Изтлеуова Райымгуль 302-топ
10-семинар
Рай категориясы
Сөйлеушінің қимыл, іс-әрекетке көзқарасын, қимылдың, іс-әрекеттің шындыққа, болмысқа қатысын, модалъдық мәнін білдіріп, белгілі парадигмалық тұлғалар жүйесінен тұратын етістіктің грамматикалық категориясы рай категориясы болып табылады.
Етістік модальдылық мәнге өте бай сөз табы. Белгілі қимыл, іс-әрекеттің белгілі субъекті тарапынан іске асу-аспауы, қимылдың, іс-әрекеттің болу-болмауына сөйлеушінің көзқарасы, пікірі, бағасы (анықтығы, ақиқаттығы, күдіктілігі, күмәнділігі, болжамдылығы, жорамалдылығы, орындалу ниеттілігі, шарттылығы т.б. тілек, қалау, бұйрық мәндері т.б.) қатар көрініп отырады. Рай категориясы етістіктің модальдылық мәнінің бірден-бір грамматикалық (категориялық) көрсеткіші бола тұрса да, етістіктің барша модальдылық мәнін толық қамтый алмайды. Оның үстіне сөйлем модальдығы тағы бар. Ол да рай категориясымен байланысты болғанымен, етістіктің рай категориясының шеңберіне сия бермейді.
Мысалы, адам-су, білгіш-сіну, жетім-сіреу, білген-су, жүр-іңкіреу, кел-гіштеу сияқты сөздер қимыл, іс-әрекетті білдіретін етістік қана емес, сонымен бірге -сы, (-сі), -сін (-сын), -сір, (-сыра), -іңкір (-ыңқыра), -гіште (-ғышта) т.б. қосымшалар қимылға бәлдену, тыраштану „әлденемедегі бола қалып, болып көріну", бәлсіну, менсінбеу, бұлдану, зартұту, зәрулік, тапшылық көру, тең еместікті сезіну, қимылдың қайталануы және оның мардымсыздық, жағымсыздық сипаты, қимылдың күшейтпелі, үдей түсу мәні т.б. сияқты модальдық реңктер үстейді. Сондай-ақ негізгі етістік пен модаль сөздерінің тіркесінен құралған тіркесті түбір етістіктер де әр түрлі модаль мәндерін білдіреді: барған (-атын), сияқты (тәрізді), айтуға тиіспін (тиістімін), айтуың керек (қажет, мүмкін, тиіс) т.б.
Бұл сияқты етістік қосымшалары мен тіркесті түбір етістіктердің модальдылық мәні күмән тудырмайды, бірақ рай категориясының ауқымына енбей жүр, себебі, біріншіден, модаль мән, реңк тудыратын қосымшаларда категориялық сипат жоқ, барлық етістікке я етістіктің белгілі бір грамматикалық тобына әрдайым жүйелі түрде жалғана алмайды, екіншіден, олардың көпшілігінің І (-сы, -сі, -сын -сін, -сындық, -ғыш-та, -ғыш-те т.б.) сөзжасамдық қасиеті бар немесе жоғарыда көрсетілгендей, лексика-грамматикалық сипаты бар, етістік түбірінің грамматикалық сипатына (2-жақ жекеше бұйрық рай тұлғасымен сәйкес келуі, тікелей жіктелмеуі, сол тұлғасында қолданыла алмауы) сай келеді, үшіншіден, негізгі етістік пен модаль сөздің көмекші мәнде тіркесуі етістік табиғатында таза грамматикалық категория емес, лексика-грамматикалық құбылыс ретінде жеке қаралуы тиіс. Өйткені соңғы үлгінің таза морфологиялық сипатынан гөрі семантиклық (мағыналық), синтаксистік (қатынастық, қызметтік) мәні басым сияқты көрінеді және ол модаль сөздердің көпшілігі осы мәнде – қызметте есім сөздермен тіркесіп келіп те сөйлемді аяқтап (предикатты қызметін атқарып) ойдың, модальдығын да білдіріп тұрады. „Модаль сөздер мен модаль шылаулардың ашық рай формаларымен жиі қолданылуы нәтижесінде көптеген аналитикалық модаль тіркестер туған. Немесе кейде модальдылықты екі түрге бөліп, рай арқылы модальдылықтың берілуі объективті модальдылық деп, арнаулы жеке сөздер арқылы берілуі субъективті модальдылық деп те көрсетіледі.
Негізінен алғанда, рай категориясының ашық рай, бұйрық рай, шартты рай, қалау рай сияқты төрт түрі бөлініп көрсетіліп жүр. А.Ысқақов жалпы бұл сияқты рай түрлерін жоққа шығарғанымен, рай категориясын (етістіктің модальдығын) қимылдың, іс-әрекеттің ақиқатқа қатысын білдіруіне қарай екі топқа реальды немесе ашық (негізгі) және неғайбыл (жәрдемші) немесе ирреалды рай деп бөледі. Бұлай бөлуге негіз болып отырған бұл рай түрлерінің семантикалық сипаты ғана емес (реальды мән және ирреальды мән) сонымен бірге неғайбыл (ирреальды рай түрлері бұйрық рай, шартты рай, қалау рай) белгілі морфологиялық тұлғалар жүйесі арқылы берілсе, ашық (негізгі) райда арнаулы грамматикалық көрсеткіштер болмайды", сөйтіп, олар арнаулы көрсеткіштерінің болу-болмауына қарай „бір-біріне қарама қарсы қойылып қаралады".
Достарыңызбен бөлісу: |