Елен ӘЛІМЖАН
БАУЫРЖАННЫҢ ПЫРАҒЫ
Әңгіме, пьеса, сұхбат
Алматы-2010
«Орхон» Баспа үйі
БАТЫРДЫ БАСҚА ҚЫРЫНАН..
(Алғысөз орнына)
Ұлы Отан соғысында аты шыққан батырлар баршылық. Соғыс тақырыбына қалам тартқан ақын-жазушылар да жетерлік. Бірақ олардың барлығынан неге Бауыржан Момышұлының даңқы асып, әлемді шарлап кетті. Халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, ақындар өлең-дастандарын, жазушылар романдары мен драмалық шығармаларын, сазгерлер әндерін, замандастары естеліктерін ең көп арнаған тұлғаға айналуының сыры неде?
Жазушы Елен Әлімжан осы сұраққа жауап іздеп, оның сыры Бауыржанның батырлығы мен жазушылығында ғана емес, қайраткерлігінде, 1937-38 жылдары атылып кеткен арыстарымыздың Алаш идеясының бүгінмен арадағы алтын көпірі бола білгендігінде екендігін дәлелдейді.
Бұл пікір бауыржантануды жаңа биікке бастап, болашақтағы зерттеулердің темірқазығы болады деп ойлаймыз.
Профессор М. Мырзахметұлы,
«Бауыржан мұрасы XXI ғасыр көгінде»
атты ғылыми жобаны іске асырушы
топтың бас ғылыми қызметкері,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
БАУЫРЖАННЫҢ ПЫРАҒЫ
әңгіме
Бауыржанды бір ой булықтырып жүр, Айға созылған ауыр шайқастардан кейін белгілі мерзімге демалысқа шығарылған бөлім командирі бұлай бұйықпай ел-жұртпен бірге емін-жарқын жүруге тиіс еді. Өйткені, майдан шебін жүз-екі жүз шақырымға дейін ілгері жылжытқан ұрыстарда ол басқарған полк тағы да айрықша тапсырмаларды абыроймен орындап ауызға ілінді. Қорғаныс ұрыстарында бір адым артқа шегінбеудің небір үлгісін көрсеткен талғарлықтар енді дивизия найзасының ұшы болып қадалды. Олардың жау тылына білдірмей өтіп, торапты жолдарды басып алып отырған тосын қимылдары қарсыластарының алғы шептеріне тың күштер әкелуіне қолбайлау болып, шығынға шаш етектен батырды. Мұның барлығы қақаған қыста ақ мұнар айсыз түн қараңғылығын одан әрі қоюлата түскен қалың орман арасымен омбылаған жорықтардан кейінгі күтпеген шабуылдардың арқасында мүмкін болды. Ал, күндіз торапты жолды қайтарып алмаққа жанталасқан жаудың аспаннан да, жерден де жасаған үздіксіз шабуылдарына тойтарыс бере біліп, мұнда да бұйрықсыз бір адам шегінбеді. Міне, осындай сәтті операциялардан кейін, атағы одан әрі айбарланған командирдің «көңілсіздігі» шынында да кімге де болса түсініксіз еді. Тіпті, жеңістің буын былай қойғанда демалыстың қуанышы деген бар емес пе? Қатты қалжыраған шаршаулы болса, баяғының батырларынша бұл дүниенің бар-жоғын ұмытып ұйықтасын. Бұлай кірбің қабақ болып жүргеннен командирге қайта сол жарасады. Өмір мен өлімнің шайқасынан жан алысып, жан берісіп шыққандар ұйықтасын, тынықсын, өзіне-өзі келсін деп беріліп отыр бұл демалыстың өзі де.
Дегенмен, әскер демалыста да әскер, жарғылық міндеті мен ұстанатын тәртібі, күнделікті тірлігінің кестесі бар. Олардың орындалуын ұйымдастыратын да, қадағалайтын да командир шайқастардан кейінгі адам мен қару-жарақ шығындарын есептеп, оның орнын толтыру, азық-түлік пен киім-кешек қамдау бөлімге жаңа қабылданғандарды жерсіндіру, бәрі-бәрі назарында болуы керек оның. Бірақ, бәрібір демалыстың аты демалыс. Қай қаңғырған оқтың құрбаны болып кетеріңді білмейтін алғы шеп емес. Айналаңды астан-кестең етіп жатқан дұшпанның артиллериялық соққысының астында оның танкілері мен жаяу әскерінің шабуылын қайтсем тойтарамын деп жанды шүберекке тас түйіп отырған жоқсың. Шабуылдан жау бекінісінің осал жерін таба алмай бас қатырудан да азатсың. Бұл тіпті, психологиялық салмағы зілбатпан ұрыс алдындағы алдамшы тыныштық та емес. Демалыстағы командирге әлі жаңа міндеттер қойылмағандықтан басында болашақ ұрыстардың стартегиясы айқындалып, картаға тактикалық сұлбасы сызылған жоқ. Сөздің қысқасы, жүздеген, мыңдаған адамдардың өмірін не ары, не бері ететін есептерден командирдің басы ада. Демек, алаңдамай ұйқысын қандырып, жүйкесін тыныштандырып, жан азығын толықтырып, көңілін көтеруге командир толық құқылы ғана емес, міндетті. Тәбет тартып жатса, «күштінің» өзін «нарком нормасынан» асырып жіберуіне де болады. Полк комиссары Петр Логвиненко солай етіп алыпты. Енді командирмен емін- жарқын әңгімелескісі келеді. Онысы да жөн. Ұзақ ұрыстардан кейін екеуінің еске алар жайлары аз емес. Бірақ бір істі бастап қойып отырған Бауыржанның «нарком нормасына» зауқы соқпады, әңгімелесуді де хош көрмеді.
- Түсінікті,- деді Бауыржанның алдындағы көк дәптерді көзі шалған комиссар соңғы уақыттарда саяқтана берген командирдің көңілі неге алаңдаулы екенін ұққандай.
- Иә, мені алдымен сен түсінуге тиіссің, Петр Васильевич,- деді жүзінен бөгде біреудің бөлмеге тасыр-тұсыр кіріп, ойын үзгенін қаламағаны көрініп тұрған Бауыржан.
