Ақмола облысы Целиноград ауданы
№3 Талапкер орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі
Кайкенова Асемгуль Аманкелдіқызы
I.Сабақтың тақырыбы: Әлемнің Әуезовы
II. Сабақтың білімдік аспектісі: Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар
Әуезовтың сан қырлы шығармашылығы
жайлы, «Әуезов әлемі» атты хронологиялық
кесте негізінде терең мағлұмат беру-
бүгінгі күннің негізгі талабы.
Сабақтың дамытушылық мақсаты: «Асқар таудай алыбым-Мұхтар ағам»,
«Көркем сөздің алыбы», «Мұхтар Әуезов
және Абай жолы», «Ұлылардың үндестігі»,
«Өнер өрінде», «Өлмейтін өмір»деген
елеулі тақырыптар негізінде «Әлемнің
Әуезовы»екендігін дәлелдей отырып,
білімдерін, дүниетанымдарын дамыту.
Сабақтың тәрбиелік мақсаты: «Қазақтың екінші Абайы»,- деп бағаланған
Мұхтар Әуезовтың сөз саптау ерекшелігін,
зерделігі мен ұлылығын үлгі ете отырып,
оқушылардың өз ойын еркін айтуға,М.Әуезов-
тың шығармаларының тілі», «Абай жолы»
эпопеясының жеті қыры тақырыбы бойынша
шығармашылық жұмыстармен айналысуға
тәрбиелеу.
III. Сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер:
1. Баяндау әдісі
2. Әңгіме әдісі
Көрнекілік әдісі
Жаттықтыру әдісі
Іздестіру әдісі.
IY. Сабақта қолданылатын көрнекіліктер:
«Әлемнің Әуезовы» атты сюжетті стенд
«Әуезов әлемі» атты хронологиялық кесте
Техникалық құралдар
«Еңлік-Кебек» пьесасына безендірілген сахна
«Домино», «Алтын сандық» ойындары.
Жаңа сабақ.
Б.Имашев «Ұлы ұстазға» өлеңі.
Тұлғасынан шұғыла нұр тараған,
Асқар таудай алыбым -Мұхтар ағам.
Абай жанын түсінген, Абай ғана,
Онан соң сіз шығарсыз ұққан адам.
Еңбегің мол қазына алтын басың,
Бас иіп құрметтейді халқың да шын.
Әлемге шеберлікпен сомдап бердің,
Абайдың баға жетпес нар тұлғасын.
Есімің таудан асып,көкке жетсе,
Халқыңызды сүйдіңіз өкпелетпей.
Партиядан «Қорғансыздың күнін»көріп,
Таланып қалдыңыз да «Көксерекке».
Кімдер ұстап құшақтапты арман-бақты,
Соңыңыздан мөлдіреп бұлақ ақты.
Халқыңыздай биіксіз пір тұтатын,
Ұлтыңыздай ұстазсыз ұлағатты.
1.«Асқар таудай алыбым-Мұхтар ағам» тақырыбына байланысты жұмыстар.
-М.Әуезовтың өмірі жайлы шағын деректер.
-Слайдпен жұмыс.
а) Мұхтар Омарханұлы Әуезов сол кездегі Семей облысы, Шыңғыстау етегінде Абай ауылынан 12 шақырымдай Бөрлі ауылында 1897 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келген. Әкесі Омархан, атасы Әуез екеуі де хат танитын сауатты, бала тәрбиесіне салғырт қарамайтын салиқалы адамдар. М.Әуезовтың балауса шағы жайлы Ахмет Әуезов «Бала Мұхтар» еңбегінде атасы жайлы жақсы естелік айтады. Әуез Бердіұлы (1830-1917) Абайдың замандасы, өзінің қарындасы Нұрғанымды Құнанабай алған, сондықтан құдандалы болған. Ауылға сыйлы, немересі Мұхтардың нағыз азамат болып өсуіне бағыт-бағдар беріп, Абай жырларымен тәрбиелеп өсірген және ауылға келген ақын-жыршылардың әндерін тыңдатып, өз тарапынан сол кездегі қисса-дастандарды жинап оқытқан. Абай Әуезді «Әуке аға», кейде «Үлкен Қожа» деп атаған. Тіпті Әуез айтқан деген мынандай қағидалы сөз қалған. «Кісі болар баланың кісіменен ісі бар. Кісі болмас баланың кісіменен несі бар».
ә)Мұхтар арабша «таңдаулы» деген мағынаны білдіреді. Мұнда М.Әуезовке берген З.Қабдоловтың бағасы, ақын М.Әлімбаев «Кемеңгердің көлеңкесі де ыстық»,- деп ерекше баға берген.
б)Мұхтар Әуезов жолдастарының арасында, мұнда-Мұхтар Әуезовтың жұбайы Камила Мағауияқызы және қызы Райхан.
в)Мұхтар Әуезовтың атасы мен әкесі өлгеннен кейін сол әулеттің үлкені боп ағасы Разақ қалады. Мұнда ағасы Разақ оның әйелі Алила.
