Тағы да түн. Тәтті елестер ұнайтын жаныма тым



Дата25.12.2016
өлшемі0,53 Mb.
#4774
Түн ортасы

Тағы да түн.

Тәтті елестер ұнайтын жаныма тым.

Қалқаман Сарин

Түн ортасы...

Еседі кеп жел лебі

Күтудемін көз ілместен мен нені?!

Аңдаусызда арпалысып сезіммен

Қалың қаяу қаусыратты кеудені.

Айсыз аспан...

Төңірегім қараңғы.

Қараңғылық құрсаныпты қаламды.

Маза бермей мезі қылған іштегі

Тарқатармын мен қалайша наламды?!

Күдігім көп...

Ес шығарды еспе мұң.

Бұл халімді алды дейсің есте кім

Көтерейін мейлі мен-ақ азапты,

Ұқпасаң да сен ондайды кешпегін.

Күздің айы...

Суық ашты пердесін.

Қозғай берем сезімімнің мен несін

Күлуім де ұмыт қалды бұл күні

Ойлай бере сол бір ару бейнесін.

Суықтады...

Кеудеме кеп батты сыз.

Күңіреніп жасын төгіп жатты күз.

Сезілмеді жаурағаным өзіме

Қиялымды шарлап барад тәтті қыз.

Түн ортасы...

Еседі кеп жел лебі

Күтудемін көз ілместен мен нені?!

Аңдаусызда арпалысып сезіммен

Қалың қаяу қаусыратты кеудені.

Дәл осылай ойлаушы ма ең сен мені?

Біздер емес...

Меңіреу түн.

Атар тағы таңым да,

Өзегімде қайта шерім басталар.

Естеліктер тұнып жатқан бағымда

Біздер емес, тұрған шығар басқалар.

Жоғалмайды,

Мазалайды сезім де

Бәлкім кейін тереңірек тасталар

Жолығатын жағалауда кезінде

Біздер емес, жүрген шығар басқалар.

Өшті бәрі.

Жабырқаулы үнім де.

Сорым болды сонау күнім жасқанар

Кәрі қайың саясында бүгінде

Біздер емес, табысады басқалар.

Бітсін мейлі.

Сүйер сені мәңгілік

Жанарымда жәудіреген жас қалар

Ғашықтығын айтып жүрер ән қылып

Біздер емес, бақыттырақ басқалар.

Ойлай берем.

Мұңға жалғап таңымды

Бақ тіледім арманыңа басқан әр

Сені қимай егілетін жанымды

Түсінбейді...

Түсінбейді басқалар.

Ерке қызды суреттеу

Іштей ғана еркелетіп күнім деп,

Бейтаныстау бір ұшқыным жанады.

Нұрын шашып қамсыз ғана күлімдеп,

Қарақаттай мөлдірейді жанары.

Тәңір беріп тұла бойдан кетпеген,

Жарқыраған жақұт жырдың шаш бәрін.

Ғашық болып, талай жігіт жетпеген,

Жел үрлейді қою қара шаштарын.

Қарай берем таймай көзім жиілей,

Сөйлесуге жолықпай тұр сәтті рет.

Бар тәттінің ортасынан шиедей,

Шығар бәлкім еріндері тәттірек.

Көз таса боп бәстесіп те көріпті,

Әңгіме ғып жігіт біткен жиылып.

Сынық айдай бір ерекше көрікті,

Ыңғайланып қастары тұр қиылып.

Бұл аруды қиялдайды көп пенде,

Қызғанышым өзегімде тұр алып.

Таң қаламын жүрісіне өткенде

Шыбықтарша қыпша белі бұралып.

Сүйемін...

Сұқтанған жат көзінен жасқандым да,

Тайып тұрдым қашанғы хәл шыдамақ.

Мұқағали Мақатаев

Күнім қайта туар ма еді еңселі,

Қалжыратты сезімімнің кең шері.

Күні-түні сенің бейнең көрерім,

Мазам кетті...

Ұмытқым кеп мен сені.

(Сонда кайтып алардай-ақ еңсені.)

Көңіл тарқай бергенімде есіле

Жанарыңа қарай берем тесіле.

Кезігесің...

Кезігесің несіне?

Отырсың-ау көз алдымда құлпырып,

Ескі сезім түспес қалай есіме?!

Бітсін енді...

Өлең- назым ағыла,

Жүруші едім ылғи сені сағына

Күдер үзу керек болды.

Білмеймін...

Үміт-шырақ жалықты ма жағыла

Қиналсам да сені ойламай жүргенмен.

Керең тағдыр қауыштырды тағы да.

Мақтап айтып ақынсымақ пендесін,

Алды ма әлде жарға соғып ел де есін,

Суық күйде сылқытар ем сыраны,

Ұқтым бірақ түйір қайыр келмесін

Қалай қиям ұмытуға мен сені

Қарсы алдыма гүлдей күйде келгесін.

От сезімді білмедің-ау түсіне,

Сыйламадың жылу ғашық ісіне

Бұл халіме қолды сілтеп жөнелдім,

Үйге беттеп, ем табардай ісіме.

Күндіз бойы маза бермес қылығың,

Аз болғандай кірдің бүгін түсіме.

P.S. Кете берем құрсаланып қаяу-мұң,

Жаныңа да жолай алмай таяу мың.

Сені ұмыту келмейді екен қолымнан.\

Сүйеді екем...

Сүйеді екем, аяулым.

Жолданбаған SMS

Естіледі шертпелерден тырсыл үн,

Байыппенен терілуде бір сырым,

Бір аруға қалың ойда отырмын,

Жүрегімнің жеткізе алмай дүрсілін.

Сезімімді қинағанша ол ұқпай,

Жақсы ма еді жүргеніміз жолықпай,

Жүрегіме сыймай жатқан сезімім,

Экранға сыйсын қайдан толықтай.

Ажарыңа беріпті Алла сай қылық,

Ұстанымды жаратыпты жай қылып,

Өлеңімді бір өшіріп, бір жазып,

Батыл жетпей отырмын-ау қаймығып.

Сенің жаның ұғар күні бос елес,

Ұқтыруға білем, бәлкім,кеш емес,

Сағыныш пен сезімімді арқалап,

Жолданбады талай-талай SMS.

Лекцияда


Сабақ үсті...

Алып лекция алқымға

Құрып төзім,қалжырайды хәл мұнда

Үнсіз бәрі...

Мүсінше мен қалыпын

Сұлу қыздан көз алмаған қалпымда.

Көз алдымда көлбеңдейді күдік тым

Сезімімді жатыр дейсің ұғып кім?!

Ажарына пенде түгіл бас иіп

Айналардай шуақ нұрға суық күн,

Қонғандай-ақ адасып кеп алға бақ

Жалықпадым үмітке-үміт жалғалап,

Отырмын-ау бұл аруды әкетер

Қоңыраудың қағылысын қарғалап

Біле тұра тасылмасын тағаттың

Үрейленем тырсылынан сағаттың

Қауыштырар лекция ғана біздерді

Ұзамайды әдетінен сабақ тым

Жұмбақ ару,келбетіңмен бұл ердің

Ақыл-есін тұман қылып жібердің

Жанарыңды көрген кезде текке емес

Оянуы құм боп қалған жігердің.

Сені қимай жанарымда тұр мұң-ау

Мазалайтын пәле болды сор мынау.

Ғайып қылып сені менен айырар

Шырылдады “жағы шыққыр” қоңырау

Қайран,жүрек,сені іздейді қақсалай

Көрме бірақ сезімімді жат санай

Күндіз-түні сені қалай сағынсам,

Сағынамын лекцияы тап солай.

Енді қашан көремін...?

Күз бен күдер

Күз және мен.Түз.Дала.Суық мекен,

Түнеген суық ойлар түнеу күнгі.

Талғат Мықи

Күрең күз кеп...

Шуақ нұрды тартып ап,

Азынайды асау желмен атырап,

Қарашаның қаһарына қауқарсыз,

Кәрі қайың қалды тағы қалтырап.

Қауыштырып суық күнге бұл елді,

Қара күздің қара аспаны түнерді,

...Жапырағын үзген қайың секілді,

Үздім бүгін бір арудан күдерді.

Суық лебі азынатып мұңды үнін,

Қараша кез қалжыратты түнді мың,

Ұғынғандай жүректегі дүлейді,

Қара аспан да жасамсырап тұр бүгін.

Күз өктемі жаз щырайын басынды,

Өкінішім тура күздей тасынды,

Санам құрғыр ұмытқысы келсе де,

Аңғал жүрек аңсайды кеп асылды.

Күздің жасын сіңіреді мөлдіреп,

Тас көшелер құшағына шын бөлеп,

Сыртқы бейне дәл осылай болғанмен.

Тарқамайтын менің жайым тым бөлек.

Мұң

Көремін сені ылғи түсімде



Айналған ай жүзді мүсінге

(Мұңымды қайтесің,түсінбе)

Себебін білмеймін,неліктен

Әйтеуір ескі бақ ішінде

Күтемін мен сені.

Қалғиды қабағын түйіп түн.

Өзіңді қалған ем сүйіп тым

Жаныңда жүретін күнімді

Ұмытқан болсам да,сүйіктім

Сағынам мен сені.

Бойыңа салғандай таң қылып,

Ажарға сыйыпты тән қылық.

Бұйырмай жылуың,аяулым

Өзгемен жүрсең де мәңгілік

Сүйемін мен сені.

Жанымды жыртпалап нала-мұң

Қиялмен қауышып қаламын.

Ойлама мен жайлы.бірақ та

Күндіз-түн есіме аламын

Өшірмей мен сені

. Көремін сені ылғи түсімде

Айналған ай жүзді мүсінге

Себебін білмеймін,неліктен

Әйтеуір ескі бақ ішінде

Күтемін мен сені.

Атыраулық аруға хат(SMS)

Іздеп сені тар қалаға асықтым

Естимісің тарғыл үнін ғашықтың

Шимайлаған шумақ емес жеткізер

Шұбатылған жолдар анау.

Қашық тым.

Көрсем сені жүрек мұңды ұмытпақ

(Тек түсімде жүрем ылғи тұнып бақ)

Мынау тағдыр қиналысқа түсірді-ау

Қос ғұмырды қос қалаға құлыптап.

Жатыр Орал саған құшақ жайып та

(Мейлі сәулем бұл сөзімді айыпта)

Төзім құрып тас жолдарға телмірем

Оралсаңшы қамсыз ару Жайыққа.

Қайта келші күдік қуды жасыр да

Мынау тағат қауһары жоқ тасырға

Сараң уақыт салдырды кеп сағыныш

Айналды ма апта күндер ғасырға.

Аялдама


Аялдама,

Суық самал еседі баяу ғана

Құм жігерді оятты қамсыз ару

Келгенінде жаныма таяу мана

Өкпелі түз.

Суық тартты қаламды өткелі күз

Аялдама біздің бір болғанменен

Екі бөлек қайтейін күткеніміз.

Жыр әлемім

Келте күдік тастады құр әлегін.

Сол арудан ғашықтық тәтті елестің

Сорлы жүрек сезінді-ау,сірә,лебін

Таңғы үміт пе

Бұрынғыдай атпайды таң күліп те.

Сонау кезгі сен мінген ''темірпәле''

Қиялымды әкетті мәңгілікке

Аялдама,

Суық самал еседі баяу ғана

Бір сұлулық кезіккен сонау жерге

Бардым бүгін сені іздеп таяу мана

Жүрегімде гүл емес,қаяу ғана.

Темір жүрек

(Заманауи медицина махаббат тілімен)

Қақтырумен технопәле таңдайды,

Қарыштаған ғажап істен танбайды,

Емханада қалжыратқан ауруды,

Жатыр емдеп болсын мейлі қандайды.

(Тек ақшасыз тамшы бақ та тамбайды.)

Талай ауру келер мұнда саялап,

Бұл ортада жатпасы анық жан аяп,

Кейбіреудің алып жатыр бүйрегін,

Ал біреуге салып жатыр жаңа аяқ.

Сиқырдайын заман қалды жатталып,

Айта бере қалмас бірақ жақ талып,

Кейбіреуден алып тастап бір өкпе,

Ал біреуді кескілейді ақтарып.

Қалың қалта түнегінде бұғып ап,

Небір ғажап жатыр мұнда тұнып-ақ,

Кейбіреуге жаңасынан салыпты,

Ажырамас бауырды да жұлып ап.

Бұл ортаны көрмесек те аса түк,

Жатыр әлі талай ақша асатып,

Құнын беріп керек десең түріңді,

Алуға бар қалауыңша жасатып.

Алшақ емес мынау сырдан ел іргең,

Ғылым, шіркін,талай қиял кемірген,

Шет-қиырсыз таңқаларлық бұл орта,

Жасатыпты маңдайды да темірден.

Қалды адамның бар ғұмыры арбап мың,

Жетегінде тетік пенен бармақтың,

Мен де қалмай жараланған жүректі,

Жаңасына алмастырып алмақпын.

Жо-жоқ...

Жүрегі емес адамның,

Ғашық болмас темір жүрек салмақпын.

Темір жүрек...

Бұл-сезімнен қашықтық

Махаббатқа жатпас жаным ашып түк,

Сүйіктіден мен алыстау жүрермін,

Сонда мені торламайды ғашықтық.

Сыйланбаған гүл

Керең ғұмыр...

Таң таласқан тәтті үнім,

Тұман шалып құлазыды тап бүгін,

Тарқамастай тас түнекше түйіліп,

Мынау әлем естімейді жат мұңын.

Отырмын-ау ойға батып, қолыма

Сыйланбаған сезімімнің ап гүлін,

Күмән өртеп құлазыды тап бүгін.

Ғашықтығым болды дертім бұрын да,

Тас керең боп, мейлі ғұмыр ұғынба,

Сыйланбаған сорлы гүлді қайтесін,

Жырланбаған жетімек бұл жырым да.

Сол бір ару тағдырыма кіл уайым,

Мұң ілесіп шыға берді сый дайын,

Сезімімді сыйлай алмай жүргенде,

Сорлы гүлді қайдан саған сыйлайын.

Солары анық сол гүлім де, сезім де,

Ғұмыр мұны мейлі, мейлі сезінбе,

Сылқым сұлу түсінгенде бір күні,

Бас иерсің сен де бәлкім сезімге.

Сезімге мұң бола берді, тоғыспа,

Жалған үміт, енді маған болыспа,

Тағдырымнан бәрін сызып жөнелдім,

Сорлы гүлді тастай салып қоқысқа.

Күдерім де қалды бірге қоқыста...

Соңғы сыр

Сезімі жоқ селт етпейді тас қала,

Жұмыр жүрек жұлқынады жасқана,

Ғашық болған сылқым сұлу жанары,

Күлімдейді басқаға.

Күрмеу болып атты қайта қас таңы,

Қашаларма қаяу сырдың тасқа әні,

Жеткенімще асығатын ақ құсым,

Саялады басқаны.

Мынау түні ескерілмей басқа әнім,

Тебіренем тежеу қылып жасқа мың,

Қолаң шашты қайран сұлу құлайды,

Құшағына басқаның.

Күні туды қайта мұңға түнеудің,

Тимес мәні түйір бақты тілеудің,

Армандаған теңсіз сұлу айналды,

Еркесіне біреудің.

P.S. Болған екен бөгде сезім тәттілеу,

Енді саған демеу болмақ жат біреу.

Сағыныш


Сараң сезім байлау қылып бағымды,

Қызғанышым шертті келіп тағы үнді,

Меңіреу түн құшағында сыр айтып,

Сорлы жігіт Самал қызды сағынды.

Қаңыраған сол баяғы ескі бақ,

Жатырғандай мұң-наламды естіп-ақ,

Мынау сәтте қасыңа кеп мен емес,

Жанарыңа жарық күнім десті жат.

Тағдыр мені қойғанменен ғашық қып,

Сағыныш пен мезі қылды қашықтық,

Күлімдейді,елестейді.сезбейді.

Сезімімді қарамастан ашып түк.

Қос жүректе қос ғашықтық сақталып,

Арманымыз қалықтаушы ед бақты алып.

Енді,міне,қала берді қайтейін

Өткен елес жаңа күнге тапталып.

Сараң сезім байлау қылып бағымды,

Қызғанышым шертті келіп тағы үнді,

Меңіреу түн құшағында сыр айтып,

Сорлы жігіт Самал қызды сағынды

P.S.Жүрегіме болса дауа,айт,емін,

Саған,жаным,бақ тілеймін,қайтемін

Ғашық жүрек

Басқа амалым болмады ғой қайтейін,

Сенің сұлу ақ жүзіңді ән қылдым,

Өзің өтіп кеттің сынақ,өткелден,

Мені ағыс толқындарға қалдырдың.

Бақыт бәлкім алыстан қол бұлғайды,

Маған тұмар сенің күлкің емеспе,

Сағынышым сезім қылын қозғайды,

Қайғы сыйлап түсіреді сені еске.

Ғашық жүрек сезінбейді серігін,

Маған келіп ойланбастан сын арттың,

Сенен басқа қинап еді мені кім,

Өзің келіп жылаттың да жұбаттың.

Тағдыр өзі тосын жайға толы еді,

Білдім оны көрген кезде сені алғаш,

Жаным төзер сынағына өмірдің,

Бірақ сендік үнсіздікке төзе алмас.

Сағындыңба ?

Бұл өмірде бақытымсың кезіккен,

Махаббаттың сынағына төзіп көн,

Сені мәңгі бақ құсым деп бағалап,

Жүрегімнің кілтін бердім сеніп мен.

Жалғызым-ау, қымбаттым-ау, шаттығым,

Сезім шоқты алаулатып жақ бүгін,

Жалғыз сені аялаумен өтейін,

Раушаным, қызғалдағым, ақ гүлім.

Алтыным-ау, ардақтым-ау, шырайлым,

Сағындың ба?

Неге сонша мұңайдың,

Сағынсаңда, түсірмеші еңсеңді,

Күлімдеші, соны ғана сұраймын.

Мен сағындым, сағыныштан сарғайдым,

Бірақ жаным шаршамаймын талмаймын,

Сүйем деген сенің сыйқыр сөзіңмен,

Күнді күнге, айды айға жалғаймын.

Жағалау


Торлады мұң.

Қоштасқанмен ерте біз

Жағалауда мұңды шерді шертеміз

Суық басқан сезіміз секілді

Төңіректі тұмшалады ерте күз

...Оралмады ерке кыз

Суық мұнда.

Мұздаған-ды жаным да

Көңіліме шашпады нұр таңымда.

Қол қусырып мұңаямын ,қайтемін

Жат біреудің құсы болдың бағында.

...Бола алмадым жаныңда.

Өңсіз бәрі

Көрік қашты бүгін де

Естілді ме жағалауға бұл үн де

Өткен елес түртпелесе еске алып

Жасқа толы жанарыма үңілме

...тек аяулым түңілме

Жел соғады

Аласұрып жыра,құз

Сеземісің маңай сырын,құба қыз.

Бірге жүрген қиялдағы арманды

Екі жақта екі бөлек құрамыз.

...Енді бәрі құр аңыз.

Еске оралған тәтті елес

Болсын мейлі асқақ арман алыс тым

Арманынан қалар дейсің қалыс кім

Арқаланып БҚМУ-ға мұратты

Қызығы мол бір әлеммен табыстым

Болмады оқу куәгері шалыстың

...Алғаш күні күлімсіреп отырған

Сүлу жүзді бір арумен таныстым

Ұмытылды арқаланған бар арман

(Кім біліпті жоғаларын бәрі алдан)

Бір тамаша көңіл күймен күлімдеп

Сол бір ару нұр төгіп тұр жанардан

Таңырқанып көкіректе тұр егес

Бұл жанарды ескермепті түк елес

Ай жүзіндей ол арудың жанында

Менің көрген сұлуларым түк емес

P.S. Есімде әлі отырысы жайқалып

Ойға алумен жүрем ылғи жай налып

Сұлулықты мойындаған сол күнім

Кеткендей- ақ тәтті елеске айналып

Суып кетті арамыз...

Жазылмаған есім

Білегіме жазылған сендік есім өшсе де,жүрегіме жазылған есімің мәңгі өшпейді.

Желмен ұшқан хаттардан

Қалауыңша бітсін барлық тілек те

Керең тағдыр бұрмас назар тілекке

Тағдырыма жазылмаған есімді

Нем бар еді жазып қойып білекке

(Тамшы бақты іздемеймін тілеп те)

Сонау күндер көрсетпейді-ау төбесін

Арманынан көрді ғұмыр көресін

Тәтті елестер жоғалғаны секілді

Өшірсем де жоғалмай тұр ол есім.

Құдыреті өткен күнгі елестің

Дәл бүгіннің алауындай емес тым

Құлазыған бұл халімді ұғынса,

Шын сүйердің ғашықтығы демес кім

Дүлейдейін іштей небір тасып үн

Мендік жүрек әлі аңсайды асылын

Танытсам да сені ұмытқан сыңайды

Іштей ғана сағынамын жасырын

P.S.Өшті түбі ол жазу да,тілек те

Жазып қойман енді қайтып білекке

Тағдырыма жазылмаған есімді

Жазып қойғам өшпестей ғып жүрекке

SMS-ке сыймаған сыр

Сеземісің күмән толы күдерді

Батыл жетпей, талай жаным түнерді

Жеткіземін бүгін саған сырымды

Түсінерсің сонда бәлкім бұл ерді.

Білемісің бір сезімді мендегі

Құлазумен аңсай берем мен нені

Мөлдіреген жанарыңа ғашық боп

Ойлаймысың сені сүйген пендені.

Түсінбедің, сорым болды жасықтық

Жатқаным жоқ мылқау күйден асып түк

Жоғалмады сұлу бейне санадан

Бүгін мені қалжыратты ғашықтық.

Сағынамын кеткен сайын алыстап

Елесіңнен жатпасам да қалыс қап

­Жырақ тұста сені іздеумен мазалы ой

Күрсінеді, жанарыңмен табыспақ.

Мұң шалады жанарымды,бәрін де,

Тұнжыраймын құрығандай әлім де

Сені іздеген назды үнін шертеді

Маза таппай түн таласқан халім де.

Тағы да түн

Тағы да түн

Құлазыдым бүгін де

Бұл түріммен қалмас, сірә, түгім де

Сезімімді ұқпа, мейлі, сезінбе

Тек жабырқап сылқым сұлу түңілме

Шарпыған от тынжымады мендегі

Келем жалғыз, есті баяу жел лебі

Тас қалалық түнгі көше жаттап та

Алған шығар тұнжыраған пендені

Тыныш бәрі.

Мүлгиді кеп қайың да

Ұмытқандай қаһарлы қыс жайында

Кезіп келем елеместен суықты

Төзім құрып шама келмей уайымға.

