1. 1 Ән өлеңі әнге арнап жазылған, әнмен айтылатын өлең, әдебиеттануда поэзияның жанрлық саласы ретінде қарастырылады



бет1/3
Дата31.12.2019
өлшемі399 Kb.
#54170
  1   2   3

УМКД 042-16.1.40/02.2013

_____________2013 жылғы

№ 1 басылым



52 беттің -шісі




5В 012100, 5В090100, 5В011700 мамандықтарына арналған

«Шәкәрімтану»

ПӘНІНІҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ
ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛДАР

СЕМЕЙ


2013


Мазмұны

1 Глоссарий

2 Дәрістер

3 Семинар сабақтары

4 Курс жұмысы және диплом жобасы (жұмысы)

5 Студенттің өздік жұмысы



1 ГЛОССАРИЙ

1.1 Ән өлеңі - әнге арнап жазылған, әнмен айтылатын өлең, әдебиеттануда поэзияның жанрлық саласы ретінде қарастырылады.

1.2 Ерікті өлең – қалыптасқан өлең өлшемін берік сақтамай, тармақтардың ырғағын еркін өрнектейтін өлең түрі.

1.3 Жыршы ақындар поэзиясы – ауыз әдебиеті дәстүріндегі поэзия, қазақ әдебиетінде бірнеше ғасырға ұласып келетін поэзиялық өнердің үлкен арнасы.

1.4 Кітаби ақын – Шығыс әдебиетінің араб, парсы, түркі тілдес халықтарында бар поэзияның озық үлгілерін өзінше жырлап, қазақ арасына таратып отырған, шығыс тілінде шыққан кітаптар сюжетін қайта өңдеп, қисса дастандар шығарған өзгешелеу бір топ ақындар.

1.5 Сал-сері – сегіз қырлы, бір сырлы, яғни әнші, күйші, ойыншы, күлдіргіш, композитор, би, спортқа бейімі бар ерекше үздік жаратылған өнерпаз.

1.6 Терме – қазақ халық поэзиясында қалыптасқан лирикалық өлең түрі.

1.7 Толғау – қазақ, сондай-ақ қарақалпақ, ноғай секілді басқа да халықтардың ауызша поэзиясында кең тараған қоғамдық-саяси лириканың бір түрі.

1.8 Аллитерация (лат. дыбыстас) – шығармаларда бірыңғай дыбыстардың үндестігі, дәлірек айтқанда дауыссыз дыбыстардың қайталануы.

1.9 Алтыбуынды өлең - әр тармағы үш буынды екі бунақтан құралатын (3 буын – 3 буын) өлең өлшемі.

1.10 Алтытармақ – қазақ поэзиясында лирикалық өлеңдерде жиі қолданылатын шумақ өрнегі.

1.11 Анафора (гр. биікке шығару) – айшықтаудың (фигураның) үлгісі ретінде көрсетілген шумақтың немесе өлең жолдарының басында үндесе, үйлесе қиысатын бірыңғай бастамалар.

1.12 Антитеза (шендестіру) – екі затты не құбылысты шендестіру арқылы басқа бір құбылыстың, ұғымның, нәрсенің суреті, сыр-сипаты, кескін-кейпі аңғарылады.

1.13 Антоним (қайшы сөздер) (гр. қарсы, атау) – біріне-бірі қайшы қарама-қарсы мағыналы сөздер.

1.14 Ассонанс (лат. үйлесім) - өлең сөзде дауысты дыбыстардың үндесе қайталануы.

1.15 Әдеби қаһарман - әдебиеттің идеялық-эстетикалық роліне сай бейнеленетін тұлға.

1.16 Әдеби процесс- бұл белгілі бір дәуірде, сонымен қатар, ұлттар мен елдердің, аймақтардың, әлемнің күллі тарихи кезеңдерінде өмір сүріп келе жатқан әдебиеттің тарихи заңды қозғалысы.

1.17 Әдеби характер (гр. мінез, ерекшелік) – кейіпкердің мінез бітімі, адамның бойына психологиясына, қимыл әрекеттеріне тән сан түрлі қасиеттердің бірігіп, біте қайнаған тұтастығын танытатын мінез-құлық өзгешелігі.

1.18 Әлеуметтік лирика – лирикалық жанрдың тақырыптың мазмұнына қарай бөліп қаралатын, қоғамдық өмірге қатысты маңызды мәселелерді қозғайтын ақынның заманға, халықтың бүгінгі тағдырына көзқарасын білдіретін үлкен саласы.

1.19 Градация (лат. біртіндеп көтеру) – дамыту-алдыңғы сөзден соңғы сөзді, алдыңғы ойдан соңғы ойды асыра асқақтата түсу.

1.20 Жанр - әдеби шығармалардың жеке түрлері, көркем әдебиеттің салалары.

1.21 Идея - әдебиет шығармасында өмірдегі жәй жағдайлар, адам тағдыры баяндалғанда, суреттелгенде жазушының сөз болып отырған мәселелерге қатынасы, көзқарасы да аңғарылады.

1.22 Кейіптеу – жансыз нәрселерді адам кейіпіне келтіріп немесе қалайда жан бітіргендей етіп суреттейтін көркемдік тәсіл.

1.23 Композиция - әдеби шығарманың құрылысы, оның үлкен кішілі бөлім бөлшектерінің бір-бірімен қисынды түрде қиюластырылып, әр түрлі тәсілмен байланыстырылған тұтастық бірлігі.

1.24 Қара өлең ұйқасы – төрттармақтың бірінші, екінші және төртіншісі бірыңғай ұйқасады.

1.25 Лирикалық кейіпкер – поэзиялық шығармалардан көрінетін адамның тұлға бейнесі.

1.26 Лирика – көркем әдебиеттің негізгі саласының, жанрының бірі, ерекшелігі-адамның көңіл-күйін, сезім дүниесін тікелей бейнелеп көрсетеді.

1.27 Лирикалық қаһарман – ақын бейнесінің оның шығармаларынан жинақталған тұтас тұлға ретінде көрінуі.

1.28 Метафора (гр. ауыстырып қою) – екі нәрсені, құбылысты салыстыру және жанастырып жақындату негізінде астарлы тың мағына беретін бейнелі сөз.

1.29 Параллелизм (гр. қатарлас) – екі нәрсені қатарластыра, жанастыра алып бейнелеу тәсілі.

1.30 Пейзаж (франц. ел, жер) - әдеби шығармадағы табиғаттың әсем көрінісі, көркем бейнесі.

1.31 Портрет (франц. бейнеленген) - әдеби кейіпкердің сырт көрінісін, кескін-кейпін, бой-тұлғасын суреттеу.

1.32 Прототип (гр. түп, төркін бейне) – кейіпкердің бейнесін жасауға тірек, негіз болатын өмірде болған адам.

1.33 Символ - әдебиетте ойды астарлап, басқан нәрсені суреттеу арқылы жасалатын нақтылы сипаты бар балама бейне.

1.34 Стиль – жазушының өмір шындығын танып-білу, сезіну қабілетін, бейнелеу шеберлігін, өзіндік суреткерлік тұлға бітімін танытатын даралық өзгешелігі, жазу мәнері, қолтаңбасы.

1 35 Сюжет (франц. зат) - өзара жалғасқан оқиғалардың тізбегі, біртұтас желісі.

1.36 Тақырып - әдеби шығармада сөз болатын басты мәселе, шығарма мазмұнының негізгі арқауы, айтылатын жай жағдайлардың бағыт-бағдары.

1.37 Экзпозиция (лат. түсіндіру) – көркем шығармада оқиға дамып өрістейтін орынды, ортаны, ол оқиғаға қатысатын кейіпкерлерді сипаттап, алғаш оқушыға таныстыру.

1.38 Эпитет – заттың не құбылыстың айырықша белгісін, қасиетін білдіретін бейнелі сөз.

1.39 Эпифора - өлең тармақтарының соңында бір сөздің не сөз тіркесінің бірнеше қайталанып келуі.


2 ДӘРІСТЕР
Дәріс 1. Ш.Құдайбердиевтің өмірі мен шығармашылығы.
Дәріс мазмұны:

  1. Тарихи жағдай. Оқу-ағарту ісі, қазақ қоғамы

  2. Ш.Құдайбердиевтің өмірі, Абайдың ұстаздық тәрбиесі

  3. Шәкәрім шығармаларының тақырыптық, жанрлық ерекшеліктері

  4. Ақын өмірінің беймәлім тұстары

Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы 24 шілдеде, ескіше 11 шілдеде өмірге келді. Ол кезде атақты Өскенбаев Құнанбайдың баласы Құдайберді ауылы Шыңғыс тауы бөктерінде жайлауда отырған. Жас кезінен алғыр болып өскен Шәкәрім бес жасынан бастап ауыл молдасынан сабақ алып арабша сауатын ашады. Шәкәрім 8 жасқа келгенде 1866 жылы мамыр айында әкесі қайтыс болады. Әкесі қайтыс болған жылы жас бала, болашақ ақын алғашқы өлеңін жазады. Ақын бозбала шағында өлең жазумен үнемі айналыспаса да көптеген өлеңді әуесқойлықпен, қызық үшін жазып отырды. Бала кезінде Шәкәрімді атасы Құнанбай еркелетіп өсіреді. Бетінен қақпай ойын-тойларға, саятшылық пен аңшылықпен айналысуына жағдай жасайды. Бала кезінен Шәкәрім ағасы Абайға үйір болады. Абайдың үлгі өнегесіне қанық болған жас ақын ағасындай кемеңгер, білімді әрі дарынды болуды армандайды. Кейініректе, бүкіл қазақ жастарын ағасы, ақылшысы Абайдан тәлім алуға шақырып “Жалыналық Абайға, жүр баралық” атты өлеңін жазады. Шәкәрім Абайдың қазақ ұлтының рухани ұстазы болатынына алғашқы болып көз жеткізген шәкірті және бауыры. Ол Абайды бала кезінен бастап өмір бақи үлгі, өнеге етті. Басқаларды да соған үндеді.

Шәкәрім Абайдың ақыл-кеңесімен ел басқару ісіне араласты. Бұл қызмет оның өмірге деген түсінігін, тәжірибесін байытты. Ақын қоғамдық қатынастар табиғатын терең ұғатын жағдайға жетті. 1878 жылғы жаз айында Шәкәрім жиырма жасында Тобықты болысына уезд бастығы бұйрығымен болыстық қызметке тағайындалады. Болыстық қызметті Шәкәрім ойдағыдай атқарады. Бірақта, оның көкейінен өлеңге деген ықылас кетпейді. 1880 жылы ол “Жаз келер”, “Арман”, “Жайлаудың баласымен айтысы” атты тамаша туындыларын жазады. 1881 жылы “Шын сырым” атты арнау өлеңін жазады. Махаббат тақырыбы Шәкәрім шығармашылығындағы ең күрделі, ең маңызды тақырыптардың біріне айналды.Себебі, махаббат тақырыбы ақынның өлеңдері мен дастандарындағы керемет өрнектер мен бояуларға, сезімдер мен қайшылықтарға толы құбылыс. 1882 жылы Шәкәрім өзі сүйген ғашығы Айғаншаға үйленеді. Айғаншаның алдында Шәкәрімнің бәйбішесі болады.

Шәкәрім орыс тіліне, әдебиеті мен мәдениетіне назар аударып, ден қояды. Абайдан кейінгі рухани ұстазы, ақылшысы ретінде ұлы орыс жазушысы Лев Толстойды атайды. “Танбаймын шәкәртімін Толстойдың” деп жазуы бекер емес. Орыстың кемеңгер прозаигінің гуманистік көзқарастары Шәкәрімнің дүниетанымына үлкен ықпал жасағаны даусыз. 1883-1896 жылдары ақын кемеліне келген көптеген өлең, дастандар жазады. Солардың ішінде 1883 жылы жазған “Бәйшешек бақшасы”, “Нартайлақ әңгімесі”, “Қазақтың түп атасы”, 1890 жылы жазылған “Бозбала мен кәрілік”, “Жастарға” өлеңдері, 1891-1892 және 1896 жылдар аралығында “Қалқаман-Мамыр”, “Еңлік-Кебек”, “Ләйлі-Мәжнүн” дастандарын жазады.

Шәкәрім Толстоймен қатар Пушкиннің, Лермонтовтың шығармаларына ден қояды. 1903 жылы Географиялық орыс қоғамының Семей бөлімшесінің мүшелігіне алынады. Шәкәрім озық ойлы орыс демократтарының идеяларын уағыздайтын көптеген ағартушылық, сыншылдық-реализм мазмұнындағы туындылар жазады.

1904 жылы ағасы, ұстазы Абай қайтыс болған соң Шәкәрім Абайдың қазақ өміріндегі, мәдениетіндегі, рухани дамуындағы орнын жоқтатпау мақсатында өзі де шығармашылыққа көп көңіл аударады. 1905-1906 жылдары қажылыққа сапар жасайды. Осы сапарында ақын Стамболдың, Париждің кітапханаларынан өзіне қажетті біліммен сусындайды. Діни философияны, әлемдік поэзияны, тарихты терең зерттеуге кіріседі. Соның нәтижесі 1906-1911 жылдары “Үш анық” атты философиялық трактатын, “Шежіре” кітабын тәмамдауы болды. 1911 жылы ақынның “Қазақ айнасы”, “Шежіре”, “Мұсылмандық шарты” кітаптары баспадан шығады. 1912 жылы “Қалқаман-Мамыр”, “Еңлік-Кебек” дастандарын жариялайды.

1913 жылы өз орнын таппаған ақын елден кетіп, оңашаланып бүкіл шығармашылығынан ой қорытады. Ақынмен осы кезеңде балалары ғана араласып тұрады. Тамақ, киім-кешек жеткізіп беріп тұрады. Әсіресе ұлы Зият жиі келеді. Октябрь революциясын социализм идеясын Шәкәрім қабылдамайды. 1917 жылы “Алашорда” партиясын Семейдегі облыстық съезін ашу құрметіне Шәкәрім ақын ие болады. Сол жылы Алашорда үкіметінің облыстық биі болып сайланады. Большивиктер 1918 жылы Алашорда үкіметін таратқан соң елге қайтады. Кеңес үкіметінің қазақ жұртына түбегейлі жақсылық жасамайтынын, социализмнің антихалықтық құрылыс екенін түсінген ақын 1919 жылы тағы да елден жырақтанып Бақанас жерінде жалғыз өмір сүреді. 1925 жылы Саятқора салынып соған көшеді. Қазіргі Аякөз ауданы мен Абай ауданының маңында тұрған бұл қораның орны әлі күнге дейін сақталған. Ақын 12 жылдай жалғыз өмір сүреді. Бастапқы кезенде ақынның қасында қосшысы, жолдасы Әупіш болады. Кейініректе Шәкәрім Әупішті де елге қайтарып өзі жалғыз қалады. Осы жылдары ақынның көптеген өлеңдері, философиялық толғаулары мен сөздері өмірге келеді. Ақын өзінің Абайдан соңғы даланың тума таланты екендігін дәлелдейді. Айналасындағы ел-жұрт ақынды сәуегей дана, діни сопы, дара талант иесі ретінде қабылдап оның саяқ өміріне құрметпен, аса қассиеттілік, құдайшылық ретінде қарағанын, көптеген деректер дәлелдейді. Халықтың қайғысын, арман-мақсаттарын, көкейкесті міндет-мұраттарын жырлаған ақынды Кеңес үкіметі кешірмеді. Кеңес жендеттері 1931 жылы қарашада Шәкәрімді Саятқорадан ел жаққа бет алып келе жатқан жолында өлтірді.

Ақынның мүрдесі талай жылдар елсіздегі құдықта жатты. Баласы Ахат тек 1961 жылдары ғана әкесінің мүрдесін құдықтан қазып алып Абай ағасының жанына әкеліп жерледі. 1995 жылы екі ұлы ұстазына қазақ халқы қайталанбас әсем де зәулім кесене салды. Шыңғыстаудың жазығындағы екі данышпанның зираттарындағы екі зәулім мұнара қазақ халқын әділетке, бақытқа еңбекке және Алланы сүюге шақырып тұрғандай.


Бақылау сұрақтары:

  1. Тарихи жағдай. Оқу-ағарту ісі, қазақ қоғамы

  2. Ш.Құдайбердиевтің өмірі, Абайдың ұстаздық тәрбиесі

  3. Шәкәрім шығармаларының тақырыптық, жанрлық ерекшеліктері

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Шәкәрім шығармалары. Алматы, Жазушы, 1988.

2. Шәкәрім. Тұлғалық энциклопедиясы. 2008.

3. Ш.Құдайбердиев. Жолсыз жаза.Алматы, 1988

4. Ш.Құдайбердіұлы. Аманат. Әңгімелер. Алматы,1989

5. Ш.Құдайбердіұлы. Үш анық.Алматы, 1991

6. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Алматы, 1992
Дәріс 2. Шәкәрімнің шығармашылық өмірбаяны: зерттелу, жүйелену мәселелері.
Дәріс мазмұны:

1. Шәкәрімнің шығармашылык өмірбаянының зерттелу тарихы.

2. Шәкәрім шығармашылығының ХХ ғасыр басында зерттелуі.

3. Ақын мұрасының тәуелсіздік жылдарда зерттелуі.


Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығы әдебиеттануда және пәлсапа ғылымдарында кешенді зерттеле бастады. Шәкәрімтану жеке ғылым саласы ретінде қалыптаса бастады . Шәкәрімтанудың ерекшелігі оның тек поэзия мен әдеби процеске ғана байланыстылығында ғана емес Шәкәрімтану бірнеше ғылымдар саласын қамтиды.

Себебі, ақын шығармашылығы тек поэзиямен ғана шектелмейді. Шәкәрім шығармашылығының ерекшелігі оның көп қырлылығы мен көп салалығына байланысты. Шәкәрім қазақтың поэзия өнерін ғана емес философиясын , тарихын, ағартушылық-педагогикалық жүйесін, әсіресе танымы мен мәдениетін жетілдіріп, дамытуға зор үлес қосты.

Сондықтан Шәкәрім шығармашылығын белсенді зерттеумен әдебиетшілермен қоса, философтар, тарихшылар, педагогика және психология ғылымдары айналысуда. Шәкәрімнің қазақ әдебиеті мен мәдениетінде, дүниетанымында ерекше орын алатындығын оның рухани мұрасын зерттеудің көпсалалы болуынан-ақ байқауға болады.

Әрине, Шәкәрімнің ақындығы оның шығармашылығының негізгі саласы. Оның философиясы, ағартушылығы, психологиялық толғанысы поэзиясынан қайнап шығады. Шәкәрім шығармашылығын зерттеудегі осы ерекшелікті шәкәрімтанушылардың әрқайсысы атап көрсетеді.

Қазақ әдебиетінде шәкәрімтанудың негізін салып, ірге тасын қалаған алаш арыстары Ә. Бөкейханов, А.Байтұрсынов сияқты ойшыл қайраткерлері. /1/ Олар Шәкәрімнің Абайдан кейін қазақ поэзиясын жаңа сатыға көтеруші екендігін жан-жақты дәлелдеді. Ақынның поэзиясының ерекшеліктерін, дүниетанымының күрделілігін анықтады. Шәкәрім көтерген махаббат мәселесін оның дастандарының мысалында талдады. Мысалы, Әлихан Бөкейханов Шәкәрімнің адам, қоғам, Алла мәселелеріне ерекше назар аударғандығын сөзге тиек етед. Қазақ қоғамының салт-әлеуметтік мәселелеріне қатысты Шәкәрім пікірлерін қуаттайды. Ә. Бөкейханов “Түрік, қырғыз, қазақ hәм хандар шежіресіне”, “Қалқаман-Мамыр” поэмаларына жазған рецензияларында Шәкәрімнің творчестволық лабараториясына жоғары баға береді. /2/ Осы рецензияларды шәкәрімтанудың бастауы ретінде қарастыруға болады.

Әдеби процесті зерттеуде кейінгі ғалымдарға үлгі болған Ахмет Байтұрсыновтың Абай шығармашылығы жөнініде жазылған “Қазақтың бас ақыны” мақаласы. Бұл еңбектегі Ахаңның Абай сөздері дүниеде қалғаны қазаққа зор бақ . Бетін түзеп, жөн сілтеген кісілерге де, сілтеген жолды лақпай тұп-тура тапқан адамға да қазақ балалары талай алғыс берер /3/-деген пікірінің шәкәрімтанушы- ларға да тікелей қатысты екендігі ақиқат. Себебі, Шәкәрім ақын ретінде, Абай дәстүрін жалғастырады, ол көрсеткен рухани құндылықтарды күн тәртібіне қойды, жаңаша жырлай алды, бейнелей білді. Белгілі абайтанушы Қайым Мұхаметқанов сөзімен айтсақ: “Қазір әдебиетіміздің тарихында орны ойсырап тұрған, елге ежелден белгілі болған ақын,жазушыларымызды еске алғанда,ең алдымен Шәкәрімді атауымыз орынды деп білемін. Өйткені, ол Абайдың нағыз мұрагерлерінің бірі, бірі болғанда бірегейі”/4/.

20-ғасырдың алғашқы он жылдығында ақын шығармалары “Айқап” журналы мен “Қазақ” газетінде жарық көрген.

С.Торайғыров “Таныстыру” аты өлеңінде Шәкәрімнің ақындық тұлғасын танытады.

Шәкәрім поэзиясының тақырыптылық ауқымдылығын, идеялық тереңдігін, мазмұндық күрделілігін, әлеуметтік қажеттілігін айтқан М. Әуезов пен Ж .Аймауытов болатын. Олар қазақ әдебиетінің даму процесіне арналған “Абайдан соңғы ақындар” мақаласында: “Осы күнгі ақындардың ішіндегі Абайға өлеңінің сыртымен болмаса да, ішкі мағынасымен еліктеген кісі – Шәкәрім. Мінді, кемшілікті, айтқанда жерлеп, шенеп,оңдырмайтын Шәкәрім өлеңінде ащылық бар” /5/,- деп Шәкәрім поэзиясының реалистік сипатына баға береді. А. Байтұрсынов та Шәкәрім поэзиясында өтірік әсерлеу, утопизм жоқ екендігін тілге тиек етеді. Шәкәрім кейіпкерлері қарапайым адамдар арасында жүріп өздерінің ерлігін, білімділігін, мәдениетін көрсете білген дара адамдар Ахмет Байтұрсынов мұндай жырларда әуезе жыр дей келіп, әуезе жырлар тікелей тарихи оқиға шеңберін қатаң ұстамайды , жыр шығарушының қиялы еркін болады .Бірақ, жыр шығарушы адамды орынсыз көркейте, көтере бермейді,-деп көрсетеді. “Әуезе жыр мысалдары Мұқамбетжанның “Топжарғаны”, Шәкәрімнің “Жолсыз жазасы”, “Қалқаман-Мамыры”, Мағжанның “Батыр Баяны” сияқты сөздер”/6/ –деп түйеді.

Әлихан Бөкейханов Шәкәрімнің “Қалқаман-Мамыр” дастанын талдап, сын да жазған. Бұл дастан 1912 жылы жазылып, 1914 жылдан бастап “Қазақ” газетінде жарық көрді.

1918 жылы Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытовтың мақалаларында Шәкәрімнің еңбектеріне баға берді. Шәкәрімді Абайдың жолын қуған бірден-бір шәкірті және ізбасары деп есептеді.

М.Әуезов 1922 жылы “Ләйлі-Мәжнүннің” алғы сөзінде дастанның көркемдік ерекшелігіне баса көңіл аударды.

С.Сейфуллин “Әдебиет майданы” журналының редакторы қызметін атқарған. Осы кезеңде Шәкәрімнің Пушкиннен “Метель”, “Боран” атты еңбегін яғни аудармасын бастырып шығарды.Пушкиннің көркем сөзбен жазған өлеңін ақын өзіне тән ерекшелікпен өлеңмен аударған.Осы тұрғыдан келгенде, С.Сейфуллин ақынның осы еңбегіне ерекше баға берді.“Ләйлі-Мәжнүн” дастанына да өзіндік көзқарасын білдірді.

Осы жылдары М.Мағауинның Шәкәрім өлеңдерін орыс тіліне аударылған түрін бастырып, баға берді.

Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығының поэтика мәселесі әлі де өз тұрғысынан зерттелген жоқ.

Шәкәрім Құдайбердіұлы поэзиясында адамгершілік, гуманистік, ағартушылық, демократиялық және діни философиялық идеяларды күн тәртібіне қояды.

Қазақ қоғамы үшін тағдырлық мәні бар мәселелердің Шәкәрім өлеңдерінде синтезделеніп көрініс табуы, қазақ поэзиясына енгізілген жаңалық болып табылады. Шәкәрімнің көптеген өлеңдерін философиялық лирика ретінде бағалауға болады. Себебі, ақынның ойшыл, терең әлеуметтік мәселелерді қозғайтын поэзиясы оқырманды тәрбиелейді және парасаттылығын қалыптастырады.

Шәкәрім өлеңдерінде, дастандарында әлеуметтік шындыққа адекватты сол кезеңдегі тарихи дәуірге, саяси өзгерістерге сәйкес келетін терең психологизм де бар. Шәкәрім кейіпкерлері әлеуметтік шындықтың көрінісі.

Олардың сезімі, жандүниесі, болмысы, өмір құбылыстарын түсінуі, адами күйзеліс өмірде болып жатқан шындықтармен қабаттасып жатады. Шәкәрім поэзиясының тағы бір ерекшелігі адам санасы қабылдауы мен күрделі, терең болмысты құбылыстардың мәнін ашуға ұмтылысында.

Бұл ретте Шәкәрім поэзиясы жаңаша мазмұнды деңгейден көрінеді. Абайдың философиялық айналаны, қоршаған ортаны тану мәселелерімен өзектес келеді.

Сонымен Шәкәрім поэзиясының тақырыбы күрделі, көп қырлы, жан-жақты тақырып, Шәкәрім поэтикасы оның шығармашылы- ғының көркемдік, дәстүрлік негіздерін ғана қамтып қана қоймайды. Бұл тақырып Шәкәрімнің өзіне дейінгі қазақ поэзиясының және әлемдік поэзияның нормативтік принциптерін қазақ поэзиясына әкелуін зерттейді.

Тоталитаризм дәуірінде коммунистік идеологияға қауышпайтын Шәкәрім мұрасы рухани қамауға түсті. “Халық жауларының” қатарына енгізілген ақын есімін Кеңестік билік қазақ әдебиетінің бетінен алып тастадым деп есептеді. Кеңес Одағының ыдырауымен қатарласа Шәкәрімді зерттеу ісі қайта жаңғырды. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында Шәкәрім мұрасының казақ әдебиеті мен поэзиясындағы орнын анықтауда белгілі. Абайтанушы Қайым Мұхаметқанов зор еңбек сіңірді. Оның “Қазақ әдебиеті” мен “Семей таңы” газеттерінде жариялаған еңбектерін шәкәрімтанудың жаңа кезеңінің басталуы деп бағалауға болады ./7/

Осы жылдары Шәкәрім мұрасын зерттеуде, оның поэзиясының идеялық, мазмұндық және поэтикалық ерекшеліктерін зерттеуге, поэзиясының ерекшелігін талдап көрсетуге Ш. Сәтбаева, М. Мағауин, Ә. Тәжібаев, М. Мырзахметов, Р.Нұрғалиев, Б.Сапаралин еңбектері үлес қосты ./8/

М. Базарбаевтың, Р. Бердібаев, Х. Сүйіншәлиев, Ө. Күмісбаев, Т. Жұртбаев т.б. 80-ші, 90-шы жылдардың өзінде Шәкәрімнің мол мұрасының келер ұрпаққа жеткізу проблемаларының маңыздылығына мән беріп, зерттеу жұмыстарымен айналысты.

Шәкәрім ақынның поэзиясының қырлылығы, тақырыбының сан-салалығы ғалымдар еңбектерінде талданды. Ақынның философиялық көзқарастарымен ой толғамдары төңірегінде абайтанушы ғалым Ғарифолла Есім көптеген пікірлер айтып, зерттеу мақалаларын жариялады.

Ақын мұрасының жанашыры ретінде академик Әлиақпаров Мақаш қыл қаламмен сурет туындыларымен қоса, мақалалар, зерттеу еңбектер жазды.

Бақытжан Рахымжанов сынды жас ғалымдар кандидаттық диссертациямен қоса, ақынның философиялық, дүниетанымдық ерекшеліктерін зерттеп, мақалалар жариялады.

Шәкәрім Құдайбердиев шығармашылығын зерттеу мәселелеріне шолу жасай отыра ақынның адам, қоғам, Жаратушы мәселесі жүйелі түрде жеке зерттелмегенінің куәсі боламыз. Ақын творчествосында адам-қоғам-Алла мәселелері ең өзекті тақырыптар. Бұл мәселелер оның поэзиясының дүниетанымдық және идеялық күретамырлары болып табылады. Ақын мақсаты адамды жөндеу, қоғамды түзету және Жаратушыны тану.Осы құндылықтарды поэзиялық сипаттау, талдау, түсіндіру, уағыздау арқылы ақын қазақ халқына дұрыс өмір сүруді үйретуге ұмтылады. Ақын поэзиясының осындай терең тақырыптық, идеялық маңызы оның бүгінгі күн үшін, қазіргі халық үшін анықтайды. Сол себепті, Шәкәрім шығармашылығындағы адам, қоғам, Жар, Жаратушы мәселелерінің поэзиялық бейленелуін, шешімін табуын дара зерттеу қазақ әдебиеті үшін кезек күттірмейтін қажеттілік деп білеміз. Бұл күрделі әдеби, көркем және танымдық құбылыс қазақ әдебиеттануында Шәкәрім есімі мен рухани мұрасына байланысты жеке зерттелген жоқ.

Сонымен қатар Шәкәрім шығармашылығы көптеген кандидаттық диссертациаларда зерттеу объектісіне айналды. Олардың қатарында А. Айтбаеваның, А. Тілеуханованың, Г.Әбдірасылованың, Г. Аюпованың және т.б. кандидаттық диссертацияларын айтуға болады./12/
Бақылау сұрақтары:

1. Шәкәрімнің шығармашылык өмірбаянының зерттелу тарихы.

2. Шәкәрім шығармашылығының ХХ ғасыр басында зерттелуі.

3. Ақын мұрасының тәуелсіздік жылдарда зерттелуі.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Шәкәрім шығармалары. Алматы, Жазушы, 1988.

2. Шәкәрім. Тұлғалық энциклопедиясы. 2008.

3. Ш.Құдайбердиев. Жолсыз жаза.Алматы, 1988

4. Ш.Құдайбердіұлы. Аманат. Әңгімелер. Алматы,1989

5. Ш.Құдайбердіұлы. Үш анық.Алматы, 1991

6. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Алматы, 1992
Дәріс 3. Шәкәрім және сопылық әдебиет
Дәріс мазмұны:


  1. Шәкәрім танымында сопылықтың ықпалы басым екендігі.

  2. Сопылық мақамдағы өлеңдері

  3. Шәкәрім шығармашылығындағы жаратушы, адам, дін, өмір, өлім, жан, ақыл тақырыбы

4. Сопылық сарынның Шәкәрім шығармаларындағы орны.
Шәкәрім танымында сопылықтың ықпалы басым екендігі сөз болып келеді. Шәкәрім көптеген өлеңінде сопылық әдебиетінің қыр-сырын жетік те, айқын көрсете білген. Сопылықты айшықтай тануға болады.

Кезінде С. Мұқанов, “Ш. Құдайбердиев бұл адам революцияға діни дүниешілдік-ұлтшылдық бағытта жазған адам” деп өз уақытына қарай бағамдауы дәл осы жағдайға байланысты екені ақиқат.

Шәкәрім жаратушыны сүюге шақыруындағы мақсат- адамдарды рухани жетілдіріп, қоғамды жақсарту. Халықтың надандықтан арылып, рухани өсуіне себін тигізу. Дәл осы жолда сопылық шығармаларды қабылдайды. Бұл өз алдына зерттелетін жеке объект.

Абайдың дәстүрінен үлгі алған Шәкәрім шығармашылығының тынысы кең, көтерген проблемеларының да ауқымы үлкен. Оның сопылық мақамдағы өлеңдері қазақ поэзиясына жаңа ұғым, небір жаңа ойлау жүйесін, жаңа терминдер енгізіп, қазақ тілінің бай табиғатын кеңейтіп, сөздік қорына өзіндік үлесін қосты. Шәкәрімнің шалқар шабытын айқындайтын тұсы да осы жаратушы, адам, дін, өмір, өлім, жан, ақыл ой-дүниелері. Осы мәселелер төңірегінде жазылған өлендері де Абай дүниетанымы мен пікір ортақтастығын көрсетеді.

Алайда Шәкәрім өзіндік қолтаңбасын көрсететін, ой тереңдігін, өлең өлшемінің өзгешелігін танытатын дара да, тұлғалы ақын.

“Сырлы сөзім сырды ашты”- деген ақынның сонау шығыстан желісін тартқан адамгершілік, имандылық, ізгілік әлемін бізге қасиетті құран аяттарының мағыналарымен үндесіп жатқан үлкен танымдық дүние сырын жеткізуші рухани ұстаз. Оның қаламынан шыққан “Шын асықтың әрбірі”, “Шын сырым”, “Шам жардан жарықпын деп....”, “Әбден толып жарық ай”, “Тәңірі мен жан”, “Өртейін деп отқа көмдім”, “Таза арақты әкел шырақ” т.б. өлендері адамгершілік қасиеттер мен руханилықты, толыққанды адам бейнесі, жаратушы құдіретін және терең астарлы сопылық сырды аңғартатын өлеңдер.

Бұнда сопылық мақам арқылы жаратушыны тану, оған деген зор махаббат, хаққа жету, адами ізгілік, имандылық мәселелері астарлы баламалар мен әдемі метафоралармен жеткізген. Жалпы сопылық туындылар астарлы, мазмұны-мәні көп, небір сырлы дүниелер құпиясын аңғартатын өзіндік сөз қолданыстары бар дүние.

Қазақ өлең өнерінің биік белеске көтеретін тың туындылар арқылы ақын шығыс поэзиясының бейнелі өрнегін қазақи нақышпен көркемдеді.

“Мас бол жүрек тазала...”, “Арақ ішіп кұтырсаң”, “Менің жарым қыз емес”, “Өмір үйін тұрғызам деп” т.б. жолдардан астарлы мағына мен символдық ұғымдарды байқаймыз. Арақ, мас, өмір үйі, жар сөздері, сөз тіркестері шартты ұғымда қолданылған. Шәкәрімнің осы топтама өлеңдерінде қазақи ұғымға сай, қазақи нақышпен шығыс өлең өрнегін, сопылық дүниені әдемі бейнелейді. Кейбір өлеңдерінің соңына таман өзі түсінік беріп отырады. Мысалы: “Кел, аяқшы, қымыз қүй” деген өлеңінің аяғында: “Хожа Хафиздің “арақ”деп жазғанын мен көбінесе “қымыз” деп жазамын”. Оның “арақ” (“қымыз”) дегені - ақыл-ғылым: хақиқатта “жар” дос дегені. Міне ақын қазақ өлең өнеріне өз үлесін қосып, оған өте бір сақтықпен және байыппен қараған тұстары осындай. Сонымен қоса ол қазақ тілінің сөздік қорының шеңберін кеңейтіп, байытуға да өз үлесін қосқан ақын. Оның өлендер топтамасы қазақ өлеңінің, қазақ дүниетанымының ауқымын кеңейткен дүние. Бұнда ақынның өлең өрнегін әдіс-тәсілдермен құбылтып, астарлап жеткізген әсіресе ақынның терең танымы жатыр. Көп өлеңдерінде мына сияқты қолданыстар бар: “Арақ-ақыл”,”мастық-ой”, “жар-хақиқат”, “шатақ-иман”, “дін-қиянат”.

Дегенмен ақын сопылық қалыпта емес, қазақи өлеңге, қазақи үғымға сай, ұлттық поэзияға ұлттық туынды қалпында оқырманына ұсынған. Иә, Шәкәрім өлеңдерінен сопылық танымның ою-өрнегін көреміз. Сопылық поэзияның бай мазмұны мен түрі қазақ әдебиетіне өзіндік үлесін қосқаны анық. Қазақ ақындары жақсы мен жаманды сынау, ізгілікті насихаттау адам өмірінің мәнділігі, өмір мен өлім жайында алланың құдіреттілігін баяндау арқылы поэзияға небір шығыстық әдеби, тәсілдер мен амалдарды құрал ретінде пайдаланды. Бұл жалпы қазақ поэзиясын мазмұн мен түр жағынан, танымдық, тәлімдік жағынан сапасын арттырды. Әрбір өлең жолдары бай мазмұнға толы, сан түрлі бояумен нақышталып ойлау жүйесі әсер етері хақ. Сопылық танымның қыр-сырын терең біле отыра, Шәкәрімде казақ поэзиясының кеңістігін кеңейтуге өз үлесін қосты.


Бақылау сұрақтары:

  1. Шәкәрім танымында сопылықтың ықпалы басым екендігі.

  2. Сопылық мақамдағы өлеңдері

  3. Шәкәрім шығармашылығындағы жаратушы, адам, дін, өмір, өлім, жан, ақыл тақырыбы

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Шәкәрім шығармалары. Алматы, Жазушы, 1988.

2. Шәкәрім. Тұлғалық энциклопедиясы. 2008.

3. Ш.Құдайбердиев. Жолсыз жаза.Алматы, 1988

4. Ш.Құдайбердіұлы. Аманат. Әңгімелер. Алматы,1989

5. Ш.Құдайбердіұлы. Үш анық.Алматы, 1991

6. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Алматы, 1992
Дәріс 4. Абайдың ақындық мектебі және Шәкәрім.
Дәріс мазмұны:

1. Абайдың ақындық мектебі мәселесінің қазақ әдебиеттану ғылымында көтерілу жайы.

2. Абайдың ақын шәкірттерінің лирикасы. Ондағы көңіл-күй, әлеуметтік мотивтер.

3. Абайдың ақын шәкірттеріне ортақ тақырып.


Шәкәрім Абайдың тағылымын дамыта отыра қазақ поэзиясын жоғары деңгейге көтерген ақын. Шәкәрім де Абай тәрізді өзінің өмірлік принциптерінен адамды сүю позициясынан да еш уақытта ауытқымаған. Абай дәстүрін, гуманистік көзқарасын жалғастырушы, дамытушы болды, бұл Шәкәрім мұрасының тамаша бір қызықты қыры, арнайы зерттеудің объектісі.

Ең алдымен Шәкәрім Абайдың тікелей тәрбиесін алып, өнегесін көрген тікелей шәкірттерінің бірегейі, көрнекті ақын. Екі тұлғаны ортақ арнаға әкеп тұрған жайт – ел мүддесі, халықтың жай-күйі, хал-ахуалы, сонымен қоса, әлемдік ойлау дәрежесіндегі ой пікірлері, адам сүю, жартушыны тану, сүю мәселелері. Дәл осы мезет екі ұлы жанның ой сабақтастығы астасып, ұштасып жатыр. Халқының надандықтан арылып, өркендей түсуіне үлкен назар салған қос тұлға оларды оқу-білімге, еңбекке үндеп, өзге елдер сияқты дамуын қалады. Халқының өзекті ойларын түйіндеген қос ақын гуманизмі тереңде. Абайдың ойы аталатын кей өлеңдерінен-ақ оның ұстазына деген көз қарасын байқаймыз. Халқының рухани тәрбиешісі болған. Абайды “Жалыналық, Абайға жүр, баралық! ” деп өнеге тұтады. Шежіресінде “ Менің ғылымға көзімді ашқан – Ибраһим мырза” деуі осы ойымызды шегелейді. Ең бір үндестік тапқан жері – философиялық ой түйіндерінде жатыр.

Шәкәрім әлемнің қыр-сырына қанық болу үшін, Абайдың дәстүрін, ол салған философиялық талғам мен өлең өрнегін де бірлесе қарастырған жөн болар. Шәкәрім шығармаларындағы философиялық көзқарас, дүниетаным мәселесінде Алла, жан, өлім, өмір, адамгершілік ұғымдары туралы ойлары алдындағы Абай дәстүрінің ықпалы екеніне дау жоқ.

Абайдың қара сөздері мен өлеңдеріндегі “Алланың өзі де рас, сөзі де рас”, “Алла деген сөз жеңіл” “Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен” т.б. өлеңдері “Отыз сегізінші қара сөз”, “Он үшінші қара сөз” т.б. ой үндестіктері байқалады.

Ал, Шәкәрімнің шығармашылығында “жан” ұғымына тереңінен қарап, Абай қара сөздеріндегі үлгіні парасаттылықпен, байыппен пайымдап, зерделеуді “Жан мен Һәм көңіл”, “Тәңір мен жан”, “Тіршілік, жан туралы”, “Мен адамның таппадым ақылдысын” т.б. өлеңдерінде Абай поэзиясымен ой ортақтастығы айқын байқалады.

Абайдың талантты шәкірттерінің бірі ретінде Шәкәрім поэзиясының тақырыптық, мазмұндық, идеялық жағы да тереңдікті танытады.

Оның көтерген мәселелерінің кез келгені бағыты жағынан, ұстанымы мен дүниетанымы да Абаймен үндесіп отырады.

Алайда кез келген тұлғалы ақынның өзіндік қолтаңбасы, даралық сипаты болады. Сол сияқты Шәкәрім ақынның да жеке-дара суреткерлік сипаты бар. Абайды бедел тұта отыра, пікірлес, үндес, ой ортақтығындағы бірлестігі болса да, Шәкәрімде сөз кестесі, өлең өрнегі бөлек. Қазақтың өлең өнеріндегі философиялық толғамдары да Абай салған ой-танымнан жалғастық табады. Дегенмен де Шәкәрім өлең түріне келгенде кестесін басқаша өрнектейді. Оның поэзиясында қазақ өлеңінің ежелден келе жатқан тамаша өрнегімен қоса, шығыс поэзиясының, сопылық поэзияның да тамаша қолданыстары бар. Сондықтан ол қазақ поэзиясында терең танымдық, пәлсапалық толғамдарымен ерекше өрнек тапты.

Шәкәрімнің “Дін”, “Мақтау мен сөгіс”, “Талап пен ақыл”, “Өмір” т.б. өлеңдерінде Абай танымындағы шындықтардың жемісін байыппен зерделегенін байқаймыз. Заман өзгерісін, қоғам дамуын, уақыт талабын қабылдай алмай отырғандығын екі ойшыл да күйзеле отыра түсініп, ащы шындықпен халықтың көкірек көзін ашу жолдарын көрсетеді.

Халыққа ғибрат ұсынған данышпандардың екеуі де түзу тіршілік жасаудың жолы білім, біліктілік пен адалдық, тазалық екендігін ұқтырып ашық айқын көрсетіп, бірін-бірі дамытып отырады. Адам баласының бір-біріне мейірімді, қайырымды болуын тәңір алдындағы парызы деп есептейді екі ақын да. Қашаннан да қазақ халқының берекесін алып, құтын қашырып келе жатқан кемшіліктер – күншілдік, іштарлық, бақталастық екенін де айқындап, баса көрсетеді.

Абай поэзиясындағы қуатты ой Шәкәрімде басқа бір қырынан ашыла түседі.
Бақылау сұрақтары:

1. Абайдың ақындық мектебі мәселесінің қазақ әдебиеттану ғылымында көтерілу жайы.

2. Абайдың ақын шәкірттерінің лирикасы. Ондағы көңіл-күй, әлеуметтік мотивтер.

3. Абайдың ақын шәкірттеріне ортақ тақырып.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Шәкәрім шығармалары. Алматы, Жазушы, 1988.

2. Шәкәрім. Тұлғалық энциклопедиясы. 2008.

3. Ш.Құдайбердиев. Жолсыз жаза.Алматы, 1988

4. Ш.Құдайбердіұлы. Аманат. Әңгімелер. Алматы,1989

5. Ш.Құдайбердіұлы. Үш анық.Алматы, 1991

6. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Алматы, 1992
Дәріс 5. Шәкәрім және шығыс әдебиеті.
Дәріс мазмұны:


  1. Ш.Құдайбердиевтің лирикаларындағы Шығыс өрнектері.

  2. Шәкәрім және назирагөйлік дәстүр.

  3. Шәкәрім мысалдарының шығыстық генезисі.

Екі ғасырдың тоғысында ғұмыр кешіп, қалам тербеген Шәкәрім ақынның ұлттық cөз өнерінің өркендеу жылнамасында өзіндік өрнегі айқын, терең де өрелі ойға суарылған көркем мұралары лайықты орынға ие. Шәкәрім мұрасы қаншалықты бай болса, оның шалқар шабытына күш-қуат сіңіріп, қасиет дарытқан нәрлі бастаулар да соншалықты мол. М.Әуезов Абай сусындаған үш арнаны атап көрсеткен болса, Шәкәрімнің творчестволық қалыптасуына да бірнеше жағдайлар өз септігін тигізген. Солардың қатарында фольклорды ерекше атауға болады. Қазақ халқының өзіндік ауыз әдебиетінен басқа бүкіл түркі тектес халықтарға ортақ фольклорлық мұралардың түп төркіні айырықша.

Шәкәрімнің фольклорға қатысы, фольклорлық дәстүрді үлгі тұту, одан үйрену тәжірибесі алуан қырлы. Мәселен:

-қазақтың төл халық поэзиясының бүкіл поэтикасы мен сюжеттік элементтерін шебер пайдалануы;

-қазақтан басқа елдің де фольклорлық сюжетін қолдануы;

-қазақ халқының кей мақал-мәтелдері мен кей шешендік сөздерін жинап, газет-журнал бетіне бастыруы мен шежіре жазғандығы;

Қазақтың төл әдебиеті бай қазына дүниесі ақын жыраулардың жыр толғаулары да Шәкәрім поэзиясында өз өрнегін танытады.

Ақын өз поэзиясында жыраулар стилін ақындық сипатын өрнегін, мінез-құлқын, табиғатпен тұтастықты, қазақ поэзиясының дәстүрлік негізінде рухани кейпін айнытпай берген.

Жыраулық поэзияның деніндей табиғат, адам, заман туралы толғаныс-тебіреністерін Шәкәрім ақын өз шығармашылығында негіз етіп алады.

Төл әдебиетіміздің қайнар көздеріндегі қазақ өмірінің болашағын армандау, елін сүю, халықтың бақытын аңсау ой түйіндері ақын поэзиясында тереңнен суреттеледі. Жыраулар поэзиясында халықтық психологияны, қазақ болмысын айқындайтын тегеурінді толғаулары ұлттық сананы тәрбиелейтін болашаққа болжам жасайтын қуатты идеяларға толы.

Ақын өлеңдерінде Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз бен Ақтамберді, Бұқар жырау толғауларынан үзілмей келе жатқан ұлттық сана мен бітім болмысын көрсететін жалғастық пен дәстүр бар.

Қазақ өлеңінің ерекшелігін, оның ертеден келе жатқан мазмұндық желісі мен өрнегіне бейнелі де , суретті оралымдар мен жаңаша мазмұн мен танымдық жүйе жасаған ақын өлеңдері үнемі ойшылдығымен дара көрінеді. Шәкәрім ақын өлеңге жоғары талап қоя білген. Ол өзінің өлеңдерінде, әсіресе бір ғана “Ақындарға” деген өлеңінде-ақ өлең табиғатын, ақынға қоятын талап пен дарындылықтың, оқырман жүрегіне өлең сөзінің жетуінің маңыздылығын айрықша атайды. Шәкәрім адамдарға өлең сөзінің құндылығын, әдемілігі мен ұйқасына, мазмұнына жоғары талаптар қоя отыра, өзі де тамаша сөз қолданыстарын пайдаланып өлең сөзінің бейнелі оралымдары мен әсем ұйқастарына терең мән беруде.

Шәкәрім көтерген мәселелер белгілі бір дәрежеде қазақ дүниетанымы мен поэзиясына рухани жаңғыру әкеліп, әсіресе қазақ ортасы қоғамының дұрысталуының көздерін “адам жөндемек”, “құдай танымақ” проблемалар арқылы шешпек болды.

Ерекше атап айтарлық дүние–Шәкәрімнің Иассауи, Баласағұн тәрізді тұлғалармен ой сабақтастығы, тақырып араластығы.Ұстаған позициялары мен мақсаттарының бірлігі. Ортақ тақырыптарға бару арқылы өз принциптерін көрсетуі. Адам тұлғасы, жеке тұлға мәселесіне Шәкәрімнің нәр алған бастауларының тым тереңде жатқаны байқалады. Мәселен ертедегі Орхон-Енисей жазбаларынан бастап, Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Қожа Ахмет Иассауи, Махмұт Қашқари, Мұхаммед Қайдар Дулати ұлы ойшыл туындыларында “түзу адам”, “жетілген адам” деген ұғымдар кездеседі. Шәкәрім осынау рухани ұстаздарымен сабақтаса, тамырласа отырып, үлкен идеялық, тақырыбы ортақ дүниелерді ұсынады. “Құтты білікте” кездесетін категориялық ұғымдардың барлығын дерлік Шәкәрім лирикалық кейіпкерлер бейнесін сомдауда пайдаланады. “Диуани хикметте” айтылар ой Шәкәрім шығармаларында да өз жалғастығын тауып, “Қабуснама”, “Махаббатнама”, “Оғызнама”, “Бабырнама” сияқты тарихи-поэтикалық шығармалармен таныс болып, еңбектерінде кең қолданған. Рухани жұтаң тартқан кезде халықты адал дін жолына уағыздау, имандылыққа шақыру тәрізді мәселелер өзекті болғаны мәлім. Сопылық мақамдағы шығармалары ірі тұлғалардағы дәстүр жалғастығын аңғартады. Шәкәрімнің әсіресе “Иманым” атты топтама өлеңдерінде сопылық сарын мен сопылық таным қазақи нақышқа сай жүйеленген.

Сопылар қолданысындағы астарлы сөздер, тұспалды сөздер, бейнелі тіркестер талай терең сырды аңғартатын “шарап”, “пірмұған”, “шар айна”, “бұлбұл”, “көбелек”, “шам”, “жар” т.б. сөздер бар. Осы сөз қолданыстары Шәкәрім поэзиясында, әсіресе “Иманым” топтама өлеңдерінде жиі қолданылады.

Қазақ әдебиетінде қайталанбас мәнері, өзіндік үні бар Шәкәрім ақынның поэзиясы. Өйткені, ақынның даралығын танытатын: адамшылық, Жаратушыны сүю, шығыстық үлгі поэмаларының жаңаша өзіндік жанры, философиялық ой-талғамдары, дәстүрлі қазақ поэзиясын жаңа қырлардан дамытуы, өлең өлшеміндегі өзгеше нақыштары мен бояулары, әлемдік деңгейдегі өмір, адам жайындағы толғаныстарының маңызы күшті.


Бақылау сұрақтары:

  1. Ш.Құдайбердиевтің лирикаларындағы Шығыс өрнектері.

  2. Шәкәрім және назирагөйлік дәстүр.

  3. Шәкәрім мысалдарының шығыстық генезисі.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Шәкәрім шығармалары. Алматы, Жазушы, 1988.

2. Шәкәрім. Тұлғалық энциклопедиясы. 2008.

3. Ш.Құдайбердиев. Жолсыз жаза.Алматы, 1988

4. Ш.Құдайбердіұлы. Аманат. Әңгімелер. Алматы,1989

5. Ш.Құдайбердіұлы. Үш анық.Алматы, 1991

6. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Алматы, 1992
Дәріс 6. Шәкәрім және орыс әдебиеті.
Дәріс мазмұны:

1. Ақын мұраларындагы Батыс ойшылдарының әсері.

2. Шәкәрім және Толстой.

3. Орыс жазушылары Шәкәрім аудармаларында


Шәкәрім Құдайбердіұлы және орыс әдебиеті деген тақырып арнайы зерттеуді қажет етеді. Өйткені ол бұрыннан келе жатқан дәстүрлі қазақ-орыс әдеби байланыстарын жемісті жалғастырып дамытушы, байытушы, жаңа сатыға көтеруші болды.

Шәкәрім Құдайбердіұлы нәзиралық дәстүрді кең арнада дамыта отырып, орыстың прогрессивті әдебиетімен де кең сусындады. Өзі ғана танып қоймай, бүкіл қазақ халқына паш етіп, солардан үлгі алуға шақырғаны белгілі. Шәкәрім орыс әдебиетінің ірі тұлғалары Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой туралы жыр өрнектер жасады. Ғұмыр бойы ұстазы санап өткен Толстойға жыр өрнектерін арнап, оларды халыққа үлгі-өнеге ретінде ұсынды. Олардың шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.

Пушкин шығармашылығының сюжетін қазақ топырағына, қазақиландырып, нәзира үлгісімен еркін жеткізген.

Шәкәрім Пушкиннің 1908-1912 жылдарда “Дубровский” мен “Боран” әңгімесін өлеңмен аударған.

Семейде 1924 жылы “Дубровский” басылып шыққан. “Метельді” “Боран” деген атпен “Әдебиет майданы” журналының 1936 жылғы 2-санында шығады.

Шәкәрім Пушкин шығармашылығын аударғанда өте сақ және әрбір сөздің байыбына барып, әрбір жолына айрықша мән береді. “Дубровский” дастанында ақынның көркемдік шеберлігін тануға болады. Ұлттық дүниемізге сәйкес баламалар мен әдіс-тәсілдер арқылы өзіндік жаңашылдық, жаңаша сөз қолданыстарын танытады. Мәселен Пушкиннің “Дубровский” романы мен “Боран” повесі стильдік, жанрлық тұрғыда айрықша бағаланады.

Пушкиннің көтерген мәселесіне, шығармаларының идеясына, ішкі қалпына терең түсінікпен қарайды. Ал екі ақынның да шығармашылық тақырыбында, ойларында да ұқсастық пен үндестік бар. Бұдан өзге Толстой өлеңдерінен “Үш сауал”, “Ассихардон патша” сынды аудармалар жасаған. Қазақ әдебиетінен көрнекті орын алатын Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниетанымына орыстың классикалық әдебиетінің әсер еткендігі белгілі. Ол қазақ әдебиетінің орыс әдебиетімен байланыста дамуына үлкен ықпал жасаған. Ол қазақ халқын рухани надандықтан арылтып, қараңғылығын сейілтуді көздей отырып, ағартушылық бағытты ұсынды. Яғни осылай дін қалдығына шырмалып, ескі салт-дәстүрге оралып қалуына себеп халықтың надандығы деп есептеген. Осы жолда алдағы озық елдермен иық теңестіруге шақыра отырып, оқу-білімге үндейді. Толстойды ұстазы санап “Танбаймын шәкіртімін Толстойдың” деп баршаға жар салуы тегін болмаса керек. Шәкәрім аудармаларының тағылымдық мәні зор.

Шәкәрімнің өмірлік талаптары мен алдына қойған шығармашылық мақсаттары Пушкинмен ұқсастық тапқан. Өйткені рухани әлем, рухани құндылықтар адамның ішкі қалпын айқындауда байқалады. Екі ақынның да көздеген шығармашылық міндеттері мен мақсаттары – адамтану, адам жанының терең де, ізгі әлемін суреттеу. Сондықтан екі ақынды да шығармашылық ортақтастықтың болуы айғақ дүние.

Шәкәрім орыс әдебиеті, орыс мәдениетінің озық үлгілерін Пушкин шығармашылығы арқылы қазақ даласына қазақ жұртының рухани әлемін, қазақ халқының поэзиясын дамытып, жаңа арнаға түсірді.

Үнемі өсіп-өніп, алмасып, келіп-кетіп өзгерісте болатын өмір заңдылықтары сияқты, әдебиетте де өсу, өркендеу, алмасу, даму процестері болады. Тіршілік қозғалысы да адам санасында көрініс берсе, әдебиетте адаммен тіршілік заңдылықтарына сөз жоқ сүйенеді.

Ал, біздің қарастыратынымыз, орыс әдебиетінен оның ішінде Пушкин шығармашылығы Абайдан соң Шәкәрімнің мұрасы. Абайдың Пушкиннен аударған: “Онегиннің сипаты”, “Татьяна сөзі”, “Ленский сөзі”, “Татьянаның Онегинге жазған хаты”, “Онегиннің Татьянаға жазған хаты” т. б. санамалай берсек,біршама жиыны сегіз өлең.

Абай Пушкиннен аударғандарын қазақи нақышқа салып, мазмұнына да еркіндік беріп, асқан бір көркемдік бояумен өрнектеген.

Әдебиет тарихында бір тақырыпты, екінші бір ақын өзінше жырлау, өзінше бояумен бейнелеу бар. Бұндай тәсілдің шығыстан дәстүрлі қазақ әдебиетіне де ықпалын тигізгені анық. Нәзира үлгісін Абай да, Шәкәрім де поэзияда қазақи ұғымға сай етіп тың, жаңа үлгімен өрнектеген.

Абай Пушкиннен еркін де, жатық түрде қазақи санаға, әдепке лайық етіп “Татьянаның Онегинге хатын” әдемі көркемдеген. Бұнда әйел мұңы, әйел махаббаты, сезімі, өкініші, сағынышы тамаша бір әдеби де, көркем кестеленген.

Пушкин шығармашылығының сюжетін қазақ топырағына, қазақиландырып, нәзира үлгісімен еркін жеткізген.

Шәкәрім Пушкиннің 1908-1912 жылдарда “Дубровский” мен “Метель” әңгімесін өлеңмен аударған.

Пушкиннің көтерген мәселесіне, шығармаларының идеясына, ішкі қалпына терең түсінікпен қарайды. Ал екі ақынның да шығармашылық тақырыбында, ойларында да ұқсастық пен үндестік бар.

Шәкәрім ақынның шығармашылығының бір қыры-орыс әдебиетінің озық үлгілерін қазақ жұртшылығына, қазақ ортасына, әдебиетіне әкелуі арқылы танылады.

Жазбаймын дәл өзінше Пушкин сөзін,

Қазақтың шағылдырар надан көзін,

Ғылымнан көзілдірік кимеген ел,

Туралап көре алмас деп күннің көзін/1/,- деп ақын Пушкин шығармашылығының деніне қалай келіп отырғанын өзі-ақ айтады. Шынында Шәкәрім көп дүниені, кез келген дастанын, күрделі дүниетанымға құрылған пәлсапалық өлеңдерінде де ақын үнемі өзі жауабын беріп, түсіндіріп отырады.

“Дубровский” дастанында ақынның көркемдік шеберлігін тануға болады.Ұлттық дүниемізге сәйкес баламалар мен әдіс-тәсілдер арқылы өзіндік жаңашылдық, жаңаша сөз қолданыстарын танытады.

Қазақ ұғымына сәйкес қолданымдар көптеп кездеседі.

Мысалы:

Петербор-патша тұрған үлкен қала,



Ғылым, өнер оқитын үй бар жаңа.

Университет деген медреседе

Оқып жүр Владимир деген бала. /2/

Ал салыстырып қарасақ, “Университет деген медресе” деп қазақ ұғымына сай етіп алғаны негізгі мәтіннің мазмұнына нұқсан әкелмейді.

Түпнұсқадан дәлме-дәл аудармай, шығармашылығында еркін аудармаға жол береді ақын.

Абай тағылымы өзінен кейінгілерге жаңа үлгі мен зор жаңалық әкелді.Осы орайда белгілі ғалым абайтанушы Қайым Мұхамедқанұлы былай дейді: “Абай көркем әдебиетте Пушкин бастаған, Пушкин атасы болған реализм мектебінен үлгі-өнеге алды. Сыншыл реализм әдеби мектебінің” тұңғыш негізін салған да Пушкин. “Евгений Онегин” романын таңдап алып, романнан аударма жасады”. Абайдың терең ойлы кемеңгерлігін көрсетеді.

/3/ Абай салған соқпақтың ізі өзінен кейінгілерден айқын көрінді.

Пушкин, Абай, Шәкәрімдерде ой ортақтастығы, дүниетаным үндестігі шығармашылық бірлестікте көрініс береді.

Шәкәрімнің өмірлік талаптары мен алдына қойған шығармашылық мақсаттарымен Пушкинмен ұқсастық тапқан. Өйткені рухани әлем, рухани құндылықтар адамның ішкі қалпын айқындауда байқалады. Екі ақынның да көздеген шығармашылық міндеттері мен мақсаттары - адамтану, адам жанының терең де, ізгі әлемін суреттеу. Сондықтан екі ақынды да шығармашылық ортақтастықтың болуы айғақ дүние.

Әрбір суреткер өз тұрғысымен, дүниетанымы мен шығармашылығына өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді.

Шәкәрім поэма жанрында үнемі “әңгіме алдында аз сөз” - бұл “Еңлік - Кебек” поэмасында, “Әңгіменің сыры”, “Нартайлақ пен Айсұлу”, “Сөз алдынан”, “Дубровский” поэмаларында бір пәлсапалық толғаммен бастайды.

Адам жайында, өмір жайында, қоғам жайындағы ақынның дүниетанымдық толғамы берілген.

Дубровский әңгімесінде “сөз алдынан” былай бастайды:

Өлшеусіз көп жасаған дүние кәрі,

Тағы талай жасамақ мұнан да әрі.

Иесінен басқаға мәлім емес,

Қанша тұрмақ, қанша жыл тұрғандары. /4/

Осы шумақтардың әрбір жолын ақын пәлсапаға құрған. “Дүние кәрі” немесе “Иесінен басқаға мәлім емес” қолданымдары ақынның өмір, дүние жайлы танымдық жүйелі көзқарасын айқындайды.

Ал негізгі поэманы да осы жүйемен бастайды:

Жер айналмай тұрмайды дүние жай,

Келер, кетер адамзат із қалдырмай.

Сол өткен көп заманның бір кезінде,

Болыпты Троекуров деген бір бай. /5/

Осындағы “келер, кетер” қолданымы Шәкәрімнің поэзиясында жиі кездеседі. Бір-біріне қарама қайшы келетін екі сөз немесе екі ұғымда бүкіл өзінің пәлсапалық ой жүйесі мен танымын айшықтау үшін тамаша қолдана біледі.

Дастан жазу үлгісінде дәстүрді алға дамытумен қоса, мазмұны терең, жаңалығы мол мұраларды қалдыра білген ақын.

Ақын дастандарының сюжетін шебер құрудың үлгісін көрсетті. Дастандарының тақырыбының ерекшелігі әсіресе философиялық толғамға құрумен бөлектенеді.

Ақылсыз мал мен мансап кім екенін,

Сырты - адам,іші - шошқа, сұм екенін,

Алла сүймек, ар сүймек, адам сүймек,

Ұқтырар адамдықтың шын екенін. /9/

Осындағы соңғы екі жолында ақын дүниетанымы айқын көрінеді.

Шәкәрім түпнұсқадан алшақ кетпей, ұлттық сипатқа, ұлттық ұғымға сай еркін аударған. Сонымен қоса ақын, Пушкин еңбегін өз жүрегінен, өз талғамынан өткізе білген.

Пушкин туындысын қазақ поэзиясына тән, шынайы да, шыншыл түрде, төл туынды етіп, сенімді сөйлетеді. Поэтикалық шығарманы ақын сөзбе сөз аудармаған, негізгі дүниені тұтастай жеткізген.

Шәкәрім Пушкин шығармашылығының идеяларына ғана емес, оның әділетсіздік, надандық пен зұлымдық, сонымен қатар, адамгершілік, әділет, махаббат, ар сияқты адам жан дүниесіне терең үңілуіне қызыққан болатын. Яғни адам мен қоғам, өмір мен өлім, жан мен тән сияқты аса күрделі дүниетанымдық мәселелерде ой ортақтастығы, таным ортақтастығы екі ақында да үндестік тапқан.

Шәкәрім түпнұсқадан мазмұн мен мәнді сақтай отырып, өзіндік сөз мәнерін, ұлттық қолданысқа сәйкес тамаша сөз кестесін де жасай білген.

Халықтың рухани, мәдени қазыналарын, сөздік қорын байыта түсіп, ақын Пушкин шығармашылығы арқылы өзге халықтың мәдениетін, озық шығармасын өз халқына үлгі ете білді.

Дубровский мал сүймей адам сүйгіш

Қиянат залымдықты көрсе күйгіш.

“Мал сақтама, ар сақта” деп ойлайды.

Адамдық әділетті ерте түйгіш. /10/

Төл әдебиетіміздің, тіліміздің сөздік қорындағы бар ұғым сөздерді ақын поэмада тамаша және орынды қолдана білген. “Мал сақтама, ар сақта” деп ойлайды” деген жолдарда қазақи дүниенің исі аңқып тұрған жоқ па?!

Осы орайда белгілі жазушы Тәкен Әлімқұловтың “Абай” журналының 1993жылғы 8-санында жарияланған “Абайдың аудармашылық шеберлігі” мақаласында былай дейді: “Поэзиялық аударма - екі тілдің жарысы. Ана тілінде мінсіз шығару үшін ол тілдің қазынасын атқару шарт және жоғарыда айтқандай, поэтикалық шығарманы сөзбе сөз, жолма жол аудармай, тұтас аудару керек. Ойдың, сезімнің, образ жүйесінің жиынтығы сомдалып шығуға, аударушының қанымен қайнап шығуға керек. Аудармашы актерге ұқсас деген сөз менің көкейіме қонбайды. Аудармашы - автор. Түп нұсқамен бәсекеші. Абайдың тәжірибесі осыны дәлелдейді”. /11/

Шәкәрім ақынның Пушкин шығармашылығына өлеңмен өрнек салып, поэтикалық бейнелі де әдемі қазақи нақышпен еркін де, жатық туынды жасауы сөз жоқ қазақ поэзиясының тақырыптық, мазмұндық жағынан да жаңаша бір белеске көтерді. Өзге елдің әдебиетінің бай үлгісін төл әдебиетіміздің жаңаша түрленуіне, тар көлемде қалмай, кеңеюіне, әдебиеттің көркемдік әлемінің түлеуінің бір көрінісі болмақ.

Белгілі ғалым Ш.Қ.Сәтбаева “Дубровский” дастаны жайында мынандай пікір білдіреді: “Қазақ тыңдаушысына түсінікті болу үшін аудармашы “поместье”, “барин” деген сөздерді “губерния”,”бай” деп өзгерткен. Троекуров селосының аты Тойровский екені, онда көп мұжықтар еңбек ететіні айтылады да, романдағыдай байлыққа мас болып, даурықпа, жүгенсіз кеткен Троекуровтың дөрекі, саяз қалпы, мінезі, іс-әрекеті айтылады.

Ал поэманың басты кейіпкері Андрей Дубровский мінез-құлқы, қайырымдылығы бірте-бірте ашылатын болса, Шәкәрім ұйқасында алғашқы шумақтардан-ақ үйіліп-төгіліп, жиынтық түрде айтылады. /12/

Шәкәрім орыс әдебиеті, орыс мәдениетінің озық үлгілерін Пушкин шығармашылығы арқылы қазақ даласына қазақ жұртының рухани әлеміне, қазақ халқының поэзиясын дамытып, жаңа арнаға түсірді.


Бақылау сұрақтары:

1. Ақын мұраларындагы Батыс ойшылдарының әсері.

2. Шәкәрім және Толстой.

3. Орыс жазушылары Шәкәрім аудармаларында

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Шәкәрім шығармалары. Алматы, Жазушы, 1988.

2. Шәкәрім. Тұлғалық энциклопедиясы. 2008.

3. Ш.Құдайбердиев. Жолсыз жаза.Алматы, 1988

4. Ш.Құдайбердіұлы. Аманат. Әңгімелер. Алматы,1989

5. Ш.Құдайбердіұлы. Үш анық.Алматы, 1991

6. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Алматы, 1992
Дәріс 7-8-9. Шәкәрім лирикасы.
Дәріс мазмұны:


  1. Шәкәрім лирикасының тақырыптық, жанрлық ерекшеліктері

  2. Шәкәрім лирикасының жанрлық сипаты

  3. Ақын лирикасының көркемдік кестесі, ойшылдық пәлсапасы

  4. Шәкәрім өлеңдеріндегі авторлық бейне.

  5. Ш.Құдайбердіұлының ағартушылық лирикасы: идея және тақырып.

  6. Шәкәрім лирикасындагы азаматтық сарын

Шәкәрім Құдайбердіұлы өлеңдері оның ойлау жүйесін және рухани биік дүниетанымын ашық аңғартатын туындылар. Айтылар ойдың барлығы сан алуан тақырыпта өлеңдерінде тұжырым тапқан. Өлеңдеріндегі негізгі тақырып–адам, қоғам, заман проблемасы, осылардың астарында елді әділеттілік пен адалдыққа, қайырымдылық пен ынтымаққа үндеу сарыны жатыр. Өлеңдері осынысымен құнды.

Шәкәрім ақын өлеңге аса құрметпен қараған ақын. Тіршілік, қоғам, адам, өлең, өнеркәсіп, еңбек жайындағы өлең нақыштарының “қиыннан қиыстырып”, ерекше өрнек салған ақын. Өлең өнерінің кестесін, ырғағы мен терең сырына бойлаған ақын, қазақ поэзиясын дамытуда зор ықпалы бар. Ақын поэзиясының тегеуріні күшті, мазмұны бай.

Әдебиеттің дамуына, өзге халық әдебиетінің берері мол. Шәкәрім ақын бұны жақсы түсінген, сондықтан ол қазақ поэзиясының көркемдік әлемін тың бояулармен, қоса, мазмұнын да арттырды. Өзге әдебиеттің ең бір өзек жарды, мазмұнды мәселесін, тақырыбын қазақ әдебиетіне түрлендіріп, қазақы ұғым мен санаға сай бейнелеп жеткізді.

Алдындағы Абай үлгісі, Шәкәрімге тағылымдық жағынан көп ықпал етті. Абай шәкірттерінің ішіндегі озығы, тереңдей айтсақ, терезесі тең келер.Шәкәрім поэзиясының да өзге әдебиеттен сусындап, қазағына лайықтап жеткізгені баршылық.

Шәкәрімнің адам болмысын өлеңмен көркемдеу, суреттеу тәсілі қазақ поэзиясына және философиясына маңызды, тың өзгерістер әкелді.

Адамның ішкі жан дүниесінің қат-қабат қалтарыстарының ерекшеліктерін көрсетуде қазақ өлеңінің небір әдемі де, бейнелі сөз қолданыстарын орынды қолдана білді.

Әсіресе, қазақ өлеңін философиялық толғамдар мен байытып, адамның ішкі психологизмін көрсетуімен ерекшеленеді. Яғни қазақ поэзиясы мен филоcофиясына өлең өрнегімен-ақ, тың ойларымен, терең дүниетанымымен жаңаша бір үрдіс әкеледі.

Сонымен қоса, адамның ішкі әлемінің күрделілігін және құндылығын ішкі сапа мәселелерімен бірлестіре көрсетті.

Сөз, мінезі құбылса,

Ар, иманы жоқ деп біл.

Аулақта жемтік сыдырса,

Оны ойыңмен айуан қыл.
Дұспанға да бол әділ,

Түсірме ойға тат пен тіл.

Ұмытпа болсаң біздің ұл,

Осы өлеңді құлаққа іл. 2

(“Иманым” 70 жасында жазылған)

Мазмұны мен көркемдік тәсілді бірлестіре шебер қолдану арқылы, қазақ өлеңінің деңгейін, сапасын арттырып, түрлендіріп отырады. Әсіресе шығыс шайырларының көтерген тақырыптарының, қазақ поэзиясына қазақи қолданыспен адам болмысын, мінезін жөндеудің тәрбиелік жүйелерін де қоса танытып отырады.

Шәкәрім шығармашылығындағы адамгершілік, ізгілік мәселелерінің жырлануына мән беріп қарасақ, халқымыздың ғасырлар бойынан келе жатқан ұлттық құндылықтарымызбен тамырластықты көреміз.

Ақынның адамгершілік тақырыбындағы жырларының көркемдік-эстетикалық мәні, өлең өрнегіндегі өзіндік үні мен мәнері айқын танылады.

Ұрпақ бойындағы ізгілікті, адамгершілікті жаңғыртуды, оны қоғам дамуына әсерінің молдығын айқын көрсету ақын шығармашылықтарының ең бір өзекті мәселесі.

Адам оның ішкі жан-дүниесі, рухани құндылықтар жайындағы өлеңдерінде Абай қалыптастырған идеялық-мазмұндық және көркемдік-стильдік дәстүрді жалғастырып, қазақ поэзиясын эстетикалық, танымдық тұрғыдан да деңгейін көтерді.

Шәкәрім ақын адамның ішкі дүниесіндегі түрлі психологиялық құбылыстарды суреттеуде үлкен бір шеберлік көрсетеді.

Ақын өзінің өмірлік қағидаларымен қоса эстетикалық талғамдарын байланыстыра отырып, әдемі бір өлең кестесіп құрайды.

Мына маржан судан өскен,

Тал сияқты жануар.

Адам еді оны кескен,

Тағы өсетін жаны бар 2

Ақын табиғат тылсымындағы небір құбылыстарды да мазмұндық жағы мен көркемдік жағын әсерлеп көрсетеді. Алайда, оқырманын ойшылдыққа шақырады. Әрбір айналадағы қоршаған-орта мен құбылыстардың, табиғаттың да адамның яғни барлығының да негізін, бірлігі мен үйлесімділігін табуын қуаттайды. Яғни ақын адам мен табиғат, қоршаған орта, әлем, өмір, жан, тән т.б.арналған өлеңдерінде үнемі үйлесімдік пен келісімділікті ерекше бағалайды.

Ал енді жоғарыдағы өлеңінде ақын осы үйлесімдік пен бірлестікпен қоса, болмыс шындығын да бейнелі де, суретті етіп көрсетеді.

Шәкәрімнің осындай дүниетанымдық көзқарастарына құрылған өлеңдерінде терең сыршылдық пен өлеңнің әдемі ұйқас пен ырғақтары да әдеби көркемдік талғамның жаңашылдығын да танытады.

Шәкәрім ақынның поэзиясында адамгершілік пен қоса ұлттық бітім-болмысын айқындайтын, ұлттық мінездік байланыста қарастырылады.

Алайда, ақын ұлттық шеңберден шыға отыра, әлемдік, планетарлық, адамзаттық мәселелерді терең толғайды.

Ақын ұлттық сипаты, ұлттық болмысты жалпы адамзаттық деңгеймен үндестіре жырлайды.

Ақын ұлттық нақыш пен ұлттық бояуды, шығыстық сарынмен бірлестіре жырлайды. Шығыс поэзиясына тән ерекшеліктерді терең меңгеріп, оны қазақи болмысқа сай өрнекпен бейнелейді.

Шығыс, Батыс, орыс әдебиетінің озық үлгілерімен таныс болған ақын, қазақ өлеңіне жаңа мазмұн мен жаңа өрнек әкелді.

Өзінің жаңашылдығымен қоса, ізденімпаздығының арқасында, поэзияға үлкен талаптар қоя білді.

Келді, кетті,

Толды, семді,

Өзгеленді бұл ғалам.

Туды, өлді,

Жанды, сөнді,

Өршіп өнді қайтадан.

Дөңгелектен,

Өңгелектен.

Түк бітімсіз күш пе екен?

Тіпті мінсіз,

Кемшіліксіз,

Есті қалған іс пе екен?

Жан деген не

Мүлде өле ме,

Шын жоғалып сөне ме?

Жоғары өрлеп,

Дене жөндеп

Және мен деп келе ме?

Иә, сонымен ақын қазақ өлеңін тамаша түрлендіріп сонымен жаңалық әкелді. Қазақ өлеңінің құрылысы мен өлшемін жаңаша түр мен мазмұн әкелуімен ақын өлеңдері өміршең.

Ақын поэзияға жоғары талаптар қоя білген. Өлең өрнегінің кестесін өзгеге ұқсатпай салады.

“Келді, кетті, толды, семді, өзгеленді бұл ғалам”

“Кетермін, артымда сөз, әнім қалар”

“Мен кетемін, келеді тағы өмірге мендей” өлеңдерінде ақын өмір ағысын, адамның мына жалған дүниеде орны мен өмірдің баянсыздығын өмірдің, дүниенің өзгермелілігін т.б. сияқты дүниетанымдық негізге құралған ой дүниесі көптеп кездеседі. Осы ой жүйені поэмаларында да тиімді қолдана білген. Осының өзі ақынның көркемдік жүйесінің ерекшелігін танытады. Шәкәрім ақынның ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы, өзіндік машық, мәнері осылай айқындалып отырады.

Ақын небір терең ойлары мен өлең сөзіндегі өрнегін өзіндік бір тәсіл мен астарлы жеткізе білудің шебері. Ақынның поэтикалық тілі өзгеше. Ол өлеңнің әрбір шумағына ғана емес, әр тармағына да небір теңеулер мен эпитет, метафораларды, символдарды тамаша қолдана біледі. Лирикалық өлеңдерінде небір поэзиялық өрнектерді шебер пайдаланса, дастандарында одан әрі жетілдіре түседі.
Бақылау сұрақтары:


  1. Шәкәрім өлеңдеріндегі авторлық бейне.

  2. Ш.Құдайбердіұлының ағартушылық лирикасы: идея және тақырып.

  3. Шәкәрім лирикасындагы азаматтық сарын

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Шәкәрім шығармалары. Алматы, Жазушы, 1988.

2. Шәкәрім. Тұлғалық энциклопедиясы. 2008.

3. Ш.Құдайбердиев. Жолсыз жаза.Алматы, 1988

4. Ш.Құдайбердіұлы. Аманат. Әңгімелер. Алматы,1989

5. Ш.Құдайбердіұлы. Үш анық.Алматы, 1991

6. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Алматы, 1992
Дәріс 10-11. Шәкәрім поэмаларының тарихи, көркемдік негіздері.
Дәріс мазмұны:


  1. «Қалқаман-Мамыр» поэмасының тарихи-көркемдік сипаттары

  2. «Еңлік-Кебек» поэмасындағы тарихи және көркем шындық.

Шәкәрім поэма жанрында да өзіндік дара қолтаңбасымен ерекшеленген тұлға. Шәкәрімнің бірсыпыра шығармалары сонын ішінде поэмалары баспасөз беттерінде жарық көріп отырған. “Абай” журналының 1918 жылғы 3-4 санында екі мақала, “Хафизден аударма”, Физулидің “Ләйлі-Мәжнүн” поэмасынан еркін аударған нұсқасы алғашқыда “Шолпан” журналының 1922 жылы 2-3 санынды, 1923 жылы 4-8 сандарында, кейін жеке кітап болып Алматыда 1935-жылы шықты. “Қалқаман-Мамыр”, “Еңлік-Кебек”поэмалары Семейде 1912 жылы жарияланды. “Қалқаман-Мамыр” 1988 жылы 22-шілдеде “Қазақ әдебиеті” газетінде, осы жылы “Арай” журналының 8-санында, 22-сәуірде “Семей таңы” газетінде жарияланған еді.

Оның қаламынан шыққан “Қалқаман-Мамыр”, “Еңлік-Кебек”, “Нартайлақ пен Айсұлу” дастандары қазақ өмірінің тыныс тіршілігін, салт-дәстүрін, жастардың махаббат күшіне тосқауыл болған сол дәуірдің қазақи ұғымның, қазақи сананың шырмалған, күйін реалистік тұрғыдан суреттеген туындылар.

Шәкәрім көтерген тақырыптар өте маңызды:

Біріншіден, жеке адамның өзіндік жетілу жолдарына, бөгет болатын жағдайларды таныту мәселелерін көтерді.

Екіншіден, қазақ қоғамының даму жүйесіне кедергі келетін тұстарды көрсету болатын.

Үшіншіден, махаббат проблемасын сөз ете отыра, оның астарында бүкіл қазақ қоғамының, ортаның кемшілігін талқыға салу, сол арқылы шындықты көрсету.

Ақынның поэмаларында көздеген мақсаты қазақ қоғамындағы әлеуметтік жағдай мен адамдардың махаббат сезімі, жан-дүние, кейіпкерлердің ішкі адами сезімдері арқылы қоғам мен адами өмір, тіршілік мәнін ашу болатын.

Поэмаларындағы сюжет желісі айқын, қозғаған тақырыптарды ұқсас болып, көрінгенімен, ақын қоғамдағы адам дамуына кедергі болатын тұстарды ашық суреттейді.

Шәкәрім поэмаларында кейіпкерлірінің рухани әлемін, оның жан күйзелісін, психологиясын, терең сезімдерін, қоғамдық құбылыстармен салыстырып көрсете білген. Адамның даму, жетілу, рухани әлемі, өзін-өзі тану деңгейін де ақын поэма сюжетінде жатық берген. Себебі, ақын адамның күрделі де, құбылмалы жан әлемінде махаббаттың, ізгіліктің рухани тазалықтың, қоғам, заман ауқымынан биіктігін дәлелдей көрсеткен.

Қазақ ортасындағы дәуір суреті мен адамдардың қоғамдағы рөлі мен заман келбетінің шындығы нақты деректермен көрсетіледі.

Мағауин М. “Ғасырлар бедері” еңбегінде былай дейді: “Шәкәрімнің үш поэмасыда” (“Қалқаман-Мамыр”, Жолсыз жаза) (“Еңлік-Кебек”), (Нартайлақ пен Айсулу әңгімесі) ескі қазақ тұрмысынан алынған. Бірақ бұлардың ешқайсысы тарихи шығарма емес. Поэмаларда тарих-фон ғана автордың баса назар аударғаны-әлеуметтік мәселелер, мінез-құлық жайы.

Жанрлық тұрғыдан алғанда, “Қалқаман-Мамыр” - лиро-эпикалық жырға бейім, “Жолсыз жаза” - әлеуметтік дастан, ал “Нартайлақ-Айсұлу” махаббат драмасы дер едік.

Ақынның поэмалары жанры жағынан да қазақ әдебиетін ілгері көтерген туындылар.

Поэма жанрында да елеулі еңбек сіңірген ақынның туындыларындағы ортақ тақырып– махаббат. Махаббат тақырыбы шығыстан желісін тартқан дүние. Шәкәрім махаббат сезімін бейнелеуде сан қырлы бояулар мен ойлар, таным арқылы суреттейді.

Поэмалар сюжеті кейіпкерлердің ішкі психологиясына, жан бостандығы, махаббат, адалдық, әділеттілік іздеуге құрылған. Поэмаларында тұрмыстық күйінің белгілері аз көрініс береді, тіптен жоққа тән. Шәкәрім қазақ әдебиетінде сюжеттік поэма жанрын дамытқан шебер ақын. “Қалқаман-Мамыр”, “Еңлік-Кебек”, “Ләйлі-Мәжнүн” поэмаларында оның ақындық дарыны ерекше көрінді.

Шәкәрім поэмалары бас-аяғы жинақы, сюжеттері ширақ, адамдардың қарым-қатынастары, тартыс-таластары, іс-әрекеттері нанымды суреттелген.

Қазақ жұртының өткен ғасырларда басынан кешірген кейбір оқиғаларын сюжеттік арқау ете отырып жазған поэмаларында жаңа қалыптасып келе жатқан жанр табиғатына өз талантына лайық тамаша көркемдік қасиеттер дарыта білді.

Поэмалары өзінің тақырыбы жағынан шығыстық дәстүрді танытады. Яғни, Низами, Физули поэмалары осы үлгіде жырланады. Алайда Шәкәрім кейіпкерлері өзінің қайталанбастығымен ерекшеленеді.

Ақын дастандарынан түйіндейтін ой: кейіпкерінің ішкі әлемін бейнелеу арқылы, адам болмысын айқындауды, белгігі бір тұжырымды дүниелер айтуды көздеген.

Біріншіден: Қалқаман, Мамыр, Еңлік, Кебек, Ләйлі, Мәнжүн де рухани жан дүниелері биік кейіпкерлер.

Екіншіден, осы кейіпкерлердің ішкі сезім иірімдерінен, адамның жан тазалығын, адалдық пен әділетті, жаратушысына жақындығын айшықтайды.

Үшіншіден, басты кейіпкерлері қоршаған ортаның деңгейінен рухани биік тұрған жандар.

Шәкәрім поэмалары оның соңында қалған әдеби мұраның ең құндысы болғандықтан, бұлар зерттеу барысында жүйеленіп, зерттеушілер назарын молырақ аударып жүр.

Шығыс поэзиясында асқақ рухты дәріптейтін, махаббаттың биік те, құдіретті сезім екенін бейнелейтін тамаша бір поэзияның үлгісін Шәкәрім ақын қазақ топырағына, қазақи таным мен түсінікке ыңғайлап, әдемі бір поэтикалық көркем бейнелі сөздермен нақыштайды.

Шәкәрімнің “Ләйлі-Мәжнүн” дастанындағы адам сезімінің тазалығы, ізгілігі бейнеленуі де ерекше бір ақынның дара талантын танытады.

Жалпы Шәкәрім поэзиясында махаббат құдіретін дәріптеу, соны адам танымына, тәрбиелік үлгі ретінде ұсыну басым. Кейіпкерлер сезімінен, ішкі әлеміне махаббат болмысын жақсартатын, жан әлемін тазалыққа, рухани жан-дүниеңді бір сілкініске әкелетін құдіретті күш екендігі жайлы түсінік аласың. Шәкәрім жырларында “Ләйлі-Мәжнүн” тың, аса көркем, ұлттық поэзия тарихын байытқан ірі туынды. Поэмада ғашықтық ерекше бір құбылыс дерт, жан азабы, от, өрт ретінде жырланады.

Шәкәрімнің “Ләйлі-Мәжнүн” дастан шығыстық үлгіде, нәзирә дәстүрімен жазылған. Өзі атап өткендей, Физули нұсқасымен танысқан. Алайда өзіндік үні, қазақи нақышқа салынған қолтаңбасы әрдайым көрініп тұр. Шәкәрімнің ежелгі шығыс үлгісінде ғашықтық дастан жазуына себепші болған нәрсе-халқына, рухани жағынан тағылым беру мақсаты. Ол жастарды адалдыққа, адамдыққа баулудың бірден-бір жолы, олардың жүрегіне адамгершілік дәнін себу деп біледі.

Ләйлі-Мәжнүн бір-біріне туа сала ғашық болады, поэмадағы осы жайт үлкен дүниені аңғартады. Яғни, махаббат Алладан беріледі деген ұғым әсерленген.

Шәкәрім дастандарында екі жастың махаббаты трагедиямен аяқталады. Ғашықтық отына жанған Қайыс тау – тасты аралап елден безеді. Мұңын күнге, айға, тау-тасқа, жан-жануарға шағады.Тілсіз табиғат пен Мәжнүн арасында да байланыс бар. Өйткені табиғат таза, адамға пана. Мәжнүннің махаббаты мен табиғат арасында осындай байланыс бар, ол арқылы психологиялық параллелизм беріледі.

Ақын адам атаулыға ортақ дүниелерді өзек жарды етіп көтереді. Махаббат, әділет, таза жүрек, бостандық, терең ғылымды уағыздайды. Бұлар мәңгілік проблемалар ақынның шығармашылық қуатын айшықтай түседі.

Поэмада автор кейіпкерлердің сырт келбетін суреттеуіне мән бермейді, көркем теңеулерді тізіп жатпайды. Оның себебі, адамның ішкі жан дүниесіне терең мән беруінде екі ғашық бірін-бірі көріп ұнатқан емес, о баста құдайдың құдіретімен ынтық болып туғандар. Терең психологизм, суреткерлік, әлеуметтік астар кеңдігі байқалады. Адамшылықтың, ізгіліктің, тазалықтың ең бір биік деңгейін көрсететін Мәжнүн мен Ләйлі бейнелері ішкі рухани әлемнің сұлулығын әспеттейтін осындай ғажайып жандар.

Жан азабын Ләйлі мен Мәжнүндей тартып, содан ләззат алу жер бетіндегі барлық пендеге бірдей берілер дүние емес. Жаратқан Ие адамзат баласына егіз қозыдай ұқсастықты, біркелкілікті мұрсат-мұратына жазбаған. Адамзат баласына үлгі болар Мәжнүн мен Ләйлі сияқты қос ғашықтың жай күйін, дертін асқан шеберлікпен көркем бейнелеу Шәкәрім сынды ірі тұлғаның ғана қолынан келетіндігіне аталмыш шығарманың көркемдік-поэтикалық деңгейі дәлел.

Ләйлі мен Мәжнүннің ой сезімдерін, дүниетанымын, өмірлік қағидаларын ашып көрсеткенде хаттар, монологтар диалогтарын орын-орнымен тиімді қолданылған. Ләйлінің рухани әлемін бейнелеуде хаттар мен монологтарды, табиғаттың сан түрлі жағдайларымен (жан-жануар, бұлт, жұлдыз т.б.) сөйлестіру тәсілі маңызды орын алып тұр.

Дастанда адам сезімін жеткізуде табиғат маңызды орын алады. Кейіпкерлердің ішкі иірімдерін көркем игерудің тетігі ретінде табиғатпен тілдестіру ерекше қызмет атқарып тұр. Табиғатпен кейіпкерлердің жан толқыныстары арасында ерекше байланыс бар. Бұнда табиғат қос кейіпкердің махаббатына дәнекер іспеттес

Ғаріппін, жылап туған өзімді көр,

Шатасқан диуана боп сөзімді көр.

Дертіме бұ жалғанда дауа бар ма?

Соқыр деп жиренбесең, көзімді көр/5/ ,– деген Мәжнүн сөзі.

Немесе, Ләйлінің хаты:

Қарағым! Мен өлді деп қайғы жеме,

Білемісің жан өлмейді, өлер дене.

Келгенде амандаса бейітіме,

Сөзіңді айт тірідегі, өлді деме!/6/.

Ақынның көркемдік әлемінде сөз бен сурет қатар қолданыс табады. Осы қолданыстар арқылы өмір шындығын ашу ақын үшін маңызды. Сөйтіп, ақын адам жаратушысын сүю үлгісінің өзін суретті образ арқылы бейнелеуімен ерекшеленеді.

Қорытындылай айтқанда, “Ләйлі-Мәжнүн” дастаны он бір буынды, астарлы, поэтикалық сөз қолданыстар мен бейнелі оралымдарға бай туынды екендігіне күмән жоқ.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет