Смарт-технология түрлерін айқындау, талдау



Дата25.04.2020
өлшемі20,92 Kb.
#64651
Байланысты:
Тасқынбай Маусымжан смарт-технология


Смарт-технология түрлерін айқындау, талдау.

Орындаған: Тасқынбай Маусымжан

ХХІ ғасыр – технология ғасыры болғандықтан, Қазақстан әлем бойынша ең жаңа деген оқу формаларын зерттеп, білім саласында үнемі жаңарту жасап келеді. Сұранысқа орай технология даму үстінде.

Қазіргі заманғы ақпараттық қоғам біртіндеп Смарт-қоғамға (Smart Society) қадам басып келеді. ЭЕМ мүмкіндіктерінің өте жылдам дамуы мен ақпараттық технологиялардың барлық салаларда кеңінен қолданылуымен ерекшеленеді. Бұның нәтижесінде компьютерлерді қолдауға қатысты мәселелерге көзқарастар түбегейлі өзгерістерге ұшырауда. Осы жағдайлар оқу үрдістеріне де қатысты болып, білім берудің классикалық принциптерінен бас тартпай білім беру жолдары мен әдістерін сапалы өзгерту мүмкіндіктерін туғызады.

Технологияның қарқынды дамуы біздің сөздік қорымызға жаңа ұғымдарды енгізді. Солардың қатарында үлкен де, кіші де жиі қолданатын Смартфон, (Smart-Phone), Smart теледидар (Smart-TV) т.б. атауға болады. Сонымен «Smart» дегеніміз не? Smart ағылшын тілінен аударғанда «ақылды» деген мағынаны білдіреді. Ал технологиялық сипатта да осы мағынада жұмсалады. Яғни, ақылды технология, ақылды техника, пайдалануға ыңғайлы, мейлінше ықшам, көп функциялы құрылғыларды атаймыз. Ал педагогикалық үдеріс тұрғысынан қарастыратын болсақ, оқытудың бұл түрі электронды оқыту, мобильді оқыту, кез келген жерде, кез келген ортада оқыту деген мағынада жұмсалады.

Smart оқыту – оқытудың жаңа түрі, қарқынды дамып келе жатқан бірегей үдеріс. Бұл әлеуметтік желілер арқылы білім алу, алмасу, жеке тұлғалық ерекшеліктерді ескере отырып оқыту қызметі, оқушыға бағытталған, бағдарланған, орталықтандырылған оқыту ортасы, ең соңында Smart құрылғыларды пайдалана отырып оқыту деген тұжырымдарды қамтиды. Aлдымен Smart, технология ретінде танылып дамыды. Біз ең бірінші, мобильді құрылғы мен Smart технологияның ара жігін ашып алайық.

Моbile – ағылшын сөзі «қозғалмалы», «икемді» деген мағынан береді. Мәселен, бұл сөз автомобиль, аэромобиль, мобильді телефон деген сөздерде жиі кездеседі. Сонымен мобиль – адам әрекетін жеделдететін, қандай да бір затқа шапшаң қол жеткізуге мүмкіндік беретін құрылғы. Қазір біз өмірімізді осы мобильдік құрылғыларсыз мүлдем елестете алмаймыз. Ақпараттың мобильдік құрылғылар арқылы дамуы ақпараттық ортаның қарқынды дамуына, сол арқылы мобильдік құрылғыны пайдаланушылар санының бірнеше есе артуына алып келді. Соған байланысты интернет дамыды, сымсыз интернет пайда болды, осыған орай мобильдік құрылғының қосымшаларын үлкен қарқынмен дамытып отырған әлемдік нарық қалыптасты.

Smart оқыту ортасын қалыптастыруда назар аударатын бірқатар ұғымдар бар. Ең алдымен, Smart learning – ақылды оқыту, Кибер білім алу – онлайн тәртібінде білім алу түрі, танымал құрылғы – ультрабук, яғни ноутбуктің жетілген түрі, салмағы 900 грамм, контент – ақпараттық ресурсты немесе веб-сайтты кез келген маңызды мазмұнмен толықтыру. Контент мәтін, мультимедия, графика болуы мүмкін, клауд компьютинг-қолданушыларға интернет сервисі ретінде ұсынылатын мәліметтерді өңдеу технологиясы Smart жұмыс – АКТ көмегімен уақытқа, кеңістікке шектелмей, ыңғайлы жұмыс істеу.

Біліктілік арттыру – «өмір бойы білім алу» идеясының негізгі тетігі, тиімді жүйесі. Адамның өмір бойы білім алуы міндетті түрде жоғарғы оқу орнын тәмамдап, диплом алу емес, өмір бойында біліктілік арттыру арқылы өзін-өзі жетілдіріп отыруы, тұлғалық қажеттіліктеріне сәйкес білім алуы. Бүгінгі күні біліктілік арттыру жүйесінде қашықтықтан біліктілік арттыру аса өзекті. Себебі бұл маманның негізгі жұмысынан қол үзбей-ақ білімін жетілдіруіне мүмкіндік береді. Қашықтықтан оқытуды кеңінен алып қарастыратын болсақ, оның негізінде ХХІ ғасырдың жаңа парадигмасы, басымдығы ретінде танылған Smart education жатыр. Сол себепті де біздің бүгінгі әңгіме өзегі – Smart education. Smart технологиясын біліктілік арттыру жүйесінде қолданудың қандай мүмкіндіктері бар деп ойлайсыздар? Біздіңше, біліктілік арттыру жүйесінде Smart технологиясын қолданудың алғашқы қадамдары жасалған. Қазіргі уақытта біліктілік арттыруда күндізгі оқытумен қатар қашықтықтан оқыту түрі тиімді қолданылып жүр. Бұл дегеніңіз педагог маманның оқу-тәрбие үдерісінен, отбасынан қол үзбей, білімін жетілдіруіне мүмкіндік береді. Мектептердің шағын жинақты екенін, ондағы мамандардың санаулы ғана әрі педагог мамандардың басым көпшілігі әйел қауымынан екендігін ескерсек, оқытудың бұл түрінің мейлінше тиімділігіне көз жеткізе түсеміз. Осы қашықтықтан оқытуда берілетін дәрістерге байланысты бірқатар ұсыныстар енгізуге болады. Курс төрт модульден тұрса, соның ішінде нормативтік, психологиялық-педагогикалық, технологиялық модульдердегі берілетін дәрістердің бірнеше альтернативтерін ұсыну жүйесін жасауға болады, мұғалім дәрістердің ішінен өзіне ыңғайлысын, ұнағанын таңдап алып орындайды. Бұл әрі оқытушылардың арасында бәсекелестікті қалыптастырады, әрі оқу сапасының артуына әкеледі. Сол арқылы оқытушылардың рейтингісін қалыптастыруға болады. Тағы да бір ұсыныс ретінде Smart технологиясы арқылы мектеп кітапханашыларының аудандық желілік байланысын құруға болады. Сол арқылы оқырмандар конференциясын, басылымдардағы соңғы жаңалықтарды, оқырмандардың талап-тілектері мен пікірлерін жинақтауға мүмкіндік зор. Мұғалімнің құзыретін кеңейту мақсатында білім жүйесіндегі өзгерістерді қамтитын курстардың базасы болу керек. Мұғалім жылына бір рет міндетті түрде сол курстардан өтіп, біліктілігін арттырып, сертификат алса, бұл сертификаттардың мұғалімнің осы оқу жылында жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін құзыреті болады. Бұл – заңнамалық жағынан қолдауды қажет ететін маңызды мәселе. Әр оқу жылы басталған сайын мұғалімнің дайындығын осылайша анықтауға мүмкіндік.

Жалпы Smart оқыту білім жүйесіндегі сонғы технология болғандықтан, оның мүмкіндіктерін әлі де тереңдеп зерттеуді қажет етеді. Smart құрылғыларды өздігінен қалайша басқарып үйренуге болады? Қандай тиімді жолдарын ұсынар едіңіздер? Smart құрылғыларды өздігінен басқарып үйрену өте жеңіл. Ең алдымен қолданушыларға айтар кеңесім еш қорқынышсыз қандай да бір кедергілерге қарамастан, техникалық құрылғыларды пайдалана беру керек. Себебі қазіргі техникалық құрылғылар адамның тәжірибесінің болу-болмауына қарамастан, сезім деңгейінде пайдаланып, керегіңізді ала білуіңізге мүмкіндік береді. Бұл құрылғыларды құрастырушылар адамның пайдалануын мейлінше жеңілдетуді қарастырған. Құрылғы пайдалануға ыңғайлы әрі жеңіл болған сайын оны пайдаланушылардың да саны арта түседі. Қазіргі уақытта өзіміз күнделікті қолданып жүрген смартфон, планшетті компьютерлер, нетбуктер, электронды кітаптар, смартбуктер және тағы да басқа құрылғыларға арналған операциялық жүйенің негізгі әзірлеушілері Android System-ді Google, iOS-ті Apple және Windows Mobile операциялық жүйесіндегі Microsoft болып табылады. Бұл операциялық жүйелердің барлығының да өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтары бар. Осылардың ішінде ең танымалы Android болып табылады. Android платформасы түрлі өндірушілердің көптеген құрылымдарына орнатылған. Android-тің операциялық жүйесін Samsung, LG, Lenovo, Acer өнімдерінің барлығынан да байқауға болады, ал iOS тек қана Apple компанияларының өнімдерінде ғана кездеседі. Сондықтан да өте аз таралған Windows Mobile тек Nokia смартфондарында ғана болады. Қандай құрылғыны алсаңыз да, желілік технологиялар әлемінде интернетсіз, желілерсіз Сіздің құрылғыңыз көңіліңізден шығатынына күмәнім бар. Сіздің смартфоныңыз, планшетіңіз ең алдымен, шапшаң ақпарат жеткізу, алу, тарату көзі. Сондықтан да сіз оның барлық мүмкіндіктерін тек интернетке қосылу арқылы ғана бағалап, пайдалылығына көз жеткізе аласыз. Бұл құрылғылардың артықшылығы сонда – Сіздің кез келген жерде жүріп-ақ ақпарат алуға мүмкіндігіңіз бар. Сізде мен бұл ақпараттарды компьютердің көмегімен де ала аламын деген ой болуы мүмкін, бірақ сіз кез келген жерде, кез келген ортада, көлікте жүріп бара жатып, ас ішіп отырып, серуендеп жүріп компьютерді пайдалана аласыз ба? Компьютер бұл жағдайда қолайсыздау. Смартфондарды мінсіз құрылғы деп атауға да болмайды, олардың да өзіне тән кемшіліктері бар. Мәселен, Смартфон оқуға өте ыңғайлы, бірақ мәтінді жөндеуге, түзетуге келгенде қолайсыздық тудырады, дегенмен жұмыс істеуге болады.

Барлық операциялық жүйелердің өзіндік серверлері бар, онда ақылы және тегін қосымшалар орналасқан. Бұл қосымшалардың саны өте көп, ойын қосымшаларынан бастап, ғылыми кітаптар мен әдебиеттерге дейін онлайн/офлайн қосымшаларды қамтиды. Бүгінгі қолданушылардың басым көпшілігі өздерінің гаджеттерінің мүмкіндіктерін толық пайдалана ала алмай отыр. Мәселен, бұл құрылғылар адамның барлық қажеттіліктерін өтеуге бағытталған. Сондықтан да сіздің денсаулығыңыздан бастап диетаңызға дейінгі аралықты бақылап отыратын мүмкіндіктері бар. Біз құрылғымыздың сервистерін пайдалану үшін алдымен құрылғыдағы өндірушінің серверінде тіркелуіміз керек. Қосымшаларды пайдалану үшін сізге өндіруші серверінің операциялық жүйесінде жеке тіркеуден өту қажет. Мәселен, Android жүйесін қолдану үшін сізге Google компаниясының Gmail пошталық серверінде тіркеуден өту керек, себебі Android Google компаниясының жеке меншігі болып саналады. Сондықтан да Google сіздің жеке бас мәліметтеріңізді сақтауға жауапкершілікті алады. Бірақ бұл өзіңізге қатысты барлық деректерді толығымен енгізу деген сөз емес, себебі бұл жағдайдың сіз үшін тиімді әрі қауіпті тұсы болуы мүмкін. Сонымен құрылғыны жедел басқарып, мүмкіндіктерін толық пайдалана алатын іскер қолданушы болуы үшін Youtube-тен өз құрылғыңыздың операциялық жүйесінің нұсқаулығымен танысып шығуға болады. Интернетте көбірек жұмыс істеп, өзіңізге ыңғайлы браузерді (интернетте жұмыс істеуге арналған бағдарлама) пайдалануға болады. Ал, педагог мамандарға күнделікті оқу-тәрбие үдерісінде мультимедияны пайдалану тиімді. Мультимедиа – ақпараттың сақталатын құралы. Сандық құралдың әрекеті, мысалға латын тілінде мәтін, жазу-сызу, аудио, анимация және видео деген ұғымды білдіреді.



ХХІ ғасыр – технологиялар ғасыры болып отыр. Мобильдік құрылғылар, Интернет желілері өмір сүрудің қарапайым күнделікті дағдысына айналып, ақпараттық технология адам өмірінің маңызды бөлшегі болып кірігіп кетті. Сандық қоғам, сандық орта қалыптасты. Дамыған мемлекеттер технологияларды адам игілігіне пайдалану мүмкіндіктерін мейлінше арттырып жатыр. Интернет желілері адамның әр түрлі бағытта дамуына мол мүмкіндік береді. Адам үйде отырып-ақ, кәсіпкерлікпен де, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де, шығармашылықпен де айналыса алады. Әлеуметтік желілер арқылы адамның өзінің барлық мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жол ашылды. Ақпараттық қоғамда адамның өзіндік ойлауы, әрекетке шығармашылық тұрғыдан қарап, ыңғайлы жол таба білуі маңызды болып табылады. Соған орай білім берудің жаңа философиясы қалыптасып, модернизация қарқынды жүріп келеді. Білім беру саласында дәстүрлі оқыту электронды оқытуға, электронды оқыту Smart оқытуға ауысты. Орта білім беруде оқушылардың өздігінен дербес білім алуына басымдық берілсе, біліктілік арттыру жүйесінде қашықтықтан оқыту, корпоративті оқыту кеңінен қанат жайды. Ендігі міндет – сол алған білімнің адамға қызмет етуіне мүмкіндік беретін Smart оқыту ортасын дамыту.

Адамның жақсы білім алуын, табысты оқуын, ақыл-ойының дамуын жоғары дәрежеде ұйымдастыру егеменді елімізді одан әрі дамытатын азаматтарды тәрбиелеуде маңызды қадам болып табылады. Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзімен қортындылағым келеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет