Әлемдiк тұтастану [1]



Дата31.01.2018
өлшемі164,28 Kb.
#37269
ӘЛЕМДIК ТҰТАСТАНУ [1]

Бiр үлкен империяның құрамынан шығып, ұлттық мемлекетiн ендi-ендi орнатып келе жатқан Қазақстан, көз ашпастан, күллi жиһанды қоршаған һәм бопсалаған әлемдiк тұтастану барысының өтiнен шыға келдi. Бiздi қатты толғандыратын шекара, топырақ, ұлттық егемендiк, унитарлық мемлекет, ұлттық құқықтың үстемдiгi, тiл, дiн және мәдениет мәселелерi толық шешiмiн таппай жатқанда, әлемдiк тұтастанудың талаптары бүйректен сирақ шығарғандай көрiне бастады. Сондықтан, әлемдiк тұтастанудың бiзге берерi мен бiзден аларын мұқияттап есептеуiмiз, бұл жаңа һәм бiр жағынан аяусыз дәуiрдiң проблемаларына дайын болуымыз шарт.
Әлемдiк тұтастанудың пайда болуы: Ағылшын тiлiндегi «globalization» сөзi дүние жүзiлiк әдебиеттерде 1980 жылдан бастап көзге түседi. Қазақ тiлiне «жиһандастыру», «ғаламдастыру» деп аударылған бүл терминдi Америкадағы Харуард, Стенфорд сияқты мәшһүр универсиеттердегi iскерлiк әкiмшiлiк, басқару, саясаттану және экономика бөлiмдерiнiң профессорлары алғаш қолданған. Ағылшын және француз тiлдерiнiң сөздiктерiне қарағанымызда, «global» сөзi тек күрәні (глобусты, сфераны) ғана емес, сонымен қатар тұтастықты, бүтiндiктi де бiлдiредi. Ал, глобализация терминiнiң сөздiк мағынасымен қатар осы барыстың саяси, экономикалық, мәдени ықпалдарын қоса салыстырғанда қазақша ең дүрыс баламасының «әлемдiк тұтастану» яки «жиһандық тұтастану», немесе қысқаша «тұтастану» екенi аңғарылады. Сондықтан, үшбу мақаламызда «әлемдiк тұтастану» тiркесiн пайдаландық.
Әлемдiк тұтастанудың қалыптасуының тарихи және экономикалық себептерiне қарағанда, оның алғышарттарының сонау француз төңкерiсi мен өнеркәсiп саласындағы жаңалықтардың қауырт жиiленуi дәуiрiнен басталғаны аңғарылады. Екiншi жиһан соғысынан кейiнгi гео-саяси һәм гео-экономикалық өзгерiстер, дүние жүзiндегi инфляцияның артуы, мұнай және энергия дағдарыстары, технологиялық өндiрiстiң бұрын-соңды болмағандай көбеюi, құрлықтар арасы фибер-оптикалық байланыс жүйелерiнiң 1989 жылы iске қосылуы, жер серiктерi арқылы бұқаралық ақпарат қүралдарының кез келген жерден ақпаратты күллi жиһанға таратуы, екi блокты дүниенiң Кеңестер Одағының ыдырауымен Американың басшылығындағы бiр блокты дүниеге айналуы, ұлтасулы (транснационалдық) фирмалардың төрткүл дүниеге тармақталуы әлемдiк тұтастанудың әсерлерiн күшейткен факторлар.
Аймақтық тұтастану: Әлемдiк тұтастану барысында ұлттық мемлекеттердiң өзiн-өзi сақтауды қамсыздандыру мақсатының нәтижесi ретiнде аймақтық тұтастану (regionalization) ұғымы пайда болған. Бұған мисал ретiнде аймақтық тұтастанудың ең озық формасы саналатын Еуропа Одағын айтуға болады. Оңтүстiк-шығыс Азия елдерi ASEAN (Оңтүстiк-шығыс Азия мемлекеттерi достастығы) ұйымын, ал, АҚШ, Канада және Мексика елдерi бiрiгiп NAFTA (Солтүстiк Америка еркiн сауда келiсiмi) ұйымын құрған. Ендi, бұл екi ұйым бiрiгiп, құрамына 18 мемлекет кiретiн APEC (Азия–Тынық Мұхит экономикалық әрiптестiк ұйымы) ұйымын ұйымдастыруда. Бiздiң елiмiз де ТМД, Шанхай бестiгi, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, Кеден Одағы сияқты аумақтық ұйымдар арқылы аймақтық тұтастану процестерiне атсалысуда. Аймақтық тұтастану негiзiнде әлемдiк тұтастану әрекеттерiнiң табиғи жемiсi, бiр жағынан қарағанда, оған қарсы әрекет...
