16.08.2012 | Айдары: Аймақ
Тамылжыған тамыз айында Жайықтың жағасында орналасқан Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінің жанындағы «Нива» спорттық-сауықтыру кешенінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген белсенді жастар «Болашақ – жастардың қолында» атты жазғы республикалық студенттік лагерінде бас қосты.
Білім және ғылым министрілігінің қолдауымен «Қазақстан студенттер Альянсы» студенттік қозғалысының ұйымдастырған жазғы республикалық студенттік лагерьдің салтанатты түрде ашылу рәсіміне Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрам Бегентаев, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ректоры, профессор Қазыбай Бозымов және аймақтық «Жас Отан» жастар қанатының бөлім бастығы Ерболат Исақов арнайы қатысты.
Лагерьдің ашылу салтанаты Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласын талқылау аясында өтті. Кездесу барысында бүгінгі студент-жастарымызға беріліп жатқан білімнің сапасы, болашақта кәсіби маман ретінде қалыптасуы сөз болып, жалпы қоғамдық-саяси, әлеуметтік өмірдегі жастардың белсенділіктерін көтеру мәселесі талқыланды. Әсіресе, ауыл жастарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру тақырыбында әңгіме өрбіді. Сол сияқты «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңның жүзеге асырылу бағытындағы тапсырмалар да талқыға салынды.
Отырыс соңынан лагерьге қатысушылар топ-топқа бөлініп, өзара сайысты. Оларға сайыс ережесі таныс-тырылып, түрлі тапсырмалар жүктелді. Дегенмен, алғыр жастар бірінен-бірі қалыспай, танымдық ойындардан да қабілетсіз емес екендіктерін көрсетті. Ал кешкісін оралдық өнерпаздар қонақтарға арнап әннен шашу шашты. БҚАТУ-дың өнерлі жігіттерінен құрылған ұлт аспаптар ансамблі қазақ күйлерін күмбірлетіп, биші қыздар мың бұрала билеп, жиналғандарға керемет көңіл күй сыйлады.
Бір аптаға жуық уақыт бойы лагерьде демалып, бір-бірімен еркін пікірлесіп, тәжірибелерімен бөліскен белсенділер студенттік жазғы лагерьдің жабылуы салтанатын да ерекше жағдайда атап өтті. Дәстүрлі жазғы республикалық студенттік лагерьге арнайы Қырғыз елінен келген студенттер атынан Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы Басқару Академиясының жастар жетекшісі Жалын Жээналиев «Студенттер Альянсы» республикалық студенттік қозғалысының көшбасшысы Шыңғыс Бескемпіровтің иығына шапан жапты. Сонымен қатар, оңтүстік аймақтан келген көшбасшылар ұйымдастырушы топқа алғыстарын білдіріп, естелік сыйлықтарын табыс етті.
Қазақстандық белсенділердің ғана емес, көршілес Қырғыз елінің де жалынды жастарын бір арнаға тоғытқан келелі шарадан қатысушылар зор әсерде тарады.
Мұратбек Ержақыпов,
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ
Жастар ісі жөніндегі бөлімнің жетекшісі
Достарыңызбен бөлісу: |