Мұңын
жырлап жиырмасыншы ғасырдың,
Қазағыңа шуақ болып шашылдың.
Ұлтың үшін зар еңіреп жүрегің,
Ақиқат пен шындыққа кеп бас ұрдың.
Өр мінезің қазағым деп салды ұран,
Ұрпаққа айтар өлең еді бар мұраң.
Масадайын
жырмен шағып ояттың,
Қиын шақта ел санасын қалғыған.
Жүрегіңді кернегенде өгей мұң,
Елдің жүгі оңай соқты демеймін.
Көкірегің
құса-дертке толды ғой,
Жатып ұзақ түрмесінде Семейдің.
Өкініштен сонда тұрып нар аға,
Хат жазып ең қалам ұстап анаңа.
Абақтыда өте берді тыншып түн,
Қасіретің айналды да жараға.
Сені еске алдық қайғырсақ та, жұбансақ,
Арқаң еді шабытты өлең шығарсақ.
Тынбай
шарлап қалықтайтын көгімде,
Бір аққу құс әндеріңді жүр аңсап.
Жүрем ылғи күн болғанда нөсерлі,
Аралаумен атыңдағы көшеңді.
Ақша бұлттан
нұрлы бейнең қол бұлғап,-
деп тұрғандай туған халқым қош енді.
Тұра алар ма сағынышын күз жырлап,
Арман кеме бақытымды жүзді ұрлап.
Біздің өлке әлі өзгере қойған жоқ,
Қандай екен келіп жеткен сіздің жақ?
Күз де жетіп гүл де толды ақ қырға,
Қайта аңсаған бақытыңды таптың ба?
Туған жерге сағынышы басылмас,
Адам түгіл жүрегі жоқ аттың да.
Өр кеудеңе ұялаған тұнба жыр,
Елге деген сағынышың қырда жүр.
Ахмет дейтін есіміңе нар аға,
Рахмет айтар келер ұрпақ мың да бір.