойында Отанға, туған еліне деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру. Қазақстандық патриотизмнің ұлтшылдықтан айырмашылығы ол басқа халықтарға деген құрмет сезімінің, бүкіл адамзат туралы адамгершілік түсінікке қайшы келмейтін Отанға деген сүйіспеншіліктің үлгісі бола алады.
Қазақстандық патриотизмнің негізгі компоненттері:
*Отанға деген сүйіспеншілік;
*Отан тағдырына деген жауапкершілік сезімін арттыру;
*Отан мүддесіне қызмет етуге дайын болу;
*Отанды қорғау;
*Отанның қол жеткен жетістіктерін ішкі және халықаралық аренада мақтанышпен көрсете білу;
*Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде үйрену;
*Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерінің құқықтарына құрметпен қарау;
*Ана тілін білу;
*Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерінің ұлттық салт – дәстүріне және әдет – ғұрпына құрметпен қарай білу;
*Қазақстан халықтарының келісімі мен ұлтаралық бірлігін сақтау
2.Патриоттық тәрбие мақсаты, мазмұны.
Патриоттық тәрбиенің мақсаты - мектеп оқушыларында патриоттық парызды терең түсінуді, Отанын қорғауға дайын болуды қалыптастыру және тұтастығын нығайту мәселелерін шеше отырып, Отан мен оның азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қабілетті азаматтарды тәрбиелеу және елдің бірлігі, Қазақстан халықтарының достығын нығайту.
Патриоттық сезімнің нысаны мен азаматтық парыздың өтелер өлшемі – Отан. Оны таратып айтсақ, бұл – туған жер, оның табиғат байлықтары, ұлттың тілі, дәстүрі, мәдени ескерткіштері, тарихы жасалған өлкедегі киелі орындары. Олардың адам санасына жылылық, жақындық, туысқандық сезімдерді ұялатып, ізгі де ерлік істердің бастауына айналуы – патриотизмге тәрбиелеудің арқауы.
Патриоттық сезім жалпы адам баласының еліне, жеріне, өз тілі мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарына жеке қатынасын, өзіндік бағасын түйсінуін, қуаттап қолдауын пайымдайтын сезім көрсеткіші болып табылады.
Отансүйгіштік пен ұлтжандылық — егіз ұғым. Қазіргі таңда елімізде бұл екі ұғым жаңа мағынада айтылып келеді. Патриотизмді Қазақстандық патриотизм немесе Отансүйгіштік деп атайды. Оның мақсаты — Қазақстанды Отаным деп білетін әрбір азамат тек осы Қазақстанды сүйіп, соның азаматы болу, Қазақстанды қорғау, Қазақстанның дамуына өз үлесін қосу. Бүгінгі Қазақстан жағдайындағы ұлттық патриотизмнің басты көрінісі — қазақтың ана тілінде сөйлеуі, жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беруі, ұлттық мінез бен болмыс қалыптастыру, ізеттілік, құрметтеу, қайырымдылық, мейірімділік сынды сезімдерін дамытуы.
Отан – отбасынан басталады» дейтін дана халқымыздың сөзіне еш шүбә келтірместен, елін сүйген баланы тәрбиелеп шығару үшін, Отанның қадірін туғаннан бастап бала санасына сіңіруіміздің қажеттілігін айқындау – уақыт талабы болып отыр. Сондықтан, Отанды сүюді қалыптастыру әр баланың отбасынан да, уақытының көбін өткізетін мектеп қабырғасынан да басталады. Ендеше, жас ұрпақты Қазақстандық патриотизм мен толеранттылыққа тәрбиелеу – мұғалімдердің басты парызы.
3. Патриоттық тәрбие беру жолдары. Патриотизмге тәрбиелеудің үлкен ортасы – мектеп екені белгілі. Ондағы жоспарлы тақырыптық сабақтармен қатар, пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар патриотизмге тәрбиелеудің бір бағыты болып отыр.
Патриоттық тәрбие берудің басты бағыты – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мен еліміздің мемлекеттік нышандарын оқушыларға үйрету және орындату мәселелері. Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасының 8 бағытқа негізделген кешенді бағдарламаның 1 бағыты -қазақ халқының тарихы мен салтын, тілін сүю және құрметтеуге, оның таңдаулы дәстүрлерін сақтауға және оны дамытуға, Қазақстанның басқа халықтарының мәдениетін зерттеу және игеруге негізделген азаматтық ұстанымды және патриоттық сананы, құқықтық және полимәдениетті, қалыптасқан ұлттық өзіндік сананы, ұлт аралық мәдени қарым-қатынасты, әлеуметтік және діни төзімділікті қалыптастыруды көздеген.
Өйткені патриоттық сезімнің басты нысанасы — Отан, оның мазмұны: туған жер, табиғат, дін, тіл, дәстүр, тарих, әдебиет, өнер жеке тұлғаны ерекше жылылық, сүйіспеншілік сезіміне баулып, патриоттық сезімнің негізі болады.Жеке тұлғаны патриоттық тәрбие арқылы дамыта отырып, нақты әрекет арқылы оқытуда төмендегі құндылықтардың болуы қажет: «Қазақстандық патриотизм» арқылы Отан, туған жер, ел, атамекен, мемлекет, туған өлке, халқы туралы түсініктер оқу – тәрбие үрдісінде, сабақтан тыс іс – шараларда Отансүйгіштік сезімді дамыту, ұлттық салт – дәстүрді сақтау, Мемлекеттік рәміздер Ту, Елтаңба, Әнұранда халқымыздың өткен өмір тарихы, бүтінгі игілікті істері айшықталған.
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, ана тілін қадірлеу сияқты сезімдерді оқушылар бойында қалыптастыру жүзеге асырылады.
Бастауыш сынып оқушыларын Отан қорғаушылардың өмірі, қызметі, ерліктері қызықтырады. Ұлтымыздың патриотизмге бай тарихын, жауынгерлер мен батырлардың ерліктерін, ата — бабаларымыздың өнегелі өмірін жас ұрпаққа жеткізу патриотизмге баулудың бірден – бір көзі. Бұл ретте аттары аңызға айналған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Жанқожа батыр, Ақтан батыр, Наурызбай, Қарасай батыр сынды ерлеріміздің ерлігін баяндау осының куәсі.
Қазақ халқының біртуар ұлдары А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлиндер өз ұлтының нағыз патриоттары екендігін мойындатқан нағыз ұлы тұлғалар.
Қазақстанның Халық Қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлының кейінгі ұрпаққа үлгі етіп қалдырған өсиеттері мен ерлікке толы шығармаларының орны ерекше.Бауыржан Момышұлы шығармаларды әскери-патриоттық тақырыптарда жазды.
Ал Бауыржан Момышұлының ерліктері туралы қаншама ақын-жазушылар қолына қалам алды десеңізші?! А.Бек батырдың ерліктері жайлы, «Арпалыс» атты романын жазса, Ә.Нұршайықов «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогын, М.Қалдыбаев «Ұмытылмас кездесулер» естеліктерін, З.Ахметова «Шуақты күндер» естелік- эссесін жазды.
Бауыржан Момышұлының өзі де ұлтжанды азамат екенін артында қалдырған қанатты сөздерінен көрініс табады. «Өзінің ұлтын сыйламаған, ұлтын мақтаныш тұта алмайды, ол сөз жоқ арамза, тексіз әрі қаңғыбас», «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды».
Бауыржан Момышұлы туралы айтылған ойлар мен пікірлер оның батырлығын, ерлігін суреттейді. Кез келген адам батыр болмайды. Батыр бойында қайрат, күш-жігер, қайсарлық молынан көрінеді. Тәрбие үдерісінде жазушы, ержүрек қолбасшы Бауыржан Момышұлы шығармаларын пайдалану — патриоттық тәрбие берудің қайнар көзі.
Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда негізгі стратегиялық бағыт – мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті білім беру стандартына сай оқу процесін жүзеге асыру. Бастауыш сыныптарда патриоттық тәрбие беруде ең алдымен ана тілі, дүниетану сияқты пәндер едәуір үлес қосады. Ана тілін оқу барысында еліміздің қаһармандық өткені мен теңдік алған қазіргі күніне сүйіспеншілік сезімдері нығаяды.
Дүниетану сабағында еліміздің жер байлығы мен әсем табиғаты туралы түсінік беріп қана қоймай оқушылардың елі үшін мақтаныш сезімін оятып, туған жерді қорғау қажеттілігін түсіндіруміз қажет.
Халық батыры Бауыржан Момышұлы былай деген екен: «Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтықпен кісіліктің символы, үлгісі санаған. Батырлық деген, ерлік деген ұрпақтан ата дәстүр болып қала бермек. Өткенін білмеген, тәлім-тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы-тұл, келешегі-тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы — батыр халық».
Патриоттық тәрбиенің басты бағыттарының бірі – әскери-патриоттық тәрбие. Отан табыстарының күзетінде тұрып, халқымыздың бейбіт өмірі мен еңбегін қамтамасыз етіп жатқандарға құрмет көрсетіп, оларды сүйіспеншілікпен бөлеу патриотизмнің құрамды бір бөлігі болып табылады.
Педагогтың міндеті – оқушыларға олардың шамасы келетіндей етіп Қазақстан әскері туралы мәлімет беру және осының негізінде оны сүюге, оны мақтаныш етуге және біздің сарбаздарымызға ұқсас, батыл, денсаулығы күшті, әдісшіл, тату және ұйымшыл болуға тәрбиелеу. Мұғалім оқушылардың Қазақстан әскеріне деген ынтасын ескереді: әуелі оларды әскери форманың әдемілігі, әскери ритуалдардың әсерлілігі қызықтырады. Мұғалім оқушыларды сыртқы көріністен неғұрлым елеулі мәніне — Қазақстан сарбаздарының патриотизміне, Отанды қорғауға дайын екендігіне, сарбаздық дағдыны үнемі жетілдіре беруіне қарай ойыстырады. Бұған әңгімелесу, әңгімелер және өлеңдер оқу арқылы қол жетеді.
Бастауыш сынып оқушылары Қазақстан әскерінің сарбаздық ерліктері мен күнделікті өмірін бейнелейтін суреттер мен иллюстрацияларды бар ықыласымен қарайды. Оқушыларды әр түрлі әскер түрлерімен, сарбаздық марапаттаулармен, азамат және Ұлы Отан соғыстары батырларының есімдерімен таныстырады. Олардың ескерткіштеріне бару, гүлдер қою дәстүрге айналады.
Оқушыларды интернационалист етіп өсіру – мұғалімнің күрделі еңбектерінің бірі. Мұғалім оқушыларға Қазақстан халқы – біртұтас отбасы, оған әр түрлі ұлттар мен халықтар кіреді, олардың бәрі тату — тәтті өмір сүріп, еңбек етіп жатыр деген негізгі идеяны жеткізеді. Әр түрлі ұлттың адамдары туралы берілген әсер мен түсінік негізінде оқушыларда оларға деген ықылас, достық сезімі қалыптасады.
Кіші мектеп жасындағы оқушыларды туған елмен таныстыра отырып, мұғалім оларға өздерінің еңбегімен елін тамаша да құдіретті етуге қажеттің бәрін жасаған Қазақстан азаматтары туралы, бұлардың Отанды бұрынғыдан да көркейте түсуге, ал барлық адамдар өмірін бақытты да қуанышты етуге тырысқаны туралы әңгімелейді.
Тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда жоспарға сай сыныптарда «Қазақстан, мәңгілік бағың жансын!», «Тәуелсіздік тірегі – төл теңге», «Біздің бір ғана Отанымыз — Қазақстан», «Батырлық пен қайсарлық» тақырыптарында жүргізілген тәрбие сағаттары мен жыл сайын мектеп бойынша өткізілетін «Талантыңмен таныл» байқауы, «Тілі басқа, жүрегі бір» өнер фестивалі, «Жырлаймын туған елімді» патриоттық әндер мен көркем сөз оқу сайысы оқушыларды патриоттық сезімге тәрбиелеудің көзі.
Достарыңызбен бөлісу: |