Бәрі де елес.

Қонар ма еді тамшы бақ

Жүрегімді жатыр сезім жаншылап

Жабығулы жігіт жайын есіңе

Алып көрші жанардан жас тамшылап

Тағы да мұң...

Бәлкім дауа жоқ бұған

Күрсіндірді күрмелеген көп күмән

Бұрынғыдай жарқын кезім алыстап

Ой-санамды тарлап алды көк тұман.

Сүйіп едім...

Сүйіп едім ессіз,қалқам,құлазып

Жүрегімде жетімек жыр жүр азып

Кірбіңі жоқ сезімімді сыйлап ем

Сыртымыздан не айтса да мына жұрт

Жаңғалаға жәудіреген жанарда

Жүргендей-ақ жүдеу мұңым тым азып

Сүйіп едім сырттай сені құлазып

Жазғырмағын сүйгеніме кінә артып

Көрдім сені тағдырымнан шын артық

Күлімдеген қылығыңды күндізгі

Ойлай берем маза қашып түн артып

Өзгелердің жымиысы, күлкісі

Есімде емес, жатталмаған бұлар түк

Жазғырмағын сүйгеніме кінә артып

Қауышамын ұйқысыз да таңдармен

Тәмамдаймын қиялымды таңда мен

Өмір маған екі мәрте берілсе

Ойланусыз мен өзіңді таңдар ем

Сені жаттың жетегіне жіберген

Өз-өзімді кешірермін сонда мен

...Қауышамын ұйқысыз да таңдармен

Соңғы кездесу.

Суық қала.

Азынайды мұң әні

Тас көшені торламады түн әлі

Күрсіністің күрмеуіне көмілген

Білем жаным сезім емес кінәлі

...Қоштасып біз барамыз.

Күлім көзің...

Нұр төгеді тым бөлек

Жүруші еді сезіміне шын бөлеп

Жанарыма жас үйдірген жүрегім

Сүйіктіден сезінді ме соңғы леп.

...оның бүгін бәрі аңыз.

Өктем өмір.

Тапталады тілегім

Сыйын тартпай бұл налаға бір емін

Бір-ақ сәтте бар күдерді үзгенбіз

Сонау күндер оралмайды білемін

...жылу тартпас арамыз

Қиял өшті

Жақын көріп сағымды

Қала берді мұңнан естіп тағы үнді

Сезіледі жүзіңнен-ақ жүргенің

Жат біреуге сыйлағың кеп бағыңды

...Қош мәңгіге қара қыз

Мазасыз түн.

«Бүгін де сені ойлап көз ілмей шықтым...»

(сақталған смстерден)

Түн құрсауы

Назын шертіп түнек тым

Тасынады сағыныштан жүдеп мұң

Кейде сенің елесіңнен жалтарып

Басылады ұшқын-үміт үдеп тың

Сағынамын.

Сен ұзасаң жыраққа

Бұлыңғыр боп үмітімді мұңартпа

Саған адал ғашықтығым сезілмей

Сүйген сені жүрегіме кінә артпа

Тәкаппарлық тұла-бойды билепті

Сол қылығың жүр ғой жаным ұнап та

Жат біреудің жетегінен көргенде

Алды кейде көкірегім жылап та

Ақыл-есім жалтарғысы келгенмен

Сүйем сені...

Сүйем сені,бірақ та.

Түн самалы.

Қараңғылық,

Шерлімін.

Әнеу күнгі қайда кетті ерлігім

Уайым болған сұлу бейне жігіттің

Алыпты ғой күрмелеп те ерлігін.

Кірді түбі мұң шалынған кезде есім

Ғашықтығым қу қаңғырып кезбесін

Бар әлемнің сұлулығын ысырып

Сүйдім оны біле тұра сезбесін.

Шыда, жүрек.

( Сүйіктіге соңғы жыр)

Беймәлімдеу төстеп алып құдырет

(Бұл сырымды қайбір пенде ұғып ед)

Мені қойшы....

Ғашықтығын уайым ғып

Егіледі кеудемдегі жұмыр ет.

Жалындаған күнің қайда еңселі

Әлің құрып, түсірмегін еңсені

Шыда...


Шыда...

Ұмытылмас қиялға

Әлі талай жеткіземін мен сені.

Сонау күні, әттең, бекер кезіктік

Сергітпейді қайғы сені есіп түк

Сол аруды сүйесің-ау....

Қайтейін...

Қалар едім, бірақ оған кешіктік

Таныс мұңның білем қайта келгенін

Қаймықпағын...

Болар оның ерге мін.

Сүйіп тұрып, батыл жетпей жүргенде

Әттең, өмір, қолды кештеу сермедім.

Бір елесті жалықса да тілеуден

Шаршамайды жаным мұңға түнеуден

Кенет тағы түн ортасы мазалап

Келді SMS шырыл қағып біреуден:

“Тұр сүйіктің қол ұстасып біреумен”.

Алғашқы, әрі соңғы кеш.

Болды бәрі жалындаған бекер үн

Сорлы жүрек алды тағы секемін

Саған берген ең алғашқы гүлімнің

Кім біліпті ең соңғы гүл екенін

Көкіректе көлбеңдейді кезбе мұң

Саған деген бір алауды сезбедің

Ең алғашқы қолың берген жылулық

Болған екен ең соңғы рет сезгенім

Тастай түнек...

Сүйгендігім білгенім

Керең болып, дос сөзін де ілмедім

Ең алғашқы бірге барған сонау кеш

Ең соңғы кеш екендігін білмедім

Жүрегіңді жат біреумен жұптадың

Дәл қазіргі бұл халімді ұқпа мың

Ең алғашқы өзің айтқан жылы сөз

Ең соңғы сөз екендігін ұқпадым.

P.S.Бәрі бірдей басталғанмен бір кеште

Бәрі бірдей бітті бірақ бір кеште.

Сағыныш SMS-і.

Сағынба құшақты жайып та

Қия бер жүректі айыпқа

Сұранам мұңайтып кетпеші

Көзімнен жоғалып ғайыпқа

ТЕЗІРЕК ОРАЛШЫ ЖАЙЫҚҚА.

Тайғанақ мұң, шерден тайып та

Сүйген ем бармай-ақ байыпқа

Аяулым, өзіңді аңсаумен

Сағынам тербеліп қайықта

ТЕЗІРЕК ОРАЛШЫ ЖАЙЫҚҚА.

Күту.


(Әзіл өлең)

Студент кезімізде сүйіктімізге барар болсақ, достарымыздың киімін киіп барушы едік.

Қайран уақыт оралмайсың-ау!

/Түлектер сөзі/

Сезіледі тек сағыныш үнімнен

Ұқпасам да сезіміңнің түгін мен

Қаһарлы қыс.

Жатақхана маңайы

Іздеп сені келдім жаным бүгін мен

Білем, қалқам, тамшы бақтың амалы

Суық күздей суып барад шамалы

Түн ортасы.

Үміт сеуіп тұрғандай

Бөлмеңдегі сөнбепті ғой шам әлі.

Сағынышым.

Көлбеңдейді сосын мұң.

Құм-наланы оятады тосын мың

Студенттік сырды бұғып тұрмын-ау

Киіп кетіп күртешесін досымның.

Сорлы маңдай қайта жарға тигесін

Тұман шалып сені іздейді кейде есім

Ойыма алып тек өзімді тұрмын-ау

Бауырлардың киіп кетіп жейдесін.

Керең уақыт күтіп мендей тұра ма

(Өктемдігі шіркін назар бұра ма)

Сезімімді ұғынсаң да,жарығым,

Гүлді қайдан алғанымды сұрама.