-Жоқ, мен сені түсінбеймін, Бауыржан,-деді кенеттен көзін көк дәптерден әнтек көтеріп алған Логвиненко.
- Түсінбейтін несі бар?- деп Бауыржан да үстелден еңсесін көтеріп комиссарға ежірейе қарағанда, жиырылып барып жазылған қасы садақша серпілігі, көптен тұңғиық жүрген жанары жалт-жұлт ете қалды.
- Мен өз ойларымды қағазға түсіріп отырмын,- деді содан соң сабырмен.
-Оны түсінемін.
- Енді нені түсінбейсің?
Командирдің қатқылдау сұрағына қит ете қалған комиссардың жүзі қара күрең тартып, жауапты сызданып берді.
- Дұрыс, сен өз ойларыңды қағазға түсіріп отырсың. Бірақ...
- Немене, бірақ? - деп тақымдады тоқталып қалған комиссарды Бауыржан.
- Сен алғы шеп командирінің міндетіне жатпайтын жұмыстарға килігесің, - деді даусының сызын сақтаған Логвиненко жауабын күттірместен.
- Командир міндетіне жатпайтын жұмыс бола ма, алғы шепте? - деп шап ете қалды саяси жетекшінің шолақ ойлағанына күйінген Бауыржан.
Бірақ, Логвиненко ойым жетпей тұр деп емес, сенен артық біліп тұрмын деп барлады Бауыржанның жүзін.
- Сен өзің басқарған әскери бөлімнің аумағынан шығып кетесің,-деп тағы да жауап қатпастан жұмбағының шешімін одан әрі ауырлата түсті.
Саяси жетекшімен ой жасырынбақ ойнауға Бауыржанның мүлдем зауқы жоқ еді. Сондықтан:
- «Аяз би әліңді, құмырсқа жолыңды біл» демексің бе сонда?-деп төтесінен сұрады.
- Немене, немене? - деп комиссар мақалды қызықтап кетті. Қашан да көсемдер мен ұлы адамдардан үзінділер келтіріп, халықтың ақыл-нақылдарын тақпақтап, білгірлік көрсететін Логвиненко дереу қойын дәптерін шығарып, бұл мақалды Бауыржанның аудармасында көшіріп те алды. Содан соң;
- Дегенмен, бабаңның бұл өсиетін есте ұстағаның жөн болар еді, - деді де үйден шыға жөнелді. Айтылған сөздің ашықтығын ұнататын Бауыржан басқа бір кезде комиссарды бұлай жібере салмай ақырына дейін сөйлетіп, тұспалының төркінін танып алар еді. Өзінің тезірек оңашаланғанын қалағандықтан тоқтатқан жоқ.
Бірақ Логвиненко көңілін астан-кестең етіп кеткендіктен біраздан бері пісіп-жетіліп, қаламының ұшынан қағазға енді құйылғалы отырған ойларынан айырылып қалыпты. Қанша әлектенсе де қайыру берер емес. Комиссардың әлгі «ақылы» көкейінен кетпей, кеудесіне қадалып тұрғанда сірә, қайыру бере қоймас та. Сондықтан бұдан әрі отыра берудің пайдасыздығын көріп, орнынан тұрды. Дұрысы, тысқа шығып таза ауада серуендеп, жиырылған жүйкені жайластыру, Сонда пышыраған ойлары оралар.
Бауыржан тысқа шыққанда дала әлі жарық екен. Батыс көкжиекті бүркітше бүремін деп күш түсіп қанталаған көзін күндізгіден кеңірек ашқан күн қызыл кірпіктерін көктің күмбезіне қаратып балақтатып жіберіпті. Ашық аспанның ұшар басына қарай қос бүйірден қоса қабат жылжыған қара бауыр көксұр бұлттар сол кірпіктерді қырқып түсіп барады. Бүйте берсе біржола тұтасып. бүкіл көкті түгел басып алар түрі бар. Зеңгір аспанды айпап-жайпап келе жатқан тажалдан күші қайтқан Күн де тайсалып, бірте-бірте бұға түсуде. Енді сәлден соң Жер дүниені қара бауыр бұлттардың билігіне қалдырып, жотасын көрсетпей кетері анық. Ал, әзірге оның сәулесі көкжиектің қос бүйірінен шығандап шығып сүзіскен көк көкжалдарының бір-бірімен айқасын анық көрсетіп тұр. Бауыржан бұлттардың мұндай шайқасын Алатаудың ұшар басынан көбінесе көктемеде көретін. Аспандағы айқастың ақыры тегін кетпейді. Аюша арпалысып, бураша буырқанған бұлттар жел көтеріп кетпесе, қар болып қара жерге түседі.
Логвиненко да тегін ақылдымси қалған жоқ. Бауыржанның ойларын түсіріп жүрген екі дәптерін сұрап әкеткеніне біраз болса да, «жоғалтып алдым» деп қайтармай қойған. Пікірін де айтпаған. «Демек, менің дәптерлерім жоғалмаған, «жоғарылап» кеткен болды. Ішіндегісінің буымен білдіріп тұрғаны солардың пікірі ғой». Бұл ой Бауыржанды сәл тіксіндіргенімен артынша «Арнайы бөлімдегілер оқи ма, жоқ, арнайы мамандар оқи ма, бәрібір менің ол жазбаларымда Армияның да, партияның да, тіпті, бір Алланың да жарғыларына қайшы келетін дәнеңе жоқ» деп қолын бір-ақ сілтеді. Алайда, адамдар қоғамында, оның ішінде әскерилер арасында да жақсылығыңды айтып, жабыла мақтап тұрып, мақтамен бауыздап кететіндер көп. Бауыржанның ерліктері талайды көргендерді де таңқалдырып, ауыздан ауызға аңыз болып тарады. Бірақ оған Кеңестер Одағының Батыры атағы берілмеді. Ол бір-ақ рет ұсынылса, құжаттары жолда өртеніп, әлде жоғалып кететін, соғыс жағдайындағы кездейсоқтықтың құрбандығына жатқызуға болар еді. Панфилов, Чистяков, Серебряков сияқты дивизия командирлері бір емес, бірнеше рет ұсынды.
Демек, бедел-парасаты мол үш бірдей генералдың сөздерінің өтпеуі ешқандай да кездейсоқтық емес, заңдылық. Ол заңдылық бойынша Бауыржанға батыр атағын беру - ұлтшылдың беделін өсіру деген сөз. Ерлігін ел дәріптеп жатқан полк командирінің екі жылдан бері қан майданда жүріп алған марапаты Қызыл Ту ордені ғана екенінің шын себебі сол. Ал, оның жоқтағаны халқының жоғы болса да, жыртқаны бүкіл елдің намысы еді. Менің халқым күшті болса, Одақ та күшті деп жыртып жүр сонда. Демек, әділетке салса, ол нағыз мемлекетшіл патриот екені имандай шындық. Бірақ бұл шындық оларға тиімсіз. Тіпті, «батырымыз өз сыбағасын өзі теуіп жүр» дейтіндер қандастарының арасында да бар. Ал, халқының кетіп жатқан есесіне көз жұмып қойып бұл өз сыбағасын алды дейік. Сонда не болады? Асаған сыбағасы «аузын қисайтып» жібергендіктен жөні түзу сөз шықпай бергендеріне ырзалықтың белгісі ретінде құр ыржиып қол соға беретін бола ма? «Бұл, трагедия!» деп дауыстап жіберді Бауыржан: «Ұлттық трагедия!». Ащы дауысы қатты шыққанымен түн тұмшалаған орыс орманының ортасында оны тыңдар құлақ жоқ еді. Тек сірескен қыстың шыңылтыр аязды ауасы ғана әуелетіп әкетіп жатты. «Ер жігітте қырық мүйіз болады» деуші еді, қырық мүйізді арыстарымыз қалмағаны ма? Кешегі көргені сол мүйізі өспегендердің қол соға беруінің жемісі. Өсіп бара жатырмын деп өшіп бара жатқан бейкүнә ұрпақ...
Полк командирі жаңа келгендердің дайындық деңгейін анықтау үшін жаттығу жүргізуге бұйырған. Оларға кәдімгідей окоп қаздырып, атыс ұяларын жасатып, шайқас шебін құрғызды. Нысана көздетіп соғыс қаруларын қалай меңгергендіктерін байқады. Мұның бәрі, әрине, байырғы панфиловшылардың бас-көз болуымен атқарылды. Олардың қасында жаңа келгендер өздерінің осал тұстарын оңай аңғарып, оны қалай түзеуді де тез түсініп алады. Сан қырғыннан аман шыққандармен қатар қимылдаған жас жауынгерлердің бойына сенім ұялайды. Сөйтіп, панфиловшылардың, оның құрамдас бөлігі Талғар полкінің жауынгерлік дәстүрі бойларына сіңеді.
Жаңа қабылданғандардың жауынгерлік дайындығын байқау жалпы алғанда жақсы өтті. Бұл жайында жоғарыдағыларды қанағаттандырарлық, тіпті жүз жылдан кейін архивтен көтеріп оқитын ұрпақты да риза етерлік ақпарлар толтырылатыны анық. Бірақ штаб бастығы басқарған жаттығулар жобаланған күйінде жып-жылмағай өткені командалық пункттен бақылаған Бауыржанға ұнамады. Жаттығу біткен соң жақындап келіп бөлек-бөлек сапқа тізілген роталарды аралаған командир бір бөлімшенің алдында бұлбұлдай сайрап тұрған кіші саяси жетекшінің әңгімесіне біраз кідірді. Ұрыс көріп ысылмаған жігіт үлкен бастық келген соң тіпті барын салып бақты. Бірақ қанша лапылдатқанымен тез сөнетін жалпылдақ отынның жалынындай жалтылдақ сөздер жауынгерлер жүрегін шоқтандырмады. Өз шеніне мардымсып, өз үніне масайраған бұл жігіт саптағылардың намысын қамшылайтындай бір мысал келтірген жоқ. Халқының не тілін, не тарихын білмейтіні көрініп тұрды. Жауынгерлер белгісіз бағытқа ұрылған бильярд шарларындай құр сыртылдаған құрғақ дыбыстарды құлақтарынан асырып жіберіп жатқанын құлықсыз кейіптері мен оты оянбаған жанарлары айқын аңғартты. Мұндайлардың әскери машығының әлі бір қайнауы ішінде екеніне төзуге болады. Ұрысқа дейін тағы да жаттықтырып, иін қандыра түсуге мүмкіндік бар. Ал, үтіктеліп кеткен рухын аз күнде қалай бүршік атқызарсың? Оған өз ұлтының рухы жат, өзгеге де кірікпеген, ал дүбәра рух деген болмайды. Сондықтан мұндайлар өткен жолғы «халкомнан» да қауіпті. «Халком» аталып кеткен командир жауынгерлерін жауып тұрған оққа айдап, қынадай қыра берген, қыра берген... Өйкені, ол бұйрықты ойланбай орындауға тәрбиеленген көзсіз сенімнің құлы. Ал, мына жігіт сылдырап сөзден ұстатпайтынның өзі екені көрініп тұр. Сөзін ұстай алмаған соң кінәлау да оңай емес. Бірақ өзіне шық жуытпауға машықтанғанымен мына өрімдей жастарға жігер бе руге дәрменсіз. Рухы жоқ болмыс - боркемік. «Рух - соғыстағы ең қуатты қару болса, рухсыздық - ең қауіпті жау».
Бауыржан саяси жетекші сөзінің аяғын күтпестен жаңа ғана жаттығу өткен шепті жағалап кетті. Жастар окоптар мен траншеяларды жау келеді деп күткен алдындағы алаңқай алақандағыдай көрінетін ұрымтал позициядан қазыпты. Орындалу сапасы да ойдағыдай. Әрине, байырғы командирлер мен жауынгерлердің ақыл-кеңесімен атқарылғаны айтпай білініп тұр. Мына бір пулеметші өзінің ұясын бірнеше қабат бөренемен жауыпты. Жастар көріп, үлгі алсын дегені. Бауыржан дзоттың ішіне кіргенде байырғы жауынгер пулемет бөлшектерін ыждаһатпен сүрткілеп жатыр екен. «Жина!» деп бұйырды полк командирі. Сарт-сұрт қимылдаған солдат станогін атысқа ілезде дайын қылды. Полк командирі амбразурадан алдындағы жазыққа тесіле қарап біраз тұрды. Көбесі сөгілмеген қалың қар басқан қимылсыз жазықта ұрығынан өніп өскен өрімталдар ғана қылтияды.