Әлемдiк тұтастану дегенiмiз не?: Әлемдiк тұтастанудың, яғни глобализацияның нақтылы тағрифы әлде де болса жоқ. Экономистер, саясаткерлер, заңгерлер, мәдениеттанушылар, әлеуметтанушылар, философтар осы терминдi әр түрлi түсiндiруде. Әлемдiк тұтастануды жақтаушылар мен оған қарсылардың тағрифтары (сипаттамалары) да әр қилы. Мәселен, жақтаушылардың пiкiрiнше әлемдiк тұтастану – «әлеуметтiк, мәдени, саяси һәм ықтысаттық (экономикалық) құндылықтар уә осы құндылықтар негiзiнде пайда болған табыстар мен нәтижелердiң ұлттық шекаралардан асып, күллi жиһанға таралуы; алуан мәдениеттер уә сенiмдердiң танылуы һәм сiңiсуi (синкретизм); тауарлар мен қызметтердiң еркiн айналуы; халықаралық қатынастар мен ықпалдастықтың нығаюы және иделогиялық жiкшiлдiкке негiзделген айырымшылықтардың жойылуы» болып табылады. Ал, әлемдiк тұтастануға қарсылар оны былайша тағриф етеді: «Әлемдiк тұтастану дегенiмiз Батыс әлемiнiң үстемдiгiнiң дүние жүзiне таралуы; осы мақсатқа жету үшiн саяси, ғылыми һәм технологиялық әдiстердiң пайдаланылуы; Батыстың өзiнiң мәдениетi уә өркениетiн дүние жүзiне үлгi етiп, күшпен мойындатуы; ұлттық мемлекеттердiң iшiндегi алуан этнос және көп тiл мәселелерiн өз мүддесiне пайдаланып, iшкi қырқыстар мен ұлтаралық араздықтарды өршiтуi; сөйтiп, ұлттық мемлекеттердi күйрету арқылы өз мақсаттарына жетуi; Батыс экспансионизмiнiң жаңа әлемдiк сатысы; халықаралық капитал иелерiнiң дүние жүзiн бiр базарға және адамзатты тұтынушыларға айналдыруы және экономикалық iс-әрекеттердi өз монополиясында ұстауы; қысқаша айтқанда, Батыс империализмiнiң заманауи ұстанымдармен бекiтiлуi». Еуропалық ғалымдар Батыс ұғымына Еуропамен қатар осы құрлықтан шыққан Америкалар мен Австралияны, Жаңа Зеландия мен Оңтүстiк Африканы қосатынын ескерген жөн. Ал, Азия құрлығындағы Израилдiң Батыс әлемiнiң ұйымдарынан көрiнуi бiраз нәрсенi аңғартса керек...

Әлемдiк тұтастанудың бағыттары: соңғы 20 жылдық тәжiрибе бойынша әлемдiк тұтастану мынандай салаларда жүзеге асырылуда:


1. Әлемдiк экономикалық тұтастану: Дүниежүзiлiк Банктiң 1997 жылғы қорытынды есебiнде келтірілген мәлiметтер бойынша: әлем жансанының 16 пайызын ғана құрайтын 26 дамыған мемлекет дүние жүзiлiк өндiрiстiң 81 пайызын иемденген. Осы елдерде адам басына шаққанда орташа табыс 22 мың доллардан асады. Әлем халқының 28 пайызын құрайтын орташа ауқатты 58 мемлекет болса, әлемдегі өндiрiстiң тек 5-ақ пайызына ие. Бұл елдерде орташа табыс 2,5 мың доллар. Ал, әлем жансанының 56 пайызын құрайтын көпшiлiк дүние жүзiлiк iшкi өнiмнiң 16 пайызын ғана бөлiсуде. Бұл елдерде орташа табыс – адам басы 430 доллар. Тiкелей салымдар (инвестициялар) мен капитал айналымына қарағанымызда ақшаның бай мемлекеттер арасында жүретiнiн байқау қыйын емес. Соңғы 20 жылда дамыған мемлекеттер мен кедей елдер арасындағы қашықтық 3 есе артқан. Бұл деректердiң барлығы да әлемдiк экономикалық тұтастанудың бай һәм дамыған мемлекеттердiң мүддесiне ғана қызмет еткенiн көрсетедi. Тұтастанудың осы саладағы мақсаты капитализмге негiзделген еркiн базар экономикасын мойындату. 1995 жылғы GATT (Сауда тарифтерi жөнiндегi жалпы келiсiм) және Дүние жүзiлiк сауда ұйымы (ДСҰ/WTO) қатарлы көптеген халықаралық ұйымдар мен конвенциялар, Дүние жүзiлiк банк (ДБ/WB) пен Халықаралық ақша қоры (ХАҚ/IMF) сияқты қаржы институттары, халықаралық концерндер мен салымшылар (инвесторлар) ылғи да еркiн базар экономикасының енгiзілуiн талап етуде. Дүние жүзiлiк тiкелей салымдарда либерал капитализмге қарсы саналатын Қытайдың бiрiншi орынды алуының өзi әлемдiк экономикалық тұтастанудың қайшылықты жақтарының бiрi. Экономикалық даму бойынша үш алып күштiң қалыптасқаны байқалады: Америка, Еуропа Одағы және Қыйыр Шығыс (Жапония-Қытай-Корея). Долларды халықаралық айырбас һәм сатып алу құралына айналдырған халықаралық экономикалық тұтастану ұлттық ақшалардың бiрте-бiрте айналымнан тыс қалуына және даму жолындағы елдердiң тiкелей долларға тәуелдi болуына апарып соқтырғаны жасырын емес.
2. Әлемдiк саяси тұтастану: Әлемдiк тұтастанудың саяси дiңгегiн әке Жорж Бұш (George Bush) 1990 ж. жариялаған «Дүние жүзiлiк жаңа тәртiп» құрайды. Парсы шығанағындағы соғыстың басталуы уә Кеңес империясының құлауымен дүние жүзiнде жаңа тәртiп орнатқысы келген АҚШ-тың жетекшiлiгiндегi жаңа саяси, әскери жүйе. АҚШ-тың бiр жылғы әскери бюджетiнiң 2002 жылы 400 миллиард долларға жеткенi белгiлi. Тек Батыс елдерiнiң әскери шығындарын кедей елдердiң проблемаларын шешуге жұмсағанда ғана әдiлеттi әлемдiк тұтастану пайда болар едi. Кедей елдердiң ауыз су, хоректену, денсаулық, инфрақұрылым, бiлiм және өзiн-өзi қамсыздандыру мәселелерi шешiле қалар едi. Бұған қоса планетамызға қауiп төндiрген экология апаттарының алдын алуға болар едi. Бiрақ, бұған Батыс келiсер емес. Әлемдегi ең бай 352 адамның байлығы 2,5 миллиард адамның байлығына тең келетiнi табыс үлесiмiндегi әдiлетсiздiктi байқатады. Бiр миллиардтан астам адам ашаршылықпен күресiп жатқан ХХI-ғасырда, нақтылы соғыс қаупiнiн жоқтығына қармастан, Батыстың әскери бюджеттерiнiң жыл сайын еселеп өсуi көп нәрсенi аңғартса керек. Осыдан екi жыл бұрын БҰҰ тарапынан қол қоюға ашылған «Халықаралық әскери қылмыстар соты» туралы конвенцияны Германия, Франция, Британия сияқты 60 мемлекет бекiткенiмен, АҚШ-тың бұл шартқа қосылмайтынын бiлдiруi сыңаржақ ұстанымның айқын көрiнiсi. Кейбiр америкалық саясаткерлер бұл шартқа АҚШ-тың қосылмауының өздерi уағыздап келе жатқан халықаралық заңның үстемдiгi қағидасымен келiспейтiнiн айтып та үлгердi. Әлемдiк алпауыт күштiң осы сыңаржақ ұстанымы БҰҰ болашақта жойылып, оның мiндетiн Дүние жүзiлiк сауда ұйымы атқармақ деген қауесеттi растағандай...
3. Әлемдiк мәдени тұтастану: Батыс мәдениетiнiң үстемдiгi пiкiрiне негiзделген ұстанымдар. Мәдени тұтастану, әсiресе тiл және дiн салаларында айқын көрiнуде. Батыстағы еуропацентризмнiң ықпалындағы зерттеушiлер еңбектерiнде Батыс мәдениетiнiң «кереметтiгiн», ал өзге мәдениеттердiң «тұрпайылығын» дәлелдеумен әлек. Бұл күнде капитализм мен материалист либерализмнiң өрбуiне болысқан христиандықтың протестанттық бағыты Батыс мәдениетiнiң негiзiн қалаушы дiнге айналған. Протестанттық, Көне өсиет пен йаһұди (еврей) мәдениетiн әсiре мойындау һәм қорғаштау жағынан католицизмнен ерекшеленедi. Сондықтан, Батыс мәдениетiн «Judeo-christian culture» – яғни, «йаһұди-христиан мәдениетi» деп атаушылар аз емес. Мәдени тұтастанудың дiни саладағы үрдiстерiне қарағанымызда, христиандықты миссионерлiк iс-әрекеттермен демеп, күллi ғаламдық дiнге айналдыру мақсаты әшкере көрiнедi. Соңғы жылдары модаға айналған «Дiндер арасы диалог» шараларында диалог орнына монологтың болғанын байқаймыз. Бiз бiлетiн диалог екi жақты болушы едi, ал Батыстың ұғымындағы диалогта тек Батысты тыңдау және оның үлгiлерiн, қалыптарын қабылдау бар. Дiни саладағы тұтастанудың екiншi көрiнiсi дәстүрлi емес конфесссиялар мен жаңадан шыққан секталарды қолпаштау арқылы мұсылмандық, христиандық (әсiресе, католицизм мен православие) және буддизм дiндерiн бөлшектеу. Мұны әлемдiк дiндердi бөлшектеу, әсiресе, ислам әлемiн бөлшектеу саясаты десе болады. «Демократия» және «адам құқықтары» деген сыйқырлы сөздердi қалқан етiп, бұл күндерi Ахмадия, Бахаизм сияқты маргиналды топтар мен суфизм тариқаттары ең кәмiл, ең қауiпсiз (!) мұсылманшылық ретінде көрсетiлуде. Бұны «умеренный вариант ислама» яғни «исламның әлжуаз варианты» дейді. Елiмiзде кейбiр топтардың шаманизм, анимизм уә отқақұлдық (зороастризм) сияқты баяғыда жоғалып кеткен нанымдарды жаңғыртуға тырысуы да осы сарындас. Бұларға қоса, дианетика/сайнтология, йеһова куәгерлерi, сатанизм, махариши т.т. сияқты әлемдiк тұтастанудың жылы лебiн артқа алып, желкен ашқан дәстүрлi емес нанымдарды байқауға болады. Әлемдiк ықпалды күштер мен салымшылар ылғи да дәстүрлi емес ағымдар мен конфессияларды демейтiн, қорғаштайтын талаптарды алға тартуда. Мәселен, дiни сенiм бостандығы туралы заңдарда ұлттық мемлекеттiң мүдделерiне қайшы келетiнiне қарамастан дәстүрлi емес нанымдардың миссионерлiк әрекеттерiне рұқсат берiлуi талап етiлуде.
Тiл саласындағы тұтастану жөнiнде де бiр-екi ауыз айталық. Әлемдiк тұтастану барысының қарқын алуы және Американың дүние жүзiлiк билiктi өз тiзгiнiнде ұстауының нәтижесiнде ағылшын тiлi бiрегей халықаралық тiл сипатын алды десек қата болмас. Мықты тiлдер қатарына жататын неміс, француз, орыс тiлдерiнде ағылшынша кiрме сөздер мен тiркестер көбейген. Интернет жүйесi мен электрондық байланыс құралдарының үйiмiздiң төрiне шыққанын және кабельдi теледидар уә жерсерiк антенналары арқылы алыс-жақын шетелдердiң телеарналарын көру мүмкiндiгiнiң пайда болғанын есептегенде, ағылшын тiлiнiң болашағы туралы алаңдаудың бекер екенi анық. Зерттеушiлердiң болжамынша, келешек ғасырда дүние жүзiнде бүгiнгi 2 мың тiлдiң iшiнен елушақтысы ғана сақталмақ екен. Қазақстандағы қазақ тiлiнiң мәртебесiн нығайта алмай жатқанда, көптеген азаматтарымыз орыс тiлiн былай қойып, ағылшын тiлiн меңгерiп кеткенi таңқаларлық. Шетел тiлдерiн бiлудiң, әлбетте еш зияны жоқ. Бiрақ, өзiмiздiң туған тiлiмiздi өмiр мен тұрмыстың, ғылым мен бiлiмнiң әр саласындағы қажеттiлiктерге жауап беретiн деңгейге жеткiзбей жатып, басқа тiлдердi жас ұрпақтарымызға жаппай үйретудiң соңы не болмақ? Мисалға, Оңтүстiк Кореяны алып қарайық. Қырық миллионнан астам халқы бар бұл елде христиандықты қабылдағандардың саны 15 миллион адам мөлшерiнде. Бұл көрсеткiш осыдан 20 жыл бұрын небары 1 миллиондай едi. Бұл күнде корей халқының жастары түгелдей дерлiк ағылшын тiлiнде сөйлеуде, ағылшынша тәулiк бойы хабар тарататын жергiлiктi телеарналар iске қосылған. Бес мың жылдық жазба тарихы сақталған Кореяның бар-жоғы ширек ғасырда шоқындырулы және басқа мәдениетке жеңiлуi жас мемлекет бiздi ойлантуы керек...
Ислам әлемiнiң проблемалары: Бiрiккен Ұлттар Ұйымы деректерi бойынша 1996 жылы әлемдегi мұсылмандардың саны 1,5 миллиард адамға жеткен. Ислам Конференциясына мүше мұсылман елдердiң саны 55. Алайда, мұсылман елдерi арасында ойдағыдай дамыған ықтысаттық, саяси, мәдени әрiптестiк бар деп айту қыйын. Кейбiр мұсылман елдерiнде әлемдiк деңгейдегi ғалымдар мен технологиялық табыстар байқалғанымен, ислам әлемi өндiрушiлiктен гөрi тұтынушылық жағымен көрiнуде. Батыс елдерi ғылыми зерттеу және дамыту жұмыстарына жалпы ұлттық өнiмдерiнiң 2-3 пайызын жұмсауда. Мәселен, OECD (Экономикалық әрiптестiк және даму ұйымы) ұйымының қорытындысы бойынша зерттеу және дамыту саласында жыл сайын АҚШ 193,8 миллиард доллар, Жапония – 82,8 миллиард доллар, Германия – 31,6 миллиард доллар жұмсайды. Мұсылман елдерiнен зерттеу/дамыту саласына ең көп қаржы бөлетiн мемлекет Түркия – 1,7 миллиард доллармен әлем бойынша 17 орынды иемденедi. Бұл деректер ғылыми зерттеу және дамыту жұмыстарында қаншалықты артта қалғанымызды тайға таңба басқандай көрсетедi...
Әлемдiк тұтастану кезеңiнде күн тәртiбiнен кетпеген бiр дiн бар – ислам. Әсiресе, батыстың БАҚ-ы 11 қыркүйек 2001 уақиғасынан кейiн ислам дiнiн террористердi дайындайтын сенiм жүйесi етiп көрсетуде. АҚШ пен Израилдiң БҰҰ және халықаралық конвенциялар мен адам құқықтарын қорғау ұйымдарының шешiмдерiне қарамастан өз жоспарларын жүзеге асырып жатқаны белгiлi. Мiне, осындай ахуалда исламның болашағы қандай болмақ? Мұсылмандар бүгiнгi мүшкiлаттар мен қыйыншылықтарды қалай жеңбек? Қазақстандағы мұсылмандықтың дамуы қандай бағытта болмақ, тәрiздi сұрақтар алаңдатады. Ал, сын түзелмей, мiн түзелмейдi қағидасын ұстанып, ислам әлемiнiң бүгiнгi жағдайына баға бере кетелiк;
ХХI-ғасырдың бас шенiндегi ислам әлемiнiң көпшiлiгi менталитет, ойлау, бiлiм, ғылым, мәдениет және қоғамдық құрылым жағынан орта ғасырдағы деңгейiн сақтап қалғандықтан, бүгiнгi күнi Батыстың қолқасындағы тұтастануға жауап беру яки балама өндiрудiң орнына, Батыстың шылауында кеткен. Мұсылмандардың басым көпшiлiгi Батыстың бас айналдырар жылдамдықтағы дамуын күрделi руханият және алаңдаушылық сезiмiмен ғана бақылауда. Проблемаларға шешiм өндiруге тиiстi фиқһ (ислам құқықы) iлiмi тар шеңберлi догмалар мен схоластиканың құрсауынан әлде де құтыла алмай келедi. Кейбiр мұсылмандар болса, орта ғасырлардағы аскетизм мен суфизмдi ұстану арқылы «дүниелiктi талақ етiп», бақытқа жетемiн деп жүр. ХIII-ғасырдағы зұлматты мұңғұл шапқыншылығымен дамуы бәсеңдеген, тiптi тоқтаған ислам ғылымдарын қайтадан жаңғыртудың орнына, метафизикалық өмiрдiң сырға толы қойнауына эзотерикалық тариқаттардың көмегiмен кiру арманы постмодернизм дәуiрiндегi мұсылмандарды суфизмнiң иррационалды ұстанымдарына жетелеп, заманауи жаңалықтар мен технологиялық жемiстерге немқұридылықпен қарауға апарып соқтыруда. Бұл үрдiс соңғы жылдары елiмiзде де байқалуда. Батыстың «умеренный ислам» яғни «әлжуаз ислам» (бағынған ислам) жобасында осы суфизмге артылған рөл аса зор...
Ал, мұсылмандар мойындауға тиiстi ап-анық шындық бүгiнгi модернизациялық процестерден қашып құтыла алмайтынымыз болуы керек едi. Батыстың саяси, әскери, экономикалық һәм мәдени үстемдiгi күшейген сайын көптеген мұсылмандардың консерватизмге, томаға-тұйықтыққа, кертартпашылыққа қарай ығысуы алаңдарлық жағдай. Мұның нәтижесiнде, әсiре саяси-ислами ағымдар пайда болуда яки болдырылуда. Алайда, үшбу ағымдар ислам дiнiнiң универсалдылық сипатына зақым тигiзерлiк әрекеттерге дейiн баруда. Дiндi гео-саяси һәм гео-экономикалық мақсаттары үшiн қолданатын үшбу топтар мен шынайы ислам жолын ұстанған, ислами гуманизм уә оның универсалдылық сипатын сақтай отырып, ғылым мен бiлiмде, тұрмыс пен өмiрде жаңа ислам өркениетiн жасауға атсалысушы зиялы мұсылмандарды шатастырмау керек. Бұлар мұлдем бөлек нәрселер. Ислам әлемiнiң артта қалуының себепшiсi ретiнде тек Батысты кiнәлау дұрыс емес. Негiзiнен, ислам әлемiнiң артта қалуының басты кiнәлiсi хақ дiн исламның өзегiнен алшақтап, бұйрықтарын лайығынша орындамаған мұсылмандардың өздерi. Батыстың iстегенi – ғылымнан, бiлiмнен, тәжiрибелiк ойлау салтынан қол үзiп, тiрiдей дүниеден баз кешiп, дiннiң тек ритуал жағына ден қойып, рулық-тайпалық қырқыстар мен тақ таластарға бой алдырған, суфизм сияқты ақыл мен ғылымды мансұқтайтын уә исламның өзегіне жат сенімдерге шалдыққан мұсылман елдерiн отарлау һәм қанау болған.
Ислам атын жамылушы әсiре саяси ағымдардың пайда болуының себепшiлерiнен аяусыз Батыс отарлаушылығының езгiсi мен Батысқа көр-соқыр елiктеушiлiктен туындаған исламофобияның ықпалында қалыптасқан әсiре материалист-позитивист батысшыл көзқарасты айтуға болады. Ислам әлемiнiң проблемаларын шешу үшiн ХІХ-ғасырда Батыс елдерiне оқуға жiберiлген кейбiр азаматтар Батыстың бiлiмi мен өнерiн үйренудiң орнына, қайта оның мәдениетi мен құндылықтарын қабылдап, ғылым мен бiлiмдi, еңбек пен табысты, әдiлеттiлiк пен хошкөрушiлiктi уақыздаған ислам дiнiн айыптаумен болған. ХХ-ғасырдың бас шенiндегi кейбiр қазақ зиялыларының да осындай кептi кигенi белгiлi. Хиросима мен Нагасакиде атом бомбалары жарылған соң, жеңiлiстi мойындауға мәжбүр болған жапон императоры Хиро Хито (Hiro Hito, 1901-1989) америкалықтардың қысымымен өзiнiң «Күннiң ұлы» деген атағынан бас тартса да, халқына үндеу салып, «Батыстың рухын емес, технологиясын алыңдар!» деген. Мұсылман елдерiнiң көпшiлiгiнде болса, «батысшылдар» мен «исламшылдар» болып, халық екiге бөлiнiп, iшкi соғыстар мен саяси күрестер, идеологиялық жiкшiлдiк пен кертартпашылдық салдарынан мыңдаған адамдар қаза тауып, байлықтар талан-таражға салынып, өркениет дағдарысы пайда болған. Дәл осындай жағдайда мұсылмандар Батыстың озық ғылымдары мен технологиясын меңгерiп, фиқһ, кәлам, хадис, философия, әлеуметтану ғылымдарын жаңа методологиялық сарапқа салып, пайғамбарымыз Әз Мұхаммедтен (с.а.у.) кейiнгi ғасырларда дiнге енгiзiлген хұрафалар мен бидғаттардан (бидғат – Құранда орны жоқ, дiнге кейiн қосылған нәрселер), жаңсақ сенiмдер мен ырымдардан тазалағанда уә басқа нанымдардың әсерiнен қарсы ұғымдарға айналған ахирет пен дүниенi, материал мен руханиятты Құрандағыдай өзара байланысы реттелген, үйлесiмдi һәм қанағаттандырушы түсiнiктерге айналдырғанда дұрыс болар едi.
Ислам әлемiнiң бүгiнгi өзектi проблемасының бiрi тұрмыстағы дiннiң Құрандағы дiндi басып кетуi. Мұсылмандар қолдан жасалған дiн көсемдерiнiң қажырлы еңбегiнiң нәтижесiнде бұйрықтары аса түсiнiктi һәм қолдануға қолайлы ислам дiнiн ең бiр қыйын ритуалдер мен жорамалдар жыйынтығына айналдырған. Осының салдарынан деформацияланған тарихи сана дiн ретiндегi ислам мен мұсылман қоғамдардың тарихын және осы тарихтан туындаған синкреттi мәдениеттi ажырата зерттеу қабiлетiнен айырылған. Көбiнесе әфсаналар мен хиял-ғажайып мифологиялар араластырылған үшбу тарихи сана жөнделмейiнше, «ислам дiнi» мен «мұсылман мәдениетi» жеке зерттелмейiнше проблемалар шешiлмек емес. Нақты мисал ретiнде мынаны айтпақшымыз; Пайғамбарымыз Әз Мұхаммед (с.а.у.) милади 632 жылы қайтыс болған соң, сол кездегi араб әдетiне сай рубасылары және ақсақалдар алқасымен кеңесе отырып, ел басқаршуы адамдар, басшылар сайланған-ды. Оларға сол кездегi тiлмен айтқанда «әмир әл-мұминин», яғни – «мұсылмандардың әмiршiсi» делiнетiн. Әмәуи әулетiнiң билiкке келуiмен әкеден ұлға қонатын патшалыққа айналған бұл институт негiзiнде «халифалық» ұғымы пайда болған. Сөйтiп, фәни адамдар жасаған институтқа дiни сипат артылып, осы сакрализация (киелеу) патшалықтан патшалыққа артып жалғасқан. Аяғында, ислам дiнiмен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «зиллұллаһ», яғни «патша Аллаһтың жердегi көлеңкесi» деген жаңсақ сенiм қалыптасқан. Тiкелей шіркке (ортақ қосушылыққа) апаратын бұл ұғым исламға дейiнгi көптеген халықтарда байқалатын теократиялық мемлекеттiң негiзгi ұстыны едi. Көне Қытай, Жапон, Рим, Иран т.т. билеушiлерi өздерiн «Құдайдың ұлы», «Құдайдың өкiлi», «Көктiң ұлы», «Күннiң ұлы», «Тәңiрдiң көлеңкесi» дейтiн. Ал, тұрмыстағы дiн негiзгi бұлақтардағы дiннен басым болғандықтан, мұсылмандар пендеуи институттарды киелеу арқылы деформацияланған тарихи санаға тап болған. Тарихи сананы деформациялауда жеке басқа табындыратын суфи тариқаттарының «айрықша» рөл атқарғанын атауға мәжбүрміз. Сол себептi, жоғарыда келтiрiлген нақтылы мысалға ұқсас жүздеген хұрафалар мен бидғаттар, уақытша үрдiстер мен әдет-салттар дiннен бөлек зерттелмейiнше бүгiнгi тығырықтан шығу мүмкiн болмайды.
Мұсылман әлемiнiң ендiгi бiр көкейтестi проблемасы дiни схоластика мен догматизм. Әсiресе, белгiлi ғалым, ойшыл әл-Ғазали 1111 жылы өлген соң, «ендi iжтиһад есiгi жабылды» деушi бiр топ пайда болған. «Селефиййұн» деп те аталатын бұл схоластиктердiң пiкiрiнше, бұрынғы мәзһәб имамдары мен дiн ғалымдары айтылатын нәрселердiң бәрiн айтып болған. Олардан бiздерге сөз қалмаған, олардың iлiмiне ешкiм де жете алмақ емес. Сондықтан, iжтиһад есiгi жабылған, яғни дiннiң хүкiмдерi мен ұстанымдарын жүйелей отырып, жаңа мәселелерге қатысты ұйғарымдар мен тұжырымдар келтiрудiң жолы жабылған. Әлқисса, мұсылмандар тек бұрынғылардың айтқандарын ұстанып, жазғандарын оқыса жеткiлiктi, кәмiл мұсылманның қолынан келетiнi осымен шектелмек делiнген. Мiне, Құран Кәрімнiң аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үгіттеріне тiкелей қайшы келетiн осы схоластиканың салдарынан мұсылмандар жаңа табыстар мен ғылыми жетiстiктер өндiрудiң орнына, бұрынғылардың мирасын мiсе тұтатын болған. Заман өзгерiп, адамзат жаңа көкжиектерге шыққан сайын, мұсылмандар бұрынғыларды қайталаумен, жаттанды зікірлерді естен танғанша айтумен артта қалған. Ал, жаңаша ойлауды, жаңа проблемаларды жаңаша шешудi ұсынған прогрессивті ғалымдардың көпшілігі схоластиктер уә қараңғы молдалар табы тарапынан «кәпiр», «зындық», «дiннен шыққан» деп айыпталған. Бұл дiнде орны жоқ догма дәл бүгiнгi күнгi ислам әлемiнiң үстiнде үйiрiлген қара бұлттай тұр. Осы қара бұлтты сейiлту үшiн дiндi тек ритуалдар мен культтердiң жыйынтығы деп бағалайтын деформацияланған тарихи сананың өзгеруi шарт.
Ұлттық мемлекет: Әлемдiк тұтастану барысында ұлттық мемлекет ұғымының әлсiрегенi шындық. Еуропаның ұлттық мемлекеттерi ортақ мүдделерi үшiн шекара мен ұлттық ақшаларын жойып та жiбердi. Ортақ қарулы күштер, ортақ парламент, ұлттық соттардың шешiмдерiн қарайтын ортақ соттар бүгiнгi күнi жиi естiлетiн сөздерге айналды. Еуропа Одағы мүше мемлекеттердiң ұлттық егемендiктерiн шектей отырып, ортақ христиан құндылықтары негiзiнде әлемдiк экономикалық, саяси бәсекелестiкте Батыстың мүдделерiн жүзеге асыруда. Сол себептi, 1963 жылы әрiптестiк туралы шартқа қол қойған Түркияны мүшелiкке алмай, күнi кеше ғана социалистiк блокта болған Орта және Шығыс Еуропа елдерiн мүшелiкке қабылдауда. Ал, Еуропадағы әлемдiк уә аймақтық тұтастануға қарсы әрекет ретiнде әсiре ұлтшыл ағымдар жаппай күшеюде. Жуырда Францияда болған президент сайлауында әсiре шовинист Ле Пеннiң (Jean-Marie Le Pen, 1928- ) социалистiк партияның басшысынан да көбiрек дауыс алып, екiншi орынға жетуi жағдаяттың қаншалықты уайымдарлық екенiн көрсетедi. Оның екiншi айналымда 20 пайызға жуық дауысқа ие болғанына қарағанда, бұл күнде демократияның бесiгi саналатын Франциядағы әр бесiншi азаматты әсiре ұлтшыл және тұтастануға қарсы деп айтуға болады. Ле Пеннiң «президент бола қалған жағдайда Францияны Еуропа Одағынан шығарамын» деуi де сондықтан. Ал, шовинизм жағынан Германия, Ресей, Чехия, Голландия, Сербия елдерi қалысар емес. Еуропадан адамзаттың басына тағы бiр пәлекет тумаса екен деуден басқа шарамыз жоқ...
Ұлттық мемлекет дегеннен бiр ғана ұлттың меншiгiндегi мемлекеттi түсiну дұрыс емес сияқты. Кейбiр әсiре ұлтшылдар болса, басқа ұлттарды жойып жiберуге дайын яки бiр ұлттың үстемдiгiн талап етедi. Соңғы жылдары бiзде де қазақстандықтар боламыз ба, жоқ бәрiн қазақ болдырамыз ба деген пiкiр талас жүруде. Бiздiңше ұлттық мемлекет дегенiмiз барлық iс-әрекеттерiнде әлеуметтiң мүддесiн ойлайтын, азаматтарына тең құқықтар бере отырып, әлеуметтiк келiсiмдi мұрат ететiн мемлекет. Мұндай мемлекет әлеуметтiк мүдденi қорғау кезiнде мемлекет жобалары мен жоспарларының таза табыс әкелiп-әкелмейтiнiне мән бермеуi де мүмкiн. Тiптi, кей жағдайларда табыссыз яки қосымша шығын әкелетiн жобаларға көмек беруi де мүмкiн. Ұлттық мемлекеттiң екiншi маңызды сипаты оның бiртұтас, яғни унитарлық мемлекет болуында. Өйткенi, унитарлық мемлекетте ғана ел бойынша бiрдей азаматтық, әкiмшiлiк құқық орындалады.
Қазақстан жағдайында азаматтар арасындағы қатынас құралы ретiнде қазақ тiлiнiң қолданылысын күшейтуiмiз ләзiм. Бұл әлемдiк тұтастану барысындағы ұлттық мемлекеттiң келешегiне бағыт-бағдар беретiн маңызды мәселе. Қазақ тiлiнiң қолданылу аясы кеңейген сайын азаматтар арасындағы рухани, мәдени байланыстар күшеймек. Қазақ тiлi күшейген сайын қазақ халқы танылмақ. Халқымыздың дархан мiнезi мен бай руханиятын таныған азаматтар арасында келiспеушiлiктiң пайда болуы екiталай. Бұл азаматтарды Қазақстан патриотизмiне тәрбиелеудiң күштi құралы болмақ. Патриотизм демекшi, әсiресе жас ұрпақтар мен қарулы күштерiмiздегi ұландарымызды отансүйгiштiкке тәрбиелеудегi ислам дiнiнiң орасан зор мүмкiндiгiн әлi пайдаланбай келе жатырмыз.
Ислам дiнiн үйренуден уә үйретуден қорықпайық. Исламда қорқатындай зиянды еш нәрсе жоқ! Батыс елдерiнде дiн сабақтары мектеп бағдарламаларына баяғыда енгiзiлген. Бұл жетпегендей, Германия сияқты көптеген Батыс елдерiнде «шiркеу салығы» алынуда. АҚШ, Британия, Франция, Германия сияқты елдерде католик, баптист, эвангелист университеттерi мен колледждерi өзге оқу орындары сияқты бiлiм беруде. Бұл елдерде, тiптi, католик, методист ауруханалары жұмыс iстеп жатыр. Христиан-демократиялық, христиан социал-демократиялық партиялар сайлауға қатысуда. Бiз болсақ елiмiз зайырлы деп, исламдық фундаментализм пайда болады деп, дiн ғылымдарын үйрету және зерттеу жағынан самарқаулық танытып келемiз. Егер дiнiмiздi мектеп оқушыларына, студенттерге үйретпесек, оларға дiндi үйрететiн басқа топтар мен ұйымдар күдiксiз табылады. Мiне, қауiп басқада емес, осында жатыр. Бұл жағдай мұсылмандарды мәзһәбтәр мен мәшрәбтерге, тариқаттар мен саяси фракцияларға бөлетiн болады. Бұған қоса, көптеген азаматтарымыздың басқа дiндерге кетуi салдарынан елдiң берекесi шайқалып, iшкi алауыздақтар өрбуi әбден мүмкiн.
Қорыта айтқанда, әлемдiк тұтастанудан қорқудың қажетi жоқ. Жоғарыда бұл барыстың тиiмдi және зиянды жақтарын көрсетуге тырыстық. Мақаланың көлемi шектеулi болғандықтан көптеген көкейкестi мәселелерге тоқтала алмадық. «Қорқудың ауруға пайдасы жоқ» деген мақал ерiксiз еске түседi. Әлемдiк тұтастануды тоқтатуға шамамыз келмейдi. Бұл, мүмкiн, керек емес те шығар. Ал, бiз бұл тұста не iстей аламыз, елiмiздiң тәуелсiздiгi мен руханиятын қалай сақтап қаламыз дегендi ойлауымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда, Ұлттық Ғылым академиясы, Стратегиялық зерттеулер институты сияқты маңызды ғылыми зерттеу және дамыту ұйымдарына үлкен жауапкершiлiк артылуда. Жалпы, ғылыми ортаның тез арада исламофобиядан арылуы қажет демекшiмiз. Әлемдiк тұтастану барысында 200 миллиондық мұсылман-түркi жұрты мен екi миллиардтық ислам әлемiнiң ажырамас бөлiгi екенiмiздi ұмытпаған жөн. Ислам дiнi елiмiздiң тарихымен қоса болашағында да маңызды орын алмақ. Дiнiмiз жалпы адамзатқа ортақ iзгiлiктер мен игі құндылықтарды (Құранда «мағрұф» деп аталған) қабылдауды бұйырады. Сондықтан, тұтастануды жақтаушылар айтатын адам құқықтары, сенiм бостандығы, демократия деген ұрандарға бiздiң қарсылығымыз жоқ. Мәселе, олар айтатын адам құқықтары, сенiм бостандығы және демократия тек Батыстың құқықтары болып шықпаса екен дегенде...

[1] Мұртаза БҰЛҰТАЙ, Әлемдік тұтастану, «Жас Алаш» газеті, №58, 16.05.2002ж. және БУЛУТАЙ М., Ислам в контексте демократии и глобализации. Вестник КазНУ, серия философия. №1(21), 2004 г., 130-134 беттер.
Автор: ІЗГІЛІК на 7/31/2007 09:27:00 AM
Материал izgilik.blogspot.com cайтынан алынды


[


[



Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет