ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Филология институты
Академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы
СӨЖ
Тақырып: “Кісен ашқан”,”Қыран дала”,”Сел”,”Мен-қазақпын”поэмаларының тақырыптық-идеялық ерекшеліктері мен көркемдік сипаты.
6В017 - "Қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығы
4 курс, 406 - топ
Орындаған: Қлышбек Қымбат
Жұбан Молдағалиев (1920-1988) - ірі эпик ақын, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы 1920 жылы Орал облысының Тайпақ ауданы, Жыланды деген жерде дүниеге келді. Жетіжылдық мектепте, Орал ауыл шаруашылығы техникумында, әскери-саяси курстарда білім алды. 1940-47 жылдары әскер қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Тұңғыш өлеңдер жинағы Жеңіс жырлары атымен жарық көрді. Соғыстан кейін баспасөзде, Қазақстан Жазушылар Одағында басшылық қызмет атқарды. КСРО Министрлер Кеңесінің Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі коллегиясының мүшесі болды. Алғаш 1939 жылы газет бетіне басылған өлеңінен бергі жылдар ішінде алпыстан астам кітабы жарық көрді. Кісен ашқан, Қыран дала, Сел, Мен - қазақпын поэмалары үшін ең жоғарғы Мемлекеттік сыйлықтармен марапатталды. Шығармалары ағылшын, неміс, француз, поляк, испан, венгр, араб, монгол тілдеріне аударылған. 1986 жылы Жазушылар одағында Г.В.Колбинмен өткен кездесуде басын қатерге тіге отырып, жастар қозғалысын қолдады. Ақын қазақ халқының тарихы туралы Мен - қазақпын атты толғауында халқының атынан мінбеге шығып сөйлей отырып, тарихи шындықты, халықтың эпикалық өмірін кестеледі. Сан түрлі тақырыптағы лирикалық шығармаларында туған жер, Отан, өз ұлтына деген сүйіспеншілік, қазақ тілі, оның тағдыры, ана, әйел, махаббат, соғыс және бейбітшілік, замандастар бейнесін арқау етті.
Жұбан Молдағалиев – шығармашылығы негізінен Ұлы Отан соғысына жылдарымен,қилы кезең өткелдерімен тұспа-тұс келген тұлғаларымзды бірегейі.Сондықтан,оның жырлары негізінен, ерлікке Отан сүюшілік сезімге, жеңіске деген сенімге толы келеді. Туған елге, ата-анаға, жер мен балаған деген сағыныш сезімі олардың лиркалық жырларын отызыншы жылдардың патетикалық сарынынан саналы түрде бой тартуға итермелеп, шынай көңіл-күйдің сырын кеңірек ашуға баулыды.Алғашы жырларынан-ақ Жұбан жалаң ұраншылдыққа, науқаншылдыққа берілмей, әр жағдайдағы адамның шынайы көңіл-күйін, сезімін суреттеуге, шындықты жадайғай емес, сурет арқылы тануға ұмтылды.Жақсы лирикалық өлеңдер жазған Жұбанның эпикалық таланты басым еді. Одан қалған поэмалар стильдік, жанрлық үлгілері жағынан әр алуан және қазақтың эпикалық поэзиясын биікке көтеріп, жаңа саламен байытқан туындылар қатарына кіреді. Заман құбылыстарына сергек қарап,.ақындық-азаматтық белсенділігі мен парасаттылығынан танбаған ақын өлең-жырларында да сол позицияны мықты ұстанған. Содан болар, оның поэмалары қашанда биік деңгейден көрініп, мемлекеттік сыйлықтардан құр қалмаған.Үздік туындылары ретінде “Кісен ашқан”,”Қыран дала”,”Сел”,”Мен-қазақпын” поэмаларын жатқызуға болады.
1969 жылы жарық көрген “Кісен ашқан”поэмасында Құрманғазының осы аттас күйіне құлақ қойып, ой жібере отырып, өскен өнер, өркендеген халық тағдыры баяндалған.
Жалынды ақын Жұбан Молдағалиев Құрманғазының бұл күйі туралы:
“Кісен ашқан” – күйдің аты,
Күй иесі – Құрманғазы.
“Кісен ашқан” – сыйдың аты,
Сый иесі – Құрманғазы, – деп күйші тағдырын жырға қосқан.
Оның ақындық өнерін айқын танытқан бұл шығармасына Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығы 1970 жылы берілді.
1970 жылы Жұбан Молдағалиевтың таңдамалы шығармаларының 2 томдығы жарық көрді. Жұбан Молдағалиев көркем аударма мен публицистика саласында да жемісті еңбек етіп келеді. Бірсыпыра шығармалары: ағылшын, неміс, араб, испан, поляк, моңғол, француз, венгр және басқа шетел тілдерінде басылып шықты.
Жұбан Молдағалиевтің ақындық даңқын көтеріп, есімін әлемге мойындатқан шығармасы – “Мен – қазақпын” поэмасы. Поэмада ақын:
Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске –
Айта бергім, келеді айта бергім, –
деп, қазақ халқының ерлік дәстүрін, рухының жоғарылығын, елі мен жерін, адамдары жайлы бейнелі пафосты жыр төккен. Исатай найзасы боп жарқылдап, Махамбет, Шоқан, Абай боп тіл қатқан, Қаныш, Сәкен, Күләш, Жамбыл сынды біртуар тұлғаларын мақтан тұтқан. «Мен – қазақпын» деп саңқылдап, қазақ халқының ары мен намысын, ұлттық дәстүрі мен салтын, ұлттығы мен халықтығын сақтап қалуға өз үнін қосқан.
Бұл поэмада ақын қазақ халқының өткен өмірі мен тағдыры жайлы лирикалық-публицистикалық стильде толғана жырлады. Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін ашуда, оның ерлік дәстүрі, туған жер мен ел, оның байлығы, адамдары жайлы асқақтата көркемдеп жырлай білді.
Өзінің «қазақ» екенін ағынан жарыла ерекше шабытпен жырлауы — оның ерлігінің бір көрінісі десек қателеспейміз.
“Қазақ болу — зор бақыт”дер күн тіпті… — деген өлең жолдары бүгінгі «егемендікті» жыр еткендей әсерге бөлейді. Ақын болашаққа сенеді. Сондықтан да ол ақынша желпіне, көңіл күйдің ырқына беріле жырлайды.
Ақынның азаматтық ұстанымдары публицистикалық сипатта келіп, адамға қажет ой толғаныстарға, қасиет құндылықтарға толы.
Жұбан Молдағалиев өмір шындығының әр саласына терең үңіле отырып, жетпісінші жылдары “Қыран дала”,”Сел”, “Байқоңыр баспалдақтары”атты поэмалар жазды. Мұнда жаңа деректерге сүйенген ақын, заман шындығын, адамдардың ерлік істерін суреттейді. Халықтың бейбіт өмірдегі тыныс-тіршілігін айқындап, тарихи салыстырулар арқылы өткен өмір және болашақ жайлы толғаныстарын, өз ойларын толық ашып көрсетеді. Эпикалык поэма үлгісін жалғастырып, толықтыра түскен ақынның қай поэмасы болмасын, қызық сюжетті, оқиғалы болып келеді.
“Қыран дала” – қанатты қазақ елінің бейнесі. Жұбан оны “Халықтарды қанатына мінгізіп бара жатқан» қыран бейнесінде таниды. Сол даланың кешегі, бүгінгі тарихын салыстырмалы суреттер арқылы елестетіп, ақын халық тарихының белгілі бір кезеңі шежіресін жасайды. Поэманың басты кейіпкері Тыңбай – бақытын осы далада тапқан еңбек адамы.
Ал “Сел” поэмасында адам ерлігінің басқа бір қыры – табиғаттың дүлей күшімен күрескен адамдар еңбегі суреттеледі. Оның негізіне өмірде болған шын оқиға – 1973 жылы Алматыда Медеу шатқалында болған сел апаты оқиғасы алынған. Осы дүлей апатты бөгеп, тасқынға таумен бөгет тұрғызған адам күші – поэманың басты кейіпкері болып табылады. Салыстырмалы суреттер арқылы берілетін ескі Алматыдағы тасқын мен жаңа апаттың көріністері ақынның суреткерлік жолындағы ірі табысы деп санауға лайық. Үйдей тасты ырғытып, «сиқыршының шарындай қақпақыл қып келе жатқан» күштің қаһарын елестетеді. Осыны тоқтатқан адам күшін жырлайды. Табиғат селін адам еңбегінің селі, табиғат тасқынын адам күшінің тасқыны тоқтатады. Сол арқылы ақын бірі – қиратушы, бүлікші, екіншісі – оны тоқтатушы, жөндеуші, құрылысшы – екі күштің тартысын бейнелейді.
«Байқоңыр баспалдақтары» да осы поэмалардың заңды жалғасы. Мұнда ақын еліміздегі ғылыми-техникалық прогрестің орнығуын, ондағы жаңа адамдардың еңбегін мадақтайды. Бұл поэмалар адам мен табиғатты, болмысты игеру проблемаларын нақты дәуірлік оқиғалар арқылы ашып көрсетуде ұлттық әдебиетімізде белгілі із қалдырды. Ол адамға, оның күшіне сендіреді, оның шексіздігін көрсетеді, дамудың мәңгілік сипатына жаңа сапалық белгілер қосады.
Қорытындылай келгенде,Жұбан Молдағалиевтің эпикалық туындылары кең құлашты ақындық пафоспен, өмір шындығының терең суреттерімен, төкпе ақындық дәстүрімен туыстас.
Ол халық өмірінің тарихи өзгерістер легінде суреттеп, тарихи ой-санадағы жаңалықтарды салыстыра бейнелеудегі, төкпе шабытты содан алды. Ақынды тынымсыз еңбек өсірді, жетілдірді. Еңбекшілдіктің, үздіксіз ізденістің арқасында биік ақындық мәдениетке көтерілді. Аз сөзге көп мағынаны сыйғызуға үйренді. Көркем сөздің қоғамдық мәнін көтерісіп, жаңа ұрпақты азаматтыққа, адамдық жақсы мінез-құлыққа тәрбиелеуге мол үлес қосты.
"Мен кемеңгерлер мен ұстаздарға бас иемін. Кітаптарым орыс және басқа халықтардың тілдерінде талай рет шықты. Сол үшін менің жан жүрегім аудармашыларға, қаламдас достарыма деген алғыс сезімге толы және оларға көп қарыздармын деп білемін", - дейді ол өз естелігінде.
Қазақ сөз өнерінің майталман шебері, сирек талант иесі, көркем сөз зергері, халық жазушысы Ғабит Мүсірепов ақынның талантын мойындайды.
"Ақын Жұбан бүгінгі күннің ең өзекті мәселелеріне жедел үн қосып отыратын, соның өзінде де шығармаларынан асығыстық ақауы кездеспейтін алымды талант", - дейді Мүсірепов.
Достарыңызбен бөлісу: |