Полк командирі атыс ұясынан кейін шегініп, қасындағы пулеметшіге бұрылды да; «Бауырым, жаңа қабылдағандарды сынап көрейік, дабыл қақ» деді. Командирінің ойын лезде түсінген пулеметші саптағыларға естірте «немістер!» деп айқай салды да, оқ атар станогін сақылдата жөнелді. Бұл күтпеген дыбысқа елең еткенде ақ қалпақтары түсіп қалған өрімталдардын біразы бастарын көтеріп, бойларын жазды. Ал, біразы қылшасынан қиылып түсіп жатты. Жас жауангерлердің сапы лезде сапырылысып, сендей соғысты. Олардың арасынан біреуі суырылып шығып, жарты шақырым бүйірдегі орманға қарай қашты. Бұл жаңағы жалынды сөз сөйлеп тұрған кіші саяси жетекші еді. Не болып, не қойғанын бағамдау үшін алды-артына қарамастан зытып барады. Сеңдей соғылысқандардың біразы соның соңынан салды. Ал, қалғанын бір жас лейтенант жанұшырып жүріп тоқтатты. Ол ә дегенде жата қалған. Артынша атып тұрып «Взвод, траншеяға!» деп айқай салып, жауынгерлерінің алдын кес-кестеп, пистолетімен бір-екі рет аспанға атып та жіберді. Командирінің жігерлі дауысы жүректерін тоқтатқан взвод жауынгерлері әйтеуір, оның бұйрығына құлақ асты.
Полк командирінің белгісімен пулемет үні caп тиылды. Сонда ғана орманға қарай опырыла ұмтылғандардың ішінен бірлі-жарымының тоқтап, артына бұрылып, жағдайды барлап алуына батылдықтары жетті. Алайда, олар арттарынан күліп, мазақтап тұрған байырғы жауынгерлерден өзге ешкімді көрмеді. Ал, кейбіреуі әлі зытып барады. Солардың бәрінен озған жас саяси жетекші елдің ең алдымен орманға жетіп жығылды...
Иә, мынау «халкомнан» да қауіпті деп өз ойын бекітті Бауыржан. «Халком» тактикалық өнерден мақұрым топас болғанымен қарамағындағыларды оттың астында да уысында ұстай алатын. Ал, бұл ротаға рух берудің орнына үрей септі. Мұның шын ұрыстағы салдарын ойлаудың өзі қорқынышты. Мақұл дейін, тәжірибелі жауынгерлердің қасына қосып, бұл бейбақтың да бойын қорқынышты жеңуге үйретуін үйретерміз. Бірақ, ұрығынан уланған рухын қалай қалпына келтірмекпін? Мәлік пен Төлегеннің ерік-жігерін еселеген ұлттық намысты командирдің бұйрығымен құя алмаймын ғой мұның бойына?! Ұлттық намысты ұлттық мақтаныш оятады. Ал, ұлттық мақтанышты бесік жырынан бастап, мемлекеттің түрлі деңгейлі мектептеріндегі білім-тәрбие арқылы берілетін рухани азық қалыптастырады.
Өз халқының құндылықтарына бейтарап адам басқалардың асылын бойына сіңіре алмайтынын, өйткені, өзгені тану өзіңді танудан, өзгені сүю өзіңді сүюден басталатынын ол ерте білді. «Казаченек» деп еркелететін бурныйлық көршілерінен бәрібір кемсіту сезінетін Бауыржан менің олардан нем кем деген сұраққа жауапты сол кезден-ақ іздей бастады, Аумалы-төкпелі замандардың аударыспақтарында халқының есесі кете беруінің себебін ұғынбаққа қолы жеткен кітаптарды ашқарақтана оқыған ол бұл дүниенің о бастан-ақ бүлініп, бәрі бытысып кеткенін аңғарды. Өз халқын басқалардың есебінен бақытты етуге қырқысып жатқандардың әрқайсысының жалаулатқан өз шындығы бар. Әрине, күштінің шындығы биіктен желбірейді. «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлейді». Ал, Бауыржанның халқының сөзін сөйлегендер атылып кетті. Олардың орнын басқандар басқаның сөзін сөйлеуге мәжбүр, олар тәрбиелеген дүбәралар басқаның шындығын өз шындығым деуге пейіл. Бауыржан түйген ақиқат осы. Сондықтан да абсолюттік шындық, керек деп шырылдап жүрген жайы бар. Өз халқының есесін тек адамзаттық ақиқат тұрғысынан қумаса, топшысынан қағып тастайды шындығы үстемдер. Адамды адастырмайтын әділет сол абсолютті ақиқатта. Ана сүтімен адамдық еміп, ата тегінен әділдік мұралаған ұлан Алатауынан қыран болып түлеп қияға самғағанда қиянат атаулыға төзбестік танытып бақты. Дәлірек айтқанда, қиянатқа ұшырамаудың бірден-бір жолы өз міндетіңді мінсіз атқару екенін ұқты. Ол солай көп әділетсіздіктің алдын ала білді, ал орынсыз ұрынғандармен орынды есеп айырысудан тартынған жоқ. Тіпті, өзгелерге ара түсе алғаны үшін оны интернационалист деп те атады. Ал, Қазақстанға келіп, жерлестерімен бірге майданға аттанғалы бері оны ұлтшыл деп жүр. Сонда қалай, басқаларға араша түссе, интернационалист те, өз қаракөзінің құқын қорғаса ұлтшыл ма? Мұның екеуі де Бауыржанның биік болмысынан туған әрекет екенін неге түсінбейді? Бауыржан кеш ұқты. Әдейі түсінгісі келмейді екен. «Бидайдың барар жері диірмен» дегендей мемлекеттің саналы солдаттарының жүгінері де ел заңы. Өкінішке орай, халқының конституциялық құқықтары сөз жүзінде ғана еске алынып, ал іс жүзінде оны орындауды ұят, тіпті, қылмысқа пара-пар көретін түсінік пен тәртіп қалыптасып келе жатқан сияқты.
Иә, сол түсініктегі қандастары арқасынан қағып айтқан мақтау сөзге мәз, жүйкесіне жегі құрт түсіретін жат музыкаға мас болғаны сонша - Жер бетінен жайлап жойылып бара жатқанын сезе алатын емес. Осылай кете берсе, олар мекендеген кен қойнау тауларды, керімсал далаларды, еркін аққан ерке толқын өзендерді мүлдем басқалар иемденеді. Анау Алтай мен Арқаны, Атырау мен Жайықты, Ертіс пен Сырды, Қаратау мен Алатауды қыс түскенде жылы өңірге, одан мыңдаған шақырым кері сапар шегетін құстардың киелі бекеті - қанаттылардың қан базары Ақсу-Жабағылыны, жағалауында мың жылдық аршалар өсетін асау өзендері арқыраған Ақсайы мен Көксайын, әр сайының тұмалары сәби сорған емшектей бүлкілдеген Мыңбұлағын, жуасы бұрқыраған Жуалысын, кең қолтық қазақ жерінің барлығын сондай бір дүбаралар жайлайды. Олар да сол кешегі көшпендінің ұрпағы. Бірақ тегін сезінбейді де, мойындамайды. Айтсаң намыстанады. Өйткені, ата-бабаларының сол асқар таулар мен сайын далалардың сәні болған қайтып қайталанбас өркениетінің тамыры үзілген, ел қорғаған ерліктерінің дәстүрлері етіліп ғасырларды әлдилеген ән-жырларының сарыны санадан өшірілген.
Мынау аязы кіжінген ашулы қыстың суық сірестірген сұсты түнінде Бауыржанның іші от болып жанып, кеудесінде қаншама жылдардан бері беріш болып қатып қалған шерін қозғады. Бүкіл жан-дүниесін атойлатқан сол запыран ақырында келіп алқымына өткір өксік болып қадалғанда батырдың көкірегінен күйікті леп, көзінен күйінішті жас шықты. Бауырында өскен әжесі Қызтумас өмірден озғанда да егілген, бірақ дәл бұлайша күйремеген. Қанды көйлек достарын жер қойнына бергенде де күйзеліп жүр. Бірақ дәл осылай қабырғасы сөгілмеген. Әжесі өлсе, әкесі басынан сипады, қаруласын көмсе, қанаттасы қасында тұрды. Бұл жолы жалғыздықтан жаны жасып, жүрегі шошып жылады. Есімі өз жауынгерлеріне жалау болып, жауына үрей себе білген қаһарлы командир кенет сұмдық дәрменсіздігін сезінді. Алайда, ол қара түн тұмшалаған қалың орманның арасындағы жауынгерлік дәрменсіздік емес еді. Алатаудың жартастарында лақша секіріп өскен. Шудың көз ұзатпайтын қалыңы мен Бетпақтың көз тоқтатпайтын жайдақ жазықтарында күн бұлтта желді, түн ашықта жұлдыздарды бағдарға алып, кез-келген ауылды тауып келе беретін, тіпті, Түркіменнің құмы мен Қиыр Шығыстың тайгасында да жол тапқан Бауыржан қайта табиғаттың ұстаған ашуы мен аяқ тұсаған асуын ұрыс үстінде өз пайдасына қызмет еткізе алатын. Бұл күнде оны күнделікті араласып-құраласып жүрген дос-жаран туыстары, тағдыры сеніп тапсырылған мыңдаған жауынгерлері, ерлігіне тәнті болған миллиондаған халқы көңіліне медеу тұтады. Соған қарамастан барар жеріне жетпей бөтен бекеттен түсіп қалған жолаушы сияқты өзін мынау қақтығысы бітпейтін қарау дүниеге кездейсоқ келген біреудей сезінетін күндері көп болып жүр оны.
Содан да ол өзін балтаның жүзінен ұшқан жаңқадай қауқарсыз, жел тұрса, желп-желп еткен күзгі жапырақтардай салмақсыз, мынау меңіреу әлемнің жаратылуына себепші болған мың-миллион қопарылыстардан ұшқындап, ешқайда қона да, қосыла да алмай шетсіздік пен шексіздікте бағыт-бағдарсыз лағып қалған метеориттей тұрлаусыз көрді. Дүниеде жан жалғыздығынан асқан бейшаралық жоқ екен. Қайта бұдан гөрі метеориттің халі тәуірірек шығар. Қанша дегенмен жаратқанның жазмышымен жүріп жатқан ғаламның ол да бір үйлесімі ғой әйтеуір. Ал, жердегі жұмыр бастылар сол үйлесімді сезінуден қалып бара жатқан соң Бауыржанның жетімсіреген жаны жоғын биіктен іздеп, пәсең тартқан көңілінің көк дөнені көзден жырақ ғажайып ғаламға қарай текіректейді. Сол кезде жел улеген жан сарайына шуақ кіріп, сәулесі жүлге-жүлгесін қуалай жүгірді де, миынан мың-миллион торғай бір мезгілде ұшып шыққандай басы шуылдап қоя берді. Адам шыдас бермес бұл шуыл миын біз сұққандай шабақтап, жүрек соғысын жиілеткен Бауыржан қараңғыда әрі-бері қарбанып, қолы таяныш етерлік ештеңеге ілікпеген соң бар күшін бекітіп, ашық жолдың үстінде тұра қалды. Абырой болғанда бұл күйі ұзаққа барған жоқ. Құдай оңдап қаққан жүрегі бірте-бірте қалпына түсіп, жиырылған жүйкесі жазылып, тітіркенген санасы да сараланды. Енді оған басын құс базарына айналдырған шуыл ой салмағынан мүжіліп, ерқашты болған миының шаршап сыр берген қыңқылы емес, қанаттылармен қатар қалықтаған көк дөненінің көкті жарған дүбір-қиқуы болып естілді. Сол дүбір-қиқу бірте-бірте даусы жарасып әуені үйлескен он екі мың ғаламның ғажайып бір хорына қосылып кете барды. Бұрынғы естіп жүрген замандық ән-жырлардан табиғаты тосын ғаламдық сарын Бауыржанның жан жайлауын жайлап, бүкіл болмысын баурай бастады. Осынау ғаламдық сарын қайдан шығып жатыр, олар қайда, қалай ғажайып ансамбльге айналып тұр?! Мұның бәрі беймәлім, көзіне маңып жүрген метеориттерден басқа ештеңе елестер емес. Бірақ бұл жәнаттық, күй де ұзаққа бармады. Кенет сол ғажайып сарын бәсең тартты да, оның иесі анық сұлбаланды. Шетсіздік пен шексіздікте маңып жүрген метеорит емес, Абай екен.
Ағайын бек көп,
Айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар елім жоқ,- деп әлі күнге дейін күңіренеді. Өз замандастарына ұқтыра алмағанын бүгінгілер қабылдар деп, ана жақтан тоқтаусыз сигнал жіберіп жатқан сияқты шерлі шал. Бірақ оның бұл сигналын құлағымен естіп, жүрегімен қабылдай алуға қабілеттілер қаншалықты екен? Өйткені, естімегеннің арманынан естігеннің арманын одан ары ұлғайтатын бұл сарынды есту үшін айрықша сезім керегі де анық.
Ғаламдық сарыннан суырылып шыққан Абай әуені әуелгісінен өзгерді. Ол енді:
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған,- деп қиналғанымен сары уайымға салынбай:
Көптің бәрін көп деме, көп те бөлек,
Көп ит жеңіп, көк итті күнде жемек.
Әділет пен рахым көп азығы,
Қайда көрсең болып бақ соған көмек,- деп азаматты адамзатын рухани аздырмау әркетіне шақырады.
Алыстан талып жеткен әуен Бауыржанның жан сарайын сәулелендіріп, сәулетін асыра түсті. Жаншылған жанын қуаттандырып, басылған рухына қимыл кіргізді. Сол-ақ екен айтып тұрған Абай емес, Шымкенттің мектеп-интернатында оқып жүрген өзі болып көрінді. Осылай бірде ойлы, бірде мұңлы, бірде әжуа мақаммен өлең оқудан бір жалықпайтын. Қазір солардың барлығы ішінен қайта түлеп, жан сарайынан жаңғырып шығып жатыр.
Абай өлеңдерінің тереңін ол ұстазы Тәңірберген Отарбаевтан ұғынды. Өзі де ақын адам еді, жарықтық. Оқушыларға өлең оқытып қойып, балқып отырып тыңдайтын. Содан соң сол өлеңдерді бал-бұл жана талдап, шәкірттерін өлең туған әлемге жетелейді. Әсіресе, Абай мен Мағжанды айтқанда қатты қызынады. Абай мен Мағжанның ойын ұғып, жанын сезінсең нағыз қазақ боласың дейтін.
Түркістан - екі дүние есігі ғой,
Түркістан - ер түріктің бесігі ғой.
Нағыз қазақ боламын деп жатпай-тұрмай өлең жаттайтын Бауыржанның балалықтан ертерек есеюге асыққан көңілі алып- ұшып, Мағжан жырларымен бірге бүкіл Тұран өлкесін аралап кететін.
Тәңірберген ағайдың өзі интернат жатақханасында Бауыржандармен көрші бөлмеде тұрды. Қыстың ұзақ кештерінде оған педтехникумда сабақ беретін Жүсіпбек Аймауытов келіп, екеуі емін-жарқын әңгіме-дүкен құрады. Қоңыр жүзді, қою мұртты, осынау көркем кісінің қолын алып, сәлем беріп, отырып әңгімесін тыңдау бір ғанибет еді. Екі ұстаздың әңгімелері Бауыржанның бала күнгі естіген-білгендерімен жымдасып, көкірегіне тоқыла берді, тоқыла берді... Кейде ұстаздары бұларды шығарып жіберіп, әңгімелерін одан әрі тереңдетіп кететін. Бірақ екі ортадағы қабырғаның жұқалығы сонша, түбінде жататын Бауыржан жалғасын бәрібір еститін.
Қазақ ағартушыларының ол кездегі ортақ әңгімелері халқының отарлану тарихы мен азаттық жолындағы күрестері туралы болатын. Ресейдегі 1905 жылғы төңкерістер оятқан қайраткерлеріміздің ел тәуелсіздігі жолындағы күрестерін сағынышпен еске алатын Жүсекең. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастап, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясының талаптары шіркін ірі еді ғой. Амал не, Алаш автономиясы туралы ойлар да қазақ оқырмандары қалағандай жүзеге аспады. Енді міне, Одақтас Республика атанса да, кешегі көшпелі ел өзгелерге қарағанда қақпақылға көп түсіп қала береді. Кеткен есені толтырудың есебі елдің оқу-білімге ынтасын оятып, рухын ұйықтатпау арқылы түгенделетінін көкірегін қарс айырылған күрсініспен мойындайтын қайран арыс.
Күні кеше ғана еді, осы сөздерді естіп, «Оян, қазақты» жаттап өскені. Енді келіп ол заманмен екі арада құрдым пайда болған сияқты. Ол жақсылар бері өте алмайды, жастар әрі өте алмайды. Содан ба, қазақтың білімі күшейгенімен, рухы әлсіреп барады. Білім берушілер көбейгенімен, ағартушылар азайып кетті.
Ленинградка оқуға бара жатқанда Мәскеуде аялдап, Тұрар көкесінің үйіне барғаны есіне оралды. Көкесі амандық-саулықтан соң ел туралы көп сұрағанымен әңгімені тұнжыраңқы тыңдады. Тік қарайтын өткір жүзімен, жалт-жұлт еткен жігерлі сөзімен небір мықтының мысын басатын ағасының кеш бойы еңсесі көтерілмегенін жұмыс бастылығына жорыған сонда. Ал, қолына мондалинасын алып, Жуалы-Түлкібастың әйелдері жора бозада жиі айтатын әйгілі әуенді ауылды сағынғанынан тартқан шығар деп ойлаған. Ғасыр басындағы небір аласапыран жақындарынан айырып, жандарын жаралы еткен ана-жарлар:
А-а-а-й, жалған-ай,
Жанға дауа болмады-ай!
Жақсы-жаман арасы,
Ажырамай қойғаны-ай! - деп өзегі мұңмен өрілген өкініш толы әуенді күміс көмейлерінен сырнайдай сызылтатын. Бауыржан мұның бәрінің сырын кейін ұқты. Жақсысы жаманға мінгескен ғасыр трагедиясын алдымен ауыл әйелдерінің сезімтал жүрегі сезіпті.
Қазақтардың ішінен уағында ең ірі қызметке қол жеткізді дейтін Тұрар көкесі де құрдымның жиегіне неғұрлым жақын келсе, соғұрлым халқына қол ұшын бере алатынын біліп жүрген екен ғой.
Өмір дегенің осылай жақсы мен жаманның «ойыны» болып шықты. Сол «ойының осылғырдың» қазақ деген халықты қақпақылға салғанына қаншама заман болды? «Малым – жанымның, жаным - арымның садағасы» деп ар тазалығын әрқашан биік қойған халық қалайша өз көрін өзі «ләббай тақсырлап» қазатын күйге түсті?
«Жоқ, олай болмайды! Ұлт рухын жоғалтпау әр перзентінің парызы!». Перзент ретіндегі көтеруге тиісті жүгінің салмағы адам шыдас бере алмастай ауыр екендігін соғыс Бауыржанға көзін шұқып көрсетті. Оған дейін білдім дегені бекер екен. Ол білгендері Мәскеу түбіндегі жан берісіп, жан алысқан қанды қырғындарда сезінгендеріне қарағанда баланың ойыншығы болып шықты. Бірақ халық та салмағын көтере алатын азаматына салады. Дәлірек айтқанда, санасында сәулесі бар азамат қана перзенттік борышын болмысымен сезініп, оны өтеуге өз еркімен жегіледі.
Бауыржан Мәскеу қорғанысынан осыны ұғынды. Бұл шайқастар оған неше ықылым заманнан бері өз жаратылысының болмысына бойлай алмай бейшаралық танытып келе жатқан жер бетіндегі жаны бардың ішіндегі жалғыз саналысының көп қыры мен сыры өмірдің ең шиыршық атқан көрінісі болып табылатын өліммен бетпе-бетте ашылатынын алақанға салғандай етіп айғақтап берді. Бар ақыл-ойын қарсыласын құртатын қару-жарақ жасауға жұмсап, екіге жарылып алып қырқысып жатқан адамзаттың жеңісі мен жеңілісі, дамуы мен азуы, күштілігі мен әлсіздігі, әділдігі мен қараулығы жан дүниесінің байлығы мен кедейлігіне тура пропорционал екен. Жақсылық пен жамандық дегеніңнің күресі әрі-беріден кейін бір жігіттің басында өтіп жатады.
«Сенің атаң қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен болған» деп бұрынғының қариялары әңгімені бекер бастамайды екен. Жастар бабаларының рухынан қуат алып, жақсы істерін жалғастырсын деп айтады екен. Бұл дәстүрдің орыны соғыста өте-мөте бөлек. Бір жауынгер «Әруақ» деп айқай салса, қалғандырының да арқалары қозып, жау шебіне атойлап кіргендерін Бауыржанның талай рет көзі көрді. «Сендер өз тілдеріңде не деп айқайлайсыңдар?» деп сұраған Логвиненко. Бауыржан жақсылап түсіндіріп бергенде ұрысқа шақыратын ұран сөздерді түгін қалдырмай жиып жүретін саяси жетекші осынау бір ғана сөздің соншалықты қуаттылығына қатты таң қалған.
Қара жолдың бойын қуалай қоныстанған деревняның ұзынша көшесін әрлі-берлі кезіп жүрген командирдің денесі дір ете түсті. Бұл түн тереңдеген сайын түтей түскен аяздан тітіркену емес, ой тереңдеген сайын тұтаса түскен рухтардың шамырқануы екенін Бауыржан байырқалаған жоқ. Сілкініп алды да, ой тереңіне одан әрі бойлай берді.
Қазақта рухани қуаты мол құндылықтар қаншама?! Бірақ жетпей жатыр жауынгерлерге. Ең болмаса Абай қарияның өлеңдері мен қара сөздерін қалта кітап етіп жіберсе болмас па? Қазіргі майданды көрмей-білмей көпіртіп жазып жатқан шындықтан шалғай шығармалардан сол артық. Әрине, бүгінгі соғыс шындығы халыққа бүгін жетіп жатса қанекей. Бірақ халқымыздың мануфактуралы соғыс батырларын суреттеген тәсілмен машиналы соғыс жауынгерлерінің болмысын аша алмайтының да ақиқат. Демек, соғыс тақырыбындағы қазақ әдебиеті жаңа сипатта қалыптасуы тиіс. Оны біреу бастауы керек. Бірақ кім, қашан бастайды? Бауыржан кеңесшілік қызметін ұсынып, қазақ жазушыларына жалпылап та, жекелеп те хат жазды. Алайда, «таз таранғанша той тарқайтын» түрі бар. Олардан гөрі соғыс өз жерінде өтіп жатқан орыс қаламгерлерінің ынта-ыждаһаты да, дайындық-дәстүрі де мол болып шықты. Александр Бек дегені арнайы іздеп келіп, алғашқы әңгімелескен соң-ақ айырылмай қалды.
«Соғыс шындығын жазғыңыз келеді екен, ендеше, оқ астында өзіңіз де болып, жауынгерлердің сезінгенін сезініп көріңіз» деген талабын да орындады. Соғыс туралы сауатты баяндай алатын командир қазақтың әңгімелерін тыңдап, тыңдал алып, оның аты-жөнін өзгертіп, ортақ кейіпкер жасармын деген бастапқы ойынан да айныды. Өйткені, «жүз поптан бір поп жасау» принципі бұл жерде жүрмеді. Бауыржан қатардағы командирдің бірі емес, Мәскеу қорғанысының мысалдарымен бүгінгі психологиялық соғыстың болмысы туралы жүз командирге татырлық пайымы мен тұжырымдары бар заманының нағыз зиялы офицері болып шықты. Сөйтіп, Бауыржан оқкиғаны баяндап беруші бас кейіпкер ғана емес жобаның авторына да айналды! Бек оның дегеніне көніп, «әскери-ағартушылық құрал» жазуға көнді. Әлемдік әдебиетте ондай көркем оқулықтың үлгісі бар ма, жоқ па деп қарап жатпады. Өйткені, ондай оқулықтың тап қазір ауадай қажеттігіне Бауыржан имандай сендірді. Ал, ол қалай жазылу керек деген көңіліндегі күдікті осынау әдеби де, әскери де сауаты мол, не істеп, не қоятынын айқын елестете алатын қайсар қазақтың сенімі сейілтті. Бауыржан болса, Бектің оқ-дәрі иіскеп, құлықты тыңдаушы бола білгенінен үміттеніп, оған Мәскеу қорғанысында батальоны басынан кешкен шайқастардың сабақтарын түртіп жүрген жазбаларын берді, Сондай-ақ, Бек қана емес, соғыс тақырыбын жазуға талап қылған өзге жазушыларға да көмекші құрал ретінде соғыс психологиясы туралы сауат ашар жаза бастады. Бауыржан сол кезде барып Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл- құрал» мен «Әдебиет танытқышты», Мағжан Жұмабаевтың «Педагогиканы», Жүсіпбек Аймауытовтың «Тән жүйесі, жан жүйесін», Халел Досмағанбетовтың «Табиғаттануды» не үшін жазғандарын түсінді. Ақын-жазушылар мен қайраткерлерді ғылыми-педагогикалық еңбектер жазуға мәжбүрлеген ұлт алдындағы ұлы парыз екен...
Осынау бірегей жоба авторының әрі тапсырыс берушінің міндеті мұнымен бітпеді. Бас кейіпкер һәм баяндап беруші ретінде ол романдағы әскери және психологиялық шындық пен дәлдікті де өз жауапкершілігіне алып, іс жүзінде шығарманың көркемдік болуының реңкі мен мөлшерін белгілеуіне де тура келді. Бірақ, Бауыржан әрісі адамзаттың, берісі совет халқының игілігі үшін осындай бір тосын кітаптың жазылуына барын салғанымен оның ертерек жарық көруі үшін тең авторлық құқықтан бас тартты. Тек романның қазақша нұсқасына баяндаушының құқын кеңейтіп, аудармашыға орысша мәтінмен тұсалып қалмайтындай еркіндік әперді.
Жұмыс қатты істелгенімен баяу жылжыды. Бек қанша еңбекқор болса да, жазғаны Бауыржанның биік талғамынан шыға бермеді. «Соқырға таяқ ұстатқандай» етіп түсіндіре білетін командир өз батальоны бастан кешкен ұрыс суреттерінен иненің жасуындай жасандылық пен жалғандықты тап басып тани қоятын жітікөз редактор да еді. Қалай болғанда да, «... үстіне сұр шинель киген солдаттарға арналған бір жақты әскери кітап емес, ұлтты тәрбиелеу мақсатын көздейтін... көпшілік оқырманға арналған кітап» жазылып жатты. Бауыржан онын алғашқы нұсқасын көптеген ескертпелермен қайтарса да, шығарманың шығатынына көзі жетті. Бірақ командирдің көңілі бұған да қанағат тұтар емес. Александр Бекке жаздырып жатқан әскери-ағартушылық құралы әлі талай талқыдан өтіп жарыққа шыққанша уақыт өтіп барады. «Соғыс және бейбітшілікті» жазған Лев Толстой неткен бақытты еді. Ол өзінің Ресейіне ғарыштық биіктен қарай алды. Ал, Бауыржан амбразураның көзінен қарауға мәжбүр. Бұл жер тесіктен жауынгер жауды ғана көруі керек. Жеңуге қабілетті жауынгерлер алыста Отанында даярланып жатыр. Оны даярлаушылар алғы шеп командирінің жанайқайына құлақ асса болмас па? Талап етіп отырғаным халқымның конституциялық хұқы ғана ғой!
Бауыржан кілт тоқтады. Деревня сыртындағы кешегі жаттығу өткен траншеяға тура келіп тіреліп тұр екен. Енді бір аттаса, омақаса құлары анық. Ол жаңа оянғандай жан-жағын бағдарламаққа айнала көз жүгіртіп еді, кешқұрым қарауытып тұрған қалың орман да тұмшаланып қалыпты. Айсыз-жұлдызсыз түнекті арқыраған аяз билеп тұр. Тінінде су қалып қойған ағаштар аязға шыдай алмай қарс-қарс айырылып жатыр. Бұл тарсылдан беймезгіл оянған тоқылдақ тоқпағын тоқылдата бастады. Ұйқысы қашқан аш бөрі ұзақ ұлыды. Осының бәрін енді аңғарған Бауыржанның денесін аяз ширата түскендей шиыршық атты. Көкті шарлаған көңілінің көк дөнені пырақ болып оралып, бір орнында тұрар емес. Шабыс тілейді. Бауыржан жұмыс үстеліне асықты. Үйге кіре сала шақпағын шағып, өзі өшіріп кеткен жетінші шамды жақты. Содан соң сырт киімдерін шешіп, манағы орнына отырды да, қағазын жайып, қаламын қолына қайта алды. Кеудесін кеу-кеулеген көп ой көк дәптерге қаздай тізіліп түсіп жатты. Бұл хат «Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне...» деп басталды.
ПОЛКОВНИКТІҢ ЖАРИЯЛАНБАҒАН ЖАЗБАЛАРЫ
2 бөлімді драма
Қатысатындар:
Бауыржан Момышұлы
Галина Павловна
Генерал
Періштелер
Достарыңызбен бөлісу: |