Бұл пәлеге айтшы,сәулем,бір емін

Жәудірейді жетімек жыр-тірегім

Қойшы бәрін.

Саған адал әйтеуір

Өзімдікі жалғыз ғана жүрегім.

Келем ылғи терезеңе таяу мың

Мені көріп шықсаң екен аяулым.

Ұқшы,қалқам.

(Блокқа жазылған сырлар)

I

Ғашық болып мен жолыңды тосқанмен



Жүргендей-ақ сендік ұқпай әр қылық

Арманымыз БҚМУ-да қосқанмен

Сезіміміз қосар ма екен мәңгілік.

II

Көңілімді көрме мейлі ұғып та



Өтсін ғұмыр тек бақытқа тұнып та

Сен әлемде сұлулықтың иесі –

Періштесің.

Жаным соны ұмытпа

III

Саған деген тым ерекше бар ұғым



Жүрегімде елеңдейді жарып үн

Өмірімде сүйсінетін бақытқа

Жетпесем де сүйем сені, жарығым.

IV

Мендік жаным кебін киіп суықтың



Серік қылып жат жүректі жуыттың

Лапылдаған өткен елес жоғалды

Сезіміміз суық күздей суып тым.

V

Саған деген еш кірбіңсіз тілегім



Мені,мейлі,құрсай берсін қаяу-мұң

Өткен күнді ұмытсаң да,

Жүрегім

Сені мәңгі сақтай білер,аяулым.



Өкпелеме

Мендік сезім көнбейді қайтаруға,

Шын болмаса сүйем деп айтамынба,

Махаббаттың қуаты жетеме екен?

Сендегі ақ жүрекке жол табуға.

Махаббатқа шалдықса көз көргенбе,

Асау арман түседі сергелдеңге,

Жасырмаймын айтамын айтарымды,

Сөйле жүрек,сөйлеші,кез келгенде.

Айтшы,жүрек,ештене бүкпелеме,

Сол бір сұлу, сезімді түкке деме,

Бағаламай,жалғызым, жүрсем сені,

Ауыр алып,қайтесің,өкпелеме.

Ұқшы қалқам-2.

(Сақталған SMS-тер)

I

Күдік торлап, суық басқан сезімдей



Сағынышым жүрме, жаным сезілмей

Құр қиялды серік қылып сен ойлап

Талай түнде жүрмін ылғи көз ілмей.

II

Бір түнекке салды сезім бізді алып



Мендік арман қалмас мәңгі мұзданып

Біздер бәрін үзгенменен бір күнде

Самал сені жүрмін әлі қызғанып

III


Тағы да мұң.

Жұбан болып жағалау

Жоғалды ма тәтті елесті бағалау

Төңіректің шайылғаны секілді

Мұңымды да шайып өтші, жағалау

(Бұрынғыдай көңілімде жоқ алау)

IV

Қамсыз күдік қалтырап құла таңда



Құрай берем құм шерді, құлатам да

Жалындаған ой толы сәтте мынау

Алыс жүрем бір қыздан

Ұнатам да.

Жұлмаланған сан мәрте жүрегімді

Қуантам ба...?

Білмеймін жылатам ба?

Тебіренем құлазып құла таңда.

V

Жырақ ұстап менен өмір сүйгенді



Қоштасқалы жаным мұңды күйге енді

Өзегімнің өртелгені секілді

Отқа орадым сенің жансыз бейнеңді.

VI

Жайық маңы.



Бақытты мұң жерлейді

Тоз-тоз қылып құр тағаттың тәубесін

Жүрегімді жұлқи берсін шер мейлі

Мазақ қылып ғашық жанның әуресін

Гүрілдеген суық толқын тербейді

Дірілдеген сынық айдың сәулесін.

VII

Суықтау күз.



Қалғып жаға мұнарған.

Беймәлімдеу бұл маңайды мұң алған

Сая қылып көлеңкесін қайыңның

Жазылмайды бұрынғыдай мың арман

Келмей кетті ерке қыз да сылаңған

Шерлі дала еске салып бұрынды,

Төңірек те нала күнді ұғынды

Суық тұман тұмшалайды жағаны

Жоғалғалы ғашық жырлар бұрынғы

Жоламайды сұлу қыз да бұрымды.

Досқа жауап.

Шәміл, Досым!

Хал-жағдайымды білсең еді.

Білмейсің қайтерімді...

Кім сенеді?

/Мұқағали/

Бақыт толы кезін мен

Сағынамын ең жырақ

Мұң сыйлаған сезімнен

Кете алмадым мен бірақ

Білем, досым, ойыңды

Жаның ашып егілдің

Тік ұстамaй бойымды

Сезімімнен жеңілдім.

Жанда үміт толғанмен

Ұтпады мұң келтесін

Ұмытқандай болғанмен

Сағынады еркесін.

Жанға батып барады

Қинағаны мұншалап

Сұлу қыздың жанары

Есімді алды тұмшалап

Оралмады алыс бақ

Жұлмалады жүректі

Тәтті күнім алыстап

Қайғырумен дір етті

Жүрек сөзі

Талай түннен оранып жүр мұң сана

Сезімімді көре берші жек,мейлі

Көз алдыма бар сұлулық тұнса да

Сылқым сұлу,

Саған ешкім жетпейді.

Сағындырар қиялыммен түн бөлеп

Сорлы жүрек сезінеді жылы мың

Сенемісің...

Ғашық қылды тым бөлек

Ешкімге де ұқсамайтын қылығың

Қу жанымның қалтырайды хәлі де

Анық түбі таусылары амалым

Сонау күнді ұмытқанмен әлі де

Сеземісің...

Сүйем сені, Самалым.

Сүйіктіге сый – кітап.

Уақыт өтті

Маған әлі қиын-ды

Тәңір маған татырмайды сыйыңды

Оқып көрші ғашық жігіт өлеңін

Сырға толы қабыл алып сыйымды.

Жанарыңа қарай берем ұрлана

Естен кетпес сұлу келбет нұрлана

Сезімімді сыйлай алмай өтермін

Сыйлағаным өзің жайлы жыр ғана.

Қайың толы қаңыраған бақтамын

Елеңдеумен сен жоғалған жаққа мың

Сақтамадың мені есіңде

Бірақ та


Мәңгілікке бұл сыйымды сақтағын.

Есіңізге салар бүгін жыр бәрін

Тұнып жатыр айтылмаған сырларым

Сүйікті боп журе алмадым, қайтейін

Жүрсін бірақ жаныңызда жырларым.

Сорлы кеуде тағат таппай жүр әлі

Құлазудың азынайды құр әні

Сырлары көп айтылмаған, жарығым,

Мынау кітап - сезімімнің тұмары.

ЖАС


ҒҰМЫР

жырлайды


II - бөлім

Сену қиын.

Түсті талай мазалы ой талқыға

Қиын екен сену мына жалпыға

Тістенемін сол үшін де алқына

Қалай сенем алтын көріп адасып

Махамбеттің басын алған халқыма.

Таққан мынау кінәм емес ұлтыма

Түсініктер бірі ақ та, бір құла

Жатыр әлі көкіректе жыр тұна

Қалай сенем бас сауғалап жау асып

Отырарды ашып берген жұртыма.

Тебіренем қалғанынша құр сілде

Бұрыс ұғып мейлі маған міншіл де

Бұрыс ұғып,мейлі,мейлі,сыншыл де

Қалай сенем сауығын да түсінбей

Құлагерді жазым қылған күншілге.

Тұла-бойды торлап алды сан күдік

Тұр алдымда енді нендей таң күтіп

Қорқау қоғам жатыр әлі шаң жұтып

Қалай сенем мына елге жіберген

Тірісінде Мұқаңдарды қаңғытып.

Нарын.

(Исатай-Махамбет хакында)



Талай зарын мың өткеріп ғасырдың

Рухы биік ер айбатын асырдың

Төкпе күйдің төл мекені – Нарыным

Бүркеніп ап нендей жұмбақ жасырдың?!

Тарқамайтын шерге толы бұл Нарын

Аңсайды кеп айбыны асқақ ұлдарын

Азат үшін жарқылы көп өткеннен

Ғасырлар да шертсін тағы бір сарын

Күй-ғұмырлар күйге бөлеп даласын

Тербейді кеп Жайық-Нарын арасын

Құшағында адыра қалған алдаспан

Қарой жаққа ақтарардай наласын.

Аңсап туар азаттықтың әлемін

Арда қазақ алыстатпас әр ерін

Жатыр әлі кекке орап бұл мекен

Жасқұстағы лашын құстың әлегін.

Күрсінеді сырға толы ойран бел

Болат балдақ, құрыш найза қойған жер

Өртеп барад өзегімді өкініш

Қайран, мекен!

Қайран, Нарын!

Қайран, ер!

Тойла қазақ!

Қайран, елім!

Жұлмаланып жаға мың

Тастап артқа тайған кезін тағаның

Тентіреген сынық бірлік бүтін боп

Арда қазақ қайта тапты қағаның.

Сұмдық тарих...

Жаңғырса да зарлық үн

Таптады кеп тұғырлы ел бар мұңын

Азаттығын кең атырап төсіңде

Бекем қылар сезінген жұрт зарды мың.

Биік қылды Нұр қағаны еңсені

Алты Алашым алты әлемге еңселі

Тозған бірлік ту астына топтасып

Қайта келді Абылайлар семсері.

Алаш-азат

Тыныштығым деседі

Еңсе-биік, еркін жырым еседі

Асыл ерге көш тізгінін ұстатты

Қаратаудан көшкен елім кешегі

Бейбіт заман.

Тәуелсіздік – бір төбе

Тойла, қазақ, таңың атты нұр төге

Тарихтағы күнде жиын тұрағы

Елордам-ай ескі жұрттық Күлтөбе.

Тойла, қазақ!

Ұмыт бұлтты күніңді

Естісін тек бүкіл әлем үніңді

Ел төрінде әділдігін орнатып

Жаңғырады жеті жарғы бүгінгі.

Жастарға сенім.

Арыстандай айбатты

Жолбарыстай қайратты

Қырандай күшті қанатты

Мен жастарға сенемін!

М.Жұмабаев.

Бейбіт ғасыр...

Елдік ұран жаңғырып

Кетті пәле құрық сүйреп қаңғырып

Қара түнек күрмелеген заманнан

Алты Алашқа атты шуақ таң күліп

Тас тұғырдың тау таласқан қуаты

Жас ғұмырдың жігерінде мәңгілік.

Кешегі күн...

Тарғыл тартып үнімді

Қорқау қоғам қалдырмады түгімді

Аңсап келген азаттықтың іргесін

Берік қалар жастар ғана бүгінгі

Дархан дала дербестігін тіксе де

Ертеңгі күн жас ғұмырға жүгінді

Отарлы күн...

Жөнсіз тапқан жаланың

Үнін шертіп күрсінеді дала мың

Жалындаған жастар мынау тұрғанда

Хақы да жоқ қозғалуға наланың.

Мың бәлеге шығармастан жасын түк

Көтерді кеп бөрі жұрты басын тік

Жігері мол жас ұрпағы қорғайды

Азат күнді алдаспанын асынтып

Беріктігін іштей тұрып ірітер

Жібермейді қорқау үнді басынтып.

Мен жастарға сенемін!

Біздің әлем.

(Студенттік өмір)

Біздің көрген студенттік бұл майдан

41 мен 45-тен кем емес

Талғат Мықи

Біздің әлем – өзгеде жоқ бір жалын

Ұғындырсын жүректегі жыр бәрін

Арманына басып тұрған адымын

Сезінгендей сыр ақтарып тұр жаным

Біздің әлем – өзгеде жоқ бір жалын

Қызық жанбыз қиял кезіп әлі есін

Жоғалтпайтын арманы мен «дәмесін»

Тер мен жасты төгіп талай жынығып

Көрген едік ҰБТ-ның пәлесін

(Жанымызды қинағаны және шын)

Біздің әлем қызық щаққа тұр тұнып

Жадырайды жас жүректер жұлқынып

Әдемі боп киінгенмен, аш халін

Жатыр дейсің өзгелерден кім ұғып

Біздің әлем қызық щаққа тұр тұнып

Тас қаланың тұнжыраған әр таңы

Қақпайды екен қиналсаң да арқаны

Тас көшенің таңыменен таласып

Ұмыттық-ау бала күнгі «қалқаны»

Ғұмыр мынау – жарқыраған жалған түз

Жасымастан асыр талай салғанбыз

«Қиынсыз-ақ» деп санаған өмірден

Тиынсыз-ақ қалып жүрген жандармыз

... Ғұмыр мынау – жарқыраған жалған түз.

Қараңғы архив

(Мұқағали хакында)

Кезбе мұңым жүреді санамда ұлып

Құлазытпай қоймады сараң қылық

Кітапхана.

Сыр толы архивінің

Құрсаныпты құшағын қараңғылық.

Маужыраған түнек тым кімсінеді

Өкіндірер жанға бір нұр сіңеді

Бұл заманның санасыз мұңын айтып

Мұқаң – жырда бұрыштан күрсінеді.

Мынау маңай кешкендей тамұқты мың

Талай кітап тозыпты.

Қанықты ұғым.

Жас-ғұмырлар жыр-сәуле сезінбей-ақ

Ұғынар ма әлемнің жарықтығын.

Қаңыраған қоғамға нұр тілеп те

Оқтаулы сыр кеудеде тұр түнеп те

Том-том болып жиылған құндылықтар

Тоз-тоз болып қалғиды бұл түнекте.

Жас сананың көргенде жаңыларын

Сезінді ме таяз ой жамыларын

Жақұт жырды біліп пе ем төрден емес

«Шаң-шаң болып архивтен табыларын»

Ескі баспана.

(Қасым хакында)

Бүгін де әдетінше БҚМУ-ға барар жолда Қасым Аманжоловтың тозығы жеткен үйінің жанымен құлази өттім. (Күнделіктен)

Қараңғы үй...

Қатып шері ғасырдың

Қара түндей құрсанып не жасырдың?

Қара таста қайыр бар дер Қасымның

Қара бетке назын айтып тасырмын

Қара жұрттың қылығына тістеніп

Құлазыды-ау түнегіңде асыл мың.

Қарашада мұңын айтып түнеу күн

Қалғып барып, жұлқынады жүдеу мұң

Қасым мәнін тыныштық деп ұқты ма

Қара суық бұл күркені түнеудің?

Қайран, ақын!

Қайыр көрмей татымды

Қалдырыпсың қараңғы үйге хатыңды

Қадіріңді білмеген ел тіріңде

Қабырғаға қойыпты іліп атыңды.

Қараңғылық тартқызумен жаза мың

Қалды-ау ақын күрмеу қылып азабын

Қасым атты асылынан безініп

Қалың елім азынатты азалы үн.

Қараң қалып қалма кейін, қазағым.

Студент сағынышы.

Қайран,менің студенттік күндерім

Төрт-ақ жылдың тасасына тығылған

Талғат Мықи

Терезенің бу әйнегін сүртпелеп

Қиялымда ауылымды құшамын

Суық көше сағынтады түртпелеп

Жан ананың жылуы кең құшағын

Күлгенменен бұл пенделер,

Қамығып,

Жауады әлі жанарында жауын мың

Тас бауырлау тар көшеден жалығып

Аңсап жүрміз кең даласын ауылдың.

Жүрміз әлі бөгде мұңды сезініп

Біздің әлем басқанменен бағын нық

Тоққа піскен қара наннан безініп

Шоққа піскен ауыл нанын сағындық.

Өмірімнің қызық толы бүгіні

Сағыныштан мұңаяды өршіл ер

Тас қалада басын қосақ түгілі

Бірін-бірі танымайды көршілер.

Бұға берем тасасына наламның

Тамағыңнан табылмайды түйір май

Ыстық булы иісі аңқыған анамның

Бара жатыр бешбармағы бұйырмай.

Жалғыз ғана құр қиялым жанды ұқты

Өтіп жатыр күн артынан күн еріп

Құрт-майы бар сағынтады сандықты

Қойыны бос тоңазытқыш түнеріп.

Төзім бітті, жанымыз да тарығып

Жүрегіміз сағынышқа кем еді

Қуыс бөлме түнегінен жалығып

Кең далаға кетіп калғым келеді.

Тереземнің бу әйнегін сүртпелеп

Қиялымда ауылымды құшамын

Суық көше сағынтады түртпелеп

Жан ананың жылуы кең құшағын.

Ауыл жайлы көзімді алмай даладан

Ойланумен есім шығып қағындым

Безінемін құшағы тар қаладан

Мен ауылды

Мен ауылды сағындым.

Қынсыз қылыш.

(Махамбет хақында)

Арқау болып кеше бастан бақ тайғаны

Ақтарылсын ағын жырдың ақ қайнары

Ақ Жайық пен Алашы қарт Нарынның

Махамбеттер жалынын сақтайды әлі.

Арда қазақ щекті азап құлап та

(Өксіген күн қалды мәңгі жырақта)

Зобалаңның зұлмат зарын көргенде

Қайқы қылыш қалсын қалай қынапта.

Шерлі тарих тас түнектей тұмсарып

Түюлі әлі беймаза күн тұрса нық

Аңдаусыз кеп ажал тартқан адырна

Қарой қалды қалың мұңға құрсанып.

Естіледі сыр ақтарып жаңғырық

Қорқау қоғам салған тұста сан қылық

Өткен күнгі азалы үн шертілсе

Аласұрар Нарынқұм да алқынып.

Рухы басым тектіден бетер қараның

Тағдыр елдің таңдамайды талабын

Қаһар төгіп күрмеледі үрейге

Қайқы қылыш қанның берік қамалын.

Құрған елге дұшпан көңіл төренің

Азуына қапты елдің өренін

Аңғал ғұмыр аңдаусызда білер ме

Қастан емес, достан ажал төнерін.

Елім қазір биік ұстап еңсені

Тамыры терең дербес болды еңселі

Махамбеттің Нарындағы қынапсыз

Жатырғандай армансыз-ақ семсері.

Өмір өтіп барады.

Ей, өмірім, зымырап барасыңба?

/Мұқағали/

Тынысы тар қамал көріп қаланы

Аңсай берем құшағы кең даланы

Жасымайтын бойда жалын болғанмен

Өмір өтіп барады.

Түн ішінде түртпелектеп сананы

Талай таңның мөлдір шығы тамады

Қу тірліктің тасасында білінбей

Өмір өтіп барады.

Жас ғұмырдың жәутеңдеген жанары

Құлын-жырмен шерін төгіп жанады

Сеземісің күндер ауып көрінбей

Өмір өтіп барады.

Сезер бәрін жұмыр жүрек дүрсілі

Шертілерде бұл ғұмырдың бір сыры

Аңдаусызда ажал жетсе таусылар

Сағаттың да тырсылы.

Ауылға

(Студент хаты)



Алтын мекен!

Құрсау болып қашықтық

Құтылмадық құр қиялдан қашып түк

Тас көшесі тұнжыраған қаладан

Жарытпадық небір сырды ашып түк

Құм жігерді сұлу жанар мезі қып

Жүгірмекті жұлмалайды ғашықтық.

Алтын мекен!

Елендейсің күмән сап.

Айдыныңда сұлу аққу сылаң сап

Сессияда зарласа да тентегін

Сағыныштан отыр бірақ сені аңсап.

Алтын мекен!

Жұбаныш қып жағасын

Шарлай берем кәрі Жайық сағасын

Темірдейін құр төзімді тауысты

Бұл оқу да бұғау қылып бағасын.

Алтын мекен!

Елжірейді зарым да

Бақыт толы түсім ғана барым да

Сағынышты суық самал Жайықтан

Сезбейсің-ау

Жеткізеді Нарынға.

Алматыға хат.

Ей, Алматы!

Жатсынба баласын қырдың.

/Шерхан Талап/

Арман қала

Алатауың – асқарың

Батысыңнан жаңғырады асқақ үн

Құр қиялға құрсандырып құшағың

Жалындайсың жырым деген жасқа мың

Шам жағылған тас көшеңдей бір үміт

Жанып кейде жоғалады қас-қағым.

Ей, Алматы!

Мендік арман алыс тым

(Келер күні туар бәлкім алыстың)

Қиялыма жетем бір күн

Бұл ғұмыр

Арасына қалдырмаса шалыстың.

Ғұмырыма шықса да әрбір таң күліп

Жүрегімде тыңшымайды таңғы үміт

Батысыңнан құшағыңа асық боп

Қадыр қарт та қалды сенде мәңгілік.

Шықсын мейлі күрмеу болып өр алдан

Тастай бекіп, алып істен оралман

Күт, Алматы.

Асқақ арман арқалап

Барар саған тағы да ақын Оралдан

Салған кезде нұрға құшақ жайып таң

Мен сырыңнан талай-талай жай ұққам

Көп кешікпей сынық ұшқын жетеді

Жырын арнап Алатауға Жайықтан.

Ақбұлақтағы ақырғы сөз.

(Исатайдың Махамбетке айтқан соңғы сөзі)

Құп көрмеді мендік ойды заман-ақ

Асыл мұрат арда жұртқа адал-ақ

Әскер менен ұлымды ал да тезірек

Шегініңдер кең Нарынды паналап.

Жарасатын әділдік пен теңдігі

Болса деп ем қазақ дара қағанат

Ол күндерді көре алмаспын, мен ,сірә

Бұл арманым, батыр, саған аманат.

Досым, осы – бар ақырғы тілегім

Керілмесін дұшпан елді табалап

Ағайынның алтын сөзін елемей

Калдым, міне, қу санымды сабалап.

Туар күні атпай қойды сертімнің

Тарамасын ел ішінде жаман ат

Атқа қонып, ерген менің соңымнан

Мынау халық, досым, саған аманат.

Аңғал түрім аңыратты өкінем

Ел үмітін алдым ба деп жаралап

Аңдаусызда ойсыраған әскерді

Қайта құра қарт Нарынды аралап.

Бітпесе де, бар бітірген ісімді

Жатар бәлкім ұрпақ кейін бағалап

Аман-есен ағайынға ұлымды

Жеткізерсің Жайық бойын жағалап.

Опасыз хан бүгін құртар демімді

Есімімді бүркемеспін балағат

Қаңыратқан жеңілісті бұл күнгі

Баламасын жаман сөзге жамағат.

Туар күні атпай қойды сертімнің

Тарамасын ел ішінде жаман ат

Хаг езгісі төккен зарлы көз жасын

Досым, саған аманат ел, аманат.

Тебіренсін қос қалам.

(Оралдық ақын қызға)

Екеумізден шертілмеді сыр әлі

Жанымыздың жазылмады жыр-әні

Сен – Жайықтың сылаң қаққан аққуы

Мен – Нарынның берік қанат қыраны.

Ашылса да талай байлық пердесі

Табылмайды асыл өлең теңдесі

Сен – Жайықтың еркін өскен еркесі

Мен – Нарынның жырға ғашық пендесі.

Таниды әлі жырыңменен ел сені

Саған келіп сыр ақтарам мен сері

Сен – Жайықтың күнге ғашық гүл шоғы

Мен – Нарындық Махамбеттің семсері

Таң таласа өте қоймас күні құр.

Бұл заманда ақын жанын кім ұғыр

Сен- Жайықта жыр атаудың ажары

Мен-Нарында жырым деген бір ғұмыр

Біздің жырға болмас елдің таласы

Ақтарылсын жанымыздың наласы

Қос қаламның барлық сырын ұғады

Аман болса һас филфактың қарасы.

Тебіренсін Жайық-Нарын арасы.

Өкпе артпа, қазағым.

Шабыт жайын көрмек болып байқамақ

Қойдым талай жүрекпенен жай талап

Тілім жайлы тебіреніп қайтпекпін

Қадыр қарттың қынжылыын қайталап.

Небір ойлар сандалып жүр санамда

(Құлазыған мына күймен қалам ба)

Жерім жайлы жұлқынысты қайтпекпін

Жұбан-жырға жете қоймас шамам да.

Көкке қарап, асқақтанып кеткен ел

Түк түсінбей...

Талай өшті тектен ер

Бұл Алашқа алдаспан боп қайтпекпін

Махамбеттер заманы емес кектенер.

Ел десе де шертілумен азалы үн

Тартқантұғын Қасым талай жаза мың

Қорқау қоғам қу тірлігін қайтемін

Мен адасқан махаббатты жазамын.

Өкпе артпа, қазағым.

Қос домбыра.

(Жаңақала – Орал тас жолы бойында жерлес күйшілеріміз Мәмен мен Тұяқберді сынды асылдарымыздың кесенесі қатар тұрғызылыпты).

Күй-Ғұмырлар!

Күмбірлеген кешегі

Төкпе күйді төккен күнің кеше еді

Сол даладан жанды емес бұл жолы

Суық желмен елес күмбір еседі

(Арда жұртым қайран ерім деседі)

Талай ғасыр төсін таптап бұл дала

Күрсінеді күй сағынып мұңдана

Қос ішек пен сырға толы өткен күн

Сонау күнге жуытпайды бұлдана.

Ер басына тұрғызды елі тас тұғыр

(Мынау халық қосып түбі бас жұмыр)

Азынаған асау желдей күй кешіп

Қос ішекті сағынады жас ғұмыр.

Үйінді.


(Нарын құшағында ешкімге белгісіз үлкен төбешік бар)

Қозғап талай толғандырар жиі үнді

Өлең-ғұмыр сыр ақтарып күйінді

Кетер емес жұмбақтайын жанардан

Ен далада бұғып жатқан үйінді.

Ғасыр өтіп атқанменен таң күле

Табылмады.

Табылмайды мәңгіге

Болжамменен талай мәрте тарайтын

Ел ішінде түрлі пікір, әңгіме.

Суық желдей құр аңыздар еседі

(Ұғынуға енді бәрі кеш еді)

- Ғашықтардың бір моласы, - десіпті

«Көзін көрген» қариялар кешегі.

Қайғы

(Қайрат Жұмағалиевке)



Нұрланған бір келбет жоғалып,

Түр қашып қалғиды жер беті.

Арадан асылды әкетті,

Сұрықсыз ажалдың жендеті.

Көңілді жағымсыз жай ұрды.

Қиялдар бейнеңді құшады.

Не шара үн-түнсіз айырды,

Тойымсыз қара жер құшағы.

Ауыр мұң жыртпалап бойымды,

Үзілген тамшы жас құр сіңді.

Көк тұман тұмшалап бойымды,

Құлазып бар әлем күрсінді.

Салмағы ауырлау бұл тұстың,

Мөлдіреп келді жас үйіліп.

Ызғары батады бұл қыстың,

Қаһарлы қабағы түйіліп.

Өшпестей кеудені мұң шалад,

Жүректі емдейді қай ғұрып.

Жылулық бұйырмай тұмшалап,

Артыңда ел қалды қайғырып.



Мазмұны

Айгүл Абибуллақызы.Алғы сөз.................................................................................................3

Бірінші бөлім



Ғашықтық жырлайды

Түн ортасы.......................................................................................................................................

Біздер емес.......................................................................................................................................

Ерке қызды суреттеу......................................................................................................................

Сүйемін............................................................................................................................................

Жолданбаған SMS...........................................................................................................................

Лекцияда..........................................................................................................................................

Күз бен күдер..................................................................................................................................

Мұң...................................................................................................................................................

Атыраулық аруға хат......................................................................................................................

Аялдама............................................................................................................................................

Темір жүрек.....................................................................................................................................

Сыйланбаған гүл.............................................................................................................................

Соңғы сыр........................................................................................................................................

Сағыныш..........................................................................................................................................

Ғашық жүрек...................................................................................................................................

Сағындың ба?..................................................................................................................................

Жағалау............................................................................................................................................

Еске оралған тәтті елес....................................................................................................................

Жазылмаған есім.............................................................................................................................

SMS-ке сыймаған сыр....................................................................................................................

Тағы да түн......................................................................................................................................

Сүйіп едім.......................................................................................................................................

Соңғы кездесу................................................................................................................................

Мазасыз түн....................................................................................................................................

Шыда,жүрек....................................................................................................................................

Алғашқы,әрі соңғы кеш.................................................................................................................

Сағыныш SMS-і..............................................................................................................................

Күту..................................................................................................................................................

Ұқшы,қалқам..................................................................................................................................

Өкпелеме.........................................................................................................................................

Ұқшы,қалқам-2...............................................................................................................................

Досқа жауап....................................................................................................................................

Жүрек сөзі.....................................................................................................................................

Сүйіктіге сый-кітап........................................................................................................................

Екінші бөлім



Жас ғұмыр жырлайды

Сену қиын.......................................................................................................................................

Нарын..............................................................................................................................................

Тойла,қазақ.....................................................................................................................................

Жастарға сенім...............................................................................................................................

Біздің әлем......................................................................................................................................

Қараңғы архив..............................................................................................................................

Ескі баспана...................................................................................................................................

Студент сағынышы......................................................................................................................

Қынсыз қылыш............................................................................................................................

Өмір өтіп барады..........................................................................................................................

Ауылға...........................................................................................................................................

Алматыға хат................................................................................................................................

Ақбұлақтағы ақырғы сөз.............................................................................................................

Тебіренсін қос қалам...................................................................................................................

Өкпе артпа,қазағым.....................................................................................................................

Қос домбыра.................................................................................................................................

Үйінді.............................................................................................................................................



Қайғы............................................................................................................................................
Каталог: images -> stories
stories -> П. М. Кольцов т.ғ. д., профессор, Қалмақ мемлекеттік д и. н., профессор, Калмыцкий
stories -> Исатай Кенжалиев
stories -> Ғылыми кітапхана Ақпараттық-библиографиялық бөлім
stories -> Емтихан сұРАҚтары
stories -> Бағдарламасы Тақырыбы: «Қазақ тілі мен қазақ әдебиетін оқытудың әдістері»
stories -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
stories -> Батыс қазақстан ауыл шаруашылығЫ 1946-2000 жылдарда
stories -> Ғылыми кітапхана Ақпараттық-библиографиялық бөлім Ақ Жайықтың Хамзасы
stories -> С. торайғыров атындағы павлодар
stories -> Қайрғалиева гулфайруз батырлар институты және оның дәстүрлі қазақ қоғамындағы орны


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет