Жайық бектұровтың Ғылыми еңбектеріндегі абылай мен кенесары бейнелері



Дата15.09.2017
өлшемі133,79 Kb.
#32835
ЖАЙЫҚ БЕКТҰРОВТЫҢ ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ АБЫЛАЙ МЕН КЕНЕСАРЫ БЕЙНЕЛЕРІ

(Қарағанды облыстық мемлекеттік мұрағатындары жеке қорындағы деректер бойынша)

Жумадилова Қ.А

Ғылыми жетекші: т.ғ.к., доцент Өскембаев Қ.С

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ
Әр аймақтағы жергілікті халық аңыз етіп айтқанмен, кешегінің қариялары келместің көшіне ілесіп, қатары сиреп, көзден бұлбұл ұшқан сайын, артында жоқтаушысы, іздеушісі жоқтарының есімдері көп жағдайда ел жадынан жоғала бастайды. Тарих беттеріне үңілсек Кенесары хан туралы аз жазылған жоқ.  Демек қызыл қынапты қылыш асынған хан Кене болашақ ұрпақтың есінде мәңгі сақталмағы сөзсіз. «Хан сүйегін іздестіру» жорығы аясынан бастап хан Кененің мылтығы мен сауыты жөнінде келелі әңгімелер, мақалалар зерттеулер сан ғылыми жұмыстардың, ізденістердің тақырыбына өзек болды. Әлі де зерттелуде, зерттеле де бермек.

Өмір дүбіріне сергектікпен қарап, ой еңбегі мен дене еңбегін қатар шынықтырған Жайық Бектұров атамыздың көргені көп, тоқығаны мол жан. Кенесарыдан бастап Қазақстанның ұлт зиялыларының, көрнекті қайраткерлерінің өмір жолдарын жаңа ұрпаққа республикамызда ең алдыңғылардың бірі болып жазған журналист, жазушы Ж.К.Бектуров.



«Кенесары керуенінде» деген очеркінде Ж.Кәгенұлы өзінің балалық шағынан естіп өскен естеліктерін қалдырған. Біз құжаттарды ықшамдап осы мақалада бермекпіз.Онда: «...Абылайхан, оның балалары Досан, Шама, Қасым төрелер, немерелері Шыңғыс, Кенесары менің құлағымда, зердемде бала жастан бар адамдар. Бұған себеп көп: Мен туған Ақмола мен Бурабай арасы Абылайдың, оның арғы- бергі ұрпақтарының қоныс мекендері бізге жақын. Сонан да бұл әйгілі әулеттің шежіресі, аңызы біздің құлағымызға бала күнімізден-ақ көп шалынды.»[1]деген.

Кенесары Қасымұлы 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Ордасын Көкшетауға тіккен Абылай ханның отыз ұлы болған. Абылайдың әйелі Қалмақ ханы Қалдан-Сереннің туысы - Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан: Қамбар мен Қасым сұлтан туады. Кенесары Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен: Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай мен бірге 6 алты ағайынды болып туған. Ал Кенесарының інісі Наурызбай Қасым сұлтанның екінші әйелінен өмірге келген. [5]

Кенесарының туған жері Көкше жайлы Ж.Бектуровтың «Ленин туы» деп аталатын газетте «Жақсы жолда» деген мақаласынан көре аламыз. Жайық Кәгенұлы Көкше жайлы Ғабдоллаға (Жайық Бектуровтың анасының өгей бауыры[1]) айтқан әңгімесінде былай деген: «... Сырт жақта Абылай қара жолы қалып барады. Бұл жол бойында біздің атамыз Қазы батырдың қара обасы жатыр. Оның еңісінде Абылай ханның сұлу Өрес ханымының сүйегі жатыр. Бұл еңісті жұрт ертеден «Ханым сүйегі» деп атайды.

-Өрес ханымның сұлу екенін сіз қайдан білесіз? Деп Ғабдолла мені қағытқан болды.

-Неге білмеймін! Абылайхан әр жұрттан он екі әйел алған. Қырық қыздың, отыз ұлдың әкесіболған. Ендеше ол Алатау мен Оралтау арасында, Түркістан мен Қызылжардың арасында қалың әскермен жортып жүргенде, қасына ең сұлу ханымын алмай, сол он екі әйелдің бірін ертіп жүрді дейсің бе?- деймін. Көкшетау ақындары Абылайға елімізден жеті әйел әпердік десе де ханның көп әйелінің біреуі ғана қазақ қызы, өзгесінің бәрі қарақалпақ, қалмақ, қырғыз, өзбек, естеке елдерінің қыздары. Ел мен елді жауластырмайын деп әр жұрттан қыз алған екен. Ендеше осы жол үстінде кенеттен қайтыс болған ханымды өрес сұлу десек, қателеспейміз, -деп мен өз жорамалымды айттым.» [2]

Ғабдолла ағасымен біразға дейін сөз таластырғанымен артынша аға сөзін сөйлейді. Оған себеп жетерлік еді. Көкшедей сұлу жерде, әрбір шоғы, тоғайы сыңсып тұрған аймақта ақындардың, әншілердің көп болуы табиғи заңды ғой. Өнерпаздар осындай жерде тумағанда қандай жерде туады. Жазушы одан сайын інісіне ой салғандай арғы- бергі аңыз-ертегілерді айта береді. Сол мезетте ол інісіне: «...Ғабдолла, Абылайханның қонысты осы Көкше жақтан неге алғанын білесің бе?» [2] деп сұрақ қойып оған өзі жауап қатты. «...Абылай қыр елінен қоныс алмапты. Тауы да, жауы да, дауы да, желі де, шөлі де көп ел екен. Сондықтан жері жайлы, елі момын Көкшеден қоныс аламын» депті деп үлкендер тегін айтпаса керек деймін.» Әлбетте, ғажайып әсерге бөлер сұлулық саясы – көгілдірКөкшенің тамаша табиғаты өз бояуын әсте жоғалтпақ емес.

Көркем келбет Арқаның көк моншағы Көкшетау мен Ақмола облысына қарайтын Сәуле ауылының маңы. Тұмса табиғат. Түгін тартсаң, майы шыққан жер. Бұл тал-терегі, шоқысы керемет мекеннің ғажабы Абылайдың табаны тиген, тұлпарының ізі қалған жер. Бұл жолды бүгінде дана қазақ «Абылайдың қара жолы деп атайды». Көрген куәләрдің айтуынша қара жол әлі сайрап жатыр. Қалың жасағын ертіп, хан Абылай бұл жермен талай өткен. Жайық Бектуров осы Абылайдың қара жолы жайлы да естеліктерінде атап өткен. Очеркте «Менің өз ауылымның үстінде Абылайдың қара жолы өтеді. Бұл жолдың әр тұстағы үзіктері әлі де өшкен жоқ. Біздің өз үйіміз осы жолмен өзіміздің әйгілі ата- баба жерлеріміз Қамсақты- Маылыкепе, Қарамай қайнақта, Жал, Ойнақшоқ, Торайғыр, Құнанқой, Отынағаш, Жалқызыл, Бұлақ, Жағалтай, Қайыңды- қарағайлы сұлу қойнаулардың егін, шөбін кешегі 1928 жылға дейін Қызылағаштағы қыстауымызға осы жолмен тасушы едік. » деп жазады[2]

Очеркте [1] тек Абылай жайыда ғана емес, әлбетте Кенесарының әкесі Қасым жайлы да сөз болған. Соған тоқтала кетсем.

«...Айтпақшы Абылай қоныс тепкен деп шамалайтын тұста аттары орысша бұрмаланып жазылса да, арғы түбірі ұқсап тұрған Моншақты, Жыланды дейтін таулар да бар. Міне Абылайдың бір кездегі біраз уақыт қонысы, оның ханымының зираты, әйгілі қара жолы өз ауылымыздың үстінен өтетін болғандықтан да Абылай ханның ертегідей әңгіме- хикаясы бізге өз ауылымыздың шежіресіндей естілетін еді. Оның үстіне Кенесарының әкесі Қасым ханды біздің үлкендеріміз «Қалмақ қызынан туған, ол анасының жатырынан қан шенгелдеп туыпты» десіп отыратын. Міне осы атақты Қасым төре әлгі Талқора бойындағы сұлу орманды қонысты алмақ болыпты, бірақ, ілгері қалың Керей елі өз ішінде патша үкіметінің тайный советнигі атақты Көшенұлы Тұрлыбегі бар Қасымға бұл жерді бермепті. Бұл маңда Керей ішіндегі Төре тұқымының болмауы да осыдан деседі. Тұрлыбек мықты кісі болыпты, оның әлгі атағы сол кезде генерал-лейтенантқа тең екен. Оның маңында көшегі Мәтідәулен, Құндақ, Жүкен, Паң-Нұрмағамбет тәрізді белді адамдар да болыпты. [1]

Абылай мен оның баласы Қасым жазушыға осылайша таныс болған соң Кенесары беймәлім болып қалуы мүмкін емес. Естеліктерінде анасының өгей інілері Ғабдолла мен Тәжен әнші, домбырашы жігіттер екенін айтып, сол естіген бір қисасын: «Ғабдолла домбыраға қосылып «Ханшайым-Наурызбай» қисасын жақсы айтатын еді.Сонда жабықтан ханшайымға көзі түсіп, сұлу ханшайым Кененің көзі тиіп өледі делінетін еді...» [1]-деп еске алады.

«Кенесары керуенінде» очеркіндегі естелігінде: «ХІХ ғасырдың орта кезінде туып, мен 10 жасқа келгенде дүние салған үлкен әкем Шәшкейұлы Бектұр ақсақал Шынысты, Сұлтанғазыны төрелерді көп көрген. Өзі жастайынан жортуыл адам еді. Ол кісі әйелді де арамыз без күз шақырымдай қыр елі Қорғалжын сыртындағы қара қойын- Қашырлыдағы елден алыпты. Сол кезде ме, Атбасарда ма, дәл айда екені белгісіз, Бектұр ақсақал Кенесераның Сыздығын да көріпті, екі иығына екі кісі мінердей адам еді деуші еді. Тек біздің көзімізге осы күні түсіп жүрген Сыздықтың суреті бұл сөзге онша сай еместей. Не біздің үлкендеріміз Сыздықтың суретін жасаушылар оның тек бет әлпетін ғана сипаттаған болуы керек.» [1] деп өз атасының айтқандары бойынша Кенесераның ұлы Сыздық[13] жайында да мәліметтерді атап өткен.

Жоғарыда Кенесары жайындағы еңбектердің аз жазылмағандығын атап өткен болатынбыз. Бұған тағы дәлел ретінде Ж.Бектуров еңбектері. Дүниеге қазақ перзенті болып туып, адамзат перзенті болып аттанған Ж.К.Бектуров тағдыры – талай ақиқатқа қапысыз көз жеткізетін тағылым мектебі. Заманмен бірге тебіреніп, мәңгілікпен үндесе білудің жарқын өнегесі. Хан Кенені зерттеушілердің еңбегін назарынан тыс қалдырмаған. Соған тоқтала кетсек:

«...Бері келе С.Сейфуллиннің «Көкшетау» дастанын оқып Абылай заманының аңызына қызықтық одан бұрын бізге ауыз-екі жеткен Мағжан ақынның «Батыр Баянның», «Оқ жетпесін» қызыға жаттадық. Осының бәрі бізді Абылай, Кенесары дәуіріне ынтықтырды. Ақыры 1934 жылы Алматыда М.Әуезовтың «Хан Кене» пьесасының байқауында болдым... «Хан Кенеің»байқауынан кейін С.Сейфуллин мен Ғ.Мүсірепов «Сатсиалды Қазақстан» газетіне екеуі екі бөлек мақала жазды. Ғ.Мүсіреповтың мақаласы шағын, Сәкен ағамыздың мақаласы көлемді еді. Қазір бұлардың егжей-тегжейі есімде жоқ. Ал жалпы С.Сейфуллин Абылай әулетін, әсіресе Қасым мен Кенесарыны ұнатпайтыны сол мақаладан да айқын көрініп еді. С.Сейфуллиннің бұл мақаласы әзірше жазушының томдарына кіре қойған жоқ. Ал Ғ.Мүсіреповтың сол шағынырақ мақаласы елуінші жылдары Кенесары жайлы айтыс- тартыс болғанда Кенесарыға қарсы құрал дерек ретінде біраз ауызға алынды. [1].