г)Мұхтар Әуезовтың әйелі Валентина Николаевна немересі Ельдар. д)М.Әуезовтың күйеу баласы Әмен Әзиев-жазушы. Разақтың қызы Гүлнәр Разақова-дәрігер. Бұл екеуі М.Әуезовтың өмірі жайлы естелік жазады, ол «Лик гения» деп аталады. Ұлы Мұрат Әуезов. Қызы Лейла Әуезова (1929-1993) тарихшы-ғалым. 1963 жылдан өмірінің ақырына дейін М.Әуезовтың әдеби-мемориалды мұражайының меңгерушісі болған. Бұл мұражай 1963 жылы М.Әуезов 10 жыл бойы тұрған үйінде ашылды. Мұражайдағы экспонаттар 11-залға орналастырылған.
ж)М.Әуезов жұмыс орны.
з)М.Әуезовтың ертеректе шыққан газет-журналға, жазушының мұражайдағы қолжазба деректерге сүйенсек 11 бүркеншек аты болған. Оны мына диаграммадан көруге болады т.б. мәліметтер.
2.Көркем сөз алыбы.
Ұлы жазушының көркем мұрасы біздің ғана емес, бүкіл адамзат мәдениетінің де жетістігі. Тұңғыш жарық көрген тырнақалды туындысы «Адамдықтың негізі-әйел» деген көсемсөзінде автор әйел азаттығы туралы мәселені көтеріп, осы шығарма негізінде мынандай нақыл сөз қалдырған. «Қазақ мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе. Оны түзейін десең, әйелдің халін түзе!»- деген ойлы тұжырым жасайды.
М.Әуезов 30-40 жылдары бір топ әңгімелер жазды. Жаңа ауыл өмірі, ондағы халықтың еңбегі мен колхоз тұрмысын суреттеуге арнап «Бүркітші», «Шатқалаң», «Білекке-білек», «Іздер» әңгімесі, сол замандағы қазақ қыздарының тағдырлары жайлы «Қаралы сұлу», «Үйлену» әңгімелерін, сөзбен салынған ғажайып табиғат сұлулығын «Қыр суреттері» әңгімесін айтуға болады.
«Жетім» әңгімесінен үзінді.
«Оқыған азамат» әңгімесінің мазмұны.
Қазақ халқының «Қилы заман» керісінше 50-60 жылдары қазақ даласындағы өркендеу дәуіріне «Өскен өркен» романын жазған.
М.Әуезов шығармаларының ішіндегі ерекше туындысы- «Қараш-қараш» повесі 1969 жылы «Қырғыз фильм» студиясы «Асуда атылған оқ» атты көркем фильм түсірсе, Францияда «Бақтығұлдың кегі» деген атпен жарияланған. Балалар әдебиетіне қосқан елеулі үлесі «Көксерек» повесін жазды. Бұл повесті жазуда екі түрлі себеп бар еді. Бала кезінде ағасы Ертіс бойындағы Керекуде «Аққасқа» деген сырттан ит бар екен деп естіп, Ағзам Мұхтарға қолқа салып, Керекуден екі тазы ит алдыртады. Екіншісі Валентина Николаевна бірде күнтізбе алып, М.Әуезовтың жазу үстелінің жанына іліп қояды, онда табиғат суреті, ит бейнесі бар еді. Осы екі нәрсе осы повесті жазуға жетелейді.
«Көксерек» повесінен үзінді оқу.
С.Жиенбаев «Мұхтар аға».
Ел болып түгел жабылып
Іздедік теңіз, асқардан
Бейнеңді сенің сағынып
Жасадық мәрмәр тастардан.
Мәз болып байтақ қыратың,
Ортада тұрсың гүл құшып
Барады сенің ұлы атың
Арғымақтармен бірге ұшып.
3. Өнер өрінде.
-М.Әуезов-қазақ драматургиясының қарлығашы, ұлттық театрдың тұңғыш режиссері. 20 жасында семинарияда оқып жүрген кезінде «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, 1917 жылы мамыр айында Ойқұдықта, Әйгерімнің кигіз үйінде қояды. Оған жүзге жуық көрермен жиналып, бір қызығы 50 тиыннан билет сатылып, барлығы 54 сом 50 тиын жиналып, сол ақша Құлжадағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға жөнелтілген екен. Жазушы атындағы академиялық драма театры 1926 жылы өз шымылдығын осы пьесамен ашқан.
«Еңлік-Кебек» пьесасынан көрініс.
Бұдан басқа жазушының «Бәйбіше-тоқал», «Қаракөз», «Айман-Шолпан», «Қарақыпшақты Қобыланды», «Түңгі сарын» атты пьесалары бар.
4.Ұлылар үндестігі.
-М.Әуезов-аударма шебері. Ол орыс драматургиясы мен Батыс Еуропаның мынандай шығармаларын шебер қазақшаға аударған. Олар: Н.В.Гогольдің «Ревизоры», И.С.Тургеневтің «Дворян ұясы» романын, Л.Толстойдың «Той тарқар» әңгімесін, Н.Погодиннің «Ақсүйектер» пьесасын, ағылшын драматургі В.Шекспирдің «Отелло», «Асауға тұсау» пьесаларын аударған. Аударма жасауда М.Әуезовтың сөздік қорының соншалықты бай екендігі жайлы орыс ақыны Константин Алтайский: «М.Әуезов сөздігін құрастырса, қазақ халқының ХХ ғасырдағы тіл байлығының айқын айғағы болар еді»,- деп жоғары бағалаған.
-М.Әуезов шығыс әдебиетінің дамуына да елеулі үлес қосқан қаламгер. Ол қырғыз халқының «Манас» эпосын зерттейді, Татар ақыны Мұса Жәлил өлеңдеріне әділ баға берсе, өзбек қаламгерлері Абдулла Қадырий, Ақсад Мұхтар, Пірімқұл Қадыров т.б. ақын-жазушылар жайлы ой-пікірлер жазады. «Индия очерктері» деген қолжазбасында көркем табиғатын, ұлттық дәстүрі мен әдебиетін талдап, тілін зерттеп, Индияның ұлы ақыны Рабиндранат Тагор шығармаларын ерекше бағалаған. Осы дәлелдерді негізге ала отырып, қазақ әдебиеті, орыс әдебиеті және шығыс әдебиеттерімен үндесіп жатқанының айғағы іспеттес.
-Т.Айбергенов «Мұхтарға» өлеңі.
5.М.Әуезов және «Абай жолы» эпопеясы.
-Ұлы ақын шығармаларын зерттеуде 20 жылдары Ленинград университетінде оқып жүрген кезінде-ақ қолға алған. Жас ғалым 1922-25 жылдары Ташкент, Семейдегі оқу орындарында «Абай» мұрасынан дәріс оқып, «Таң» журналында ақын шығармаларын жариялаған. «Абай жолы»-М.Әуезовтың бас кітабы. 1942 жылы 1-ші кітабы , 1947 жылы 2-ші кітабы жарық көрді. Бұл роман жалпы 12 тарауды қамтиды. Бұл романды орыс жазушысы Константин Федин, француз жазушысы Луи Арагон: «Абай жолы» эпопеясы ХХ ғасырдың ең үздік шығармаларының бірі, әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарма табу қиын» деп жоғары бағалайды.
-«Абай жолы» эпопеясыныцң жеті қыры (шығармашылық жұмыс).
«Абай жолы» эпопеясынан эвристикалық көрініс.
«Абай жолынан» «Тоғжан» монологы.
«Абай жолы» эпопеясы бойынша білімдерін тиянақтау мақсатында «Алтын сандық» ойыны.
Ұлы кемеңгердің кемел ойлары.
-Жазушы Нысанбек Төреқұл «Ағадан ақыл» деген естелігінде М.Әуезовтің қанатты сөздерін зерттеп жүргендігін айтып, «Абай жолынан»-600, басқа шығармаларынан барлығы 1000-дай жинағанын айтады. Солардың кейбіреулері: «Жауға жалынба, досқа тарылма», «Бесіксіз үйде береке жоқ», «Дүниедегі жақсылық күннің нұры мен ананың сүтімен адам бойына сіңеді» т.б. Қалған қағида сөздерін өзіміз тауып көрейік.
1.Ас тасыса қатығы төгілер,
Ашу тасыса ақылы төгілер.
Адамды көріктендіретін-ақыл.
2.Берекені көктен тілеме, еткен еңбегіңнен тіле.
3.Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар.Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек.
-Бұлардан басқа:
А) Үгітті ұққанға, ақылды жаққанға айту керек.
Ә) Іздесең табасың, алыссаң аласың. Мақсатқа жету үшін қайтпас қайсарлық, асқан төзімділік, таудай талап пен табандылық керек.
Б) Тумай жатып талдым деме, болмай жатып болдым деме.
В) Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу,өмірге ғашық болып өседі.
Г) Еккенің тікен болса, орғаның балауса болмас т.б.
- «М.Әуезов шығармаларының көркемдік тілі» тақырыбына шығармашылық жұмыс.
-Сабақты бекіту:
-«Ой топтастыру» стратегиясы: «Мен таныған Мұхтар Әуезов».
- Сабақты қорыту:Құрметті оқушылар! Қазіргі уақытқа дейін жазушының 90-нан астам көркем шығармалары, 20-ға жуық аударма, 200-дей мақалалары мен зерттеулері бар. Осындай мұрасы бай, әр салаға қалам тартқан заңғар жазушы, жеті қырлы бір сырлы тұлғаны бірауыздан «Әлемнің Әуезовы» деп бағалауымызға болады.
- Ш.Қалдаяқовтың әні: Ән аға
Үйге тапсырма:
1.М.Әуезов шығармашылығы мен шығармаларын толықтыру.
2. «Асқар таудай алыбым-Мұхтар ағам» тақырыбына эссе жазу.
Достарыңызбен бөлісу: |