Ұлттық ою-өрнек түрлері



Дата28.01.2018
өлшемі190,15 Kb.
#35131
ҰЛТТЫҚ ОЮ-ӨРНЕК ТҮРЛЕРІ

Қазақтың қол өнеріндегі ұлттық ою-өрнектің түрлері бірнеше ғасырлардан мұра болып бізге жеткен асыл қазынамыз. Ежелден қазақ елі тұтас бейнені бөлшекке бөліп қарағаны мәдениеті мен ғылымынан белгілі болса, уақыт өте келе бөлшек енді тұтастың қызметін атқарғанын қазақтың ұлттық ою-өрнек түрлерінен көреміз.

Ұлттық ою-өрнек түрлерінің қалыптасу кезеңі көне заманнан бастау алып, ғасырлар бойы дамып, халықтың өмір тіршілігінде жалғасын тапқан рухани мәдениет үлгісі ретінде сақталды. Мысалы: тарихи-философиялық деректер бойынша сараласақ, қазақ ою-өрнек өнерінің дамуына әсерін тигізген төмендегі дүниелерді көреміз. Ұзақ ғасырлар мен жылдар бойы қазақтың ою-өрнегінің жетілуі, дамуы, қалыптасуы, өзгеруі мен толығуы халықтың ой-өрісінің өсуіне, көркем өнерінің өркендеуіне байланысты болды.

Қазақ халқының кілемдерінде бейнеленген ою-өрнек түрлері ұзақ ғасырлардан бастау алып, табиғат заңдылықтарын біліп-танудың ықпалымен жаңарып, ою-өрнек түрлері толыққан үстіне толыға түсуімен өлшенеді. Ұлттық ою-өрнек түрлері өмірлік тәжірибеде шыңдалып, даму жолында ою-өрнек түрлерімен тынысы кеңейіп, қолөнерде өрістеді.

Ұлттық ою-өрнектің түрлері бірнеше ғасырлардан ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып, қол өнер шеберлері тұтас бейнені бөлшекке бөліп бейнелеген. Ғылыми тұрғыда ою-өрнек туралы ойымызды нақтылап, нақты пікірімен тұжырымдасақ, зерттеуші Ә.Малаев қазақ ұлттық ою-өрнегінде «...қасқырдың орнына - аяғын (қасқыр табан), қошқардың орнына - мүйізін (қошқар мүйіз), түйенің орнына - өркешін (өркеш), құстың орнына - тұмсығын (құс тұмсық), тышқанның орнына - ізін (тышқанның ізін) бейнелеген» - деген пікір айтты.

Ою деген сөзбен өрнек деген сөздің мағынасы бір болғанымен, көркем өнерде қолдану қызметін ескеру қажет.



Ою - сырмақ, текемет, түскиіз, аяққап, төсекқап, т.б үй жиһаздарына байланысты қарастырлыса, кейде сырмақ, аяққап, кесеқап, төсекқап сияқты бұйымдарға әр түсті жіптерден таспалап өрнек тігеді.

Өрнек - бұйымдардың бетіне бөлек басылады. Мысалы: текемет, алаша, сырмақ т.б. басқанда оның бетіне басқа түсті жүннен өрнек салған.

Ою сөзінің ұғымы бір нәрсені ойып, кесіп алып жасау немесе екі затты оя кесіп қиюластырып жасау, бір нәрсенің бетіне ойып бедер түсіру деген мағына береді. Қазақ халқы бір өрнекке салып, қиып алған үлгіні, үлгіге салып кескен сырмақтың қиығын ою дейді.

Ғалым С.Қасиманов: «өрнекәр түрлі ою, бедер, бейненің күйдіріп, бояп, батырып істеген көркемдік түрлердің, әшекейлердің ортақ атауымен ою-өрнек деп қосарланып айтылады» - деп ой түйеді».

Қазақ елінің ою жасау, өрнек салу өнерінің тарихы тереңде жатқандығы жайында, ою-өрнектің ұлттық сипатын әдебиет пен мәдениетімізден, тарихымыз бен сәулет өнерімізден туып, қазақ ою-өрнегінің ұлттық сипатын ғылыми ізденіс еңбектерімен Ә.Марғұлан, Ш.Уәлиханов, Т.Бәсенов, С.Қасиманов, Ө.Жәнібеков, Х.Арғынбаев, С.Мұқанов т.б. қазақтың ұлттық ою-өрнегінің көне дүниедегі көшпелі тайпалар өнерімен салыстыра зерттеген.

Қазақтың ою-өрнек түрлерінің дамуы өте ерте заманда ата-бабаларымыз жазу, сызуды білмей тұрғанда пәлсапалық ойларын тау-тасқа таңбалап, белгілі бір мағынаны білдіруден бастау алады. 1. Халықтың қолөнер кәсібіне игі әсерін тигізген мал, егін-шаруашылығы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты ою-өрнектер; 2. Табиғаттың тылсым сырын ұғынуда жан-жануарлар мен жәндіктерге және аң, құстарға байланысты туған ою-өрнектер; 3. Қазақ халқының рухани өмірі болып табылатын ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен наным-сенімдерге байланысты ою-өрнектер пайда болды.

Ұлттық ою-өрнек түрлерінен 1. Зоомофтық ою-өрнектер. "мүйіз өрнектер". 2. Өсімдік ою-өрнектер. 3. Геометриялық ою-өрнек. 4. Космологиялық ою-өрнек /ай, күн, жұлдыз бейнесі/. Ұлттық ою-өрнек түрін аңғартатын да зоомофтық өрнектер. Қазақ халқы әуел баста мал шаруашылығы мен аңшылықпен айналасуының нәтижесінде шыққан. Зоомофтық өрнектер тегінде, қошқардың, сиырдың, бұғының, текенің, арқардың және т.б. үй және дала хайуанаттарының негізгі белгілеріне, ізіне, дене мүшелеріне байланысты шыққан өрнектер түрлері.

Ұлттық ою-өрнек түрлерінің бір-бірімен үйлесімділігін мағынасына қарай жеті топқа бөліп қараған.



  1. Ай, күн, жұлдыздарға - көк әлеміне байланысты ою-өрнектер.

  2. Малға, малдың денесіне, ізіне байланыстылары.

  3. Аңға, аңның денесіне, ізіне байланысты өрнектер.

  4. Құрт-құмырсқаларға байланысты өрнектер.

  5. Құстарға байланысты өрнектер.

  6. Жер, су, өсімдік, гүл, жапырақ, бұтақ бейнелі өрнектер.

  7. Қару-құралдарға байланысты өрнектер.

Қазіргі қазақтың қол өнерінде ең көп тараған ою-өрнек түрлерінен - "қошқар мүйіз". Бұл өрнек өзінің әсемдігімен өзіне тартып алатын өте ұсақ түрлері бар. Оны біз көбіне зергерлік бұйымдарда, ағаштарды айшықтаудағы қол өнерінде көп кездеседі. Ал үй жиһаздарынның бірі қалы кілемдерде, жүк сандықтарында, жиі қолданады.

Халық шеберлері ою-өрнек өнерінде қолдануға тиіс бояу түстерін тереңнен талғап алып, әшекейленуге тән заттарды суреткердің өткір көзімен шебер қиюластырып, өз орнымен үйлестіріп, шын мәнінде аса көркем туынды жасай білген. Жоғарыда айтқан ойларымызды қортындылай келіп, мынандай түйін қорытамыз.



Біріншіден, "ою-өрнектер әуел баста жан-жануарларға, отқа, айға, жұлдыздарға және табиғат құбылыстарына табынып, оларды пір тұтып, халықтың діни мифтерінің, ертегі-аңыздарының үлгілерінде көрініс тапқан.

Екіншіден, қазақтың ою-өрнек өнерінің өзіндік мән-мағынасы бір заттың, құбылыстың белгілі бір мәнін аңғартады. (Мысалы: қасқырдың орнына - қасқырдың ізі "қасқыр табан", қойдың, арқар, ешкі орнына - олардың мүйізін бейнелуі осының айғағы).

Үшіншіден, халықтың қол өнеріндегі ою-өрнектердің төрт-бес және одан да көп нұсқаларының болуы.

Төртіншіден, ою-өрнектердің текемет, кілемдерде, сырмақтарда және әсемдік бұйымдарда ою-өрнектердің үйлесімді орналасуы халық шеберлерінің ой-талғамынан өткендігін көрсетеді.

Бесіншіден, халық шеберлері өзінің туындыларына бояу түстерін тереңнен талғап алып, қолдану аясында оларға үлкен мән бергендігі көрінеді.

Ою-өрнек түрлерінің жеке-дара өмір сүре алмайтындығы оның синкретті сипатына байланысты. Қазақ халқының қолөнер шеберлері ою-өрнек атауларын осыған байланысты екі топқа бөлген. Біріншісі, ою-өрнектердің жеке-дара тек тікелей өзіне және түріне байланысты атаулары, Екіншісі, ою-өрнекті қолданылу аясында пішіні мен мазмұнын, бояу түсін орындалатын қолөнер түрімен бірге орналастырудың құрылымдық (композициялық) жүйесін ұтымды шеберлікпен орналастырған.

Ұлттық ою-өрнек түрлерінің әрбір бөлігі қазақ қолөнерінде белгілі бір мәнге ие болған. Ою-өрнек түрлері белгілі заңдылыққа бағындырылып, бір ырғаққа үндес болатын әсем өрнектермен орналастырған. Атап айтқанда қошқармүйізқошқардың мүйізі тәріздес ою. Қазақтың байырғы мал шаруашылығымен айналысқан халықтың өмір сатымен байланысты туған ою-өрнек. Сыңармүйіз «сыңар» - екеудің бірі, егіздің серігі, жалғыз дегенді білдіреді, яғни мүйіздің тек бір сыңарының салынуына байланысты «сыңармүйіз» деп аталған. Бұл ою-өрнек қазақ қолөнерінің барлық түрлерінде орын алған. Тікмүйіз мүйіз дөңгеленіп иілмей, тік бұрыш жасап барып, кейін қайтуына байланысты осылай аталған. Қазақтың мүйіз ою-өрнектері негізінен дөңгелене иіріліп келетін тік бұрышты мүйіз ою-өрнектер. Бұл ою-өрнектер құрақтардың, алашаның шетіне салынады. Сынықмүйізтікмүйізге керісінше морт сынып барып қайта тармақталатын ою-өрнек. Қазақ халқының қолөнер шеберлері бұл ою-өрнек арқылы кілем бетінің кереметтей өрнектеп безендіретін болған. Бұл ою-өрнек бояуының негізгі түстері қызыл, қанқызыл, жасыл, қоңыр, қара болып келеді.

