Ә. Шілтерханов әңгімелерінің танымдық қасиеті мен көркемдік ерекшеліктері. Мазмұны Кіріспе



бет1/2
Дата25.12.2016
өлшемі0,56 Mb.
#4432
  1   2

Ф-ОБ-001/002

Ә. Шілтерханов әңгімелерінің танымдық қасиеті мен көркемдік ерекшеліктері.

Мазмұны
Кіріспе

І тарау


Жазушы және дәуір.

ІІ тарау.

Ә. Шілтерханов әңгімелеріндегі өмір көрінісі

Қорытынды.

Пайдаланылған әдебиеттер


Кіріспе

«Өнер алды - қызыл тіл» дейді дана халқымыз ықылым заманнан бері тұжырымдаған асыл ойын бір ғана жолға сыйдыра халық даналығымен қабысқан өрнекті сөзбен ойлы тұжырым, ғасырдан - ғасырға ұласып, әдебиеттің төрінен орын алып келеді.

Көркем әдебиет - искусствоның бір саласы. Ғұлама ғалым А. Байтұрсынов саралаған өнер атаулы беске бөлінеді: архитектура (сәулет өнері) культура (мүсін өнері), живопись (сурет өнері), музыка және әдебиет (сөз өнері).

Теориктердің айтуынша, әдебиет көркем өнердің ең негізгі саласы болып есептеледі. Көркем өнердің басқа түрлері бірінің жұмысын бірі атқара алмайды. Сөз өнері арқылы сәулетті сарайдың көрінісін де құйып қойғандай етіп, адамның кекінін де, табиғаттың көрікті суретін де жасауға болады. Көркем әдебиетте кездесетін талай сұлу портрет, талай тамаша табиғат суреттері өмір құбылысын дәл, шындық бейнеде бере алумен қатар, сол құбылыстың қыры мен қимылын сезінгендей дәрежеде жанды, жинақы түрде суреттей алады.

Бұған скульптура живопись не басқаларының күші жоқ. Сөз өнерінің құдіретті күшімен ақын, жазушылар оқырманын қуантада жылатада алады.

Көркем әдебиеттің ерекшелігі өмірдің, өмір құбылысының бейнесін көркем сөз арқылы суреттеу, сөз арқылы адам образын жасау.

Сөз өнерінің алғашқы түрі халық ауыз әдебиеті. Ол адам баласының санасы сәби кезеңінде туса да, ауыз әдебиетінің жақсы үлгілерінен ой-сезімді суретарқылы беретіндегін көреміз.

Жазудың шығуымен байланысты ауыз әдебиетінің орнын жазба әдебиетінің орнын жазба әдебиет алады да, оны біртіндеп ескі заманның мұрасына айналдырады.

Көркем әдебиеттің образ жасаудағы құрамы - сөз. Тіл қорынан сөздердің ең керектісін таңдап, талғап ала білудің және оларды сөйлем құрамында шебер қиюластырудың арқасында жазушылар адам ойының түйіні мен сезім түйсігінің әр алуан құбылысын суреттеп бере алады. Бұл оны көркем өнердің

ішінде өмірді әрі толық, әрі кең суреттейтін сегіз қырлы және халыққа көп тарайтын түрі ететін шарттың бірі.

Оңтүстік өңірі ұлысымыздың қаймағы, әдет - ғұрпымыздың алтын қоймасы. Қасиетті өңірімізден түлеп ұшқан, әдебиет майталмандары аз емес. X. Есенқара, Ә. Аймақ, М. Байғұт, Т. Әлімқұлов солардың ізін жалғастыра, жазушы, зерттеуші қаламгер С. Шілтерханов әдебиетке кеш келгеніне қарамастан сүбелі үлес қосып келеді. Біз шығармаларын қарастырғалы отырған қаламгердің туындылары қай кезеңінің жемісі өмір сүрген уақытысы қандай?

Ол кездің көрінісін қалай суреттеді? Шығармаларында қандай көркемдік тәсіл қолданды. Зерттеу жұмысының барысында осы мәселелер қаралады.



Тақырыптың өзектілігі: - халықтың елдігін сақтап. Оны үлт етіп тұратын басты белгілернің бірі, салт - дәстүр, әдет -ғұрпы. Қала берді оның мәдениетін әлемге паш ететін де осы белгісі. Өнегелі өткен жоқ халықтың жарқын болашағы да жоқ.

Осы тұрғыдан келгенде, жазушының әңгімелеріндегі дәстүр көріністерін, оның көркемдік ерекшеліктерін, танымдық қасиеттерін талдау арқылы, оқырманға жеткізу, кезек күттірмес мәселе. Тақырыптық өзектілігі де осы.



Мақсаты мен міндеттері: - Ә. Шілтерханов шығармашылығындағы әңгімелердің танымдық қасиеті мен көркемдік ерекшеліктерін анықтау үшін ондағы халықтың өміріндегі әдет-ғұрып көріністері, яғни ұлттық дәстүрге қатысты мәліметтердегі өмір көріністерінің мәнін жан-жақты ашу келешек ұрпаққа түсіндіру, сол мәліметтердің аса құнды дүниелер екендігін оқушы санасына сіңдіру, дәйекті дәлелдер келтіру.

Осы арқылы, тәуелсіз елдің ұрпақтарын ұлттық рухани дүниетанымы кең, саналы ұрпақ тәрбиелеуге ұмтылдыру.

Ә. Шілтерханов шығармашылығын жан - жақты талдау, идеялық - көркемдік ерекшеліктерін айқындау, әңгімелерінің танымдық қасиетін таныту.

Зерттеу нысаны: - Жазушының өмір сүрген ортасы, дәуірі, оның шығармашылары, Ә. Шілтерханов туралы жазылған сыни мақалалар мен тұжырымды ой- пікірлер.

Жұмыстың құрылымы: - Жұмыс кіріспе, негізгі бөлім қорытындыдан тұрады.

Жазушы және дәуір

ХХ ғасыр адам баласының тарихында ең бір күрделі, қайшылығы да, қалдырар ғибраты да мол дәуір болып табылады. Бұл дәуірде қазақ халқы жаппай сауаттылыққа жетті, ғылым – білім саласындағы едәуір табыстарға ие болып, дүниежүзілік таным дәрежесіне көтерілді, жаңа ұлт зиялыларын қалыптастырды. Қазақстан жерінде өндіріс орындары ашылып, жаңа қалалар салынды. Ауыл шаруашылығы саласында жаппай көшпелі ел түгелдей отырықшылыққа ауысып, тұрақты шаруашылықтарын жүргізді. Бұл – ғасыр табысы. [2.10].

Сонымен бірге бұл дәуірде қазақ халқы ғылыми емес, қолдан күштеу жолымен жасалған, социализмді бастан кешіп, неше дүркін қырғын мен ашаршылықтан өтті. Адам құқының аяққа басылып, қарап жүрген адамның тұтқындалып, өз халқының жауы болып шыққанын көрді. Соның қырсығынан халық өзінің өсімді жолынан жаңылысып, көбею орнына азайып кетті. Әр түрлі сылтаумен тасымалданған, халықтар есебінен халық өзінің этникалық болмысынан да өзгеріске түсіп жатты. Бұл оның ұлттық тілінің сақталуына қауіп тудырды.

Міне, Кеңес үкіметінің осындай сұрапыл тұсында өмір сүріп, түрлі қызметтер атқарған Ә.Шілтерханов отанына шексіз берілген ұлтжанды азамат еді. Өз кезеңінде түрлі ел басқару ісіне араласып, қоғамдық қызметтерді атқарды. Үлкен ауылға партия ұйымының хатшысы, кеңшардың төрағасы болып, ұзақ жылдар еңбек етті. Халықпен әрдайым етене қатынаста болды. «Ел-бүгіншіл, менікі – ертең үшін» - дейді. А. Байтұрсынов жазушы осы сөздердің иесі еді. Ол үнемі болашақты ойлады. Қазақ халқының ертеңі оны қатты толғандырды. Барынша әділ басшы болып, халықтан бар көмегін аямады. Жазушы «Өткенін ұмытқан, оған зер салуды қажет деп білмейтін халықтың болашағы да жоқ екенін бұрын да сезетінмін, ал халқымыздың тарихының денін бүркеп жатқан осы құмдар екені соңғы кезде ғана ойыма оралып жүр» - дейді бір мақаласында.

Бұны оның бүткіл шығармасының түп қазығы десе де болады. Жазушының осы бір қырына тереңірек мән берген Б.Нарымбетова «Құмға ғашық қария» деген мақаласын жазады.

«Шымкентте құмға ғашық бір қария тұрады кәдімгі сусыған құмға. Қайсы-біреулер үшін өлі дүниедей көрініп, кейде сұп-суық сүлесоқ жататын, кейде жыландай жылжитын сол құмнан сұлулықта байлық та көреді. Құмның қойнауында халқымыздың өткеніне қатысты талай дүние жатқанын тарихшыларымыздың есіне салып жүрген де сол кісі - Әдіһам қария» [4:6].

Иә сол құмға ғашық қария, зейнеткерлікке шыққан соң баз біреулердей, жан тыныштығын сақтап, қол қусырып қарап отырып қалған жоқ. Шығармашылықпен айналысты. Көргенін көңілге түйіп, естігенін есінде сақтай білетін зерек те зейінді қаламгер қолына қалам алған алғашқы жылдың өзінде заманымыздың заңғар жазушысы М. Әуезов, күш атасы Қ. Мұңайтпасұлы, құйрықты жұлдыздай жарқырай көрінген, өмірден ерте өткен С. Ерубаев жайлы «Үш бәйтерек» атты естелік – эссе жазып бастырды. Қ. Анарбеков «Осы алғашқы кітаптан –ақ, Әдекең шығармашылыққа мол дайындықпен келген қалымды қаламгер екенін байқатты» -дейді. [5:4].

Шынында да жазушы өзі айтқандай сонау жас шағынан «әр кезіккен ерден, әр жер, әр елден, аққан су, ескен желден, асқар белден күніне ғибрат алып, отырған.

Біз мұны, әсіресе жазушының 1994 жылы жарық көрген «Аталы сөздер» атты нақыл сөздер, өсиет ой-толғамдар кітабынан анық аңғарып кітаптың алғашқы бетінен –ақ оның даналығына бас иеміз. Әуелі «Он ақылдыдан, бір мейірімді адам артық» - дейді. Ойлап қарасаңыз шынында да әрекетсіз бос айтылған он ақылдан, адам жанын жадыратар, шапағаты мол бір мейірімдінің артықтығына көңіліңіз күмәнсіз сенеді. «Аталы сөздерді» одан әрі оқимыз. Жазушы кітаптың алғашқы беттерінің біріне:

Бұл өмірдің күні көп,

Ауыр ғой деп мұңайма,

Жеңіл ғой деп қуанба,

Жіңішкеге шіреніп,

Иілмейін жуанға, - деп өмір туралы толғанса, енді қасиетті жер ана құдіреті туралы шумақта:

Жерге уылған жақсылық –

Қайың болып көгеріп,

Райхан болып гүл ашар,

Аңыз болып айтылып,

Ұрпақтарға ұласар, - деп оқырманға ұлағатты ой тастайды.

Кітаптың қай бетін ашып оқысаңызда, жазушының қоғамдық құбылысты, өмір – тұрмысты, адамның жан – дүниелік, жағымды – жағымсыз қылығын, іс әрекетін, өзара қарым – қатынасын зерделей білетін ойшыл жан екенін аңғаруға болады.

Жазушының нақыл, өсиет толғамдары ілгеріде өткен, дәлірек айтқанда ХІ ғасырда Жетісу өлкесіндегі Шу өзенінің жағасында, Баласағұн шаһарында өмір сүрген Жүсіп Баласағұни, Махмуд Қашқари, Омар Һаям, Саиф Сарай, А. Игунеки т.б. ұлы ойшыл, данышпан бабаларымыздың бүгінге дейін мән – мағынасын, құнын жоймай, ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келе жатқан ұлағатты сөздерімен бара – бар. Мысалы, Ж.Баласағұни «Құтты білік» деген ұлы шығармасында:

Аралас жүр, ішінде бол ізгінің,

Сонда ұстайсың кісіліктің тізгінін, - десе, Шілтерханов:

Надандық – түнек

Ақыл – нұр.

Теңелем десең жақсыға,

Ақылдыға жақын жүр, - дейді.

Ұлы ойшыл, философ Омар Һаям өзінің рубайларының бірінде:

Сұм тағдыр сұмырайға нан бересің,

Сұлу жар, үй салтанат – сән бересің.

Бір түйір нанға зар боп жүргендер көп,

Алмаған адал жанда бар ма өшің? – десе, Шілтерханов бұл ойды былайша толғайды:

Табанының бүрі жоқ,

Тап бергенін қайтесің.

Қошеметтің бірі жоқ.

Бақ бергенін қайтесің.

Оқыған адамның сезімін қозғап, терең де тебіреністі ой салатын мұндай ұлағатты сөздер жазушының «Аталы сөздерінде» көптеп кездеседі.

«Жалын» баспасы арқылы соңғы кезде жарыққа шығарған кітабы – «Ақжалдың ақыры» (1950) аталады. «Өмір бойы шаруашылықта істеп, әдебиетке кеш келген Әдекеңдей жанның деректі прозаға шамасы келгенімен, көркем прозаға келгенде қиналар-ау, босқа арамтер болады ғой деп ойланып, күдіктеніп оқып едім қолжазбасын. Жоқ. Күдігім бекер болып шықты. Кәнігі қаламгердің кәдуілгі прозасындай әсер етті» - дейді өзінің жүрек жарды пікірін білдірген Қ. Ергөбек. [6:255].

«Атақоныс» Әмір, Әсем, Таңат, Қанат, сұраншы секілді өз өмірлерін елмен, жермен етене бауырластырған, Жер – Ананың қиналыс – күрсінісін өзгеден терең түсінетін ауыл азаматының бейнесін даралай тұлғалауымен, Сыр өңіріндегі экологиялық қасіретті характер арқылы ашылып айта алуымен талғамнан шығады. Автордың: «Ол кезде дария таситын. Бура тасу, тайлақ тасу дейтін неше түрлі тасулар болады» деген бір – екі сөйлемнің сөзінен күрсініс, Сырдарияға деген сағыныш аңғарылады.

«Ақжалдың ақыры» - Тәкен Әлімқұловтай тәлімді шебердің атақты «Ақ боз ат» романымен іштей үндесіп жатқан хикаят. Қылқұйрықты қатты қадірлеген, тұлпарын тағдыр тұтқан қазақ кемелдерінің өзін «кеткен тұяқ кемеңгерлерім», «Ат басындай алыптарым» деп бағалаған, тұлпардың басы емес, тұяғына дейін ардақтаған. Ақжол кешкен бір кезең шындығын оңтайын тауып ашыпты.

Ал, «Қабылдың әңгелегі» әнгімесі - өмір бойы қауын еккен диқанның дүние-жиһан, ұрпақтар сабақтастығы жәйлі толғанысы.

- «Ә, бәлем, алақанат, қанша қу болсаң да, саған менің әңгелегімнің шапағын біржолата құртып жіберу қайда?! – деп ойлады. Сәлден соң басына бір ауыр соққы тигендей болды ма, дүние шыр көбелек айналып сала берді...» - деп сипаттайды кейіпкердің ақырғы сәтін.

Ә. Шілтерханов – табиғат сырын терең зерттеген, тарих, этнографияға жетік жазушы. Оның шығармаларынан әлдеқашан ұмыт болған табиғат құбылыстарын, саятшылық сырлары, тұрмыс-салт жоралғыларын табасыз. Сусора, алабота, ақсары, қарабурыл секілді шөптің неше атасы, басыбалды, әміркен, шытырлақ, торлама дегендей қауынның түрлі атауларын кездестіреміз. Мұның бәрі кейіпкер тіршілік ететін ортаны жасайтын материал байлығы, жазушының өмір көрегендігінің белгісі. Ә. Шілтерхановты өзге жазушылардан ерекшелеп тұратын да осындай өмір сырына жетіктігі.

Автордың ағымдағы баспасөзде жариялаған көптеген мақаласы тарих этнография, фольклор, шежірені байланыстыра алуымен, тың ұтымды, шешім жасауымен назар аударарлық.

Әдебиетші, ғалым Қ.Ергөбеков: «Өзін не жазушы, не ғалыммын деп есептей бермеген Әдіһам Шілтерхановтың деректі, көркем туындылары - әдебиетте, мақалалары – ғылымда салмақты, қаламгерлікті толық ақтайтын дүниелер екеніне еш күмән жоқ. Әдебиетке біреу кеш келеді, біреу ерте келеді. Алайда, мәселе - үзер жемісте. Ә.Шілтерханов әдебиетке кеш келді деп біз көкірегінен итермеспіз, өзі де өкінбес», - дейді [6.199].

Мал - дүниесі тәркіленіп жер аударылған, «құдайсыздар қоғамының» қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде, сұрапыл заманның сұрқия саясатының беделі үстем болып, тұрған шақта өмір сүрген Шілтерханов шығармалары, өз заманының көрінісін, шебер суреттей білуімен құнды.

Жазушының әр әңгімесінде тарихи, ұлағатты деректер үйлесімді өрілген. «Зауал» деген хикая, аты айтып тұрғандай ұлт – азаттық қозғалыс, кәмпіске, Ұлы Отан соғысы кезеңдерінде ел ішінде болған дүрбелең кезінде кей адамдардың халыққа, жеке адамдарға істеген қысастығы, зобалаң туғызғаны, аяушылық атаулыны ұмытып, қатыгездік жасағаны, Ерғара, Кезбен кейіптері арқылы берілген.

Сонымен бірге, созақ өңіріндегі құм ішінде болған елеулі оқиғалар, сол тұста өмір сүрген айтулы тұлғалар, олардың ерлік істері, өмір мен өлім, зұлымдық пен ізгілік, достық пен қастық белдескенде өмір мен жақсылықтың жақсы сыйпаттағы мінез – құлықтары, ел әңгімелері хикаяның ажарын аша түскен.

«Зауал» оқиғасы былай өрбиді.

Колхоздың бәйгеторы және жирен айғыры жоғалып, соны іздеуге шыққандар жолбасшылыққа Кезбен деген шалды көндіреді. Ол бұрынғы баукеспе ұры, қолы қанды жанкешті. Қазір ешкіммен араласпайтын, тұйық кісі. Кейбір адамның қалқоздасу, кәмпеске кезінде белсенді болып, талай адамды қан қақсатқанын, құм ішінде жылқыларды іздестіру үстінде бірте-бірте көрсеткен.

Хикаятта тарихта болған кесек тұлғалар жәйлі тұшымды деректер де жетерлік. Абылай ханның Қасым деген баласының ұрпағы Мәлік төре, 1916-жылғы ұлт – азаттық көтерілісінің басшылары Әбдіғаппар әмірші, сардарбасы Амангелді, құралайды көзге ататын, Кейкі мерген жәйлі айтылған. Жазушы ретті жерінде қазақтың салт – дәстүрлерін еске салып отырған. Мысалы, Досан қарияның аузымен «Ата – бабамыздың ілгері салтында әр үй иесі қолда бар мал – мүлкін ер балалларына бөліп береді, қызға енші тимейді.

Бірақ, қыздан туған ер балаға жиенге шешесінің сыбағасын ұрлап, болса да алып кетуге жол береді. Менің малымның ішінде оның шешесінің үлесі бар» - деп, автор алмасына қоймай әңгіме кейіпкеріне бір ат мінгізіп жібереді.

Өмірде неше түрді зұлымдық жасаған Ізбен ақырында құмға көміліп өледі. Осылайша зауал тапқан Кезбеннің өлімі үстінде оның кесірінен Сібірде көп жыл бойы айдауда болған Шубай мынандай салтты, еске салады. Талай тұтқынды тепкісімен таяғынан жарымжан қылған, біреуді азаптаудан жаны рахат табатын Қосай деген бақылаушы өлгенде, қабасақал жасамыс орыс шалы оны табыттан шығарып алып, көрге етпетінен салып, қайыңнан қазық жонып, екі жауырынның ортасынан шегелей қағып: «Жігіттер мұны мен тапқан жоқпын. Кеудесіне сайтан ұялаған, бар өмірін төңірегіндегілерді азаптауға арнаған адамды, тым болмаса, өлгенде тыныш жатсын деп жерге қадамен қағып тастау ілгеріден келе жатқан салт» - деген екен.

Кезбеннің зұлымдыққа өмірін шалғанда, тура осылай етуге лайық. Бірақ, бұл қазақ салтында жоқ деп, Досан қарт Кезбенді оң жаққа жатқызып, бетіне орамалын бүркеді. Құран оқып, жаназасын шығарды. Сол кезде суырған құм әне – міне дегенше өліктің үстін түгел жауып, үлгерді. Досан қарттың сөзімен жазушы бұл өлім жәйлі «өлгенге құрмет тіршілігіндегі ісіне қарай жалғасады., «Е, айналайын жасаған, қиялдайтындай өмір бер, ұялмайтындай өлім бер!» - деп аяқтайды.

«Өмірдің мәні-өлімде» деген мақаласында Өмірзақ Ақ жігіт; «Зауал» сіз осы сөздің мағынасы туралы ойланып көрдіңіз бе? Ә, қайдам ойлансаңыз да әңгіме арасында үстірт қана желіп өткен шығарсыз. Пәленшені зауал ұрды ғой, зауал деуіңіз мүмкін. Бірақ, естілуінің өзі құлаққа сақпанның тасындай ауыр тиетін осы сөздің мәніне терең бойлап әуре болмағаныңыз анық. Өйткені, тереңдемеген жалғыз сіз ғана емессіз, мен де терең ойланған емеспін. Өзгелер де солай. Себебі, біз зауалға ұшыраған емеспіз, өзімізді ешқашан оған ұшырамастай да сезінеміз, тіпті күнделікті өмірде оның бізге ешқандай қатысы жоқ секілді көрінеді.. – дейді. [7.4].

Ал, шын мәнінде бәрімізде судан ақ, сүттен таза емеспіз. Бірақ, зауал қай тұстан, қашан келетіні бәрімізге де беймәлім. Күнделікті өмірде бұл жөнінде ойлана бермейміз. Сонда қашан ойланамыз?

Ой түсіретін шығарма оқығанда. Міне, сондай шығарманың біреуі – «Зауал» хикаясы. Жалпы, мамандығы агроном, көп жыл басшылық қызметте істеп, жазушылық ізгілікке Лев Толстойша «жазбай тұра алмайтындай жағдайға жеткеніңде ғана «бой ұрған жазушы шығармашылығының ойлантпайтын дүниесі жоқ. Дегенмен, солардың ішінде де «Зауалдың» орны бөлек, шоқтығы биік.

Біз әңгімеміздің басында «... жалшылардың барлығы дерлік» дедік. Яғни олардың арасында болыстың малынан бас тарпағандары да табылған. «Бес саусақ бірдей емес», ел іші болған –соң негізі нашар жандардың кездесуі заңдылық. «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман адамға мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас». Бұл олардың мал біткен кезіндегі сыйқы. Ал, Кеңес дәуірінің бастапқы кезеңінде бұндайларға әлі мал біте қойған жоқ болатын. Есесіне олардың қолына билік тиді. Шексіз билік. Бұрынғы замандарда ол мүмкін емес болатын Құнанбайға арқа сүйеп Майбасар старшындар шектен шығып бара жатса, тәубесін есіне түсіретін Құлыншақтың «бес қасқасы» әр елден табылатын. Кеңес кезінде Майбасарлар аға сұлтанға емес, ақ патшаның орнына келген өкіметтің өзіне арқа сүйеді. Қалайша 1928-жылғы 18-қазанда Бүкілодақтық атқару комитеті мен Халық комиссарлар Кеңесінің қаулысына сәйкес ауылдық Кеңестер жанынан «көндіру комиссарларын» құру басбұзарлықты заңдастырып бергенмен бірдей еді. «Жығылған үстіне жұдырық», қазақтың сорына қарай дәл осы кезде өлкелік партия комитетіне басшы болып «қу жақ» Голощекин келді. Жай келген жоқ, «бұл елде феодализмнің мұрты бұзылмаған екен, Қазақстанда «кіші Қазан» төңкерісін жасамай болмайды» - деген ұран ұстана келді. Сталиндей «әкесін» құптаған бата алды, сөйтіп, ел тізгіні, бір шылбыр қолына тиді. «Коллективтендіру ісінде де өзге республикалардан артта қалып қойыппыз» - деген шешімге келген Голощекин коммунистік партия Орталық комитетінің осы мәселе жөніндегі қаулысын орындауға жанын сала кірісті. Барлық партия, Кеңес Органдарына аса қатаң, төтенше нұсқаулар жіберілді және оларды жүзеге асыратын дәл осы дәрежеде ерекше құқықтар берілген төтенше өкілдер жөнелтілді. Міне, қазақ топырағында бұрын – соңды кездеспеген, шаш ал десе бас алатын «белсенділер» дәл осы кезде өмірге енді.

«Белсенді», тіпті «шолақ белсенді» деген пәлелер қазақ жеріне қайдан келді? Бір күннің ішінде «Жер астынан жік болып, екі құлағы тік болып» шыға келді ме? Табиғаты, тамыры қайда? Мұндай қатыгездіктің? Тәркілену кезеңінде көктеу алған бұл үрдіс тұтас бір құбылыс ретінде қалай пайда болды? Жиырмасыншы жылдардың аяғы әлі де қазақы қатынастың қаймағы бұзылмаған, ел арасында билер сотының жүйесі де сақталған, кіші үлкеннің алдынан кесіп өтпейтін кез емес пе еді?

Хикая бұл сұрақтарға жауап бермейді. Және жауап беріп, бәрін орын-орнына қойып кетуге ол міндетті емес. Есесіне өзінің нағыз міндетін ойдағыдай атқарады – ойға жетелейді.

Төлеген Айбергеновтің өлеңінің өңін сәл өзгертіп айтар болсақ «Ойлантпаған хикая хикая ма ойлантпаса құны оның бір-ақ тиын» Ендеше шамамыздың келгенінше ойланып көрейікші.

Әрине, белсенділер қазақ топырағында бір күнде пайда болған жоқ. Белсенділік неде болса қазағымыздың қолтумасы. Жақсысы мен жаманы бірдей халқымыздың қанында бұрыннан бар қасиет. Белсенділік әрбір жаман қасиет секілді, төңкерістен басталған өтпелі, аласапыран кезеңде «жарқырап жер бетіне шықты. Белсенділердің бір тобы бай – манаптардың кесірінен қисық жолға түскен осындай Кезбендерден пайда боды. Енді бір тобы ешкімнен ешқандай алабөтен қорлық көрмесе де, елге ерекше зәрін шашқан Ерғаралар еді.

Ерғаралардың тарих сахнасына шығуының төркінін «билік адамды бұзады, шексіз билік адамды шексіз бұзады» - деген даналықтың айналасынан іздеген жөн болар. Десек те, биліктің кез – келген адамды бұза алмайтыны, бұзылуға дайын тұрған, топырағы әубаста жаман жерден жаратылған жандарды ғана бұзатыны түсінікті. Бұл сөзден қашудың қажеті жоқ. «Адамның бәрі бірдей, әркімнің жақсы жағы да жаман жағы да болады» деп өзімізді - өзіміз алдағанды қояйық. Бұл дүниеге жаратқан өзінің ең сүйікті құлын – адамзат баласын беріп бір, алып екі сынау үшін жібереді. Әр пенде сол сын сәтте өзін қалай ұстай біледі, жұрттан жасырып жүрген, осалдығын сыртқа шығарып алды ма, соның салдарынан бұрынғысынан да, төмен құлдырай түстіме, үйіліп тұрған бақ дәулетті көтере алды ма, қанша қиындық көрсе де шыдап, осалдығын жеңе білді ме, мүлдем басқа алдаспан – адамға айналып шықты ма, кейінгі тағдыры соған түгелдей байланысты.

Белсенділер бұл сынаққа шыдай алмады. «Бек болмаған бек болса, таяу кетпес басыңнан». Ол кездегі белсенділердің елге көрсеткен қорлығын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Көзбен көрмеген бүгінгі ұрпақты «осындай оқиғалар болып еді» деп сөзге сендіру және мүмкін емес. Өйткені, итті жеті қазынаның біріне санаған елге ит терісіне салық салу, құс ұстамаған елге құстың жүніне салық салу, көшпелі елге шойын темірге салық салу, қақаған қыста жүнге салық салу, міне, салықтың түрлері осылай болып келе береді. Мұндай салықты кім төлей алушы еді? Төлей алмағанға белсенділер білгенін істейді. Алдымен малын тартып алған Айбас әулетін Кезбен де Оралға жер аудартады. Сегіз жыл өткенде бес үйлі жаннан екі адам ғана аман оралады.

Кезбен көктемейді, өспейді. Бала тұрмады. Қатын құқатылмады. Ең ауыр жазаға тап болды. Бұл ретте Ө.Ақжігіттің пікірін келтіруге болады: «Зауал ұрмай қоймайды. Зауалдың ең жаман жері – сенің күнәң үшін жазықсыз жақындарыңды, әдетте ұрпағыңды ұрады». [7.5].

Кезбеннің әлі періште күйдегі балаларының тұрмауы да содан. Баласыз өткендер осы екі белсенді ғана емес, ондай оқиғалар бүгінгі өмірімізде де орын алып жатыр.

Зауал бізді адамға қарсы қиянат істегенде ғана ұрмайды. Біз ең үлкен қиянатты табиғатқа «Жер – Анамызға» жасап келеміз.

Ендеше, әрбір істі қолға аларда ойлансақ қана зауалға ұшырамаймыз. Авторда ойлануға шақырады.

Біз қариясына қарап ауылын, ауылына қарап азаматын танитын халықпыз. Халқымыздың тарихына көз жіберсек, ірілік пен ерлікті, бірсөзділік пен тұрақтылықты, ізгілік пен имандылықты насихаттайтын, жан тебірентерлік мысалдар жетіп артылады.

Кешегі өткен ашаршылық жылдары Ташкент жаққа қарай босқын боп аққан көп қазақтың ішіндегі бір кейуана беліндегі жарты күлшесін тамызық етіп, дем алу үшін жолда кездескен сулы арық бойына тоқтайды. Қараса анадай жерде 14-15 –тер шамасындағы жасөспірім бала сұлап жатыр екен. Әуелі өлген адам ба деп шошынған қария аңдап қараса, бала тыныс алатын сияқты көрініпті. Сонда оның аштықтан өзегі талып жатқанын біліп, аузына су тамызып, күтімге алыпты. Біраздан соң бала көзін ашып, сөзге келіпті. Күні бойы жанындағы жарты күлшенің жартысын екеуі тамызық етіпті. Жас бала емес пе? Біртіндеп тез әлдене бастапты. Ертесіне қария: «Қарағым, мен біраз асарымды асадым, Алла жазса берген өмірін тағы көрелік. Ал, сен өмірге енді келе жатқан жассың. Сен өмір сүруің керек. Мына қалған нанды алып, жолға шық. Маған қарайлама» - деп итермелеп жолға салып жіберген екен. «Содан бері көп жыл өтті, шүкіршілік ел қатарлы қызмет істедік, үйлі – боранды болдық. Бірақ, сол кейуананың сол кездегі сынық нанын ұсынып тұрып, тілеулестікпен айтқан жалынышты көзқарасы көз алдымнан кетпейді» - деген сексендегі қарт сөзі оқушысын таңқалдырмай қоймайды.

Қазіргі кезде қолданылып жүрген ұлттық менталитетімізде үлкенді сыйлау басты орында тұрады. Ұлтты ұлт етіп ұлықтауда көнекөз қариялардың орны тым бөлек. Сондай данагөй қарттарымыздың қатарынан орын алған Ә. Шілтерханов шығармашылығы түгелдей дерлік ұлтты дәріптеуге, оның өткен тарихымен бүгінгі болашағын болжауда аса қажет боп табылған құнды дүниелер.

Көп жыл бойы ауыл шаруашылығы қызметінде жүріп, халықпен етене қатынаста болған Әдіһам қария да, халықтың өткен тарихына, мәдениетіне, аса ыждаһаттылықпен ден қойды. Н. Муталиев: «Халықты әділ басқара білген қадірлі ағамыз өзінің терең ойлы, зерделі тарихшы, дарынды әдебиетші екенін дәлелдегісі келгендей. Шығармашылық әлеміне құлшына кірісті» - дейді [8: 4].

Мүмкін бұл «Талант тас жарады» - деген халық даналығының бір көрінісі шығар. Ол кісінің зердесінен шығып, халқы сүйіп оқитын алып, кәдесіне жаратып жүрген аталы сөздері ел аралап кеткені де біраз уақыт.

Жазушының қаламынан туындаған шығармалардың дерлік негізі, қарапайым тілмен суреттелген, тартымды суреттер, кез – келген оқыған адамның жүрегін жаулап алады. Оқушысын баурап алып, туған өлкеміздің қыр-сырына, құм астында қалған терең де небір тарихи уақиғалардың куәсіне айналдырады. Халқымыздың басынан өткен әр түрлі нәубет те, елдің төзімділігі де, қарапайым адамдар бойында кезесетін тектілік пен ерліктің көрінісі, даналық көзі де айналасындағы адамдардың іс - әрекетімен айтқан сөздері арқылы шынайы шындық өрілген. Жазушының хикаяттары, кеңестік дәуірде халқымыздың басынан өткен, саяси науқандардың қарапайым халық тағдырына қаншалықты ауыр із қалдырғандығын елестетеді.

Айта беретін ұраншыл шолақ белсенділердің мемлекет саясатын амалға асырушы ақ жүрек болып көрініп, өз халқына бүйідей тиіп, көп қиындықтың себепкеріне айналғанына куә етеді. Елдің еңсесін езген солақай шешімдердің зардабын кейіпкерлерімен бірге кешесіз. Себебі, айна-қатесі жоқ өмір шындығы жазушылық құдіретпен сізді ішкі әлеміне тартады.

Жазушыдан туған жерді тануды, ойы-қырын, тау-тасы мен сайын даласын зерделеуді үйренуге болады. Сары құм жайлаған өңірде қандай өсімдіктер өседі, оларды мал мен адам қандай қажет етеді, мұны да осыдан үйренуге болады. Ел ішіндегі табиғи ірілікті бойына жинақтаған жандар кездеседі. Ол ірілік күнде көрінбейді, бір реті келген сәтте бой көрсетеді. Мұндай кесек мінезді кісілерге жастарды еліктете тәрбиелеу олардың жан – дүниесін қандай биіктетер еді, шіркін! Орайын атуып айтылған сәтті оқиғалар әңгімелердің шұрайын келтіріп тұр. Н.Муталиев: «Әдекең табиғатында ойшыл, талғамшыл, зерделі кісі. Жай уақытта да әр сөзі тартымды, таразыланған, күшті логика мен дәлелді тұжырымдарға тіреліп отырады» - дейді. [8: 6].

Шығармашылық қадірі кеткен қазіргі күнде кімді – кім қадағалап, кім нендей туынды берді? – деп іздеп оқитын жан қалмады-ау. Әдіһам Шілтерхановты оқырман көпшілік білсе керек еді. Ә. Шілтерханов санаулы жыл ішінде «Үш бәйтерек», «Аталы сөздер», «Саттар ерубаев» - деп аталатын көлемді көркемдігі көңілдегідей кітаптар «Қамбар батыр», «Мұңлық-Зарлық» эпостары жөнінде, Мұхтар Әуезов хақында, ел – жер тарихына қатысты жүздеген мақала жазып, жариялатты. Жазушы қолынан шыққан осынау үлкенді – кішілі еңбектердің қай-қайсысын да оқысаңыз да, жазушының көрегенділігіне тәнті боласыз.

Ә. Шілтерхановтың қос томдығындағы он екі әңгімесі мен төрт хикаятын бас – басына жіктеуді мақсат етпедік. Мұғдарға алатынымыз әңгімелері. Байырғы қазақ (ауылы) әңгімесі қашаннан ауылға етене жақын. Ауылмен біте қайнасқан әңгімеші Ә. Шілтерхановта кәдімгі шындыққа жанасымды, болмысты боямалауға, бойқыздырмасы анық.

Жалықтырмайтын әңгімені һәм һикаятшы жазушы қарадүрсіндікке аяқ шалдырмайтын кішілікті сүйкімі бар. Күнделікті тыныс – тіршілікті, шашпай-төкпей, шып-шырағасыз суреттейді.

Көргенінен көкірегіне көптеу түйген. Қарапайым өресіне иландырғаны көңіл жықтырғаны – жазушының анық шеберлігі.

Сыр бойының дарынды бір ұлы Саттар Ерубаев – қазақ әдебиетінің романтикалық лебі бетке ұрған жастық дәуірі. Ойшыл жастың Петербург – Ленинградтағы тарих – философия, лингвистика институтында санасы ашылып, сары уызын жұқтырғаны мәуелі жемісін бере алмай, мезгілсіз қазанға ұрынды.

Өкініште қалдырғаны - өрелі жастың өткір өзегінен өріле тұнған өжеттігі. Өжет Саттар - өре теңестірмек өр мінез.

Жақсының жаттығы жоқ, әркім өз бауырынан өргенге ие Бәрібір Саттардың туған жерін, тіпті дүниенің есігін ашқан жылын шатастыра білудің жүйелі ғылымға жараспайтыны анық. Саттартанушы Шілтерханов, шырыны – шындықтың шылбырына шыңдалмақ ниетінде.

Шежіреқұмар Шілтерханов әулеттің арғы – бергі тарихнамасынан шаңын сілкіп, Ерубай мен молда Мұсаның құдандылығына ой жібереді. Сөзімізді, Сәрсен Бек Сахаббаттың пікірімен топшылайтын болсақ: «Жасынғұмыр-Саттар» – ғылымның азығы.

Профессор Т. Кәкішов Саттартанудың негізін қаласа, Ә. Шілтерханов оны тың деректермен байыты. «Бұл – жалғастығын табатын өміршең шаруа екіндігі даусыз. Өйткені, Саттар феномені әр заманның өзіндік бағамына сұранушы қайталанбас бір үлгі» [9. 6].

Жазушы шығармашылығының бір түрі зерттеу еңбектерімен толықтырылады. Зерттеу еңбектері – бұлтартпас дәлелдерімен баурап алады, жазып отырған жағдайлары ел жадында қалған деректерінің дәлдігі мен сендіреді. Қамбар батыр жырының негізгі кейіпкерлерін алайықшы. Ол Қаратаудың Үсіктас деген жерде өмір сүрген екен. Жазушы, Қамбарсай, Қызәулие, Көнеқұрым, қыз назымның ауылы – Қызылкөл, Құмкент шаһары, жырда айтылған тағы басқа жерлерді, суларды жырдың өзінен мысал келтіре дәлелдейді. Аңшылық кәсібімен айналысуға Үсіктас бірден – бір қолайлы екенін осынау жер жағдайын бес саусақтай білетін адамдардың әңгімесін өз көргенімен салыстыра келіп, жырдың болмысынан Сыр, Арал құм табиғаты емес, таулы жер суреттері көңілге қонатынын әңгімелейді. Сөйтіп, жазушы қара қасқа атты Қамбар батыр Қаратаудың перзенті деген тоқтамға келген.

Жазушының ендігі бір зерттеуі «Мұңлық – Зарлық» дастаны хақында Автор төл әдебиетімізді зерттеушілер бұл дастанның оқиғасы «Мың бір түн», «Тотынама», «Жүсіп-Зылиха», «Сейпіл-Мәлік», «Атымтай Жомарт», «Бозжігіт», « Шәкір-Шәкірат» сияқты араб, парсы, үнді аңыз - ертегілерінен келген деген пікірді ұстанады» - дей келіп, осы дастанды өз жерімізде, өз елімізде туған төлтума дүниеміз деген тұжырым жасайды. Көркем туындының біздің жерімізде туғанын автор былай дәлелдейді. Республикамыздың Оңтүстігіндегі Арыс қаласынан Шардара қаласына қарай бағытталған автомобил жолы Сырдариядан өткен соң көп ұзамай Сырдың көлінің жағасын мекендеді. Ол қорымды бізге белгісіз заманнан бері «Мұңлық – Зарлықтың қорымы» - деп атайды.

Осы әулие қорымның сәл жоғарғы жағында дария ортасында «Қаншайым арал» деген арал бар. Жырда көп айтылатын Шөгірлі тауы да «Мұңлық – Зарлық қорымына жақын» - дейді автор. Автор егер «Мұңлық – Зарлық» жәйлі аңыз түбі кірме дүние болса, оның кейіпкеріне Сыр бойында жер, су аттары қойылмас еді» - дейді. Әрине, әдебиет зерттеушілері бұл болжамға ерте ме, кеш пе көңіл аударар, лайықты бағаланар деп сенеміз.

Жазушының ендігі зерттеуі – Сіргелі тайпасы жәйлі. Алдыңғы екі зерттеуін автор туған жердің төсіндегі Жер, су, тау, құм, көл, арал аттарының жыр оқиғаларымен біте қайнасып, жатқанымен байланыстырса, мына зерттеуінде «Орхон – Енисей» жазбаларындағы тарихи деректермен сабақтастырады.

Қазақ халқының бостандығы жолында қол бастап, сыртқы жаулармен күресіп, өткен жалынды ақын Мәделіқожа Жүсіпқожаұлы туралы тарауды оқығанда, «Шіркін-ай, бұл дүниеге кімдер келіп, кім кетпеген, не деген асыл тектер?!» - деген ойға келдік. Мәделіқожа, Жүсіпбекқожаұлы, Шайхысамұлы, тағы басқалар туралы біз мағлұматтарымыз бар – деп ойлаушы едік, сөйтсек, білетініміз, теңіздің тамшысындай ғана екен. Жазушының нағыз шедіре екеніне куә боласыз.

Ә. Шілтерхановтың бұл еңбектерін нағыз шежіре – дастан деп бағалауға болады.Жалған жаңашылдықтан ада, ұлттық дәстүрге берік, жазушы әңгімелерін қалың оқырманға ұсынады. Өзегіне ұлттық мүдде үйлескен аталмыш туындылардан күнделікті тұрмысыңа аса қажетті нәрселеріңді табасың, өткен өмір өзімізден соншалықты қашықтап кеткеніне көз жеткізе мұңаясың, қаталдықтың орнына алдымен нәзіктігіңді қоюға әрекеттенесің.

Ең алдымен жағымсыз эмоциялардан, сарыуайымшылдықтың томаға – тұйықтаған, опасыз ожар ойлардан құтылуға, күш саласың. Қалың қайғыға қарсыласа білгендер түбінде жаңаруға, тың күш – қуатқа ие болатынын, тосын қиындықтарды жеңуге даяр баспалдықтары осылайша бағындырылатынын түсінесің. Өз дағдыларыңды тілек-талабыңды, бақылауға алуға, дұрыс бағытқа түсіруге іштей міндеттенесің. Жаңару, арылу барысында «Мақсатым не?», «Күш – қуатты құдайдан не үшін сұраймын?» - деген сауалдарға жауап іздейсің. Сөйтіп, ұсақ – түйекті сырып тастаған өмірлік бағдарлама қалыптасады. Күдіктен, қызғаныштан арылуға ниеттенесің. Жазушы шеберлігінің құдіреті мен құпиясы дегеніміз осы.

Жазушы шығармаларындағы көркемдік талғамның түпкіліктілігі кейіпкерлер бойындағы қарапайымдылық іс әрекеттерінен көрініп тұрады. Олардың өзара тілдесуінен үнемі қазақы қызуқандылық аңғарылады. Диалогтарындағы сілкусіздік желғабыссыз сюжетті үнемі жуас желпілеп, жаңғасасыз дамытып отырады. Бір ғана мысал келтірейік. Алматыдан арыз тексере келіп, қорғансыз кейуанаға қиянат жасаған Қаражал карта ойынын қалтасын қақтырып, «қуаныштан біраз қарыз ақша сұрады. Бәкірдің шәй, тамақ қамымен кіріп – шығып жүрген әйелі мейманның қабағы түсіңкілігін, өңі бозарып, әбіржігенін бірден байқады. Қонағына жаны ашып:

- Астаналық қайным – ау, немене әбіржіп кеткен сияқтысыз. [10: 275].

Түйсікшіл кісі осы үзіндіден –ақ жазушы стилінің сығымдалу қуатына, жинақтылығына, көргенсіздің көзіне де қамшының ұшын тікелей тигізбейтін сыпайылығына, образ сомдаудағы шеберлігіне көз жеткізер еді.

Ә. Шілтерханов оқиғаның шынайы тұрмыстың дамуын аса нәзік сезініп, пайымды параллельдер түзеді.

Әдебиеттегі шаршататын нәрсе сөз жұтаңдығынан, өнерсіз өлермендіктен ада Ә. Шілтерханов шығармаларындағы қарапайым адамдарда нақты өмірге кезек жалғастырған елеусіз ерлік бар. Қатардағы кейіпкерлер кемшіліктерімізді бүркемелеуге, жауырды жаба тоқымауға, қасиетімізді қорғауға шақырады.

Шілтерханов шығармаларының бәрінде дерлік қарапайымдылық, кешірімшілдік, адамды жақсы көру, адамдардың бір – бірімен тек жақсы қарым – қатынаста болуы, бір – біріне игі істер жасауы, жақсы ниет, тілек тілеуі жақымындағы адамгершілік қасиеттерге баулуға шақыратын штрихтар мен детальдарда жеткілікті.



Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет