Семинар және практикалық сабақтардың алатын орны бөлеев қ., Абдрасилов а



Дата25.08.2017
өлшемі123,99 Kb.
#27192
түріСеминар
ӘОЖ 371

БОЛАШАҚ МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ТАНЫМДЫҚ ІЗДЕНІМПАЗДЫҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДА СЕМИНАР ЖӘНЕ ПРАКТИКАЛЫҚ САБАҚТАРДЫҢ АЛАТЫН ОРНЫ

БӨЛЕЕВ Қ., АБДРАСИЛОВ А.

ТАРАЗ ИННОВАЦИЯЛЫҚ-ГУМАНИТАРЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ,

ТАРАЗ Қ.


ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада болашақ мұғалімдердің танымдық ізденімпаздығын қалыптастыруда семинар және практикалық сабақтардың алатын орны, оларды оқыту үрдісінде маңызы мен пайдалану мәселелері қарастырылған.

РЕЗЮМЕ

В статье рассматривается место, значение и использование семинарских и практических занятий в формировании познавательных способностей будущих учителей.

Жалпы орта мектеп оқушылары мен студенттердің танымдық ізденімпаздығын қалыптастыру мәселесі туралы жазылған еңбектер баршылық. Осы орайда С.И.Архангельский, П.И.Пидкасистый, Н.А.Половникова, Т.И.Шамова, Г.А.Кулагина, Б.П.Есипов, А.Е.Әбілқасымова, Т.С.Сабыров, С.С.Смайлов және т.б. зерттеулерін ерекше атап өтуге болады. Зерттеулерде оқу-танымдық әрекетті арттыруға әсер ететін оқу үрдісінің кейбір жеке факторлары, құралдары, әдістері және формалары туралы құнды материал беріліп, ой-пікірлер айтылады.



Жоғары педагогикалық оқу орындарында оқу жұмысын ұйымдастырудың семинарлық және практикалық сабақ формалары кең орын алады.

Оқытудың семинарлық формасы тарихи тамырын тереңнен, ежелгі грек және рим мектептерінен алады. Ол XVII ғасырдан бастап Батыс Еуропа университеттерінде, XIX ғасырдан бастап орыс университет-терінде қолданыла бастады.

Семинар сабақтары практикалық сипат алып, студенттердің пәндік мен ғылыми-зерттеу әдістемесін игеруіне әсер етті. Сондай-ақ қазіргі кезде студенттердің белсенділігі, танымдық ізденімпаздығын дамыту мақсатында семинар сабақтарының көптеген түрлері пайда болды.

Семинар – болашақ мұғалімдердің теориялық алған білімдерін практикалық тұрғыда қолдану мақсатында өткізілетін сабақ түрі.

А.М.Матюшкиннің пікірінше, семинар сабақтары оқу жағдайында студенттердің кәсіби шығармашылық әрекетін, танымдық мотиві мен білімін кәсіптік тұрғыда қолдана білуге бағытталуға тиіс [1]. Студенттер баяндамашы, оппонент ролінде мәселе, міндеттерді шешуде біліктілігі мен дағдысы арқылы дәлелдеме келтіруге, өз көзқарасында тұруға, теориялық дайындық деңгейін көрсетуге үйренуі керек. Басқа да жеке мақсаттар мен міңдеттер, яғни оқытушының семинар сабақтарының алдына қойған міңдеті: қайталау, бекіту, бақылау-негізгі мақсатқа бағытталуы тиіс. Семинар сабақтары оқытушының басшылық ролі негізінде болашақ маманның өзіндік ізденімпаздығын дамыту тұрғысындағы оқытудың тиімді формасы болып табылады. Семинар барлық оқу үрдістерімен, әсіресе лекциямен және студенттердің өзіндік жұмыстарымен байланысты. Сондықтан семинар сабақтарының мән-мазмұны лекцияның сапасы мен студенттердің өзіндік дайындығына негізделеді.

Оқу пәндері бойынша семинар сабақтары оқытушының ұйымдасты-рып, бағыттауы арқылы пікірталас түрінде өтеді. Семинарда оқу бағдарламасының маңызды тараулары мен тақырыптары талданады. Сондай-ақ, студенттердің дайындаған бағдарламалары мен рефераттары талқыланады. Реферат тақырыптарын оқытушы студенттердің дайындық деңгейі мен ізденімпаздық ерекшеліктеріне қарай дайындайды. Кейде студенттердің өздерін қызықтыратын тақырыптарын таңдауға мүмкіндік беріледі.

Жоғары педагогикалық оқу орындарында арнайы семинарларкең тараған. Бұл - лекция тақырыбына байланыссыз зерттеу негізіндегі, болашақ маманға қажетті, жеке ғылыми-практикалық мәселеге бағытталған, терең білім алу мақсатындағы семинар түрі. Арнайы семинар тәжірибелі маманның басқаруымен өтіп, ғыдыми сипатқа ие болады. Ол студенттердің бірігіп жұмыс істеуіне, ұжымдық ой-өріске, шығармашылыққа үйретіп, танымдық және кәсіби мотивтерін қалыптастырады.

Семинар сабақтарына кәсіби дайындықты анықтайтын, күрделі және қиын игерілетін тақырыптар алынады. Бұл тақырыптарды тек қана жеке жағдайда емес (студенттердің "кезекпен" жауап беруі, дайындығы жақсы студенттердің жауабы), керісінше әр студенттің белсенді қатысуын қамтамасыз ететін ұжымдық жұмыс. Семинар сабақтарының пәндік мазмұнымен қатар, оның дидактикалық талдауын жүзеге асыру қажет, яғни проблемалық сипатта пікірталас, талдау, білімін шығармашылық сипатта қолданудың әдістемелік негіздегі формасын табу.

Семинар-пікірталас- студенттердің өзіндік жұмыстарының белсенді ұжымдық формасы, сондай-ақ болашақ мұғалім тұлғасын қалыптастырудағы оқу-практикалық сабақтардың маңызды түрі. Семинар сабақтарының бұл түрі студенттердің өзіндік жұмысын шығармашылыққа бағыттап, ұжымдық ақыл-ой әрекетін ізденіске ұмтылдырады.

Семинар-пікірталас қалыптасушылардың диалогтік сөйлесуі ретінде ұйымдастырылып, нәтижесінде талдаудың практикалық тәжірибесі, болашақ маманның теориялық-практикалық ойы қалыптасып, теориялық мәселелер шешіледі.

Семинар сабақтарының ұжымдық теориялық формасы ретіңдегі ерекшелігі - теориялық бағыт бойынша әр студенттің талдауға белсенді қатысуына, сонымен қатар мәселені шешу жолдарын көрсетуге, оны дұрыстығы мен дәлелдемесін бағалауға мүмкіндіктің болуы. Пікірталаста ғылыми ұжымның мүшесі пәндік және әлеуметтік қатынастар моделі ретінде, студент баяндамасында өз ойларын анық айтып, көзқарасын дәлелдеуге, курстастарының қателігін түзетуге үйренуі тиіс. Мұндай жұмыста студент өз әрекетін мақсатқа бағыттап, жоғары белсенділік деңгейін көрсетеді [2].

Жоғары оқу орны семинар-пікірталасының ерекшелігі - студенттер шешімін тапқан ғылыми мәселелерді талқылайды. Талқылау нәтижесінде лекцияда оқылған теориялық материалды практикалық тұрғыда игереді.

Семинар-пікірталас мынадай кезеңдерден тұрады:

1. Пікірталасқа оқытушы мен студенттің дайындығы:

а) оқытушының пікірталас тақырыбымен танысуы; семинарды өткізу әдістемесін жасауы; баяндамалар мен оппоненттерді таңдау; пікірталас нәтижелері бойынша кіріспе сөз бен қорытындыға дайындалу; материалдарды іріктеу; пікірталас мерзімін белгілеу; студенттерге көмек көрсету:

ә) студенттерге пікірталас сұрақтарын бөліп беру;

б) кеңес беру, студенттермен жеке әңгіме;

в) бақылау;

г) студенттерді пікірталас өткізу әдістемесімен таныстыру.

  1. Барлық студенттердің пікірталасқа уақытында және сапалы дайындалуы: лекция және оқулық материалдарын оқу; ұсынылған әдебиеттермен жұмыс, фактілер, және т.б. жинау.

  2. Пікірталас өткізу барысында оқытушы мен студенттердің жұмысы: пікірталас жүргізушінің кіріспе сөзі (оқытушы немесе студент), сабақтың тақырыбы мен мақсаты айтылып, оны өткізу тәртібі мен басқа ұйымдастыру сұрақтары талданады.

4. Пікірталастың қорытынды кезеңі: баяндамашы тақырып бойынша қысқаша мазмұнын айтады, пікірталас мазмұны бойынша жүргізуші қорытынды жасайды, оппоненттер баяндамашыға сыни пікір айтады және баға береді.

Семинар-пікірталастың мынадай маңызды жақтары бар:

- студенттің белсенділігі мен танымдық ізденімпаздығын арттырады;

  • ұжымдық ой-пікірлер қалыптасып, топ мүшелерінің пікірлері бойынша ортақ тұжырым жасауға үйренеді;

  • әрбір студенттің ортақ іске өз үлесін қосуы;

  • оқытушы мен студенттердің қарым-қатынасына жағымды әсер етіп, ортақ сенім қалыптастырады;

- сұрақтарды, мәселелерді терең талдауға үйренеді;

- кітаппен жұмыс, практикалық тәжірибе, педагогикалық әдебиеттер, баспа материалдарымен жұмыс істеу біліктерін қалыптастырады;

  • студент өз ойын еркін айтуға, сөз мәдениетіне үйретеді;

  • оқу міндеттерін тиімді шешу мүмкіндігін тудырады.

Семинар-пікірталаста студентке жүргізуші рөлі берілсе, ол оқытушыдан пікірталасты ұйымдастыру міндетін алын, студенттердің біріне баяндама дайындауға тапсырма береді, талдау барысын бақылайды, түсініктер мен терминдерді қолдануын қадағалайды және т.б.

Оппонент немесе рецензент ғылыми баяндамаға пікір айтады. Ол тек қана баяндамашының негізгі бағытын ғана айтып қоймай, оның қате тұстарын көрсетіп, оны шешудегі өз ұсынысын айтады.

Логик баяндамашы мен опоненттің талдауларының логикалық қателіктерін тауып, ұғымның анықтамасын келтіріп, дәлелдемелер мен гипотезаларын талдайды.

Психолог семинар-пікірталас кезіндегі студенттердің өзара әрекеті мен қарым-қатынасын, біріккен әрекеттегі кемшілігіне жауап береді. Асығыс айтылған ойларға байланысты туындайтын дауды болдырмайды, оны әзілге айналдыру, диалогты өткізу ережелерін қадағалап отырады.

Эксперт пікірталастың нәтижесін бағалайды, ұсынылған гипотеза мен ұсыныстардың дұрыстығын, жасалған тұжырымдардың дәлелділігін тексереді. Жалпы пікірталастың өтуіне сипаттама береді.

Пікірталасқа қатысушы басқа студенттер оның жүргізілуін қадағалап, баяндамашы, оппонент, рецензентке сұрақтар қойып, пікірталастың кез-келген кезеңіне белсенді қатысып, толықтырып, өз ойларын айтады немесе студенттердің көпшілігін қамту үшін 2 оппонент, 2 логик және т.б. екеуден алуға болады.

Әрине, негізгі рөлді оқытушы атқарады. Ол пікірталасқа студенттердің белсенді қатысуына мүмкіндік жасайтын дайындық жұмыстарын ұйымдастыруы керек. Оқытушы семинарда қаралатын мәселені анықтап, баяндамашыға негізгі және қосымша әдебиеттерді іріктейді, ұжымдық жұмыстағы студенттердің міндеттерін, рөлдерін бөліп беріп, пікірталасқа жалпы қорытынды жасайды.

Пән сабақтарында практикалық сабақтар - оқытушылардың студенттермен қарым-қатынасының неғұрлым белсенді нысаны. Практикалық сабақ - алған білім мен дағдыны меңгеру мақсатын көздейді. Онда өткен материалдарды екі рет ойға түсіру арқылы есте қалдыру амалдары қарастырылады. Мұндай сабақтар, әсіресе әр пәннің ережелерін, теорияларын немесе күрделі теориялық мәселелерін іс жүзінде пайдалана білуге байланысты жиі өткізіледі [3].

Практикалық сабақтар оқытушы үшін студенттермен тікелей және жақын қарым-қатынас жасауға, олардың таным әрекеттерінің белсенділігін арттыруға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, студенттермен жекелеп жұмыс істеуге, техникалық құралдар пайдалануға мүмкіндік және қолайлы жағдайлар тудырады.

Оқу пәнінің немесе жеке тақырыптардың ерекшеліктеріне қарай, практикалық сабақтарда түрлі жаттығу амалдары қолданылады. Мысалы, тілден грамматикалық түрлі ережелерге сәйкес жазбаша және ауызша жаттығу, не талдау жұмыстары жүргізілсе, сызу пәнінен графикалық, ал физика мен химиядан лабораториялық-эксперименттік тәжірибелер жасалады. Практикалық сабақта білім, іскерлік және дағдыны пысықтау мақсаты көзделеді.

Проблемалық оқыту ұстанымын іске асыру практикалық сабақтарда проблемалық жағдайды жүйелі түрде жасауды, мәселелерді шешуді, студенттерді ең басты нерсені ажырата білуге, болжамдарды тұжырымдай білуге, оларды шеше білуге, өз бетінше ізденіп білім алуға үйретуді көздейді.

Практикалық сабақтар кезінде оқытушылар алдына негізінен екі мақсат қояды:

- белгілі ғылым зандылықтары жөнінде студенттерге нақты білім беру;

- үрдістер мен құбылыстарды өзбетімен және ғылыми көзқарас тұрғысынан зерттей білу. Ұсынылатын әрбір жаттығу студенттерге білім берудің және кәсіптік бағдарланудың ең жоғары деңгейіне жетуге ықпал ету ұстанымына негізделуі керек.

Аталған тапсырмаларды құрастыруда төмендегі қағидаларға сүйенеді:

- студенттердің танымдық жене практикалық тапсырмаларды орындаудағы өз бетімен жұмыс істеу деңгейінің түрліше болуына сәйкес, тапсырмалардың күрделілігін біртіндеп өсіру;

- тапсырмалар студенттердің білімдері мен дағдыларын қайталап қана қоймай, оларды өз бетімен орындауға, шығармашылық тұрғыда шеше алуға икемдеуі қажет;

- өзіндік жұмыс тапсырмалары дамыту сипатында құрастырылған болса, онда студенттердің дербестігі мен шығармашылық белсенділіктері арта түседі.

Болашақ мұғалімдердің танымдық ізденімпаздығын дамытуда іскерлік ойыны нысанында өткізілген практикалық сабақтардың маңызы зор [4].

Іскерлік ойыны - кейбір педагогикалық жағдайдың, сабақ фрагментінің модельденген түрі. Ол сабақтың практикалық бағытын күшейту, оны болашақ мұғалімнің кәсіби әрекетіне неғұрлым жақындату мақсатын көздейді. Іскерлік ойыны, әдеттегідей, алдын-ала дайындалынады: сценарий құрылады, мақсаты көрсетіледі, рольдер бөлініп беріліп, оған кеңес беріледі, құрал-жабдықтар, көрнекіліктер әзірленеді.

Осындай сабақ түрінде әр студент оқытушы рөлінде болып көрінеді, бұл педагогакалық практикаға дайыңдау барысында әдістемелік біліктерін қалыптастыруда, өз сабақтарын талдай білуге үйретеді.

Іскерлік ойынды талқылау шығармашылық қабілетін, ізденімпаздығын, белсенділігі мен дербестігін дамытуға әсер етеді. Оқу пікірталасын өткізгенде студенттерді сөз мәдениетіне, дәлелдемелер келтіруге, шыншылдыққа үйрету қажет. Пікірталас соңында оқытушы қорытынды жасап, студент жұмысын бағалайды. Ойынды бекіту ретінде "Педагогикалық шабуыл" ойыны ойналады. Оның маңыздылығы студенттердің өз жолдастарына сұрақ қоя білуінде, ал бұл оқу материалын толық білуді талап етеді [5].

Ойын үрдісінде - топ екіге бөлінеді, капитандары мен хатшы тағайындалады. Капитан сұрақтар мен жауаптарын тексеріп, әр студенттің қатысуын қадағалап отырады. Хатшы студенттердің белсенділігін есепке алады.

Ойын барысында командалар берілген тақырып бойынша бір-біріне сұрақ қояды. Сұраққа дайындыққа және жауапқа уақыт беріледі. Уақыт өткен соң, кезек келесі командаға келеді. Оқытушы сұрақтардың дұрыстығын тексеріп отырады. Ойын барысында мынадай жағдай туындауы мүмкін: егер командада үнемі 3-4 студент қана жауап беретін болса, ойын шартына өзгеріс енеді: әр студент 2 сұрақтан қойып, 2 сұраққа жауап беретін болады. Ойын соңында жеңіске жеткен команда анықталып, жеке бағалар қойылады.

Іскерлік ойындардың педагогикалық мәні мынада: студенттердің ойлау қабілетін арттыру, ізденімпаздығын дамыту, шығармашылыққа баулу, негізгісі - студенттерді кәсіптік практикалық әрекетке дайындау.

Сонымен, жоғары педагогикалық оқу орындарында болашақ мұғалімдердің танымдық ізденімпаздығын қалыптастыруда кезкелген оқу пәнін оқытуда семинарлық және практикалық сабақтарды кеңінен пайдалануға болады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Матюшкин А.М. Проблемные ситуации в мышлении и обучении. – М.: Знание, 1972. – 32 с.

  2. Әбілқасымова А.Е. Студенттердің өзіндік ізденімпаздығын
    қалыптастыру. - Алматы: Білім, 1994. - 192 б.


  3. Архангельский С.И. Учебный процесс в высшей школе, его закономерности, основы и методы. – М.: Высшая школа, 1988. – 140 с.

  4. Александров П.А. Основы дидактики высшей школы.–Уфа, 1978. –105 с.

  5. Смайлов С.С. Условия активизации познавательной деятельности студентов технического вуза. - Алматы, 1997. - 196 с.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет