ЕСКЕРТУ: «МАЗМҰНДАМА» ҚОРЫ БАСЫП ШЫҒАРҒАН «ОҚУҒА ТИІС 10
КІТАП» ЕҢБЕГІНЕН ҮЗІНДІ
ИЛОН МАСК: TESLA, SPACEX ЖӘНЕ БОЛАШАҚҚА БАСТАҒАН
ЖОЛ
Автор
:
Эшли Вэнс
Эшли Вэнс - журналист, Bloomberg Businessweek басылымы-ның шолушысы,
бизнес және осы заманғы технология туралы бірқатар танымал кітаптардың
авторы. Оның еңбектерінде кибертыңшылықтан бастап ДНҚ-ны секвенирлеу
және ғарышты зерттеуге дейінгі әр алуан салалар қамтылған.
АНДАТПА
Жалпы таралымы екі миллионнан асқан «Илон Маск
⟫
бестселлері The Wall
Street Journal басылымының бағалауы бойынша 2015 жылғы үздік
кітаптардың бірі деп танылды. Бұл шығарма Кремний алқабындағы аса
жігерлі, алдын болжап болмайтындай әбжіл мінезді әрі менмен кәсіпкердің
өзгелерге ұқсамайтын өмірімен танысуға мүмкіндік береді.
ИЛОН МАСК ЖӘНЕ ОНЫҢ БАСТЫ ИДЕЯСЫ
Бүгінде Tesla компаниясының оғаш мінезді бас директоры Илон Маскты
білмейтін адам жоқ шығар. Өйткені дәл сондайлық танымал әрі өзгелерді
таңғалдыра білетін бизнесмендер бул жаһанда кемде-кем. Сонысына қарай
бұқаралық ақпарат құралдары да оны көбінесе Стив Джобсқа теңейді.
Электромобильден бастап ғарышқа сапар шегуге дейінгі әр алуан
салалардағы жетістіктері мен жобалары Илон Маскты күллі әлемге танытты.
Илон Масктың осындай ерекшелігін немен түсіндіруге болады? Сірә, кез
келгеннің бойында кездесе бермейтін әдеттен тыс ойлау үлгісінің нәтижесі
дегеніміз жөн шығар.
«Адам баласының бәрі бірдей өмірде немен айналысқысы келетінін нақты
біле бермейді. Өкініштісі сол, ондай мақсатсыздық олардың ұрпақтарына да
беріледі. Ал Илон Маск болса, адам әрдайым алдына жоғары мақсат қойып,
оны өзгелермен бөлісіп отыруы керек деп санайды. Әлбетте, ондай мақсат
тек жақсы жұмыс табумен ғана шектелмесе керек. Ол адамзат өркениетінің
алға басуына көмектесетіндей, шынымен-ақ маңызды шаруа болуға тиіс, -
дейді автор, Илон Масктың адами болмысын сипаттай отырып.
Егер сіз ақшаңызды тек өзіңізге жұмсасаңыз, ондай байлықтан қайыр жоқ,
яғни атқарған ісіңіздің жұртқа пайдасы тимейді. Ал егер шынымен-ақ мына
өмірді жақсартамын десеңіз, үлкен мақсаттарға ұмтылып, қоғамның игілігі
үшін еңбек етіңіз».
Илон Маск 1971 жылы Оңтүстік Африка Республикасының ресми
астанасында дүниеге келген. Бала кезінен-ақ жаңа технология, ғарыш,
жаңғырмалы қуат көздері тәрізді өркениет жетістіктеріне қызыққан Маск
өзінің осы құштарлығын тартымды бизнеске айналдыруға тырысты. Ақыры
сол мақсатына жетті. Басқалардан айырмашылығы ол өмірге өзгеше
көзқараспен қарайды. Осы тұрғыдан алғанда, Илон Маск Кремний
алқабындағы ақшаның соңына түскен кәнігі кәсіпкерлерге онша ұқсамайды.
Оның негізгі идеясы бізге біртүрлі оғаш болып көрінуі де мүмкін.
Жастайынан адамзат өркениетін құтқару туралы ойға бекінген Илон Маск:
«Адам баласы қоршаған ортаны аяусыз ластап, жер қойнауын тонауды қояр
емес. Біздің басты проблемамыз осы ашкөздікте жатыр. Егер бұлай жалғаса
берсе, түптің түбінде біз өз-өзімізді жойып жіберуіміз мүмкін. Міне,
сондықтан қажет болса Марсқа көшірсек те, бүкіл адам баласын қайткен
күнде осы апаттан құтқаруымыз керек. Мен өзімнің бүкіл күш-қуатымды
соған бағыттаймын» дегенді айтады. Осы ойды өмірлік мақсатына
айналдырған жігерлі азамат бар қажыр- қайратын салып алға ұмтылуда.
ҰЯЛШАК БАЛАНЫН ӨЗ-ӨЗІНЕ СЕНІМДІ СТУДЕНТКЕ АЙНАЛУЫ
Илон Масктың балалық шағы уайымсыз болмады. Бала кезінде мінезі тұйық
болғандықтан қатарластарымен тіл табысып достаса алмады. Оның үстіне
ата-анасы да ерте ажырасты. Илон инженер-құрылысшы болып істейтін әкесі
Эрролдың жанында қалды. Эррол ұлына көңіл бөлу дегенді ойлай бермейтін
мінезі ауыр, қатал адам еді. Отбасындағы осындай жағдайға қоса Илон
сыныптас балалардың тарапынан да жиі жәбір көрді. Бірде олардан қатты
таяқ жегені сондай, апта бойы мектепке бара алмай үйде жатты.
Осыдан соң қайткенде стрестен арылуды ойлаған Илон кітаптан бас алмады.
Кей күндері тіпті таңертеңнен кешке дейін екі энциклопедияны оқып
бітіретін. Онда да жай ғана оқып қоймай, алған ақпараттарының басым
бөлігін есінде сақтап қалатын. Міне, осылайша, ынты-шынтысымен оқуға
берілген балаға әсіресе «Автостоппен галактиканы аралау» романы қатты
ұнады. Бұл шығарма оның дүниетанымына барынша терең әсер етті.
Тумысынан зерек баланың өзі де көп ұзамай-ақ тірі энциклопедияға айналды.
Ол Күн жүйесіндегі ғаламшарлар мен олардың серіктерінің арақашықтығын,
ғаламшарлардағы экваторлардың ұзындығын, олардың салмағын және
тәуліктің ұзақтығы тәрізді алуан түрлі астрономиялық көрсеткіштерді қолма-
қол есіне түсіріп, қатесіз айтып беретін дәрежеге жетті. Оның осы жетістігі
ұяң мінезді Илон өмірде еш нәрсеге жете алмайды деп ойлаған
сыныптастарының өзін қайран қалдырды. Алыс болашақты армандаған Маск
жасөспірім кезінен-ақ адамзат өркениеті тіршілік ететін аумақтың шекарасын
қалайша кеңейтуге болады дегендей аса күрделі мәселелерді ойластыра
бастады. Сонымен қатар, ол күннің қуатын пайдалану, өзге ғаламшарларды
игеру, қағазсыз банк қызметі және ғарыш кемелері жөніндегі көптеген
тамаша идеялармен де айналысты. Небәрі 12 жасында өзі ойлап тапқан
Blastar видео ойынын 500 долларға сату арқылы шынайы кәсіпкерлік
қабілетін де байқатты.
ЕГЕР СІЗ АҚШАҢЫЗДЫ ТЕК ӨЗІҢІЗГЕ ЖҰМСАСАҢЫЗ, ОНДАЙ
БАЙЛЫҚТАН ҚАЙЫР ЖОҚ
Уақыт зырлап өте берді. Өзінің үлкен мақсатына тек солай ғана жете
алатынын түсінген Илон Америкаға кету керек деген ойға бекінді. Ақыры,
әке-шешесінің қарсы болғанына қарамастан, 1988 жылы Канадаға жол
тартты. Осылайша, оның батысқа кетсем деген арманы жүзеге асты. Әрине,
басқа елге қоныс аудару бастапқыда оңай тимеді. Еш жерде тұрақтай алмады.
Таныстары мен туыстарының үйіне қонып, қайта-қайта жұмыс ауыстырумен
жүрді. Абырой болғанда, күндердің күнінде Куинс университетіне оқуға
түсудің сәті туды. Тек содан кейін ғана оның өз-өзіне деген сенімділігі
нығайып, мінезі шыңдала бастады. Университетте оқыған жылдары Илонның
менмендігі күшейді. Ол студенттер арасындағы пікірталасқа қатысты,
бизнестің қыр-сырын меңгерді. Алғашқы зайыбы және бес баласының анасы
болған Жюстин Уилсонмен де осы жерде танысты.
Илон Куинс университетінде екі жыл оқығаннан кейін Пенсильвания
университетіне ауысып, физика саласындағы білімін тереңдетті. Осында
білімін жетілдіре жүріп өзі қатарлас студенттер арасынан жақын достар
тапты. Тек рухани ғана емес, материалдық жағынан да пайда әкелетін қарым-
қатынастар орнатты. Адер Ресси деген жолдасы екеуі тынығуға арналған 14
бөлмесі бар үйді жалға алып, көңілді кештер ұйымдастырды. Келушілер үшін
5 доллар көлемінде кіру ақысын белгіледі. Сөйтіп, студент Илон Маск бұл
бизнестен тәп-тәуір пайда көрді.
АЛҒАШҚЫ СТАРТАП, АЛҒАШҚЫ МИЛЛИОНДАР
Пенсильвания университетінде оқыған кезінде Маск Кремний алқабындағы
екі компанияда тағылымдамадан өтті. Олар - электрлі және гибридті көлік
құралдарында ультраконденсаторларды қолдану әдістерін зерттеумен
айналысатын Pinnacle институты және сол тұста аудиокассеталардың орнына
жана компакт-дискілерді енгізумен айналысқан Rocket Science Games
компаниясы болатын.
Оқуын аяқтап біраз уақыт кәсіппен айналысқан соң, бойдағы бар мүмкіндігін
тек сол жерде ғана аша алатынын түсінген Илон, Кремний алқабына
толығымен қоныс аударды. Сонымен бірге, өзінің осы шешіміне кенже інісі
Кимбалды да сендіріп, жанына шақырды. Ағасының жолын қуған Кимбал
бұл кезде Канадаға келіп, Куинс университетін тамамдаған. Осы тұста
интернет дәуірі басталды. Ағайындылар Global Link Information Network
компаниясын құрды (кейіннен бұл компанияның атауы Zip2 деп өзгертілді).
Global Link Information Network компаниясы мейрамханалар, киім дүкендері
мен шаштараздар секілді әртүрлі фирмаларды картадан көрсете отырып,
интернет арқылы іздестірудің электронды каталогын жасаумен айналысты.
Алайда 1990 жылдардың ортасына қарай шағын бизнес өкілдерінің арасында
интернеттің маңызын түсінгендер өте аз еді. Олардың ешқайсысы өз
бизнестерін каталогқа енгізуге немесе жеке веб-сайтын ашуға ұмтылмады.
Илон мен Кимбал шағын кәсіпорындарды осыған қызықтыру үшін қолдан
келгеннің бәрін істеді. Бірақ бәрібір істері өндімеді, ешқандай табыс
болмады.
Интернет дегеніміз - адамзат тарихындағы ең үлкен ақымақтық деп түсінген
кәсіпкерлер олардың бұл ұсыныстарынан жаппай бас тарта берді.
Дегенмен кәсіпорындардың виртуалды анықтамалығын жасауға талпынған
ағайындылардың жобасы Mohr Davidow Ventures венчурлық фирмасына
мәлім болған кезде бұл жағдай түбірімен өзгерді. Илон мен Кимбалдың
ізденісіне тәнті болған аталмыш фирма басшылығы олардың стартабына
қомақты қаржы бөлді. Zip2 компаниясы соның арқасында сол кезеңде аса
үздік саналған анықтамалық онлайн-жүйені жасап шығарды. Сонымен қатар,
компанияның жұмыс әдісі де өзгерді. Бұдан былай олар бұрынғыдай әр
мекемеге барып жүрмей-ақ жарнама контентін өз бетінше орналастыруға
арналған ақылы құралды ұсынатын болды. Zip2-нің бұл ұсынысы жарнама
берушілерді жеке интернет-сайт жасау қажеттігінен босатты.
Компанияның бизнесті жүргізудегі мұндай үлгісі Маск үшін онша ұтымды
бола қоймады. Венчурлық фирманың басшылары Илонның идеяларын
жоғары бағалады. Дегенмен оның қызба мінезі мен арынды ұмтылысына
күмәндана қарап, капитал салудан қауіптенді. Ақыр аяғында Маскты бас
технологиялық директор қызметіне ауыстырып, бас директор лауазымына өз
адамдары Рич Соркинді тағайындады. Мұндай өзгерістер Zip2-нің жұмысын
алға бастырды. Компанияның табысы артты. Стартаптың қызметін
ықшамдаған венчурлық фирма компанияның алдына барынша шынайы
мақсаттар қойды. Осыдан соң оның сервистік қызметін пайдаланатын ірі
жарнама берушілер оған қаражат сала бастады.
1998 жылдың сәуірінде Zip2 өзінің басты бәсекелеci CitySearch
компаниясымен біріккені туралы мәлімдеді. Бұл келісімнің жалпы сомасы
шамамен алғанда 300 миллион долларды құрады. Маск бұған бастапқыда
келіскенімен, соңынан бас тартты. Директорлар кеңесі бірігу процесін
болдырмай тастағаннан кейін Zip2 аса қауіпті жағдайға ұшырады. Алайда
мұндай жайсыздық ұзаққа созылмады. 1999 жылдың ақпанында жеке
компьютер шығаратын Compaq Computer компаниясы Zip2- ні 307 миллион
долларға сатып алатынын мәлімдеді. Тиімді ұсынысқа екі жақта келісті.
Соның нәтижесінде Илон 22 миллион долларға, ал Кимбал 15 миллион
долларға байып шыға келді. Дегенмен мұндай жетістікке мастана қоймаған
ағайындылар іле- шала кезекті жоспарды қолға алды.
Достарыңызбен бөлісу: |