ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕРІ
Қожа Ахмет Яссауи кесенесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат. Қожа Ахмет Ясауи дүние салғаннан кейін халықтың көп жиылуымен өзіне арнап соғылған кішкене мазарға жерленеді. Кейін бұл кесене мұсылмандардың жаппай тәуеп ету орнына айналды.
1396 жылы Орта Азияның билеушісі Ақсақ Темір Қожа-Ахмет Яссауидің ескі мазарының орнына жаңа кесене салу жайлы бұйрық береді. Орта ғасырларда бой көтерген ең керемет сәулет өнерінің бірі саналатын аталмыш кесенеде Қазақтың 21 ханы жерленген деседі. Кесене салынып жатқан кезде қайта-қайта құлап қала берген екен. Сонда Ұлы Билеушінің түсінде бір ақсақал аян беріп, "Қожа-Ахметтің Арыстан атты ұстазы болған. Сондықтан әуелі Арыстанға, сосын ғана шәкіртіне кесене салыңдар" депті. Бұл түсті көрген Әмір Темір көріпкелдерін шақыртып алып, түсін жорытады. "Арыстанның қабірін қалай табамын?" деп олардан ақыл сұрайды. Көріпкелдері "Жұма намаздан соң Қожа Ахмет Яссауидің қабірінің басына екі құс келіп қонақтайды, сол құс ұшып, ұстазы Арыстанбабтың басына барады, осылайша табасың" деп айтқан екен. Арыстанбабтың сүйегі жерленген жер осылайша табылғанға ұқсайды.
Айша-бибі кесенесі Айша бибі кесенесі — ХІ-XII ғасырлардағы сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. Жамбыл облысы Жамбыл ауданында Айша бибі ауылында орналасқан. Сырты керамикалық плиталармен қаланып, ойып жасалған өрнектің сән-салтанаты мен сан түрлілігі жағынан Қазақстандағы басқа мемориалдық-дәстүрлік ескерткіштер ішінде оған тең келетіні жоқ. Ескерткішті қалаған кірпіштердің әртүрлілігінің өзі таң қалдырады. Оның алғашқы қалпы біздің уақытымызға дейін тек батыс қабырғасында сақталған.
Тараз қаласынан 18 км қашықтықта басқа да діни ескерткіш орналасқан. (XI- XIIғғ.) Қазіргі кезде ол кесене ЮНЕСКО қатарына алынған. Кесене құрылысын 1897 жылы В.А. Каллаур, 1938 — 39 жылы А.Н. Бернштам бастаған КСРО ҒА Қазақ филиалының тарих және материалдық мәдениет экспедициясы, 1953 жылы Қазақстан ғылым академиясының экспедициясы зерттеген.