ЖАРАТЫЛЫСТАНУ ПӘНДЕРІНЕН ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ОҚУ ҚҰРАЛДАРЫ МЕН ОҚУЛЫҚТАР ЖАЗУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Балғынбеков Ш.А. – Абай атындағы ҚазҰПУ анатомия, физиология, зоология және тіршілік қауіпсіздігі кафедрасы меңгерушісі, м.ғ.д., профессор
Төленбек И.М. – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, б.ғ.к., профессор
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына 2012 жылдың 27-ші қаңтарында жолдаған «Әлеуметтік - экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында: «Қазақ тілі, біздің мемлекеттік тіліміз өсіп-өркендеп келеді. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 процентке жететін болады. Еліміздегі барлық мектептер мен оқу орындарында қазақ тілінде оқыту үрдісі жүріп жатыр» - деп, ана тіліміздің мәртебесінің болашақта жоғарылай беретіндігі туралы атап өтіп еді.
Кешегі жетпіс жылдан аса уақыт бойы үстемдік құрған кеңестік жүйе кезінде өміріміздің барлық салаларында пайдалы нәтежиеге, жетістікке қол жеткізу үшін орыс тілін меңгеру міндеттелгені белгілі. Мәселен, қазақ мектептерінде жаратылыстану пәндерін қазақша оқытудың керектігіне қарсылық болмағанның өзінде, ол пәндерді қазақша жазуға тыйым салынғандай еді. Өйткені олар орыс тілінде бар, ендеше соларды қазақшаға аудару жеткілікті деп есептелді. Шамамен осы тәрізді ақуал жоғары оқу орындарында да қалыптасты. Тіпті бұлардағы жағдай шектен шыққандай да еді. Көптеген институттар мен университеттерде қазақ бөлімдері деп аталатындар бар болды. Бірақ олардағы сабақтар түгелдей дерлік орыс тілінде жүргізілді. Содан да ауылдағы қазақ мектептерін бітіріп келгендер, яғни орыс тілін білмейтіндер өте көп қиындықтарға тап болды. Орыс тіліндегі дәрістерді, орысша жазылған кітаптардағы оқу-ғылыми мәселелерді түсіне алмай, көбісі оқуды тастап кетуге мәжбүр болды. Ал тілге байланысты бұл қиындықтарды жеңемін дегендер күн-түн демей орыс тілін үйренді. Енді барлық дерлік қазақтар орыс тілін білмейтіндердің күн көрісі қиындайтындығын түсінгендіктен балаларына орыс тілін үйретуді негізгі мақсатқа айналдырды. Сөйтіп қазақтардың жаппай орыстануы өріс алды. Мұның салдарының сорақылығы сондай, қазақтар қазақша үйренуден, сөйлеуден қашатын заман туды. Кей жағдайларда қазақша білмеу, керек десеңіз оны менсінбеу сәнге айналғандай болды. Күн санап қазақ тіліне қатысты мәңгүрттер көбейе түсті. Міне елімізде осындай ақуал орнағанда қазақ тіліндегі оқу-ғылыми еңбектерге сұраныстың болмайтындығы түсінікті. Сонда да болса, елдің аты ел, ұлттың аты ұлт емес пе, оқыған қазақ мамандарының арасынан қазақша ғылыми-әдістемелік, оқу-әдістемелік еңбектер жазуға талап қылғандар және біраз жағдайларда жемісті іс атқарғандар болмай қалған жоқ. Мәселен, кезінде ботаникадан жоғары оқу орындарына арнап профессор Т.М. Мұсақұлов, химиядан профессор Б.А. Бірімжанов және тағы біраз ғалымдар қазақ тілінде оқулықтар жазып, жарыққа шығарды. Қазақ студенттері олардан өз ана тілінде ғылым-білімнен сусындады. Бірақ мұндайлар теңіздің тамшысындай еді. Ғалымдардың, жоғарғы білімділердің көпшілігі қазақ тілінде еңбек жазбақ түгілі, қазақшаны оқып-түсіне алмайтын халде болды. Бұл жерде басын ашып айтатын бір мәселе, қазақ зиялылыларының арасында ғылымның қай саласында да, кеңес одағы,тіптен кей жағдайларда әлемдік деңгейде дерлік білімді де білікті оқымыстылар жеткілікті болды. Тек өкініштісі, сол білімділер мен білгіштер барлық білгендерін негізінен орыс тілінде жазып, баяндауға машықтанды. Олар түгілі, тіпті орыс тілін шала білетіндердің өздері, амалдарының жоқтығынан мақалалар мен ғылыми зерттеу нәтижелерін орыс тілінде жазуға мәжбүр еді. Өйткені қазақ тілінде жазылғандарды жарыққа шығаратын баспа орындары өте аз болды және ондай еңбектерді Мәскеуліктер қабылдамайтын да, ондай әрекеттерді құптамайтын да. Сол себептен ғылыми атақ-дәреже алғысы келетіндер қаласа да, қаламаса да, орыс тілін шала білсе де, зерттеу-ізденістерін орыс тілінде жариялауға бар мүмкіндіктерін салатын. Тіпті, орыс тілін жақсы білетіндерді жалдауға дейін баратын. Осындай үрдіс үстемдік құрып тұрғанда ата-аналар балаларын орыс мектептеріне бермегенде, басқа не істей алады. Ия, осылай өзіміздің өміріміздегі орасан үлкен кемшіліктерімізді ақтаған боламыз. Мақұл дейік, түсіністікпен қарауға тырысайық. Ал енді сондай өмірге мәжбүрлеген қоғамдық саяси-экономикалық жүйе келмеске кеткелі 20 жылдан асып барады. Тәуелсіз өз мемлекетімізді құрып жатырмыз. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Қазақ тілінде оқытатын мектептер де, жоғары оқу орындары да көбейді. Ендеше бұл үрдіс аталған білім ордаларында ғылымды қазақ тілінде оқытуды алғы шепке шығарды. Ал ол үшін, ең алдымен, қазақ тілінде жазылған оқу-әдістемелік, ғылыми-көпшілік құралдар, әсіресе оқулықтар керек екенін екінің бірі біледі. Мемлекет тарапынан бұл іске барынша қолдау көрсетілетіні аз айтылып жатқан жоқ. Айтылуы өз алдына, министріміздің мәліметі бойынша бұл мақсатқа қомақты қаржы да бөлініпті. Ендігі мәселе, сол қолдауды, сол қаржыны қалай етсек тиімді пайдаланамыз деген сауалға тіреледі. Бұл тұрғыда біздің елде әлі де болса ескі жүйеден мұра болып қалған "дәстүр" өзінің "итжандылығын" көрсетуде десек, шындықтан алыстай қоймаспыз. Мәселенің бәрі біздің қазақтардың өз тіліне деген жанашырлық сезімінің төмендігіне келіп тіреледі. Өз тілін білмейтіндерде немесе білгісі де келмейтіндер де оған деген қандай жанашырлық болуы мүмкін?! Байыптап қарасақ, бойында ұлттық ар-намыс бар, ұлттық отбасында тәрбие алған, ұлттық салт-дәстүрден хабары бар, әрі оларды сыйлайтын әрбір азамат өз халқының тағдырына, келешегіне деген бір кездері қалыптасқан стереотиптен арылуды басты мақсат-міндеттерінің бірі етіп есептеуі тиіс тәрізді. Өкінішке орай, дәл осы мәселеде біздің ұлт зиялыларымыз деп жүргендерде орны толмастай түсінбеушілік және содан туындайтын немқұрайлылық азаяр емес. Бұлай ойламайын десең, күнделікті өмірде көріп-естіп жүргендерің оған мұрша бермейді. Нарықтық экономикаға өтуге байланысты бәсекелестік заңы бойынша барлық істің сапасы күннен күнге жақсарады деп есептегенбіз. Сөйтсек, ол біздің орындалуы алыс, тіптен мүмкін емес тәрізді арманымыз болып шыққан сыңайлы. Қарап отырсақ, бүгінгі таңда мәселенің бәрін тамыр-таныстық, сыбайлас жемқорлық, ақша шешетін заманға тап болғанбыз ба, қалай өзі?!
Қазақ мектептеріне, қазақша оқытатын жоғары білім орындарына арнайы салалар бойынша мамандар дайындауға шешуші көмек тигізетін сапалы ғылыми, әдістемелік құралдар мен оқулықтарды дайындап, көпшілік назарына ұсыну кезек күттірмейтін, шұғыл шешілуі тиіс мәселе екендігіне ешкім шүбә келтірмейді. Бірақ..... ия, бірақ дәл осы мәселедегі енжарлық етектен ұстап жібермеуде. Көп жағдайда айтылуында кемшілік болмағанмен, айтылғанды іске асыруда мүлдем кешіруге болмайтындай олқылықтарға жол берілуде. Мәселенің басты түйіні тиісті лауазымды тұлғалардың іске деген жауапкершілігінде және ұлттық мүддеге деген жанашырлығының деңгейінде тәрізді. Мемлекет басшысы, министр қазақ тіліне деген, оның қолдану аясын мемлекеттік деңгейге жеткізу керектігі туралы қайта-қайта айтқандарымен, оларды іс жүзіне асыратындар жергілікті мекемелер мен ұйымдар. Ал олардағы басшы қызметкерлердің көпшілігінің өздерінің қазақ тіліне шорқақтығы, немесе ол тілді мүлде білмеуі "әжептеуір ән еді, пұшық шіркін қор қылдының" керін келтіріп отырғанына өз басымыз куә. Ал енді, мемлекеттік және мемлекеттік емес баспа орындарынан жарық көріп жатқан біраз әдебиеттен оқу-әдістемелік, оқу-ғылыми тұрғылардан ғана емес, кәдімгі қарапайым қазақи сөздерді қолдануда, олардан қазақи сөйлемдер құрауда орындалған сорақы қателерден сол әдебиеттерді оқып отырғанда көз сүрінеді. Сорақының да сорақылығы сонда, кей жағдайларда арнайы ғылыми-әдістемелік мекемелер: "Қай тұрғыдан алғанда да мұндай оқу құралын, оқулықты басып шығаруға, оқушы қауымға ұсынуға болмайды" – деп ресми шешім бергеннің өзінде, сол "еңбектер" қайсыбір баспалардан жарыққа шығып, оқушыларға жол тартады. Дәл осындай жағдай кезінде орта мектептің 8-сыныбына арнап жазылған (авторлары Асқарова мен Жүнісова) "Адам анатомиясы және физиологиясы" оқулығына қатысты болған еді. Сол кітапты мектепке оқулық ретінде басып шығарғандар кітап авторларына мемлекеттің немесе жеке баспаның қаншама қаржысын "желге ұшырды" десеңізші. Ал ондай кітапсымақтардан (оқулықсымақтардан) қаншама жасөспірім "ғылым негіздерінен сусындады"?! Әрине, мұндай "оқулықтардың" бала санасына тигізер зиянын өлшеу де қиынның қиыны шығар. Біздің келтіріп отырғанымыз өзіміз куә болған бір ғана дәлел-дерек. Ал министрліктің оқулықтар сапасына алаңдаушылық білдіруі мұндай мысалдардың аз еместігін білдірсе керек. Оқулықтар жазуда ерекше рөл түрлі ғылым салаларының тіліне тікелей қатысты мемлекеттік терминкомға тиесілі деп ойлаймыз. Біздің түсінігімізше, бұл комитетке тиісті ғылым салалары бойынша білікті ғалымдар мен практикалық тәжірибесі үлкен білгірлер тартылуы тиіс. Жалпы жағдай солай да болар. Дегенмен кейде бұқаралық ақпарат құралдарында, ғылыми, оқу-әдістемелік құралдарда кездесетін, терминком бекіткен сөздер мен терминдер біраз күдіктерді тудырады. Мақала ауқымы көп дәлелдіуді келтіруді көтермейтіндіктен, бір-екі мысалмен ғана шектелгенді жөн санап отырмыз. Биология ғылымында "клетка" деген термин бар. Осы сөзді терминком "жасуша" деп қолдануды ұсынады. Қазақтың ұғымында "жасудың" бір мағынасы "тар тесік, кішкене саңылау". "Иненің жасуындай" деген сөз тіркесі бар. Мұның баламасы "иненің көзі". "Жасу" дегенді "жасуша" деп алып кішірейткенде, бар тесік, саңылау тарылар. Бірақ бітеліп калмайды ғой. Ал клетка деген көптеген құрылымдық, әрі функционалдық ерекшелігі бар органоидтардың бірлестігі іспеттес тірі материя формасы. Бейнелеп айтқанда, әр клетка өзінше микроәлем. Міне осы күрделі құрылымды терминком, қай білгіштің ұсынуымен екені белгісіз, "жасуша" деп атауды бекітіпті. Сол себептен де осы термин қазақша жазылған көптеген оқу-ғылыми әдебиеттерге ресми түрде еніп отырған жағдай бар.Тағы бір мысал. Мұны айтудың өзі ыңғайсыздау. Өйткені бұған байланысты пікір өзім аса қадірлейтін кісілерге қатысты болып отыр. 1995 жылы тұңғыш рет қазақ тілінде мединституттарға арналған "Адам физиологиясы" оқулығы жарық көрді. Қатты қуандық. Оқыдық. Міне, осыдан барып ойға қалдық. Мәселе ғылыми-оқу материалдарын қазақша баяндаудың орашалақтығында еді. Орысша сөйлегенде де, жазғанда да орыстарыңның өзін жолда қалдыратын ғалымдарымыз қазақшаға келгенде бұл тілдің бай қорынан хабарлары аз екендігін білдіріп алыпты. Термелеп тізбелемегенде, бір мысалды айтпауға болмай тұр. 17-ғасырда француз натуралисі, философы, математигі Р.Декарт жануарлар мен адам іс-әрекетінің механизмін (қалай іске асатынын) түсіндіру үшін латынның "рефлекто" деген сөзін қолданыпты. Бұл түсінік бойынша адам мен жануарлардың барлық әрекеттері рефлекторлық сипатта іске асады. Р.Декарттың осы айтқанын орыстар өз тілінде "все действия животных имеют отраженный характер" деп түсінген. Бұл түсінік дұрыс та. Ал осы "отраженный" сөзі жоғарыда аталған кісілердің жазуынша "тойтарыс" деп алынған. Былай қарасаң "отражение" "тойтарыс" деген мағынада да қолданылады. Бірақ Р.Декарт және орыстар ол сөзді "тойтарыс" деген мағынада қолданбайды. Олардың түсінігінде "отражение" - "шағылысу". Ендеше "отражательные", "рефлекторные" дегендердің ғылыми мағынадағы қазақшасы "шағылысқан" болуы керек. Рефлекторлық іс-әрекеттер – шағылысқан іс-әрекеттер деп алынуы ғылыми да, әдеби де дұрыс. "Тойтарыс" - "отражение" мағынасында соғысып жатқандарға қатысты айтылса жөн.
"Рефлекторлық" деген ұғымға арнайы тоқталып отыруымыздың келесі себебі бар. Бүгінгі таңға дейін өзінің ғылыми-теориялық маңызын сақтап келген рефлекторлық теория орыстың ұлы ғалымдары И.М.Сеченов пен И.П.Павловтың есімдерімен тіркестіріліп аталады. Бұл теорияны жасауда әрі физиология ғылымындағы айрықша еңбегі ерекше бағаланғандығы соншалық, бір кездері бүкіл физиологияны "Павлов физиологиясы" деп те атап жүрді. Өйткені 1950 жылы өткізілген КСРО Ғылым академиясы мен КСРО Медицина ғылымдары Академиясының біріккен мәжілісінің шешімі бойынша, физиология ғылымының барлық салалары бойынша жасалған тұжырымдар мен алынған нәтижелер И.П.Павловтың рефлекторлық теориясының тұрғысынан түгелімен қайта қаралуы, зерделенуі тиіс болған еді. Әрине ол асыра сілтеушілік өз уақытының талабынан туған деп қарағанымызбен, физиология ғылымын дамытудағы И.П.Павлов еңбектері орасан зор екендігін уақыт өшіре алмайды. Осыншалық абырой-атақ алуға себеп болған "рефлекс" ұғымынан туындайтын "рефлекторлық" сөзінің қазақшасы "тойтарыс" болуы, әрине, ақылға сиымсыз.
Мына бір нәрсеге көңіл аудармасқа болмайтын тәрізді. "Адам анатомиясы және физиологиясы" деген орта мектепке арналған оқу пәні бар. Осы пәнді көп жағдайларда "Тән тану" деп атап жүр. Шамасы ботаниканы "Өсімдік тану", Зоологияны "Жануар тану" деп алғандықтан "Адам анатомиясы мен физиологиясын" "Тән тану" деп атау жөн деп ойлаған болулары керек. Бірақ бұл нағыз механистік түсінік. Адам анатомиясын тәнге балауға болар десек, ал оның физиологиясын (тіршілік әрекеттерін, атқаратын қызметтерін) "тәнге" қалай сиғызуға болады. Оның бер жағында тән кез-келген жануарда бар емес пе? Сонда "Тән тану" пәні жануарларға қатысты болуы тиіс қой. Осы және осы тәріздес басқа да "қиғаштықтардың" орын алуы жалғаса берсе оқулықтардың, оқу құралдарының мазмұнына көп нұқсан келетінін түсіну қиынға соқпайды. Ендеше, әлі де кеш емес деп есептеп, оқулықтар жазуға қойылатын талаптардың ғылыми негізделген жүйесін іске асыру мәселесі кезек күттірмейтін міндеттер қатарына жатқаны дұрыс болар еді. Былай қарағанда ондай талаптарды ел, зиялы қауым білмейді де емес. Тек реті келген сәті шығар деп есептеп, кейбір ойға түйгендерді қағаз бетіне түсіріп отырмыз. Сонда, біздің пайымдауымызша, қазақша жазылуға тиісті оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарға қандай талаптар қойылғаны жөн деген сұраққа орай, өте қысқа түрде әрі топтамалап былай деуге болар еді.
Қазақша өте жоғары сауаттылық керек.
Тиісті ғылым саласындағы жеткілікті білімнің болуы.
Орысша және қазақша терминдер, ұғымдар, сөздер мағыналарының бір-біріне толық сәйкес келуі.
Халықаралық мәртебе дәрежесіндегі сөздерді, атаулар мен терминдерді тек өз орындарында, ылғи да бұлжымайтындай түрде қолдануға қол жеткізу. Сөздерді, әсіресе халықаралық мойындалғандарды қолдану жүйесін бірізге түсіру (бір ыңғайға келтіру).
Қазақ тілінде бұрын болмаған сөздер мен терминдердің ғылымдар салалары бойынша тізбесін жасап, олардың мағынасын ғылыми негізделген түрде түсіндіру. Ол үшін тиісті ғылымды жетік білетін, әрі қазақша мейлінше жетік сауаты бар мамандардан топтар құру.
Қарабайырлықтан сауатты ғылыми қазақ тіліне көшуді батыл іске асыру.
Сөз соңында айтылуы тиіс шығар дейтініміз мынадай. Физиология ғылымын жоғары мектептерде (негізінен педагог мамандарды дайындайтын оқу орындарында) қазақша оқытуға байланысты мәселелермен мақала авторларының бірі едәуір уақыт бойы айналысып келеді. Соның кейбір нәтижелерін әр жылдары баспадан шыққан кітаптар атауларынан байқауға болар деп ойлаймыз. Мәселен, "Анатомия, физиолгия және гигиенаны оқытудың кейбір мәселелері" (1970 ж.); "Адам физиологиясы" (1985 ж. Ф.Исмағұловамен бірге); "Адам мен жануарлар физиологиясынан лабораториялық жұмыстар" (1980, 1982 жж. Ж.Демеуовпен бірге); "Қозғыш құрылымдар физиологиясы" (1990); "Нерв жүйесінің физиологиясы" (1992 ж.); "Сенсорлық жүйелер (анализаторлар) физиологиясы" (1994) деп аталатын оқу құралдарының жалпы көлемі 50 баспа табақтай болса, "Адам мен жануарлар физиологиясы" деп аталатын екі томдық оқулықтың (2000 және 2002 жж.) көлемі 45 баспа табақ шамасында. Бұлардың жалғасы іспеттес "Адам мен жануарлар физиологиясынан зертханалық жұмыстар" атауымен оқу-әдістемелік құрал 2009 жылы жарық көрді.
Келтірілген тізбелеуден көрініп тұрғанындай, қозғалып отырған мәселе ауқымында біздің азды-көпті тәжірибеміз бар болғасын, ойда жүрген пікір-ұсыныстарымызбен бөлісуді жөн деп таптық.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына 2012 жылдың 27-ші қаңтарында жолдаған «Әлеуметтік - экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауы
2. Пралиев С.Ж. О необходимости постоянного обсуждения проблем учебника.// В сб.материалов Международной научно-практической конференции «Актуальные вопросы создания современного учебника и учебного книгоиздания в новой информационно-коммуникационной среде».-Алматы, 2010. - с.17-19.
3. Төленбек И.М. Адам мен жануарлар физиологиясы (I-бөлім. Нерв және сенсорлық жүйелер): оқулық. – Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ «Ұлағат» баспасы, 2013. – 400б.
4. Сартаев А., Сәтімбеков Р. Қазіргі заманға лайықты биология оқулықтарын дайындауда ұлттық ұғымдарды енгізіудің дүниетанымдық және тәрбиелік мәні.// «Жаңа ақпараттық коммуникациялық ортада қазіргі заман оқулығын дайындаудың және оқу кітабын басып шығарудың өзекті мәселелері» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары.-Алматы,2010. – 177-179б.
Достарыңызбен бөлісу: |