Етістіктің семантикалық, грамматикалық құбылыстары күрделі болып келетін түрі – рай категориясы. Екі тілді тіл білімі сөздігінде:
«Рай – етістіктің сөйлеп тұрған адамның тұрғысынан алып қарағанда шындық болмысқа деген қатысын көрсетеді. Рай модальдық қатынасты, сөйлеушінің іс-қимыл, әрекетке деген субъективтік қатысын көрсететін грамматикалық тәсіл», – делінген.
Ал, рай категориясына орыс тілінің лингвистік-энциклопедиялық сөздігінде: «Наклонение – грамматическая категория, выражающая отношение действия, названного глаголом, к действительности с точки зрения говорящего» – деп анықтама берілген.
Жалпы тіл білімінде де, қазақ тіл білімінде де ғалымдар арасында рай категориясына осындай әр түрлі анықтамалар беріліп, оларды жіктеп бөлуде қайшы көзқарастар орын алып келеді. Рай категориясын түрліше түсіну, оны модальдықпен ажыратпай қарастыру түрлі көзқарастың пайда болуына себеп болды, кезінде академик В.В.Виноградов рай тұлғасы туралы:
«Ол іс-әрекеттің модальдығын, яғни іс-әрекеттің сөйлеуші жақ белгілеген шындыққа қатынасын айқындайды», – деп анықтама берді. Бұл пікірді көптеген лингвист-ғалымдар И.И. Мещанинов, Е.И. Коркина, Н.Е. Агазаде және т.б. қолдайды.
Қазақ тіл білімінде академик В.В. Виноградовтың пікірін профессор А. Ысқақовтың қолдағанын, рай мен модальдықты бірлікте қарастырғанын автордың мынандай анықтамасынан байқауға болады: «...сөйлеуші лебізінің, я сөйлеуші пікірінің ақиқат шындыққа қатысын білдіретін тілдегі тиісті фонетикалық, лексикалық, грамматикалық тәсілдер арқылы берілу жүйесі модальдық (рай) категориясы деп аталады. Модальдық категориясының етістік формалары арқылы берілетін амал-тәсілдерінің жүйесі етістіктің райы деп аталады. Олардың әрқайсысында өзіне ғана тән, өзгелерінде жоқ модальдық мән бар»
К. Ахановтың, М. Томановтың пікірлері де осындай: «Рай категориясы модальдылықты, ісәрекетті шындыққа қатынасын білдіретін грамматикалық категория. «...Рай – сөздің белгілі бір формасымен берілген модальдылық». «Рай деп, әдетте әр түрлі етістіктің модальдық мән беретін тұлғалары аталады»
А.Ысқақов райды модальдықтың шындықты ақиқат (реалды), ақиқат емес (ирреалды) тұрғыда білдіруіне қарай топтайды. «Модальдық категориясы арқылы айтылатын пікірдің ақиқатқа қатынасы не реалды болып, не неғайбыл болып көрінуге тиіс. Осындай ерекшеліктеріне қарай, демек амалдың (әрекеттің, қимылдың) ақиқатқа қатынасын білдіруіне қарай етістіктің райлары іштей сараланып, ашық (негізгі) және неғайбыл (жәрдемші) райлар деп аталатын екі салаға бөлінеді»
Белгілі ғалым И.Маманов райды модальдықтың объективтік және субъективтік болып бөлінуіне қарай топтайды. И.Мамановтың ойынша «ашық рай сөйлеушінің қимылдың болу-болмауы туралы объективті шындықты баяндауын көрсететін етістіктің арнайы формасы». Яғни, қимыл объективтік шындыққа қатысты болады. Ал, райдың басқа түрлері сөйлеушінің бір іске субъективті көзқарасын білдіреді. Басқаша айтқанда, сөйлеушінің бір істі қалауы, өкінуі, шарт қоя сөйлеуін көрсетеді.
Осыған байланысты профессор С.Исаев: «Рай категориясы етістіктің модальдық мәнін толық қамти алмайды. Оның үстіне сөйлем модальдығы тағы бар. Ол да рай категориясымен байланысты болғанымен, етістіктің рай категориясының шеңберіне сия бермейді. Мысалы, ... білгішсіну, жүріңкіреу, келгіштеу ... сияқты сөздермен негізгі етістік пен модаль сөздердің тіркесімен құралған тіркесті түбір етістіктер (барған сияқты, айтуға тиіспін, айтуым керек)
де әр түрлі модальдық мән беретіні күмән тудырмайды, бірақ рай категориясының ауқымына енбей жүр, себебі, біріншіден, модаль мән, реңк тудыратын қосымшаларда категориялық сипат жоқ, барлық етістікке я етістіктің белгілі бір грамматикалық тобына әрдайым жүйелі жалғана алмайды, екіншіден, олардың көпшілігінің (-сы, -сі, -сын, -сін, -сындық, -ғым, т.б.) сөзжасамдық қасиеті бар немесе лексикаграмматикалық сипаты бар, етістік түбірінің грамматикалық сипатына сай келеді, үшіншіден, негізгі етістік пен модаль сөздің көмекші мәнде тіркесуі етістік табиғатында таза грамматикалық категория емес, лексика-грамматикалық құбылыс ретінде жеке қаралуы тиіс», -деп, олардың арасындағы айырмашылықтарды талдайды.
Жалпы түркі тілдерінде болсын, қазақ тілінде болсын білдіретін мағынасы мен тұлғасына қарай рай категориясын бөлуде әр түрлі пікірлер қалыптасты.
Ең алғаш рай категориялары туралы өзінің 1860 жылы жазған «Материалы к изучению киргизского наречия» деген еңбегінде Н.И. Ильминский қазақ тілінде төрт рай: ашық рай, бұйрық рай, шартты рай, тұйық рай бар деп тұжырымдаса, 1894 жылы жарық көрген «Краткая грамматика казах-киргизского языка» атты еңбегінде П.М.Мелиоранский рай категориясын бес түрге бөледі: бұйрық рай, қалау рай, шартты рай, ашық рай, тұйық рай.
1897 жылы миссионерлер қоғамы басып шығарған В.В.Катаринский еңбегінде рай категориясының сегіз түрін көрсетеді: бұйрық рай, ашық рай, қалау рай, тұйық рай, шартты рай, күмән рай, шарттылық рай, қарсылықты рай.
Достарыңызбен бөлісу: |