Реферат Тақырыбы: «Қазақстандағы санақ деректері бойынша этнодемографиялық өзгерістер»



Дата11.05.2022
өлшемі24,98 Kb.
#141762
түріРеферат
Байланысты:
Реферат Тарих
Әлеуметтану, Документ (15), лекциялар, Презентация (34), Эссе Қазіргі заман тарихы, жоспар, Салыстырмалы кесте 3саясаттану, Саясаттану кесте 2, рецензия Нарчаевой Р, Адам адамзат айнасы, КТОМ леция мәтіндері 22-23, «Таби и ресурстарды тиімді пайдалану» б лімі бойынша жиынты ба , 1.Əлеуметтануға кіріспе.Əлеуметтанулық қиял Əлеуметтанулық орÑ

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педогогикалық университеті
Реферат
Тақырыбы:«Қазақстандағы санақ деректері бойынша этнодемографиялық өзгерістер»

Орындаған: Есіркеп Е.Қ.


Қабылдаған:Мамраймов С.Д.
Тобы: 1504-11
Жоспары
1)Кіріспе
2)Негізгі бөлім
2.1Қазақ ұлтының өткен көп ғасырлық тарих жолындағы саны мен құрамы
2.2Қазақтардың қатарын өсіретін екінші қайнар бұлақ
3)Қорытынды
4)Пайдаланылған әдебиеттер

1)Кіріспе


Қазақ халқының Ресейге бодан болғаннан бергі этнодемографиялық тарихи жолын негізінде ірі-ірі үш дәуірге бөлуге болады. Біріншісі ХVІІІ ғасырдың 30-жылдарынан 1917 ж. дейін; бұл Қазақстанның Ресейдің отары, қазақтардың этнодемографиялық дамуы отарлық-миграциялық (соның ішінде қоныстандыру) саясатының ықпалында болған дәуір. Сырттан келген көші-қонның, әсіресе Столыпиннің аграрлық саясаты өрістеген, сонымен бірге қазақтардың арасында табиғи өсім төмен, әртүрлі эпидемиялар, жұқпалы аурулар, жұттар көп болған кезең. Осының бәрінің нәтижесінде қазақтардың саны түрлі өзгерістерге ұшырап, Қазан революциясына дейін өз елінде үлесі едәуір (90%) болғанымен, ХХ ғасырдың екінші онжылдығы соңында, аймақтардың тұрғындарының әлі де жартысынан көбі (58,7%) болған, яғни Оңтүстік, Батыс және Орталық аймақтарда қазақтардың басымдығы сақталған, Солтүстік және Шығыс аймақтарда славян, басқа этнос өкілдері көпшілікке айнала бастаған кезең.

Екіншісі, 1917-1991 жылдар, яғни Кеңес заманы. Бұл қазақтардың талай ашаршылықты (1918, 1921 және 1931-1933 жылдары), қуғын-сүргінді, зорлық-зомбылықты көрген, ұлттық дәстүрлер мен тілге нұқсан келген, әліппенің үш рет өзгерген, сырттан көші-қонның ірі-ірі толқындары елдегі демографиялық ахуалды күрт өзгерткен және тағы басқа да келеңсіз жағдайлардың салдарынан қазақ ұлтының өзі ата қонысында азшылыққа айналған тұс. Бұл дәуірді екі үлкен кезеңге бөлуге болады: 1-кезең 1917-1959 жылдар - қазақтардың өз елінде 58,7%-дан,28,9%- ға түскен кезеңі; 2-кезең - 1959-1991 жылдар, қазақтардың біртіндеп үлесі өскенімен (40%), әлі де келімсектерден гөрі аз болған кезең.


Үшінші дәуір - 1991-2009 жылдар, қазақтардың өз елінде біртіндеп, көпшілікке айналуы. Бұл дәуірді де екі кезеңге бөлуге болады: 1-кезең - 1991-1999 жылдар - қазақтардың үлесі республика халқының жартысынан асқан кезең (40%-дан 53,4%-ға жеткен кезең); 2-кезең - 1999-2009 жылдар - қазақтардың өз елінде басым көпшілікке айнала бастаған (53,4%-дан 63,7%-ға дейін өскен) кезеңі. Бұл кезең енді ғана басталды, әрі қарай жалғаса береді.


Енді қазақ халқының этнодемографиялық даму белестеріне сай, еліміздегі болған көші-қон кезеңдерін байланыстыра отырып, ұлтымыздың саны мен құрамын, қысқаша болса да, қарастырып өтейік.


2)Негізгі бөлім


2.1Қазақ ұлтының өткен көп ғасырлық тарих жолындағы саны мен құрамы
Егемен ел болғанымыздан кейін, мың өліп, мың тірілген қазақ халқы дербес дамуға мүмкіндік алып, алыс-жақынын түгендеп, Отан туы астына жинала бастады. 2009 жылғы Қазақстандағы халық санағы бойынша, сол жылдың басында өз еліміздегі қазақтардың саны 10 млн.-нан асып түсті. Ал осыдан бірер жыл бұрын шетелдердегі отандастарымыздың саны 5,5 млн.-дай деген дерек болған-ды. Осыған байланысты қазіргі таңда қазақтардың жалпы саны (өз еліміздегілер мен шетелдегілерді қоса есептегенде) 15,5-16 млн. деп айтуға толық мүмкіндік бар. Бұл қазақ ұлтының көп ғасырлар бойы, талай демографиялық апаттарды бастан кеше отырып, егемендік жағдайында өз еліндегі халықтың көпшілігіне айналуы еді.

Қазақ ұлтының өткен көп ғасырлық тарихи жолына көз салсақ, оның саны мен құрамының ірі-ірі саяси-әлеуметтік және экономикалық бетбұрыстарға байланысты жиі және күрделі өзгерістерге ұшырағанын байқаймыз. Бұл жағдай әсіресе ХХ ғасырдың екінші жартысына дейін көптен-көп белгілі оқиғалар арқылы көзге түседі.


Орыстың көрнекті ғалымы А.И. Левшин (1797-1879) ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы статистикалық мәліметтерді талдай келіп, Ресей империясындағы қазақтардың жалпы саны (көрсетілген кезеңде) 2,5 млн.-нан 3 млн.-ға дейін деген болжам айтқан екен. Ғалымның өзі айтқандай, ол заманда қазақтардың арасында санақ ісін жүргізудің қиындықтарымен қатар, санақ қорытындыларының толық және дұрыс болмайтындығы да рас еді. Сонымен бірге Ұлы жүзде 100 мың үй, Орта жүзде - 210 мың үй, ал Кіші жүзде - 190 мың үй деп санап, әр үйде орта есеппен 5 немесе 6 адам болады дей келіп, соның қорытындысында 2,5-3,0 млн. болады деген болжамның түптеп келгенде, көптеу екенін айта кеткен жөн. Әр үй басына 6 адамнан келеді деген қорытындының өзі нақты емес екенін айтпағанның өзінде, белгілі ғалымдардың бұл мезгілден кейінгі қазақтардың жалпы саны туралы пікірлері біздің бұл айтқанымызды растай түседі.


Е.Бекмаханов 1947 жылы шыққан «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» деген монографиясында ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарында Кіші жүзде 100 мың үй (бес адамнан) - 500 мың адам, Орта жүзде 116,5 мың үй - төрт адамнан - 468 мың адам, Ұлы жүзде 95 мың үй - 550 мың адам болған деп көрсеткен-ді. Яғни, барлық қазақтардың саны 1млн. 518 мың болып шығады. Өкінішке орай, Е.Бекмаханов үш жүздің қазақтарының санын анықтағанымен, олардың жалпы санын қорытындыламаған, бұған біздің ойымызша, статистикалық мәліметтердің шынайы, нақты болмауына қоса, әр үйде кейде 4, кейде 5, немесе 6 адам деп санағанның өзі де әсер еткен болуы керек деп ойлаймыз. Н.Бекмаханова ХІХ ғасырдың 60-жылдарында Қазақстан мен Қырғызстан және шекаралас аумақтарда 1млн. 643,4 мың қазақ және 353,1 мың қырғыздар мекен етсе, ХІХ ғасырдың 70-жылдарында 2.416,5 мың қазақ және 542,5 мың қырғыз болды, деп жазады.


Әкелі-балалы Бекмахановтардың бұл тұжырымдары нақтылы деректерге сүйеніп (салық үшін жүргізілген киіз үй (кибитка) есебіне) негізделгендіктен, шындыққа жақын деп санауға болады. Себебі, киіз үй есебі әр ауыл, болыс және уезд (дистанция) бойынша мұқият жүргізілетін, есептен қашқандар мен оны бұзғандар қатты жазаланатын. ХІХ ғасырдың 60-70 жылдары отарлық биліктің қазақтарға киіз үй есебі арқылы салық салу ісін едәуір жолға қоя алғанын ескерсек, бұл болжамның дұрыстығы күшейе түседі. Дегенмен, жоғарыда көрсетілген қазақтар саны негізінде (әр киіз үйге не 4, 5, не 6 жан басынан келеді деген) болжамға жақын екенін баса айтқанымыз жөн.


Алғашқы, нақтылыққа бір табан жақын, қазақтардың жалпы саны, жастық, жыныстық құрамы, білім деңгейі (негізінде сауаттылығы туралы), әлеуметтік жағдайы, діні, тілі, туған жерінде тұрғандығы және т.б.құнды мәліметтерді 1897 жылы 28 қаңтарда жүргізілген Ресей империясы халқының бірінші жалпы санағынан ғана ала аламыз. Бұл санақтың нәтижесі бойынша, Ресейдегі қазақтар, ана тіліне қарай бөлгенде, 4.084,1 мың адам еді, оның 53,3%-ы - ерлер, 46,7%-ы әйелдер болды. Қазіргі Қазақстан Республикасы аумағында қазақтардың 3392,7 мыңы өмір сүріп, Ресейдегі қазақтардың 83,0%-дан астамы осында шоғырланған-ды. Н.Бекмаханованың мәліметтері бойынша, Ресейдегі қазақтардың саны 1916 жылы 4678,8 мыңға жетіп, сол жылғы қазақтардың патшаға қарсы көтерлісінен кейін, яғни 1917 жылы 4061,3 мыңға түскен.


Н.Бекмаханованың бұл нақтылы деректерге сүйенген тұжырымдарымен қабат, Ә. Бөкейхан және М. Тынышбаев сияқты ұлт көшбасшыларының осы мәселеде өз болжамдары болғанын айта кеткен жөн. Мысалы, Ә.Бөкейхан «облыстық шолулардың» мәліметтеріне сүйене отырып, 1908 жылы Ресейде 4,999,6 мың, ал 1913 жылы 5 млн. 64 мың (Жетісу облысындағы қырғыздарды қоса есептегенде) қазақ болған, - деп жазған-ды. Ал М.Тынышбаев (өз деректерін көрсетпей-ақ) бүкіл әлемде 1917 жылы 6,3 млн.-нан астам қазақ болды, оның 5,480 млн. Кеңес одағында, 450 мыңы Қытайда, 100 мыңға жуығы Ауғанстанда тұрады, - деп болжаған-ды. Дегенмен, бұл пікірдің дерек көздері белгісіз болғандықтан, әлі де болса нақтылап зерттей түсуді қажет етеді.


Әрине, 1916 жылғы көтерілісті қанға бөктіріп басып-жаншу, сол жылы тылдағы жұмысқа алынғандар арасындағы өлім-жітім, азамат соғысы, 1918 және 1921 жылдардағы ашаршылық, өлімнің көбейіп, туудың азаюы және т.б. келеңсіз жағдайлардың салдарынан, көбісі көшпелі, соның нәтижесінде денсаулық сақтау жағынан қорғансыз қазақ ұлтының көп шығынға ұшырағаны да тарихтан белгілі. Міне, сондықтан 1926 жылы Бүкілодақтық халық санағы бойынша, Кеңес одағындағы қазақтардың саны 3 млн. 959,8 мыңға түсті, яғни 1897 жылмен салыстырғанда 567 мыңға көбейгенімен, 1917 жылға қарағанда (Н.Бекмаханованың пікіріне сай - 4061,3 мың адам десек) - 101,5 мың адамға кеміген, яғни сол 9 жыл бұрынғы деңгейден де аз болған. 1926 жылы қазақтардың 3627,6 мыңы, яғни 91,6 %-ы өздері туған жерінде - Қазақстанда өмір сүрген.


Мұнан кейінгі жылдары болған байларды тәркілеу, кулактарды жою, жер аудару, 1931-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық (кейбір ғалымдардың болжамы бойынша 1,2 млн.-нан 2,5 млн.-ға дейін адам қаза болған), 1930 - жылдардағы саяси қуғын-сүргін және т.б. зорлық-зомбылық салдарынан қазақ ұлтының саны күрт төмендеп кетті. 1939 жылғы Бүкілодақтық халық санағы бойынша, Кеңес одағындағы қазақтардың саны 3.100, 9 мыңға түсіп, 1926 жылға қарағанда, 858,9 мыңға, яғни 21,7%-ға азайды. Қазақтардың 2.458,5 мыңы, яғни 75%-ы ғана өз республикасында өмір сүрді. Қалған 25%-ы Кеңес одағының басқа аймақтарында тұрды. Бұлардың көбі Қазақстаннан тыс аймақтарда болса да өздерінің ата мекендерінде тұрғанымен, едәуір бөлігі ашаршылық пен қуғын сүргіннен ауа көшіп барғандар еді.


Жоғарыда көрсетілген келеңсіз оқиғалардың салдарынан және Қазақстанға сырттан келген көші-қон толқындарының күшейе түсуі нәтижесінде, республикадағы қазақтардың үлесі де құлдырап түсіп кетті. Егер 1897 жылы Қазақстанның қазіргі территориясына сай жер аймағында қазақтардың үлесі 81,7% болса, 1917 жылы 58,0 %, 1926 жылы 58,5%, ал 1939 жылы 38,0%-ға дейін төмендеді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Қазақстан халқы да көп шығынға ұшырады, 1,2 млн. азамат Отан қорғауға аттанды, оның жартысынан көбі елге қайта оралмады, 700 мыңнан астам адам тылдағы ауыр жұмысқа шақырылды. Соғыс жылдары тұрғындар арасында өлім-жітім көбейіп, туу азайды. Қазақстанға көптеген халықтар (неміс, чешен, қарашай, және т.б.) күшпен аударылды, Карлаг, Степлаг сияқты жерлердегі тұтқындар көбейді. Соғыстан кейін басталған тың және тыңайған жерлерді игеруге, одақтық маңызы бар өнеркәсіп орындарын салуға және дамытуға 2 млн.-нан астам жұмысшы күші келді. Осының бәрінің салдарынан республикадағы қазақтардың үлесі (саны 1939 жылы салыстырғанда 467,3 мыңға көбейгеніне қарамастан) 28,9%-ға дейін түсіп кетті, яғни қазақтар өз елінде халықтың азшылығына айналды, ал орыстар, украиндар мен беларустар көпшілік болып шыға келді (олар тиісінше 42,7%, 8,2 % және 1,1% болып, үшеуін қосқанда 52%-ға жетті).


1959 жылғы санақ қазақтардың үлесінің ең төменгі құлдырау шегі болып саналады. Бұдан кейін қазақтардың табиғи өсімі күрт көтерілді («демографиялық дүмпу» деп те аталады), ал ол халықтың жалпы санының көбеюіне әкелді. Табиғи өсімнің күшеюіне екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, әсіресе халық шаруашылығын қалпына келтіріп, дамыта түскен кезде, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып, денсаулық сақтау, әсіресе аналар мен балаларға, көп балалы отбасыларға деген қамқорлық әсер етті. Сондай-ақ тұрғын үй құрылысының өркендеуі, оқу-білім саласының кеңеюі және т.б. әлеуметтік жағдайлардың жақсаруы да табиғи өсімге күшті әсер етті десек, қателеспейміз.


Қазақ ұлтының өсіп-өніп көбеюіне, соның нәтижесінде республика тұрғындары арасында өз үлесінің көтерілуіне шет жерлерден қайта оралған отандастарымыздың да әсері күшті болды. Қазақстанға бағытталған бұл көші-қон үрдісі 1918-1920, 1933-1935, және 1950 жылдардың екінші жартысы мен 1960 жылдардың басында жүріп өтті. 1916 жылы көтерілісті аяусыз басып, қырғынға ұшыратқан кезде 300 мыңдай қазақ пен қырғыздар Қытайға қашып, бас сауғалаған-ды. Олардың көбі 1918-1920 жылдарда қайта оралды. 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтан ауа көшкендердің көбі Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан және басқа Кеңес одағы аймақтарында паналаған-ды, олардың да басым көпшілігі қайтып оралды. Сырт елдерге, әсіресе Ауғанстанға, Иран, Түркияға кеткендер тәуелсіздік жағдайында ғана қайта орала бастады. Тек Қытай Халық Республикасындағы қазақтардың қайта оралуына 1950 жылдардан бастап мүмкіндік туды. Бұл Кеңес одағы мен жаңа құрылған ҚХР арасындағы достық қатынастың нәтижесі еді. Қытайдан кеңес заманында оралған қазақтар саны туралы әртүрлі мәліметтер бар, кейде олардың санын көбейтіп айтатын жағдайлар да кездеседі. Соңғы, нақтылы, мұрағаттан алынған деректерге сүйенсек, 1954-1963 жылдар аралығында Қытайдан ұйымдасқан түрде, өз бетінше және басқа жолдармен қайта оралғандардың саны 268371 адам болса, олардың Қазақстанның облыс-аудандарында қалып, орналасқандары 254398 адам, ал қалған 8989-ы Кеңес одағының басқа аймақтарына кеткен екен. Қазақстанда қалып, орын тепкендердің басым көпшілігі қазақтар еді, ал басқалары ұйғыр, орыс және әртүрлі ұлт өкілдері болатын.


Сонымен 1950-1980 жылдар аралығындағы табиғи өсімнің көтерілуі, сырттан келетін басқа ұлт өкілдерінің көші-қонының бәсеңдеуі, Қытайдағы қазақтардың орала бастауы және т.б. тиімді жағдайлар республикаға өз атын берген ұлттың саны да, үлесі де өсіп, құрамының нығая түсуіне әкелді. 1959-1989 жылдар аралығында қазақтардың саны 2.787,3 мыңнан 6.534.6 мыңға жетті, яғни 2,3 есе өсті, ал үлесі 28,9%-дан 39,7%-ға жетіп, 10,8%-ға өсті. Қазақтар республикадағы ең көп ұлтқа айналды, бірақ орыстар (37,8%), украиндар (5,4%), белорустар (1,1%), яғни шығыс славяндар өкілдері (бәрін қоса есептегенде - 44,3%) мен басқа орыс тілді ұлт өкілдері (немістер - 5,8%, корейлер - 0,6% және т.б.) әлі де Қазақстан жұртының жартысынан асып тұрды.


Енді тәуелсіздік кезіндегі қазақтардың жай-күйіне қысқаша болса да тоқталып өтейік. Қазақтардың тәуелсіздік жағдайында саны өсіп, үлесі көбеюі жоғарыда айтылған екі факторға байланысты болды: 1) табиғи өсім; 2) сыртқа кететіндерден келетіндердің көп болуы - оң айырым (сальдо), соның ішінде, әсіресе отандастарымыздың оралып, тыңғылықты орын табуы.


Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экономикадағы дағдарысқа байланысты, әлеуметтік қиыншылықтар көбейген кезде тұрғындардың табиғи өсімі құлдырап түсіп кетті: 1987 жылы 18,1 промилле болса, 1998 жылы 4,6 промилле болды (бір мың адамға шаққанда, туу мен өлімнің айырмасы). Осыдан кейін біртіндеп табиғи өсім қайтадан көтеріліп, 2000 жылы - 4,9; 2005 жылы - 8,05; ал 2009 жылы 13,5 промиллеге жетті, дегенмен әлі де 1980 жылдардағы көрсеткішке жете алмай отырмыз. Табиғи өсімнің 90% қазақтардың есебінен екенін ескерсек, ұлтымыздың өсуі кең, тура және даңғыл жолға түсіп, болашақта қазақтардың өсіп-өнуі қамтамасыз етіле бастағанын көреміз. 2009 жылы табиғи өсім 215 мыңдай болғанын ескерсек, келешектегі қазақтың саны өсе беретініне сеніміміз күшейе түседі.


2.2Қазақтардың қатарын өсіретін екінші қайнар бұлақ


Қазақтардың қатарын өсіретін екінші қайнар бұлақ - шетелдегі отандастарымыздың қайта оралуына келсек, тәуелсіздік жылдары ресми есеп бойынша 753,4 мың, ал бұл есептен тыс өздігімен келгендерді қосқанда 1 млн. қазақ қайтып келді деген пікір бар.

Қайта оралғандардың басым көпшілігі Ресей, Қытай, Моңғолия мен Өзбекстаннан, ал қалғандары Түркіменстан, Ауғанстан, Түркия, Иран және т.б. алыс-жақын шетелдерден келгендер. Шетелдердегі қазақтар саны да едәуір пікірталас тудырып келеді. Зерттеуші Г.Меңдіқұлова 1997 жылы жарияланған еңбегінде бұрынғы Кеңес одағының 14 мемлекетінде және дүние жүзінің 25 елінде 4,5 млн. қазақ өмір сүреді, деген мәлімет айтады. Алайда бұл ойына негіз болған деректерді көрсетпеген. Ал 2000 жылы жарияланған М.Асылбеков пен В.Козинаның «Қазақтар» деген еңбегінде шетелдердегі қандастарымыздың саны 3.211.208 адам деп көрсетілген. Бұл мәлімет ҚР Сыртқы істер министрлігі консулдық қызмет департаменті басқармасының бастығы Б.Сейітбатталовтың 2000 жылғы 20 сәуірдегі «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласына сүйеніп берілген. Сайлау Батыршаұлы 2004 жылдың басында шетелдердегі қазақтар саны 5,2 млн. адамнан асып түседі, - деген болжам айтады. Осы пікір шындыққа жақынырақ, - деп санаймыз. Себебі, қазақтардың Дүниежүзілік қауымдастығы жинаған («Егемен Қазақстанға» берген) мәліметтері бойынша, 40 шетелдердегі қазақтардың саны 5 млн. 600 мыңнан астам деп көрсетілген. Оның ішінде, жақын шетелдерде - 3 млн. 137 мың; алыс шетелдерде 2 млн. 529 мың 800. Қазақтар көп шоғырланған мемлекеттер Қытай - 2.260 мың; Өзбекстан - 1.750 мың; Ресей - 1.100 мың; Монғолия - 150 мың; қалғандары: Түркия - 15 мың; АҚШ - 14 мың; Тәжікстан - 10 мың; Иран - 10 мың; Германия - 9 мың және т.с.с. 2000-2005 жылдар аралығында шетелдердегі қазақтардың саны 3,2 млн.-нан 5,6 млн.-ға дейін өсуін екі себеппен түсіндіруге болар еді. Біріншіден, алғашқы көрсетілген мәлімет толық болмай, 1,5 - 2млн.-дай қазақ есептен тыс қалып қоюы мүмкін. Екіншіден, осы 5-6 жыл ішінде едәуір табиғи өсім нәтижесінде қазақтар саны тез өскен де шығар деп ойлаймыз.


Республика халқының, оның ішінде қазақтардың аумақтық, яғни аймақтарға, ауыл мен қалаларға орналасуында дәстүрге айналып, қалыптасқан ерекшеліктер бар. Қазақстан халқының жартысына жуығы - 45-46%-ы Оңтүстік аймақта (Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары) орналасқан болса, республика қазақтарының да жартысына жуығы, яғни 49,8%-ы осы аймақтарда тұрады. Олардың үлесі Қызылорда облысында 95,8%, Оңтүстік Қазақстан облысында 70,1%, Жамбыл облысында - 69,0%, Алматы облысында - 64,2% және Алматы қаласында - 50,1%. Бұл жағдайдың тарихи қалыптасуы: біріншіден, аймақтың Ресейге бағынуы басқалардан 130 жылдай кеш болғандығынан; екіншіден, аймақ тұрғындары саны мен құрамына сырттан келген көші-қонның ауқымы мен әсері әлсіз болғандығынан; үшіншіден, жергілікті ұлт өкілдерінің, әсіресе қазақ, өзбек, ұйғыр және басқа түркі тілдес этностардың табиғи өсімі келімсектерден басым екендігінен және басқа тиімді жағдайлардың әсері күшті болды. Солтүстік аймақта (Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары және Астана қаласы) республика халқының 23,0%-ы орналасқан. Алайда мұнда қазақтардың саны да, үлесі де, тәуелсіздік жағдайында едәуір өскенімен, әлі де басымдылыққа жете қойған жоқ. Республика бойынша аймақтағы қазақтардың үлесі бар болғаны 16,9% болса, қазақтар Ақмола мен Павлодар облыстарында олардағы тұрғындардың жартысына да жетпейді (тиісінше 44,6% және 45,7%), ал Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында онан да төмен (тиісінше 35,6% және 33,7%, яғни осы облыстардағы тұрғындардың үштен бірі ғана). Тек Астанада ғана қазақтардың үлесі 63,4%-ға жетті. Қазақтардың Оңтүстік аймақтан кейінгі көп шоғырланған жері - Батыс Қазақстан. Мұнда қазақтардың 19,1%-ы, яғни бестен біріне жуығы мекен етеді. Атырау облысындағы тұрғындардың ішінде қазақтар 91,3%, Маңғыстау облысында - 86,1%, Ақтөбе облысында - 77,9%, Батыс Қазақстан облысында - 70,9%. Республиканың қалған екі аймағында қазақтардың үлесі едәуір өсіп келеді, 2009 жылғы мәліметтер бойынша, Шығыс Қазақстанда жартыдан асып түсті - 53,9%, ал Орталық Қазақстанда (Қарағанды облысы ) - 44,1%-ға жетті. Осы бағыттағы даму әрі қарай жалғаса берсе, болашақта осы үш аймақтарда да қазақтардың үлесі басым болмақ.


Тәуелсіздік жағдайында қала мен ауыл тұрғындарының өзара салмағы өзгеріске ұшырады. Қала тұрғындарының үлесі 1989-2009 жылдар арасында аз да болса төмендегенімен (3,3%), олар бұрынғыша республика халқының жартысынан көбі (53,4%) болып отыр. Ал ауыл тұрғындары 43,3% -дан 46,0% -ға жетті. Бұл көрсеткіш халықтың урбандандыру процесінің баяулай бастағанын байқатады. Қазақстанда ең күшті урбандалған Қарағанды (қала тұрғындары 77,0%), Павлодар (67,9%) және Ақтөбе облыстары (61,1%) болса, ауыл тұрғындары Алматы (76,0%), Солтүстік Қазақстан (61,5%), Қызылорда (60,8%) және Жамбыл (60,5%) облыстарында көбірек болып отыр.


Дегенмен, тәуелсіздік жылдары қазақтардың қалаға бет бұрғанын атап айтқан жөн. Қазір екі қазақтың біреуі - қала тұрғыны. Қазақтар Қызылорда мен Атырау облыстарындағы қала тұрғындарының ішінде тиісінше 91,3% және 82,3%, ал Маңғыстау облысында - 72,9%, Ақтөбе облысында - 62,2%, Оңтүстік Қазақстан облысында 61,6%, Жамбыл облысында - 54,5%. Бірақ басқа аймақтарда қазақтар қала тұрғындары ішінде әлі де аз. Қостанай облысында бар болғаны 20,2%, Ақмола облысында - 28,5%, Павлодар облысында -30,0%, Қарағанды облысында - 30,7%, Шығыс Қазақстан облысында - 33,1%. Батыс Қазақстан облысында да көп емес - 39,6%. Еліміздің ең үлкен екі қаласында қазақтар үлесі едәуір өсіп келеді: Қазір Астана тұрғындарының (639,3 мың) 63,4%(405,3 мыңы) қазақтар.


Қазақтар шоғырланған Оңтүстік және Батыс аймақ қалаларында олардың үлесі өсе түсті. Қызылордада 90,4%, Атырауда - 82,9%, Ақтөбеде - 68,2% , Ақтауда - 64,4%, Талдықорғанда - 64,2%, Таразда - 59,1% ; және Шымкентте - 48,4% болды. Сонымен бірге Семейде 42,6%, Көкшетауда 50,9% Жезқазғанда - 62,1%, Қарағандыда - 46,2%, Балқашта -58,8% ға жетті. Дегенмен, славян халықтарының өкілдері мен басқа орыс тілді этностар көптеп орналасқан аймақ қалаларында жағдай аса өзгере қойған жоқ.


Тұрғындардың жастық құрамы да табиғи өсімге үлкен әсер ететіні белгілі. Әдетте халықтың жастық құрамы осы өсімге байланысты үш түрге бөлінеді. Біріншісі - прогрессивтік - тұрғындар арасында балалардың үлесі көп болса, табиғи өсімнің көптігінен халық саны өседі, екіншісі - қалыптасқан (стационарлық) түрі - балалар мен ересек жастағылар арасы бірқалыпты; бұл жағдайда тұрғындар азаймайды да, көбеймейді де. Үшіншісі - регрессивтік түрі - 60 жас және онан үлкендердің үлесі 12% және одан жоғары болса, тұрғындар саны азая түседі. Қазіргі жағдайда Қазақстан халқының 60 жастан асқандары 10,3%, оның ішінде ерлері - 7,8%, әйелдері - 12,3%. Дегенмен, 1990 жылдармен салыстырғанда ( 9%) 60 жастағылар мен одан үлкендердің үлесі 1,3%-ға өскен, яғни халықтың «қартая» бастағаны байқалады. Бұл келеңсіз жағдайға орыс, украин, белорустардың осы жастағылары көп болғаны әсер етеді.


3)Қорытынды
Дегенмен, қазақтардың әлеуметтік-демографиялық дамуында әлі де келеңсіз жағдайлар кездесетінін де айтқан жөн. Табиғи өсім жағынан қазақтар басқа түркі-мұсылман этностарынан әлі де едәуір кейін қалып келеді. Өзбек, ұйғыр, әзірбайжан, түрік, күрд және басқа ұлт өкілдерінің табиғи өсімі қазақтардан едәуір басым келіп, саны өсіп, құрамы күшеюде. Қазақтардың басым көпшілігі аймақтардың ауылды мекендерінде тұратынын ескерсек, олардың әлеуметтік жағдайы өз деңгейінде емес екендігін байқаймыз. Қазақтардың білім деңгейі де өзге ұлт өкілдерінен әлі де төмен. 1999 жылғы мәлімет бойынша, 44 этностың ішінде қазақтар жоғарғы білім деңгейі бойынша - сегізінші орында, аяқталмаған жоғарғы білім деңгейі бойынша - 19 - орында, арнайы орта білім бойынша 28 - орында, жалпы орта білім бойынша - 11 - орында, негізінде орта білім бойынша - 37 - орында, ал бастауыш білім бойынша - 35 - орында.

Қала тұрғындары, өнеркәсіп, құрылыс және транспорт салаларында қазақтар үлесі әлі де төмен, өз деңгейінде емес. Әсіресе, кәсіби жұмысшы мамандар, инженер-техниктер арасында ұлттық кадрларды көптеп тәрбиелеу проблемасы күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе.


«Көш жүре түзеледі» деген ата-бабаларымыздан қалған сөз бар. Тәуелсіздігіміз нығая түсіп, әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз жақсарған сайын, халқымыздың, оның ұйытқысы - қазақтардың саны өсіп, құрамы күшейе түсетіні баршамызға анық және болашақтың кепілі. Бұл үшін республикада ғылымға негізделген әлеуметтік-демографиялық және көші-қон саясаты жүргізілуге тиіс.


Пайдаланылған әдебиеттер


1. Әбжанов Х. Қазақстан: Тарих. Тіл. Ұлт. Астана, 2007.

2.Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы (ерте дәуірден бүгінге дейін). Оқу құралы. Алматы, 2005.


3.Жолдасбайұлы С. Ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан. Алматы, 1995.


4.История Казахстана. Пособие для студентов. Автор-составитель: Кан Г.В. Алматы, Издательская группа «Казинтерграф», 2004. – 80 с.




5.Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Алматы: «Алматыкітап», 2007. – 264 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет