Септік жалғаулары — зат есімдердің мағыналарын түрлендіріп, оларды басқа сөздермен байланыстыратын қосымшалар. Мысалы: Абай Найманның дауына билігін айтып қойған еді. (М.Ә.) Бұл сөйлемдегі Абай деген сөзді атау септік баяндауышпен (айтып қойған еді), Найманның дегендегі ілік септік ол сөзді тәуелдік жалғаулы сөзбен (дауын) байланыстырып, дауына дегендегі барыс септік, билігін дегендегі табыс септік ол сөзді айтып қойған еді деген етістікпен байланыстырып тұр.
Сөйтіп, септік жалғаулары сөздерді бір-бірімен байланыстыру қызметін атқарады. Қазақ тіліндегі септіктің аттары, сұраулары және жалғаулары мыналар:
Атау – кім? не?
Ілік – кімнің? ненің? –ның, -нің, -дың, -дің, -тың, -тің.
Барыс – кімге? неге? қайда? –ға, -ге, -қа, -ке.
Табыс – кімді? нені? -ны, -ні, -ды, -ді, -ты, -ті.
Жатыс – кімде? неде? қайда? –да, -де, -та, -те.
Шығыс – кімнен? неден? қайдан? –нан, -нен, -тан, -тен, -дан, -ден.
Көмектес – кіммен? немен? –мен, -бен, -пен.