4.Оқиға айту (әңгімелеу)
«Сурет». Ж.Дәуренбеков.
Мұғалім апай бәріне үй тапсырмасын берді.
-Қалаған суреттеріңді салып келіңдер,-деді.
Азамат үйге келгесін түрлі-түсті бояғыш қаламдарын алып ақ қағазға сурет салуға кірісті. Әуелі ауладағы үйшігінің алдында шуақтап жатқан Бөрібасарды салып көрді. Онысын үшінші сыныпта оқитын ағасы Саматқа көрсетіп еді, ол сәл таңғала қарады да:
-Ұқсамайды!-деді бірден.
Азамат енді бояу қаламымен терезе түбінде қыт-қыттап жүрген әтешті салды. Өзін сарала етіп, айдарын қып-қызыл қып бояды.
«Мұндай әтеш болмайды!»-деп Самат тағы да басын шайқайды.
Азамат әбден абдырады. Сосын ойланып-ойланып отырып, төрдегі портретіне қарап әжесін салды.
Мұны көрген Саматтың ішек-сілесі қатып күлгені-ай:
-Әжемнің түрін қара! Құбыжық қой мынауың?!-Ыза болған Азамат жыларманға келді. Ренжіп даладағы сәкі үсінде домбыра шертіп отырған атасына барып шағынды. Не салса да Саматтың мазақтай беретінін айтты.
Атасы шертуін доғарып, сақалын сипап ойға қалғандай болды да:
-Әзкентай, қағазыңды бері әкелші,-деді. Азамат аппақ қағазды астына қатты мұқабалы кітабын төсеп алдына қойды. Атасы тамырлары білем-білем, буындарды шорланған добалдай саусақтарын жайып, ақ қағаздың бетіне салды.
-Енді менің алақанымды сызып шықшы,-деді атасы.
Азамат бояу қаламын тарбиған әр саусақтың арасымен жүргізе отырып сызып шықты.
Атасы алақанын көтеріп еді,ой ғажап-ай, ақ қағаз бетінде үп-үлкен алақан пайда болыпты.
Азамат таңғала қарады, қуанып кетті. Жүгіріп Саматқа барып көрсетті.
-Міне, атамның алақаны,-деді.
Самат үндемей қалды. Ертеңіне апайы да мақтады.
-Мынау Азаматтың атасының алақаны екен. Арық суарған, құдық қазған,бақша күткен, үзбей еңбек еткен ғажап алақан!
Қатты қуанған Азамат мәз-мейрам. Суреті мектептегі көрнекті тақтаға ілінді. Ғажап алақан бүкіл баланың басынан сипап тұрғандай...
1. Саматтың қандай орынсыз қылықтары Азаматтың ызалануына себеп болды?
2. Атасының қандай ақылы Азаматты сабырға келуіне көмектесті?
3. Ашуды ақылға салу арқылы қалай жеңуге болады?
4. Сабырлылық таныту ашушаңдыққа қарама-қарсы қалай әсер етеді?
5. Түсінушілік қабілеті жағдайларға ашуланудың шешімін табуға қалай көмектесе алады?
|