Мақұлбек рысдәулет солдат жары ұлы Отан соғысы жылдарында


Мәрзия апа көлікті тоқтатуды өтінді



бет18/23
Дата02.07.2018
өлшемі5,99 Mb.
#45422
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23


Мәрзия апа көлікті тоқтатуды өтінді.

-Апа, сәл шыдаңыз, үйгеде келіп қалдық, деген Әбзелбек бұрылып, апасына қарады.

-Жоқ, балам, тоқта. Жәй әшейін, сыртқа шығып біраз тыныстайын дегенім ғой. Көңіл құрғыр көк дөненге мінгендей...

Мәрзия сырғып келіп тоқтаған машинадан жылдам түсіп, қар басып жатқан далаға қарай адымдай жүрді.

-Апа, қайда барасыз, кебісіңіз шешіліп қалады, оның үстіне қар кіріп кетеді дегендей, деп жақындай беріп еді апасы оның қолынан ұстай алды.

-Бүгін мені «Туған күніңізбен!» деп құттықтап жатырсыңдар ғой. Оларың үшін рахмет. Шешем байқұс айтып отыратын: «Сен тары піскен кезде туғансың, сол жылы қиырлы деген құс көп болып, егінімізді әрең қорып, сақтап қалғанбыз» деп отыратын. Әкемді «бай» деп тәркілеп, отызыншы жылы жер аударғанда мен он екіде екенмін. Есімді білемін. Мылтықтарын шошаңдатып екі-үш милиция, одан соң папка ұстаған екі кісі келді де алдарына салып айдап кете барды. Анам Айкүл менің қолымнан жетектеп біраз жерге дейін ілесіп барды. Бар дауысымен жоқтау айтқандай, сөйлеп жылады. Айтқанының бәрі есімде жоқ, есімде қалғаны: «Рысбай, мына жалғыз тұяғың үшін, қайтып кел» дегені. Сонда білдім мен жалғыз екенімді. Сол кеткеннен әкем отбасына қайтып оралмады. Қайда өлді, неге өлді, қай жерде атты? Білмеймін. Кейін шешем байқұс: «Мен Рысбайдың алдында жазықты емеспін, бір-екі емес, он бес құрсақ көтердім. Аман қалғаны жалғыз сен» деп айтып отыратын. Паспортымда неге туған күнімді 15 ақпан деп жазылып кеткенін білмеймін. Сірә, туу туралы куәлікті кейін алған болуым керек. Сол кезде белсенділер жазып жіберген ғой. Менің айтпағым ол емес,-деген Мәрзия қар жамылған далаға аса бір ынтазар көңілмен қарады. Әбзелбек тағатсызданып, орнынан қозғалақтап, апасының қолын жәй ғана тартып, шегінгісі келіп еді, апа қозғалмады. Қайта оның қолын қыса түскен.


-Менің бүкіл өмірім тап осы жерде өтті. Осы жер менің звенома бөлініп берілген. Жер-Ананы аялап, баптай білдік деп ойлаймын. Отағасы –сенің атаң маған айтпай жыл сайын осы жерге көң әкеліп төгетін. Мен; «Ергештің көкесі-ау, менің жеріме көң төгіп тастапты» десем, «Е... колхоз шығар, көң төккен» дейтін. «Өзгелердің жеріне неге көң төкпеген» деймін мен таңданыс білдіріп, «Оны бастықтан сұра» дейтін жылы жымиып. Жарықтық өте жайлы, мейірімді кісі еді. Екеуміз алтын тойымызды өткізгенде аса бір шаттанып, менің құлағыма сыбырлап, «Бақыт деген осы сәт болады» дегені әлі есімде. Ташболат өзбек, одан кейін қырғыз жерін мекендеп келген қожаның ұрпағы болатын. Өте ісмер, қолынан келмейтін ісі жоқ, адал кісі болды... Тағы үнсіз қалды. Тамағына өксүк толғандай болды. Жүзін бұрып, жаулығының ұшымен жанарын сүртті. «Соңғы кезде көзім жасаурай беретін болды» деді жай ғана. Әбзелбек апасының көзінен жас шығып кеткенін көрсетпеседе сезді. Апасын қапсыра құшақтады.

- Қызылшаны осы жерге ектіңіздер ме? Тіпті қаланың түбі ғой... Әні автовокзал да тиіп тұр.

-Ол кезде қала қайда, дала қайда... Бұл жер керіліп жатқан кең дала болатын. Осы жерде менің звеном қызылша өсірсе, одан әріректе Сындыбала жеңешем, оның арғы жағында Дариға құрбым зейнетке шыққанға дейін иықтарынан кетпенін түсірмей, бел жазбай еңбек етті.

Мәрзия тағы да алға адамдап барып, қолын қардың астына тығып жіберіп, бір уыс топырақты алып шықты да, емірене искеді.

-Жарықтық Жер-Ана бусанып жатыр, көктем келіп қалды. Көп ұзамай далада дүбір басталады,- ол баласына жалт қарады; -Осы сен айтшы, облыс қызылша егуді қайта қолға алмақ деді ме?! Егетін болса, бізден оның жолын сұрамай ма? Ана күні телевизордан есітіп қалдым «қызылшаны пранзуздың техникасымен дей ме әлде әдісімен дей ме егеміз» деді. Олардың әдісі біздіңкіден жақсы болыпты ма? Біз гектарына 800 центнерден өнім алғанымызды ұмыттыңдар ма?! Оның бәрі тарихта қатталған, ұмытуға болмайды!

Біліп қой, балам, біз осы жерден өсіп, өнгенбіз. Тап осы жерде қазақтың бір туар азаматы Нұртас Оңдасыновпен қол алысып тұрып сөйлесіп, мол өнім алуға уәде бергенмін. Тағы айтсам – «Қызыл Жұлдыз» колхозының даңқты қызылшашыларының еңбегінің жемісін көру үшін осы жерге талай қазақтың марқасқа ұл-қыздарының табаны тиген. Олар- Жұмабай Шаяахметов, Дінмұхамед Қонаев, Нұртас Оңдасынов, Асанбай Асқаров, бір сөзбен айтқанда- Қазақстанды басқарған барлық басшылар мен олардың қосшылары мына топырақты уыстап ұстап, осы топырақта өскен қызылшаны қолына алып, таңдана, таңдай қаға оны өсірген бізге рахметтерін айтқан.

Әбзелбек апасының көңіл толқуын жақсы түсінді. Сондықтан да ойын да, сөзін де бөлгісі келмеді. Ретсіз сөзуар болуды жақтырмайтын апасы ешқашанда біреудің алдына шығып, сөз жарыстырған емес. «Мен...» «Мен...» деп көкірегін қаққанын да көрген емес. Қазір де сол дәстүрінен таймай алдымен Сындыбала жеңешесі мен құрбысы Дариғаны алға сала сөйлеуде.

-Ұмытпасам соғыс басталған жылы Жамбылда үлкен жиналыс болып, онда Қазақстанның басшысы Нұртас Оңдасынов сөз сөйледі. Ол кісі қант қызылшасын өсіруде біздің тәжірибемізді алға тарта сөйледі Себебі жиналыстың алдында ғана осы жерге келіп, бізбен әңгіме өткізген еді. Сол жиналыста ол Жамбыл облысында қант қызылшасын өсіру отыз үшінші жылдан басталғанын айтып, сол кезде әр гектардан елу төрт центнерден ғана өнім алынса, қазір сегіз жүз центнерден тәтті түбір жинап жүргенімізді мақтанышпен айтты. Сол Нұртас 1948 жылы Жамбыл қаласындағы теміржолшылар клубында біздерге-Социалистік Еңбек Ері атағын тапсырды. Біздің ауылдан сол жылы бірден сегіз адам алды. Олардың арасында мен де бар едім. Міне, балам, бұл далада таусылмайтын сыр бар. Сол сырдың куәсі біз болғанбыз. Бірде осы алқапқа әлгі мұртты, атақты, атты әскерші Буденный деген маршал келді. Маршалды облыс басшысы Асанбай Асқаров ертіп жүрді. Оны қызылша емес, бастығымыз Мұқаметқали Нұрбаев мініп жүрген ат қызықтырды. Қарагердің сұлуы еді. Тұрқы ұзын, бойы биік болумен бірге құйрық-жалы ерекше сәнді еді. Құдды ертегілердегі батырлардың сәйгүлігіндей болатын. «Ат қайда Ақбақайдай шаппай желген» демекші желісі желмен жарысқандай еді. Ақыры маршылыңыз қайнағаның атына мінді. Желдіріп, біраз жерді шалып қайтты... Айта берсе әңгіме көп қой... Жұмабай Шаяахметовке ат мінгіземіз деп басымыз пәлеге қалғаны бар. Елуінші жылдың басында Жұмабай Шаяахметов келіп, біздің жұмысымызды көрді. Наградаларымызды тапсырды. Одан соң ол кісі Сындыбала Оңғарбаева жеңешемнің үйінде қонақта болды. Қайтарында қазақтың салты бойынша ат мінгіздік. Кейін ауылдан арыз қаптағанда сол ат туралы да сұрады. Жұмекең атқа мініп, бір тебініп келіп, сол ауылдың мектебіне сыйға тартып кеткен. Сол арыз болмағанда омырауымызға екінші Алтын Жұлдызды тағуымыз ғажап емес еді. Ұсыныс болған...

Мәрзия апа әңгімесін үзіп, қарлы алқапқа қарай тағы да адымдай түсті. Күннің жылуымен қалың қар жұқарып, артынша ауа райының суытудың салдарынан беті қатып, қабыршықтанып қалыпты. Сондықтан да омбылайтын қар болмағандықтан апаның жүрісі жеңіл болды. Апаның табан астынан шешіліп сөйлегеніне қуанған Әбзелбек ол кісінің айтқандарын ұмытпау үшін әр сөзін зер сала тыңдады.

...Социалистік Еңбек Ері, үш Ленин орденінің иегері, атақты қызылшашы Мәрзия Рысбайқызы Ибрагимованың бұл күнде айтар әңгімесі, көңілге тоқып алар ақыл-кеңесі мол. Апаны көп жылдардан білемін. Дариға Жантоқова туралы қалам тербегенімде апаймен талай рет сөйлесіп, сол заманның желін аңғаруға ұмтылғанмын.

Апай шынында да соңғы жылдары өмір өткелдерін соңғы жылдары жиі еске алатын болды. Осыдан бес жыл бұрын апайды туған күнімен құттықтай жарым - Дәметкен екеуміз Қызыл Жұлдыз ауылындағы Мәрзия Ибрагимова атындағы көшесіндегі Ергеш баласының үйіне барғанымыз әлі есімде. Апаның көңіл толқыны тербеп тұрғанын бірден аңғардық. Жаңа ғана қаладағы қызы Айымбүбінің үйінен келіпті. Жолай өзі ұзақ жылдар бойы еңбек еткен бұрынғы қызылша алқабына аялдап, өткен күнді еске алыпты. «Қартайдық, қайғы ойладық» деп езіліп отырмай, ұл-қыздары мен немерелерін аралап жүрген сәтінен таптық. Өзі айтқандай Құдай берген бес ұл-қызының, немерелерінің арасында шалқып жүр. Тағдырға да, өміріне де риза. Ризашылық ету Мәрзия әженің өмірлік ұстанымы. Барға қанағат етіп өмір сүруді, ешкімге қол жайып, сұрамшақ болмауды, ұл-қызды болатындығына Мәмбет бабасы аян беріпті. Бұл туралы әңгімесін тыңдай отырып, оқиға Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «41- жылдың келіншегі» атты әңгімесімен тақырыптас болғанына таңғалдым.

...Кешкілік Айкүл ана күйеу баласының үйіне кештетіп келді. Түнімен қызы Мәрзиядан ананы- мынаны суыртпаттап сұрап, ертең Жамбыл қаласындағы тәуіп кемпірге барып көрінуді бірнеше рет қадап тапсырды. Өзінің жан тербелісін сездірмеді. Кейде қызының құрсақ көтермеуіне өзі кінәлі сияқты көрінді. Барлық пәле қызын тұрмысқа ерте бергенінде жатқан секілді көрінді. Мәрзия он алты жасқа толар толмастан қожа Ибрагимнің ұлы Ташболатқа ұзатты. Ерте екенін сезсе де бастарына түскен тауқымет осылай шешім қабылдауға жетеледі. Оның үстіне құдалары «құдай» деген адамдар. Шаруалары да жаман емес. Оларда болса өздері де өлмес деген ниет қылтиып тұрғанын жасыра алмайды. Ері Рысбайдың тәркіленуі көптеген қиындықтар туындатты. Бес отар қойдан бес қой да қалмады. Жеті түйеге тиелген кілемдерінен, көрпе-төсектен де ештеңе бұларға бұйырмады. Бәрінен де парсының қалы кілемдерін айтсайшы. Тіпті көркем еді.Сол кілемдердің жұрнағын кейін бір үйден көргенде жүрегі езіліп кете жаздаған. Кілемді қойшы, елді аштық пен жалаңашттыққа ұрындырған аша тұяқтың ауылда қалмауы себеп болды емес пе?!

Осыларды еске ала отырып анасы Айкүл ұрпақсыз адам бұтақсыз талмен бірдей, сондықтан да қалайда емделіп, құрсақ көтеру бақытына ие болуы қажет екенін түнімен қызының санасына сіңірді.

...Түсте Мәрзия анасына берген уәдесі бойынша бөлімше басқарушысы Қоңыр Жексенбиевтің атын сұрап алды да қалаға тәуіп кепірдің үйіне тартты. Көңілі қобалжулы. Не айтпақ, не демек?! Құрсақ көтермеу себебін білсе жақсы, білмесе ше?!

Тәуіп ауылдас келіншекті босандырып жатыр екен. Аттан түсіп, үйге кірмек болып еді, алдын қартамыс кемпір бөгеді. Оның қазір бұл шаңыраққа кіруге болмайтындығын айтты. Жас келіншек именшектеп біраз тұрды да, асығыс екенін алға тартып, «тек тілдесіп, қашан қарайтындығын білем де тез шығамын» деп сендірді. «Бала көтермеген әйел босанайын деп жатқан кісінің үстіне кіруге болмайтынын білмейтін бе едің?! Жолың анау кете бер»,- деп кемпір бұл жолы зеки сөйледі. Қаперінде не айтарын білмей Мәрзия бір сәт үнсіз қалды. Мең-зең, басы ауырлап, құлап бара жатқандай болды. Кілт бұрылды. Атына жылдам мініп, далаға қарай шаба жөнелді. Қаланың сыртына шығысымен шылбырды қолына орап, атынан аунап түсіп, етпеттеп жата кетті. Ал жыла... дауыс шығарып, ұзақ жылады. Алғаш рет, енді ғана құрсақ көтермеудің не екенін түсінді. Алдымен; «Перзент бере гөр!», деп Аллаға жалбарынды. Одан соң атасы Мәмбетті ауызына алды. «Мембет ата, мына жалған дүниеден ұрпақсыз өткізе көр ме?! Атыңнан айналайын, ата, мені- Рысбайдың жалғыз тұяғын жылата көрме?!» деген сол кездегі жүрек зарын есту кімнің болсада сайсүйгіңді сырқыратар еді.

Жадырап тұрған күн табан астынан қою қара бұлтқа оранды. Аспанды торлаған қорғасын бұлттар жерге әп-сәтте жаңбыр болып құйылды. Мәрзия ұзақ уақыт жылы жаңбырдың астында бауырын жерге төсеп жата берді.Көз жасы жаңбырға қосылды. Жүзін жаңбыр емес, жас жуып жатқандай.

-Сол бір сәттегідей өмірімде өзекті өртер кезең болған емес. Рас, әкемді ұстап әкеткенде анаммен бірге ұзақ жылағанмын, бірақ ол зардың мәнісін жете түсінбеген едім. Көп ұзамай түсіме Мәмбет атам кірді. «Мені сонша келіп қозғағаның не? Мені таныдың ба? Иә...иә сен мені танымайсың. Мен Мәмбет атаң боламын. Сен менің алтыншы ұрпағымсың. Жүндібай баламнан тарайсың.Ешкімге тәуелді болмайсың, қол жайып сұрамшақ атанбайсың, етегіңе ұл да, қыз да береді. Ұзақ өмір сүресің» деді де ғайыпқа оранып жоқ болып кетті. Содан соғыс басталған жылы Рахматулла өмірге келді. Араға он жыл салып Ергешім дүние есігін ашты. Жарығым елу төрт жасында опат болды. Оларға Нарбүбі, Гүлнара, Айымбүбі ілесті. Сөйтіп атыңнан айналайын Мәмет атам мені қолдады. Баланы туған сайын белді қатты буып, еңбектен қалмадық. Мен он жеті жасымда еңбекке араластым. Алғаш мақта еккен кезіміз болған. Ол кездің жұмысы өте ауыр болды ғой. Әсіресе соғыс жылдары,- деген Мәрзия апа ауыр күрсінді.-Жаңа ғана өмір бойы еңбек еткен бұрынғы қызылша алқабында болып, күйеу балама біраз сырымды ақтарып тастадым...

...Апаға келмес бұрын облыстық мұрағатта Мәрзия Ибрагимованың сақтаулы құжаттарымен танысып едім. Сол құжаттардың арасында апаның еңбек көрсеткіштерін айғақтайтын куәліктер мен дипломдар көп. Атақты диқанға 1947 жылы қант қызылшасының әр гектарынан 822 центнерден өнім жинағаны үшін 1948 жылы 29 науырызда СССР Жоғарғы Советі Президумының Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілген. 1949 жылы 25 мамырда Ленин орденімен наградталыпты. 1950 жылы облыстық ауыл шаруашылығы көрмесі Мәрзияның 6,8 гектар қызылша алқабының әр гектарынан 380 центнердің орнына 600 центнерден тәтті түбір жинағаны туралы куәлік беріпті. 1951 жылы 9,2 гектар алқаптан 500 центнерден қант қызылшасын жинап, зауытқа өткізіпті. Ал 1953 жылы әр гектардан -540, 1958 жылы 20 гектар алқаптан 700 центнерден өніп жинапты. Тағы да Ленин орденімен марапатталыпты. Сол жылы Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесіне қатысып алтын медальды омырауына тағыпты. 1959 жылы 45,6 гектардан 500 центнерден... Осылайша әр жылдары қол жеткен жетістіктерін айғақтайтын құжаттар жалғасып кете береді. Олардың арасында 1952-1953 жылдары өндірістен қол үзбей агрозоотехникалық курсты бітіргені, облыстық советтің депутаты болғаны, Қызыл Жұлдыз ауылындағы көшеге Социалистік Еңбек Ері Мәрзия Ибрагимованың аты берілгені жөніндегі куәліктер де бар. Сонымен бірге қай жылы қандай наградамен марапатталғанын айғақтайтын мөр басылған анықтаманы да көрдік. Онда Мәрзия Ибрагимова №,№ 70005, 95305, 122132 нөмірлі Ленин орденімен үш рет, №1548 «Орақ пен Балға» Алтын Жұлдыз медалімен бір рет наградталғаны айғақталған.

...-Ақтарылар сыр аз емес. Еліміз тәуелсіз болғанда, Асанбай Асқаров түрмеден босанып шыққанда ерекше қуандым. Мен, Сындыбала жеңешем, Дариға құрдасым, Арыстан Өтеулин ағайым, тағы да басқалар Жылқыбай Аралбаевтың басқаруымен «Асанбай бауырымыздың тағдырында әділет салтанат құрсын, көмектеріңді беріңдер» деп, халқымыздың Көшбасшысы Нұрсұлтан қарағыма, Қырғыз Президентінің алдына дейін бардық. Сол Асекең ақталғанда қуаныштың асыл сезіміне малынып едім,-деген апа біраз ойланып, үнсіз қалды. Салалы саулақтарын, әжімді ақ жүзін сипалап, біз аударыстырып, қарап отырған, апа өмірінен дерек беретін сарғайған құжаттар мен суреттерге қарай берді. Әлден соң Сындыбала, Дариға үшеуі түскен суретті қолына алып;

-Сындыбала жеңешем өмірден өткенде қатты жыладым. Ал Дариға қайтыс болғанда бір жақ қабырғам сөгіліп кеткендей болды. Екеуі де аруана еді, елдің болмаса да өңірдің ары мен мақтанышы болатын. Дариға құрдасым Қазақ ССР-інің Жоғарғы Советінің депутаты кезінде басталған дәстүрді өмірінің соңына дейін жалғастырды; елдің сөзін сөйлеп, жапа шеккенді қорғап, нашарды қолдап өтті. Ол да өмірдің тауқыметін көп көргенімен еңбегіне, ісіне қарай халық құрметіне бөленген жан еді ғой,-деді де тағы да үнсіз қалды.

Мәрзия апа үшін туған жерден ыстық ешнәрсе жоқ. Ол Ақшолақтың жоғары жағындағы Тасақырдың (Ақыртасты ол кісі осылай атайды. «Әкем де, анам да осылай атайтын. Неге оның Ақыртасқа айналып кеткенін білмеймін» дейді) маңындағы Ұзынбұлақтың жағасында үлкен бір қара тас бар. Сол тасқа: «Осы өңірде Абылайханның серігі Мәмбет батырдың ұрпақтары... мекендеген» деп жазуды ұрпағыма өсиет етіп отырмын»,- дейді ана. Бұл өсиеті ұрпақтары ата-бабаларының туған жерін ұмытпаса деген тілегінен туындаса керек.

Бір сөзінде Мәрзия апа: «Қашан да жұмыстан қалмай, балаларымызды кісілікті етіп тәрбиелеуге 101 жыл өмір сүрген енесі Зилиха Аққұлқызының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін айтып қалды. Ене тәрбиесін көрген, оған құлақ салған келін ешқашанда жаман болмайды дегенді де айтты. Ал біз Еңбек Батырына: «Енеңіздің жасын берсін! Мерекеңіз құтты, деніңіз сау болып, немере-шөбереңіздің қызығын көріп, адамгершіліктің асыл қасиеттеріне тәрбиелей беріңіз!» дейміз. Біздің бұл тілегімізге барша облыс жұртшылығы қосылатыны анық!



... Мәрзия апайдың есінде қалған жақсы күндер көп. Жақында үлкен қуаныш дастарқанында кездескенімде Мәрзия апа облыс әкімі Асқар Мырзахметов 100-ге келуімен шын жүректен құттықтағанын айтты. «Осыдан бірнеше жыл бұрын сенің үйіңдегі келін жанына бір топ қыз-келіншекті ертіп келіп, Дариға екеумізді жылына үш-төрт рет құттықтап кететін. Асқар келгенде ойма сол Дәметкен келінім түсті. Әкімдердің жанында жүруші еді ғой. Өмір ғой енді жоқ. Өзің бекем бол...» деп, арқамнан қағып, үнсіз қалуы жүрегімді тербеп, көңілімді толқытты. Жақсы адамның ісі де, сөзі де көңілге қонымды...

1972 жыл. Атақты қызылшашы Сындыбала Оңғарбаеваның туғанына 70 жыл толуына арналған мерейтойдан көрініс..


1947-1949 жылдары Социалистік Еңбек Ері атағын алғандардың бәрі Ұлы Отан соғысы жылдары шарболаттай шыңдалған. Жан аямай еңбек еткен олардың еңбектері ерен. Олар «Бәрі Жеңіс үшін! Бәрі майдан үшін!» деген ұранмен еңбек етті. Майданға қажеттің бәрін берді. Солардың бірнешеуінің ғана еңбек жолына қысқаша шолу жасайық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет