Қимылдың өту сипаты категориясы
Өмірде қимыл түрлі тәсілмен жасалады, тілде қимылдың түрліше жасалуы түрлі тәсілдер арқылы білдіріледі.
Мысалы:
Жалт қарап еді, есінен тана жаздады (Б.А.).
Дегенмен, Нүрке шыдап бақты (Ғ .Е.).
Хадиша бұл сезімді мақұл көріп, жабыса кетті (З.Ш.).
Мен де шықшыттан періп кеп жібердім (С.Е).
Маржанның ойлы бейнесі көз алдына қайта-қайта келе берді (Ж.Ж).
Қимылдың жасалуындағы осындай алуан түрлі ерекшеліктерді дәлме-дәл көрсететін қазақ тілінің грамматикалық құрылысындағы арнайы категория қимылдың өту сипаты категориясы деп аталады. Оның қалыптасқан көрсеткіштері бар.
Қимылдың өту сипаты категориясының көрсеткіштері
Грамматикалық Аналитикалық жұрнақтар форманттар
Қимылдың өту сипатын жасайтын жұрнақтар:
1) -ла, -ле, -да, -де, -та, -те жұрнағы түбір етістікке жалғанып, оған қайталану мәнін қосады.
Мысалы: бүркеле, сипала, қажала, сүйреле, сабала.
Оны мына мысалдардан анық көруге болады:
Жан-жағын сипалап, бірдеме іздегендей көрінді (Т.Ә.).
2) -қыла, -кіле (-ғыла, -гіле) жұрнағы да қимылдың қайталануын білдіреді:
атқыла, жұлқыла, шапқыла, тепкіле, кескіле, түрткіле, соққыла, сілкіле, езгіле, созғыла т.б.
Мысалы:
Темірді киізден оңай тілгілеген көп станок (Ғ.Мұст.).
Жүруші еді шапқыласып ойнап-күліп (Т.Ж.).
Баланы алып, бізді баққан екен-ау!-деп, көк атты тепкілей берді (М.Ә).
3) -мала, -меле (-бала, -беле, -пала, -пеле) жұрнағы да қимылдың қайталана созылуын білдіреді:
қазбала, қақпала, итермеле, көтермеле, тізбеле т.б.
Мысалы:
Біріне-бірі сөз қосып, бірінен-бірі сөзді жұлып алып, бірін-бірі күймелеп, бірін-бірі итермелеп, үй толы жан бәрі сөйледі (Ғ.М.).
4) -ғышта, -гіште (-қышта, -кіште) жұрнағы да қимылдың қайталануын білдіреді, бірақ қимылдың сәл бәсеңдігі байқалады:
барғышта, келгіште, түйгіште, қойғышта т.б.
Мысалы:
Баланы түйгіштеп, сүйрей жөнелді (Ж.Т.).
Біздің үйге тым келгіштеп кетіп еді, ниеті енді белгілі болды (С.М.)
5) -ыңқыра, -іңкіре (ңқыра, -ңкіре) қимылдың жалғаса түсуін білдіреді:
сұраңқыра, алыңқыра т.б.
Мысалы:
Уақытты созыңқырай түс, бәрі орнына келеді (С.Е).
Мұның үстіне қосыңқырасаңшы, тым аз ғой (С.Ж).
6) -сы, -сі (-сын, -сін) жұрнағы жасалған қимылды жасаған боп көрінуді білдіреді:
білгенсі, жазғансы, ұялғансып отыр, білгенсініп, жымиғансынып қарады.
Бұл жұрнақ есім сөзден туынды етістік жасағанда да осы мағынаны көрінгісі келеді т.б.
7) -ымсыра, -імсіре(-мсыра, -мсіре) қимылдың жетімсіз, әлсіз екенін білдіреді:
жыламсыра, күлімсіре, өлімсіре.
Мысалы:
- Мені ала кетші, - деді ол жыламсырап (С.М).
Күлімсіреп келе жатқан қыз менің курстас досым болып шықты (Ж.Ж).
Достарыңызбен бөлісу: |