Тәрбие сағатының тақырыбы: «Жайнай бер, жас Астана»
Мақсаты: Білімділік:Астана қаласының тарихи- мәдени орындарымен
таныстыру.
Дамытушылық: Астана жылнамасын құру, жаттау арқылы
оқушылардың есте сақтау қабілетін дамыту, Астана тарихын
насихаттау арқылы тіл байлығын, ,
ойын жеткізе білу дағдыларын жетілдіру.
Тәрбиелік: Астананың мәдени жетістіктерінің негізінде
оқушыларды Отансүйгіштікке, әсемдікке баулу.
Сабақтың түрі: әңгіме, сұрақ-жауап, жұппен, топпен жұмыс.
Сабақтың әдісі: саяхат сабақ
Көрнекілігі: слайдтар, бейнематериалдар, дисктер.
Сабақ жоспары:
І – Кіріспе сөз – 2 минут
ІІ – Негізгі бөлім – 40 минут
Саяхат сабағы
а) хор
ә) Астана қаласының мәдени және ойын-сауық кешендері туралы
б) өлең, тақпақтар
в) ән-күй, би
ІІІ – Қорытынды – 2 минут
Барысы:
Оқушылар сәлемдеседі. (Слайд №1)
Қуан шаттан, балақай
Қуанатын күн бүгін
Күліп шықты бүгін күн!
Қайырлы таң! Қайырлы күн!
Экранда «Отан деген не?» сұрақ көрсетіледі. (Слайд №2)
Мұғалім: Отан деген не? Осы сөзді қалай түсінесіңдер? Өз ойларыңды айтып көріңдер. (Оқушылар өз ойларын айтады).
Мұғалім «Отан деген не?» сұрағын толықтырып, оқушылардың ойын қорытындылау.
Мұғалім:
Мемлекеттік рәміздерге не жатады?(Слайд №3)
(Оқушылардың жауабы тыңдалады, толықтырылады)
Хор:
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалады!
Гимнды орындау барысында экранда фондық сүйемелдеу болады. (мультимедиялық көрініс – Менің елім Қазақстаным!)
Еліміздің елордасы қай қала?(Слайд №4)
Экранда слайдпен сабақтың тақырыбы көрсетіледі. ( Слайд №5)
Балалар бүгінгі сабағымыздың тақырыбы:« Жайнай бер, жас Астана».
Казақстанның тарихында Астана ерекше орын алады. Тарихи деректер мен құжаттар қазіргі Астананың аумағын адамдар өте ерте кезден- ақ мекендеп келе жатқандығын аңғартады. Археологтар бүгінгі «Ақорда» резиденциясының маңынан ХІ ғасырдың Бозоқ қалашығының орнын тапты.Бірнеше ғасыр бойы бұл жерде Қараөткел транзиттік және сауда-айырбас орталығы орын алды. Уақыт өте келе ол Ақмола елді мекеніне айналды. 1832 жылы бұл жерде Ақмола приказы мен сыртқы округі ашылып, 1862 жылы округтік қала мәртебесіне ие болды. 1961 жылы Ақмола қаласының аты Целиноград болып өзгертілді және ол республикамыздың бірнеше ірі облыстары кірген Тың өлкесінің орталығына айналды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы қалаға тарихи Ақмола атауы қайтарылып берілді. Бес жыл өткен соң, яғни 1997 жыл 10-желтоқсанда бұрынғы тыңның астанасы Ақмола қаласы күллі Қазақстанның елордасы болып ресми жарияланды. Бірақ Ақмола атауы ұзақ тұрмады, 1998 жылы 6- мамырда Ақмола Астана болып қайта аталды.
Міне осындай әдемі, әуезді әрі ауқымды атау-Астана атымен Қазақстан Республикасының жаңа елордасы үшінші мыңжылдыққа енді.
Астананың алғашқы атауы Ақмола. 1998 жылы 10 маусымында Астана қаласы Қазақстан Республикасының астанасы болып қалада ресми тұсау кесері өткізілді. Астана қиялға бай, шексіз сәулетті.
Астана – еліміздің бас қаласы. Ол өте әдемі қала. Біз – осы елдің болашақ патриотымыз. Ендеше Астана туралы бүгін жырлап, әңгімелеп, мақтан етейік.
Астана – күн санап көркейіп келе жатқан қала. Осы аз уақыт ішінде Астана ғажайып қалаға айналды. (Слайд №6)
Мұғалім: Ал, балалар Астана туралы қандай өлеңдер білесіңдер? (Бейнематериал «Астана – Қазақстан Республикасының астанасы»)
Ән: «Астана» орындайтын Әділ Алуа
1 оқушы:
Астана –арман қала,
Бағы бар жанған қала.
Тұрады ол жап-жас болып,
Мен үлкен болғанда да.
Астана-сұлу қала,
Біз оны анамыздай
Сүйеміз шынында да.
2-оқушы:
Сәулесі түскен Есілге,
Сарыарқа төсінде.
Армандай әсем қала бар,
Бір көрсең, мәңгі қалар есіңде.
Астанам саған табынам,
Аңсаймын, сағынам.
Таңдарың қандай жарқын,
Жандарың қандай алтын,
Бақытқа бастаған Астанам.
Биікте болсын байрағың!
3-оқушы:
Мақтаным, айбарым.
Күн өткен сайын құлпырып,
Көктемгі әсем гүлдей жайнаған.
Елордам менің еңселі,
Ерліктің өлшемі.
Арудай қала, аяулым,
Мәңгілік сүйіп өтем мен сені.
4-оқушы:
Достық пейіл – татулықтың тірегі.
Біздің халық бейбіт өмір сүреді.
Бар әлемді бір өзіне қаратқан
Елордамыз – Еуразия жүрегі!
Мұғалім: Ал, енді балалар, біз Астана қаласына саяхат жасайық.
Мұғалім: Сендер Астана қаласына саяхат жасағыларың келеді ме?
Мұғалім: Онда саяхатымызды бастаймыз. (Слайд №7)
Оқушы: Біз Астананың ең әдемі жерлеріне барамыз. (Слайд №8)
Астананың көптеген көрікті жерлері бар. Ол бірінші — “Астана — Бәйтерек” кешені болып табылады. Есілдің сол жағында бой көтерген алғашқы сәулет туындысы. «Бәйтеректі» «өмір ағашы» деп те атайды. Бұл сәулет туындысы халық ертегісі «Ер Төстіктің» оқиғасы желісімен өрілген. Өз бақытын іздеп шыққан Ер Төстік қиын-қыстау заманда зәулім бәйтерекке тап болады. Ұшар басына көз жетпейтін мәңгілік өмір ағашына таң-тамаша қалады. Нақ төбесіне ұя салған самұрық құстың алтын жұмыртқасына ие болады. Сөйтіп, бақытты –баянды ғұмыр кешеді. Мәңгілік өмірді жер жаһанға жария етіп тұрған «Бәйтерек»- Бас қаламыздың символы. «Астана-Бәйтерек» үш бөліктен –тамыры, діңі және ұшар басынан тұрады. Үш бұрышты күміс тұмар даму үрдісіндегі өміршеңдікті білдіреді. Керемет құрылыс. Астананың қасиетті белгісі болып табылатын 97 метр биіктікте орналасқан көрініс алаңы, сол құс ұшатын ұядай жерден сәнді де, сәулетті Астананың көрінісін көруге болады.
Би: «Қара жорға»
Оқушы: Келесі көрікті жерлерінің бірі- “Думан” ойын-сауық кешені – күмбезді кеңістік, океанариум, кинозалдар. Керемет акватеатрда қызықты көл шоуын және қастарындағы жыртқыш балықтарды бақылауға болады. Кинозалда мықты дыбыс пен арнайы дайындалған көз әйнектер арқылы экранда болып жатқан оқиғаның ортасында тұрғандай сезінесің. «Мұхит аралы» (Океанариум) Қазақстандағы тұңғыш әрі бірден-бір нысан. Бұл әлемдегі мұхиттан 3 мың шақырымға жуық қашықтықта жатқан бірден-бір- «Мұхит аралы». «Мұхит аралында» 3 миллион литр су бар. Қалыңдығы 7 сантиметрлік акрил шынысынан жасалған. 70 метрлік дәліз бен түрлі мөлшердегі 11 аквариумнен тұратын екі үлкен көрме аумағындағы түрлі-түрлі балықтардың тіршіліктеріне жақыннан қарауға болады.
Бұл аквариумдағы «Мұхит аралдың» ең ірі тұрғындары — акулалар, алып алабұғалар, тәкаппар губандар-Наполеондар, коралл трауттары және өзге де балықтар тіршілік етуде.
(Слайд №9)
Біздің президентіміз кім екенін білесіңдер бе?(Слайд №10)
Әрине, білеміз. Біздің президентімізді бүкіл әлем біледі. Ол Н.Ә.Назарбаев.
5-оқушы:
Кең байтақ қой Қазақстан картасы,
Астанамен айшықталған ортасы.
Бүгін бізге таңдай қағар күллі әлем
Бұның бәрі елбасының арқасы.
6-оқушы:
Шықты тарап ой данадан,
Бері қарады жұлдыз беті.
Өзі қалап сайлаған,
Елімнің бар Президенті.
Мұғалім: Балалар, Астана қаласында елбасының мәдени орталық мұражайы бар. Біз қазір осы мұражаймен танысамыз. (Слайд №11)
Бұл жерде көптеген тарихи жәдігерлер бар. Иә, біздің ата-бабаларымыз мұра еткен көне заттар да осы жерде. Мұражайдағы жәдігерлер көне замандағы хандықтардың құрылуынан бастап Қазақстанның Егемендігін алғанға дейінгі уақытты қамтиды.
Мұғалім: Ал, енді демалатын да сәт келді. «Туған жер» әні Оразбек Д.
Мынау Астана қаласының қай жері? (Слайд №12)
Мұғалім: Бұл “Қазақстан картасы — “Атамекен” деп аталатын орын кешені. Бұл мұражай ашық аспан астында орналасқан. Қазақстанның барлық 14 облыстары, Астана және Алматы қаласының обьектілері кішкентай макет ретінде жасалған.
Балалар, мына әдемі фонтанды көрдіңдер ме? Ол әуенді фонтан деп аталады.
Мұғалім: Балалар, сендер Астана қаласы туралы тағы қандай өлеңдер білесіңдер?
Астана суреттері экранда. (бейнематериал «Астана слайдтар»)
7-оқушы:
Туған елдің көркі неткен ғажайып?!
Дала күйін шертейік, біз қала жырын жазайық.
Жерұйығы Сарыарқаның даласы
Арман қусаң Астанаға қарашы.
8-оқушы:
Бабалардың көзіңдей
Даналардың сөзіндей
Ұлы дала тұрғызды
Ұлы қала өзіндей.
Астанам
Астанамның төрінде,
Сарыарқаның өрінде,
Ту ұстаған Астанам
Әсем қалам, бас қалам.
9-оқушы:
Қадамың бар баспаған,
Асуың бар аспаған,
Халқың жетсін мұратқа,
Ей, бас қала Астанам!
10-оқушы:
Асқақтай бер, Астанам!
Берекеге бастаған!
Болашақтың есігін
Өз қолыңмен аш маған.
Оқушы: Есіл – республикамыздың солтүстік өңіріндегі Қарағанды, Ақмола, Торғай, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облыстарының жерін басып өтетін өзен атауы. Есіл деп аталатын елді мекен де бар. Есіл өзені қаланы екіге бөліп жатыр. Есілдің оң жағалауында көбіне тұрғын үйлер орналасқан, ал сол жағалауы жалпы Қазақстанның саяси орталығы болып табылады. Есіл өзенінің сол жағалауында Президент Ақ Ордасы, Парламент Сенаты мен Мәжіліс үйлері, Конгресс холл, тағы басқа негізгі экономикалық, саяси орталықтар орналасқан. (Слайд №13)
Күй:
Оқушы: «Пирамида» — Бейбітшілік пен келісім сарайы 2006 жылы көрнекті британдық суретші Норман Фостер салған ерекше пирамида. Оның биіктігі 62 метр. Пирамиданың табанында 1,5 мың орынға арналған опера залы, жоғары бөлігінде ғимараттың негізгі бөлмесі бар. Онда Қазақстан ассамблеясының кеңселері, мұражайлар, көрме залдары орналасқан.
Оқушы: «Хан шатыры» — Бейбітшілік және келісім сарайының желісін жалғастыратын сауда және ойын-сауық орталығы. 200-дей метрлік кешен қаланың зәулім доминантына айналды. Оның қаңқасы ұсақ тордан құралған зәулім шатыр ішінде ауданы 100 шаршы метр қалалық саябақ, дүкендер, кинотеатрлар, концерт алаңы бар. Астана тұрғындар өздерінің бос уақыттарын осы жерде өткізе алады.
Бұл көргендеріміздің барлығы біздің Отанымыздағы, Республикамыздағы, Елордамыздағы демалатын орындар. Біз өзіміздің Отанымызды жақсы көреміз бе?
Би:
Мұғалім: Бүгін біздің сыныпта үлкен той болып жатыр. Біз елордамыз Астана қаласына саяхат жасадық.
Қазақ халқының салтында әрбір той-думанда өлеңдер оқылып, бата беріліп, жылы лебіздер айтылады екен. Ендеше, біз де «Жүректен жүрекке» деген ізгі тілектер тізбегі арқылы жылы лебізімізді айтайық. Сөйтіп өз қаламызға – Таразға жол тартайық.
(музыка «Көңіл толқыны») Шеңберге тұру. (Слайд №14)
Мұғалім:
Халық шықсын қыспақтан,
Қыстамасын қыс қақпан.
Көк бояуын ешқашан
Жоғалтпасын нұрлы аспан!
Зәулім, биік үйлер, ғимараттар көбейсің!
Тұрғындары- жарқын жүзді адамдар, бақытты балалар болсын.
Ғажайып бағы болсын!
Көркейе бер Астана!
Қонақтар қалаға көп келсін.
Бүкіл әлем Астананың сұлулығына таң қалсын!
Есіл өзенінің суы ортаймасын!
Өсіп өркендей берсің!
Астана-мемлекет дидары бол!
Жаса, Жаңа Астанам!
Жайнай бер, жас қала!
Астана- Еуразия контингенті жүрегі бол!
Астана –бас қала.
Астана көңілімізге шаттық сезім ұялатсын!
Тәуелсіздігіміз нығайсың!
Қазақстан жасасын!
Шекарамыз берік болсын.!
Қазақ елі гүлденсін!
Еліміз тыныш болсын!
Тату болсын!
Жастарымыз білімді болсын!
Хор: Жаса мәңгі Қазақстан
Дауыстап бірге:
Жаса, жаңа жас қалам.
Жайнай бер менің жас Астанам.(Слайд №15)
Сау болыңыздар (Слайд №16)
Достарыңызбен бөлісу: |