Кеңестік қысым мен тыйым, шектеулер нәтижесінде ұдайы айтар ой мен сөзге тұсам салынды. Бұл тұсамға бағынбаймын дегендердің көрер күні белгілі. Таразының бір басында ұлт идеясы,жұрт қамы тұрса, ал бір басында жеке бастың қамы тұрған заман болған. Көкірегінде қыжыл болып, хан Кенені сағынып жүрген Ж.Бектуров І.Есенберлиннің «Қаһар» романы жарық көргенде Қарағанды газетіне көлемді рецензия бастырған. Сол рецензия жайында: «...Көп қысқартылып шықты, қазақ баспасөзінің тым қырағы кезі ғой содан кейін қазақ тілін өркендетуге байланысты Ғ.Мүсірепов ағамыздың «Социалистік Қазақстанда» бір көлемді мақаласы басылды. Мұнда көрнекті жазушымыз тікелей болмағанымен жанамалап кенесарыға байланысты Есенберлинді сынады, ол тіптті «Ұлпан» атты белгілі көркем туындысында да Кенесарыны кемітті. Мен міне сол кезде «Социалистік Қазақстанға» Ғ.Мүсіреповке, І.Есенберлинге өзімше жауап бердім. Тек өзім түрмеден шығып, ақталғаннан кейін өзіме қол ұшын беріп, жазушылар Одағы Қарағанды облыс аралық бөлімшесін басқартып, ықылас білдірген соң әрі ұялып, әрі тайсақтап, бұл хатымды Ғабене жібермей, ықшамдалған нұсқасын І.Есенберлинге жолдадым. Ақыры осы беріде бұл хаттың толығырақ нұсқасын мұнда да біраз қысқартып Кенесары туралы «Дерек пен дәлел» атты көлемді мақалама кіріспе ретінде «Орталық Қазақстанда» бастырдым. Бұл мақала мен хат едәуір ықшамдалынып одан кейін «Жұлдыз» журналында басылды. 1992 жылы болар Алматыда осы журналдың редакторы Мұқтар Мағауинмен сөйлесіп отырғанымда бұл ініміз маған: «Ғабитке неге қатты сын айтқыздыңыздар?» деп бір жігіттер күңкілдеді, мен оларға «Кенесары үшін М.Әуезовты да құрбан етуге бармын дедім» деді. Бұл дәлме-дәл келтіріп отырған сөзім.»-деген.

1870 және 1871 жылдары «Вестник Европы» [4] журналының үш номерінде шыққан Орынбордың қала бастығы Н.Середаның[4]«Қазақ сұлтаны Кенесары Қасымовтың көтерілісі» (Бунт киргизского султана Кенисары Касимова. (1838-1847 гг.)) атты ұзақ очеркін көшіріп алған еді. [1] Ол очерктерге тоқтала кетсек:

  1. «Қазақ сұлтаны Кенесары Қасымовтың көтерілісі» (Бунт киргизского султана Кенисары Касимова. (1838-1847 гг.)) 1870 жылғы басылымда. [6]

  2. «Қазақ сұлтаны Кенесары Қасымовтың көтерілісі» (Бунт киргизского султана Кенисары Касимова. (1838-1847 гг.)) 1870 жылғы басылымда. [7]

  3. «Қазақ сұлтаны Кенесары Қасымовтың көтерілісі» (Бунт киргизского султана Кенисары Касимова. (1838-1847 гг.)) 1871 жылғы басылымда. [8]

Оны кезінде ғылым докторы, әрі әдебиетші Е.А.Букетовке, өзгеде бірер адамдарға берген болатын. Ақыры сол тарихи очеркті Қарағандының облыстық орысша және қазақша екі газетіне де түп нұсқасында жариялап, Кенесары көтерілісі туралы екі тілде де очерк бастырған.[12]


Тарих ғылымдарының докторы (1946 жылы), профессор, Қазақ КСР ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ермұхан Бекмахановтың "XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан".[9] атты монографиясы хан Кененің көтерілісін зерттеушілер үшін үстел кредосына айналса, қазақстандық тарихшылардың ойлары бір жерден шығушы еді деген ойымыз бар. Ж.Кәгенұлы өзінің үзеңгілес, дәмдес, дидарлас досы Е.Бекмахановпен кездескен сәттерін және еңбектерін бағалайтынын өз сөздерінде қоса айтып отырған. Мысал келтіре өтсем: «...Өзім лагерьден оралғанша тарихшы Е.Бекмахановты және оның Қазақстан тарихы жайлы кітабын білмеуші едім. Бұл кісінің өзін елуінші жылдардың екінші жартысына қарай , Кенесарының жаласынан сотталып, Алматыға қайтып оралғанан кейін ғана бірінші рет көрдім. Бұл танысуымыз әлдеқалай болды. Алматының Гоголь және Комунистік көшелері мүйісінде жазғы ыстықта жүріп көше сыраханасының алдында тізіліп кезекте тұрды. Басқа жұмысы жоқтай бір милиционер бізді тәртіпке шақырып, кезегімізді тексере бастады. Осыған кейіген бір сақа жігіт ашуланып милиционерді жұдырықтай жаздады «Көргенде осы сендерден-ақ көрдік қой» деп, «қайда барсақ та соңымыздан қалмайсыңдар»деп милиционерге бас салғысы келді. Қасымда әдебиетші, өзі де мен сықылды жанада ғана ауызы көкке шала тие бастаған жолдасым С.Талжанов: «Ереке қойыңыз бұларға тек ілік керек, әне тиіскелі тұр деп ана жігітті тоқтатты. Сөйтсем, бұл жігіт лагерьден жаңадан ғана босап қайтқан атақты тарихшымыз Ермұхан Бекмаханов құрбымыз екен. Содан былай Ерекенмен оқта-текте кездесіп жүрдік. Ол көп қысымнан кейін бұрынғы райынан қайтқандай болып, қайтадан жаңа кітап жазды. Мұның бәрі заманның ен- таңбасы ғой.

Е.Бекмахановтың кітабына дейін Кенесары жайлы ілгері ештеңе оқымаған біздер қазақтың ержүрек көсемі кенесарыны тек көңілімен, ел аузындағы аңызбен ғана түсінетінбіз ғой» Ол тұста Е.Смирновтын кітабы барын естігенбіз , бірақ оны да оқи қойғамыз жоқтығын, ал Н.Середаның еңбегін атымен естіген емеспіз. Осы беріректе Бурабайда Кенесары үңгіріне барып жүрдім. Кенесарыны қазақ халқының, орыс жұртшылығының жауы деп айғайлағанда, ол өзі бір кезде патша әскерінен тығылып паналаған, мықтағанда оншақты-ақ адам сиятын тастың бір қуысында қоянжүрек қорқақтар халықтан Кенесарының аяқ басқан жерін жасырып, үңгірдің ауызын бекітіп тастаған. Міне осы үңгірдің ауызы қайта ашылғаннан кейін мен осы беріде «Үңгірдің күмбірі» деп біраз өлең, әрқилы естелік іспеттес сөз жаздым...»[1].

Иә, кеңестік жазалау идеологиясы атқарған ісіңді ғана емес, ойлаған ойыңды да жазаға тартуға бағытталды. Қазақ халқы тарихының даулы мәселесі болып келген Кенесары қозғалысына көзқарасының сол кезде көп тұншықтырылғаны мәлім. Бекмаханов ісі оған дәлел. Жаппай науқан 1951 жылдың 11-12 наурызы күндері Қазақ ССР Ғылым академиясының тарих институтында басталды. Онда «Правда» газетіндегі мақала толықтай мақұлданып, Кенесары және тарихшы Е.Бекмаханов «қазақ халқының жауы» болып жарияланды. А.Черниченко оның есебін «Правданың» бас редакторына жіберді, ал ол 13-наурыз күні Ильичевтің ілеспесімен Сусловқа жеткізіліпті. Сусыманың мазмұны мынадай: «Правданың» мақаласын талқылауға арналған Қазақ ССР Ғылым академиясының тарих институтының жабық партия жиналысы екі күнге созылды. Жиналысқа 30 адам қатысты. Жарыссөзде 11 коммунист сөйледі. Онда кеңейтілген қаулы қабылданды. «Правданың» мақаласы өте дұрыс деп табылды. Газеттің жарияланымы «Правданың» Қазақстан ғылымының дамуынан жасалған қамқорлық деп бағаланды. Қаулының әшкерелеуші бөлімінде: Кенесары қозғалысын феодалдық-реакциялық, монархиялық қозғалыс. Кітап авторы Бекмаханов – буржуазияшыл-ұлтшыл, троцкишіл Варшавскиймен ауыз жаласқан, екеуі бірігіп идеология майданына зиянкестік келтіріп отыр – деп бағаланды.[3] Бұл жайында айтылар ойлар мен толғаныстар көп.

«... Әрине бұл кезде мен К.Степняктың- Ә.Бөкейхановтың Кенесары өлімі жайлы 1923 Ташкентте басылып шыққан шағын кітабынан ешбір хабарым да жоқ. Тіпті жоғарыда аңғартқанымдай, ол тұста біздің қолымызда Кенесары қозғалысы жайлы ешқандай нақты тарихи дерек атымен жоқ. Мұндай деректі өзім білетін біздің тұстарымыздан іздестіргенді көргенім де жоқ, тіпті бұған біздің ұрпақтың ойы да, мүмкіндігі де болған жоқ.» [1] деп жоғарыда айтқан сөздерімді дәлелдей түсетіндей. Ж.Кәгенұлының айтып отырған еңбегі Әлихан Бөкейханның «Таңдамалысы» [10] Онда хан Кененің туыстас қара қырғыздардың қолынан қаза табуы, сый-сыяпат, кек үшін азаптап өлтіріп, басын алғандығы жайлы жазылған. Сан мыңдаған қарапайым қазақтың көкейінде жүрген «Кенесарының басы» мәселесі. Кенесарының өмір жолындағы қыйындықтар секілді, басын елге қайтару мәселесінде де қыйындықтар тууда. Эрмитаждың төңірегіндегі зерттеуде қиындықтар тағы бар. Қысқасы Хан Кененің бас сүйегін елге қайтару уақыт еншісіне қала бермек. Осы орайда қолда бар дерекке көз жүгіртсем тақырыбымның мәнін ашуда өзек болған жазушы Жайық Бектуров жазбаларындағы мәліметтерді айтып өтсем:

«... Е.Бекмаханотың еңбектерінен, берірек келе өзім іздестіріп тапқан түпнұсқалардан кездестірген деректерім болмаса, ол уақытта Кенесары жайлы мағұлматым жоққа тән еді. Бірақ сөйтсе де кенесарының бас сүйегін ертеде Омбыға жіберілгенін, оны кезінде Кенесарыны көп қудалаған Батыс-Сібір генерал-губернаторы П.Д.Горчоковқа қырғыз манаптарының силыққа тартқанын естуші едім. Ал К. Степняктық профессор Поливанов пен доктор Х.Досмұхамедовтың редакциясымен шыққан 1923 жылғы кітабына князь Горчаковтың Қапал қаласына келіп, Кенесарының азаптан өлтірілгенін оның бас сүйегіне қарап біліп, қырғыз манаптарының бірінің өкілі Қ.Әлібековке патша атынан күміс медаль бергенін, Кенесарының бас сүйегін оның «Қылмыстық ісіне» тіркеп Омбыға алдырғанын нақты деректерден кейін білдім. Сөйтсе де, халық қаһарманы, ұлт көсемі Кенесары батырдың бас сүйегінің Омбы өлкетану музейінде кешегі елуінші жылдарға дейін сақталып келгенін нақты көрген кісілердің бірі осы күнгі белгілі басшы қызметкер Сауық Тәкежановтың ағасы Әмір Тәкежановтен өзім лагерьден келген соң да ауыз-екі естідім. Ә.Тәкежанов өзінің диссертациясына дерек іздестіре жүріп Кененің басын Омбыдан көріпті. Тек не керек соның артынша елуінші жылдардың бас кезінде Кенесары туралы айғай-шу шыққанда Ә.Тәкежанов та Кенесарыға шабуыл жасағандар тобында болып кетсе керек. Кененің бас сүйегі ендігі бір алып-қашты лақапта Ленинградттың Эрмитажына апарылғандай. Кім біледі бұл рас та шығар. Ұлан байтақ қазақ даласынан мұнда не апарылмады? Ахмет Яссауидің Түркістандағы қазаны да, Ұлытаудың Алтыншоқысынан Ақсақ Темір орнатқан белгі тас та апарылды. І.Есенберлиннің «Қаһар» романында Кенекемнің бас сүйегі сол Эрмитажда дегендей емеуірін болуы тегін де емес шығар.Біздің әлі іздемеген құнды заттарымыз, байлықтарымыз аз емес қой.»[1]

Осы Ж.К.Бектуров еңбектерін талдау барысында мынадай ұсыныс білдіргім келеді.

  1. Мұрағат құжаттарын мүмкіндік болса жарыққа шығару. Себебі Ж.К.Бектуровтың қоры өте бай. Тізімдеменің ішіндегі әр құжат маңызды мағұлматтарға толы.

  2. Тақырыпта айтылған Кенесарының бас сүйегі мәселесінде Ж.К.Бектуровтың ұсынысын, яғни, Омбыдан іздеу бастамасын әрі қарай түпкілікті маманданған ғалымдар көмегімен зерттеу.

  3. Мұрағаттағы әрбір құжатты жаһандық технологияға негіздеп электрондық нұсқада Ж.К.Бектуров қорын жаңғырту керек деп ойлаймыз.

Осы ғылыми- зерттеу тақырыбымды қорытындылайтын болсам, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Сәкен, Мағжандай арыстардың салған сара жолын жалғаған Жайық Кәгенұлындай тұлғалардың біздер көзі болып, сөзі болып, өкше басар ұрпағы болсақ, әрине, нұр үстіне нұр болары хақ. Зейнеттен тасымаған, бейнеттен қажымаған өр тұлғаның қалдырған әрбір еңбегі бізге бағалы.
Әдебиеттер тізімі:

  1. Қарағанды облыстық мемлекеттік мұрағаты (келесіде ҚОММ)., 1558-қ., 1-т., 644-іс, «Кенесары керуенінде»., Очерк., (Сұлтан Кенесары Қасымов жөнінде)., Машиналық нұсқа.

  2. ҚОММ., 1558-қ., 1-т., 494-іс, Жақсы жолда. Сапарнама., «Орталық Қазақстан» газеті қиындылары.

  3. Тұрсын Жұртбай, ғалым, жазушы, алаштанушы http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/kenesaryi-jane-tarihshyi-ebekmahanov-kalay-kazak-halkyinyin-jauyi-bolyip-56734/

  4. Середа Н, Бунт киргизского султана Кенесары Касымова (1838-1847). http://kitap.kz/reader/nikolaj_sereda_bunt_kirgizskogo_sultana_kenesary_kasymova_1838_1847.

  5. Кенесары Касымов// Казахстан. Национальная энциклопедия.— Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2004

  6. Вестникь Европы, журнал историй, политики, литературы., Пятый год., том IV, редакция «Вестник Европы»., Галерная, 20. Санкт-Петербург., 1870.

  7. Вестникь Европы, журнал историй, политики, литературы., Пятый год., том IV, редакция «Вестник Европы»., Галерная, 20. Санкт-Петербург., 1870.

  8. Вестникь Европы, журнал историй, политики, литературы., Шестой год., Книга-8, Августь., Санкт-Петербург., 1871.

  9. Бекмаханов Е., «Казахстан в 20-40-е годы ХІХ века»: Учебник.- Алма-ата: «Қазақ университеті», 1992г. 400стр.

  10. Бөкейхан Ә., Таңдамалы(избранное)/ Гл.ред. Р.Нургалиев. –Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1995.

  11. ҚОММ., 1558-қ., 1-т., 83-іс, «Читателям очерк о Кенесары». Очерк. Машиналық нұсқа. Орыс тілінде. «Этот степной митридат». Последствие к публикации очерка Н.Середы о КенесарыКасымове. Орыс тілінде. Автор түзетуімен. Машиналық нұсқа.

  12. ҚОММ., 1558-қ., 1-т., 418-іс, «Кенесары» Архивные изыскания о бунте казахского султана К.Касымова (1838-1847)., Вырезки из газеты «Индустальная Караганда»,. На русском языке.

  13. Кенесарыұлы А., Кенесары және Сыздық сұлтандар/ Қазақша аудармасы, Ғ.Ахмедов,- Алматы: Жалын, 1992.-48 б.

Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет