Тақырып. Әлеуметтік әлемді түсінудегі әлеуметтану



Дата09.12.2023
өлшемі198,5 Kb.
#196002
Байланысты:
тақырып 1


  1. тақырып. Әлеуметтік әлемді түсінудегі әлеуметтану

1. Әлеуметтануға кіріспе. Индивид және қоғам, әлеумет.


2. Әлеуметтанудың зерттеу құбылыстары мен атқаратын қызметі.
3. Әлеуметтік орта мен әлеуметтік мінез-құлық, қарым-қатынастар.
4. Әлеуметтік шынайылық пен ақыл-ой.
5. Әлеуметтанулық ойлау. Әлеуметтанулық қиял. Әлеуметтанулық перспектива.
Әлеуметтануға кіріспе. Индивид және қоғам. Әлеуметтік орта мен әлеуметтік мінез-құлық. Әлеуметтік қарым-қатынастар мен әлеуметтік институттар. Әлеуметтену және бірегейлік. Әлеуметтік шынайылық пен ақыл-ой. Әлеуметтанулық ойлау. Әлеуметтанулық қиял. Әлеуметтанулық перспектива.
Әлеуметтік өмір туралы білгіміз келгенде ең алдымен, көпшілігімізді қызықтыратыны жеке тұлғалар туралы мына сияқты сауалдардың жауабы: «Тереза неге өзін сыйламайтын ер адамдармен араласа береді?», «Майк неге ауруға шалдыққанға дейін ішуді тоқтатпайды?», «Spice Girls тобы кейбіреулерге неге ұнайды?». Көп жылдан бері білетін адамдарымыз үйленгенде немесе жұмыс орындарын өзгерткенде айтарлықтай өзгеретініне таңғаламыз.
Егер Тереза әлемдегі жар таңдай алмайтын жалғыз әйел болса, ал Майк ішкілікке салынған жалғыз еркек болса, онда олардың мінез-құлқын жеке басының ерекшелігіне қарап түсінуге тырысар едік. Алайда өзгелермен қарым-қатынасы сәтсіз болып, маскүнемдікке ұшырап жататындар жиі кездеседі. Біз, сондай-ақ ерлермен салыстырғанда әйелдердің қарым-қатынасты сақтау үшін өз мүдделерінен көбірек бас тартатынын, ал еркектер басына қиын іс түссе араққа салынатынын да білеміз. Тереза мен Майкты түсіну үшін олардың жағдайын кеңінен қарастыру қажет, яғни кейбір топтарды басқалардан өзгеше әрекет жасауға итермелейтін себептерді зерттеуіміз керек.
Тіпті одан да кеңірек ауқымда қоғамның адамдарға қалай әсер ететінін зерттеу керек болады. Қоғам01 – қауымдастық пен ұлтты немесе географиялық аумақты, экономикалық, мәдени және саяси байланыстарды және жеке мінез-құлық пен өзара әрекеттесуге қатысты сенімдерді тоғыстыратын, ұзақ уақыт өмір сүретін үлкен топтастық. Әлеуметтану02 – әлеуметтік топтарды, әлеуметтік өзара әрекеттесуді және қоғамды жүйелі түрде зерттейтін ғылым. Ғылымның бұл саласы Терезаның, Майктың, басқалардың да басына түсуі ықтимал өмірдегі жағдайларға баса назар аударады.
Әлеуметтік қиял
Әлеуметтанудағы ең негізгі ұғымдардың бірі – әлеуметтік құрылым. 
Әлеуметтік құрылым03 – белгілі бір қоғамды құрайтын топтық қарым-қатынастардың қайталанып келіп отыратын үлгілері. Ол тек мінез-құлық сияқты жекелеген проблемаларды ғана емес, білім алуды, неке құруды қалай ұйымдастыру керектігі сияқты кеңірек контекстегі проблемаларды да қамтиды.
Әлеуметтік қиял04 деп жеке адамның проблемасын түсінуді, кең әлеу­меттік құрылымдарды, аз дегенде ішінара (Миллс 1959,15) түсінуді көрсететін қабілетті айтамыз. Ч. Райт Миллстің пікірінше, әлеуметтiк қиял дегеніміз – жеке бастағы қиындықтарды (мысалы, кедейлік, ажырасу немесе сенімнің жоғалуы), аса маңызды қоғамдық проблема, жалпыға ортақ проблема деп түсіну. Миллстің айтуынша, көп нәрсені біз толықтай бақылай алмаймыз, көптеген құбылыстар қоғамның түзілуінен келіп шығады да бізден тыс жүзеге асып жатады. Мысалы, Миллс былай деп жазады:
100 мыңға жуық тұрғыны бар қалада тек бір адам ғана жұмыссыз болса, бұл – оның жеке басына қатысты жайт, солай бола тұра көмектесу үшін сол адамның мінез-құлқын, оның дағдыларын және мүмкіндіктерін қарастырамыз. Бірақ 50 миллион адамнан тұратын елде 15 миллион адам жұмыссыз болса, бұл – ортақ (қоғамдық) проблема, бірақ оны жеке тұлғаның мүмкіндіктері аясында шеше алмаймыз. Мүмкіндіктердің құрылымы бұл жерде іске аспайды. Проблема дұрыс қойылуы үшін және ықтимал шешімдер ауқымды болуы үшін тек жеке басқа қатысты жайттар мен жеке тұлғалардың жағдайын емес, қоғамның экономикалық және саяси институттарын қарастыру талап етіледі (1959, 9).

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет