Жан жадыратар жасын сөЗ



Дата26.01.2018
өлшемі205,98 Kb.
#34039

ЖАН ЖАДЫРАТАР ЖАСЫН СӨЗ


Егемен Қазақстан,19 наурыз 2010 | Замана



Қай-қайсымыздың да өзіміз көптен бері жақсы білеміз-ау дейтін жандарды кейде ойламаған жерден жаңа бір қырынан ашып жататынымыз бар ғой. Бұған әдетте олардың оқыста айтатын уытты сөздері, шуақты әзілдері мен қалжың-қағытпалары да себеп болады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев туралы да осыны айтуға болар еді. Алайда, күнделікті ресми қарым-қатынастың қарбаласында ол кісінің де ең алдымен өзіміз сияқты адам екенін көңілден таса қалдыратын сияқтымыз. Әйтпесе, адамға тән нәрсенің бәрі оған да жат емес. Сәтімен айтылған әзіл-қалжыңға ол да жаны жадырай күледі. Астарлы әзіл-қалжыңды өзі де жасындай жарқылдатып айтады. Сондайда ішкі жан дүниесі де жарқырап ашыла түсетіндей көрінеді бізге.

Осыны ескерген мен Президенттің өмірінде кездескен эпизодтардан шағын топтама әзірлеп едім. Олардың бірқатарын Мемлекет басшысының қызметіне қатысты кітаптар мен мақалалардан жинадым. Қайсыбірін жұмыс барысында өз аузынан естідім. Енді біреулерін бейресми жағдайда жанында болып, сондай сәттерді көзімен көргендер айтып берді.



Сәбиге берілген сәлем

2005 жылы елімізде өткен кезекті Президент сайлауының қарсаңында белгілі ақсақал жазушымыз Әзілхан Нұршайықов “Егемен Қазақстан” газетінде “Сайлау алдындағы сөз” деп аталатын тамаша мақаласын жариялады. Бұл майдангер қаламгердің халқымызды ынтымақ-бірлікке шақырған үндеуі іспетті, ерекше бір жылы жазылған дүние еді. Зер салған жанға шебер қаламгер сонда Нұрсұлтан Әбішұлының білімді­лігін, табан астында тауып кететін қасие­тін танытатын әдемі деректер келтіреді.

“…Осы жақында Президент Маңғыс­тау облысына барғанда мынадай қызық оқиға болыпты. Облыстың басшы қызметкерлерімен Президент кездесу өткізеді. Кездесу аяқтала бере бір әйел қол көтеріп сөз алады да, былай дейді:

– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз Украинада оқыдыңыз, украиндықтарды жақсы көресіз. Украинша ән де шырқап жібереді екенсіз. Ал мен украин қызы­мын. Үлкен семьям бар. Осы Ақтау қала­сының тұрғынымын. Өзім украин қызы болсам да, қазақша бесбармақ пісіре аламын. Сізді семьямның атынан біздің үйге кіріп, бесбармақ жеуге шақырамын.

Оған Нұрекең ықыластана күліп жауап қатады.

– Мен қазақтар мен украиндықтарды ғана емес, барлық ұлтты жақсы көремін. Сіздің бесбармақ пісіре білетініңіз көңі­ліме ұнап тұр. Сонда сіздің үйдің бес­бармағы қанша уақытта дайын болады?

– Тура төрт сағатта, – дейді әйел қуақылана сөйлеп.

Сол сәтте залдан тағы бір азамат қол көтереді.

– Ардақты Нұреке, менің атым Сайын Назарбекұлы. Осы елдің азаматымын. Сізді Семейде Абай мен Шәкәрім кесенесін көтерген кезде көріп, сәлем бергенмін. Одан кейін Оңтүстік Қазақстан облысында Домалақ Ана кесенесін көтергенде де сәлем бергенмін. “Мың “сіз-бізден”, бір “шыж-быж ар­тық” дегендей, мен сізге жүз рет сәлем бергеннен, бір рет үйге шақырып, дәм татырғанды артық көріп тұрмын. Ал сіз украин қыздарының алақанын көп сипадыңыз ғой. Сондықтан бұл кісінің көңілін қалдырғыңыз келмей тұр. Бірақ бұл ханымның шаруасы ұзаққа созылады екен. Төрт сағат! (Бұл сөзге отырған жұрт ду күлді). Ал біздің ет жарты сағатта әзір болады, Нұреке!

Осылай деп ол Президентке бас иеді.

Бұл шығыста Абай мен Шәкәрім күмбездерін көтерген, Оңтүстікте Домалақ Ана кесенесін салған атақты сәулетші әрі ақын Сайын Назарбекұлы болатын. Нұрекең оны бірден танып, бас иеді. Содан соң екі шақырушыға кезек қарап алып, жымия күліп, былай дейді:

– Мен қиын жағдайда қалдым-ау, бауырларым. Қайсыларыңыздың үйіңізге барсам екен? Бәріміздің де қызмет уақытымыз өлшеулі ғой. Президенттің де сағат, минуты санаулы. – Осылай дейді де ол украин ханымға қарай қайта бұ­рылады. – Менің уақыт деген бастығым тамағы тез пісетін үйге барыңыз деп сыбырлап тұр. Егер сізден рұқсат болса, өкпелемесеңіз, мен Сайын мырзаның үйіне кіріп шығайын.

Әйел: “Амал не?” дегендей, екі алақанын жайып, басын изейді. Президент сөзін қайта жалғайды.

– Қазақта мынадай бір салт бар. Ауылға алыстан келген құрметті қонақ сәлемдесу үшін әр үйге кіріп шығады. Шығарда бір үйге қамшысын, бір үйге белбеуін тастап кетеді екен. Онысы: ертең – осы үйге келіп түстенемін, бүрсігүні бұл үйден қонақасы жеймін деген ишарасы болса керек. Сол сияқты мен “қамшым” сіздің үйде қалды деп есептеп, келер жолы үйіңізге кіріп дәм татайын. Осыған келісесіз бе? – деп қонақжай әйелге қолын ұсынады. Әйел қуанғаннан Президенттің қолынан сүймекші болады.

– Жоқ, – деп Президент қолын тартып алады. – Әйел еркектің қолынан сүймейді. Сіздің қолыңызды мен сүйемін.

Осылай деп Президент жұмысшы әйелдің қолына ернін тигізеді.

Президент үйіне келгеннен кейін Сайын екі жасар немересі Досанды көтеріп келіп, Нұрекеңе сәлем бергізеді. Бала жатырқамай, Президентті құшақтай алады. Президент сәбиді құшағына алып бетінен сүйеді.

– Аты кім бұл батырдың? – деп сұрайды содан кейін.

– Аты Досан, Нұреке, – дейді Сайын.

– Қай Досан? – деп Президент басын көтеріп алады. – 1870-1873 жылдардағы патша саясатына қарсы Маңғыстау шаруаларының көтерілісін бастаған батыр Досан емес пе?

– Дәл солай, Нұреке. Бұл сол батыр Досанның ұрпағы – бала Досан.

– Досанды патша өкіметі ол кезде Александровск аталған қазіргі Форт Шевченкода азаптап өлтірді емес пе?

– Тура айтасыз, Нұраға.

Онда бұл бала маған емес, мен бұл батырға сәлем беруім керек! – деп Прези­дент баланы қайтадан қолына алып, көкірегіне қысады”.

Кез келген жанның жүрегін елжіре­тетін әдемі-ақ әңгіме емес пе! Бұл оқиғаға қосымша түсінік беріп жатудың өзі артық секілді.

“Жақсыны, жаманды да

көрді басым”

Қазақтың көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиев Елбасын жыл сайын Жаңа жыл мейрамымен құттықтап тұруды ұмыт­пайды. “Жүйрікке қалудан да озу оңай”, деп Қадыр Мырза Әлі ағамыз айтпақ­шы, Тұмағаң, әрине, құттықтауын өлеңмен жолдайды. 2008 жылдың қарсаңында да осылай болды. Өлең Тұмағаңның өзінің пейілі мен жүрегіндей өте жылы екен.

“Нұрсұлтан бауырыма. Жаңа жылдық жыр” деп аталатын сол өлеңнің төрт шумағы мынадай еді.

Өстің ғой тұнықтарда ат суғарып,

Өзіңді аялаумен өтсін халық.

Ылайық сенің биік мәртебеңе

Жаңа жыл жаңа бақыт жетсін алып.

Жақсыны, жаманды да көрді басың,

Іздеген батырымсың шөл жуасын.

Өзіңнің аман жүрген әр күніңе

Мынау бір жалпақ жатқан ел қуансын.

Келеді алға тартып алтын арба,

Сәт сайын қарқын қосып қарқындарға.

Сен барсың, асыл інім, жан бауырым,

Нұрсұлтаным дейтұғын халқың барда.

Тапсам деп қазағымның қалай бабын,

Жайнадың, жазғы таңдай арайландың.

…Жаңа жыл кірген кезде өз үйіңе,

Бізді де бірге кірді деп ойлағын.

Сәлеммен, Тұманбай бауырың. 22.ХІІ.2007

Хатты сол күнгі поштамен бірге Нұр­сұлтан Әбішұлына бердік. Бір-екі са­ғат­тан кейін Президенттен қайтқан пош­та­ны қарап отырсам, арасынан Елба­сының Тұмағаңа жолдаған жауабы ұшырасты. Ол хатты оқып қана қоймай, ақынның құттықтауына екі шумақ өлеңмен жауап қайтаруды жөн көріпті. Мемлекеттік елтаңбамыз басылған өзінің қызметтік ресми, сарғыш, мөртаңбалы па­ра­ғына қара сиямен былай деп жазыпты.

Қазағымның тапсам деп қалай бабын,

Мен жүрмін тәуелсіз ел ойлап қамын.

Сен жырлай бер қазақтың бақ, ырысын,

Жылдан жылға аман боп, Тұманбайым!

Жақсыны, жаманды да көрді басым,

Сондықтан асымаймын, тасымаймын.

Тұманбайлар ісімді қолдап жүрсе,

Бастай берем халқымды, жасымаймын.

Хатының соңына “Ақын емес – Н.Назарбаев” деп қолын қойыпты.

Әрине, мұны мінсіз өлең деу жөн бола да қоймас. Ақын емеспін деп қол қойғаны да содан ғой. Бірақ, ең бастысы, “екі ауыз өлең шығармайтын қазақ болмайды” деген халықтық қағиданы ұстанып, Нұрсұлтан Әбішұлы өзін толғандырған ақынның өлеңіне өлеңмен жауап бере білген. Бұл екі шумақтан азамат жанының шуағы мен нұры есіп тұр. Байыптай қарасақ, осының өзі елдік дәстүрдің ерен бір көрінісі ғой.

Хатты сол күні-ақ Алматыда тұратын ақынның мекен-жайына жөнелттік. Хат барған соң, Тұмағаң Президент кеңсесіне телефон соғып, Елбасының ізетіне өзінің қатты риза болғанын білдіріп, рахметін жеткізді. Жүрегі нәзік жан ғой, тебіреністен табан астында туған тағы да бірер шумақ өлеңін телефон арқылы маған жаздыртып, Нұрсұлтан Әбішұлына табыстауды сұрады. Әрине, ардақты ағамыздың ол өтінішін қуана орындадық.

Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлының бойында шығармашылыққа бейімділіктің сонау жас кезінен-ақ бар екенін айта кету керек. Осы орайда қалың көпшілікке көп таныс емес мына бір жайтты еске ала кетсем бе деймін.

Сағыныштан туған “Шұбарат”

“Егемен Қазақстан” газетінің редакциясы 2009 жылдың аяғында өзінің 90 жылдық мерейтойының құрметіне “Егеменқазақстандықтар” деген атпен тамаша кітап шығарып, келушілерге таратты. Соның бірі маған да бұйырды. Ал кітапты тамаша дейтінім: онда осы басылымның тарихы, аталған газетте әр жылдары қызмет істеген қаламгерлер мен ұжымда қалыптасқан игі дәстүрлер жөнінде қызықты да маңызды деректер және жан толқытарлық шуақты дүниелер жарық көріпті.

Солардың арасынан осы газетте жиырма жыл қызмет істеген Уахап Қыдырхан есімді журналистің мына бір естелігі де менің назарымды ерекше аударды. Бұл өзі шағын ғана әрі ана тілімізде шешен тілмен, төгілдіре жазыл­ған мақала екен.

1973 жылы газеттің бір топ журна­листері ірі өндіріс орындарының тыныс-тіршілігімен танысу үшін Қарағанды қаласына келеді. Теміртауда болғанда оларға қонақасы беріліп, дастарқанды қалалық партия комитетінің сол кездегі екінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізеді. Мұны автордың өзі: “Жас пат­риоттың парасаты, тапқырлығы таңғал­дыр­ды. Ешкімнен сөз сұрамайтын жур­на­листерді сезіммен селт еткізіп, ойлар­мен орап-шымқап тастады” деп жазады.

Ең қызығы, журналист сонда Нұр­сұл­тан Әбішұлы қонақтарға орындап берген “Шұбарат” деген әннің сөзін жазып алады. Оның әні мен сөзін Елбасымыз өзі жазыпты. Сол әннің өлеңі мынау екен:

Алатау – туған жерім, елім менің,

Сағындым арасынан ескен желін.

Арқада ардақталып жүрсем-дағы,

Ер жігіт ұмытар ма өскен жерін.

Шұбарат Алатаудың етегінде,

Шамалған тұрады екен жетегінде.

Арқадан асыл жарды тапсам-дағы

Туған жер, сенен алыс кетермін бе!

Бай да өтер, би де өтер, батыр да өтер,

Басында панасы жоқ пақыр да өтер.

Бұл өмір қарап тұрсаң тұрағы жоқ,

Жел соқса бір-ақ күнде ұшып кетер.

Бұл жас жігіттің туған жерге деген пер­зенттік сағынышынан, сезім толқы­ны­сынан туған жыр мен ән екені анық. Халқымыз Нұрсұлтан Әбішұлының ән ай­туды, тыңдауды ұнататын әрі ақын­жан­ды азамат екенін жақсы біледі. Жұрты­мыз “Елім менің”, “Жерім менің”, “Үш­қоңыр”, “Сарыарқа” сияқты әндерін тыңдап жүр. Оның Әнұранымыздың мәтініне енгізген толықтыруларынан да ақындық жүрек, азаматтық тілек айқын аңғарылып тұр.

“Талант иесі қашанда жан-жақты келеді” – деп халық жайдан-жай айтпай­ды ғой. Енді, міне, өлеңге деген бейімділік Нұрсұлтан Әбішұлына сонау жас кезінен-ақ тән екені өмірде де өнегелі өз ізін салып келеді.

Осындай жақсы журналистердің гүлден нәр жинаған арадай тынымсыз еңбегіне қалайша риза болмассың?



“Сол үшін де мен сіздерде қонақта отырған жоқпын ба?”

Бүгінгі Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кезінде еліміздің Сыртқы істер министрі және Премьер-Министрі лауазымдарын атқара жүріп, Елбасымыздың қатысуымен өтетін талай-талай мемлекетаралық кездесулер мен келіссөздердің куәсі болды. 2007 жылы жарық көрген “Нұр мен көлеңке” деп аталатын кітабында ол осы орайда Елбасымыздың тапқырлығы мен әзілқойлығына қатысты мынадай бір қызықты жайттарды еске ала кетеді. Соның бірі Президентіміздің АҚШ-қа іссапары кезінде болған екен.

“Кенет Америка президенті Н.Назар­баевтан: “Сіздердің астанаңызда қанша адам тұрады?” – деп сұрады. Жауабын алған соң ол Қазақстанның барлық тұрғындарының жайына көшті. Бұл кезде Д.Чейни мен К.Райс әңгімені естімеген­дей, түскі ас мәзіретін қарауға кірісіп кетті. Ашығынан қойылған бұл сұраққа да жауап алған соң Дж. Буш қалжыңдап: “Сіздер өздеріңіздің кең далаңызды игере бастайтын қытайлардан қорықпайсыздар ма?” деді. Н.Назарбаевтың жауабы шұғыл болды: “Міне, сол үшін мен сіздерде қонақта отырған жоқпын ба?”. Залдың іші қалың күлкіге көмілді де қалды”.

Айтушының айтуы келіссе, ақиқаттың өзі алмастың қырындай жарқырап кетпей ме!



“Уайымдамай-ақ қойыңыз…”

Сондай-ақ Елбасымыздың НАТО-ның Бас хатшысы Джордж Робертсонға айтқан мына бір қалжыңы да ешкімді енжар қалдырмас деп ойлаймыз. Ол Нұрсұлтан Әбішұлымен сұхбат бары­сын­да өзінің үлкен отбасындағы ер азамат­тардың барлығы полицей болғанын, жалғыз өзі ғана өмірдің басқа соқпағына түсіп кеткендіктен, бүгінде өзін “бір отар ақ қойдың ішіндегі қара тоқты” боп жүргендей сезінетінін айтып қалса керек.

“Біздің Президенттің жауабы көп күттірген жоқ: “Уайымдамай-ақ қойы­ңыз, есесіне Сіз күллі әлемнің жандаралы болдыңыз”. Британдықтардың көпшілігі тәрізді Робертсон да әзілді жақсы тү­сінеді, сондықтан болар, ол жанын­дағыларды еріксіз еліктірген ұзақ күлкісін көпке дейін тыя алмады”, – деп жазады Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Қазір, өкінішке қарай, жақсы кі­таптардың өзі де шағын ғана таралыммен жарық көреді ғой. Бұл тамаша кітап әзірге барлық оқырмандардың қолына тие қоймаған болар. Сондықтан осы екі эпизодты сол кітаптан алып ұсынып отыр­мыз. Әсерің толық болуы үшін, әрине, кітаптың өзін толық оқып шық­қанға не жетсін!



Ер мінезді Ельцин

Сөздің ретіне қарай Нұрсұлтан Әбішұлы өзі етене аралас-құралас болған мемлекет басшыларының өмірінен қызықты бір жәйттерді де еске алып отыратыны бар. Солардың бірі – Ресей Федерациясының тұңғыш Президенті болған, түр-тұлғасы қаншама ірі болса, жаратылысы да соншалықты кең әрі кесек мінездің иесі Борис Николаевич Ельцин марқұм еді.

Нұрсұлтан Әбішұлы іргелес мемлекет­тің басшысы әрі сонау кеңестік кезеңнен өзара таныс-біліс азамат ретінде Борис Николаевичпен әрдайым жақсы қарым-қатынаста болды. Қызмет бабымен де жиі кездесіп жүрді. Екі елдің арасындағы сан-қилы түйіндерді бірлесе отырып шешіп отырды.

Нұрсұлтан Әбішұлы Борис Николае­вич құрметті еңбек демалысына шыққан­нан кейін де онымен байланысын үзген жоқ. Мәскеуге жолы түскенде жолығып, телефон арқылы да хабарласып тұрды. Нұрсұлтан Әбішұлы 2005 жылдың соңын­да Қазақстан Республикасы Прези­дентінің кезекті сайлауында жеңіске жеткен кезде, ол да Ақорда сарайында өт­кен ұлықтау рәсіміне қатысып, Қазақ­станның тәуелсіздік тұсындағы табыстарын өз көзімен көріп кетті.

Нұрсұлтан Әбішұлы әдетте күле оты­рып әңгімелейтін осы Борис Ельцинге қатысты мына бір әңгімені ол Ресей Президентіне жақын жүрген кісілердің бірінің аузынан естісе керек. Бәлкім, еркөңіл Борис Николаевичтің өзі айтып берген болар. Ал Нұрсұлтан Әбішұлының аузынан біздің естігеніміз мынау еді:

– Борис Николаевич король бас­қаратын елдердің біріне іссапармен ба­рып­ты, – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Екеуі үстел басында емен-жарқын әңгі­ме­лесіп отырады. Бірақ, байқайды, дас­тар­қан мәзірінде шарап бар да, арақ жоқ. Бұл Борис Николаевичке аса ұнай қоймайды.

Ол корольге қарап, емеуірін танытқан болады. Ал ол: “Мен ештеңе істей алмаймын, Ельцин мырза. Бізде алдын-ала бекітілген хаттамалық тәртіптің аясынан шығуға болмайды!” – деп, бұған онша мән бермесе керек. Онымен де қоймай, ақталғысы келген сыңаймен: “Мәселен, осы резиденцияға жақын жерде бір қоғамдық көліктің аялдамасы бар. Оның орны сол жер емес екенін мен жақсы білемін, бірақ оны өз бетімше орнынан жылжыта алмаймын. Себебі, ол үшін алдымен қала тұрғындарының ке­лісімі керек, сосын қала басшылығының шешімі керек” – дегенді айтып, әңгімені шамалы ұзартыңқырап алады.

Осы кезде шыдамы таусыла бастаған Борис Николаевич өзіне ілесіп жүрген нөкерлеріне бұрылып: “Әй, осы сендер мені қайда алып келгенсіңдер өзі?! Мы­наларыңның ештеңені шеше алатын түрі жоқ қой. Мұндай “дәрменсіз” жанмен кездесудің қаншалықты қажеті бар еді!..”, – деп әзілдей “ренжіпті” деседі. Астарлы әңгіменің салмағы да сезіліп жатыр ғой.

Әзіл-шыны аралас осы әңгімені есті­ген кезде бәріміз де еріксіз езу тарт­қанбыз. “Жақсы адамның артынан сөз ереді” дейді ғой халқымыз. Ешкімнен де, ештеңеден де ыға қоймайтын ер мінезді Ельцин марқұмның алып тұлғасына расы да жетерлік, қоспасы да жоқ емес шығар-ау, бірақ осындай әңгімелер жарасып та тұрушы еді өзі. Мәскеулік КВН сайы­сына қатысушылар оның дауысы мен іс-әрекеттерін айнытпай салған кезде де әзілкештердің әжуасына мыңқ етпейтін еді ғой сабазың!

*  *  *


Нұрсұлтан Әбішұлының жанында болған азаматтардың бірінің айтуына қарағанда, Борис Николаевич пен біздің Елбасымыздың арасындағы мынадай бір сөз қағысуы сонау 90-шы жылдардың басында – тәуелсіздігіміздің таңғы шағында болыпты.

– Нұрсұлтан Әбішұлы, осы Теңізді Ресейге берсеңші?.. – депті ол бірде әңгіме үстінде өзімсіне әрі базына арта сөйлеп.

Нұрсұлтан Әбішұлы мұны алғашында қалжыңы шығар деп қабылдаған. Сөйтсе, жоқ, Борис Николаевичтің ойында “та­мырды басып көру” ниеті де бар сияқты.

– Онда сіздер де бізге Орынбор қала­сын облысымен қоса бере қойыңыздар? – дейді Президентіміз жалма-жан.

Ельцин шоршып түседі:

– Е, немене, Қазақстанның Ресейге жер дауы бар ма еді?

– Жоқ, Борис Николаевич. Жәй, Орын­бор революциядан кейінгі Қазақ­станның алғашқы астанасы болған қала ғой…

Осыдан кейін бір-бірінің қуақы­лы­ғы­на, тауып, орнымен айтылған әзілдеріне риза болған екі дос қарқылдап тұрып, мәз бола күліскен екен. Бұл әдепті әзілдің елшілік те, көршілік те қасиеті бар екеніне таптырмас мысал емес пе?

*  *  *

Борис Николаевич марқұммен кезінде мынадай да бір сөз шарпысуы болыпты. Екі ел үшін кезінде Каспийдің орталы­ғындағы шекара шебін айқындау оңайға түспеген. Әрине, мұндайда ешкімді кінәлаудың жөні жоқ. Қай елдің басшысы да жеме-жемге келгенде өз мемлекеті мен халқының мүддесін ойлайды. Сол үшін тартысады.



Обалы не керек, жағдайды жан-жақты түсіндіріп, бұлтартпас уәждерді алға тартқан кезде Борис Николаевич сөзге құлақ асып, әділдік жағына ойысып, икемге келе бастайды екен. Бірақ арты­нан оңаша қалғанда, министрлері Борис Николаевичті шешімі­нен айнытып қойып жүріпті. Содан ба­рып онсыз да күрделі мәселенің түйінін тар­қату одан сайын ұзарып, созыла түседі.

Келіссөз куәгерлерінің айтуынша, Нұрсұлтан Әбішұлы осы жолы да тұйықтан жол тауып кетеді.

– Борис Николаевич, – дейді Нұр­сұл­тан Әбішұлы, – біз осы неге өз ми­нистрлеріміз бен көмекшілеріміздің айт­қанына көне беруіміз керек? Олардың мін­деті ұсыныс беру ғана емес пе? Ақыр­ғы шешімді мына біздер – президенттер қабылдауымыз керек қой!..

Бұл сөздер Ельциннің намысына тиіп кетсе керек, мол денесімен көмекші­леріне еңсеріле бұрыла қарап:

– Әй, сөзді қойыңдар! Әкеліңдер шешімді! – деп алдындағы үстелді жуан жұдырығымен бір қойып қалыпты.

Ал бұл келісімнің тарихи маңызы неде еді?

Шекара мәселесінің басы ашыл­майын­ша, Каспий теңізінің қазақстандық аймағына шетелдік алпауыт инвесторлар аяғын аттап та баспас екен.

Жалпы, Борис Николаевич біздің Елбасымызды өзінің досы деп есептейтін әрі мұны реті келгенде ұдайы айтып та жүретін. Сонымен бірге оның өзінің досқа тән достық қызметін аямағанын да бағалауға тиіспіз.

Сөз орайында мұны да айта кетейік, сондай-ақ Ресей басшысы болған Вла­димир Путиннің де Нұрсұлтан Әбішұлын өзінің досы санайтынын, тіпті, үйренерім көп ұстазым деп айтқанын да баршамыз көре отырып, естідік. Құдай қосқан көршіміздің қазіргі Президенті Дмитрий Медведевтің Астананың 10 жылдығына келгенде Елбасымыздың атына жүрек тебірентерлік жылы сөздер арнағаны да әлі есімізде. Сондай-ақ Испания королі Хуан Карлос, Франция Президенті Н.Саркози, Италия Премьер-министрі С.Берлускони, тағы басқа да бірқатар шетел басшылары Нұрсұлтан Әбішұлын өздерінің сенімді досы, ерек әріптесі, сыралғы жолдасы санайды.

Ал мемлекет басшыларының арасын­дағы шынайы достықтың жөні қашанда бөлек. Себебі, ол достықтың шапағаты елбасылары арқылы тұтас елге, толайым халыққа тарап жатады. Мұның өзі эконо­ми­калық және мәдени байланыстардың нығаюына оң әсер етеді. Шекара, Бай­қоңыр, Каспий, қорғаныс сияқты, тағы басқа сан-алуан күрделі мәселелердің көбінің біздің еліміз үшін сәтімен ше­шіліп жатуының арғы жағында мемлекет басшыларының арасындағы бірін бірі қадірлей білетін адал достық қарым-қатынастың да аз рөл атқармағанын айтуы­мыз керек. Достықтың шекарасы жүректерден басталып, көңілдерге ұласып жататыны қандай ғанибет.



“Сіздің татарларыңыз емес, біздің татарларымыз”

Мына бір жаймашуақ сөз қақтығысы Н.Ә.Назарбаевтың Татарстанға барған сапары кезінде болыпты.

Кездесулердің бірінде жайдары әрі қонақжай үй иесі – туысқан Татар­станның Президенті Минтемир Шаймиев біздің Елбасымыздан:

– Нұрсұлтан Әбішұлы, Қазақстан­дағы біздің татарларымыздың жағдайы қалай? – деп аңдаусыз сұрап қалыпты.

– Минтимер Шарипович, кешіріңіз, ол сіздің татарларыңыз емес, біздің татар­ларымыз. Оған сіздің қандай “шата­ғы­ңыз” бар? – депті Нұрсұлтан Әбішұлы жалма-жан.

– Дұрыс айтасыз, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, расында да олар – сіздің татар­ла­ры­ңыз. Ондағы татарлар расында да ту­ып-өскен Қазақстанын өз Отаны санай­ды, – депті сонда ақсақал ағамыз келіс­ті­ре айтқан сөзге келіскенін білдіріп. Тауып айтылған жауап, тапқыр сөз жар­ты­ны бүтіндеп, бүтінді бекемдеп жібереді ғой.



Сапармұрат пен Күн туралы

Іргелес көршіміз Түркіменстанның астанасы Ашғабад қаласы осы елдің тұңғыш Президенті Сапармұрат Ниязов марқұмның тұсында қатты өзгеріп, жай­нап кеткені белгілі. Қаладағы жұртшы­лық­тың назарын ерекше аударатын сәу­лет құрылыстарының бірі – оның зәулім үйлері мен жүздеген су бұрқақтарының ортасына, биіктігі 70 метрлік тұғырдың үстіне орнатылған Түркіменбашының биіктігі 14 метрлік алтынмен апталған алып мүсіні еді. Монумент құрылы­мы­ның бір ерекшелігі – Түркіменбашының мүсіні ұдайы Күннің жылжу бағыты бойынша қозғалып, айналып тұрады екен.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Түркіменстанға барған сапарында өз әріптесімен бірге қаланы аралап жүріп, осы мүсінді көрген кезде:

– Сапар, мына жерде сен Күнмен бірге қозғалып тұрған жоқсың, осы жарық көзінің өзі сенің саусағың нұсқаған бағытпен жылжып тұр ғой деймін, – депті астарлы әзілдей сөйлеп.

– Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз ғой Қазақстанға көп жақсылық жасадыңыз, тамаша астана салдыңыз. Халқыңыз неге сізге ескерткіш қоймайды? – депті Сапармұрат Ниязов та сөз қарымтасына.

Нұрсұлтан Әбішұлы оның бұл әзіліне:

– Баяғыда бір атақты Рим импера­торы айтқандай, біздерден кейінгі ұрпақ: “Бұл ескерткіш кімдікі?” деместен: “Оған неге ескерткіш қойылмаған?” дегеніне не жетсін!.. – деп жауап беріпті.

Достық рәуіште айтылған бұл әзілді Сапармұрат Атайұлы марқұмның сол кезде қалай қабылдағанын мен білмей­мін. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы өз елімізде жеке басын айырықша дәріптеуге ұдайы қарсы болып келе жатқанын көріп жүр­мін. Мәселен, елді мекендерге, көшелер мен мектептерге есімін беруге келісімін бермей келе жатқандығы туралы бұдан бұрынырақ бір мақаламда жаздым да. Жұртшылықтан түскен ұсыныс хаттардың бәріне де Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей тапсыруымен осындай жауап беруге мәжбүрміз. Тек биыл ашылатын халық­ара­лық университетке ғана есімін беруге келісімін берді. Оның өзінде де Мемлекет басшысының атымен аталса, университет бүгінгі заман талабына сай келетін жоғары оқу орнына тезірек айналар ма еді деген оймен ғана келісті.

Осы орайда, Нұрсұлтан Әбішұлының бір үлкен мәжіліс кезінде, тіпті: “Кабинеттерге менің үлкен портретімді іліп қоюға үзілді-кесілді қарсымын. Егер сол адам мені жақсы көреді екен, ендеше, портретті үйіне апарып іліп қойсын”, – деп ашуланғаны бар.

… Қаласа, тіпті жатын бөлмесіне де ілуіне болады, – деді сосын сөзіне ащы мысқыл араластыра.

Сөз түсінетіндерге осының өзі де жеткілікті болса керек.

“Соншама америкалықтарды қайдан алмақпын?”

Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздегі демократияны дамыту мәселесін ұдайы назарда ұстап отырады ғой. Байыптап қарар болсақ, еліміз тәуелсіздік тұсында бұл салада үлкен ілгерілеушілікке қол жеткізді. Рас, кейбір тәуелсіз басылымдар еліміздегі демократияның деңгейіне көңілтолмаушылық білдіріп жатады. Бірақ, тәуелсіз басылымдардың жарық көріп, олардың беттерінде, басқаны былай қойғанда, сол көңілтолмаушы­лықты айта алудың өзі де нақ сол демо­кратиялық үрдістің басты белгісі екен­дігін “ұмыта қалатындары” өкінішті-ақ.

Мәселе мынада. Кеше ғана бірнеше ондаған жылдарға созылған тоталитарлық режімнің құрсауынан шыққан елде демократияны бетімен жіберудің қаншалықты ауыр зардаптарға ұшыратуы мүмкін екенін Елбасымыз жақсы түсінеді. Оған қайсыбір алыс-жақын шет елдердің бұрынғы және бертінгі тарихында кездес­кен қасірет мысалдары аз емес. Прези­дент елде демократия толық үстемдік алуы үшін ең алдымен берік әлеуметтік база жасалуы керек деп санайды. Тұрмыс жағдайы түзеліп, меншік иесіне айналып үлгермеген және еркіндіктің қадір-қасиетін терең сезінуге саяси ой-санасы әлі пісіп-жетілмеген халықтың демо­кратияның сенімді тірегі бола алатыны да күмәнді.

Қазақта: “Аш адамнан ақыл сұрама”, деген мәтел бар. Осы ауырлау болса да рас айтылған сөз өзі.

Оның үстіне, Президентіміздің “алдымен экономика, сосын саясат” деген ұстанымының дұрыс болып шыққандығын уақыттың өзі де дәлелдеп отыр. Демократияның делбесін басында бос жіберіп алған қайсыбір елдер жұмыс істеудің орнына саясаттың көкпарына түсіп, соның зардабынан бүгінге дейін шыға алмай отырған да жайы бар.

Осы орайда, зер салған жанға Нұрсұлтан Әбішұлының демократия ұғымына байланысты әр кездері айтқан ой-пікірлері қызықты-ақ.

“Демократия – әлемнің өркениетті елдерінің таңдауы, яғни біздің де таңдауымыз”. “Демократия жарлықпен орнатылмайды”. “Біздің демократиямыз­дың негізі – саяси, әлеуметтік және ұлтаралық келісім”. “Әркім өз сөзіне және іс-әрекетіне жауап беруі тиіс. Олай болмағанда, демократияның өзегі – бостандық бейберекетсіздікке айналмақ”, “Біз енді демократия мектебінен өтіп жүрген ғана ел емеспіз, біз енді тотали­тарлық қоғамнан кеше ғана шыққан мемлекетте демократияның қалай қалып­тасатындығын өзгелерге көрсетіп те бер­ген елміз”, т.б. Бұл ойларды Президент­тің “Мектеп” баспасынан 2006 жылы жарық көрген “Ой бөлістім халқыммен” деп аталатын кітабынан алып отырмыз. Әрине, Елбасымыздың осы кітаптағы демократия туралы өзге ойлары да өте құнды екені сөзсіз.

Президент 2008 жылы Рейтер агент­тігінің журналисіне берген сұхбатында: “Мен де Америкадағыдай демократияны жасағым-ақ келеді, бірақ мен Қазақ­станда соншама америкалықтарды қай­дан алмақпын?” – деп жауап бергені бар.

Ойлап қарасақ, Нұрсұлтан Әбіш­ұлының әзілдей айтылған осы пікірінің төркінінде әзіл болса да терең айтылған шындық жатқанын аңғару қиын емес.

Қарсы жарнама да – жарнама

Елбасымыз 2006 жылдың күзінде Ұлыбританияға сапар жасаған кез дау-шармен аты шыққан сайқымазақ Саша Барон Коэн түсірген атышулы фильм­сымақтың “даңқы дүрілдеп” тұрған тұс еді. Сол іссапарға Президентімізбен бірге бір топ Қазақстан журналистері де ере барған.

Бұған дейін Британия сыншылары Коэннің шығармашылығын бірауыздан түкке алғысыз, “әжетханалық әзіл” деп бағалаған болатын. Намысты қорлайтын материалдары бар деп, Ресей оны прокатқа да шығарған жоқ. Қазақстанда Коэннің “өнері” кейбір саясаткерлер мен дипломаттарды ғана қызықтырғаны болмаса, өзгелерге ала-құла ғана әсер қалдырды. Патриоттық сезімнің жетегіне ерген қазақстандық белгілі бір азамат, тіпті, Коэнді шығармашылық “жекпе-жекке” де шақырмақ болды. Бірақ мұның өзі отқа май құйғандай болып шығып, сайқымазақтың есімін одан әрмен танымал етуге ғана ықпал етті.

Ал Нұрсұлтан Әбішұлы Лондонда бұл мәселенің сипатын басқа арнаға бұрып жіберді. Оның ызаланып, сабасынан шығуын күткендердің үміті ақтала қоймады. Баспасөз конференциясы өткізіліп жатқан кезде залдан аты шулы фильм туралы сұрақ қойылған сәтте ол езуіне күлкі үйіріп, жымиды да:

– Мүмкін, журналист Борат Сағдиев осында қатысып отырған шығар? Менің онымен сөйлескім-ақ келіп еді… Фильмді көргеннен кейін Коэн мырзаның Қазақстанда ешқашан да болмағаны белгілі болып қалды. Таспаның өзі кедей румын деревнясында түсіріліпті. Қазақтардың рөлін кембағал сығандар ойнаған. Ал жергілікті мас тұрғындарды америкалық студенттер ойнапты…

Сөйтіп, фильмде аты ғана аталғаны болмаса, мұның Қазақстанға қандай қа­тысы бар деген ойды Елбасымыз айқын аңғартыпты. Залға жиналғандардың жүз­де­рін жылы шуақ билейді. Ал Елбасы­мыз­дың жанындағы Ұлыбританияның Премьер-министрі Тони Блэр күлкіден өзін әрең ұстап тұрыпты.

– Қарсы жарнаманың өзі де – жарнама, – деп жалғастырады өз сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы. – Фильм шын мәнінде шындықты бұрмалап көрсетсе де, ол біздің елімізге пайдасын тигізіп те жатыр. Мен осында қатысып отырған­дардың бәрін нақты жағдайдың қандай екенін өз көздерімен көріп қайту үшін Қазақстанға келуге шақырамын.

Ал Тони Блэрдің күлетіндей жөні бар екен. Ол осы баспасөз конферен­ция­сында “Борат” тақырыбының қозға­лып қалуы мүмкін екенін біліп, бұған қона­ғым ренжіп қалмас па екен деп мазасыз­даныпты. Сөйтсе, Қазақстан Президенті­нің оған ренжімек тұрмақ, осы қолайсыз саналған жайттың өзін елінің пайдасына бұ­рып жібергенін көргенде, риза болыпты.



*  *  *

Мен бүгін оқырман назарына көпшіліктің алдында сөз сөйлегенде, жұртшылықпен кездесулер өткізіп, іссапарларда болған кезде Нұрсұлтан Әбішұлының аузынан шыққан осындай әңгімелер мен әзіл-қалжыңдардың, тосын ойлардың бірпарасын ғана ұсынып отырмын. Амандық болса, алдағы уақытта қалғандары да хатқа түсе жатар.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет