С.АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІ
Сабақ: №29 сабақ
Пән: Ежелгі дәуір әдебиеті
Топ: К2Б
Күні:06.05.2020
Уақыты: 12.00-13.30
Пән оқытушысы: Жунусова Б.М.
3 бөлім.
13-15 ғасырдағы әдебиет. Алтын Орда дәуіріндегі әдебиет. Қазақ халқының төл әдебиетінің тууы.
3.4. Құтб ақынның «Хұсрау-Шырын» дастанының көркемдік ерекшеліктері.
Дәріс мәтіні:
Дастанның қысқаша мазмұны.
Иран елінде бір қарт патша болыпты. Оның Хұсрау деген жалғыз ұлы бар екен. Хұсрау көп оқып, ер жетіп, әдепті жігіт болыпты. Патша ұлының Шапур деген бір суретші досы бар екен. Бір күні ол Хұсрауға әділ патша Мехинбану және оның жиені сұлу Шырын жайында әңгіме айтып береді. Сонда Хұсрау Шырынға ғашық болып қалады. Досын қызбен сөйлесуге жібереді. Шапур алыстағы Армения еліне барып, Шырын серуендейтін бақтағы бір ағашқа Хұсраудың суретін іліп қояды. Жігіттің суретін көрген Шырын оған ғашық болып қалады. Ақыры Шапур бір күні Шырынмен оңаша сырласып, оған Хұсрауды мақтайды. Шырынға жігіттің жіберген жүзігін береді. Ақыры екі ғашық екі елдің шекарасында кездеседі.
Бірақ нақ сол сәтте Хұсраудың әкесі қайтыс болғаны туралы хабар келеді. Хұсрау дереу өз еліне аттанып кетуге мәжбүр болады. Алайда еліне келгенде дұшпандары оған қарсы шығып, әкесінің тағына отырғызбай қояды. Хұсрау амалсыздан тағы да қыздың еліне - Арменияға қайтады. Шырын қыз тойға асықпау керектігін, алдымен Иран тағына иеленіп алу қажеттігін айтып, Хұсрауға кеңес береді. Хұсрау жәрдем алу үшін Румға (Византия) барып, Рум патшасынан әскер алады, әрі оның қызы Мариямға уйленіп қайтады.
Хұсрау әкесінің тағына отырған кезде Мехинбану дүниеден өтіп, патша тағына Шырын отырады. Шырын мемлекетті әділдікпен, білгірлікпен басқарады. Қалалар бұрынғыдан да гүлдене түседі.Елдің дәулеті артады.
Патша Шырын сол кезде Фархад деген атақты ұста жігітті шақырып, шөл - далаларды суландыратын каналдар қаздырады. Сөйтіп жүргенде Фархад Шырынға ғашық болып қалады. Бұған қатты ашуланған Хұсрау қалайда Фархадты құртпақ болады.
Дастанда Хұсрау мен Фархад арасындағы сұрақ-жауап диалогі тартымды берілген.Фархад сұрақ қояды, ал Хұсрау оған жауап беріп отырады. Хұсрау патша бір күні Фархадқа мынадай шарт қояды:
Ей, Фархад, сен сонау төбесі көк тіреген Бесотын тауын қақ жарып әскерім өтетін жол сал. Сонда ғана Шырын сұлу сенікі болады, - дейді. Фархад патшаның бұл шартын орындайды. Мұны көрген Хұсрау зәресі қалмай, Фархадқа бір жалмауыз кемпірді жіберіп, Шырын өлді деп хабар айтқызады.
Бұған шыдай алмаған Фархад өзін - өзі өлтіреді. Бұл арада Мариям да қайтыс болады. Ал сол кезде Хұсрау дереу Шекер деген сұлуға үйленіп алады. Бірақ көп ұзамай Шекер де дүниеден өтеді. Сөйтіп, Хұсрау тағы да Шырынға барып, кешірім сұранады, әлі де соған бұрынғыдай ғашық екенін айтады. Оған үйленбек ниеті бар екенін білдіреді. Бірақ Шырын асықпайды. Хұсрауға көп ақыл - кеңес айтады. Шырынның кеңесі бойынша, Хұсрау тозып кеткен өз мемлекетін тәртіпке келтіре бастайды. Қалаларды гүлдендіреді, әділетті билік орнатады.
Бірақ ғашықтардың ғұмыры ұзақ емес екен. Хұсраудың Мариямнан туған баласы - Шеруя сарай әкімдерімен астыртын сөз байласып, Хұсрауды қапылыста өлтіреді. Әкесін өлтірген соң ол Шырынға үйленбекші болады. Бірақ Шырын өзінің Хұсрауға деген махаббатын аяқ асты етпейді. Шырын өз қол астындағы құлдардың барлығын азат етіп, мал- мүліктерін кедейлерге үлестіріп береді де, Хұсраудың қабіріне келіп, өзіне - өзі қанжар салып өледі.
Достарыңызбен бөлісу: |