Ι Кіріспе Бухгалтерлік есеп — кәсіпорынның қызметі туралы расталған деректер алу мақсатымен оның қаржы-шаруашылық қызметін бақылау, қорытындылау және бейнелеу әдістемесі мен жүйесі; кәсіпорынның ресурстарын және қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелерін есептеу жүйесі. Ол қабылданған ережелер бойынша құжаттардың белгіленген нысандарын пайдалана отырып жүргізіледі. Бухгалтерлік есеп-қисаптың зерттеу объектілері — ақшалай нысанда тұлғаланған шаруашылық құрал-жабдығы, олардың өндіріс, орналасу, айналыс барысындағы қозғалысы, сондай-ақ олардың құралу және пайдаланылу көздері.
Бухгалтерлік есеп заңды тұлғалардың қорлары мен қор көздерін және қаржы айналысын, шаруашылық операцияларының мазмұнын нақты құжаттар негізінде үздіксіз және өзара байланысын сақтай отырып, арнайы өлшеу бірлігімен тіркеп отыру. Бухгалтерлік есеп жүргізу құжаттау мен түгелдеу, есеп-шоттар мен екіжақты жазу, бағалау мен өзіндік құнын шығару, баланс пен қорытынды есеп әдістеріне негізделген.
1997 жылдан бастап Қазақстанда Бухгалтерлік есеп халықаралық стандарт жүйесіне көшірілді. Бухгалтерлік стандарт — есеп көрсеткіштерін арнайы ережелерге сай бағалау, өлшеу және шаруашылық операцияларының маңызын анықтау мен ажырату тәртібі. Халықаралық стандартқа сай, бухгалтерлік есеп қаржы және басқарушы есеп салаларынан тұрады. Қаржы есебі қаржы салымшылары мен несие берушілер, заңды тұлғалардың дамуына үлес қосушылар, шетелдік инвесторлар т.б. үшін жүргізіледі. Басқарушы есеп заңды тұлғалардың өз ішінде басқару жүйесін жетілдіру, ішкі резерв қорларын табу, оны іске қосу мақсатында жүргізіледі. Қазақстандағы заңды тұлғалар жыл сайын аталмыш есеп салаларына қосымша өз кәсіпорнының есеп саясатын, оны жүргізудің принциптерін, қолданылатын есепшоттар жүйесінің тізімін жасап, бекітіп, арнайы орындарға тапсырып отырады.