Керей хан – Қазақ хандығының негізін қалаушы ұлы екі тарихи тұлғаның бірі, алғашқы қазақ ханы. Ақ Орда ханы ұрпағы. Орыс ханнан Тоқтақия, одан Болат, одан Керей хан тараған.
“Тауарих-и гузида-йи нусратнаме” дерегі бойынша, Керей хан – Болаттың жалғыз баласы. 15 ғасырдың ортасына дейінгі тарихи оқиғаларда Керей хан туралы мәліметтер кездеспейді. Мұхаммед Хайдар Дулатидың “''Тарих-и Рашиди'' атты еңбегінде Керей хан туысы Жәнібек ханмен бірге 15 ғасырдың 50-жылдарының аяғында Қазақ хандығының құрылуына қатысты оқиғаларда алғаш рет атала бастайды. Онда Керей хан мен Жәнібек ханның Әбілхайыр хандығынан бөлініп, Моғолстанның батысындағы Шу бойы мен Қозыбасы өңірі аралығына келіп қоныстанғаны туралы баяндалады. Бұл аймақ – сол жылдардағы Моғолстан билеушісі Есенбұға хан мен оның туған ағасы Жүніс хан иеліктерінің арасы болды.
Әз Жәнібек хан
Әз-Жәнібек хан (Жәнібек Әбусағит) (туған жылы мен өлген жылы белгісіз) — Қазақ хандығы мен қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы, Барақ ханның ұлы, Орыс ханның шөбересі. 15 ғ. өмір сүрген. 1450 ж.
дейінгі өмірі мен қызметі туралы нақты деректер жоқ.
Жәнібек хан мен Керей ханның одақтық қатынас орнатқан тұңғыш мемлекеті Моғолстан болды. Бұл достық одақ 1468 ж. Шығыс Дешті Қыпшақтың билеушісі Әбілхайыр ханның Жетісуға, ойраттардың Моғолстанға шабуыл жасауына байланысты құрылып, 16 ғасырдың 30 жылдарына дейін созылды. 1468 ж. Әбілхайыр хан өлген соң Шығыс Дешті Қыпшақты билеу үшін Өзбек ханның мұрагерлерімен күрескен қазақ хандары Шайбани әулетімен билікке таласып жүрген Жошы әулетінен шыққан Ахмет ханмен, Махмұт ханмен, Ибақ ханмен және т.б. одақтасты.