Жалпы физикалық дайындық
Қазіргі заманғы хоккейде биік спорттық нәтижелерге жету үшін хоккейшілердің интегралдық дайындығы жоғары деңгейде болғаны шарт. Яғни, мұндай жетістіктер хоккейшінің күш-жігерімен қоса, бір-бірімен үйлескен физикалық, техникалық, тактикалық, теориялық тұрғыдан дайындығының оңтайлы ара-қатынасымен айқындалады. Осы аталғандардың ішінде, физикалық дайындықтың жоғары дәрежелі хоккейшілерді тәрбиелеп, қалыптастырудағы орны айрықша маңызды әрі ол хоккейшінің шеберлігін қалыптастырудың негізгі іргетасы болып саналады.
Физикалық дайындықтың негізгі міндеттері мыналар:
1. Спортшының денсаулығы деңгейін және оның ағзасының функционалдық мүмкіндіктерін арттыру.
2. Дене күшінің негізгі қасиеттерін (күш-қуатын, шыдамдылығын, жылдамдығын, ептілігін, икемділігін) бір-бірімен үйлестіре отырып, хоккейдің өз ерекшелігіне сай дамыту.
Осы міндеттерді шешу үшін физикалық дайындық бойынша өтетін жаттығу процесі спортшыға түсетін ауыр жүктемеге оның бейімделуін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс және сонымен бірге оның техникалық-тактикалық шеберлігін ұштап, жетілдіруге алғышарттар жасауы қажет.Әдістемелік және педагогикалық тұрғыдан алғанда, хоккейдегі физикалық дайындықты жалпы, мамандандырылған және арнайы физикалық дайындық деп үш түрге бөлген жөн.
Хоккейшінің жалпы физикалық дайындығы жоғары жетістіктерге қол жеткізудің негізін қалайтын қажетті іргетас болып саналады. Аталмыш дайындықтың арқасында мынадай міндеттерді шешу қамтамасыз етіледі:
1. Спортшының ағзасы жан-жақты дамиды, оның функционалдық мүмкіншіліктері артып, дене күшінің қасиеттері дами түседі.
2. Денсаулық деңгейі артады.
3. Денеге көп күш түсетін қарқынды жаттығулар мен жарыстар барысында спортшының белсенді демалысы қамтамасыз етіледі.
Жалпы физикалық дайындық хоккейшілердің деңгейі қандай болмасын олардың барлығына да – тіс қаққан шеберлерге де, хоккеймен енді ғана айналыса бастаған жас ойыншыларға да міндетті дайындық болып есептеледі. Дегенмен, интегралдық дайындық кезіндегі оның үлес салмағы хоккейшінің шеберлік деңгейіне байланысты айқындалады. Әрине, жас хоккейшілерде көп жылдық дайындықтың бастапқы кезеңдерінде аталмыш дайындықтың үлес салмағы спорттағы кемел шағын өткеріп жатқан хоккейшілермен салыстырғанда көп болады. Бұған қоса, жоғары спорттық шеберлікке қол жеткен кезеңде мұндай дайындық мақсатты және арнайы сипатта өріс алады. Арнайы физикалық дайындықтың тәсілдеріне қарағанда, жалпы физикалық дайындық барысында пайдаланатын көптеген тәсілдер хоккейшідегі өте маңызды қасиеттерді дамытуда әлдеқайда тиімді екенін атап өткен жөн. Мәселен, спортта жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін оттегіні барынша көп тұтыну аса маңызды, ал осы оттегіні көп тұтыну мөлшерін арттыруға далада (орманда) біркелкі, алмакезек және интервалдық әдістерді қолданып өткізген жүгіру жаттығулары жақсы көмектеседі.
Спортшының дене күші қасиеттерін дамытып, негізгі бұлшық еттерінің изометриялық және динамикалық күшін арттыру үшін, мұз айдынында орындалатын арнайы жаттығулардан гөрі жалпы физикалық дайындыққа жататын жаттығулар (штанга көтеру, доппен ойнау, жұптасып жаттығу, «Геркулес» сияқты тренажерда жаттығу) анағұрлым пайдалы.
Жалпы физикалық дайындыққа көптеген түрлі тәсілдер кіреді, соның ішінде мынадай жаттығуларды атап өтуге болады: спорттық снарядтарда жаттығу, спорттық снарядтармен жаттығу, жұптасып жаттығу, арнайы тренажерларда жаттығу, дене шынықтыру сияқты жалпы дамыту жаттығулары, сондай-ақ басқа спорт түрлерінен: гимнастикадан, жеңіл атлетикадан, спорттық ойындардан, ескек есуден, жүзуден алынған жаттығулар.
Мамандандырылған физикалық дайындық спорт залында, манежде немесе ашық спорт алаңында өткізіледі. Дайындықтың бұл түрі арнайы әрі өз аясында шектелген бағытта жұмыс істейді және келесі міндеттерді шешуге арналған:
1. Хоккейге тән қасиеттерді дамытуға басымдық беру.
2. Хоккейшінің негізгі іс-қимылдарына жиі қатысатын бұлшық еттерді іріктеп дамыту.
Мамандандырылған физикалық дайындықтың жетекші тәсілдері ретінде өзінің кинематикалық және динамикалық құрылымы мен жүйке-бұлшық ет күшінің сипаты бойынша хоккейшінің ойын барысында орындайтын негізгі қимыл-қозғалыстарына пара-пар болып келетін жаттығулар қолданылады. Осы жаттығулардың ішінде мыналарды атап өтуге болады:
1. Әр түрлі техникалық әдістерді имитациялау.
2. Арнайы тренажерларда орындалатын жаттығулар, түрлі ауыр заттарды пайдаланып хоккейдегі негізгі қимылдарды орындау.
3. Қарғып-секіру жаттығуларын имитациялау.
4. Спорттық ойындарды (баскетбол, гандбол, регби) өзгертіп, хоккей ережесі бойынша ойнау және онда хоккейшілерді бір-бірімен сайысқа түсіру.
Мамандандырылған физикалық дайындық көбінесе жылдық циклдің арнайы-дайындық және аралық кезеңдерінде жүзеге асырылады.
Хоккейші арнайы физикалық дайындықтан негізінен мұз айдынында өтеді және осы дайындық оның аса маңызды қозғалыс-қимылдарын, яғни, хоккейшінің ойын кезінде орындайтын негізгі қимылдарын ширатып дамытуға арналады. Сондықтан, арнайы физикалық дайындықтың негізгі тәсілдері ретінде ойын түріндегі жаттығулар пайдаланылады. Хоккейшінің ағзасына осы жаттығулардың тигізетін әсерін күшейту үшін оларды неше түрлі қылып күрделендіріп отырады. Мысалы, әдеттегіден ауырлау шайбамен соққы жасау және оны алып жүру, белге ауыр заттар байлап жаттығу, әр түрлі режимде 3×0, 3×1, 3×2, 3×3 сияқты жаттығуларды орындау. Бұл жаттығулар хоккейшінің күш-қуатын қамтамасыз ететін қайсыбір тетіктердің даму мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Әдетте, мұндай жаттығулар хоккейшінің машықтанып шыңдалуына кешенді түрде әсер ете отырып, оның физикалық және техникалық-тактикалық дайындығын арттыра түседі.
Физикалық жаттығудың аталған барлық түрлері бір-бірімен өзара етене байланысқан. Жалпы және арнайы дайындықтың біртұтастығы кеңестік спорттық жаттығу жүйесінің маңызды принциптерінің бірі болып табылады. Жатттығу барысында физикалық дайындыққа жете мән бермеу базалық дайындықты нашарлатып, біржақты бағытты ұстануға алып келеді, сөйтіп ақыр аяғында спорттық шеберлікті арттыруға кедергі келтіретін болады.
Сонымен бірге, жалпы физикалық дайындықтың көлемі шамадан тыс артып кетсе, онда арнайы дайындық жетіспей қалады, яғни арнайы машықтарды меңгеру тежеліп, спорттық нәтижелер кемшін соғып жатады. Сол себепті, жаттығу барысында аталған физикалық дайындық түрлерінің оңтайлы ара-салмағын сақтау аса маңызды. Ал, осы ара-салмақтың мөлшері қатып қалған өзгермейтін шама емес, керісінше ол хоккейшілердің шеберлік деңгейіне, олардың жеке ерекшеліктеріне, жаттығу циклдарының кезеңдеріне, жекелеген ойыншылардың және жалпы бүкіл команданың дәл сол кездегі жай-күйіне байланысты өзгеріп отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |