Махамбет Жасқұстағы текетірес пен Тастөбедегі ұрыс



Дата08.06.2018
өлшемі67,01 Kb.
#41581
Ж.Орамах
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік

университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты


Хан ұлымен қас болу,

Қара ұлына бас болу,

Мендей ерге жол екен.

Махамбет
Жасқұстағы текетірес пен Тастөбедегі ұрыс
Аннотация
Мақалада 1836-1838 жылдардағы Исатай мен Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі қарсаңындағы Бөкей Ордасындағы әлеуметтік-экономикалық ахуал және оның шиеленісу себептері, қозғаушы күші, Исатай батырдың қарсылығы тек Жәңгір ханға ғана емес, оны қолдаған жандайшаптарына да бағытталғаны айтылады.

Көтерілісшілердің алғашқы қадамы хан ордасы Жасқұсты қоршаумен басталады да, бірақ күші жетіп тұрса да Орданы шаппаудың себептері көрсетіліген.

Мұрағаттық және тарихи деректер негізінде көтерілісшілер Жасқұсты тастап, Бекетай құмындағы Тастөбеге жеткенде Гекенің жазалаушы отрядымен кездесіп, жеңіліс тапқаны баяндалған. Бұл жеңілістен кейін Исатайдың күші азайып, енді Кіші жүз жағына өтуге бет алғандығы көрсетілген.

Түйінді сөздер: ахуал, Қайыпқали, шекара, губернатор, комиссия, әділдік, Жасқұс, Бекетай, Тастөбе, би, мәмлегер, кепілдік.

Ресей императоры Павел І-нің 1801 жылы 11-наурыздағы Жарлығымен, бұрын қалмақтар мекендеген Еділ мен Жайық арасындағы жерге сұлтан Бөкейдің емін-еркін көшіп-қонуына рұқсат беріп құрылған хандықты хандықты «Ішкі Қазақ Ордасы» деп атады. Кейін хандық ел аузында және патша үкіметінің ресми құжаттарында «Бөкей Ордасы» деп аталып кеткен. Орданың қонысы, шаруашылығы бір арнаға түсіп оңала бастаған мен билік тарапынан қазақ шаруаларына әлеуметтік-экономикалық қысым күшейе түсті, ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық қатынастар мен шаруашылық үрдістер патша өкіметінің ел билеу әдісіне ыңғайластырып жүргізілді. Жәңгір ханның өзіндік салт-дәстүрі бар жартылай көшпелі мал шаруашылығын ірі және орташа жергілікті шонжарлар бөлігіне сүйене отырып жүргізу, хандық пен отаршылдық езгінің күшеюіне, қауымдық жерлерді шонжарлардың жаппай тартып алуына, шаруалардың экономикалық әлеуетінің құлдырап, жоқшылыққа ұшырауын туғызды. Бұл өз кезегінде Ордада әртүрлі әлеуметтік қайшылықтар мен қоғамдық қақтығыстарға алып келді.

Біздің пікірімізше, көтеріліс алдындағы әлеуметтік-саяси ахуал төмендегі жәйіттерден туған деп айтуға болады. Біріншіден, әкімшілік жағынан Бөкей Ордасы Орынбор Шекара комиссиясы мен Орынбор генерал-губернаторлығына бағынды. Патша өкіметі өзінің отаршылдық саясатын Жәңгір хан арқылы жүргізді, өйткені оны хандық лауазымға сол өкімет бекітсе,кейін оған әскери генерал-майор атағын берген. Бұл жерде Жәңгірді патша өкіметінің Ордада орыстандыру саясатын жүргізді деп айыптаудан гөрі орыстың отарлық саясатына қолдау көрсетті десек дұрысырақ болар. Орыстың шен-шекпенін кигеннен кейін оның басқа амалы жоқ болатын. Екіншіден, Астраханда европалық білім алып, Ордада қазақтардың патриархалдық –рулық басқару жүйесін түбірінен өзгертпей әкімшілік басқаруды қайта құру мүмкін болмайтындығын Жәңгір хан түсінді. Осыған байланысты тархан атағын беру арқылы жақтастарының санын көбейтті, өзінің әлеуметтік тірегін нығайтты. Хан билерді сайлаудың орнына оларды өзі тағайындады, кейбір аға сұлтандарды биліктен тайдырды. Олардың орнына ханды әр уақытта жақтайтын туыстары мен жақындарын тартты. Рулық старшындардың беделі төмендеді. Үшіншіден, Жәңгір хан жергілікті әкімшіліктегі қызмет атқаратын ірі және орташа шонжарларға біржақты сүйене отырып, отаршылдық және хандық езгінің күшеюіне, ауылдық-қауымдық жерлерді шонжарлардың жаппай тартып алуына әкеп соқты. Бұл жағдай шаруашылық өмірдің мықтап бұзылуын, қазақ ауылдарының экономикалық әлеуетінің құлдырауы, жоқшылыққа ұшырап, кедей қожалықтардың көбеюін, хан билігінің беделі мен ықпалының төмендеуін туғызды. Осының нәтижесінде Ордада жер мен лауазымдарды бөлісуде кейбір аға сұлтандарды айналып өтті.

Осындай сұлтандардың қатарына кезінде Сырым өлтірген Есім ханның ұлы Қайыпқали сұлтан жатты. Ордадағы шаруалардың алғашқы ірі бас көтеруі оның есімімен байланысты. Бөкей Ордасында 1826-1827 жылдардағы қыс ерекше ауыр болды. Боран мен аяздың қаталдығынан көптеген мал шығыны болды. Оның үстіне Саратов губерниясының помещиктері территриясына жем іздеп өтіп кеткен қазақ шаруаларының бірнеше мың мал басын кейін қайтармай қойды. Осындай экономикалық жұтауға ұшыраған еңбекші бұқараның әрине наразылығы күшейе түсті. Қайыпқали осы наразылықтарды пайдаланып, қазақтардың Жайықтың бұхар жағына кейін көшіруге үгіттеді және іске асырды.

Сұлтанның айналысындағылардың мәліметтеріне қарағанда, Жәңгір хан қазақтарды қазақ әскерлеріне қызмет етіп, қалмақтар мен басқұрттарға қарсы соғысқа пайдаланады деген сыбыс тартты. Сондай-ақ Бөкей Ордасында жиырма жыл тұрған қазақтар Еділдің оң жағалауына көшіріліп крепостниктік жағдайда болады депте лақап таратты. Бұлардың басым көпшілігі Қайыпқалидың төңірегіндегілердің арандатуы еді. Қайыпқалидың негізгі мақсаты Орда қазақтарын Жәңгір ханнан бөліп, оларды Жайықтың оң жағындағы далалыққа көшіріп, Хиуа хандығына сүйеніп, өзін Кіші Орданың ханы етіп жариялау болатын. Бұл мақсатқа жету үшін ол Бөкей Ордасындағы қазақ еңбекшілерінің феодалдық-отарлық қанауға қарсы наразылығына сүйенгісі келді.

1827 жылдың наурыз айында басталған қазақтардың Жайықтың бергі бетіне жаппай өту қозғалысы сәуір айына дейін жалғасты. Патша әкімшілігінің қолданған шаралары негізінде көшу тоқтатылды. Бірақ, аз уақыттың ішінде 1800 үй көшіп үлгерген [1,254-б.] Оның басты себебі Нижнеурал желісі бекінісінің комендаты мен жеке бөлімдердің бастықтарының қазақтардан кең көлемде пара алып, жақсы бекітілген шекаралық желіден өткізіп жіберуі себеп болды.

Қазақтардың Жайықтың бұқар бетіне жаппай өтіп кетуі патша әкімшілігі күтпеген жағдай еді. Қазақтарды қорқыту-үркіту үшін ұйымдастырушылар мен өтуге қатысқан 195 адам тұтқындалып, істері Шекара комиссиясының сотына жіберілді және қазақтардың өту себептері тексерілді. Бұл мәселе бойынша, тіпті Жәңгір ханнанда жауап алғынған. Тергеуді Шекара комиссиясының төрағасы Генс жүргізді. Бастапқыда Орда қазақтарының ашу наразылықтарын тек ханға қас «жаманқылықты» адамдардың үгіт-насихатынан деген теріс қорытынды жасағанмен, кейін Генстің әскери-губернатор Эссенге жазған мәлімдемесінде көрсеткендей, басты себептердің бірі – Жәңгір басқару істерінен аға сұлтандар мен старшындарды биліктен алыстатып, жанына жас сұлтандарды жинады деп көрсетті. Патша шенеуніктерінің пікірі бойынша аға сұлтандар мен старшындарды Ордадағы басқару істеріне тартумен, қазақтарды туыстық байланыстарды есепке алмай бөлшектеу және Ішкі Орда мен Кіші Орданың арасындағы байланысты жою арқылы толқуларды болдырмауға болады деген тұжырымға келді. Жәңгірге молдалар мен ахундарды тек діни мәселелер жөнінде кеңес беруді ұсынды. Эссен ханның кейбір жағдайда билігін асыра пайдаланғандығы қазақтардың ызасын тудырып отырғандығын ашық айтты. Осыған жауап ретінде хандықта кейбір жас сұлтандарды жұмыстан босатып, құрметті старшындарды енгізген хан Кеңесі құрылды. Бірақ «Хан кеңесінің құрылуы» Ордада басқару жүйесін өзгерте алмады. Кеңеске сайланған старшындар өздерінің ру-тайпаларынан бөлініп Хан ордасында тұруға тиіс болды және олар кейін тек өз қауымынан салық жинайтындарға айналды. Старшындардың басым көпшілігі бұны қолдамады.

Жерге шек қоюда жеңілдетілмеді. Дегенмен, Ішкі Ордада 1827 жылы тексеру жүргізген сенатор Энгель өзінің есебінде, қазақтардың Каспий теңізінің жағалауы мен Өзен аралығындағы көшіп қонатын жерді кеңейту қажеттігін атап көрсеткен болатын. Бірақ, бұл мәселе помещиктердің жерге жекеменшіктік құқығына келіп тірелді.

Қазақтардың жер мәселесін жеңілдете алмағанымен, Энгелдің тексерісі жергілікті әкімшілікке «жағымсыз» адамдарды білуге көмектесті. Олардың ішінде Қайыпқали сұлтанда болды. Генстің ұсынысы бойынша сұлтан ретінде ханның айтқанына құлақ аспау,сенатор Энгелдің шақырғанына келмеу, сондай-ақ қазақтарды Жайықтың далалық бетіне өтуге үгіт жүргізген күдікті адам деп тұтқындап, ісі Шекара комиссиясының сотына берілді. Алайда, Шекара комиссиясы оны тек қана «күдікті» деп танып, Жәңгірдің өтініші бойынша өзіне кепілдікке, Ішкі Ордаға қайтарып берді.

Дегенмен, Ордада халық қозғалысының жаңа кезеңі жақындап қалған еді. Өйткені қазақтардың 1827 жылғы қозғалысын тудырған бірде-бір себеп жойылған жоқ, оған қоса жағдай бұрынғыдан да бетер шиеленісе түсті. Оған себеп болған Генстің 1828 жылғы қарашада генерал Эссенге жеткізген хабарында: Каспий теңізінің жағалауындағы граф Безбородканың меншігіндегі жерге белгісіз екі адам сатып алдық деп, қыстауға рұқсат сұраған қазақтардан әрбір жылқыға – 50 тыйын, қойға - 25 және әрбір киіз үйге 25 рубльден төлем талап еткен [1,256-б.]. Генс помещиктерге қазақтар жалға алған жерлерге алымды төмендетуге кеңес беріп, оларға Өзен және Қамыс-Самар өзендерінде мал жайып қоныстануды бақылауға алып, 1827-1828 жылдары қыста орыс жерлерінде шөп шапқандары үшін қандай да болса талап етуді тоқтату керек деді. Мұның бірі де іске асқан жоқ.

1829 жылы ақпан айында Орданың көптеген ауылдары тағы да Жайықтан өту үшін жаңа қозғалыс бастады, оның басында қайтадан Қайыпқали сұлтан тұрды. Қазақтардың қозғалысына тиым салу үшін Ордаға қарулы отряд жіберілді. Жәңгірдің Орынборға хабарлауына қарағанда Қайыпқали қазақтарды ханнан бөлініп шығуға, бұған қарсы болғандарға күш көрсетіп, мал-мүлкін талан-таражға салуға шақырды. Бұл жерде хан Қайыпқалидың рөлін асыра көрсеткенге ұқсайды. Қазақтардың жаңа қозғалысының себебі хан тарапынан оларға төзуге болмайтын алым-салықтар мен қысымшылық еді. Тіпті, ауыр алым-салықтар салық төлеушілердің жағдайына қарамай жылына бірнеше рет алынып отырды. Қазақтар хан төңірегіне жиналған сұлтандар мен старшындардың еріксіз үйлерін салуға тартылды. Кейбір старшындар көшіп-қону кезінде қысымшылыққа ұшырайтындарын айтып, тіпті хан айналасындағылардың олардың әйелдері мен қыздарын тартып алып қорлайтын жағдайлардың да болғанын хабардар еткен. Сондай-ақ орыс помещиктері мен орал әскерлерінің қазақтардың жерін тартып алуы ел тыныштығына үлкен нұқсан келтірді. Әрине мұндай жағдайда халық қозғалысы Қайыпқалидың мәжбүрлеуінсіз-ақ болатыны өзінен-өзі ақиқат еді.

Көтерілістің кең және жаулық сипат алғаны соншалықты, Жәңгір Ордадан қашып, Қамышин қаласына тығылуы мәжбүр болды. Бірақ, көтерілісті басынан бастап Қайыпқали сұлтанның өзі әлсіретті. Бородин отрядымен кездескенде атаманмен келіссөз жүргізгеннен кейін ол оралдықтарға кетіп, сонда тұтқындалды. Оның бұлай істеуіне не себеп болғаны осы кезге дейін белгісіз және ол туралы мұрағаттық қорларда да ешқандай құжат кездеспейді. Сірә, Бородин сұлтанға әлдеқандай уәде беріп, орыс әкімшілігі ракымшылдық жасайды деп сендірген болар. Ақыры қамауға алынып, түрмеге қамалады.

Бөкей Ордасындағы Қайыпқали сұлтан басқарған 1829 жылғы қозғалыс 1827 жылдағыдай екі қозғалыс осылай нәтижесіз аяқталды. 1830 жылы 10 наурызда Қайыпқали сәтін тауып Орынбор түрмесінен қашып шығып, Кіші жүздің Батыс бөлігінде біраз бой тасалап, Хиуаға қарай ауысып, Кіші жүздің біраз руларынан қол жинайды. 1831 жылдың соңына қарай қалың адай қол астына кіргеннен кейін үлкен күшке айналды. Бұл енді Хиуа үшін күшті одаққа айналды. Хиуа сұлтанға одақ болсада қазақ үшін емес, өзінің қазақ еліне ықпалы үшін қолдады [2.323-324-бб.] - дейді зерттеуші Тілекқабыл Боранғалиұлы. Хиуа билеушілері Қайыпқалиды адай мен шектіге хан етіп, сол арқылы ықпалды екі руды өз жағына шығарғысы келді.

Ішкі Ордада феодалдық үрдістердің тездетілуімен таптық қайшылықтардың, сондай-ақ отарлық саясаттың тереңдеуіне байланысты жер қатынастары шешілген жоқ. Өйткені Жәңгір мен оның айналасындағылардың әлі жеткендерден зорлықпен жерлерін тартып алуы азайған жоқ, оның үстіне қазақтардан зекет жинау оларды кедейлендіре түсті. Сондықтанда Ордада бұқара халықтың қозғалысы тек отаршылдыққа емес антифеодалдық сипат алды. Бұдан әрі қозғалыстың өрлеуі беріш руының старшыны Исатай Тайманов пен дауылпаз ақын, азаттық күрестің жалынды жыршысы, көтеріліске белсене қатысушы Махамбет Өтемісовтың есімдерімен байланысты. Екеуіде өжет, тұла бойларында жойқын күш, әділдік, адалдық сияқты мінез-құлық жетіп артылды. Жәңгір екеуінде сыйлады, екеуіне де сенді. Соның дәлелі, 1812 жылдың басында 21 жасар Исатай Жайық Беріш руының старшындығына Бөкейдің әмірімен сайланып, 1813 жылдың кыркүйегінде Орынбор Шекара комиссиясы Орынбор әскери-губернаторына Исатай Таймановты старшындыққа бекітуді сұрап хат жазған. Губернатор Г.С.Волконский 1814 жылдың 12 қарашында Исатайды Жайық Беріш руының старшыны етіп бекітеді. Оның иелігіне «Кокарьев пен Кульпин кордондарының арасындағы жазықтық пен жайлауды және теңіз жағалауындағы Аралшық, Куйген, Түйеарал сияқты бес аралды да жайлауға құзырлы болған [3,247 п.].

Бөкей хан еншілеген осы иеліктерде Исатай әл-ауқатты өмір сүріп, ханның сенімді адамдарының бірі болды. Бөкей қайтыс болғаннан кейінде, шамамен 1820-1821 жылдарға дейін Исатай өмірі тыныштықта болған сияқты, ал 1822 жылдан бастап Шығай хандық билік жүргізген жылдардың соңына таман мал ұрладың, елді шаптың, адам өлтірдің деген әртүрлі жалалар жабылып түрмеге қамалған. Бірақ олардың біреуі де заңдық тұрғыдан дәлелденген жоқ, оның басына түскен жала, немесе Шығай сұлтанмен болған араздық осылай нәтижесіз аяқталып, Жәңгір таққа отырысымен Исатайдың басына түскен іс жөнделе бастады. Жәңгір оны бала кезінен жақсы білген, оны ел ағасы, батыр деп құрметтеп сыйлаған. Ханның сұрауымен Шекара комиссиясының төрағасы істі Оралдан Орынборға алғызды да, тергеу кезіндегі айғақтардың куәлік жауаптарындағы қайшылықтарды дәлел етіп, істі Жәңгірдің өзі тексеріп, әділ шешімін табуға жібереді. Ал Жәңгір істі әрі қарай тексерген де, қозғаған да жоқ. Исатайды бостандыққа шығарады. Осы жерде Исатайдың ақталуына Жәңгірдің досы, хандықтың ішіндегі істерді оңды шешуде, үнемі оған қамқоршы болған шекара комиссиясының төрағасы полковник Генстің септігі тигені сөзсіз. Өйткені бұл істі шешу ханның құзырына жатпайтын-ды. Жәңгір таққа отырған соң, Исатайдың жағдайы жақсарды. 1826 жылы Жәңгір Исатайдың қоныстарын бекемдеп, заңдастырып құжат берді. Тіпті, ханның үлкен саяси мәні бар тапсырмасын-Петербургқа баратын Бұхар елшілері Ішкі Орданың үстімен өтетіндіктен Исатайға оларды Сарайшықта қарсы алып, көлденең оқиғаларға соқтырмай, Астраханға жеткізіп салу жүктелген болатын. Исатай бұл тапсырманы мүлтіксіз орындады.

1824-1827 жылдар аралығында Исатай туралы мұрағаттық деректерде даулы істерге қатысты деректер кездеспегенмен, ол Орда саяси-әлеуметтік өмірінің қалың ортасында болған.

1834 жылы Жәңгірдің таққа отырғанына он жыл толуына орай, Шекара комиссиясы алда Николай І патшаның таққа отыруының он жылдық мерекесі тұрғандықтан дабырлатып Ордада той өткізуді қолдамаған. Осыған қарамастан орданың ішінде, Торғын өзенінің бойында тоғыз ағаш үйден салынған саяжайда 1834 жылдың маусымында той өткен. Осы тойдан есте қалған екі оқиға туралы Ә.Сарай «Исатай-Махамбет тарихы» атты зерттеуінде кеңінен жазған. Оның бірі палуандардың күресі. Қоңыраулы Торым палуан (жанкүйерлер хан жағы) мен Беріштен шыққан Тәни палуан. Екеуі бірін-бірі ала алмай итжығыс болғанда, Торымға қарағанда әрі жас, әрі шапшаң қимылдайтын Тәни Жәңгірдің Қоңыраулы палуанның басынан аттап кеткен. Қоңыраулы аяғындағы тақалы кебісін шешіп алып, Тәниді бір ұрып шалқасынан түсірген. Жеңіс Торым палуанға беріледі. Мұның соңы дауға айналып, кейін Беріштер ханға қарсы атқа қонды дейді екен қариялар.

Екінші әңгіме 70 шақырымға белгіленген, 70 жүйрік қосылған ат бәйгесі туралы. Бәйгені өткізуге арнайы комиссия сайланды. Осы жарыста бірінші болып Тәжі кедейдің қарақасқасы келсе де, екінші болып келген Жәңгірдің Шыбыққарасына бірінші жүлдені берген. Осыған өкпелеген Тәжі бәйгемді алып бер деп Исатайға жалынады.Осы тойға алғаш рет мініп барған Ақтабанды ойқастатып, атын жетектеп кетіп бара жатқан Жәңгірге Исатай: «Уа, хан ием, өз тойыңда бәйгені өзің алғаның қалай? Мына пақырдың алақанын жайдырмай, бәйгесін бер» дейді. Сонда Жәңгір: «Батырмай-ай,орынды жерге де, орынсыз жерге де киліге бересің-ау. Анау қабықтың арасында 200 нартайлақ жайлып жүр, қолыңнан қақпаймын, дұрыс деп білсең шағым иесіне бәйгесін алып бер» деп жүре беріпті [4,71-73-бб.]. Бұл жерде Исатай әділдікті бетке ұстаса, Жәңгірдің байлық емес атаққа құмарлығын көруге болады.

Тойдан соң би сайлау, старшын тағайындау съезіне көшті. Оның алдында Николай І патшаның таққа отыруының онжылдығына Петербургке баратын депутация құрамы талқыланып, дау-дамайсыз тез шешілді.

Шатақтың көкесі би сайлауында басталды. Оған себеп болған мынадай жәйіт еді. 1828 жылы Ұялы съезінде Шомбалмен бірге түскен Балқыны хан кеңесіне өткізіп алған болатын. Бұл жолы қайткенде де оны орнынан кетіруге Исатай дайындалып келіп, Балқының әділеттіктен айырылып, параның астында қалғандығын бетіне басты. Жаңадан билеуші лауазымына қолдары жетіп жатқан Қарауыл қожа мен балқылардың тек бұқара халыққа емес,өздеріне қарсы шыққандарға әртүрлі әрекеттер жасап, реті келсе абақтыға тығып тастайтындарын Исатай айтпай-ақ білді.

Жай уақытта асықпай сөйлейтін Исатай ханның сөйлетпей сөзін үзе бергеннен кейін тек Балқымен шектелмей Жәңгірдің де, Қарауыл қожаның да аттарын атап, жер бөлістегі олардың қиянаттарын беттеріне басты. Жәңгір Исатай менің ел алдында арымды төкті, жазықсыз сөкті деп билер кеңесіне жүгінді. Билер кеңесі ұзаққа созылсада батырға 60 атан айып салды. Істі насырға шаптырмай ағайындары 60 атан айдап алып келіп, Исатайды босатып алды.

Осы бір даудың төңірегінде халық арасында төмендегідей өлең қалған екен. Оны біздің пікірімізше Махамбет шығарған болуы ғажап емес.

Оның мәтіні төмендегідей:

Он екі би мен шұнақ хан,

Күндегенің мен екен.

Шабатының ел екен.

Қаныңды судай төгермін,

Қабырғаңды қойдай сөгермін.

Қалың елге кірермін,

Хан ұлына қас болу,

Қара ұлына дос болу,

Мендей ерге жол екен,-

деп [3.76-77-бб.], Исатай төңірегіндегілерді ертіп, съезден кетіп қалады. Балқы екінші рет хан кеңесіне тағы да сайланады.

Би сайлауында Жәңгірге қарсы шыққан батырға хан тек 60 атан айып тарттырып қоймай, ата қонысынан да айырды. Бұл дегеніңіз хан мен батырдың арасына жік түсті, қара мысық өтті деген сөз.

Теңіз жағалауындағы Исатайдың қоныстарына көптен бері көз салып жүрген Жәңгірдің қайын атасы Қарауыл қожа жоғарыдағы жағдайды пайдаланып пайда тапқысы келді. Исатай қоныстары Безбородко, Юсупов, Багратион сияқты помещиктердің патша үкіметі ХҮІІІ ғасырдың орта кезінде сыйға тартқан жерлер болатын. Безбородканың жерінің көлемі 2 млн. десятина болса, Юсуповтың екі саяжайы болды: бірінің көлемі 115000 десятина. Қарауыл қожа осы жерлерді жалға алып мол пайда табуды ойлады.

Бұл жерлерді алғашқы кезде қазақтар емін-еркін жайлап жүрген. Кейін жоғарыдағы аты аталған алпауыттар жалға берудің тиімді екенін түсініп, жайылымды, шабындықтарды жалға бере бастады. 1820 жылы теңіз жағалауына қыстағаны үшін А.Сапожников деген көпес қазақтардан көп мал алса, 1834 жылы князь Юсупов шабындықтан шөп шапқаны үшін 1157 сом ақша өндіріп алған. 1834 жылы Қарауыл қожа Юсупов, Безбородкамен жерді жалға алуға келісім шартқа отырып, олардың әрқайсысына жылына 1000 сом беруге келіседі. Ол теңіз жағалауын қыстайтын шаруалардан алдымен 7 мың сом ақша алып, оның үстіне 100 мың бау қамыс шаптырды. Помещиктерге беретін ақшасын толық төлеп, жылына тек Юсуповтың жерінен 10 мың сом таза пайда тапты және тағыда жалға төлейміз деп 2 мың бас тоқты жинап алды. Ал Безбородко жерін жалдаушылардан ақшалай алғанынан басқа 2 мың бас ірі қой жиып алды. [3,79-80-бб.].

Қарауыл қожаның басқа да заңсыздықтарын айтып, Исатай бастаған сегіз старшын ханға хат жазып, 1835 жылы сұлтан Шөке Нұралыханұлын Қарауыл қожаны орнынан түсіруге көмектес деп ара ағайындық сұрап, шағымшылардан 264 түйе, 127 жылқы, 19222 сом ақша жинап береді. Сұлтан Зұлқарнайды ортаға салып көреді, бірақ ештеңе өнбейді. Ал, Қарауыл қожа айылын да жимады. Исатай болса барынша шыдамдылық танытып, дауды мүмкіндігінше далалық ережеге сай, бейбіт жолмен шешуге ниеттенген сияқты. Әлдеқалай болар еді, егер араға өжет, адуын, мәмілеге келмейтін, алған бетінен қайтпайтын, ханмен араздасқан Махамбет келіп ушықтырмағанда.

Махамбет Өтемістің он ұлының Тоқтамыс, Бекмағанбеттен кейінгі үшінші бала. Заман ағымына және әке берген тәрбие мен оқу-тоқудың әсері болуы керек балаларының бәрі зерек, көзі ашық, оңды-солды бағамдайтын болған. Өтеміс ұлдарының арасында ерекше сауатты болған, орысша сөйлеп те, жаза да білген Махамбет. Білімді ауыл мектебінен алған. Махамбет қазақша терең сауатты болған. Оған оның бойындағы ақындық қасиеттің ерте оянғандығы дәлел. Ол алғашқы «Түйеші шалға жауабы» деген өлеңін 10 жасында шығарса, ақындық қабілеті осы кездерден басталғаны даусыз. Махамбет ауыл мектебінде оқыса да терең білімді, өзінің білсем деген құштарлығымен алған. Ал ақындық қабілет, дарындық қанымен туа біткен, Тәңір құдыреті сыйлаған қасиет екеніне ешбір күмән жоқ деп жорамалдаймыз.

Махамбет ақындығымен қатар домбырашы да болған. Шамамен 12-13 жасында күй тартуға әбден машықтанған. Ол кезде домбыра үйрететін әдейі мектеп болмаған. Ал Махамбеттің домбыраға құштарлығы Нарын топырағынан қонған сияқты. Ішкі Ордада күй атасы Беріш Ұзақ Мырзабекұлы деген ғұлама күйші болғанын екінің бірі біле бермейді. Ол Құрманғазының және басқа да күйшілердің ұстазы болған деген ел аузындағы әңгімелер жетерлік.

Міне, Махамбет осындай ақындық-музыкалық ортада тәрбиеленіп, балалық шақтан өтіп ержетіп, есейіп келе жатты.

Махамбеттің ханға оппозиция құрып көтеріліске шығуына Орынбордан

қайтып келген кезде, оның Исатайдың Жәңгір ханмен ұрыс-керісіне куә болып, енді батырдың жағында болуға шешім қабылдаса, ертеректе, нақтырақ

айтсақ, 1816 жылы әкесі Өтемістің мал-мүлкім, дүние-жиһазым таланды деп әуелі Шығай сұлтанға, одан ештеңе өнбегесін Астрахан губернаторына, кейін шекара комиссиясы мен Орынбор генерал-губернаторына арызы, сондай-ақ «бүлікшіл сұлтан» Қайыпқали Есімұлы мен батыр Шыман (Шынғали) Орманұлының ықпалында болуыда әсер еткен сияқты.

Махамбеттің бойындағы ерекше бір туа біткен қасиет - жауым деген адамнан кегімді алам деп ашық айтты. Ол Жәңгір ханды жауым деп ойламаған, өйткені ол хан ордасында қызмет етті, старшын болып сайланды.

Исатай мен Махамбеттің Жәңгірге ара-қатынасы суый бастап, хан сарайынан алыстай бастайды, бірақ ханның әділдігінен күдер үзбеді. 1836 жылдың маусымында онымен татуласу үшін, әрі Қарауыл қожа мен Балқының халыққа жасаған зорлық-зомбылықтарын жеткізуге ханның жайлауына құрамында 17 адам бар топ Қандыағашқа бет алғанда, оларға тағы да ханға арыздары бар 100-ге тарта адам қосылды. Мұны естіген Жәңгір бұл күш көрсету деп бағалап, обалдары өздеріне [5,19-п.]. деп, Шекара комиссиясына жедел хат жолдап көмек сұрайды. Осы оқиғаларды зерттеп, ақ қарасын әділ шешеміз дегеннің өзінде арада жарты жылдай өте шықты, өзгерген ештеңе болмады. Осыдан кейін Исатайға жаңа ой туып, ханның әділетсіз бұйрықтары мен шешімдерінен бас тарту үшін орыс өкіметінің сеніміне кіргісі келіп, ел ішіндегі жүрген қашқындарды ұстауға Махамбет бастаған серіктермен жолға шығады. Қашқындарды ұстамақ ниетпен жүздік Дәнеков бастаған Орал казактарынан құралған 25 адамдық командамен қосылып, өш алмақ болып Қарауыл қожаның қол астындағы ауылдарға барып, осында паналап жүрген күдікті татарды ұстайды. Ол Балқы бидің рұқсатымен тұрып жатқанын мойындайды.

Осында тағы да билетсіз жүрген бір кісіні тұтқынға алады. Осы бойда түрлі қақтығыстар орын алады. Отрядқа союға қой бермеген бақташылар Күшік Жапаров пен Тайбек Жадияров соққыдан таяқ жеп, Күшік Жапаров қайтыс болды деп Исатай мен Махамбетке жала жабады. Бірақ, олар соққыдан емес, найзағай түсіп өлген деп мойындамайды [5,13-п.], ханның шақырғанына бармады.

Осындай жағдайда Исатай бастаған, Махамбет қостаған, 1836-1838 жылдардағы халық-азаттық көтеріліс бұрқ етті. Көтерілістің негізгі әлеуметтік базасы, қозғаушы күші еңбекші көшпелі шаруалар болды. Исатай мен Махамбеттің ер жеткен балалары көтеріліске түгелдей қатысты. Көтеріліс үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 1833-1836 жылдарды қамтып, қарулы көтеріліске дайындық кезеңі ретінде сипатталады. Екінші кезең көтерілісшілердің 1837 жылдың басында ханға қарсы ашық аттануымен басталып, 1837 жылығы қарашаның орта шенінде көтерілістің жеңіліске ұшырауымен аяқталады. Үшінші кезең көтерілісшілердің 1837 жылдың желтоқсанның орта шенінен, жаңа күштер жинап шайқастар ұйымдастырудан бастап, 1838 жылдың шілде айының ортасында, Ақбұлақ өзенінің бойында жеңіліске ұшырап, Исатайдың қаза болуымен аяқталады [6,337-338-бб.].

1836 жылдың аяғында көтерілісшілер қыс түссе ашықтан-ашық өш алуды бастап кетті. 1837 жылдың 17 ақпанында олар Қарауыл қожаның ауылына шабуылды бастап, өздеріне ермеген Беріш руының старшыны Төлегеннің 160 жылқысын тартып алды. Қожа ауылының 50 адамын байлап-матап, төрт адамын өлтіріп, бірнеше адамды жаралап, турылығын турап, керегесін қақыратып, шаңырағын ортаға түсіріп, көз жауын алатын қымбат сандығы ішіндегі дүниесі мен өзінікі бар, қазынанікі бар – 3 мың рубль байлығын бірге алып, 441 жылқысы мен 41 түйесін айдап кетеді. Талайға тізесі батқан Қарауыл қожа әп-сәтте жұрт аяр сорлыға айналады. Әрине, мұның барлығы адал еңбегімен тапқан байлық емес, қара халықтың маңдай терімен тапқан еңбектерінің жемісі болатын.

1837 жылдың 26 мамырында көтерілісшілер Теректі мекеніндегі Балқы бидің қала үлгісімен салынған қарағай үйіне басып кіріп, бар дүние-мүлікін 20 түйеге артып, 50 сәйгүлігін алып, 270 адам үш күн ойрандады. Бұл аз дегендей 1837 жылдың 16 қыркүйегінде батырлар 200 адамдық жасақпен Қарауыл қожаның ауылын екінші рет шапты. Қожа мал-мүлкін ұмытып, айнала тосқауыл жасап, он екі қарулы жігітімен әйтеуір отбасын қорғап қалады. Қатын - баласы, оның ішінде үш жасар ұлы-қазақтың болашақ этнограф - ғалымы Салық Бабажановта аман қалды [2,341-343-бб.].

Көтерілісшілер бұдан әрі талай сұлтандардың, хан айналасындағы жандайшаптардың отауларының шаңырағын ортасына түсіріп, мал-мүлкін талап, отбастарын шұбыртқан кек алу жорықтары жалғаса береді. Исатайға да, Махамбетке де кеше ғана дәм-тұзы жарасқан ханмен араздасу оңайға түскен жоқ, сондықтанда ханмен кездесудің, түсінісудің амалын іздеді. Ондай сәт туғандай болды.

1837 жылдың 31 мамыры күні Жәңгір хан Ордадағы ушыққан ахуалды ақылдаспаққа және көтерілісшілерге қарсы әскери күш көрсетуді сұрауға нөкерлерімен Орынборға жолға шықты. Ханның жол сапары Исатай жайлап отырған Ұялы ойы арқылы өтетін. Маусым айының бірінші жұлдызында хан Қойтуған деген елді мекенге түнейді. Келесі күні Қойтуғаннан он шақырым жүрмей-ақ анадайдан Исатайдың тобы көрінеді. Исатай ханның Орынборға неге бара жатқанын және осы сапарынан кейін жағдайдың басқаша болатынын түсініп, осы бойда кездесіп қалуды ойлады. Бұған дейінгі істеріне әбден көңілі қалған Жәңгір күймесін тоқтатпады. Исатай мен Махамбет тікелей ханға бара алмады. Одан әрі жол жүру шаршаттыма, әлде Исатай жағынан көрініп тұрған қауіпсіздікті (қастандықтың жоқ екенін) сездіме Ұялы сайға келіп дамылдады. Осы жерде Жәңгірге Исатай екінші рет жақындап келді. Исатай жіберді ме, әлде старшын Жүніс Жантелиннің өз әрекетіме, көтерілісшілерден бөлініп Жәңірге келіп қосылады. Жүніс ханға соңғы айлардағы болған оқиғаларды бүкпесіз баяндайды. Оның хабарлауынша Исатай башқұрттар сияқты орыс үкіметіне тікелей бағынып, казачество қатарына өтіп, казак-орыс әскерімен қоян-қолтық әрекет жасамақшы. Осыны естіген Жәңгір хан: «Қырық атамнан бері хан болып келе жатқан менің басымда толық билік жоқ. Орысқа қол шоқпар болып не таппақ! Ендеше менің ендігі жерде аянарым жоқ. Көресіні түбі өзі панасына тығылмақ сол атты қазақтан көреді» -деп қатты ашуланыпты

[2,345-б.]. Бұл хабарлама Жүніс жағынан, сірә арандату болса керек. Азаттық үшін күрескендер мұндай әрекетке баруы мүмкін емес, жаумен ымыраға келу Исатайдың да, Махамбеттің де бойында жоқ қасиет.

1837 жылдың бүкіл жазы мен күзінде кек алу жорықтары жалғаса берді.

Бұл кезде Исатайға қосылушылардың саны күн сайын ұлғая түсті. 1837 жылғы 11 маусымда көтерілісшілерге қаруланған 500-дей руластары келіп қосылса, бір айдан кейін 1000-ға жуық шаңырақ пен қаруланған 600 қазақ келіп қосылды [6,341-б.]. 1837 жылы көтерілісшілердің саны 1836 жылмен салыстырғанда 3-5 есе көбейіп, 4-5 мың адамға жеткен [7,61-б.].

Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілердің күштері бірнеше топқа бөлініп, үнемі орын ауыстырып отырды. Бұл қарсы күштерге тікелей жолықпай хан ордасына жақындаудың амалы болатын. Олар жай жүрген жоқ, жол-жөнекей хан шенеуніктері мен шонжарлардың ауылдары мен иеліктерін қиратып, жерлерін тартып алды. Ол жерлерге өз билеушілерін тағайындады, өздеріне жаңа жақтастар тартты. 1837 жылдың 15-20 қазан аралығында көтерілісшілердің лагері хан ордасынан 60-70 шақырым жердегі Теректіқұмға жеткен, ал 24-қазанда 40 шақырым, 2-3 күннен кейін хан ордасынан 4-8 шақырым жерге келіп қос тіккен. Сөйтіп, құрамында 3,5 мыңдай адамы бар көтерілісшілер хан ордасы Жасқұсты қоршайды [6,341-б.,2.347-б.]. Қоршау екі аптаға созылған. Орданы ойран етудің орнына Исатай тағы да ханмен татуласудың жолын іздеді. Жәңгірді райынан қайтаруға ниеттеніп, түрлі рулардың адамдары қол қойған хат жолдап, батыр мен ақынның амалсыздан жасаған әрекеттеріне кешірім жасауды өтінген. Ал Жәңгір болса, «Махамбет-көтерілістің негізгі дем берушісі» деп жауап берген. Осы берілген жауапты кейіннен тарихшылар көтерілістің ұраны етіп алды. Шынында да, Махамбет көтерілістің дауылпаз жыршысы, идеологі болғаны тарих дәлелдеді. Жауына қатал болған Исатай Жасқұсты қоршағанда солқылдақтық танытты. Махамбеттің хан ордасын талқандайық дегеніне көнбей, сабырлыққа шақырған болатын.

Бөкей Ордасы тақырыбына айтарлықтай зерттеу жүргізіп, қалам төсеп жүргендердің бірі Б.Аманшин: «Осы бір сәт Орданы шауып алуға дәл келіп-ақ тұр еді. Бірақ Исатай олай істемеді. Жәңгір ханмен әлі де болса ымыраға келіп, оны ақиқат жолына түсірем бе деген пікірінен қайтпады» [8,11-б.] –дейді.

Ия, Исатай тек Махамбет емес, өзінің үзеңгілес жақын серіктері Үбі, Таңатар,Қабыланбайдың да сөздерін тыңдамай уақыттан ұтылып қалғаны белгілі. Бұл үшін батырды даттаудың да, ақтаудың да қажеті жоқ деп есептейміз.

Исатайдың хан ордасын талқандамауының себептері де жоқ емес еді. Біріншіден, оның бұл қылығы ашуды ақылдылықпен жеңу еді. Жарайды, сол сәтте Орданы шауып, ханды өлтіріп, мал-мүлкін талады дейік, онымен іс бітпейді ғой. Одан кейін қандай қадам жасауға тиіс, Ордаға ойран салғанмен, ханды өлтіргенмен қоғамдық құрылыс өзгермейді және көтерілісшілерге тойтарыс беруге патша үкіметінің әскери күші жетерлік. Осыдан келіп халық зардап шегер еді. Исатай осыны түсінді. Екіншіден, Исатайдың өзі де, қаруластарыда, оны қолдайтын старшындарда Жәңгір ханның көзін жоюды ойлаған жоқ. Олар ханның барлық билері мен кеңесшілерін, сұлтандарын, әсіресе Балқы би мен Қарауыл қожаны қызметтерінен тайдырып, олардың орнына Исатай жағындағы сенімді адамдарды тағайындау болатын. Сүйтіп, билік қайта рулық старшындардың қолына көшсе ханның билігі шектеледі, халық мүддесі қорғалады деп ойлады. Үшіншіден, Исатайдың да ойында уақыт оздырып, қыс түсе мұз қатқанда Жайықтың оң жақ бетіне өтіп кетіп, қол жинап көтерілісті жалғастыру еді. Бұл ойын кейінгі оқиғалар толықтай дәлелдеді. Исатайдың бұл жерде жіберген басты қателігі: «егер ханнан тікелей бұйрық болмаса жазалаушы орыс отряды бізге қарсы оқ атпайды деп сенді» [9,13-б.]-деп көрсетеді тарихшы – ғалым Ж.Жақсығалиев. Төртіншіден, Исатайдың хан Ордасын ойрандауға күші жетіп тұрса да шаппауы ел аузында айтылып жүрген аңғалдығы мен сенгіштігі емес, оның көшпелі қоғамында қалыптасқан сөзде тұрып уәдені (анттасқаны-Ж.О.). бұзбау мәрттігі деп түсінген жөн. Бұл жөнінде З.Алдамжаров ел аузындағы деректерге сүйеніп, «Исатайдың әкесі Тайман мен Бөкей ханның арасында сыйластықта, хандықтың іргесін нығайтуға, Еділ-Жайық арасын қазақтың тұрақты мекеніне айналдыруға, екі ұрпақтың арасындағы достық мәңгілік болуға уағдаласқан» [10,160-161 бб.] – екен дейді. Заман өзгеріп, Исатай мен Жәңгірдің арасына сына, қағылып,бір-бірінің арасы суып, ханды Орданы ойрандап, шабуға таялғанда да Исатай екі аруахтың анттарынан аттап, Жәңірдің қанын мойнына көтеруді қаламай, бабаларымыздан келе жатқан дәстүрді бұзғысы келмегендігі деп түсінген жөн сияқты. Бесіншіден, Исатай мен Жәңгірдің арасында шешен Бекпембет арқылы келіссөздер жүріп жатқан болатын. Қара тілден май ағызатын Бепенбет Исатайдың алдына келіп: «Уа, батыр Исеке! Хан артық айтқан сөзім, біреуге таяғым, біреуге тілім тисе, кешсін, шыбынжанымды қисын. Қандай талабы бар екенін айтсын. Ойланып, орындауға 10 күн мұрса берем» [4,216-б.]-деген хан сәлемін жеткізді. Бұны естіген қалың нөпір, тіпті кеңес жасаған 17 старшындарда: хан талабымызды орындаса, бекерге қан төкпейік, пәтуаға келейік деушілер аз болмағанға ұқсайды. Демек, Орданы шаппау тек жалғыз Исатайдың шешімі емес екен.

Осы кезде Исатайдың екі ойлы болып қалғанын байқап, Махамбет: бұл ханның қулығы, алдау екенін түсіндіріп айтқаны:

Хан баласы қабан-ды,

Қайырылып шапса, жаман-ды.

Хан баласы қара жылан-ды.

Қайта айналса, шағар-ды.

Шабар күнің, бүгін-ді,

Бүгіннен кейін қиын-ды.

Бұл 1837 жылдың қазан айының 24 жұлдызы болатын.

Исатай Махамбеттің сөзіне құлақ аспай, он күн уақыт береді және ханға өзінің төмендегідей талабын жазады:

1.Би кеңесін өзгерту.

2.Би, Қисым басқарушыларын орнынан түсіру. Бірінші кезекте Балқы мен Қарауыл қожаны орнынан түсіріп, орындарына көтерілісшілерді жақтаушылардан қою. Сөйтіп, билікті рубасыларының қолына беріп, хан әкімшілігін шектеу.

3.Өздеріне қатысты істі тоқтату.

4.Қылмысты істерді тексеріп, шешім айтуды орыс сотына емес, халық билерінің қолына беру.

5.Ханның орыс әкімшілігіне жалтақтай бермеуі. Елді ата-баба жолымен

басқару (Бұл дегенің – ұлттық автономияның талаптары еді) [4,318-б.].

Бұл талапқа 620 адам қол қойып, мөрлерін басып талқылауға жіберіледі.

Бұл кезде Жәңгір ханда қарап жатпай Орынбордан жазалау отрядын тездетіп жіберуді өтінді. Көтеріліс шарықтау шегіне жетіп, ханның күні қараң, Орда ойран алдында тұрғанда 1837 жылдың 24-ші қазанында подполковник Карл Карпович Геке Орал қаласынан шығып, 26-да Глинянскіге келіп, арасы 160-180 шақырым жерді суыт жүріп, бір жарым тәулікте шағын отрядымен Жасқұсқа жетеді.

Келе салысымен Геке Исатайға «әскеріңді тарат, елден күшпен тартып алынған малды түгелдей қайтар, олай болмаса ертеңгі күндерің қиын болады» - деп қорқытып та, қатаңдау хат жазады. Хатты оқып шыққан Жәңгір бұлай жазуға болмады, көнбейді деп ақыл береді. Осыдан кейін Геке тілдесеуге Исатайдың өзін шақырып, өміріңе ешқандай қауіп-қатердің жоқтығына сендіреді. Бірақ Исатай өзі бармай 7 старшынын жібереді. Олар Гекенің алдында барғанда жандарынан қорыққаннан, мал-мүліктерін тартып алып, адамдарын тұтқындап алған соң, амалсыздан еріп жүрміз деп сендіреді. Ұтыры келсе Исатайдан кетеміз деп уәделерін бергенмен, шыға бере айнып кетеді.

Геке Исатайға 1-қарашада қатал талап қойып, хат жазады. Хаттың мазмұнын Ә.Сарайдың «Исатай-Махамбет тарихы» зерттеу кітабынан толық келтіруді жөн көрдік.

«Старшын Исатай Тайманұлы!

Ішкі Ордада тыныштық орнатып, әр түрлі адамдардан түсіп жатқан арыз-шағымдарды тексеруге Орынбор әскери губернаторы Ордаға мені жіберді. Губернатор қазақтар арасында жанжал оты тұтанғанына қатты қапалы: тез арада тәртіп пен тыныштық орнауын қалайды. Губернатордың талап етуі бойынша оның бұйрығын тапсыру үшін старшындарыңмен және басқа да басшы адамдарыңмен келіссөз жүргізу үшін сені Ордаға шақырамын. Сіздер мәселенің аса маңызды екенін түсініп, құлақ аспаумен өз жағдайларыңды өздерің қиындатпайды деп, хандарың мен мемлекеттік бастықтардың өздеріне араша болатынын түсінеді деп ойлаймын.

Подполковние Геке» [5,220-п.].

Бұл хатқа да Жәңгір қарсы болғанмен, Гекенің өз ойы бар еді. Осындай

Мәмлегерлік ойын ойнап, қосымша жазалау отряды келгенше уақыт ұтып, күш жинау екенін, әрине көтерілісшілер түсінді.

Исатайда мәмлегерлік жағынан құр жаяу емес, мазмұны төмендегідей Гекеге хат жазады.

«Мейірімді мырза, Сіздің 1-қараша күні жолдаған қағазыңызды сол күні алдым, онда мені, төңірегімдегі старшындарды келіссөзге шақырған екенсіз – біз бұл қатынасыңызды оқып, үлкен қуанышқа кенеліп қалдық. Сізбен келіссөз жүргізуді біз де жақтаймыз, өйткені мұны жоғары мәртебелі бастықтың рұқсатымен Сіздің істеген жақсылығыңыз деп білеміз. Әйтсе де біз жоғары дәрежелі хан ордасында қаскүнем қара ниет адамдар болуына байланысты онда бара алмаймыз. Олардың бізді бақытсыздыққа душар ететіні не етпейтініне кепілдік жоқ қой. Олардан сақтанамыз. Бұған біздің көзімізді жеткізе түсетін бір жай - 31 қазанда тарап кеткен сыбайластарымызды шақырып келуге жіберген 100 кісімізге хан тарапынан шабуыл жасалып, қара ниет қарақшылар 14 кісімізді жарақаттап кетті. Екеуі қазір өлім халінде. Алтауы хабарсыз жоғалды. 1-қарашада тағы да 2 адамды жарақаттап, үшеуін тұтқынға алды. Бұл жағдайды ескермей отыра алмаймыз (біз хан ордасын тонаған жоқпыз ғой). Ал жалпы тыныштықты қалпына келтіру үшін менің жақтастарым келісім бойынша жоғары дәрежелі ханға өтініш тілегін жолдады» [11,100.п.]

Исатайдың хатын Гекеге Бекмағанбет Өтемісұлы (Махамбеттің бауыры) табыс етті. Хатты оқып болғаннан кейін Геке әй-шәй жоқ Бекмағанбетке дүрсе қоя береді. Қатты ашуланып, енді Исатаймен ешқандай келісім болмайды, оны старшын емес, қарақшы деп жариялауға жарлық береді. Гекенің айтқандарын жеткізген Бекмағанбетті Исатай байлап тастайды. Исатайдың әрекетін баста түсінбегенмен кейін анықталғандай, ол көтерілісшілердің арасындағы жағдайды жауға тікелей хабарлап отырған сияқты. Өтеміс ұлдарының арасында тек Бекмағанбет қана көтерілісшілердің мүддесін сатқан, ханға сатылған адам деп біледі халық. Осы айтылғандарды Ығылманның «Исатай-Махамбет» дастанында Махамбет аузымен айтылған мына өлең жолдары дәлелдейтін сияқты.

Бекмағанбет туғаным,

Туғаным деп сенбеймін.

Ханның ісін қолдап жүр,

Өлтірем десең маған хош,

Жүрмеңіз менен ұялып.

Осылар бізді алдап жүр,

Қалаға хабар жолдап жүр.

Осы дастанның азғана үзіндісінен Бекмағанбеттің азда болса сатқындық бір іс істегені байқалады. Осыған тағы бір дәлел Жәңгір хан Өтеміс ұлдарының ағаттық істерінің бірде-біреуіне кешірім бермей, тек Бекмағанбетке кешірім беруінен де күдіктенуге болады. Жасқұсты қамау кезінде Исатайдан жаза алғаннан кейін Бекмағанбет көтерілістен жырақтанып, қанды қырғын оқиғаларға қатыспады.

Жәңгір көтерілісшілері қойған талаптардың бірде-бірін орындаған жоқ.

Халқына жаны ашыды ма, орыстардың күші басым, текке қырыласыңдар, - деп орыс әскерінің қанқұйлы соғысқа дайындалып жатқаны туралы көтерілісшілерді құлаққағыс етті.

2-қарашада Геке төменгі дистанцияның бастығы ротмистр Акутинге Горскідегі 200 отрядты Жасқұсқа жіберуге бұйрық берсе, оған жолда подполковник Меркульев басқаратын Кулагин мен Зеленый бекіністерінің екі полкі қосылды. 5 қарашада атаман Покатилов Гекенің сұрауымен 50 адам, екі зеңбірек жөнелтті. Астрахан губернаторы бір зеңбірегі бар 300 казак-орыс отрядын подполковник Алеев бастап, жеделдетіп Ордаға таянған еді.

Осы кезде Меркульев басқарған әскери күш бет алысын Теректіге бұрып, көтерілісшілердің ауылын қамап, мақсаты Исатайдың отбасын қолға түсіру болатын. Бұл хабарды естіген Исатай 5-қарашадан 6-қарашаға қараған түнде, 300 жігітімен ауылына бет алады. Ел іші ауылға әскердің келуі елдің берекесін алып қойған жоқ, тіпті көтерілісшілердің арасында да үрей туғызып, Исатай кетісімен-ақ көтерілісшілер қатары ыдырай бастады. Олардың ішінде ханнан жаңылдым-жазылдым деп кешірім сұрағандарда болса керек. Меркульев отряды 7-қарашада Жаманқұмға бет алған Исатай ауылын тоқтатып, 40 үйлі отбасын түгелдей тұтқындайды. Исатай ауылына тек 8-қарашада жетеді. Исатай Меркульевке: «өзімізге не қылсаң да мейлің, әйел-бала, кемпір-шалға тимеңдер,

босатыңдар» деп талап қояды. Бұдан ештеңе өнбегесін Исатай әскерді қамап, жан-жақтарынан үюлі шөптерді өртеп, түтінге тұншығып, соғысуға айналасын көре алмаған Меркульев көтерілісшілердің отбасын түгелдей қайтарып беруге мәжүбір болады. Бұл 40 үйдің ішінде Исатай мен Махамбеттің және басқада батырлардың отбасылары болған. Меркульев отряды жоспарының орындалмауына, әрине өрттен зәрелері ұшып тұншықса, сонымен қатар оларда азық-түлік тапшылығы және зеңбіректерінің болмауы себеп болған сияқты.

Көтерілісшілердің үй-іштерін тұтқындап тұрып айырылып қалған Меркульев Теректіге шегініп, жаңа тактикалық әскери тапсырма алу үшін Гекенің келуін күтті.

Жасқұс түбіндегі текетірестен кейінгі ұрыс Бекетай құмындағы Тастөбе шайқасы. Екі жақтың да тұрысар жері, көтерілістің немен бітетініде осы шайқас болды. Геке дипломатиялық әдістерді түгел тауысып, жазалаушы отряд қимылына басшылық жасау үшін Бекетай құмына бет бұрды.

Геке Тастөбеге 15 қарашада таң ата жетеді. Түнгі жүрістен шаршаған адамдарын тынықтырайын деп енді аттан түсе бергенде, көз жететіндей жерде Исатай бастап келе жатқан 500-дей қалың жасақты көріп, Геке шабуыл шебін құрып, соғысқа дайындалады. Жасақшыларға көрінбестей етіп екі зеңбірек орнатты. Зеңбіректен атылған алғашқы оқтан кейін 200 адаммен шабуылға шықпақ болады. Бұл Гекенің соғыс тактикасы болатын. Осындай қарбалас үстінде орыс отрядының шабуылын күтпестен, Исатайлар бірінші болып шабуылға қойып кетеді. Геке тығып қойған зеңбіректен оқ аттырады, бірақ ол Исатай жігіттеріне ешқандай шығын әкелген жоқ. Зеңбіректен оқ атылысымен Истайларға қарсы екі қанаттан қиқулап оқ атып, үрей тудырмақ болған казактардан батырдың қолы қаймыққан жоқ, керісінше шетінен жүйрік-жарау атты, найзагер жігіттердің қарқыны Гекенің зәресін ұшырады. Соғыс алаңында қоян-қолтық ұрыс басталып кетті. Исатайдың жігіттері 200 казак-орыс отрядының бір қанатын күйрете шегіндіреді, олардың пысы баслып, еңсесі түсіп қатары сейіле бастайды. Осы бір сәтте көтерілісшілердің қолда бар қаруларының бәрі қолданыста болды. Казак-орыс отряды қашып, көтерілісшілер қуып отрядқа тақала бергенде, қарсы беттен қос зеңбірек бір мезгілде Исатайларға оқ жаудырады. Қазақ жасағы үшін зеңбіректен басқа тажал қару жоқ еді. Іле-шала зеңбіректер тағы атылды. Көтерілісшілер бұршақша жауған қалың оққа тап болып, олардың қатарында іркіліс байқалды. Осыдан кейін көтерілісшілердің қатары бірікпей, бытырай шегінді.

Әскердің алды бөгелді,

Қырдан ойға төгілді.

Орыс добын үш атты,

Доптың үні шыққанда,

Сонда батыр жөнелді.

Жөнелмей батыр не қылсын, -деп жасақтың жеңіліске бет бұрған сәтіне Махамбеттің налитын тұсы осы болатын. Гекенің әскері түгелімен шабуылға шығады. Осы кезде Исатай атының басын кері бұрып қаша жөнеледі. Орыс – казактар Исатайларды 7 шақырым бойы қуғанмен, шаршаған Ақтабан атынан басқа жүйрік атқа ауысып мініп, қуғыншыларға ұстатпай, Сарт Еділов, Махамбет Өтемісов, Қалдыбай секілді қаруластарымен бірге құтылып кетеді.

Тастөбе ұрысы көтерілісшілерді көп шығынға ұшыратты. Осы шайқаста көтерілісшілердің 60 адам қаза тапты. Оның ішінде Исатайдың 20 жасар баласы

Ақай, шешесі Мылқым және жас келіншегімен оққа ұшты. Қазақтардан 4 адам жараланды [2,353- б.,4,228-б.].

Осы ұрыстың қақ ортасында болған Геке, жүзбасы Чижин көтерілісшілердің ерлігіне таңғалып, жағасын ұстаған. Тастөбе шайқасында жасақшылардың тірі қалғандары, әсіресе көтеріліс басшылары қолға түспей қашып құтылған.

Исатай қолы мен Геке отрядының арасындағы қақтығыс Тастөбеден кейін де бірнеше күнге созылды. Исатай тобы әлсіз болып қалды. Жайық бойын қуалай Геке торуылдар қойып, Исатай тобының Жайықтың Кіші жүз бетіне өтуіне мүмкіндік бермеді. Көтерілістің жеңіліске ұшырағанына көзі жеткен көтерілісшілер Исатай мен Махамбеттерден теріс айналып, ауылдарына қаша бастады. Ұрыстың шешуші сәтінде шеркеш руының ағайынды жігіттері Қали мен Жанұзақ Адырбековтер Исатайға айтпастан түн жамылып қашып кетті. Бірақ, олардың көбі жазалаушы отрядтың қолына түсіп, мысалы Адырбековтердің тоғыз жылқысын, сегіз түйесін, қырық қойын тартып алды.

Исатайдың енді қалған мүмкіндігі де, мақсатыда арғы бетке (Кіші жүзге) өту болды. Исатайдың барлау жасап келген жігіттерінің мәліметінше барлық жерде әскердің күшті күзеті тұрды. Арғы бетке өтуден күдер аз еді. Осындай қиын жағдайдың өзінде Исатай жауға қарсы ашық ұрысқа бармай, іздеріне түскен отрядтардан құтылып кетіп отырды. Бірақ күресті тоқтатпады. Жәңгірдің жақтастарының ауылдарына тұтқилдан шабуыл жасап тонап, барымта жасап, әпсәтте орындарынан кетіп қалып, Сырымның партизандық күрес әдісіне ден қойды. Не істерін білмей абыржып, толғанып тұрған Махамбетке қарап: «Әй махамбет, жолдасым, бақытым ауып басымнан, әскерім кетіп қасымнан, жапанда жалғыз қалғасын, өкінгеннен пайда жоқ, құдайым басқа салғасын», -деп мұңы мен қайғысын жасырған жоқ.

Геке әскері Исатай тобының соңына түсуді бір сәтте тоқтатқан жоқ.

22-қарашада Бекайдардағы Елекен моласы жанында Истомин отрядымен кездесіп, біраз соғысқаннан кейін күштің тең болмауына байланысты, әрі отбасыларының қолға түспестей қашықтыққа кеткенін білген Исатай жігіттері шегініс жасайды. Исатай екі-үш адамымен үлкен топтан бөлініп ұзай түссе, Истомин топтаса қашқындардың ішінде Исатай болар деп алданды. Жаудың ішінде Исатайды танитын адам жоқ болатын, сондықтан алданып қалды. Ал Махамбет болса аса тапқырлықпен құтылып кеткен. Истоминнің ұшқыр-жүйрік аты Махамбетке қол созым қалғанда батыр оған қарсы бірнеше жебе атып, содан соң астындағы құс жастығын қанжарымен жарып жібереді. Қуғаншыларға қарай ұшқан мамықтан ештеңе көрмей және түтек арасынан атылған жебеден ажал құшудан қорыққан Истоминдер Махамбеттен көз жазып қалады. Исатай мен Махамбет орыс жазалаушы отрядымен және Жәңгір әскерімен болған ұрыстардан аман құтылып шықты.

Тастөбедегі жеңіліс көтерілісшілерге айтарлықтай нұқсан келтірді. Феодалдық ақсүйектер жеңісін тойлады. Жәңігірдің әмірімен хан ордасында жасырынған сұлтандар мен билер шайқас орнына барып, бағынышты қазақтарды ескі қыстақтарға қайтып баруды талап етті. Хан бұйрығын тыңдамағандар аяусыз жазаланып, мал-мүліктері тартып алынды. Жазалаушы отрядтардан үрейленген жүздеген ауылдар отбасыларымен қыстақтарын тастап, құм ішін паналады. Көтеріліске қатысқандардың кейбіреулерін түрмеге жапты, сотсыз қамшымен соқты, денелерін күйдірді, содан кейін Сібірге жер аударып,

каторғылық жұмысқа жекті. Мысалы, Махамбеттің бірге туған бір туысына Исатай Жайықтан өтіп кеткеннен кейін 250 адамнан үш рет өткізіп дүре соғып, содан кейін крепостниктік жұмысқа Киевке жер аударып, өмірбақи солдат болуға үкім шығарған [12,320-б.].

Исатай бастаған көтерілістің жеңіліс дәмін татуы көрсеткендей, қазақ халқын өз феодалдарының қанауынан азат етудің бірден-бір жолы Ресей самодержавиесіне қарсы күресу екенін көрсетті. Жасқұс түбіндегі текетірес нәтижесіз және Тастөбедегі ұрыс жеңіліспен аяқталғанмен күрес аяқталған жоқ еді. Күрес Жайықтың оң жағалауына ауысты. Бұл бөлек зерттеу болмақ.
Әдебиеттер
1. Вяткин М. Очерки истории Казахской ССР. –Алматы: Госполитиздат,1941 –

368 б.


2. Баранғалиұлы Т. Жәңгір хан. –Алматы: «Абзал –ай»,2014 – 528 б.

3. ҚР Орталық мемлекеттік мұрағат (бұдан әрі ҚРОММ). 4-қ., 1-т.,1974-іс.

4. Сарай Ә. Исатай-Махамбет тарихы. Зерттеу- Алматы: «Өлке», 1997 – 387 б.

5. РФ Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағаты (бұдан әрі РФООММ), 222 қ.,

1-т., 9-іс.

6. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. 5 томдық, 3-т. – Алматы:

«Атамұра», 2002, -767 б.

7. Кенжалиев И. Тайманұлы Исатай. – Алматы: «Қазақстан», 1977 - 273 б.

8. Аманшин Б. Махамбеттің тағдыры. //Махамбет. Ереуіл атқа ер салмай.

Қосымша. – Алматы: «Өлке», 2012.85 б.

9. Жақсығалиев Ж. Исатай батыр Жәңгір ханның Ордасын неге шаппады ?

// Қазақ тарихы. -2015. -№1.-87 б.

10.Алдамжаров З. Тарих: пайым мен тағылым. – Алматы: Қазақстан, 2002. -

203 б.


11.РФООММ. 6-қ.,10-т.,3332-іс.

12.Бекмаханов Е. История Казахстана (История Казахской ССР с древнейших

Времен до наших дней. Издание 1943 г., 3-е издание.- Алматы:

Атамұра, 2011. - 405 б.




References
1. Vyatkin. Ocherky istorii Kazakhskoy SSR.-Almaty: Gospolitizdat, 1941.-368 b.

2. Barangaliuly T. Zhangirhan-Almaty: “Abzal-ai”, 2014. -528 b.

3. KR Ortalyk memlekettik muragat (budan ari-KROMM). 4-k, 1-t, 1974-is.

4. Saray A. Isatay-Makhambet tarihy. Zerttey-Almaty: “Olke”,1997-387 b.

5.RF Orynbor oblostyk memlekettik Muragat (budan ari-RF OOMM). 222k,1-t, 9-is.

6.Kazakhstan tarihy . Kone zamannan buginge dein. 5 tomdyk, 3-t. Almaty: “Atamura”, 2002,-767 b.

7. Kenzhegaliev I. Taymanuly Isatay. –Almaty: “Kazakhstan”, 1977-237 b

8. Amanshin B. Makhambettin tagdyry.//Mahambet.Ereyil atka er salmay. Kosymsha/-Almaty: “Olke”, 2012.85 b.

9.Zhaksygaliev Zh. Isatay batyr Zhangir hannyn Ordasyn nege shappady?// Kazakh tarihy.-2015№1.-87 b

10.Aldamzharov Z. Tarih: paiym men tagylym/-Almaty: Kazakhstan,2002.-203 b

11. RFOOMM. 6-k.,10-t,3332-is.

12.Bekmahanov E. Istoriya Kazakhstana (Istorya Kazakhskoy SSR s drevneyshih Bremen do nashih dney. Izdanye1943g.,3-e izdanye. –Almaty: Atamura, 2011.- 405 b.



Ж.Орамах
профессор Актюбинского регионального государственного

университет им. К.Жубанов, кандидат исторических наук


Противостояние под Жаскусом и схватка в Тастобе
Резюме
В статье говорится о начале крестьянского восстания 1836-1838 годов под руководством Исатая и Махамбета в Букеевской Орде. Движующие силы- рядовые крестьяне, которые были не довольны проводимой социально-экономической политикой хана Жангира. Восстание было направлено также против султанов и биев, которые поддерживали хана.

Первые шаги восставших начались с осады ханской Орды-Жаскус. Достаточно убедительно показаны причины отказа и отстутпления Исатая от

разрушений Орды. Далее рассказывается, на основе архивных и исторических источников, как восставшие встретились в Тастобе с неравными силами карательного отряда, под командованием Геке, что привело к поражению и ослаблению силы восставших. После этого Исатай решил перейти на сторону Младшего Жуза, с целью пополнить ряды своих сторонников и материально укрепиться.
Ключевые слова: положение, Кайыпкали, граница, губернатор, комиссия, справедливость, Жаскус, Бекетай, Тастобе, би, посредник, поручительство.

Zh. Oramah
Professor Aktobe Regional State

University named after K. Zhubanov, Candidate of Historical Sciences



Confrontation at Zhaskus and Tastoba’s battle
Summary
The article refers to the beginning of the peasant uprising in 1836-1838 under Isatay and Makhambet leadership in Bukeyev Horde. The driving forces are ordinary peasants who were not happy with Zhangir Khan’s social and economic politics. The rebellion was also directed against the sultans and biys, who supported the khan. The first steps of the rebellion began with the siege of Khan's Horde-Zhaskus. The reasons had sufficiently shown for Isatay's refusal and derogation from Horde’s destruction. Based on archival and historical sources had gone on the rebellion met in Tastoba with unequal forces of punitive detachment led by Geke, which has resulted to defeat and weakened to the rebel. After this, Isatay decided to move Younger Zhouz side, in order to add the ranks on their supporters and be strengthened materially.
Key words: position, Kaiypkali, border, governor, commission, justice, Zhaskus, Beketay, Tastobe, bi, facilitator, surety.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет