Қосымша 1 Бұланты маңындағы шайкас. Ұлытаудың таулар жүйесіне иелік ету соғыс барысында маңызды кезең болды. «Ақтабан шубырынды, Алқакөл сұлама» (1723-1730 жылдардығы Отан соғысы) барысындағы аса маңызды шайқастардың бірі Ұлытау етегінде өтті. 1728 жылдың көктемінде Ұлытау етегінде Бұланты өзенінің жағасында «Қара сиыр» деген жерде қазақ әскерлерінің жонғарлармен ірі шайқасы болды. Бұл шайқаста қазақ сарбаздары қалмақтарға есенгірете соққы берді. Қалмақ әскерлері қиян-кескі соғыста ондаған мың адамынан айрылды. Қазақтар жағы өздерінің талайдан қаны қайнап ыза мен кекке суарылған қайрат жігерінің жемісін көріп қуанды. Жеңіс туралы хабар қазақ даласына ілезде тарап кетті. Бұланты шайқасы қазақ жасақтарының жеңіске деген орасан зор ерік-жігерін көрсетті. Өз заманының аса көрнекті қолбасшылары жеке қол басқарған Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Бәсентиін Малайсары, Тарақты ер Байғозы және басқалар Әбілқайыр хан мен Қанжығалы Бөгенбайдың жалпы басшылығы мен ынтымақты қимыл жасай отырып, жасақтарды ұрысқа бастады. Жасақтарды қаруландыру жөнінде Шақшақ Жәнібек зор ұйымдастырушылық жұмыс істеді. Дархан ұстаның басшылық етуімен Ұлытауда қару шеберлері еңбек етті. Бұлантыдағы және басқада бірқатар шайқастардың қаһармандық рухын бізге дейін Үмбетай жырау, Ақтамберді жырау, Тәтті қара жырау, Бұқар жырау, Көкеш ақын туындылары жеткізді. Бөгенбай Ақшаұлы, Саңырақ Тоқтыбайұлы, Олжабай Әлімұлы, Қонақай Жақсығұлұлы, Бөлек Сатанұлы сынды батырлардың, батыр Баянның, Жарылқаптың және басқаларының есімдері тірі кездерінде-ақ аңызға айналған. Алайда оқиға мұнымен біткен жоқ. Аттылы жоңғар қолының бірбөлігі Бұланты өзенінің жоғары ағысына қарай өтіп кетті. Бірақ бұл жерде де оларды қазақ атты әскерінің жасақтары қуып жетті. Сөйтіп сол жерде жонғарлар тағы талқандалды, тек жекелеген топтарының ғана Ұлытау жағына Майтөбе мен Құрайлыдан арғы тауларға кетіп қалуына сәті түсті. Бұланты жеріндегі жеңістің зор маңызды болды. Ол қазақ жасақтарының өз күштеріне сенуіне, халық санасында бетбұрыс жасауға мумкіндік берді. XVIII ғасырдың 20-жылдарының аяғына қарай жоңғарлар Ұлытау аймағынан ығыстырып шығарылды. Мұндағы соңғы шайқас Жақсы Қон өзенінің жоғарғы ағысына жапсарлас жатқан аудандағы Қарамолда деген жердегі ұрыс болды. Жоңғарлар тағы да жеңіліске ұшырады. Бұл аймақ-бұл жер «Қалмақ қырылған» деген атпен белгілі. Қазақ жасақтарының Бұланты маңындағы жеңісінің жағы бір жағы-стратегиялық тапқырлығында болды. Қазақ жасақтарының Бұланты маңындағы жеңісі Аңырақай шайқасының табысқа жетуін анықтап берді.