Мүсіркеме
Сен мені мүсіркеме!
Аспан айырылып
Жер жарылып,
Табиғат
Тағы бір мінез танытып жатсада,
Тағдыр талқығы салып
Өмір өзен,
Кейінге қарай ақсада.
Соңғы сағатым соқсада,
Сен мені мүсіркеме.
Есіркеме!
Мінезім сол.
Қарсы жүрем дауылдарға.
Күзгі қара жауындарға.
Ей, досым,
Енді маған дауың бар ма?
Білетінім,
Мүсіркеулер бар жерде,
Бейшаралық басталған.
Ерік-жігер, ар-намыс,
Алысқа апарылып тасталған.
Ол маған керек дейсің бе,
Сен мені мүсіркеме.
Өмір-кеме
Мынау алыс сапарларда
Кеудемде ыстық қан,
Жаным барда
Қайта мен,
Дүниенің
Күл-қоқысынан шыға алмаған,
Бір күндік атақ үшін,
Әділеттің ақ жолын қия алмаған,
Адамдарды мүсіркеймін.
Ей, досым,
Сен мені мүсіркеме.
Есіркеме!
Ералхан Жылқыайдарұлы
12.01.2020 ж
Достарыңызбен бөлісу: |