Дәрістің тақырыбы Оқу үдерісін ұйымдастыру. Бастауыш сынып оқушыларының оқу жетістіктерін бағалау әдісінің ерекшеліктері
Жоспары:
Оқыту үдерісінің мақсаты мен міндеті.
Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында педагогикалық үдерісті ұйымдастыру модульдері.
Жаңа педагогикалық үдерістің негізгі қағидалары.
Критериалды бағалау оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүйесі ретінде.
Бағалау жүйесіне қойылатын талаптар.
Жалпы білім беру мазмұнын жаңартудың ғылыми негізінде оқушыны белгілі бір білім, білік дағдыларын, жас ерекшеліктеріне байланысты өз күшін жұмсап, еңбектенетін бала қалыптастыру ең маңызды мәселе. Сондықтан да мектептегі оқу үдерісінің негізгі мақсаты - әртүрлі педагогикалық әдіс - тәсілдермен жүйелі түрде оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, ғылыми көзқарасы мен белсенділіктерін қалыптастыру болып саналады. Ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекеттің ғылыми – педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі. Жаңа педагогикалық технологияны меңгеруге мұғалімдерді даярлау – оларды кәсіби білімін көтеруге дайындау аспектісінің бірі және тұлғасын қалыптастыру үрдісіндегі іс - әрекеттің нәтижесі болып табылады. Оқытудың жаңа технологияларының принциптері – оқытуды ізгілендіру, өздігінен дамитын, дұрыс шешім қабылдай алатын, өзін - өзі жетілдіріп, өсіруші, тәрбиелеуші жеке тұлға қалыптастыру болып табылады. Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық жаңа технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты жетік маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің өзін-өзі дамытып, оқу – тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.
Еліміздің президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан- 2030» бағдарламасында «Білім беру жүйесінің басты міндеті- тұлғаның ұлттық және жалпы адамзаттық, құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде қалыптасуы, дамуы және тұрғыда жетілуі үшін қажетті жағдайлар жасау» деп көрсетті.
XXI ғасырдың мұғалімдеріне қойылатын талап көп. Мұғалім өз ісінің шебері болуы тиіс. Өз ісін жетік меңгерген, біліктілігін жетілдіріп үнемі жаңашыл бағытта ізденіс үстінде болуы керек. Қазіргі таңда бізден сапалы білім сұрайды. Ал сапалы білім болу үшін мұғалім әр сабағын қызықтыра өткізіп, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана білуі қажет.
А. Байтұрсынов «Мұғалім әдісті көп білуге тырысуы керек.Оларды өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдану керек» деп ерекше айтқан екен. Бүгінгі заманға сай жаңа әдістер бала бойындағы даму үдерісін жан - жақты арттыруға үлкен көмегін тигізеді. Оқыту үдерісінде алдымен оқыту мақсаты, оқыту мазмұны, сабақ құрылымы мен формалары өзгереді. Қазіргі кезде біздің республикамызда білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңестігінде өнуге бағыт алуа. Білім беру парадигмасы өзгерді, басқаша қарым - қатынас жаңа көзқарас пайда болды. Білім мазмұны жаңа үдерістік біліктер мен ақпаратты қабылдау қабілеттерінің дамуымен, ғылымдағы шығармашылық және нарықтық жағдайдағы білім бағдарламаларының нақтылануымен өзгере түсті. Бастауыш сынып мұғалімдерінің инновациялық іс- әрекетінің педагогикалық шарттарын меңгеруі, бүгінгі таңдағы басты міндеттердің бірі. Мұғалімнің өнері, оның өз сабағының композициясы мен оқу- танымдық міндеттерін шешумен бірге қарастыратын, оқушылардың өздік жұмыстарын ұйымдастырып, мектеп өмірінде оқушылармен қарым- қатынасынан көрінеді. Қазіргі таңда жаңаша білім беру, заман талабына сай жұмыстануға мүмкіндік беріп отырған Кембридж бағдарламасы.
Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында педагогикалық үдерісті ұйымдастыру модульдері:
1. Оқу мен оқытудағы жаңа тәсілдер.
2. Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету.
3. Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау.
4. Оқыту мен оқудағы ақпараттық - коммуникациялық технологияларды пайдалану.
5. Талантты және дарынды балаларды оқыту.
6. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу.
7. Оқытудағы басқару және көшбасшылық.
Кембридж бағдарламасы бойынша сабақта мұғалім ұйымдастырушы, бағыт беруші, көмекші, талдаушы, түрткі жасаушы, сабақта оқушылардың өздері түсініп ізденіп оқуларына мүмкіндік жасап отыру қажет. Мұғалім балаға білім беруде бағдарламаның 7 модульін ықпалдастыра отырып, түрлі әдіс - тәсілдерді қолдану арқылы оқу үдерісін ұйымдастырады. Оқыту үдерісі үнемі топтық, жұптық, ұжымдық әдіс - тәсілдер арқылы жүзеге асады. Топтық жұмыс оқушылардың өзара оқуына, пікір алмасуына жағдай жасайды. Топтық жұмыс ынтымақтаса жұмыстану арқылы күрделі проблемалық тақырыптарды шешуге бағытталған. Топтық жұмыстарда өзін ғана емес, басқаны да бағалай біледі. Топтық және ұжымдық жұмыстардың ұтымдылығы:
- Сабақ барысында барлық оқушылардың білімін тексеруге болады;
- Бір –біріне көмектесіп жұмыстануға дағдыланады;
- Бірінің білмегенін екіншісі толықтырады, ұйымшылдыққа үйренеді;
- Уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік болады;
Топтық жұмыста тапсырмалар бір сарында емес, әр түрлі бағыттарда болуы шарт. Топтық жұмыстарда шу болады, оны болдырмау үшін топтық ережені қайталап, өздеріне құрғыздырып отыру керек. Сонымен қатар мұғалім дарынды және талантты оқушыларды айқындау мақсатында кеңейтілген тапсырмалар беру арқылы тереңдетіп оқыту әдістерінің де орны зор. Берілген мәселені шешуде оқушының терең сыни ойлауы, шығармашылық қабілеті артады. Оқушылардың шығармашылық іс- әрекетіне жағдай туғызу оқушыны ойлай білуге үйрету екені сөзсіз.
Сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын дамыту барлық пәндерде жүргізіліп отыру тиіс. Эдисон: «Талант дегеніміз 1 пайыз ғана қабілет, қалғаны 99 пайызы еңбек» деген. Сондықтан оқу үдерісінде баланы еңбектену арқылы қабілетін көрсетіп еңбегін бағалай білуіміз керек. Үнемі балаға қолдау көрсетіп жұмысын, еңбегін бағалап, өзін - өзі бағалауға, өзгені бағалауға үйретіп, «жарайсың, тамаша, қандай керемет, мен таңқалдым» деген сөздер арқылы шабыттандырып, балаға мүмкіндік беруіміз қажет.
Көрнекті психолог Л. Выготский оқыту мен дамытудың байланысын зерттеп, баланы дамыту үшін күрделі тапсырмалар беруді ұсынған. В. Шаталов ережелерді оқылмаған тақырыптар бойынша оқушыларға есептер шығартады. Жаңашылдандырып баланы өзін - өзі құрметтеуге оқу - тәрбие үдерісінің барлық кезеңдерінде үйретеді. Өзін - өзі реттеу баланың өзінің іс- әрекеті арқылы жүреді. Мұғалім оқушыға кез- келген жерде ақыл айта бермейді, диалог және пікірталас арқылы жеткізеді. Жуан - жіңішке сұрақтар қоя отырып, «Сен қалай ойлайсың? Не себепті? Сенің ойыңша» деген сауалдар арқылы ойын дәлелдету қажет. Оқу үдерісінде ойын түрлері – ойшыл тұлғаны қалыптастыратын құрал. Ойын арқылы бала сабақты тез, шапшаң қабылдап алады. Оқыту үдерісіндегі ойын тәсілдері – тіл дамытуға, оқушылардың сөз байлығын молайтуға, дұрыс сөйлеуіне көмектеседі.
Оқыту үдерісінде профильдік, қашықтықтан оқыту тәсілдерін де қолдануға болады. Интербелсенді тақтамен оқыту оқушылардың еңбектерін жеңілдетеді, тез меңгеруге көмектеседі. Мұндай сабақтар оқушыларды қызықтырады.
Ақпараттық - коммуникациялық технологияның тиімділігі - келешек ұрпақтың жан - жақты білім алуына, іскерлігі мен шығармашылығын еркін дамытуға жол ашатын педагогикалық - психологиялық жағдай жасауында. Сондай - ақ, интербелсенді тақта арқылы әр түрлі грамматикалық тапсырмаларды орындау, мәтіндермен, жаңа сөздермен түрлі жұмыстар жүргізуде, сөздерге талдау жасауға, уақытты үнемді пайдалануға, оқушылардың ынтасын арттыруға қажетті әрі пайдалы құрал. Әр түрлі тест тапсырмаларын жүргізіп, оқушылардың білім сапасын бақылауда да компьютерлік технологияның үлесі зор. Оқушыларға өздеріне дайындалып, ақпараттарды іздестіріп келуге тапсырмалар беру, оқушының белсенділіктерін арттырады. Ақпараттық дәстүрлі әдістер- ауызша және жазбаша,телефон және радиобайланыс- қазіргі заманғы компьютерлік құралдарға орын беруде.
Бастауыш сыныптарда іскерлік пен дағдылар оқушылардың жоғары сынып материалын жақсы меңгеріп, алған білімдерін практикада қолдануға негіз болады. Бастауыш сыныптарда пәндік жүйелілік, сабақтастық ұстанымдары берік сақталуы қажет. Оқушылар білімін жүйелі тексеріп, бақылап отыру оларды жауапкершілікке, үнемі жұмыс істеуге, мақсатқа жетуде табандылыққа, қиындықтан қорықпауға баулиды. Сонымен қатар, оқушылар білімінің тиянақтылығы мен тереңдігін арттырады. Жұмысты жеңілдету үшін білімді тексерудің алуан түрлі жолдарын іздестіру – әр мұғалімнің міндеті. Жаңа педагогикалық үдерістің негізгі қағидалары:
* оқушыға ізгілік тұрғыдан қарау;
* оқушының күшін қалыптастыру;
* оқушының өз бетімен әрекеттену әдістерін меңгерту;
* оқушының шығармашылық икемділігін дамыту;
* оқу үдерісін оқушының сезінуі;
Әрбір ұстаз өз Отанын шексіз сүйетін, құрметтейтін, білімді, іскер, рухани адамгершілігі мол , мәдениетті, жан –жақты жетілген тұлға дайындауға міндетті. Оқыту үрдісінде жаңаша бағытта әдістерді пайдалану, оны ұрпаққа жеткізіп беру мұғалімнің парызы. Сондықтан бұл мәселеге психологиялық тұрғыда қарап, педагогикалық, әдістемелік шеберлігін шыңдай түсу керек.
«Бала жүрегі - кішкентай күй сандық. Сол күй сандықтың кілтін тапсың ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек» - деп Мұхтар Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол таба білу, бала бойындағы даналықты ашу, мұғалімнің басты міндеті.
Педагогикалық ізденіс барысында оқушыларды тәрбиелеу мен оқытуда жаңа әдістемелерді қолдануды оқу үрдісіне енгізудің маңызы ерекше.
Сабақтың тиімділігін оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыру үшін тақырып материалдарын оқып үйренуде, олардың әртүрлі ізденушілік бағыттағы тапсырмаларды орындауларынан байқауға болады. Оқытудың осындай жаңа әдіс-тәсілдерін пайдалануда мұғалімде, оқушыда табысқа жетіп, білімін шыңдай түседі.
Жас ұрпақтың жаңаша ойлануына, олардың біртұтас дүниетанымының қалыптасуында әлемдік сапа деңгейіндегі білім, білік негіздерін меңгеруіне ықпал ететін жанаша білім мазмұнын құру жалпы білім беру жүйесіндегі өзекті мәселе. Бүгінгі орта білім беру ісіне қойылар талаптар қай кездегіден де күрделі маңызды. Өйткені бізді дамудың жаңа кезеңі күтіп тұр. Сол кезеңге лайық ұлттық санасы жаңғырған жаңа ұрпақ тәрбиелеу міндеті мойынымызда. Барлық кедергілерді жеңу табысқа талпыну өз қолымызда деп білемін. «Оқусыз – білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген халық даналығы ешқашан мәнін жоғалтпайды. Оқыту үрдісінде оқыту әдістерін тиімді пайдалану, білім беру жүйесін тұтастай жаңа оқыту технологиясын енгізу оқыту процесінде толыққанды дамуына мүмкіндік жасайды. Оқыту процесінде компьютерге негізделген жеке әдістемелер оқу мақсаттары мен жағдайларына байланысты тиімді қолданылуы қажет.
Оқытудың тиімділігі оқытудың жеке тұлғалық стиліне, яғни, оқушыға оқу материалын тиімді сипаттайтындай қабылдау механизміне тәуелді болады. Осыған байланысты оқу іс-әрекетін тиімді қамтамасыз ету бәрінен бұрын оқушылардың өзіндік іс-әрекетін, оқытушының әрбір оқушымен жеке тұлғалық оқу іс-әрекетін сүйемелдеуді және жобалар мен оқу жұмыстарын оқытушылармен бірге ұйымдастыруды жобалайды.
Осылайша жаңа технологиялардың дамуы жаңа әдіс - тәсілдердің пайда болуына көмектеседі және сонымен бірге оның сапасын жоғарылатады.
Бұл технологияның өзектілігі қоғамның ақпараттандыру жылдамдығының артуымен сипатталады. Әр түрлі пән сабақтарында жаңа технологияны пайдалану білім мазмұнын жаңартумен, ақпараттық ортаны қалыптастыруымен, сондай-ақ сапалы білім беру мүмкіндігінің жоғары болуымен ерекшеленеді.
Соңғы кезеңде қазіргі заманғы педагогикалық ғылым мен практика түбегейлі өзгерістерге ұшырауда. Соның ішінде оқыту үрдісі ақпараттық – коммуникациялық жағдайларда жаңа көрініс алу жолында басқаша жаңалаған жолмен ХХІ ғасыр талаптарына сай білгір, уақытты үнемдей алатын тұлғаны қалыптастыруға бағытталады.
Қазіргі оқыту үрдісіне жаңа педагогикалық технологиялар кеңінен енуде.Оқушыны пәнге қызықтырумен қатар, саналы ойлауға тәрбиелейтін, қоғамдық көзқарастарын қалыптастыра алатын, өзіндік пікірі бар, қоғамдағы болып жатқан түрлі қарама-қайшылықтарды түсіне білетін, еркін сөйлеп, өз пікірін ашық айта алатын ойлы ұрпақ тәрбиелеуде сабақтың маңызы зор. Сол сабақ атты театрдағы басты кейіпкеріміз – оқушы болса, онда барлығымыздың бағытымыз бір, бағдарымыз байсалды болмақ. Әр мұғалім оқушыға көпқырлы сабақ беретін болған соң, қазіргі жаhандану саясатына сәйкес жаңа технологияны өз ыңғайына, пәніне лайықтап пайдалануы тиіс.Мұғалім шеберлігі – ізденіс нәтижесі. Сондықтан, орыстың ұлы педагог-ғалымы К.Д.Ушинскийдің “Мұғалім – өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады” – деген. Бұл “Ұстаз” атты ұлы сүрлеуге соқпағын салып жол тартқан көкірегі ояу, көзі ашық әрбір адамға берілген елеулі ескерту. Сабақты тартымды өткізіп, оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін әр сабағымызды түрлендіріп отыру шарт.
Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана, шәкірт жанына нұр құя алады», – деген сөзі ізденімпаз, жаңашыл ұстаздарға арналғандай. Мұны әрбір оқытушы жадында сақтауы тиіс. Үздіксіз білім алып, біліктілікті арттырып отырғанда ғана өз нәтижемізге жете аламыз.
Қорыта келгенде, жаңа инновациялық педагогикалық технологияның негізгі, басты міндеттері мынадай:
– әрбір білім алушының білім алу, даму, басқа да іс-әрекеттерін мақсатты түрде ұйымдастыра білу;
– білім мен білігіне сай келетін бағдар таңдап алатындай дәрежеде тәрбиелеу;
– өз бетінше жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру, дамыту;
– аналитикалық ойлау қабілетін дамыту.
Жоғарыда көрсетілген барлық модульдермен әдістерді орынды шеберлікпен қолдана білсе, үлкен нәтижеге жетуге болатынын және жоғары дидактикалық жетістіктерді байқауға болатынын сабақтар барысында анықтадым. Технологиялық жүйелілікті сақтай отырып, қазіргі сабақтарға қойылатын талаптарды қатаң ескерген мұғалім, оқушылар шығармашылығын арттырып, білім бәсекелестігіне дұрыс бағыт-бағдар бере алады.
Бастауыш буында педагогикалық үдерісті ұйымдастыруда, білім беруде оқушылдардың жеке ерекшеліктеріне қарай әдістерді тиімді пайдаланудың маңызы зор демекпін.
Бағалау үрдісін қайта қарастырудың өзектілігі осы күні білімдегі заманауи стратегиялық міндеттермен, білім сапасына қойылатын халықаралық стандарттарды және заман талаптарын ескеріп, білім сапасының деңгейін арттыру қажеттілігімен, білім беру нәтижелерінің объективтілігін және қазақстандық мектеп түлектерінің ел сыртындағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатымен, білім алушылардың оқу жетістіктерінің бағасына және оны бағалауға бірыңғай талаптарды әзірлеу қажеттілігімен анықталуда. Қазақстанның PISA-2009 [2] нәтижелерін талдау ұлттық білім беру жүйесін, ҚР Білім беруді 2011-2020 жылдарда дамытудың мемлекеттік бағдарламасыны шеңберінде білім саясатындағы басым бағыт ретінде бағалау жүйесі және білім сапасының мониторингін жетілдіру үшін өзекті келешегін көрсетуде [3].
Бастауыш мектептің бірінші сыныбында ресми білім алу бірінші сынып оқушыларының мектепке жайлы бейімделуі үшін бағалаусыз оқыту қағидаттары негізінде құрылған. Іс жүзінде бастауыш мектеп білім алушыларының жетістіктерін бақылаудың және бағалаудың балама жүйесі табысты қолданылуда. Білім алушылардың, соның ішінде бастауыш мектеп оқушыларының да жетістіктерін бағалаудың ұтымды нұсқасы болып критериймен бағалау жүйесі табылады.
Критериалды бағалау технологиясының қолданысы білім алушылардың жетістіктерін нақты анықталған, алдын-ала белгілі критерийлермен салыстыруды көздейді, әлдебір оқу материалының қаншалықты сәтті меңгерілгенін, әлдебір практиалық дағдының қаншалықты қалыптасқанын анықтап, әр білім алушының жалпы дайындығы деңгейіндегі өзгерістерді де, оның түрлі танымдық аяларындағы табыстары динамикасында тіркеуге мүмкіндік береді.
Педагогикалық практикада қазіргі күні жиі қолданылып жүрген бес балдық жүйемен бағалау әдістемесі қарапайым да, үйреншікті екені сөзсіз. Бірақ ол саралауға қабілетсіз және бағалардың объективтілігін қадағалауға мүмкіндік бермейді, өйткені оның білім алушылармен өз жетістіктерін өздігінен бағалауын қолдайтын және дамытатын, сонымен қатар, білім беру үрдісінде білім алушы өзінің сәттіліктері мен сәтсіздіктері туралы ақпаратты меншікті жетістіктерін жақсарту үшін ұсыныс түрінде алып отыратындай, кері байланысты жүзеге асыратын нақты және анық критерийлері жоқ.
Критерийлік бағалау жүйесінің білім беру үрдісіндегі қолданысы білім алушылардың жетістіктерін бағалау жүйесін жеке пәннің мақсатты нұсқамаларымен байланыстыруға, сонымен қатар білім алушылардың бастауыш мектептегі құзыреттіліктерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін белгілі параметрлерді (критерйилерді) қолдану арқылы анықтап, көтеруге мүмкіндік береді.
Бастауыш мектептегі әр оқушының дайындық деңгейін, оқудағы жеке ілгері басуын критерийлік бағалау жүйесімен анықтау, тек оқушылардың білім алуға деген мотивациясын ғана емес, бастауыш мектептегі білім беру үрдісінің де сапасын көтеруге мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |