ЖЫР ЖАМПОЗЫ
Қашанда халық арасынан өнерімен елді сүйсіндірген адамдар шығып отырған. Олар елді қиын-қыстау шағында қиыншылықтан шығуға қол ұшын берумен қатар, рухани тірегі бола білді. Ел мақтанышына айналып отырды.
Қазақ халқы өнерге, өнер адамдарына кенде болмаған. Тарих түкпіріне көз салсақ көне әдебиет өкілдері, жыраулар қазақтың бай ауыз әдебиеті мен халықтық поэзияның пайда болуына, қалыптасуына, біздің заманымызға жетуіне мұрындық болып келді. Соның бірі және бірегейі - бүгінгі күні 160 жылдығын тойлап отырған жерлесіміз, мақтанышымыз әйгілі Жамбыл ақын.
Жамбылдың кіндік қаны тамған, балалық шағы өткен жері көне Әулиеата өңірі әрдайым Жамбыл есімін мақтан тұтады. Жастайынан кедейліктің құрсауында жүріп, оның ащы дәмін молынан татса да тәңірі сыйлаған ақындық дарынының арқасында ел еркесіне айнала білді. Айтыс өнерінің падишасы Сүйінбай ақынның батасы Жамбыл үшін шыбыққа тамған тамшыдай нәр бергені анық. Сондықтан Жамбыл әр өнер сайысында:
Менің пірім Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сиынбай,
– деп өзінің рухани тірек көзін жасырмай айтып келді.
Жамбыл екі ғасырдың басын бір ортаға қиыстырып ұстаған ақын. Сондықтан оның творчествосынан 19-20 ғасырдағы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, тынысын, заман шындығын анық байқаймыз.
Жамбылдың өмірі, шығармашылық жолы әр жылдары әдебиеттану ғылымының басты объектілерінің бірі болып келді. Белгілі әдебиетші ғалымдар М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, С.Мұқанов, С.Садырбаев, М.Жолдасбеков және т.б. ғалымдар Жамбылдың поэзиясына жан-жақты талдау жасай келе, қазақ халық поэзиясына қосқан үлесіне әділ баға берді.
Жамбылдың поэзиясы оның көзі тірісінде-ақ қазақ шекарасынан асып, бүкіл әлемге қазақ деген елдің бар екендігін паш еткен поэзия болды. Әйгілі ақынның 75 жылдығына орай француз халқының классигі Ромен Ролланның «Батыстағы Альпі тауларының жүрегінен қазақ далаларының жүрегіне – қазақ халқымен осы заманғы адамзаттың жыршысы Жамбылға туысқандық сәлем!» деп үн қатуы тек Жамбылға ғана емес, қазақ поэзиясына сүйсінуден туғандығын айта кеткен жөн.
Жамбылдың осындай биік дәрәжеге көтерілуіне басты себеп неде деген сұраққа жауап табудың өзі қиын. Әйткенмен ақынның ақындығы оның турашылдығында, халықтығында дегеніміз дұрыс шығар. Жамбыл әруақта өзін қадір тұтқан сүйікті халқының ортасында болды. Соның сойылын соғып, жыртысын жыртты. Ел әкімдеріне жағынып, тамақ асыраған емес. Дүние жолын қуып, байлық та жиған жоқ. Мәселен 1913 жылы Романовтар әулетінің 300 жылдық мерейтойына орай Верный қаласында ұйымдастырылған мерекеде жағымпаз әкім-қаралардың әрекетін көріп жиіркенеді. Отаршыл патшаның тойына қатысудан, оны мақтап жыр шығарудан бас тартады. Билік басындағылардың сойылынан қаймықпай:
Жапырылып иірілдің
Келтірдіңдер намысты,
Бек қорланып күйіндім,
Бүйтіп қызық көргенше,
Өзі жақсы үйімнің
– дейді ақын.
Ақынның мекені халық ортасы болса, жыр арқауы - тарих. Жамбыл бір ғасыр ғұмырында небір тарихи өзгерістерді басынан өткерді. Қоқан хандығының, орыс патшасының езгісі, Кеңес өкіметінің солақай саясаты, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылғы Қазан төңкерілісі, 1932-35 жылдардағы ашаршылық, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін, 1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы ақынның ғұмырнамасын құрайды. Қарап отырсақ бір адамның ғұмыры үшін аз оқиғалар тізбегі емес. Ақын осы тарихи өзгерістер тұсында өсті, дамыды, шыңдалды.
Тарихи оқиғалар Жамбыл ақынның негізгі азық көзі. Оның творчествосында қазақ даласында өтіп жатқан тарих өткелдерінің барлығы дерлік жырланып отырады. 18 ғасырдағы Жоңғарларға қарсы соғысты жырлайтын «Өтеген батыр» дастаны мен 19 ғасырдағы Қоқан хандығына қарсы жырланатын «Сұраншы батыр» дастаны қазақ тарихи жырларының алтын қорынан орын алатын құнды мұра екендігі даусыз. Аталмыш тарихи жырларда ақын қазақ елінің іргесін сөгіп, жерін иемденіп, елін құлдыққа ұстауға дәмеленген сыртқы жауларға қарсы атойлап ұрыс салған қазақ батырларының образын сомдады. Өтеген мен Сұраншы сияқты батырлар бейнесі арқылы талайлаған ғасырлар елім деп еңіреген ер азаматтардың бейнесін танимыз. Бұл тек қана тарихи жыр емес, сонымен қатар бодандыққа қарсы күреске шақыратын, халықтың рухын оятатын ұлттық ұран десе де болғандай.
1916 жыл қазақ халқы үшін оңайға соққан жоқ. Ресей патшасы өз уәдесінен өзі айнып, қазақ ұлтынан майданға әскер жинауға күшпен кірісті. Мұндай сорақалыққа шыдамаған қазақ батырлары тағы да ақ білектің күшіне, ақ найзаның ұшына сиынбақшы болды. Тағы да қан төгілді. Тағы да халық жылады. Қара халықтың күйзелісіне шыдамаған Жамбыл жырға кезек беріп опасыз патшаның озбыр әрекетіне түйдек-түйдек жыр арнады. «Зілді бұйрық», «Патша әмірі тарылды», «Халық кегі» сияқты осы кезде туындаған өлеңдер отаршыл езгіге қарсы айтылған елдің үні болатын.
Жамбылдың ақындық құдіреті мен кісілік келбеті үлгі боларлық қасиетке толы. Оның бір айғағы 1937 жылы Әулиеата қаласына Жамбыл есімі берілгенде көне көз қария ата-баба дәстүрімен:
Атыңнан айналайын Әулиеата,
Атыңды ап қойды деп болма қапа,
- деп Әулиеата аруағынан кешірім сұраған болатын.
Тарихтың аумалы-төкпелі тұстарынан хабардар қарт жыраудың ел алдындағы ерлігі мен кісілігі бұнымен бітпейді. 1941 жылы неміс басқыншылары тұтқиылдан тап бергенде Жамбыл 96 жасқа келіп, шал тартқан болатын. Соған қарамастан даланың кәрі қыраны қос қанатын қомдап соңғы айқасқа тайсалмай кірісіп те кетті. Оның соғысы қарумен емес сөзбен, білекпен емес жүрекпен болатын. Сол кездегі КСРО-ның екінші астанасы саналатын Ленинград қоршауда қалып, қиян-кескі ұрыс даласына қазақ сахарасынан «Ленинградтық өрендерім» деп үн қатуы соның айғағы. Бұл жөнінде орыс ақыны А.Прокофьев былай деп жазды. «Жамбылдың «Ленингардтық өрендерім» деген жырын жариялаған кез Ленинград халінің аса бір ауыр шағы еді. Міне, осындай халде Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» деген жыры газеттерде жарияланды. Халықтың рухын көтеруде ерекше күшті көрінген бұл жырды Ленинградтың радиосы күніне әлденеше рет оқып тұрды. Жыр ірі әріптермен теріліп, көшелерде плакат болып ілінді. Сол плакатты үймелесіп, оқысып, көздерінен жастары сорғалаған талай адамдарды көрдім. Немістердің самолеттері төбеде ұшып, бомба тастап жүргенде, онан қашып тығылудың орнына, Жамбылдың жыры басылған газетті сатып алуға, көшедегі киоскілерде кезекте тұрған адамдарды талай көрдім». Ақынның «Ленинградтық өренім» өлеңі соғыс майданында қан кешіп жүрген сандаған ұлттардың жігерін қайрап, «Жеңіс» деген бір ғана ұғымға итермелеген ақынның ұраны болатын. Демек, жырауды Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен батырлар мен қолбасшылардың қатарына қоя айтатын болсақ тарихи әділдіктің белгісі дер едім.
Жамбылдың қазақ мұрасы сан-алуан қырлылығымен ерекшеленеді. Ақынның айтыс өнерінің дамуына қосқан үлесі өз алдына бір төбе. Әр жылдары Жамбылдың Бөлтірік, Құлмамбет, Сарбас, Досмағамбет, Шашубай сияқты ақындармен айтысы қазақ айтыс өнеріндегі шоқтығы биік өнер сайысы болды. Елінің бірлігін, ұлттық қасиеттерді, батырлық дәстүрді, қоғам қайшылығын паш ететін ақынның сөз сайысындағы ұстанымы айтыстағы соны жаңалығымен ерекшеленеді.
Жамбыл қаласы 1997 жылы Елбасының арнайы Жарлығымен Тараз қаласы болып өзгергені мәлім. Бірақ Жамбылдың есімі қаладан алынса да облыстың аты қалдырылды. Мұның өзі жамбылдықтар үшін ұлы есімнің ел есінде мәңгі сақталғандығын білдіреді.
Жамбыл қазақ елінің маңдайына біткен шоқтығы биік жұлдыз. Оның сәулесі жылдар өткен сайын нұрланып, ғасырлар өткен сайын ұрпаққа сәулесін төгері анық.
ХХІ ғасыр көгінде тұрып Жамбылдың ақындық қасиеті мен кісілік келбетіне тағзым етеміз. Оның артында қалған тағлымы мол мұрасынан алғанымыздан алатынымыз мол. Сөз соңында Ақынның өзі көрсеткен жолымен:
Атыңнан айналайын Жамбыл ата,
Атымды өзгерттің деп болма қапа,
- демекшіміз.
Мұның өзі келешек ұрпақтар мен замандастарымыздың алдындағы үлкен міндет пен борышымыз демекпін.
Достарыңызбен бөлісу: |