Шындалиева М.Б.
университетінің доценті, филология
ғылымдарының кандидаты
Оқиғалы очерк
Оқиғалы очерк қазақ әдебиетінде көрнекті орын алатын очерктің белсенді түрі. Себебі әрдайым жазуға лайық ғажайып оқиғалар болып жатады және оқырмандарға эмоциялық әсер беру қызметін де атқарады. Бұл туралы Төлеубай Ыдырысов: «Очерктің бұл түрінің «оқиғалы» деп аталуы әсте бірыңғай оқиғаны суреттеу деген сөз емес. Очерктің бәрінде де негізгі кейіпкер болып еңбек адамы алынатыны сияқты бұл түрдің де түп қазығы - адам» [1,88],- дейді. Жазушылар өмірде болып жатқан ғажайып оқиғалардың куәгері ғана болып қоймайды, қаламгер тіліне тиек, шығармасына арқау етіп өзі куә болған оқиғаларды алады. Оқиғалы очеркте де көркемдік элементтермен қатар, деректер, авторлық шегініс, публицистикалық ой мен түйін қатар жүреді.
Қазақ жазушыларының оқиғалы очерктерінің қайсысын алсақ та қазақ елінің тұрмыс-тіршілігін, кең байтақ өлке, небір батыр, қарапайым адамдар туралы, олардың басынан кешкен оқиғалар, талай қызық тағдырлар жайлы толғайды. Өмір құбылыстарын үңіле зерттеген очеркистер жаңалық пен жақсылықтың жаршысы болу мақсатында оқиғалы, мазмұны тартымды очерктерді өмірге әкеліп отырған.
І.Жансүгіровтің 1923 жылы жазған «Қойшы мен аэроплан», 1924 жылы жызған «Батырақ» очерктері бас-аяғы жинақы, артық оқиға, артық адамы жоқ, пісіп-жетілген шығармалар. Сол кездегі қазақ аулындағы Бәкен сияқты қарапайым адамдар санасының өсуін, жазушы ауылдағы жаңа өмір көріністерін ойдым-ойдым әдемі оқиғалар арқылы суреттейді. І.Жансүгіровтің көркем очерктері туралы ғалым М.Дүйсенов: «І.Жансүгіров хабар ретінде жазылатын жалаң очеркке ден қоймай, көркем очерк жазуға талаптанған, бұл талабы жеміссіз болмаған. Әңгіме-очерктерінің сәтті шыққандарының композициялық тұтастығы берік, сюжеттік желісі тұтас, суреттеу, бейнелеу жағынан да кәдімгі көркем шығармалар талаптарына жауап бере алады» [2,46],-деп оң баға береді. Шынында да жазушы көркем очерктерімен танысқанда оқиғалы очерктер жазуға ұста екеніне көз жеткізгендей болдық.
Б.Майлиннің «Боранбайдың бірінші адымы» очеркі оқиғалы сюжетке құрылған, тақырыбы мен көркемдік қасиеті тепе-тең. Қарағандыда қара алтынды ағылшындар иемденіп тұрғанда ел басшылары жұмысшымен ісі болмай, подрядчиктер жұмысшыларды таяқпен айдағанын, үйдегі шиеттей бала-шағаны асырау үшін көрдей қараңғы шахтада жұмыс істеген шахтерлер өмірі оқиғаға желі болған. Боранбайдың әкесі көрген бейнет очеркте былай суреттеледі: «... денелі келген қартаң кісі қою қара сақалы ұйысып, екі иінінен дем алып, көптің бірі болып, көмірмен алысып жүр. Маңдайынан шұбырған тер көмір күлімен баттасып, екі көзі ғана жалтырайды» [3,125],- деп бейнетті қазақ өмірінің бір сәтін көрсеткен жазушы бала Боранбайдың әкесін соққыға жыққан ағылшынды өз көзімен көрген оқиғасын баяндай келе, Баянды, Тілеубердімен қақтығыстарын, зорлыққа бас имей, қиянатқа қарсы тұра алатынын, Боранбай кейіннен дұрыс, адал азамат болғанын нанымды әңгімелейді. Қарағандының жаңа Боранбайын үлгі етерліктей етіп тебірене жазған жазушы әке өмірінен көріністер беріп, оқиға желісін Боранбайдың кешегі мен бүгінгі тағдырын байланыстыра үдетіп отырған.
Қасым Аманжоловтың «Естен қалмас бір оқиға» атты очеркі жауынгер жазушының соғыс кезінде басынан кешкен оқиғаларына арналған. Ұлы Отан соғысы кезінде үгітшілік жұмысқа аттанып, жол-жөнекей Москва қаласында Қазақбаевпен, Мұқановпен кездесулерін әсерлі баяндаған.
«Ендігі бір сәтте алдымдағы переулоктан бір адам шықты да, менің алдыма түсіп, кете барды. Қуып жеттім, сыртынан байқасам – Сәбит!
Сәке! – дедім мен. Менің осы үнім не көктен, не жерден шыққанын
білмей қалды-ау деймін, Сәбит жалт қарап, біраз кідіріп тұрып қалды. Кенет есін жиған кісідей:
Ойбай-ау, Қасым! – деді де, мол денесімен тарпа бас салып,
құшақтап алып, сүймесі бар ма мені. Мен көңілім бұзылып кетті. «Бақытты екенмін» деп ойладым мен»[4,48] деген үзіндіден бұл оқиғаның шын өмірде болғанын, Сәбиттің өзіне ғана тән, басқаға ұқсамайтын мінездерін даралап, өз басынан кешкен оқиғаны очеркист қаз-қалпында баяндайды. Қасым Аманжоловтың бұл оқиғалы очеркі 1944 жылы жазылған, белгісіз себептермен аяқталмай қалған.
Очеркистің «Айқасу» атты очеркі де болған оқиға ізімен жазылған
және онда қызыл партизандар өмірінен, басынан кешкен қызғылықты оқиғалар тізбегін, сол кездегі шолғыншылар қызметін, ақтармен күресін, жаулардың өз еркімен берілуі қезең-кезеңмен жазады.
Жазушы Зейнолла Қабдолов «Жамал» [5] очеркін «Өлімді жеңген ана» шығармасынан үзінді беру арқылы бастайды. Очеркистің басты кейіпкері өмірде болған, күйеуін соғысқа аттандырып, екі жасар сәбиімен қалған Жамалмен автор өз әкесін майданға шығарып салғанда алғаш көргенін, одан кейінгі ауыр бейнетін, қоштасудың қиын сәттерін сенімді сезіммен әңгімелейді. Очерктің композициясы шебер қиысқан, бейнеленіп отырған оқиғалары үзілмей, табиғат суреттері мен адамның көңіл-күйі астасып жатады. Енді қоштасып болғанда, аспан күңіреніп, өзеннің теңізге құяр сағасындағы зеңбіректер зіркілдей бастағаны, жұрт ортасында қанға боялған әйел, бауырындағы сәбиді ажалдан құтқарған ана бейнесі шынайы шыққан. Бұл көлемі шағын оқиғалы очерк сырттай ықшам көрінгенімен жеке адамның тағдырын әлеуметтік түйінге жетелеп, мемлекет мүддесімен ұштастырған. Бұл жерде автор жадағай суреттеуге бармай, өз кейіпкерінің соғыс алдындағы, соғыс кезіндегі, соғыстан кейінге көңіл-күйін, ой сандығын ашып, қаһарманның жан-дүниесіне бойлайды. Мұнай қайнарын бақылаушы Жамалдың ендігі тұрағы үй емес, мұнай мұнаралары болғанын, осы іс-әрекетімен дұшпан еңсесін басқан ер, өр әйелдің бейнесі сәтті шыққан. Жазушы он бес жыл өткеннен кейінгі Жамал өмірін сырға да жырға да лайық деп баға береді. З.Қабдоловтың «Жамал» очеркі реалистік стильде жазылған, тосын оқиғаларымен байланысты сөз кестелері де өткір, характерлері заңды түрде дамып отырған, соғыс кезіндегі қарапайым қазақ әйелінің жан дүниесіндегі рухани өзгерістерді сәтті ашқан, өмір құбылыстарын үңіле зерттеген шығармасы. Очерктің негізгі идеясы – адамдағы бар жақсылық күннің көзі мен ананың сүтінен алынған қасиет дегенге бағындырады.
З.Қабдоловтың «Орақ үстінде» оқиғалы очеркі былай басталады: «Түн ортасы тақау. Ай батқалы әлдеқашан. Аспанның алыс шалғайында – сонау Қызылжар үстінде көшкен керуеннің жұртында қалған сексеуіл шоқтарындай жылтырап бір шоғыр жұлдыз тұр. Басқа тұстың бәрі түнек, меңіреу» [5,89]. Осы кішкентай алымды пейзажбен басталған очерктің лейтмотиві ретінде оқиға сырын ашады. Астық жинау науқанындағы қарбаластар, адамдардың бір-бірімен қақтығыстары, іскер басшы Петр Яковлевич Филиппенконың ұйымдастыру жұмысындағы келбеті суреттеледі. Аудан еңбекшілерін егін науқанына ұйымдастыру жағынан, өз қарамағындағы Цимбалюк, Абдуллин сияқты қарапайым адамдардың еңбегін бірінші басшының бағалауы, әртүрлі колхоздарды аралағанда олардың жетістіктерін көре білуі очерктің бояуын қалыңдатып, эстетикалық әсерін күшейтіп тұр. Автор әр оқиғаны сюжеттік желімен берік қабыстырып, композициясын ширата түскен. Очерктегі суреттелетін көріністер мен эпизодтар негізгі оқиғаны айқындай түсуге бағытталғандықтан бірінші хатшы П.Я.Филиппенко образы мейлінше толыққанды, нанымды шыққан. Бұл оқиғалы очерк баяндау тәсілімен жазылған, көріністерді толықтыру қажет болған жағдайда лирикалық шегіністерге де жол беріп отырған. Басты кейіпкердің өсу жолдарын, өмір өткелдерін очеркист толық суреттеп жатпайды, оның қажеті де жоқ. Очерктің логикалық мотивировкасы егіс даласындағы екпінді еңбек, жеңістер, ел қамын жеген ерлер туралы әңгімелеп, очерк геройлары тағдырына очеркист ортақтасып отырады.
М.Әлімбаевтың «Елдіктің туын көтеріп» оқиғалы очеркі қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевқа арналған. Очерк Ұлы Отан соғысы оқиғаларының сырын ашуға, батырдың басынан кешкен оқиғаларлды байыппен баяндауға арналған. Жазушы өмірінде талай тарландармен сапарлас, дәмдес, мәжілістес болғанын айта келе, бірден 1977 жылдың ақпанындағы жамбылдықтардың шақыруымен Рақымжан екеуінің жолға шыққандағы оқиғасынан бастайды.
Жолға шығатын күні Рақымжан Қошқарбаев кешігіп келген себебін былай түсіндіреді:
« - Ойбай-ай, бәрінен құры қалдым-ау!
- Әу, қайда қаңғып жүрсің?
- Сендер сұрамаңдар, мен айтпайын.
- Е, не болды?
- Дәнеңе де болған жоқ.
- Енді қайда жүрсің?
- «Каменское плато» курортынан жаңа ғана шықтым.
Демалушылармен кездесіп... сөйлеп.... өзің білесің.
Сапарға шығатыныңды ұмытқансың ғой.
Ұмытсам, келем бе? Анау көкірек ауруына шалдығып, пұшайман болып
жүрген бишаралар екінші рет Алматыға жолы түсіп келері қашан?! Сондайлардың меселін қалай қайтарасың? Әй, сендер өздерің ауырмаған соң, сырқағандардың зарығуын қайдан білесіңдер?!» [139,7],- деген диалогтан батырдың жайма шуақ мінез-құлқының психологиялық штрихтарын толық көрсеміз. Очерктің бар мазмұны болған оқиға ізі суымай тұрған кезде жазылған. Шынайы өмірдің өзі куә болған көріністерге арқа сүйей отырып жазған Әзілхан Нұршайықов құры суреттеу, жадағай баяндаумен әуестеніп кетпейді, керісінше шығарма өзегі етіп батырдың Рейхстахқа ту тігуін, ерлікке толы өмірін, ішкі жан-дүниесін, қоғамдық маңызы бар істерге араласуын ашып көрсете алған. Батыр бейнесін: «Рақымжан - әзілкеш, моюды білмейтін, қылжақсыз жүрмейтін кісі. Оның өткір күллілі, шақпа әңгімелері бірсыпыра. Солардың ауызша ғана, аз ғана топ ортасында айтылатыны да жетерлік, кітап бетіне түсерлік құндысы да аз емес» [139,17],- деп әңгімелей келе, Қошқарбаев аузынан тараған күлдіргі әңгімелердің көп екендігін тілге тиек етеді.
М.Әлімбаевтың шығармашылығында соғыс тақырыбы едәуір орын алған. Қазақ әдебиетіндегі соғыс тақырыбындағы очерктерді жазушылар ішінде өндіріп жазған да осы Әлімбаев. Оның очерктерінің кейіпкерлері қатарлас, қаламдас, өз ортасынан шыққандар. Соғыс өмірінің ащы-тұщысынан дәм татып, басынан кешірген Мұзафар Әлімбаев «Хас батыр Қасым Қайсенов» оқиғасы очеркі де тартымды.
Мұзафар Әлімбаев – психолог очеркші. Ол өз кейіпкерлерінің сырт келбетін суреттеумен шектеліп қалмай, ішкі дүние, жан сырын да ашып отырады. Бұл очерктегі жарқ ете түсетін, оқушыны баурап алатын шағын психологиялық көріністердің өзін шығарманың өзекті тұтқасы деп тануға мәжбүр боласың. Ұлы Отан соғысының батыры Б.Момышұлы науқастанып, ауруханада жатқанда Қ.Қайсенов көңіл сұрай барғанын былай баяндайды:
«Баукеңе партизан ағай:
- Қасым ауруханадағы ағасына келіп, алақанын сипап, бетінен сүйе алмай, ол несіне кісі болып жүреді, - депті де, айқара құшақтап, екі бетінен кезек пе кезек сүйіпті. - Өзіңді арқалап алып кетейін бе үйге, - деп, әзілдей еркелепті інісі ағасына. Жүдеп жатқан жанға жылы бір сөз тауып айта білу - жігіттік, нарлық, мәрттік. Бұ да – Қасым секілді хас батырға жарасымды мінез» [6,49]. Осы екі алыптың кездесуіндегі сыйластық, адамгершілік жағына ой жібере қарасақ, кіршіксіз таза көңілдің, мейірімнің ұтымды штрихтары жазушы шеберлігі арқылы жүзеге асқан.
М.Әлімбаев жоғарыдағы екі оқиғалы очеркінде де тартымды образ жасау үшін өрен қимылды, жанды тұлғалардың, бет-пішіндерін, келбетін жасаған. Мысалы: «Рақымжанның омыраусоқ өзімшілдігі, тас көз тасырлығы жоқ, қашан жолықсаң да, қашанғы ашық қабағын, жылы жанарын көресің» деген сөздермен Рақымжан портретін сомдаса, «Қасым көп үшін туғандай, көпшіл, алдындағы жасы үлкендерге жаны ашыған іні, өзінен кейінгілерге қамқор аға» дегенінен жазушы әр кейіпкеріне ғана тән тіл тауып бере алған. Екі очеркте де ұзақ сонар баяндаулар жоқ, негізгі кейіпкер тағдырына байланысты жайттарды әңгімеге араласа бастаған басқа кейіпкерлер арқылы да жеткізіп, өзі аз сөйлеп, кейпкерлерін әрқилы мәнермен сөйлетеді.
Ғабдол Слановтың очерктерінің көпшілігі өнеркәсіп орындары туралы, ауыл шаруашылығы озаттары, Қазақстан ғылымының өкілдері, бәрі-бәрі өмір шындығымен тығыз байланыста суреттеліп, өрелі құбылыстарды қызықты оқиғалар арқылы бейнелеген туындылар. «Депутат Әдидегі» Әди Шарипов, « Жарқылдаған бір жалқынындағы» әйгілі партизан Қасым Қайсенов, «Алтай баласындағы» ардагер ұстаз Хамза Санбаев, «Бәйтерегіндегі» азамат соғысы ардагері Қабыл Күленов бейнелері ісімен де жайдары жайсаң мінездерімен де үлгі боларлық қаһармандар. Бұл очерктерінде жазушы сол кезеңнің өзекті мәселелерін қозғай отырып, келешектің абзал мұратын, еңбек үстіндегі адамдардың ерліктерін, кездескен қиыншылықтарды қызықты оқиға желісі арқылы сәтті көз алдымызға елестетеді. Очеркист қазақ жерінің о шеті мен бұ шетін аралап, Атырау алабынан, Жайық жағалауынан, Жетісу жайлауларынан, Оңтүстік өңірінен, Тың танабынан да көптеген очерктер жазып, сол кезеңде болып жатқан өзгерістер мен оқиғаларды, өмір фактілерін жинақтап көз алдымыға әкеледі.
Ғабдол Слановтың «Дән мен ұшық» атты қысқа оқиғалы очеркі жастар тәрбиетіне, әдептілік, көрегендік қасиеттер төңірегінде кеңінен сөз қозғайды. Очерк оқиғасы трамвайда болған қысқа оқиғадан туған тәрбиелік мәні бар ойдан туындаған. Очерктегі қысқа оқиға былай басталады:
«-Сәлеметсіз бе ағай?- дегені ғой. – Отырыңыз.
Босатқан орнына отырмас бұрын сәлем берген жігітке қараппын. Алаң көздеу, шашан тақырлап қырған, шолақ жеңді ақ көйлек киген, еңселі, қынама бел, қара торы жас жігіт. Танымағанымды аңғартып, өзіне жалтақтап қарай берем:
Танымай қалдым білем, қалқам?..
Мен де Сізді танымаймын,- деді ол.
Ендеше?...-деп кідіріп қалдым.
«Жасы үлкенге атыңнан түсіп сәлем бер» деуші еді атам. Заманымыздың
көлігі трамвай, машина емес пе. Орнымдв бергенім атымнан түскенім дағы. – Жігіт осыны айтып жымиды да, сәламат болыңыз,- деп ілгері оза берді. Одан әрі сөйлесе алмай отырып қала бердім» [7,55],- деп, осы жігіттен көрген ілтипаты кейіннен стадионға барғанда жалғасқанын қызықты баяндаған. Оқиғаны одан әрі өрбіте отырып,стадионнан шыққаннан кейін биязы жігітті тоқтатып, жақынырақ танысады. Бас қаһарман Өнеге Заманбаевтың үйі ішінде екі жік қалыптасқандығы, шешесі мен әпкесінің дүниеқор болып бара жатқандығына алаңдаған жас жігіттің іс-әрекеті, ой-санасы, шешесімен екеуі арасындағы көзқарас қайшылықтары қызықты әңгімелеленеді. Шеше мен бала арасындағы қайшылық қоғамдық өмірдегі күрес-тартыспен қабысып жатады, осы жеке кейіпкер Өнеге бойынан, іс-әрекетінен, тағдырынан оқырмандар заманның, дәуірдің шындығын көріп, әлеуметтік қайшылықтардың сырын ұғады. Өнеге Заманбаевтың характерін жазушы киім киісі, жүріс-тұрысы, ой-сезімдері, сөздері арқылы аша білген.Бұл оқиғалы очерктегі жайттар бір-бірімен ұласып, жалғасып, кейіпкер бет-бейнесі толық ашылу барысында іс-әрекеттері нанымды көрсетілген.
1977 жылы «Жалын» баспасынан шыққан Р. Нұрғалидың «Дән»[8] атты үш циклдан тұратын новеллалар жинағы үлкен үлкен идеялық-көркемдік жүк арқалаған туынды. Бұл кітап «Жігер», «Алау», «Серпін» деген тарауларға бөлініп, әр тарау өзінше жүк арқалаған деуге болады. Бірінші тарауда тың ерлерінің қажыр-қайраты, ой-санасы, болмысы суреттелсе, екінші тарауда өндіріс саласындағы адамдардың басынан кешкен оқиғалар қамтылып, үшінші тарауда екінші тың еңбеккерлерінің ерен еңбегі, қарапайым еңбек адамдарының тіршілігі, өзіндік характері сәтті ашылған. «Дән» жинағының формалық ізденісі мен композициялық құрылымы ерекше және автор тек фактілер мен цифрларды беруді мақсат етпей, болған оқиғаларды қысқа да әсерлі баяндай білгендігімен ұтқан. Атақты комбайыншы Михаил Довжик туралы үшінші новеллада оқиғалар желісі шымыр, қарапайым еңбеккердің тек еңбегін ғана көрсетіп қоймай, оның ішкі жан-дүниесі, адамдармен қарым-қатынасы, еңбекқор комбайыншы ғана емес жаңалыққа жаны құмар жан ретінде де көрсетеді. Бұл шығармадағы оқиғаның өрілуі мен шиеленістің дамуы шындыққа негізделіп баяндалады. Тың төсіне қара бидай шығару ниетінің дұрыс шешім тауып, өніп-өсіп кетуі, басқалардан жасырып егіс алқабының ортасына қара бидай егіп өз мақсатына жетуі бәрі-бәрі Михаил Довжиктің іс-әрекетттерінің төңірегіне жинақталып, оның психологиясын, характерін толық ашуға мүмкіндік жасайды.
«Дәннің» кейіпкерлерінің басынан кешкен оқиғалар заман, өмір жайлы айқын түсінігі бар азаматтар. Оларды қайнаған өмір ортасынан көре отырып, олардың да қуанып, ашуланатынын көреміз. Бұл жинақтағы новеллалар қысқа-қысқа эпизодтардан тұрады, бірде тың төсіне, бірде өндіріс орындарына, бірде жайлауға алып кететін эпизодтар бірімен-бірі заңды жалғасын тауып, оқыған сайын бір арнадан екінші арнаға жетелеп, қысқа да нұсқа қызықты оқиғаларымен есте қалады.
М.Әуезовтің «Оның аты екінші» очеркі 1940 жылдары жазылған көлемді көркем очеркіндегі оқиғалар қою. Бір эпизодтан екінші эпизод өрбіп отырады да характерлер қақтығысы, тұрмыс-тіршіліктегі таластар да өрістеп, әлеуметтік үлкен мәселелер төңірегінде жүйелі әңгіме болады. Бұл салада жазушы очерктің сюжеттік арқауын ширықтыра түсу үшін, композициялық құрылысын шашыратпау үшін барлық оқиғаны характерлер тағдырымен байланыста суреттейді. «Шыңғыс жолы» атты бірінші тарауында –ақ «Көктем- талайдан болмаған көктем. Өзі тіпті, күзге ұқсай ма, әлде не»[9,127],-деп басталады. Көк шығып қалғанда қардың жаууы, сілбі жауын жер жұмысын өндіртпейтінін Файзырахман Омаров бірден түсініп, күндегідей емес жылдамырақ қамдану керек екенін ұғады. Бұл очерктегі оқиғалар көбіне Үржармен яғни ең күшті, ең даңқты деген учаскемен ең әлсіз деген Аякөздің жарысқа түскені, ерен еңбектерінің арқасында ең алдыңғы орында келе жатқан бригадалармен тең түсіп, бірлескен, бауырласқан қазақ, орыс, украин, молдова, татар ұлттарының өкілдері бірлесіп жеңіске жеткені қызықты және тартымды суреттеледі. Бұл көркем оченктегі оқиға желісі бірнеше тараушаларға бөлініп, артта қалған бригада мен алда келе жатқан бригадалар еңбектері қатар суреттеліп, бір-бірінен үлгі алған тұстары қатарласа келіп, соңынан бір арнаға құйылады. Бұл оқиғаларға қатысқан кейіпкерлердің іс-әрекеті, мінез-бітімі, характерлері де жан-жақты ашылған. «Бүгінгі жиыннан Ахмеди намыстанып, қиналып шықты. Талай жү кісінің ішінен басы асып, кең қапсағай иығы жардай боп көрінетін Ахмеди, шынымен-ақ еңбекпен туысқан жан еді»[9,156],- деп очеркист Ахмедидің ер денесінің қайратпен қатып, бұлшық еттері мықты, ұршықтай зырылдап, дамыл алмай, аянбай еңбек етудің арқасында норманы бірнеше есе артық орындап алға шыққаны әсерлі және оқиға желісін ширықтырып отырады.
Қорыта айтқанда басқа очерк түрлеріне қарағанда оқиғалы очерктердегі оқиға желісі бір-біріне ұласып, жалғасып кете береді, оқырман шын мәніндегі өмір ағысын көзбен көргендей әсер алады. Көлемді көркем шығармалардығы оқиғалар бірнеше тарауларға бөлініп, бір-бірімен жалғасып барып бір арнаға құйылса, ал көркем очерктегі оқиғалар белгілі бір оқиға төңірегінде қысқа да тиянақты баяндумен шектеледі. Бір немесе бірнеше адамның басынан кешкен жағдайы немесе солардың қарым-қатынасы төңірегіне топталып, оқиға логикалық тиянақты оймен аяқталса ғана өз міндетін атқарғаны бролып шығады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
Ыдырысов Т. Шеберлік бастауы. Алматы. Мектеп, 1984.
Дүйсенов М. Ілияс Жансүгіров. Алматы. Ғылым, 1965.
Майлин Б. Ел сыры. Алматы. Жазушы, 1994.
Аманжолов Қ. ІҮ том. Прозалық және драмалық шығармалар. Алматы. Жазушы, 1980.
Қабдолов З. Адам. Алматы. Қазақ мемлекеттік баспасы. 1964.
Әлімбаев М. Көргендерім көңілде. Деректі эссе-очерктер. Алматы. Қайнар. 1992.
Сланов Ғ. Замана шежіресі. Алматы.Қазақстан, 1970.
Нұрғалиев Р. Дән. Алматы. Жалын, 1977.
Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 8 том. Алматы. Жазушы, 1981.
В статье М.Б.Шиндалиевой «Художественность событийного очерка» гоаорится о том, что «событииность» порождается не описанием однородных событий, событийные очерки пишутся посредсвом айшықты суреттер , сравниваемых фактов, отступления автора, сбором обработки фактов. Уделено внимание событийным очерком, написанным в разные периоды казахской литературы, их автором, основе прозведения – раскрытию персонажа, быстрому вовлечению в жизнь страны.
Shindalieva M.B. «A High Artistic Value of Eventful Essays». The author gives an explanation of «Eventfulness». The author states that «eventfulness» is not the result of homogenous events and «eventful essays» are written by figurative means, compared facts, the author’s digression, collecting and processing facts. The author pays attention to eventful essays written in different periods of Kazakh Literature development. The basis of the essays is revealing the personage and quick drawing in the life of the country.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Меңдігүл Шындалиеваның «Оқиғалы очерк» атты мақаласы туралы
ПІКІР
Оқиғалы очерк қазақ әдебиетінде көрнекті орын алатын көркем очерктің белсенді түрі екенін мақала авторы дәлелдеген. Себебі, өмірде әрдайым жазуға лайық ғажайып оқиғалар болып жатады және сол оқиғалардан туған очерктер оқырмандарға эмоциялық әсер беру қызметін де атқарады. Бұл туралы әртүрлі ғалымдардың пікірін ізденуші ортаға сала отырып, өз қорытындысын ортаға салған мақала авторы дұрыс тұжырымдар жасаған. Жазушылардың өмірде болып жатқан ғажайып оқиғалардың куәгері ғана болып қоймайтыны, қаламгер тіліне тиек, шығармасына арқау етіп өзі куә болған оқиғаларды алатынын дөп басқан. Оқиғалы очеркте де көркемдік элементтермен қатар, деректер, авторлық шегініс, публицистикалық ой мен түйін қатар жүретінін айта келіп, нақты мысалдармен әр ойын дәйектеп отырған.
Қазақ жазушыларының оқиғалы очерктерінің қайсысын алса да қазақ елінің тұрмыс-тіршілігін, кең байтақ өлке, небір батыр, қарапайым адамдар туралы, олардың басынан кешкен оқиғалар, талай қызық тағдырлар жайлы толғайтыны да айтылған. Бұл ғылыми мақаланың аппараты талаптарға сай, өзіндік қорытындылары бар, ғылыми басылымға жариялауға жарамды деп ойлаймыз
Филология ғылымдарының
докторы, профессор Д.Ысқақ
Достарыңызбен бөлісу: |