Облыстық арнаулы №3 мектеп-интернаты
Ашық сабақ
«Қазақтың дәстүрлі
ән айту өнері»
Өткізген: музыка пәнінің
мұғалімі Б.Сахипов
Атырау-2013
Сабақтың тақырыбы: «Қазақтың дәстүрлі ән айту өнері»
Мақсаты:
Білімділік: Оқушыларға қазақтың дәстүрлі ән айту өнері туралы мағлұмат беру. Дәстүрлі ән айту мектептерінің көрнекі өкілдерімен таныстыру, олардың шығармаларын тыңдату, әндерін үйрету.
Коррекциялық: Үйретілетін жаңа әннің сөздерінің дұрыс, анық айтылуына көңіл бөлу. Ән мәтінде кездесетін, айтылуы қиындық туғызатын дыбыстырды дұрыс айту.
Тәрбиелік: Музыка тыңдау арқылы оқушылардың эстетикалық талғамын көтеруге жұмыстану. Үйретілетін әннің мағынасын түсіндіріп, автордың сезімін, ойын оқушы жүрегіне жеткізу. Халық композиторлары әндерін құрметтеу.
Көрнекілігі: Мультимедиялық құрал, сырнай аспабы, музыка ойнатқыш құралдар.
Сабақтың жүру-барысы:
Оқушылармен амандасу, олардың сабаққа қатысуын, оқу құралдарын тексеру, алдағы сабаққа қысқаша дайындық.
Үй тапсырмасын тексеру: Өткен сабақты сұрақтар беру арқылы еске түсіру.
-Өткен сабақтың тақырыбы қандай?
-Қандай әндер тыңдалды?
-Қандай ән үйрендік?
-«Жол жыры » әнінің композиторы кім?
-Ән айту ережелерін білеміз бе?
Әнді орындамас бұрын ән айту ережелерін еске түсіріп, қайталайық: «А», «Э», «Ы», «О» дыбыстарымен музыкалық жаттығулар жасаймыз.
Ән айтуға дайындық жаттығулары жасалады.
Өткен сабақта үйренген композиторы Ш.Қалдаяқовтың «Жол жыры» әні орындалады. Әннің сөзіне мән беріледі, орындау кезінде музыкасында қателіктер болса, түзетіледі, 2-3 рет орындалады.
Өткен сабақта өтілген қазақтың дәстүрлі ән айту мектептері еске түсіріледі. Сегіз серінің «Гауһартас» әні тыңдалады. Сегіз сері туралы әңгімелейді. Сол сияқты халық композиторлары А.Құнанбаевтың «Өлсем орным қара жер» әні тыңдалады. Әннің бір шумағын мұғалім оқып береді. Абайдың басқа әндері еске түсіріледі.
Әрі қарай батыс өңірлердегі ән мектебінің көрнекті өкілі М.Мералыұлы өмірімен шығармашылығын оқулықтан оқып, әңгімелеп танысады. Мұхиттың «Паңкөйлек» әні тыңдалады. Мұхит жөніде мұғалім қосымша ақпарат беріп әннің бір шумағын оқып береді.
Батыс қазақстандық дәстүрлі әншілік мектебін қазіргі кезге жеткізуші, әнші-композитор Ғ.Құрманғалиевтың «Ақ жайық» әні тыңдалды.
Өмірі мен шығармашылығы таныстырылады.
«Ақжайық бұйра толқын толған арнаң,
Жағаңда шыңдай терек, қалың орман.
Суың –бал, шөбің-шүйгін, аралың кең,
Жағаңда ерке өсті біздей балаң»
Арқаның әншілік өнерінің өкілі, халық композиторы Ақан сері Қорамсаұлы өмірі мен шығармашылығын оқушылар оқулықтан оқып, танысады, әңгімелейді.
Мұғалім қосымша ақпарат беріп композитордың өмірімен, әндерімен таныстырады, соның бірі «Қараторғай».
Тарихи деректерде: «Жастықтың көңіл-күйімен еркін өскен, серілік ғұмыр кешкен Ақан отыздан аса бере қат-қабат қайғыға ұшырайды: Сүйген жары Ұрқия қайтыс болады, қыран құсы Қараторғай өледі, қасқырға салған құшаланы жеп құмай тазысы Базарлы өледі. Сөйтіп жүргенде 1876 ж. жүйрік аты Құлагерден айырылады » деп айтылады. Ақан сері үшін осы қиындықтар ауыр қайғыға айналады. Бұған қоса пиғыл-ниеті бұзыла бастаған ел басшыларынан жәбір көрген ол өмірінің соңында қасына мылқау баласы Ыбанды алып Қоскөл жағасында жеке дара өмір сүрген. Қыран құсы қартайып тырнақтарынан айырылып бейшара күй кешкенде оны аяп:
«Бейшара, шырылдайсың жерге қонбай» деп әнге қосады.
«Қараторғай» әні тыңдалады.
Әннің сөзі: мультимедиялық экраннан көрсетіліп, оқушылар бірнеше рет оқып шығады. Ән сырнаймен мұғалімнің орындауында тыңдалып, музыкасы үйретілді.
Экран арқылы оқушыларға сабақты бекіту сұрақтары беріледі:
1.Сабақта қандай шығармалар тыңдалды?
2.Ақан сері кім?
3. «Қараторғай » әні қалай шығарылған?
Сұрақтарға берілген жауаптарды мұғалім толықтырып, сабақ бекітіледі.
Үй тапсырмасы:
-Сабақта өтілген халық композиторлары туралы айтып беру.
-Ақан серінің «Қараторғай» әнінің шығуы туралы айтып беру.
-«Қараторғай» әнінің сөзін жатқа айту.
Сабаққа қатынасуына қарай оқушыларды мадақтау және бағалау.
Достарыңызбен бөлісу: |