ӘДЕБИ СЫННЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
Есбалаева Роза Жұмабайқызы
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ оқытушысы
Түркістан/ Қазақстан
Түйіндеме
Бұл мақалада Алаш зиялыларымен бірлесіп демократиялық ой көтерген Ә.Бөкейхановтың әдебиет тарихы, әдебиет теориясы, әдебиет сынына қатысты жазылған маңызды еңбектері жөнінде сөз болады. Қазақ халқының ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің мәселелеріне де тоқталып, эстетикалық-теориялық тұжырымдары айтылады. Баспа бетіндегі эстетикалық-философиялық идеялары, көзқарастары, азаматтық принципі, сыншылдығы нақты деректермен көрсетіледі. Ә.Бөкейханов шығармашылығының деңгейі еуропалық алдыңғы қатарды әдебиет өкілдерімен тең, тіпті олармен үндес екені анық. Ғалымның еңбектері зерттеушілер тарапынан әрі тереңдетіліп қарастырылып, жаңа тұжырымдармен толықтырылуда. Мақалада арнайы зерттеуді қажет ететін сыншының ХХ ғасыр басында баспасөз бетінде жарияланған сын-мақалалары жанрларға топтастырылып, талданады.
Кілт сөздер: поэтика, дереккөз, сынның шағын жанрлары, проблематика
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзінде жарияланған материалдарға зер салсақ, өз ұлтының бітім-болмысын жетік білетін қазақ зиялылары заман құбылыстарын қалам ұшына іліктіріп, шығармаларына арқау еткенде қоғамның беталысын шынайы бейнелеуге тырысты. Яғни, саяси-қоғамдық дамудың шарықтау шегіне жетіп тұрған кезеңде өмір сүріп отырғандықтан, Алаш ардақтыларының шығармашылық еңбегін туған халқының азаттық жолындағы ұлттық мүдделерімен ұштастыра білгені маңызды болғаны даусыз еді. Кемел біліммен толысып, шұрайлы тілге нәр берген, қазақтың ертеңі қалай боларына сол арқылы ой жүгірткен үлкен әдеби толқын осы тұста қалыптасты. «Қазақ» газетінің негізгі авторлары, әдеби сынның ұлттық әдебиеттің жетекші бір жанрына айналуына қалам қайратымен зор үлес қосқан Алаш басшылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов және басқа да көрнекті ұлт зиялылары «өздерінің әдеби шығармаларының беттерінде демократиялық мәндегі мәселелерді көтерді. XIX ғасырда шыққан алғашқы қазақ газеттерінде әдеби сын тұрғысындағы мақалалар жарияланған жоқ, әдебиетке қысқаша шолу, шағын пікірсайыс, библиографиялық анықтама сипатындағы сын белгісі бар материалдар ғана бой көрсетті. Соның өзінде бұл мақалалар XX ғасыр басында әдеби сынның жеке жанр ретінде қазақ топырағында қалыптасып өркендеуіне жол ашты. Жаңа бой түзеп келе жатқан сын жанрларының өркендеуіне күш қосып жүрген Ә.Бөкейхановтың «Қазақ» газетінде басылған сын мақалаларында мол әдеби, тарихи – этнографиялық мәліметтер бар болды. Әдебиеттегі маңызды еңбектерінің бірі - Шәкәрім Құдайбердиевтің 1912 жылы жарық көрген кітабы «Қалқаман-Мамыр»[1] туралы, Шәкәрім Құдайбердиевтің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» [2] атты кітабына сын мақала арнайды. Бұл мақалада қазақ елінің тарихы, шыққан тегі туралы құнды деректер молшылық. 1914 жылы Орынборда «Үміт» баспасынан жарық көрген «Қарақыпшақ Қобыланды батыр» [3] кітабына да сын мақаласын жариялайды. Осы мақалада Ә.Бөкейханов Абай өлеңдеріне, Шәкәрім Құдайбердиевтің «Шежіресіне» Шоқан Уалихановтың ғылыми еңбектеріне сілтеме жасай отырып, жырдың көркемдігі туралы, тарихы туралы көптеген құнды мәліметтер келтіреді.
Зерттушілердің пайымдауынша Ә.Бөкейхановтың әртүрлі жанрда, әр түрлі салада мыңға жуық ғылыми мақалалары бар екен. Ғалымның мақалалары 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін 30-ға жуық қазақ – орыс басылымдарында және одан кейінгі 1927 жылға дейін 50-ден астам қазақ және орыс газет – журналдарында жарияланып тұрған. Мақалалары үнемі өз есімімен берілмей «Қыр ұғлы», «Қыр баласы», «Ғали хан», «Әлихан», «Ғ.Б», «Ә.Б», «Арыс ұлы», «Түрік баласы», «Қалмақбай» [4] т.б. деген бүркеншік есімдермен беріліп отырған. Аталған газеттердің ішінде Әлихан Бөкейханов халқымыздың рухани байлығы халық ауыз әдебиет үлгілерін зерттеуге үлес қосқан материалдары да жарық көреді. Ол қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерін жақсы білген, әсіресе, қазақ әдебиетінің тарихында өшпес із қалдырған ақын-ағартушы Абай Құнанбаевты аса жоғары бағалап, алғашқы зерттеуші ретінде баспасөзде құнды пікір білдірді. Ә.Бөкейхановты абайтанудың негізін салушы деп айтуға болады. Өйткені, ең алғаш Абайдың әдеби шығармашылығына зерттеу жүргізіп, оның поэтикалық шеберлігіне көңіл аударды. «Абай (Ибраһим) Құнанбаев» деп аталатын некролог-мақаласында ең алғаш Еуропа ақындарымен Абай поэзиясы салыстырылып, баға берілді: «Абай... поэтикасы асқан күшті және қырғыз халқының мақтанышы. Әлі Абай сияқты, халықтың шығармашылығын көтерген ақын болған жоқ. Оның жылдың төрт мезгіліне (қыс, жаз, күз, көктем) арналған ғажайып өлеңдері Еуропаның атақты ақындарына қызмет көрсеткен болар еді»[5,172]. Әдебиеттің халқымыздың санасы мен мәдениетін көтерудегі құндылығын түсіне отырып, сол кездегі әдебиет және қазақ интеллигенциясының өкілдері А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ш.Құдайбердіұлы, М.Жұмабаев, Ж.Ақбаев, С.Торайғыров, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Ғ.Қарашев, Жиханша және Халел Досмұхамедовтерді біріктіру үшін белсенді әрекеттер жасайды. Сол кезеңнің фольклористері мен әдебиет зерттеушілері бірауыздан қазақ халық поэтикалық өнерінің бейнелілігі мен лиризмін, мазмұндылығы мен жоғары сапалылығын атап көрсеткен. Сондықтан, Әлихан Бөкейханов А.Байтұрсынов, Ә.Диваев, М.Көпеевтермен қатар ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жариялауға көп еңбек сіңірді. Оның алғысөздері мен пікірлері жазылған бірнеше кітаптар сақталып қалған. Сыншының бұл пікірлері әдеби сынның дәйектеме-сын жанрын жандандыруға үлес қосты. Белгілі ғалым Александр Беннигсен өзінің 1964 жылы Сорбоннада шыққан «Национальное движение среди мусульман России» атты кітабында Әлихан Бөкейхановтың әдеби шығармашылығына мынандай мінездеме берді: «Оның әдеби қызметі таң қаларлық: экономист, тарихшы, фольклорист, ол «Иртыш», «Голос степей», «Фикир», «Дала уалаяты», «Омич», «Сибирские вопросы», «Қазақ», «Айқап» сияқты бірнеше орыс, қазақ, татар басылымдарымен жұмыс істеді. Оның «Қыр баласы» атты псевдониммен жазылған қазақ эпосы туралы тамаша еңбектері оның отандастарының ұлттық сезімін дамытуға зор үлес қосты».
Ә.Бөкейхановтың «Қара Қыпшақ Қобыланды» сын-мақаласы іштей жеті бөлімнен тұрады. Мақаланың эпиграфы Абайдың «Өлең- сөздің патшасы, сөз сарасы» атты өлеңімен басталады. Оқиға баяндау тәсілімен беріліп, жырдағы Көклан кемпір, Қобыланды, Қараман, Көбікті бейнелері т.б. қысқаша талдауға түседі. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың туғанына 145 жыл толуына арналған ғылыми-тәжірибелік халықаралық конференцияда Әлихантанушы Дихан Қамзабекұлы өз баяндамасында [6] Ә.Бөкейхановтың әдебиет туралы әзiрше табылған алғашқы еңбегiнiң бiрi – “Қазақ жыры “Қобыландыдағы” әйелдер” атты зерттеу мақаласы екенін ерекше атап айтады. Ол 1899 жылы “Туркестанские ведомости” (Ташкент) газетiнiң үш нөмiрiнде жарияланған. Бұл еңбегiнiң мақсатын автор былай көрсетедi: “Екi сенiм тоғысында мәжуси қазақ әйелi кiм едi, ол қайтiп мұсылман болды, әйелге деген мұсылман қазақ пен мәжуси қазақтардың көзқарастары қалай едi?» – деген қызықты сұраққа “Қобыландыдан” артық ешқандай жыр жауап бере алмайды. …Бiз осыны қарастыруды жөн көрдiк”. 1914 жылы Қазанда басылған «Қара қыпшақ Қобыланды» (Махмұд-Сұлтан Тұяқбаев) жыры жөніндегі сын мақаласында ол жыршының өз тарапынан батырлық жырға Қобыланды заманында болмаған, кейінгі кезеңде пайда болған сөздерді орынсыз қосқанын, қолданыстағы емлені сақтамағанын және жер-су, кісі аттарының кітап соңында әліпбилік тәртіппен берілмегендігін сынға алады. «Солдат, сухар, түйме, медаль, бал, шай, алтыатар – Қобыланды заманынан көп бері пайда болған нәрселер. Мұның бәрі бейшара жыршының өзі қосып, жырдың көркем түрін бұзған…. Жоғарыда жазылған беттерде осындай қозы қоспай, ескі заман салтын жаңа заманға аударған сөздер толып жатыр-деп, жырдағы өрескел кемшіліктерді атап көрсетеді. «Қобыландыны» қайта басқанда мұндағы жер, су һәм кісі аттары әліппе тәртібімен кітаптың аяғына басылса һәм шыққанда кітаптың қайсы бетінде қайсы сөз бар екені көрсетілсе, біріншіден – бұл кітап тәрбиелі болар еді» [3] деп жазады.
Ә.Бөкейханов Қара Қыпшақ Қобыланды батыр бейнесінің «Едіге» жыры ішінде де кездесетінін еске сала отырып, Шәкәрім Құдайбердиевтің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар» шежіресі мен Ш.Уәлиханов еңбегі негізінде аталған батырдың XIV ғасырда өмір сүргенін дәлелдеуге тырысады: «...Бұл Қобыландының ісі XIV ғасыр ортасы болуға лайық (Қара: Шәкәрім шежіресі, 78б.). Тоқтамысқа болысқан Литва князь Витовты Воркесла өзені бойында (бұл Полтава губерниясында Днепр саласы) Ақсақ Темірдің қолбасшысы Едіге алған. Бұл соғыс 1399-шы жылы болған (Қара: Шоқан кітабы, 71б.). Бұған қарағанда Едіге Тоқтамыстан кеткен соң Ақсақ Темірге қолбасы болған болса керек. Мұнан көрінеді: Қобыландының Тоқтамыс, Едігелермен замандас болғаны»[3],-делінген. Міне, бұдан біз ғалым Ә.Бөкейхановтың фольклорға тарихи дерек көзі ретінде қарағанын байқаймыз.
Сондай-ақ сыншы еңбектерінде «Роман деген не?»[7] деген тақырыпта проблемалық мәселе көтеріп, қазақ романының тұңғышы аталған М.Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романына[7,75], Ж.Аймауытұлының «Қартқожа» романдарына сын мақала жазады. Роман көпке арналған кітап екенін; Һәрқайсымызға тиісті, міндетті романды тесе қарап, телміре оқып, мінез-құлқымызды түзеп, романнан халіміз жеткенше тәрбие алу керек екенін ескертеді.
Жүсіпбектің үш бөлімді романы «Қартқожа» кітабына жазылған сын мақаласында тұрмыстың көп пернелері басылып, көп құбылыстары суреттелетінін айтады. Романда шынында да сол кезеңдегі қазақтың езгіге түскен тағдыры, «қазақ басына қара күн туып, қазақ шаруасы қырылған 1916 жыл, қиянгешілік соғысы, февраль өзгерісі қазақтың Ұлт Үкіметі (Алаш Орда) «осы тұста құрылған «кеңес үкіметі, Кеңестік Қазақстан» барлығы да осы кітапта, қарапайым қазақ өмірімен, тағдырымен шендестіріліп ашық жазылғанын баян етеді. Яғни, көшпенді мал шаруашылығын кәсіп еткен жұртты отырықшылыққа бейімдеу, дала қазағын саясат құрбаны ету сынды – нәтижесі ұлттық қасіретке алып келген реформалардың шынайы бет-бейнесін ашық суреттейді. Бұл кітаптың жалпы мазмұнына арналған алғысөзі еді. Шығарма тілімен шебер суреттелген елдегі саяси жағдайды сыншы былай толғайды: «Бүгінге дейін біздің ең өзгерісшіл тап жігін айырам деуші жолдастарымыздай, білімінің кемдігінен я ұлтшылдық бойына сіңіп қалғандықтан қазақ елінің тап жігін айқындап алып, суреттей алған жоқ еді. Жүсіпбек дөп сермеді, пернелі, әдемі сөз: тап жігін әдемі суреттеді. Бұл ретте де «Қартқожа» бірінші роман» деп тұжырым айтады. Бұдан кейін сыншы «Қартқожа» романының құрылымдық ерекшелігі мен жазушы шеберлігіне тоқталады. «Кітаптағы әрбір буындарға қойылған «ат» жұмбақ ретінде, яғни, романдағы бөлімдердің тақырыбын жазушы Жүсіпбек жақсы таңдап қоя білген. Бұл ерекшелікті Әлихан Бөкейханов орыстың данышпан жазушысы Достоевскийден байқағанын айтады. «Мәселен, Достоевский: тағы бір жорғалаған адамшылық «мұжықтай шулап келе берді» – деп шығармасына ат қоятын» деп келтіреді. Ал, Аймауытұлы романдағы бөлімдерге оқырман назарын аударатын, толық түйіні бар «Уайым күшейді», «Хабар берді», «Бұлт қоюланды», «Қош, аман бол!», «Мәңгі аңсау» деген сияқты әңгімелеріне жұмбақ ат қойып отырады» [8] - деп, автордың қаламгерлік әдіс-айласының өз кезегінде оқушыға өтімді екенін жазады Ә.Бөкейханов.
Әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлұлы: Алаш көсемінің өз басы газет-журналға мақала, қазақ оқу мекемелерінің оқытушы-оқушыларына арналған кітаптар мен оқу құралдарын және оқыту әдістемелерін жазып, халқына қызмет етудің теңдессіз үлгі-өнегесін көрсетеді. Өзі алыс Мәскеуде тұрса да, оның Қыр баласы, сирек те болса Ғ.Б. немесе V деген таңбамен қол қойған мақаласы, қайсыбір көркем шығармаға не әдеби және т.б. аудармаға жазған пікірі, зерттеуі, ашық хаты және т.б. туындысы жарық көрмеген мерзімді қазақ баспасөзін ұшырату қиын еді[9],-деген пікірі ойымызды нақтылай түседі.
Ә.Бөкейханов баспадағы әдебиетшілік қызметін 1923 жылы қазақ тілінде мектеп оқушыларына арналған «Темірқазық» журналын шығарудан бастады десе қате болмайды. Сол кезеңдегі басылымдарда Әлихан Бөкейхановтың сынның шағын жанрлары – ашық хат, жауап хаттары, әдеби рецензиялары үздіксіз жарияланып, ұлт жастарына ой салып отырды. Соның бірі 1923 жылы Мәскеуден Дінше Әбілұлына жазған шағын хатында: «Бауырым Дінше! Хатыңды алдым. Қуанып қалдым. «Шолпанға», «Темірқазыққа» неге мақала жазбайсың? Сендей білімі бар жазбаса, кім жазады? Не балаларға сабақ беріп, не журналға, газетке мақала жазып Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бізге бөгеулі ғой!" – деп, кейігендей болып ой тастауы жай болмаса керек. «Темірқазық» журналының Кіндік баспадан шыққан алғашқы үш санын да Қыр баласы өз материалдарымен толтырды. Оның ішінде Әубәкір (Әбубәкір) Диваев жазып алып 1922 жылы Ташкенттен басып шығарған «Мырза Едіге», «Батыр Бекет» жырларына жазған пікірлері, В.Короленко мен Н.Маркстің балаларға арналған әңгімелерінің аудармалары, «Луи Пастер», «Білім күші», «Хахас» атты мақалалары және т.б. Алайда, Алаш көсемінің «Темірқазығы» 2-3 сандары қосылып шыққан соң, әзірге беймәлім себеппен тоқтатылады. Мәскеуде журнал шығаруын қанағат тұтпай, елағасы Ташкенттен шығатын «Ақ жол» газеті мен оған қосымша ретінде шыға бастаған «Сәуле» журналына 1923 жылы 10-даған мақаласы мен әдеби аудармасын жариялайды. Бірақ Қыр баласының бұл еңбегі сол кездегі солақай сыншылдардың назарын аудармай қоймайды. Бұл жолы Ә.Бөкейханов «шала белсенді» қазақ коммунистерінің алдында «Еңбекші қазақ» газетіне мақала жазғаны үшін «айыпты» болды. А.Байтұрсынұлы 1925 жылдың 1 маусымында Әлиханға жазған хатында «біздің коммунистер Мәскеу коммунистері секілді жартыкеш емес, «нағыз 96 пробалы»- деп жазса, оған 23 маусымда жазған жауабында Елағасы Ленинге еліктеген С.Меңдешұлы, С.Сейфуллин сынды қазақ коммунистерін Юпитер болуды аңсаған бұқаға теңейді. Міне сол «бұқалардың» жазған арыз-шағымдарының нәтижесінде «Еңбекші қазақ» газеті беттерінен 1925 жылдан кейін Қыр баласы, Ғ.Б. немесе тіпті V деп қол қойылған бірлі-жарым мақала-материалды ұшырату өте қиын. С.Меңдешұлының шағымы Кремльге 1925 жылдың мамырында түскен болса, Қыр баласының «Еңбекші қазақ» газетінен әзірше табылған соңғы мақаласы – 1925 жылғы 14 мамыр санында шықса, V деп қол қойылған «Әдебиет дүниесінде» атты мақала – 1926 жылдың 7 қазанында басылды-делінген.
Әлихан Бөйкейханұлы «қыр баласы» деген бүркеншік есіммен «Жердің жаратылысы» атты орысшадан қазақшаға аударылған кітапқа сын жазды. Тәржімалаған жазушы Мұхтар Әуезов. Мақала басы кітаптың 1924 жылы Ташкенттегі «Түркістан мемлекет» баспасынан 83 бет болып жарық көргенін, бағасы 40 тиын екенін баян етуден басталады. Аталған кітап Ресей ғалымдарының жер қойнаулары жайындағы зерттеулері мен тұжырымдамаларын негіз етеді. Сондықтан, Әлихан Бөкейханов әуелі аударылған дүниенің маңыздылығына, тәржіма тіліне, аудармашы шеберлігіне кеңінен тоқталады. Сыни мақалада әуелі кітаптың қазақ жұртына берері, пайдасы мен зияны сөз болады. «Қазақшаға аударған жолдас орысқа еріп кетіп, Қырымда Аю тауды жазған. Бұл арада Алтай, Тарбағатай оқушы қазаққа әсер беретіндей ұғымды болар еді» – дейді «қыр баласы».
Ойымызды түйіндей келе айтарымыз, Қыр баласының әдеби сын мақалаларынан өзге әлі күрделі ізденісті күтіп тұрған әдеби мол мұрасы бар. Ә.Бөкейханов жас кезінен ауыз әдебиеті мұраларымен сусындап қана қоймай, жүйелі түрде орыс классиктерін Пушкинді, Лермонтовты, Крыловты, Чеховты, Мамин-Сибирякты, Достоевскийді, Короленконы оқумен болған. Әсіресе, алпыс жыл бойғы шығармашылық еңбегінің нәтижесінде зор әдеби мұра: романдар, оншақты повестер, жүздеген әңгімелер, пьесалар, өнер жайлы трактаттар, көптеген халықтық және әдеби сын мақалалар, мыңдаған хаттар, томдық күнделіктер қалдырған Л.Н.Толстойды өте зор құрмет тұтты. Л.Н.Толстойдың кітап беттерінде орыс өмірінің бір тұтас дәуірі көрсетілгендіктен, ол оны Әлем мәдениетінің жетістігі деп санап, «Кавказ тұтқыны», «Жеті қарақшы» және «Жұмыртқадай бидай» туындыларын қазақ тіліне аударады. Ә. Бөкейханов көптеген жылдар бойы сібірлік «Дон-Кихот» - Батыс Сібірлік белгілі жазушы Антон Семенович Сорокинмен жолдас болды. Орыс әдебиетімен қатар Батыс Еуропаның, Үндінің, Қырым халқының, антикалық дәуір әдебиет үлгілерінің мәдениеті мен әдебиетінен жақсы хабардар болды. Оның мақалаларымен зерттеулерінде атақты ағылшын жазушылары - Чарльз Диккенс, Вальтер Скотт, Уильям Теккерей, сонымен қатар, француздық Ги де Мопассан есімдері жиі кездеседі. Алаш көсемінің 1925-1928 жылдар аралығындағы еңбектерінен ежелгі грек әдебиетінің өкілі Эзоп пен үнді мысалдарын қазақшалап басып шығарған «Жетпіс жеті мысал» жинағын, Д.Мамин-Сибиряктың «Баймақан», В.Короленконың «Жұмбақ қыз», «Түндегі от» және «Өзі» әңгімелерінің жеке-жеке жинақтарын, ауыз әдебиетінің А.Байтұрсынұлы жазып алған үлгілерін өңдеп, алғысөзін жазып шығарған «Жиырма үш жоқтау» кітабын, орта мектептерге арналған «Дүниенің құрылысы» және «Жердің қысқаша тарихы» оқулықтарын атап өтуге болады. Сондықтан Әлихан Бөкейхановтың әдеби мол мұрасы арнайы жанрларға жүйеленіп зерттелуі тиіс.
Пайдаланған әдебиеттер:
«Қазақ», №121, 1915 жыл
«Қазақ», №12, 1913 жыл
«Қазақ», №126-129, 1915 жыл
Қамзабекұлы Д. Руханият [Мәтін] : Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы мақалалар мен зерттеулер / Қамзабекұлы Д. - Алматы : Білім, 1997. - 272 б.
Бөкейханов Ә. Таңдамалы - Алматы, 1995, 310-бет
Қамзабекұлы Д. Әлихан Бөкейхан және ұлт руханияты. Abai.kz
Бөкейхан Ә. Шығармаларының толық жинағы [Мәтін] VI том. - Астана : Сарыарка, 2013. - 520 б.
Бөкейханов Ә. Кітап сыны (Қартқожа). //«Еңбекші қазақ» газеті. 4 қараша 1926 ж.
Сұлтан Хан Аққұлұлы. Алаш көсемін Мәскеуде коммуналдық пәтер мен әдеби қызмет тосып алды. Abai.kz
Достарыңызбен бөлісу: |