Құсқанатқұстың қанаты тәрізді ою-өрнек. Құсқанаты ою-өрнегі туралы қазақтың қолөнерін зерттеуші-ғалым С.Қасиманов: «Бұл құсқанат мүйіз оюымен не шахмат шақпақтарының ізімен бейнеленген құстың қанаты тәріздес өрнек», - деп сипаттама жасайды. Құсқанаты ою-өрнектері кілем бетінде өрнектелетін нақыштардың ең үздігі болып табылады.

Мүйіз оюмүйіз тәріздес өрнектелгендіктен мүйіз ою деп аталған. Бұл ою түскиіздің шетіне, көбіне қолтықшасына, орта гүл мен шеттің аралығына салынады. Қошқар мүйіз ою-өрнегі негізінде ерекше бір талғаммен қазақтың қолөнер туындыларынан мүйіз ою да көрініс тауып отырған.

Гүл оюөсімдіктер тектес ою-өрнек. Гүл ою-өрнегі – өмір нәрі символы ретінде алынғандықтан, бұл өрнекпен кілемдерді сәндеуде жиі қолданады. Мұндай ою-өрнек түрлерін қолдану барысында олардың роза гүл, лала гүл, мақта гүл, алма гүл т.б. сияқты түрлері терең талғаммен халық шеберлерінің қолынан өтіп, кілем беттеріне өрнектелетін болған. Халық шеберлері кілем тоқу кезінде гүл оюын кілемнің ортасына орналастырып, айналасына төртмүйіз оюымен нақыштап, кілем шетін су, ирек т.б. оюларымен өрнектеген.

Ұлттық ою-өрнек түрлерін талдап-тануда халықтың тыныс-тіршілігін, қоршаған ортаға көзқарасын бейнелі жеткізген ою-өрнек нақыштары арқылы айқындауымызға болады.

Ұлттық ою-өрнек түрлерінің қалыптасу және даму кезеңдері алғашқы қауымдық кезеңінің бастапқы сатысы болып табылатын тас дәуірінің реалистік бейнелеу өнерінде дамыды. Адамдар тұрмыс-тіршілігінің арқауы болған табиғат тынысын, хайуанаттар әлемін реалистік сипатта геометриялық сынық сызықпен бейнелеп, «ирек», «ирексу», «су өрнегі», «гүл», «жапырақ» өрнектерімен дүниенің құбылысын тұспалдаған.

Қазақ ою-өрнектерінің жиі қолданатын 200-ден астам түрі бар. Олар: «ай, айбалта, айбас, аймүйіз, алақан, ашатұйяқ, ырғақ, ілмек т.б.».

Қолөнердегі ою-өрнектің осы түрлері сақина, сырға, білезік әшекей заттарында жиі ұшырасады. Мәдени мұраларымыз болып табылатын зооморфтық пен көкөніс өрнектері (сыңар мүйіз, құсмойын, түлкі бас, арқар мүйіз, т.б.) сәулет өнерінде көп кездеседі.

Өнердегі халықтың философиялық ой-толғамын ою-өрнектерді құру заңдылығына байланысты оны үш түрге бөліп қарастырамыз:

1. Жиекті ою-өрнектер (жиектеу, жолақты, т.б.)

2. Табақша (айнала қоршау ішіндегі өрнектер)

3. Торлы ою-өрнектер (заттың бетін тұтас толық өрнекпен безендіру).

4. Қиял-ғажайып өрнектер (аспан әлемінің белгісі).

Қазақтың ұлттық ою-өрнек түрлерін белгілі бір жүйеге келтіруде этногграф, өнертанушы Садық Қасиманов дәйекті деректермен дәлелдеп, ою-өрнекті бір жүйеге келтіріп, төмендегідей топтарға бөліп қарастырған.

«1. Өсімдік типтес ою-өрнек («жапырақ», «үш жапырақ», «шиыршық», «ағаш»);

2.Зооморфтық ою-өрнек (жануарлардың табиғи және мифтік бейнелері) «арқар», «қошқармүйіз», «қосмүйіз», «сынық мүйіз», «қырықмүйіз», «өркеш», «табан», «ботамойын», «құсқанаты», «құсмұрын», «итқұйрық», «құс қанат».

3.Космогониялық өрнек («дөңгелек», «ирек», «шимай», «торкөз») т.б. ою-өрнектері қолөнерімізде қолданып келеді» деген болатын».

Космогониялық оюларға тән күн, айшық, жұлдыз, төртқұлақ тектес элеметтер көкке табынушылық қасиет ретінде ұлы тәңір, қорғаушы деп түсінген. Қазақ халқының билері мен ел басқарушы адамдарының киімдеріне космогониялық оюлар түсірілетін болған.

Қазақтың ұлттық ою-өрнек түрлерінде «Тасбақа оюы» - мәңгіліктің символы. Бұл ою батырдың, ханның киіміне, жауырынына, қалқасына салынатын болған. Онысы мәңгілік өмір мен бақыт тілегені. Негізгі өрнек түрлерінен бөлек қазақ шеберлері көп қолданатын ою-өрнек элементтерінің мынадай атаулары бар:



  • аспан әлеміндегі құбылыстарға байланысты өрнектер «ай», «күн», «жұлдыз», «айшық», «аймүйіз», «құс жолы», «жұлдызша», «кемпірқосақ», т.б.

  • заттардың атауына байланысты өрнектер «балға», «балта», «тарақ», «балдақ», «күмбез», «табақ», «қармақ», т.б.

  • эпиграфиялық өрнектер, яғни жазуды өрнек тәріздендіріп, белгілі бір заттың бейнесіне келтіре әдемілеп, астарлап жазу.

  • ру таңбалары мен ел таңбаларға байланысты ою-өрнек элементтері: «тұмар», «айшық» « босаға», «тарақ», «көз» т.б.

Қазақ қолөнерінде ұлттық ою-өрнек түрлерінің философиялық табиғаты тұрақты мағыналық мәні мен құндылығымен жалғасын тапқан мұрамыз болып табылады. Қазақ елінің дүниетанымы, талғам түсінігі өнерге айналып, әлемнің шексіздігін түсінуі нәтижесінде халқымыздың өмірден көрген-түйген ойлары ою-өрнек түрінде көрініс тауып отырған.

Философия ғылымында ою-өрнек – көзбен қабылдатын жүйелік қатынас өнері болғандықтан, алдымен «ою-өрнек» деген сөздің мән-мағынасын танып, «ою» бір нәрсені ойып түсіру, ал «өрнек» өрнектеу, бейнелеу деген ұғымдарды білдіретінін айқындап алуымыз абзал. Философиялық тұрғыда уақыт пен кеңістікке байланысты ою-өрнектердің мазмұндық белгілері айқындалып, қазақтың қолөнеріндегі сәнділік бұйымдарымен үйлесім тапты. Ойымыз дәлелді болу мақсатында ою мен өрнектің мән-мағынасын, танымы мен талғамын терең танытқан «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» кітабында «ою» деген сөзге – бір нәрсенің бетіне түсірілген түрлі нақыс, бедер, өрнек, - десе, ал «өрнек» деген сөзге «оюлы бедер, әшекей, шақыш» деген сипаттамалар берілген.

Қазақ мәдениетінің тарихын тереңнен танытатын ою-өрнек түрлері халықтың сан ғасырлардағы ізгілікті ой-толғамымен, рухани болмысымен, мәдени құндылықтарымен үйлесім тауып, халықтың әсемдік талғамы сұлулық заңдылығын жете білу негізінде қалыптасқан.

Мысалы, «қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің түрлерінде ең көп кездесетін аспан әлеміне байланысты «ай», «айшық», «ай туу», «ай таңба» ою-өрнектері ежелден адамдардың айға деген наным-сенімдерінен, табынуынан туған. Ертедегі халықтың аспан әлеміне байланысты діни мифтік, ертегі-аңыздарының үлгілерінде ерекше тәңірлік қасиеті бар ай болыпты деседі. Ал негізгі халық ерте заманда көк әлемі мен табиғат құбылыстарына табынып, оларды пір тұтқан ой-танымын халық өнершілері өз ою-өрнектерінде ай бейнесін салуда көп мән берген».

Халық өнершілері кілемдерінде аспан әлеміне байланысты туған «жұлдыз», «жұлдызша», «құс жолы» ою-өрнектерін өз заңдылығымен «шет ою-өрнектер» мен «шаршы ою-өрнектер» деп екіге бөліп орналастыратын болған.

Ұлттық ою-өрнктердің мазмұны мал өсіру, аңшылықты жер-су, көшіп-қону көріністерін, күнделікті өмірде кездесетін әртүрлі заттардың сыртқы бейнесін тұспалдайды, бірақ қолөнер саласындағы қай бұйымды алсақ та, сол заттың бетінде түрлі нүсқада бейнеленген «мүйіз» элементін байқаймыз. Әрбір оюшы ою-өрнек жасап, оған ат беріп, оны тұрмыста қолданған. Сондықтан қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің ең басты мәнері, әртүрлі мәнер жасауда жиі қолданылатыны «мүйіз» тектес ою-өрнектер.

Қазақ халқы көшпелі өмірдің салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан, халықтың дүниетанымы мен бүкіл көңіл күйінен ою-өрнек нақыштары арқылы ой айтқандығын жазбай тануымызға халқымыздың төл туындысы ою-өрнектердің шығу тегі мен танымдық мәні айқындап берді. Сондықтан да сан ғасырлардан сыр шерткен қазақтың ою-өрнектерінің түрлеріне тоқталып өтейік.

«Қошқармүйізқошқардың мүйізі тәріздес ою. Қазақтың байырғы мал шаруашылығымен айналысқан халықтың өмір сатымен байланысты туған ою-өрнек. Сыңармүйіз «сыңар» - екеудің бірі, егіздің серігі, жалғыз дегенді білдіреді, яғни мүйіздің тек бір сыңарының салынуына байланысты «сыңармүйіз» деп аталған. Бұл ою-өрнек қазақ қолөнерінің барлық түрлерінде орын алған [66, 485 б].

«Тікмүйіз мүйіз дөңгеленіп иілмей, тік бұрыш жасап барып, кейін қайтуына байланысты осылай аталған. Қазақтың мүйіз ою-өрнектері негізінен дөңгелене иіріліп келетін тік бұрышты мүйіз ою-өрнектер. Бұл ою-өрнектер құрақтардың, алашаның шетіне салынады.

Сынықмүйізтікмүйізге керісінше морт сынып барып қайта тармақталатын ою-өрнек. Қазақ халқының қолөнер шеберлері бұл ою-өрнек арқылы кілем бетінің кереметтей өрнектеп безендіретін болған. Бұл ою-өрнек бояуының негізгі түстері қызыл, қанқызыл, жасыл, қоңыр, қара болып келеді.

Құсқанатқұстың қанаты тәрізді ою-өрнек. Құсқанаты ою-өрнегі туралы қазақтың қолөнерін зерттеуші-ғалым С.Қасиманов: «Бұл құсқанат мүйіз оюымен не шахмат шақпақтарының ізімен бейнеленген құстың қанаты тәріздес өрнек», - деп сипаттама жасайды».

Құсқанаты ою-өрнектері кілем бетінде өрнектелетін нақыштардың ең үздігі болып табылады.

Мүйіз оюмүйіз тәріздес өрнектелгендіктен мүйіз ою деп аталған. Бұл ою түскиіздің шетіне, көбіне қолтықшасына, орта гүл мен шеттің аралығына салынады. Қошқар мүйіз ою-өрнегі негізінде ерекше бір талғаммен қазақтың қолөнер туындыларынан мүйіз ою да көрініс тауып отырған.

Гүл оюөсімдіктер тектес ою-өрнек. Гүл ою-өрнегі – өмір нәрі символы ретінде алынғандықтан, бұл өрнекпен кілемдерді сәндеуде жиі қолданады. Мұндай ою-өрнек түрлерін қолдану барысында олардың роза гүл, лала гүл, мақта гүл, алма гүл т.б. сияқты түрлері терең талғаммен халық шеберлерінің қолынан өтіп, кілем беттеріне өрнектелетін болған. Халық шеберлері кілем тоқу кезінде гүл оюын кілемнің ортасына орналастырып, айналасына төртмүйіз оюымен нақыштап, кілем шетін су, ирек т.б. оюларымен өрнектеген.

Қазақ халқының қолөнеріндегі “қошқармүйіз” оюы мал шаруашылығымен тығыз байланысты туған, малдың дене мүшесіне қатысты өрнек. Бұл ою қайраттылықтың, ерліктің белгісі. Ер адамның, батырдың киімінің, кейде құрлардың шетіне салынған. Мұндай оюлардың формасы қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз тәрізденіп келеді де, кейде осы мүйіздің қолтығында қойдың құлағын долбарлаған шолақ мүйіз тәрізді тағы екі буын тұрады. Байқап қарағанда бұдан қошқардың тұмсық бейнесі аңғарылады.

«Мүйіз элементтері «аймүйіз», «қосмүйіз», «сыңармүйіз», «сынықмүйіз», «қырықмүйіз», «қошқармүйіз» т.б. түрлерге бөлінеді. «Мүйіз» өрнегі үй жиһаздарында (кілем, сырмақ, текемет, алаша, көрпе, түскиіз, шымши) мен түрмыстық заттарда (саба, шанаш, күбі, ожау, жүкаяқ, торсық, сандық т.б.), сондай-ақ қару-жарақтарда (қынап, оқшантай, садак), киім-кешек, ат әбзелдерінде (ертоқым, айыл) жалпы бұл элементтің қолданбайтын жері жоқ десе де болады».

«Қосмүйіз» ою-өрнегі қойдың, ешкінің, сиырдың екі мүйізін ғана бейнелейді және кейде «ырғақ», кейде «ілмек» деп аталатын оюларды «қосмүйіз» дейді. Үй жиһаздары мен түрмыстық заттарды, киім-кешек, қару-жарақтарды безендіру үшін пайдаланатын қой, ешкі, сиыр сияқты жануарлардың қос мүйізін бейнелейтін ою-өрнек. Қазіргі кезде «қосмүйіз» ою-өрнегін сәукелеге, айыр қалпақтың төбесіне, шетіне, камзолдың алдыңғы жағына, етіктің қонышына салады.

«Тоғызтөбе» ою-өрнегі ең көне оюлардың бірі болып саналады. Бұл өрнек қимақтар мен қарлұқтардың қолөнерінде сақталған және кезінде «тоғыз-төбе» ою-өрнегі Айша-бибі күмбезінің кірпіштерін өрнектеу үшін қолданған.

«Арқармүйіз» деп аталатын ою-өрнек қойдың мүйізін бейнелейтін оюдың түрі. Бұл элемент «қошқармүйізге» өте ұқсас кілем, тұскиіз, сырмақ, кесте, киім-кешек пен үй жиһаздарында кездеседі.

«Сыңармүйіз» «қосмүйіз», «қошқармүйіз» деп аталатын оюдың тек бір жақ сыңарын ғана бейнелейтін өрнек түрі үй-жиһаздары мен тұрмыстық заттарға, сондай-ақ киім-кешек, қару-жарақ т.б. бетіне салынатын ою-өрнектің бәрінде кездеседі және текемет, сырмақты әшекейлейтін, жиегіне жүргізіледі.

«Қошқармүйіз» ою-өрнегі – байлық пен молшылықтың нышаны. Қошқар мүйіз бен арқармүйіз оюларының қазақ қолөнерінде қолданылмайтын жері жоқ. Қошқар мүйіз оюымен қатар әр заттың көлемі, сәнділік, пайдалану деңгейіне қарай әр алуан жапырақ тектес, бітпес оюлар салынады. Бұл өрнектер «иірім», «шиыршық», «иық», «үшкіл», «түйе табан», «қос ирек», «жұлдыз гүл» т.б. аттарымен аталады. Қолөнер шеберлері ою-өрнекті әр заттың өзіне лайықтап, жарасымын, үйлесімін, сәнін тауып жасаған.

«Қырықмүйіз» ою-өрнегі біріне-бірі жалғаса, тармақтала қосылған, көп мүйізден құралған ою-өрнектің бір түрі. Ол көбінесе дөңгелек не төрт-бұрыш ішінде бейнеленеді, кейде бұтақтың ағашы тәрізді тармақталып, жайылып бейнеленеді. Бір-бірімен қосылған бірнеше тармақты көп мүйізді оюлардан құралады. Тұскиіз, сырмақ, текеметте кездеседі.

«Сынықмүйіз» морт сынған тік төртбұрыш жасап, төрт рет ішке қарай иіледі. Бұл ою-өрнек кілемдерді, шилерді, басқұр мен алашаларды, сондай-ақ әртүрлі қалталарды безендіру үшін пайдаланылады.

«Төртқұлақ» ою-өрнегінің төрт тармағы зооморфты немесе көгеніс оюларынан құралған. Төрт тармақтан дөңгелек, «төртбұрыш», «төртжапырақ» құрайтын ою-өрнектер кебеже, жүк-аяқ, батырлардың шапанының жауырынына, қалқанға, шалбардың тізе тұсына салынады.

«Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде ою-өрнек – дәлдік, есеп, теңдік, теңеу, үйлесім, жарасым, сәндік, көркемдік, сәйкестік, тазалық, нәзіктік, сүйкімділік, парасаттылық, жылылық, сұлулық, ойлылық, ақылдылық, зеректік, шуақты шақ, арайлы кезең, жарқын әлем, көңілге шабыт, шаттық ұялатады, шабыт береді, ептілікке, іскерлікке, шеберлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды».

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде ұлттық ою-өрнектердің қолданылу аясында өнер шеберлері жаңа ою-өрнектерін тұрмыс-тіршілігіне, өз дәуіріндегі заман ағымына қарай лайықтап отырған. Мысалы, халқымыздың көне бұйымдарындағы ою-өрнектер сәнділігімен қатар сол бұйымдардың жеңіл, әрі берік болу жағын қарастырған. Оның үстіне әрбір жануар мен заттың өз бойында қасиеттеріне қарай тақырыптық мағынасы композициясы, симметриясымен асимметриясы, колоритімен ритмі, сондай-ақ оған арналған философиялық мәні де байқалады. Композиция дегеніміз латынның ою-өрнекті бір заттың бетіне реттеп орналастыру деген сөзі. Мысалы қошқар мүйіз ою-өрнек кесеге салынатын болса, ол үлкен де, кіші де болмай, асқан дәлдікпен жарасым табу керек.

Қазақтың өрнек ісі тым ерте заманнан бастап-ақ қолөнерінің барлық түріне бірдей ортақ әсемдеп әшекейлеудің негізі болып келді. Түзу және ойқастыра тоқу тәсілдері көп қолданылады. Жалпы қазақ халқы ою-өрнекті қадір тұтқан. Бас киімдегі ою-өрнекке қарап, қай ұлттың ұрпағы екенін таныған, кімнің қазақ, кімнің ұйғыр, татар екенін білген.

Ою-өрнек түрлерін геометриялық, табиғи және аралас деп бөліп қарастыруға болады. Көбіне ою-өрнекпен емес, жеке-дара қарастырылып келе жатқан өрнек белгісінің бір түрі – таңба. Таңба қазақтың көшпелі тұрмыс-тіршілігінен бастау алып, кеңістік сырын түсінудегі табиғат көріністерін образды бейнеде ғана емес, субъективті қатынастарда қалыптасқан құбылыстың символды көрінісі деп түсінгеніміз дұрыс.

Таңбалар қолөнерде дүниетанымдық белгі болумен бірге, ою-өрнек өнерінің қалыптасуы мен дамуына түрткі болды. Символ арқылы берілген қазақ ою-өрнегінің кілемге, киімдерге, зергерлік бұйымдарға қолданылған түрлері біріншіден, халық білімінің толыққанын, ой өрісінің ұшқырлығын, шеберлігінің өскенін көрсетсе, екіншіден, халықтың талғампаздық дүниесі, өзін қоршаған ортадан алған әсері ою-өрнек мазмұнын байыта түсті.

Қазақтар өздері жасаған ою-өрнектің атауын таба білген. Осы атауларды олар өз тіршілігіне лайықты қолдана түскен. Әрбір тарихи кезең өзіндік ою-өрнектермен ерекшеленген. Қазақ ою-өрнегінің табиғаты халық өнерінің тарихын, өмір тіршілігінің сұлулығын және әсемдігін айқындайды.

Қазақ қолөнерінде ою-өрнектерді әр түрлі үлгіде дамып, мүйіз» тектес ою-өрнек өзінің стильдік ерекшеліктері мен үлгілерінде барлық оюлардың бастапқы элементімен үндестік тауып отырған.

Қазақ халқының тұрмысында қолданып, үй жиһаздарын, киіз үйлерді, зергерлік бұйымдарды, кілем, алаша, сырмақ, терме алаша, қоржын, ыдыс-аяқтарды, киім-кешектерді әр түрлі ою-өрнектермен әшекейлеп, безендіріп отырған.

Қазақтың қолөнердің саласында кең қолданылып келе жатқан ою-өрнек өнері жайында Ә.Тәжімұратов: «Қазақтың халықтық қолөнерінде жиі қолданылатын мүйіз тектес ою-өрнектер өзінің даму барысында әр түрлі көркемдік сипат алған. Қошқар мүйіз, арқар мүйіз, марал мүйіз, бұғы мүйіз, қос мүйіз, қырық мүйіз, сыңар мүйіз, сынық мүйіз және тармақ мүйіз сияқты тағы басқа өрнектер өзіндік сұлу кескін таңбасымен , сондай-ақ белгілі бір мән-мағынаны білдіруімен көзге түседі» деген ойлары бүгінде қолөнеріміздегі ою-өрнектердің эстетикалық мәнін ашып бергендей.

Ұлттық ою-өрнек түрлері – дәлдік, үйлесім, жарасым, сәндік, көркемдік, нәзіктік, парасаттылық, жылылық, сұлулық, ойлылық, ақылдылық, зеректікке баулиды. Ою-өрнек түрлерінің қалаптасуы мен дамуын қарастырған уақытта оны табиғи ортасынан жеке-дара алып, талдап-тануға болмайды. Қазақ қолөнеріндегі ою-өрнектердің философиялық мағынасын ұлттық рәміздік белгіміз ретінде қарастырып, тұрмыс-тіршілігімізді сән-салтанатқа бөлейтін қызметін синкретті өнер деп тануымызға болады. Әрбір ою-өрнектердің шығу тегіне, қалыптасып, дамуына байланысты атаулары халықтың тарихы мен мәдениетінен, қолөнерінің ұлттық ерекшелігінен, ертедегі дүниетанымдық көзқарасынан мол мағлұмат береді. Мысалы, «түйе табан» өрнегі түйені бейнелейді, «қошқар мүйіз» қошқардың мүйізін тұспалдап бейнелегендіктен оның терең мағынасы халықтың дүниетанымдық түсінігін білдіреді.

Ұлттық ою-өрнек түрлеріндегі геометриялық бейнелі оюлар тас дәуірінен бастау алып, дөңгелек, төртбұрыш, үшбұрыш, ромбы, ирек және т.б. қолөнер өнерінде өте жиі пайдаланып келеді. Ал мыс, қола, темірден жасалған бұйымдарды шеберлер төртбұрыш, үшбұрыш, ромбы, ирек өрнектермен көркемдеп әшекейлеген. Оюлардың геометриялық бейнелері ежелгі тайпалардағы адамдардың пәлсапалық ойларынан туындап, қоршаған ортаны кейіптеуші ретінде көрсеткен. Тылсым дүниенің сыры мен мәнін түсіне келе, ежелгі шеберлер ромбы тәріздес ою-өрнекті – дүниенің төрт бағыты деп түсінген. Шұғылалы ою-өрнекті – ай белгісінде алған. Дөңгелек оюды (шеңбер) болса – күннің бейнесінде бейнелеген. Ирек ою-өрнекті – су белгісі деп білген. Ою-өрнек түрлерінің осындай алғашқы түрлерінен сол дәуірдегі адамдардың қоршаған ортадан алған түсініктерін ою-өрнек өнерінде бейнелеу мен орналастыру жолдарын толық меңгере алмағанын көреміз.

Ғалым Ә.Нысанбаев: «Осыған байланысты адамның дүниетанымы жайында «Затты, табиғатты олардың заңдылығы, ішкі мазмұны, даму жолдары арқылы қабылдауға, білуге ұмтылады. Бұл көзқарас бойынша кез-келген зат, құбылыс, табиғат символ. Оның мазмұны заттың өзінен тыс жатыр» - деп ой түйген».



Ұлттық ою-өрнек түрлері біріншіден, мал өсіру мен аңшылыққа байланысты туындаған ою-өрнектер, екіншіден, жер-су, көшіп-қону көріністеріне байланысты туындаған ою-өрнектер, үшіншіден, күнделікті өмірде кездесетін әр түрлі заттардың сыртқы бейнесіне байланысты туындаған ою-өрнектер деп бөлінетін айқындадық.

Ұлттық ою-өрнектердің барлық түрлері халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі бұйымдарда көрініс тауып, сәндік-қолданбалы өнері халықтың рухани мәдениетімен сабақтасып жатқандығы айқындалды. Қазақ ою-өрнегінің арқауы болған «мүйіз» ою-өрнегі бүгінгі қол өнерімізге сай түрленіп, жаңа сипатқа, жаңа мазмұнға ие болып, барлық өнер түрлерінде жиі қолданып келеді. Қазақтың қолөнері ою-өрнектердің қалыптасу кезеңдері мен дамуының тұрақты көріністерін толық қамтиды деуге болады. Ұлттық ою-өрнек түрлерін қоршаған ортамен бірлікте қарастырып, оны уақыт заңдылығына байланысты эстетикалық ерекшелігімен саралайтын болсақ, халықтың дүниетанымдық түсінігі мен тұрмыс-тіршілігінің келбетін ою-өрнек үлгілерінен айқын көреміз.

Ұлттық ою-өрнектердің түрлері эстетикалық, үйлесімділік тұрақтылығымен, адамға эмоциялық әсерлілігімен, эстетикалық мағыналығымен әлемдік мәдениетке өз әсерін тигізді.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Қасиманов С. Қазақ халқының қол өнері. –Алматы: «Қазақстан», 1969.

2 Тәжімұратов Ә. Шебердің қолы ортақ. –Алматы: «Қазақстан». 1977.

3 Оразбайұлы М. Көне мәдениет көзі: Сан ғасырлық тарихы бар жазуымыз

туралы ғылыми деректер не айтады? //Ана тілі. -1991, 5 қыркүйек.

4 Орынбеков М. Ойлау дегеніміз не? –Алматы: Қазақстан, 1976.

5 Қасиманов С. Қазақ халқының қол өнері. –Алматы: «Қазақстан», 1995.

6 Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар: Ғылыми зерттеу мақалалар /Құраст.

Р.Бердібаев. –Алматы: Жазушы, 1985.

7 Кенжебаев Б. Қазақ әдебиетінің тарихы /Ред.басқ. М.Әуезов. –Алматы:

Ғылым, 1948. Т.1. Фольклор.

8 Қасиманов С., Қазақ халқының қол өнері. –Алматы: «Қазақстан», 1969.

9 Оразбайұлы М. Көне мәдениет көзі: Сан ғасырлық тарихы бар жазуымыз

туралы ғылыми деректер не дейді? //Ана тілі. -1991, 5 қыркүйек.

10 Тәжімұратов Ә. Шебердің қолы ортақ. –Алматы: Қазақстан. 1977.

11 Өмірбекова М.Ш. Ою-өрнектің қолданылуы. –Алматы, 1995.

12 Байжігітов Б.К. Бейнелеу өнерінің философиялық мәселелері: Кеңістік пен

уақыт ырғағындағы тұрақты сурет үлгілелері. –Алматы: Ғылым-Өлке, 1998.

13 Өмірбекова М.Ш. Энциклопедия. «Қазақтың ою-өрнектері».–Алматы, 2003.

14 Ақпанбек Ғ. Қазақтардың дүниетанымы. –Алматы: Қазақ университеті,

1993.



Каталог: sabaq-kz -> attachment
attachment -> Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, филология магистрі Амирханова Сара Бекетқызы Коучинг жоспарының тақырыбы: «Lesson study – сабақты зерттеу әдісі»
attachment -> Сабақ тақырыбы: Химияның негізгі түсініктері мен заңдары Сілтеме
attachment -> Сабақтыңтақырыбы: 3 4
attachment -> Сабақ: Алкандардың қасиеттері. Алкандардың жеке өкілдері және қолданылуы
attachment -> Сабақтың түрі: Аралас сабағы Сабақ уақыты: 90 мин. Сабақтың педагогикалық мақсаты
attachment -> Сабақ Алматы қаласы Алатау ауданы «185 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Бастауыш сынып мұғалімі Курманова Маржан Сеилхановна
attachment -> Сабақтың тақырыбы Сағат саны Мерзімі Оқып-үйренудің негізгі мақсаты
attachment -> Сабақтың мақсаты: оқушыларға алжапқыштың және бас орамалдың сызбасын есептеуді және құрастыруды үйрету


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет